Бүгін үкімет отырысына жаңа вице-премьер Қанат Бозымбаев пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысқан жоқ. Оның себебін Олжас Бектенов түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысын ашып жатып премьер Бектенов минстрлер кабинетінде өзгеріс болғанын атап өтті. Ол жаңа вице-премьер болып Қанат Бозымбаев тағайындалғанын айтты. 

“Өздеріңіз білетіндей, үкіметте өзгеріс болды. Мемлекет басшысының бұйрығымен Қанат Бозымбаев премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ол өңірлік саясат, тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайлар және су ресурстары мәселелеріне жетекшілік етеді. Ал Роман Скляр құрылыс, энергетика, көлік инфрақұрылымы және логистика, экономиканы жедел басқару, өндіріс, қазба байлықтарын пайдалану, инвестициялық жұмыстар және басқа да ауқымды мәселелерді шешеді”, – деді Бектенов. 

Сонымен қатар ол жаңа вице-премьер Бозымбаев неге үкімет отырысына келмегенін айтты. 

“Қазір Бозымбаев пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов менің тапсырмам бойынша өңірлерде жүр, олар су тасқыны жағдайын қалыпқа келтіру жұмыстарын бақылап жатыр”, – деді премьер. 

Айта кетейік, бүгін премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында су тасқынына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. 

Үкімет басшысының сөзінше, үй-жайын тастап кеткісі келмейтін тұрғындар эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатыр.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.