«Әр қазақ менің жалғызым» (Сабыр Адайдың шығармашылығына арналған жыр кеші)



жүктеу 105.31 Kb.
Дата23.08.2018
өлшемі105.31 Kb.

«Әр қазақ менің жалғызым»



(Сабыр Адайдың шығармашылығына арналған жыр кеші)
Мақсаты: жыр сүйер оқырмандарды атыраулық ақынның шығармашылығымен таныстыру арқылы отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу.

Көрнекілік: тақырыпты банер, нақыл сөздер, бір кітаптың көрмесі.

Жүргізуші: Армысыздар, құрметті жыр сүйер қауым! Поэзия әлеміне қош келдіңіздер демекпін! Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайдың сөзіне құлақ салайық: « Талантты ақындармен көбірек ұшырасып, талантты туындыларды көбірек оқыған сайын, өлең табиғатын көберек білеміз дегеніміз жәй әншейін мәңгінің қиялы болып шықты.

Шын талант дегеніміз адам бойындағы іңкәрді сусындата түсетін елес, сақылдата түсетін құдірет пе дейміз.

Ел арасына көп барып, жер-жерде жиі болып жүретін Фариза Оңғарсынова бір сапарынан: «Сабыр Адай деген ақын бала көрдім. Керемет!» - деп, қуанып оралды. Не болса соған аузын ашып, көз жұма қоймайтын тәкәппар ақынның мына лебізін естігенде едәуір елеңдеп қалдым. «Апырай, көретін екен!» - деген ниет көңілге мықтап ұялады. Бірақ, Маңғыстауға қанша барсам да, Сабыр Адай көзіме түсе қоймады.

Кісі таниды-ау дегендерден өзі жайлы сұрап едім, бәрі де мақтай жөнелді.

Сөз таниды –ау дегендерден өлеңі жайлы сұрап едім, тағы да таңдайларын қағысты. Ақындардан сондай азаматтардың біреуіне: «Қолжазбаларымен танысып көруге болар ма екен?! – деп қолқа салдым.

Қағаз қатырмаға салынған парақтарды жүрексіне ақтардым. Оқи келе, ақық толы құпия сандықты абайсыз ашып қалғандай өз көзіме өзім сенбей, қатты таңырқадым...». Жазушы ағамыз ақын жайлы осылай сыр шертіпті. Олай болса, сол құпия сандыққа біз де үңілейік.



1- оқушы: Бұлдыр, бұлдыр...

Бұлдыр, бұлдыр, өлең бұлдыр өмірде,

Ордам ба анау, опырылған көрім бе?

Көз ұшында бұлдырайды біл елес,

Оранып ап кіршіксіз ақ кебінге;

Бұлдыр, бұлдыр бәрі жұмбақ өзгенің,

Әділеттің жұлып алып безбенін.

Бауырына басып жатыр күштілер,

Бір шындықты жалғаншыда сезгенім,

Бұлдыр, бұлдыр жыр келеді өзекке,

Не істейін, бұлдыр заман мезі етсе.

Бұрқыраған көк түтіннің ішінде,

Бұлдырайды көзін қысып жезөкше.

Бұлдыр, бұлдыр, бұлдыр менің үмітім,

Сен де ойлан, серісымақ жігітім,

Бура басын құмға басқан нар-таулар,

Білдірмейді өлісін, я тірісін,

Бұлдыр, бұлдыр, дос көңілі жауың да,

Басқа , басқа, ал бауырың, бауыр ма?...

Бөктердегі бөрілерге өкпем жоқ,

Бөріктіге не жетпейді ауылда?...

Жүргізуші: Ақындық дегеніміз – Жалғаншының сел топанына малтыққан пенде шіркінді ақиқаттың тоқымдай аралына жеткізіп, аман-есен алып қалудың қамы шығар.

2001 жылдың күзінде күзінде «Үш қиян» баспасы Сабыр Адайдың 1971-2001 жылдары жазылған өлеңдерін басып шығарыпты. Кітаптың аты – «Әр қазақ – менің жалғызым».

Сабыр Адай - Әділ тұспалдың нағыз шындық екеніне оқырманын қапысыз мойындата алып келе жатқан ақын. Мұндай тауқыметті кәсіппен шұғылданған адамның жаны қайдан жайбарақат болсын. Сабыр Адай өлеңдері ең алдымен көкіректі күйдіретін күйзелістермен баурайды. Ол төңірегіне абайлай да абыржи көз тастайды.

2- оқушы: Асау күн

Асау күн азуына ұртын жанып,

Адуын уақыт кетті күлкімді алып.

Жарады жан қауызын балғаменен

жоғалтқан жақсылықтың кілтін халық.

Қажетсіз құрыметің, жақсылығың,

Шықпаса шыр еткеннен қасқыр үнің.

Түйте мұрт, селдір сақал сұпы ғасыр

Ағытқан өңешінің тас тығынын.

Бет беріп бірде оған, бірде бізге,

су аяқ сұпы ғасыр іргемізде.

Тірідей құран шығып сыртыңыздан

жаяды жайнамазын мүрдемізге...

Жүргізуші: Көрдіңіздер ғой, бір сәттік көңіл-күйден өмірлік ақиқат жарқ ете қалмай ма? Бұдан кейін ақын өлеңдерін қалай жайбарақат оқи аласыз?

3-оқушы: Өмірді тым ертелеу байыптағам
Өмірді тым ертелеу байыптағам

Баянсыз екендігін айыптағам.

Айып тағам деп жүріп аңқау басым

Жүзінен жалғаншының тайып барам.

Отырам өзімді - өзім алдап-күліп,

Ертеңге үмітімді жалғап тұнық.

Уыстап уақыт жұлып жатыр әне,

Шаштарын маңдайымның талдап тұрып...

Жә, жетер! Жетер, жаным, тереңдеме,

Бәрі аян, соқырға да, кереңге де.

Бекерін бес саусақтай біліп тұрып,

Өртеніп өлең жаза берем неге?...



Жүргізуші: Иә! Талай ғасыр адамзат әрбір талантты ақын келген сайын тұңғиық ойға батып, басын әрі шайқап, бері шайқап, жауап таба алмай келген сауал бұл жолы ақынның өз аузына оралады. Бұл жұмбаққа басқалардай бас шайқап қана қоймай, былай деп жауап қайтарады.

Бітпейді адам барда жалған дауы,

Шығады келер күннің алдан жауы.

Ақынға өлең жазу дегеніңіз –

Жан жардың суға кеткен тал қармауы.

4-оқушы: Өмір мұңлық

Өмір – мұңлық, менің өзім – зарлықпын,

Зар күніме шағым айтып қарлықтым.

Ізгі аспанның киіп қамсыз мұнарын,

Үмітімнің жақтым жансыз шырағын.

Күннің күміс жұтып жұқа сәулесін,

Тасырлықтың таттым тағдыр әуресін.

Махаббаттың күлі қалды күйдіріп,

Еріккенге ерінімді сүйдіріп.

Болымсызға мойынымды бұрдым да,

Бақуатсыз құлап түстім құрдымға.

Қолтығыма шайтан кірді қойындап,

Аярлыққа емес көңіл тойынбақ.

Іші түтін, сырты бүтін бейбақтар,

өзін-өзі үндемейді мойындап.

Кесір күннің шаршатқанда керлігі,

өз тәнімнің өзіме аян жерлігі.

Уын ішіп өлер едім шындықтың,

Сократтың жетпей жүр-ау ерлігі.

Біз сияқты кім жұбатар шерліні?...



Жүргізуші: Бұл - әрі наз, әрі – нала. Бойдағы бар қаныңды оқтығына шоқ түскен самауырдай екі иіннен дем алдырып, бұрқ-сарқ қайнатқан буырқанысты сезімнің көрінісі. Нағыз суға кетіп бара жатып, тал қармаған адамның өзі.

Поэзия - негізі жақсылыққа деген зор сенімнің, пәктік пен сұлулыққа өте-мөте іңкәрліктің, ізгілік жолында жан беріп, жан алуға пейіл айрықша мәрттіктің тілі. Бірақ адам да, қоғам да, заман да кез-келген уақытта ондай биік дәмеден шыға бермейді. Сондықтан да адам жанының ең интимдік тұңғиықтарынан бастау алатын лирикада көбіне-көп өкініш пен мұң басып жатады.



5-оқушы: Жем іздеген...

Жем іздеген жеміртшіл қарға басым,

Құдайды да тілдейсің, қарғанасың.

Қарын қамын қамдасаң ұлықсынып,

Тәңір атты тәтті деп таңданасың.

Бал бағасын білген соң тіл үйірген,

Қалталыға қалтаңдап жалданасың.

Іші өткен баладай іштен тынып,

Шын сөзіме шытытып арланасың.

Ахиреттік сенбейміз ажалға да,

Көр түбіне көлденең бармағасын.

Жемсауыңа алсаң да жерді тығып,

Тоқпын демей, ей нәпсім, зар қағасың.

Қаралығын жасырып ақталысқан,

Күнәлі сәт, күпір шақ бастан ұшқан.

Бәсеке мен байлыққа құлдық ұрған,

Құтылар ма екенбіз мақтаныштан.

Болдық қалай мұншама бетсіз неге,

Ар-намысқа аттық-ау шексіз жебе;

Әкеңнің де өлгенін бірінші боп

Естірткісі келеді ессіз неме;

Уын ішкен мақтанның данданамыз;

Көгермейді біз жүріп шаңдаған із;

Мақтанбайық деуім де мақтаншақтық –

«деу» мен «жеу» -ден ләззат ап алданамыз.

Жүргізуші: Сабыр Адай әдеби ортадағы ана ағым, мына ағым, ана тақырып, мына тақырып деп тоқталмаған. Өзінің жанын не жегідей жеп жүрсе, соны сол қалыпнда қалтқысыз жеткізуді мұрат тұтқандай. Тек өзіне ғана тән ақындық табиғат атынан ешқандай ауытқымай, өз арының алдында адал болып қала білуді арнайы мақсат еткендей.

Бір ғұлама дұрыс пайымдағандай, ақын – көп жылдық, тіпті көп ғасырлық өсімдік секілді. Оның тамыры жердің материктік қабатына дейін жетіп, діңгегі топырақтың құнарын, жапырағы жылу мен жарықтың барлық қуатын молынан қамти алса ғана, өмірлік болмақшы.



Көп күннің шамын сөндірдім,

Санаулы сағат селдір күн.

Сиреді шаш та, шаттық та,

Мұңдасар болсаң, кел құрбым.

Шегертіп тауын үміттің,

Сүйенді ойға жігіт – түн.

Жалғанның жалған екенін

Жас отызда бір ұқтым, - деген қаршадай ақынның көкірегіне мұншама қара қайдан қордаланып жүр? Өмірде адам таңқаларлықтай Сабыр Адай өлеңде неге сонша тілмар, неге сонша мұңлы? Бойыңды балбырататын бал тілі неліктен зәрлі? Мінезден бе, әлде тағдырдан ба? Қайта – қайта көңілді кескетей беретін бұл сауалдың жауабын ақынның өлеңін жан-тәнімен түсіне оқи білген адам ғана анықтай алады. Құлақ түрейік.

Жауқазын гүлім, жан мұңым,

Бал жаққан бала ерінге

Жатырсың енді жайғаып

Жатаған қырдың белінде.

Белгіңді неге қалдырдың,

Көз күйік қылып бөктерге.

Қадалған бейне сұр жебе

Қабарған қара өкпемде, - деп зарығуына,

Сұлулығың таратып таң сақтайды,

Таңда сосын тығылып жан сақтайды.

Тамар-тамбас шық болып мөлтілдейді,

Жанарыңда ғұмырдың моншақ қайғы, - деп тарығуына қарағанда, өмірде де, өлеңде де өшпестей із қалдырған пәк махаббат хикаясына жолыққандай боласың.

6-оқушы: Мен де он бесте

Мен де он бесте, сен де он бесте гүл едік,

Бір мұңайып жүдедік;бір қуанып түледік,

Сен – фәниден бақиға, мені тастап аттандың,

Табанында тағдырдың сенсіз талай тапталдым.

Қаншама рет құшақтап қабіріңді жастандым.

Өмір емес, бұл менің - өрт ішінде бастаңғым,

Жел қанатты бұлтымынжеті қат көк аспанның;

Көше берем қаңғырып, есіміңді ән қылып;

Мен қырықта қырма сақал атандым.

Сен – он бесте мәңгілік.

Жүргізуші: Алыста туып, асау құлындай арда еміп ер жеткен арманшыл перзент Сабыр Адайдың елі туралы ұғымы аспанмен таласады, яғни өте биік.

Қазағым қара нар еді,

Қазақы тілім нәр еді,

Тілесе білер текті едім

Жасымас жігер текті едім

Халқымда не мін бар еді,

Қызымның бойы наз еді,

Көгілдір көлім қаз еді, - деп, ал тәуелсіздік таңы атқанда:

Бір аллаға сыйынып,

Жалбарынып жақ түсіп,

Сүйегіме қақ түсіп,

Тұрғанда тулап жүрегім

Қабыл болып тілегім.

Бостандықтың көк туы

Көгімдетұрдың желбіреп

Көркіңді сүйдім елжіреп

Мен сол күні өліп кетсем де

Болар ед «Арманым жоқ енді», - деп, жүрегі жарыла қуанады.

Сөйтіп, Тәуелсіздік - Ел, Жер, Отан десе егіле жырлайтын Сабыр Адай шығармашылығының басты қаһарманына айналды.

Бір басымыздың теңдігін ойлап, біз түгілі бізден кейінгілердің тағдыр талайын шешіп берер елдікті естен шығарып алмауымыз керек. Бір маңдайымыздың бақытын ойлап, ертеңгі әулетіміздің келешегін уысымыздан шығарып алмауымыз керек.

«Әр қазақ –менің жалғызым!» деген әр шумағынан отаншылдықтың оттай ыстық махаббаты лаулап, әр сөйлемінен жүректің дүрсілі аттай тулаған Сабыр Адайдың лирика кітабындай кітапты сирек кездестіреміз.

Ақынның кейіпкері – Отан, авторы – намысы жеріме сай Ел, Еліме сай Ер, Бабама сай Ұрпақ бола алып, Өкніштен қортынды, Үміттен нәтиже шығара алсақ деген намыс. Осындай намыс Бәрімізде де болуға тиісті.

7-оқушы: Қазақстан-қазақ үшін жалғыз ұл

Бабам талай медет тілеп тіл қатқан –

Қолтығымнан бір сүйе деп пірлі аспан;

Сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір,

Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл;

Жапырағын жайсын деп ем жалғызым,

Қабағының еріт, құдай, қар-мұзын;

Сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір,

Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл;

Тойып ішкен не болады асыңыз;

Табанында жатса жаттың басыңыз;

Сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір,

Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл;

Бодан болып созғаныңша айға қол;

Бостандықтың биігінен жайрап өл;

Сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір,

Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл;

Қардан қалқан, жасап жатқан оттан да ық;

Бозторғай да тілемей ме бостандық;

Сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір,

Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл;

Алаш деген келтірмеші атқа кір;

Арлы болсаң, Алаш үшін сапқа тұр;

Сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір,

Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл;

Қазақстан қол созады биікке ең;

Жалғызыңды көтер елім, иықпен;

Болмақ емес ақыл мәңгүрт, ар мазақ;

Қазақстан – жалғыз ұлы Қазақтың,

Сол жалғыздың құрбандығы бар Қазақ!



8-оқушы: Әр қазақ –менің жалғызым

Батыр ұрпақ жаңа шыққан қынаптан,

Бабаларың өтті талай сынақтан,

Намыс үшін, арың үшін от күре,

Ер Алаштың амандығын көп тіле...

Ай мүйізін асқақ шыңға жаныған,

Сардар жігіт, сапқа тұр да сал ұран,

Намыс үшін, арың үшін от күре,

Ер Алаштың амандығын көп тіле...

Керуен көшер, ит жүгірер жолға үріп,

Бұл бостандық – алғашқы бақ, соңғы үміт.

Намыс үшін, арың үшін от күре,

Ер Алаштың амандығын көп тіле...

Көтер басты! Кеудеңізден күн шықсын –

Көлеңкеде көк аттылар тұншықсын.

Намыс үшін, арың үшін от күре,

Ер Алаштың амандығын көп тіле...

Маңдай тер мен атар алда ақ таң бар,

Адам ба екен, ар-ұятын сатқандар?!

Ойлан, Қазақ! Арлан Қазақ! Өр Қазақ!

Арсыз болсаң, тірлік те азап, көр де азап...

9-оқушы: Сарқылмас сағыныш...

Сарқылмас сағыныш қақпайы көп,

Туып ең жат жерінде.

Қаншама қаяу түсті шат көңілге;

Қазақстан – деген бір сағынышпын.

Өзегімді өртейтін жалын-ұшқын;

Өз анасы әлдидеп тербетпеген,

Өгейсінген жандардың бәрі міскін;

Қырғындардың қыл тізген құрбанымыз,

Туған елдің шетте өскен ұлдарымыз;

Сағынышпын, жанартау жарылыспын,

(бабалардың аңсарын алып ұштым);

Сен елес боп, санамда сағым ауып,

Сейілмеейді мың күдік, әлі қауып,

Тау мен тасқа тигізіп маңдайымды,

Тәубе етемін Құдайға ауық-ауық;

Қайран менің Отаным, жан жүрегім,

Сені жырлау әйтеуір бар білерім;

Бабалардың белінде қуғын көріп.

Жастық шағым жат жерде қалды менің;

Жанарыма қонғанда жыр түнектеп,

Көңілімнен көл жаңбыр бүркіп өтпек;

Жат өлкеден боздайды балалық шақ

Жетім бота сияқты түртінектеп.



Жүргізуші: Көрсетпе, құдай, сен енді ноқталы жаттың жетегін,

Асыр сап асыл ұл-қызым сүйдірсін гүлге етегін.

Әр қазақ – менің жалғызым...

Жалғыздың тілеп тілегін...

Жалғаннан мәңгі өтемін... ,- деп жырлаған Сабыр Адай өз еліңді өзегіңді үзе сүюге, бар жан-тәніңмен сүюге үндеумен келе жатқан ақын. Ақынның үндеуіне сіздер де өз үндеріңізді қосасыздар деп сенемін. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет.

Пайдаланылған әдебиеттер



  1. Егемен қазақстан. 26 наурыз, 2002 жыл.

  2. Әдебиет порталы.

  3. «Abai.kz» порталы



Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет