Естемісов Саптар



Дата06.05.2019
өлшемі23 Kb.

Естемісов Саптар
Естемісов Саптар 1919 жылы Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітіріп, комсомол қатарына өткен Саптар жұмысқа белсене араласып кетті. Көп ұзамай ол Жданов колхозы комсомол ұйымының басшысы болып сайланды. Соғыс басталғанда соғысқа жіберуді өтінген алдыңғылардың қатарында әскери комиссариатқа өзі келді.

Естемісовтің әскери өмірі 1942 жылдың 26 маусымынан басталды. Әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындау үстінде көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен 1944 жылғы 4-маусымда марқұм Саптар Естемісовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Саптар ондаған рет соғысқа қатысып, өзінің пулеметімен жау әскерін жайратып, өзін мерген пулеметші ретінде танытты. 1942 жылдың аяғына дейін Естемісов екі рет госпитальда болды. Шайқаста көрсеткен ерлігі үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталып, сержант шенін иемденіп, пулеметшілер ротасының бөлім командирі болып тағайындалды.

...1943-жылдың тамыз айында Вердинск дивизиясының 134-ші атқыштар бөлімі қарсыластарының шебін бұзып, Смоленск облысының Пречистенск ауданында 261,1 биіктігін жаулап алу соғысын жүргізіп жатты. Осы биіктікте шеберлікпен жасырынған жау пулеметі біздің бөлімшелердің жылжуына кедергі келтіріп тұрды. Біздікілер көп шығынға ұшырады. Взвод командирі қатардан шықты. Бөлім командирі Естемісов басқаруды өз қолына алып, жаудың пулеметшілер тобымен жекпе-жекке шығуға шешім қабылдады. Қарсыластарының боратқан оғының астынан Саптар өз пулеметімен сытылып шығып, өзіне жайлы орын тауып, гитлершілердің оқ боратқан атыс орнын істен шығарды.

Қазақ халқының даңқты ұлы Пречистенск ауданы Дольшино деревнясының түбінде 1943 жылдың қыркүйек айында ерекше көзге түсті. Осы жерде жау екі рота жаяу әскер, танктер мен өз бетімен жүретін зеңбіректердің қолдауымен қарсы шабуылға шықты. Жау жағы басымдығының арқасында біздің траншеяларға жетті. Осындай қиын-қыстау жағдайда да Саптар Естемісов шегінген жоқ. Өкіне тиімді позицияны таңдап алып, пулеметін оқтап, оңтайлы сәтті күтіп жатты. Жауды жақындау жіберіп, пулеметтен оқ боратты. Осы шайқаста ол 40 гитлершіні өлтірді. Совет пулеметшісінің бораған оғына шыдамай, фашистер шегінуге мәжбүр болды. Естемісовтің ержүректілігі соғыстың тағдырын шешіп берді.

Отанның жаужүрек сақшысы сержант Естемісов 1943 жылдың 14 қыркүйегінде Коноплянка деревнясы үшін болған соғыста жау әскерлерінің тылына шығып, біздің жаяу әскерлердің жылжуына кедергі жасап тұрған жаудың станокты пулеметшілер тобын танкіге қарсы гранатаны дәл тигізу арқылы жойды. Жақын қашықтықтан ол шоғырланған гитлершілерге оқ боратып, ракетамен сигнал берді. Біздің бөлімшелердің алға қарай тез ұмтылып, соққы беруі жаудың шебін бұзды.

1943 жылдың 19 қыркүйегінде кезекті кескілескен шайқаста қазақ-жауынгер өз пулеметімен жиырмаға жуық фашисті жойып, өзі де ерлікпен қаза тапты.

Батыр Коноплянка деревнясында жерленді. Оның үзеңгілес достары Саптардың кегін алып, жауды Батысқа қарай ығыстыра қуды.

Кеңес Одағының Батыры Саптар Естемісов есімін өз жерлестері ешуақытта ұмытпайды. Оның есімі Шу ауданы Жданов колхозындағы мектепке берілген.

Мақала кітаптан алынған.


Достанбаев Т.Ш. Жамбылдық жарық жұлдыздар (Жамбылдық Кеңес Одағының батырлары) [Мәтін]: әдістемелік құрал / Т.Ш. Достанбаев. – Тараз: «Тараз университеті» баспасы, 2007.-76б.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет