Әож 940,5 (574) ТӘуелсіз қазақстан бейбітшіліктің, келісімнің ЖӘне жасампаздықТЫҢ 20 жылы



жүктеу 99.72 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі99.72 Kb.

ӘОЖ 940,5 (574)
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН БЕЙБІТШІЛІКТІҢ, КЕЛІСІМНІҢ

ЖӘНЕ ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ
Кадралиева Н.А.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекттілігін құруға деген заңды құқығү бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», - деп көрсетуінде үлкен мағына жатыр. Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Құқықтық тұрғыдан, сыртқы саясатымыздың алғашқы қадамы - 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы. Құжатта Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің сыртқы саясатын дербес анықтап, оны жүзеге асыратыны, өзінің басқа елдермен қарым-қатынасын халықаралық құқық нормалары негізінде құратыны жарияланған.

16 желтоқсанда тәуелсіздігімізді жариялағанда бізді дәл сол күні алғаш таныған Анкара болды. Алматыда тәуелсіздігімізді жариялағанын естисімен Түркия Үкіметі шұғыл жиналып, сол күні Қазақстанның қадамына үлкен демеу болған аса маңызды шешім қабылдап үлгерді [1]. Біз бауырлас түрік халқының бұл қадамын аса жоғары бағалаймыз және әрдайым айтып жүреміз.

Түркияның мойындауынан кейін 1991 жылдың аяғына дейін АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Иран сияқты, жалпы саны 19 мемлекет Қазақстанды дербес ел ретінде мойындап, бізбен дипломатиялық қатынастар орната бастады. Тағы да бір жыл өткенше тәуелсіздігімізді таныған мемлекеттердің саны 108-ге жетіп, солардың 70-імен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылса, 21-і Қазақстанда елшіліктерін ашып үлгерді. Сондай-ақ, аталмыш кезеңде елімізге 20 шетелдік мемлекет және үкімет басшылардың ресми және жұмыс бабындағы сапарлары өтті.

Өз кезегінде Қазақстанның халықаралық аренадағы алғаш қадамдарының бірі – 20 желтоқсанда егемендікке бізбен қатар қол жеткізген бұрыңғы кеңестік республикалардың бәрін дербес мемлекеттер ретінде мойындау болды.

Тарихымызға әділеттік ретінде айтқанымыз абзал, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 1944 жылы құрылған, 1991-92 жылдары қайта құрылған болатын. Әрине, Кеңес Одағы кезінде Қазақ КСР сыртқы саясат ведомствосы шектеулі функцияларды атқарған. КСРО Сыртқы істер министрлігі оның қызметін тек ғылыми және мәдени алмасу, хаттамалық және консулдық мәселелермен шектеп, қатаң реттеп отырды. Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің штаттық саны шектеулі еді, шет елдерде ешбір дипломатиялық өкілдігі болмаған [2].

Осыған байланысты, дипломатиялық қызметтің шетелдік инфрақұрылымын ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 2 шілдедегі Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Елшілігі туралы», «Қазақстан Республикасы Төтенше және Өкілетті Елшінің негізгі құқықтары мен міндеттері туралы» ережелер бекітілді.

Қазақстандық дипломатиялық өкілдіктер 1992 жылы сондай-ақ Ресейде, АҚШ-та, Қытайда, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас пәтерінде ашылды. Оларды тиісінше Әлім Джамбуршин, Мұрат Әуезов пен Ақмарал Арыстанбекова басшылық етті. 1993 жылы Өзбекістанда, Қырғызстанда, Әзірбайжанда, Францияда, Германияда, Бельгияда, Мажарстанда, Үндістанда, Иранда, Мысырда елшіліктеріміз құрылды. Нәтижесінде, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Республикасы әлемнің 56 мемлекетінде 73 мекемені, оның ішінде 45 – елшілік, 6 – дипломаиялық өкілдік, 6 – тұрақтық өкілдік, 8 – Бас консулдық және 6 – консулдықты, 1 Үрімші қаласындағы Төлқұжат-визалық қызметін, 1 Бонн қаласындағы ҚР Германия Федеративтік Республикасындағы бөлімшесін ашты. Сонымен қатар, Қазақстан тағы 27 елде қоса өкілдік етеді.

Шет тілдерден, халықаралық саясат пен экономикадан хабардар жас мамандардың өсуіне де жол ашып, отандық дипломатияның төл кадрларын дайындалуына қажетті жағдай жасалған болатын. Арнайы жасақталған Дипломатиялық академия ашып, ұлттық университеттердің халықаралық қатынас факультеттерінің түлектерін және Елбасының «Болашақ» стипендиясының арқасында жоғары сапал білім алған отандастарымызды қызметке тарту қолға алынды.

Тәуелсіздігіміздің сол алғаш жылдарында қазір құрамында 1000-нан астам кәсіби маман бар ұлттық дипломатиялық корпус қалыптасып үлгерген. Елбасының сарабдал сыртқы саясатын жүзеге асыра алатын дипломаттардың пайда болуы – тәуелсіздіктің тағы да бір үлкен жемісі деп санауға болады.

Әрине Ресей, Қытай, АҚШ секілді державалар мен Еуроодақ секілді аса ірі саяси құрылыммен еліміз үшін тиімді қарым-қатынас құрудың маңызы ерекше. Сондай-ақ, Орталық Азия және ТМД-ға басқа да мүше мемлекеттермен, Шығыс Азия, Ислам ынтымақтастық ұйымына және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық ұйымына кіретін елдермен қарым-қатынастарымыздың қарқынды дамыту үшін бар күшімізді саламыз.

Қазақстан сыртқы саясатында көздеген мақсаттар арасында тек көршілес елдермен тиімді қатынас орнату ғана емес, әлемдегі озық тәжірибелермен танысып, өзімізбен саналас, пікірлес, рухани тұрғыда бауырлас елдермен қарым-қатынасты дамыту үшін орнату да болды. Дәлірек айтқанда, көршілес елдермен шектелмей, барлық жаққа бағытталған, тепетеңдікті сақтау ұстанымы – яғни көпвекторлық, көпдеңгейлі сыртқы саясат Қазақстанның ең ұтымды жолы екені белгілі.

Қазақстан егеменді мемлекет ретінде қарқынды даму жолына түстi. Еліміздің тәуелсіздігін жүзден аса ел танып, олармен жан-жақты қатынастар күшейдi. Геосаяси тұрғыдан Қазақстан үш өркениеттiң (Таяу Шығыс, Еуропа және Қытай немесе ислам, христиандық пен конфуциандық) қиылысқан жерінде орналасқан. Осыған байланысты осы күнге дейін еліміз аталған үш бағытта да аса белсендi сыртқы саясат жүргiзiп келеді.

Қазақстан дербес ел ретінде қосылған бірінші халықаралық ұйым – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы болды. 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда құрылғаны көпшілікке мәлім. Бұрыңғы кеңес республикалардың бір-бірінің егемендіктерін мойындауының дәлелі және ортақ мәселелерді реттеудің құралы болды. Еуразиялық кеңістікте құқықтық, дипломатиялық тұрғыдан жаңа жағдайды бекіткен бірден-бір ұйым болды.

Дүниежүзілік деңгейде жас егемен еліміздің 1992 жылғы ең бiр биік белесi 2 наурызда мемлекетіміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігін қабылдауымен басталды. Бұл деген байрағымыз өзгелердің арасында жаһандық бірлестіктің Нью-Йорктегі бас пәтерінің алдында желбіреуіне және қазақтың терезі басқалармен тең болып, дүниежүзілік маңызы бар мәселелерді шешуге дербес үлесімізді қосуға жол ашты.

1992 жылдың басында (30 қаңтарда) Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) мүшелігіне қабылданыу -еліміздің халықаралық қауіпсіздік, экономикалық ықпалдастық және адам құқықтарын дәріптеу жолында өзіне белгілі міндеттемелерді жүктегенімізді аңғартты. Соларды өз игілігіміз үшін бұлжытпай орындаудың арқасында Еуропадағы аса беделді ұйымға төрағалық етуге сайланып, оны абыроймен өткіздік, Сарыарқаның төрінде салтанатты саммит қабылдадық. Бұл да көпжақты дипломатиядағы Қазақстанның, Елбасының орасан зор жеңісі десе де болады [3].

1992 жылы 15 мамырда бұрыңғы кеңес республикаларының алтауы (Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) бірлесіп Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойды. Осы құжаттың негізінде 1999 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы құрылған болатын.

1995 жылы 9-12 желтоқсанда Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) Конакри қаласында (Гвинея Республикасы) өткен мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 24-ші отырысында толық мүшесі болып қабылданды. Содан бері Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы ықпалдастастық белсенді түрде дамып, біздің еліміз Мұсылман Үмбетіндегі абыройлы және беделді мүше елдердің қатарына қосылды. Соның айқын белгісі ретінде 2011 жылғы 28-30 маусымда Астанада өткен Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері Кеңесінің 38-ші сессиясы өтіп, Қазақстан 2011-2012 жж. Төраға болып сайланды.

1996 жылы Қытай, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстанмен бірге шекаралық мәселелрді реттеуден бастау тапқан «Шанхай бестігін» құрғанбыз. Соның негізінде 2001 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы пайда болды.

Азия кеңесін шақыру туралы бастаманы жариялағаннан кейін бастапқы жылдары қажетті құқықтық негізді дайындау бойынша қызу жұмыстар жүргізілді. 1993 пен 1994-те азиялық сыртқы саясат ведомстволарынан сарапшылардың басын қосқан үш кездесу өтті. Қызығушылық танытқан мемлекеттердің ұйғарымымен тұрақты түрде өткізіліп отыратын Арнайы жұмыс тобы (АЖТ) құрылып, оның мақсаты мүдделі мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері отырысын дайындау болды. 1995-1999 жылдары аралығында жұмыс тобының отырыстары барысында Азия кеңесінің негізгі құжаттарының жобасы қаралды. Аймақтағы қайшылықтар мемлекеттердің қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелеріне ортақ оң шешімін жасауға кедергі бола алмайтыны бұл кезеңнің негізгі жетістігі болып табылады.

2002 жылы 4 маусымда Алматыда өткен Азия кеңесіне мүше-елдердің мемлекет пен үкімет басшыларының Бірінші саммиті құрлықтағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықты тереңдету бойынша көпжақты форумның – Азиядағы өзара қимыл және сенімділік шаралары кеңесінің ресми құрылуының басы болды.

Елбасымыздың бастамасы бойынша 2003, 2006 және 2009 жылдары Астанада Қазақстан тарихындағы аса ірі халықаралық іс-шаралардың бірі және түрлі конфессиялар өкілдерінің арасындағы өзара түсінушілік пен бейбітшілікке қол жеткізуде ерекше маңыздылыққа ие болған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съездері өткізілді.

Қазіргі таңда аталған диалогтық мінбердің дамуының кезекті маңызды деңгейі 2012 жылы мамырда өтетін Съезд барысында Діни көшбасшылар Кеңесін құру болып табылады. Кеңес басқа форумдар мен халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты қамтамасыз ету тетіктерін және басымдықтарын анықтауға мүмкіндік беретін пікір алмасудың тұжырымдамалық негізін күшейтеді.

Қазақстан діндер мен мәдениеттер арасындағы сындарлы ынтымақтастықты насихаттауға, сонымен қатар ұлттық және халықаралық қоғамдастықтар шеңберінде нақты шешімдерге жетуге барынша үлес қосуға ынталы. Дінаралық диалогты нығайту аясында тиімді саяси-дипломатиялық қатынастарды орнату басты мүдделеріміздің бірі болып табылады.

Сарапшылар Кеден одағын құру тиімділігін Ресей үшін 400 миллиард, ал Беларусь пен Қазақстан үшін 16-18 миллиард доллар деп есептеп бағалайды. Бұл экономикаларымыздың мөлшерлерін салыстырып алғанда, Одақ үш мемлекетке де тиімді екенін аңғартады.

ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағын құру халқы 180 миллиондай адамды, басқаша айтқанда ТМД халқының 60 процентін құрайтын ортақ рынок қалыптастырудың іргесін қалады. Көптеген кедендік рәсімдерді жеңілдету және жою экономикаларды дамытудағы жүйелі жеделдетуге, жаңа өндірістер мен салалар құруға, тиісінше, тауарлар мен қызмет көрсетулердің түр-түрін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ортақ экономикалық және гуманитарлық кеңістік ішінде адамдардың қозғалысын жеңілдетуге кепілдік береді.

ЕурАзЭҚ және Кеден одағының шарттық-құқықтық базасы тиісті шарттар бойынша басқа мемлекеттерді тарту мүмкіндігін қарастырады. Қазіргі уақытта Қырғызстанның Кеден одағына кіру мүмкіндігін зерделеуде. Тәжік тарапы Кеден одағына белгілі бір деңгейде қызығушылық білдіруде. Украинада Кеден одағына қосылу мүмкіндігі әр түрлі деңгейлерде талқылануда. Мұның бәрі ЕурАзЭҚ шеңберінде жүргізіліп жатқан интеграциялық үдерістердің тиімділігі мен тартымдылығының дәлелі болып табылады [3].

Мемлекеттердің Кеден одағы құжаттарына қосылуының тәртібін белгілейтін нақты құқықтық тетік 2007 жылы 6 қазанда Беларусь, Қазақстан және Ресей президенттері қол қойған Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттардың күшіне енуінің, оларға қосылу және олардан шығу тәртібі туралы хаттамамен бекітілген.

Бүгінгі таңда ТМД өз дамуында бірқатар жетістіктерге қол жеткізді және өзінің 20 жылдығында аталмыш ұйым дамудың сапалы жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Соңғы жылдары қол қойылған құжаттардың ішінде екеуінің ерекше маңызы бар, олар: 2007 жылғы 5 қазанда Душанбеде Достастық мемлекеттері басшыларының кеңесі қабылдаған ТМД-ның одан әрі даму тұжырымдамасы және 2008 жылғы 18 қарашада ТМД үкіметтері басшыларының кеңесі мақұлдаған Достастықтың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған экономикалық даму стратегиясы.

Өткен жиырма жыл ішінде ТМД мазмұнды маңыздылығы мен сындарлы тұрақтылығын дәлелдеді. Қомақты нормативтік-құқықтық база әзірленді және ынтымақтастық тетіктері құрылды, экономикада, гуманитарлық салада, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда бірлескен іс-қимылдар жүйесі қалыптасты. Достастық жоғары деңгейдегі айтарлықтай ашық және сындарлы диалог үшін бірегей алаңға айналды.

Тәуелсіздігіміз орнатылған сәттен бері Елбасымыз бекіткен көпвекторлық өзекті саясат өз жалғасын табуда. Сыртқы саясатымыз да орын алған құбылыстарды ескере отырып, заманауи талаптарға сай құрастырылып жүзеге асуда. Әрине, жоғарыда атағандарымдай еліміз осы 20 ғана жыл ішінде көптеген белестерге қол жеткізуі арқылы көптеген құбылыстар мен жаңалықтарды бастан кешті.

Қазақстанның дипломатиялық қызметінің басты міндеті мемлекетте әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мен шетелдік инвестицияларды тарту болып табылды. Қазақстанның сыртқы саясаты халықаралық ұйымдар тарапынан қолдауды қамтамасыз етуге және өзге елдермен сауда-экономикалық байланысты ұлғайтуға бағытталған [4].

Еуропаның жекелеген елдерімен және Еуроодақпен саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті тереңдету мен кеңейту Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады. Қазақстан Еуроодақтың тең құқықтық және тәуелсіз елдер бірлестігі екенін ескере отырып, біртұтас Еуроодақпен және әр мемлекетпен бөлек түрде – екідеңгейлі қарым-қатынас орнатуда. Сонымен бірге, деңгейлер бір-бірін толықтыратыны көптеген қол қойылған келісімдер мен іске асырылған жобаларда көрініс табады.

2007 жылдың 29 қарашасында Парижде өткен Халықаралық сот орындаушылар Одағының отырысында Жоғары Сот төрағасы Қ.Мами және Халықаралық сот орындаушылар Одағының президенті Ж.Иснармен Қазақстан Республикасының Халықаралық сот орындаушылар одағына кіру туралы келісім шартқа қол қойылды. Халықаралық сот орындаушылар Одағы Еуропа одағының Гаага Конвенциясы мен Экономикалық және әлеуметтік Біріккен Ұлттар Ұйымы комитетінің мүшесі болып табылады. Бұл ұйымға Қазақстан ең алғашқы және бірінші болып ТМД елдерінің, ал Азия елдерінің ішінде Таиландтан кейінгі екінші мемлекет болып енді [5].

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 тамыздағы №1039 Жарлығы негізінде аумақтық бөлімшелері бар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті құрылды.



Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркенниетті мемлекеттерінің қатарына қосала алды. 20 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өтті. Осы кезенде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін дәл бүгін және арқшанда айтып өтеміз.
Әдебиет


  1. Байтісиев Ә. Халықаралық экономикалық қатынастар. Оқу құралы. Алматы: Санат., 1998.

  2. Ермаков В.А. Казахстан в современном мире. Алматы: Жибек жолы, 2003.

  3. Жарбосынова М. Ұлттар ұйымы және Қазақстан // Егемен Қазақстан, 2002 ж., 17 қазан, №244.

  4. Сборник нормативных актов РК по тамо­женному оформлению: таможня и внешнеэкономическая дея­тельность в Республике Казахстан. Алматы, 2001.

  5. Законодательство Республики Казахстан о внешнеэконо­мической деятельности: Сборник нормативно-правовых актов. Алматы, 2003.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет