Ералин Қуандық педагогика ғылымдарының докторы



жүктеу 154.12 Kb.
Дата12.11.2017
өлшемі154.12 Kb.

Ералин Қуандық

педагогика ғылымдарының докторы,

«Бейнелеу өнері» кафедрасының профессоры,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,

Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы

kuandikbei@mail.ru

Моб.тел:+77012426195

Ералина Ғазиза педагогика ғылымдарының кандидаты,

«Бейнелеу өнері және кәсіптік білім» кафедрасының аға оқытушысы,

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті,

Шымкент қаласы, Қазақстан Республикасы

Моб.тел:+77757092749
Әділбекова Назерке

Бейнелеу өнері және сызу мамандығының магистранты

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,

Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы

Naz.janwik@mail.ru

Моб.тел:+77014194969




ҚАЗАҚСТАН ЭТНОДИЗАЙН ШЕБЕРЛЕРІ

МАСТЕРА КАЗАХСТАНСКОГО ЭТНОДИЗАЙНА

MASTERS OF KAZAKHSTAN ETHNODESIGN

Summary: It is exposed the peculiarities of creation of the ethnodesigning project in works of G.Iliyaev , D.Shokparov, A.Naimanbayev, Zh.Turdighulov, K.Tasov, A.Bekkulova, M.Zakarinov, N.Ospanov, Zh. Suinbayev, A.Musina, T. Izbasarov, B. Utenov, K. Tinisbekov, S. Ristan, R.Estemisov in this article. It is defined the conception of ethnodesign and it is shown the principle of application of the artistic tradition and the newness in the process of creation of the ethnodesining projects.

Key words: ethnodisigner, ethnodesining things, ethnodesining project, the principle of planning, tradition, newness.

Резюме: В статье раскрывается особенности создания этнодизайнерского проекта в творчестве этнодизайнеров Ғ.Иляева, Д.Шокпарова, А.Найманбаева, Ж.Тұрдыгулова, К.Тасова, А.Бекқуловой, М.Закаринова, Н.Оспанова, Ж.Суйинбаева, А.Мусиной, Т.Избасарова, Б.Отепова, К.Тыныбекова,С.Рыстана, Р.Естемисова. Определяется понятия «этнодизайн».Указывается принципы применения художественной традиций и новизны в процессе создания этнодизайнерского проекта.

Ключевые слова: этнодизайнер, этнодизайнерские изделий, этнодизайнерский проект, принципы проекта, традиция, новизна.

Түйіндеме: мақалада этнодизайнерлер Ғ.Иляев, Д.Шокпаров, А.Найманбаев, Ж.Тұрдыгулов, К.Тасов, А.Бекқулова, М.Закаринов, Н.Оспанов, Ж.Суйинбаев, А.Мусина, Т.Избасаров, Б.Өтепов, К.Тыныбеков, С.Рыстан, Р.Естемисов. Определяется понятия «Этнодизайн» ұғымы анықталады.Көркем дәстүр мен жаңашылдықты этнодизайнерлік жоба жасау барысында қолдану ұстанымдары беріледі.

Кілтті сөздер: Этнодизайнер. Этнодизайн бұйымдары. Этнодизайнерлік жоба. Жобалаудағы ұстаным. Дәстүр. Жаңашылдық.

Қазақстан этнодизайнерлерінің еңбектерін зерттеп, оны ғылыми-педагогикалық зерттеулер айналымына енгізу мен оқу тәрбие үдерісінде қолданудың педагогикалық шарттарын айқындау қазіргі таңда қолға алынбай келе жатқан зерттеулердің бірі болып табылады. Этнодизайнерлер шығармашылығының ерекшеліктері жасаған бұйымдарының ұлттық сипатымен, көркемдік дәстүрді жалғастырумен және жаңа технологиялық әдістерді қолданумен ерекшеленеді. Олардың шығармалары қазақ халқының көркемдік бұйымы ретінде байқалуымен, формақұрауда, қолөнер шеберлерінің қалдырған түр мен түс қолданудағы, безендірілу мен материал қолданудағы дәстүрлі іс әрекеттерін жалғастырумен анықталады[1].

Қазіргі кезде шығармашылығының ерекшеліктері, жасаған бұйымдарының ұлттық сипаты, көркемдік дәстүрді жалғастыруы және жаңа технологиялық әдістерді қолдануы жағынан ерекшеленетін этнодизайнерлер қатары көбейу үстінде. Қазақ этнодизайнының негізін қалаушылардың бірі – жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты, музей дизайнері, профессор Аманжол Найманбай. Музей дизайнері болу үшін әрі суретші, әрі сәулетші, әрі инженер, әрі этнограф, әрі тарихшы болуыңыз немесе солардан жан-жақты хабарыңыз болуы шарт [2].Оның жасаған музейлерінің түрлерін халық әуез аспаптарының музейі, этнографиялық музей, әдеби музей, өнер музейі, саяси қуғын сүргін құрбандары музейі, діни рухани музей, тарихи өлкетану музейі, мемориалдық музей, театр өнерінің музейі, музыка мәдениеті музейі, спорт музейі түрлеріне жіктеуге болады.Этнодизайнер А. Найманбай еліміздегі мемлекеттік есепте тұрған барлық музей қорының (шамамен жүз шақты) тең жартысын тікелей жасақтауға араласқан. Миллионнан аса экспонат жинақтаған. А.Найманбайдың шығармашылық қызметінің бір артықшылығы оның тарихи білімінің, дизайн білімдерімен ұштасуында. Суретші дизайнер А.Найманбайдың дизайнерлік музейлік қызметінің ұлттық ерекшелігін аңғартатын нысандар – Отырардағы Әл-Фараби музейі, Түркістандағы мұражайда орналасқан Ахмет Иассауи музейі, Шымкенттегі Абай музейі мен Алматыдағы Қаз ҰПУ-да орналасқан Абайтану музейін, Қостанайдағы Алтынсарин музейін, Алматыдағы Ә.Қастеев музейін айтуға болады. Оның Алтай мен Атырау арасын алып жатқан алып аймақта жасақтамаған музейлері некен саяқ.

Қазақстан этнодизайнерлерінің алғашқы буын өкілдерінің бірі Ғани Ильяев қазақ халқының ою - өрнектерін зерттеумен, жинаумен және жаңадан жасаумен айналысқан көрнекті шебер, ою-өрнектердің ұлттық дәстүрін композиция заңдылықтарына сай бейнелеп, оны этнодизайн деңгейіне көтерген суретші. Ол ою - өрнектермен тақырыптық картиналар салып, оларды көркемлік образдар дәрежесіне дейін жеткізген. Ғ.Иляевтің осы бағыттағы салған «Жаз», «Күз», «Қыс», «Көктем» атты картиналары тұтастай ою өрнек тілінде шырқалған ән іспетті. Сонымен қатар «Түйеші», «Қыз қуу», «Байқоңыр», «Қазақстан» атты картиналары ұлттық салт дәстүрлері көріністерін көрсететін шығармалар болып табылады. [3]. Ғ.Иляевтің шығармалары графикалық этнодизайн бағытындағы ерекше туындылар болып казақ өнер тарихынан белгілі орын алады.



Қазақ халқының көркемдік бұйымдарына жаңа форма бере отырып, жаңа жобаларды өмірге әкелген алғашқы этнодизайнерлерінің бірі – Дәркенбай Шоқпаров. Ол ұлттық бұйымдарын дизайн өнерінің талаптарына сай көркемдеп безендірудің жолын алғаш рет бастаған шебер. Этнодизайнер Д.Шоқпаровтың көркемдік жобаларында формаға ерекше мән берілген. Ер тұрман, ағаштан ыдыс аяқтар, теріден торсықтар, күмістен білезік, сырға, шашбау жасаудың шебері болған. Жасаған бұйымдарын ою - өрнектермен безендіруге жаңа технологияларды кеңінен қолданған. Д.Шоқпаровтың этнодизайнерлік қызметінің бір биік қыры ұмытыла бастаған көне бұйымдардың формасын қайта жаңғыртып жасауы болып табылады. [4].

Қазақ ұлт аспаптарын жаңаша жаңғыртқан шебер, этнодизайнердің бірі Жолаушы Тұрдығұлов. Ол қазақтың қара домбырасынан бастап қылқобыз, нарқобыз, дауылпаз, сазген, қос саз, шертер, шаңқобыз, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптармен бірге қырғыздың қобызын да жасаған. Ж.Тұрдығұлов өз лабороториясында, қазіргі кезде қолданыста жүрген жиырмаға жуық домбыра түрлерінің жобасын жасап, оларды материалдармен орындаған. Бұл домбыра түрлерін «ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты (екі нұсқасы), балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, оркестр домбыралары: қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда), бас домбыралар (екі нұсқасы) т.б. бар». Этнодизайнер қолынан шыққан домбыралар жобалары елімізде, шет мемлекеттерде де кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаланған. Этнодизайнерлердің мақсаты – қазақ домбырасын дүние жүзіне таныту. Оның жасаған домбырасы мен қобыз жобалары Австрия, Франция, Ресей музыка аспаптарының халықаралық көрмелерінде жоғары бағаланып, суреттері сондағы мұражайларға жіберілген. Этнодизайнер Махамбеттің, Абайдың домбыраларының көшірмелерін мұрағаттар тапсырысымен жасаған. Ол «қазақтың көнеден жеткен домбырасының үнін сақтап қалу парызымыз» деп біледі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі даңықты күйші С.Тұрысбеков этнодизайнер туралы мынандай бағалы пікір айтқан: «Бір қызығы, домбыра жасайтын кейбір шеберлер жасаған домбырасын шерте білмейді. Мен ондай домбыраның дыбысын ажырата білмеген адамнан керемет шебер шығады деп ойламаймын. Ал Жолаушының өзі ән десеңіз әнді, күй десеңіз күйді керемет орындай алады. Оның ең ұтатын жағы да осы». Сонымен қатар ол «орындаушыны домбыраның бауыры, мойыны, жанағы, ішегі мен тиегі дейтін еш нәрсе алаңдатпауы керек. Ол үшін домбыраның бүкіл болмысында қылаудай мін болмауы тиіс. Күйшінің көкірегінен шығаратын күйлерге, жүрекжарды сезіміне домбыра демеуші болып, екеуі бір-бірімен үндесуі қажет. Бірін-бірі демеуі керек. Осы тұрғыдан алғанда Жолаушы шеберлердің ішіндегі ең жоғары деңгейлесі деп бағалаймын, - деген. Қазақстан Республикасының халық әртісі, әнші Қайрат Байбосынов «Оның домбырасы кез келген сахнада сені жетелеп алып кетеді. Бейне бір астымдағы жүйрік атым сияқты, сондай құдіретті сенім пайда болады» деп бағалаған. Жолаушы Әбдезұлы Тұрдығұлов 1974-77 жылдары Алматының Н.В. Гоголь атындағы суретшілер учелищесінде театр безендіруі мамандығы бойынша білім алған. Кейіннен Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетін «бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша бітірген. Жолаушы Әбдезұлы 2001 жылдан Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Алматыдағы ҚазРестоврация ішіндегі «ҚазМұражайда» қызмет еткен. Қазірде ол Абай атындағы Қаз ҰМПУ профессоры қызметін атқарады. Ол республикалық «Үкілі домбыра», «Дана қобыз» атты байқау бәйгелерінің Бас жүлдесінің иегері, сонымен қатар, бірқатар конкурстардың «Мұрагер», «Жоғары шеберлік», «Асыл ұстаз» номинациялары бойынша жүлдегер. Малайзия, Индия, Әзірбайжан, Түркменстанда аспаптарымен көрмеге қатысса, Парижде, Тэгуде (Кореяда) шеберлік сағаттарымен шетелдік әріптестерін ұлттық домбыра үнімен таң қалдырған [5].

Кененбай Қарабдалов – ұлттық бұйымдардың моделін жасаудың шебері. Ол қыш бұйымдарының көркем формаларының жобасын жаңа технологияларды пайдалану арқылы жасайды. Саздан қыш бұйымдарын күйдіру пешінің көне технологиясын қалпына келтіріп, оны қазіргі тәжірибеге енгізген. Оның этнодизайнерлік шығармашылығының негізгі бағыты – көне қыш бұйымдарының дәстүрлі формасын сақтай отырып, оларды ұлттық ою - өрнектермен безендіру арқылы, саз аспаптарын, ыдыс аяқтарды, тұрмыс заттарын, сыйкәделерді жобалау болып табылады. К.Қарабдаловтың жасаған «Сазсырнай», «Отырар уілдегі», «Құмыралалар», «Шырағдан» сынды этнодизайнерлік бұйымдар республикалық, халықаралық конкурстарға қатысқан, көрмелерге қойылған.

Этнодизайн шығармашылық жұмыстарының Түркістандағы шебері Тасов Қалмырзаның зергерлік өнері, өнер сүйер қауымға кеңінен танымал. Ол өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап этнодизайн жобаларын жасаумен айналысып келді. Қалмырзаның негізгі шығармашылық бағыты – зергерлік бұйымдар мен метал өңдеу арқылы жасалатын бұйымдар болып табылады. Қ.Тасов өз шығармашылығымен республикалық, жақын және алыс шетелдерге қолөнер көрмелеріне қатысып жүлделі орын алған этнодизайнер. Қ.Тасов қазақ халқының метал өңдеу дәстүрін жалғастырып, білезік, сырға, сақина, шашбау, тұмарша формаларының жаңа көркемдік жобасын жасаумен шұғылданады. Оның жасаған тайақазаны, зергерлік бұйымдар жобалары Кеңес Одағы, ТМД елдері және алыс шет елдердегі көрмелерге қойылған. Ондағы өткізілген көрмелерден жүлделі орындарды иеленген. Қ.Тасовтың этнодизайнерлік қызметін ерекшелігі, оның метал өңдеу, ағаш өңдеу және тері өңдеу бойынша ұлттық дәстүрдегі көркем бұйымдарды жобалау болып табылады.

Белгілі музыка зерттеушісі Алматы Мемлекеттік консерваториясының доценті Болат Шамғалиұлы Сарыбаев қазақ музыкалық аспаптарын жинаған. Оның жинаған музыкалық аспаптарынның көбісі домбыра мен қобыз және сазсырнай формалары ұлттық саз аспаптарының жаңа модельдерінің жобаларын жасауда негізге алатын бағыт ретінде қабылданады. Б.Сарыбаевтың зерттеуі негізінде қазіргі кезде жасалған саз аспаптары: шертер, қылқобыз, қобыз, жетіген, домбыра, даңғыра, сыбызғы, асатаяқ, шаңқобыз, қамыс сазсырнай, үскірік, тастауық, мүйізсырнай, дабыл, базарлық аспаптарының дүстүрлі көркемдік формасы анықталған. Қобыз, қылқобыз – қазақтың ыспалы, ішекті көне саз аспабы. Қобыз жайындағы алғашқы деректер 8-9 ғасырларға саяды. тұтас ағаштан жасалады, пішіні ожау тәрізді. Шанағының төменгі жағы көнмен қапталады. Музыка зерттеушісі Б.Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары» атты еңбегінде 1960-1970 жылдары саз аспаптарын жасаушы даңқты шеберлер О.Бейсенбаев, Қ.Оңалбаев, И.Романенко, А.Аққозов, В.Кривошеев, А.Аухадиев, Б.Әнесов, Т. Нұрғалиев сынды қолөнер шеберлерінің есімдері берілген. Б.Сарыбаевтің еңбегінде 1950 жылы И.Романенконың ағаштан жасаған қобызының, О.Бейсенбаевтың 1973 жылы жасаған қылқобызы, 1968 жылы жасаған шаңқобызы, домбыра шебері Қ.Оңалбаев жасаған жетігені (1967ж.) домбырасы (1968), даңғырасы (1973), қобызының (1969) суреттері берілген. В.Кревошеевтің домбырасы (1969), Ә.Аухадиевтің шертер, жетіген, дабылының суреттері ұсынылған. Сонымен қатар И.Романенконың 1950 жылы жасаған қобызы, Б.Әнесовтың қамыс сырнайы, үскірігі, (1974) Б.Аққозовтың жасаған үскірігінің түрлі түсті бейнелері берілген. [6].Бұл аталған саз аспаптарының суреттеріндегі формалар музыка аспаптарының дәстүрлі формалары ретінде ұсынылған.

Этнодизайнер әшекей бұйымдарды жасаудың халықтық дәстүрін жаңа бағытта, жаңа технология талаптарына сай жасау қызметімен айналысады. Айжан Бекқұлова – Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, «Біздің мұра» ұйымының басшысы. Киіз басу, кілем мен ши тоқу, кесте тігу технологиясы орта ғасырларда қалыптасқан. Байырғы замандарда қазақ халқының қолынан іс келетін шеберлері кілем тоқу өнерін шағын кәсіпке айналдырған. Кілем тоқу дәстүрінің екпіні бүгінде бәсеңдеу. Оңтүстікте тоқылатын кілемдер бүгінде бірен-саран, интерьерді безендіру мақсатында тоқылады. Кілем өнерін қайта жаңғыртуға «Біздің мұра» ұйымының басшысы Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, этнодизайнер Айжан Бекқұлова ерекше үлес қосуда. Оның жасаған жобасына үйде отырған жұмыссыз әйелдер көптеп қатысады. Оларға нарыққа қажетті болуға көмектеседі, елімізде кілем тоқу дәстүрін сақтап қалуға және оны дамытуға үлес қосады. Шебердің өз бизнесін жүргізуі, маркетингтің қыр сырын ұғынуға жәрдемдеседі. Ол дайын этнодизайн бұйымдарын әлемдік нарыққа шығару жолдары қарастырады. Отандық этнодизайн бұйымдарын шетелдік сауда орындарына экспорттау жолдарын ойластырады. АҚШ Конгресінің шешімімен құрылған, әлемнің 100-ден астам елінде жалпы көлемі 26 миллион доллор тұратын 640 жобаны қаржыландырған мәдени мұраны сақтау қоры еліміздегі кілем тоқу дәстүріне демеушілік көрсетіп, Алматы қаласындағы үкіметтік емес «Біздің мұра» ұйымына 47 мың доллор көлеміндегі бөлінген грант жұмыстарын Айжан Бекқұлова ұйымдастыруда.

Марат Закаринов – домбыра жасаудың шебері, этнодизайнер. М.Закаринов домбыра, қобыздың жаңа формаларын этнодизайн талаптарына сай жасайды. Оның жасаған екі сағақты домбыралары этнодизайн жобасын жасаудың үлгісі ретінде танылады. Тұтас ағаштан ойып жасаған қобызы ұлттық көркемдік өнерінің дәстүрінің талаптарына сай орындалған. Сонымен қатар ол қобыз формасын жобалауда дизайн композициясының талаптары орындалған. М.Закаринов жасаған этнодизайн бұйымдары өнер конкурстарына қатысқан, республика, шет ел көрмелеріне қойылған. Нұрғали Оспанов – ұлттық сыйкәде жасаудың этнодизайнері. Ағаштан домбыра, қобыз, қыштан тайқазан, сырға, сақина, білезік, формаларын жасайды. Оның этнодизайнерлік сыйкәде бұйымдары формаларының кішілігімен, ою - өрнектермен безендірілуімен ерекшеленеді. Н.Оспанов облыстық, республикалық, халықаралық этнодизайнерлер көрмелеріне қатысып жүлделі орындар алған. Оның жасаған жобалары алыс және жақын шет елдерден келген туристер тарпынан үлкен сұранысқа ие болуда. Жанболат Сүйінбаев – Түркістандағы ер-тұрман жасайтын шебер. Ер оюланған, терімен қапталған. Ою тері бетімен престеу әдісімен басылады. Ер ағаштан жабылып, бөлшектері бір-бірімен біріктірілген. Ерді көркемдеп дайындауға жаңа технология қолданылған. Бұйымды дайындауға бір ай уақыт жұмсаған. Ердің формасы Оңтүстік шеберлерінің дәстүрлі формасы сабақтастықпен жалғасқан .

Айтолық Мусина – ісмерлік қызметтің шебері. Этнодизайнер құрақ көрпе тігумен айналысады. «Бесінші сыныпта оқып жүргенде анам іс тігін машина сатып алып берді. Кейін осы тігін машинасымен қалған-құтқан ескі киімдердің маталарынан құрақ құрап, ою-оятын болдым. Күні кешеге дейін ауыл адамдарына көйлек тігіп беріп жүрдім. Алайда, бұл кәсіп бір кәдеме жарар деп ешқашан ойлаған емеспін. Қызық үшін айналысатынмын. Қысылған шақта кәдеге асып, енді, міне, өмірімнің өзегіме айналып отыр, - дейді А.Мусина. «Мусина» жеке кәсіпкерлігіне қарасты тігін цехында он тігінші «Қыз жасауы» дүкенінде, «Шығыс» базарында сауда орындарында он адам еңбек етеді. Қазір «Қыз жасауы» дүкенінен тек көрпелер ғана емес, көпшіліктерді де, көрпе мен көпшік тыстарын да, сандық және қыз жасауына қажетті басқа дүниелерді де табуға болады. А.Мусина ісмерлік пен іскерлікті тең ұстаған кәсіпкер, ұлттық бұйымды жобалайтын қазіргі этнодизайнер. Шағын және орта бизнесті дамытушы, ұлттық өнерді жалғастырушы өнер шебері. [7].

Нан жабатын тандыр жасауды кәсіп еткен, осы ұлттық өнер дәстүрін жақсы жолға қойған шебер Тұрғанбай Ізбасаров Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласынан 7-8 шақырым жерде орналасқан Жаңауауыл округінде тұрады. Ол тандыр жасаудың қыр-сырын көршілес Өзбекстан шеберлерінен үйренген. 1990 жылы «Тандыр» кооперативін құрған. Қазір тандырдың наннан басқа самса, пәтір т.б. пісіретін түрлерін жасайды. Ол Мақтааралдан басқа Шардара, Сарыағаш аудандарын тандырмен қамтамасыз етуде. Тандыр жасау үшін лайдың арасына түбіті алынған ешкінің қылшық жүнін қосып, саз балшықты қамырша илеп, әбден пісіріп болған соң жаймалап өлшеп кеседі. Арнайы жасалған қалыптарға салып дегдітіп алған соң тандыр формасын құюға кіріседі. Коорператив тандыршылары ай сайын 60-70 дана түрлі тандыр жасайды. Оның шеберханасынан 10-20, 30-40, 50-60, 70-80 нан жабатын тандырдың түрлі көлемді пештерін көруге болады. Кооперативте жеті, сегіз шебер жұмыс істейді. Бұл бизнестің ерекшелігі жыл, он екі ай бойы тоқтамайды. Себебі, тапсырыс көп, жұмыс қауырт. Дайын болған өнімді олар тапсырыс берушілерге жеткізіп береді. Тандыршы шеберлердің мінсіз адал қызметі мен өнеріне халық риза.

Қазақ халқының қолөнерінің бір саласы ұсталық өнер қазіргі кезде кәсіби өнер шеберлерінің шығармашылық еңбегімен дамып жетілуде, ұмытыла бастаған кейбір түрі жаңадан қалпына келтіріліп, даму үстінде.Ұсталық өнердің бір бағыты қару жарақ жасау өнерін жаңа материалдарды қолдану, оларға жаңаша форма беру, жеңа безендіру мен технология қолдану бағытын ұстанған бірқатар ұсталар қазақ елінде этнодизайнерлік қызмет атқаруда.Олардың қатарынан ағайынды Тұрсынжан Жетенұлы, Айтберген Жетенұлы, Махмут Жетенұлы есімдерін құрметпен атау орынды.Бұларға ұсталық өнерді заман талабына сай дамытып, жетілдіргені үшін ҚР мәдениет қайраткері атақтары берілген.Сонымен қатар ұсталық өнерді жалғастырып, насахаттап, зертеген еңбектері ескеріліп, өнер зерттеушісі атақтары берілген. Ағайынды ұсталар Тұрсынжан, Айтберген, Махмут Жетенұлдары күмістен семсер, қайқы қылыш, үзеңгі, шоқпар, қанжар, найза, сүңгі, садақ (іші мүйіз, сырты сіңірден жасалған), қорамсақ, әр түрлі садақтың оқтары, күрзі, сауыт, кілеуке сауыт, шынжыр сауыт, дулыға, томаға (бетті қорғайтын) сияқты ер қару жарақтарын зерттеп, қыр сырын меңгеріп, жаңа технологияларын пайдаланып, жасаумен айналысады. Олардың жасаған қару жарақтары еліміздегі қалалардағы түрлі мұражайларға қойылған, еліміздегі және шет елдердегі көркемөнер көрмелерінде көрсетілген, олардан жүлделі орындарды иеленген

Батырбек Өтепов 1966 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1971 жылы Украинаның Львов қаласындағы қолданбалы қолөнер институтын бітірген. Суретші, қолданбалы қолөнер шебері. КСРО Суретшілер одағының мүшесі. Қолданбалы қолөнердегі гобелен техникасын тұрмыста жаңаша қолдану барысында көп ізденген. Көпке танымал «Түркі дастаны» триптих гобелені ҚР Президентінің резиденциялық кешенінде сақтаулы. «Той», «Дастарқан» және т.б. шығармалары Қазақстан гобелен өнерінің алтын қорында. Көзі тірісінде көптеген қаламақысын "Балалар қорына" аударған. Жұмыстары Қазақстан Өнер мұражайында, Көрме дирекциясында, КСРО көркемсурет қорында және әлемнің бірнеше елдерінің мұражайлары мен галереяларында сақтаулы. Негізгі шығармалары: «Түркі дастаны», «Той», «Аударыспақ», «Айтыс» және т.б.

Тыныбеков Құрасбек 1971 жылы Украинаның Львов қаласындағы қолданбалы қолөнер институтын бітірген. Суретші, қолданбалы қолөнер шебері. Гобелен тоқыма өнерін қазақ стилінде өңдеп, дүние жүзіне танымал етті. КСРО Суретшілер одағының мүшесі. Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Халықаралық, бүкілодақтық және республикалық көрмелерге қатысты. Алматы көркемсурет училищесінде, Театр-көркем-сурет институтында ұстаздық қызмет етті. Жұмыстары Қазақстан Өнер мұражайында, Көрме дирекцияларында, ТМД елдері мен алыс шетел мұражайларында, «Қазақстан» қонақ үйінде және т.б. қорларда сақтаулы. Негізгі шығармалары: «Шоқан», «Аслан», «Семья», «Көктем», «Тау мен дала аңызы», «Әлем», «Өнер дарағы», «Байқоңыр», «Дала балладасы», «Теңіз симфониясы», «Әлем шаттығы», (1978 – 1980), «Тау мен дала аңызы» (1975), атты гобелен шығармалары халыққа кеңінен танымал.

Aйтбаев Еркін 1975 жылы - Львов мемлекеттік тоқыма және қолданбалы қолөнер институтын бітірген. Тоқыма гобелен өнерінің шебері ретінде танылған. КСРО Суретшілер одағының мүшесі. 1975 жылдан ұстаздық қызмет етеді. Бүкілодақтық, шетелдік, республикалық және облыстық көрмелерге қатысқан. Жұмыстары Көркемсурет дирекциясында және жеке меценаттар меншігінде сақтаулы. ҚР Суретшілер одағының дипломымен және әр түрлі қорлардың дипломдарымен, грамоталарымен марапатталған. Негізгі жүмыстары: «Аталар мұрасы», «Дала үні», «Барса-Келмес», «Кереге тас», «Қырық қыз», «Қазығұрт туралы аңыз» және т.б.

Қазақ халқының қолөнерінің бір саласы теріні көркем өңдеу өнері болып табылады.Теріні көркем өңдеу өнері қазіргі таңда этнодизайн деңгейіне көтерілуде.Қазақ еліндегі осы өнердің белгілі этнодизайнері Дәркембай шебердің көркемдік дәстүрін жалғастырып жүрген Сейфулла Рыстан есімі өнер сүйер қауымға мерзімді баспасөз арқылы белгілі бола бастады. Сейфулла Рыстанның өнерінің ерекшелігі теріден картина дәрежесіндегі шығармалар жасауы.Оның шығармашылық тақырыбы жартастаға таңбалар, қазақ халқының салт дәстүрлер көрінісі.Оның да жасаған шығармашылық еңбектері еліміздегі көрмелерде қөрсетіліп, алыс және жақын шет елдердегі көрмелерге қатысып жүлделі орындарды жеңіп алған.

Естемісов Расылбек 1975 жылы Алматының Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген. 1988 жылы ҚР Суретшілер одағына мүше. 1997 жылы ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, Оңтүстік Қазақстан облысы Дизайнерлер федерациясының төрағасы. Бүкілодақтық (Мәскеу, Ереван, Ялта, Бендер), республикалық және халықаралық (Франция) көрмелердің тұрақты қатысушысы. «Жолаушы» атты (2007) гобелен шығармасы таңдаулы шығармаларының бірі. Жұмыстары Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында, жеке коллекционерлер мен өнерді бағалаушылардың қорында сақтаулы.

Қорыта келе айтқанда, этнодизайн өнері дегеніміз – ұлттық көркем бұйымдарды, жаңа заман талаптары мен сұраныстарына сай, жаңа технология мүмкіндіктері арқылы, кәсіби шеберлердің жасаған көркемдік жобалары немесе жасаған дизайнерлік шығармаларының жүйесі деп айтуға болады. Этнодизайнерлер дегеніміз –ұлттық көркем бұйымдарды, жаңа заман талаптары мен сұраныстарына сай, жаңа технология мүмкіндіктері арқылы көркемдік жобалар мен дизайнерлік шығармалар жүйесін жасайтын кәсіби шеберлер. Қазіргі өнер мамандарын кәсіби даярлаудағы мамандардың іс әрекеттік құзіреттілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырған кезеңде Қазақстан этнодизайнерінің шығармашылығымен болашақ мамандарды таныстыру қажеттігі артып отырған және сұраныстағы педагогикалық қызметтің бірі болып табылады.

Әдебиеттер:

1.Ералин Қ.Ералина Ғ.Дизайн негіздері.Түркістан.Тұран.2013.-122 б.

2. Ғали Т. «Музейлік дизайн өнері». Айқын газеті, №85 (2240) 17 мамыр 2013 ж. – 8 б.

3.Мақажанова Г.Ғани Иляев.Алматы.Өнер.1981-78 б.

4.Ералин Қ.Қазақстан бейнелеу өнері.Түркістан.Тұран. 2009.-212 б.

5. Тұрмағанбетова Б. Ұлттық аспаптарын жаңаша жаңғыртқан шебер. Түркістан газет. 25 сәуір 2003. – 6 .

6.Сарыбаев Б. Қазақтың музыкалық аспаптары. Альбом. Алматы, Жалын, 1978 – 136 б.



7.Сәуірбай С. Ісмерлік пен іскерлік. Егемен Қазақстан. 8 наурыз 2013 – 4 б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет