Әож 94(574)(902) Ұлттық мемлекеттік үшін күрес



жүктеу 57.24 Kb.
Дата03.05.2019
өлшемі57.24 Kb.

ӘОЖ 94(574)(902)
ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҮШІН КҮРЕС
Орынбаева Л.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.
Тарихшыларымыз бір ауыз сөз айтуға батылы бармайтын кезең, дәуір тарихы қайта қаралып, бірте-бірте ақтаңдақтардың орны толтырылуда. Соның ішінде қайта зерттеуді талап етіп отырған, ұлт пен мемлекеттің дамуы мен ұлттық идеологиясының жандануына тікелей байланысты мәселердің бірі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының қалыптасуы.

Ата-бабаларымыз жердің құндылығын, қасиетін, оның халыққа береке, тіршілік, өсіп-өніп көркею әкелетіндігін ерте кезден-ақ біліп, оған үлкен жауапкершілікпен қараған. Еліміздің территориясының бір мемлекеттің құрамына топтастырылып, халықаралық талаптарға сай заңды түрде тұңғыш бекітілуін XX ғасырдың 20-шы жылдары Қазақ АКСР-нің құрылуымен байланыстыруға болады.

1920 жылы 26 тамызда Кеңестік Орталық атқару Комитеті және Халық комиссарлар кеңесі орталығы Орынбор қаласы болып бекітілген Ресей Федерациясының құрамындағы «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет қабылданды [1].

Декреттің 2-11 баптарында Түркістан Республикасының қырғыз территориясын Қырғыз (Қазақ) Республикасының құрамына ендірілсін деп ұйғарған [2]. Бұл Қазақстан мен Түркістан республикаларын межелеуге байланысты шаралардың алғашқы қадамдарының бірі болатын.

1920-1924 жылдары Орынбор қаласы Қазақ АКСР-ның астанасы болды. Декрет бойынша Қазақ АКСР-ның құрамына Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, сондай-ақ Маңғыстау уезі енді [3].

Ежелгі заманан бері қазақтың жері болып саналатын Сырдария мен Жетісу облыстары 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-і құрамына енгізілмей Түркістан қрамында қалғаны тарихтан белгілі. Сырдария мен Жетісу облыстарын Қазақ АКСР-нің құрамына қосу туралы мәселе сол кезде үлкен проблемалардың бірі болды. Сонысен қатар Батыс Сібір құрамында болған Ақмола, Семей облыстарын Қазақ Республикасының құрамына енгізу қиынға соққан болатын.

Осы облыстардың Қазақ АКСР-ның құрамына беру мәселесін шешу үшін С. Сейфуллин де ат салысты. Өз халқының тарихын жақсы білетін Ә. Бөкейханов, М. Сералин және тағы басқалары пікірталас барысында өлкенің отарлану жүйесін, яғни аумақтың саналы түоде отарлаушылар үшін әкімшілікке бөлінгенін, ата-бабалардың қаны тамған, мыңдаған қазақ ауылдарының тұрақты атамекенін жаппай қуылуымен ресми дерек көздері арқылы айғақтап және дәлелдеп берді. Осыған байланысты Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ АКСР-ның Халкомы 1921 жылдың 2-ақпанында отаршылдық қоры үшін алынған барлық жерлерді кейін қайтару жөнінде декрет қабылданды [3].

1921 жылы 19 сәуірде «Патша үкіметінің Сібір казак әскерлеріне және Орал казак әскерлеріне қазақ жерінменшікке берілген жерлерін еңбекшіл қазақ халқына қайтару туралы» екінші декреті шықты [3].

1921 жылы Ақмола мен Семей облыстары ресейлік орыс басшыларның қарсылық көрсеткендеріне қарамастан Сібір ревкомынан Қазақ АКСР-ның қарамағына өткізілді.

1924 жылы 9 сәуірде РК(б)П ОК-нің саяси бюросы мен Түркістан Компартиясы ОК бірлескен отырысында үш шағын: қазақ, өзбек және түркімен комиссияларынан тұратын Орта Азияны межелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі комиссия құрылып, 1924 жылы 12 маусымда Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу жөнінде шешім қабылданды [4].

Орта Азия ұлттық-территориялық жағынан айқындалды. Шекара межелеу Орта Азия халықтарының этнотерриториалдық өмір сүру ареалын белгіледі.

1924 жылы 27-28 қыркүйекте РК(б)П Қазақ облысы комитетінің ІІ пленумы болды. Қазақ АКСР-ның ОАК төрағасы С. Меңдешов пен РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі С. Қожановтың «Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы» баяндамлары оқылып, талқыланды. КСРО ОАК-нің 1924 жылғы 27 қазандағы ІІ сессиясында Түркістан АКСР-нің құрамындағы қазақтар мекендеген жерлердің Қазақ АКСР-іне қосылғандығы туралы қаулысы қабылданды [4]. Межелеу нәтижесінде Орта Азия аумағының 45,7%-ы, яғни 797,9 мың км Қазақ АКСР-іне қосылды.

Ұлттық-территориялық межелену нәтижесінде Түркістан АКСР-ның бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарының көптеген жерлері Қазақ АКСР-нің қарамағына қарайтын болды. Қазақ АКСР-іне қосылған жеке уездер мен болыстардың шекарасын анықтау бірнеше айға созылды. Межелеудің қорытындысы бойынша Қазақстанға Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Әулиеата уездерінің көп бөлігі, Сырдария облысының Ташкент және Мырзашөл уездерінің бір бөлігі өтті. Жетісу облысыныан Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Бішкек уезінен Георгиев, Шу, Қарақоныс болыстары қосылды [5].

Қазақстан құрамына Сырдария және Жітісу облыстарының енуі, Орынбор қаласы мен губерниясының бір бөлігі Ресейдің қарамағына өтуіне байланысты республиканың әкімшілік құрылымына өзгерістер енгізілді .

Орынбордың сол кезде Ресейдің құрамына өтіп кетуінің бірнеше себептерін атауға болады. Біріншіден – ғасырлар бойы Патша үкіметінің отарлау саясатының нәтижесінде Орынборда казактардың көптеп шоғырлануы мен Кеңес үкіметінің бастапқы кезеңде ол жерде казак әскерлерінің округін құруы, екіншіден – Орынбордың Қазақ АКСР-інің астанасы болғанымен, сол кезде Орынборда ұлт зиялыларының жоқтығы. Бізге жаңа астана керек Қазақстанның өкіметі Орынбордан көшуі қажет деген болатын. Осыдан барып, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ұлттық-территорялық межелеу аяқталды.

Сол кездің аса ірі саяси қайраткері Сұлтанбек Қожанов астананы елдің ішіне қарай көшіру керектігін дәлелдеп берді [1]. Республиканың болашақ астанасы ретінде Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулие-ата, Ақмешіт қалалары ұсынылды. Сөйтіп, 1925 жылғы 9 ақпанда астана Орынбордан Ақмешітке көшірілді. Бұл қаланың таңдалуының себебі қандай? Біріншіден, Ақмешіт қазақ даласының ортасында орналасқан, - деп дәлелдеді С. Қожанов. Екіншіден, Ташкент темір жолы Ақмешітті елдің барлық өлкелерімен байланстырады. Оның үстіне Ақмешіт Сырдарияның жағасында тұр [1].

1924-1926 жылдары Орта Азия халықтарының территориялық шекараларын межелеу оңай шешілмеді. Әсіресе көршілес халықтармен жайлауда, қыстауда жүрген қазақтарға қиын болды. Соған байланысты Қазақстан-Өзбекстан, Қазақстан-Қырғызстан шекарраларын белгілеуде дау-дамайлар көп болды. Өзбекстан халықтарының этникалық құрамының көп бөлігін қазақтар құрайды. Өзбекстанға өткен халықтардың, яғни бүгіндегі Ташкент, Сырдария облыстарындағы қандастарымыз өздерін Қазақстанға қалдыру жөніндегі наразылықтарын білдірді.

Мысалы, Өзбекстан мен Қазақстанның шекарасын межелеу барысында Ташкент облысының Болат, Зеңгіата, Зиязбек болыстары дау болды. Себебі, Ташкент қаласында негізінде өзбектер болғанымен, қаланы Ниязбек, Зеңгіата, Болат болыстықтары қоршады. Бұл үш болыстықта Ташкентке қарай күрішті аудандарды құрайтын алты отырықшы қазақ болыстықтары орналасқан. Қазақстан Республикасына өткен өзбектер мен олар мекендеген жерлердің төлемі ретінде осы алты қазақ болыстары Өзбекстан территориясына енгізілген болатын. Қазақтар Ташкент қаласын және болыстықтарды Қазақстан Республикасына қосуын талап етті.

1925 жылғы 15-19 сәуір күндері өткен Қазақстан Кеңестрінің V съезі қазақ халқының тарихи есімінің патшалық билік тұсында бұрмаланып «қиргиз» атауын өзгертіп, оның тарихи шын атын «қазақ» деген атауды қалпына келтірді. Сонымен қатар Қырғыз АКСР-ін Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республика деп қайта атады. Бұдан басқа республиканың жаңа астанасының атауы да өзгертілді. Ақмешіт қаласы (бұрынғы Перовск) Қызылорда деп өзгертілді.

1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу аяқталды. Осы кезде Қазақ АКСР-інің құрамына Сырдария және Жетісу облысы, Қарақалпақ автономиялы облысы, Самарқанд облысы және көптеген уездер қосылған болатын.

Сонымен, Орта Азиядағы ұлттық мемелекеттік межелеу саясатының Қазақстанға тигізген пайдасы Түркістан АКСР-ның құрамында болған Жетісу мен Сырдария облыстарының қайта қайтарылуы мен бір-бірімен ғасырлар бойы бітісіп кеткен халықтар арсындағы шекараны анықтауы еді.

Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік жағына межелеуді және Оңтүстік Қазақстандағы Қазақ Республикасына қосу бағытында көп игілікті істер атқарылды. Межелеу кезінде «Қазақстан не ұтты?» деген сұраққа жауап беретін болсақ, Қырғыз АКСР-нің Қазақ Республикасы болып қалыптасуы және ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап кеткен қазақ жерлеріне қол жеткізді.



Әдебиет


  1. Доскен Ғ. Қазақ даласының астаналары. //Қазақ. 17қырқүйек, 2010. 9 б.

  2. Ахатов У.А. Түркістан АКСР-ның таратылуы. //Заң. №9 – 2010. 30-33 б.

  3. Кәкен А. Мемлекеттігіміз қайта түлегенде. //Астана ақшамы, 26 тамыз, №93 (2559), 2010.

  4. Қазақстан тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: Атамұра. – 2002. – 218-227 б.

  5. Қуандық Е. Қазақстан тарихы (Кеңес және тәуелсіз Қазақстан дәуірі): Оқулық. – Алматы: ЖШС «Дәуір». – 2009. – 73-83 б.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет