Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологиясы туралы айтты. Ол аталған технология түрін кеңінен қолдануға шақырды. Бұл  туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фотоны ChatGPT жасады

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін баса айтқан. Сонымен қоса ол еліміздің мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткізгеніне тоқталған.

“Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 88 пайызға жетті.  2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспаған еді. Небәрі төрт жылдың ішінде Қазақстанда қаржы технологиясы қарқынды дамыды. Бұл жетістік экономиканың басқа салаларына да үлгі болуға тиіс. Оларды да цифрландыру ісін қолға алатын кез келді.

Әр министрлікте өз саласына цифрлық өзгеріс жасау картасы болуы қажет (Сингапур тәжірибесі бойынша). Мұндай картада министрліктерге қарасты салаларға алдағы бес жыл ішінде қандай технологияның жаппай енгізілетіні туралы көзқарас толық көрініс табуға тиіс.

Жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аудару қажет. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылға қарай әлемдегі кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы жасанды интеллект құралдарын қолданады (бүгінде бұл көрсеткіш 5 пайызға да жетпейді)”, – дейді президент.

Тоқаев медицина, білім беру, креативті индустрия салаларында жаһандық  өзгерістер болып жатқанына назар аударады.

“Біз бұған қазірдің өзінде куә болып отырмыз. Нақты айтқанда, жасанды интеллект арқылы  біз  экономикамызды қарқынды түрде дамытамыз, сондай-ақ елімізде ең үздік инновацияларды қолданамыз. Ол үшін  жұмысты түбірінен бастауымыз керек, яғни институционалдық орта қалыптастыру керек”, – деп қосты мемлекет басшысы.

Жасанды интеллектінің негізгі арқауы – мәліметтер мен деректер екенін айтқан Тоқаев бұл жерде мәселенің  екі жағы бар екенін ескертеді. 

  • Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы нәтиже берген жоқ – Тоқаев
  • Президент Қазақстанда заманға сай жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік барын айтты

“Бір жағынан, мәліметтер  көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар. Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырды. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді. Сондықтан мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай берген жөн.

Сондай-ақ деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс. Біз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірістік. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар  біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады. Бұл қадам "ауқымды деректерді" кеңінен қолдануға тың серпін беретініне сенімдімін.

Кейінгі жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай көбейді. Соның арқасында министрліктер зерттеу институттарымен бірлесе отырып, жасанды интеллектіні өз саласында қолдануға мүмкіндік беретін жобаларды ұсына алады. Әрине, ең алдымен, білікті кадрлар қажет. Үкімет  осы сала бойынша озық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тиіс”, – дейді президент.

Тоқаев шетелдің белгілі мамандарын тарту үшін Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосу керек екенін айтты.

“Яғни, елімізді әлемдегі "цифрлық көшпенділердің ордасына" айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ", – деп қосты ол.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.