Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М



жүктеу 88.98 Kb.
Дата09.09.2017
өлшемі88.98 Kb.

ЭТНОСАРАЛЫҚ ҮЙЛЕСІМДІЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ САЯСИ-МӘДЕНИ МЕХАНИЗМДЕРДІҢ ОРНЫ
Әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С.М.
Ел-жұрт тарихына негіз болар ешбір ұлт, халық, тіпті ұлыс пен ру бір күнде жарқ етіп көктен түспегені, дүр етіп жерден көктеп шықпағаны, осылардың қай-қайсысы да дамудың обьективті заңы бойынша ұлт халықтан, халық ұлыстан, ұлыс рудан, ру адамдар тобынан құралып, белгілі бір экономикалық-қоғамдық формацияларды бастан өткеріп қалыптасқан.

Кейін жазу-сызу өнері пайда болып, оны еркін меңгерген елдің халықтары өздерінің осынау шежіре-тарихтарын қағазға түсіріп, хаттап, ұрпағына рухани мұра етіп қалдырып отырса, ал жазу-сызу дамымаған елдің халықтары ұрпақ санасына өздері бастан кешірген тағдыр талайын бұрынғысынша ауызша айтып сіңіріп, келер күнге жеткізген. Сондай халықтардың бірі – қазақ халқы. Сондықтан қазақ халқы үшін этносаралық тұрғыдан алғанда саяси-мәдени орны «Қазақ ССР тарихының» 1957 жылы шыққан бірінші томында жазылғандай: «ХІХ ғасырдың аяғында ХХ ғасырдың басында... мұсылман дін басыларының шығарған қазақ руларының тұқым қуалау шежіресі» де, 1983 жылы шыққан осы тарихтың екінші томында көрсетілгендей: «Қазақ хандары мен сұлтандарының ата-тектерінің генеалогиясы» да емес, халықтың ғұмырнама тарихы, сол тарихты ұрпақтан ұрпаққа көркемдіктің көрпесіне орап жеткізген шежіре-шешендердің, ақын-жыраулардың әдеби шығармасы. Рас, олар кезінде тасқа басылып, хатқа түспегендіктен, ауыздан ауызға көшкенде айтушының білім өресіне, таным-түсінігіне, арман-аңсарына, ұстам қабілетіне қарай азды-көпті өзгерістеріне ұшырап; алысы жақындап, жақыны алыстап кетіп те отырған.

Тоталитарлық билік жылдары Қазақстанда 340 мыңнан астам адам жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Тек «үлкен террор» кезінде 120 мыңнан астам адам респрессияланып, 25 мыңдай боздақ оққа байланды. Ал пролетариат диктатурасын желеу етіп жүргізген «большевиктердің аштық саясаты» (М.Шоқай) науқандарында – 1917-18 жылдары 1 миллионнан, 1921-23 жылдары тағы 1 милллион астам көшпенді, ал 30-жылдары тәркілеу, режимге қарсылық көрсеткен көтерісшілерді әскери күшпен басу, материалдық қолдау көрсетпей отырықшыландыру, зорлықпен ұжымдастыру кезеңдерінде 2 миллиондай адам – сол кезгі қазақ халқының жартысына жуығы ашаршылық құрбаны болды. Қазақ жеріне жалпы саны 1,5 миллиондай неміс, корей, шешен, ингуш, балқар, күрді, месхеттік-түрік, болгар, грек, қырым татарлары, қалмақ және басқа да халықтар өкілдері күштеп көшіріп әкелінді. Осынау касіреттерімен астастыра жүргізілген индустрияландыру, тың көтеру науқандарында қазақ жеріне кеңес одағының орталық аудандарынан миллиондаған қоныс аударушылар келді. Мұның бәрі жергілікті халықтың ұлттық мүдделері шектелуіне жанама түрде болса да әсер етті.

«...Әділеттіліктер саяси қуғын-сүргін құрбандарын жұма сайын барлық ұйымдарда, мекемелерде, оқу орындарында ашаршылық құрбандарын еске алып, мешіттерде, шіркеулерде, өзге де ғибадатханаларда оларға арнап арнайы дұға оқуды ұйымдастыруға үндейді. Билік те қалың жұртшылықтың мүддесіне орай, талай асыл азаматты жазықсыз атқан үйасты «тирімен» бірге бұрынғы НКВД ғимаратын саяси репрессиялар тарихы мұражайына қайтаруға, Жаңалықтағы ескерткіш айналасындағы аумақты мемлекеттің өз халқына жасаған қиянаттарын, қызыл терроры мен жасанды ашаршылық зұлматын енді ешқашан қайталанбастай етіп мәңгі еске салып тұратын белгілер қойылатын орманды алқапқа айналдыруға, ішіне құрбандар есімдері қашалған тас тақта-стеллалар орнатуға мұрындық болар еді, – дейді «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім [1]. Әрине, бұл пікірмен де келісуге болады. Олай болса, этносаралық үйлесімділіктің саяси-мәдени мәселелерін құқықтық реттеу, этносаралық үйлесімділіктің тиімділігін арттыру арқылы барша қазақстандықтардың әлеуметтік белсенділіктерін, жауапкершіліктерін арттыратын шаралар қолға алынуы керектігін тұжырымдау өте маңызды болып отыр. Онда мынадай шаралар нәтижелі болады деп жіктеп берсек болады: еліміздегі барлық азаматтар өз тағдырын – Қазақстан Республикасының тағдырымен бірге әрі терең тамырлас екенін сезінсе; бізді ыдыратуға және ынтымағымызды бұзуға бағытталған кез келген ықпалға белсенді түрде қарсы тұрса; Республика конституциялық құрылысының, территориялық құрылысының, территориялық тұтастығы мен унитарлық құрылымының мызғымас беріктігін нығайтуға атсалысса; ұлттық мүддеге негізделген елдің экономикалық, саяси, мәдени, рухани, ақпараттық қауіпсіздігін одан әрі нығайтуда, басқа мемлекеттер тарапынан болатын ақпараттық тәуелділік пен басшылыққа немесе қысымға жол бермесе; елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту үшін республиканың барша азаматын қазақ халқының төңірегіне ұйымдастырса; ел тәуелсіздігінің беріктігіне негізделген халықаралық әріптестік саласында ұлттық мүдде басымдығын ұстанса; Тәуелсіздікке, жерге, бірлік пен рухани құндылықтарға тағзым етсе; Территориялық тұтастықты қорғауға мейлінше көмектесу. Демек, осы тұжымдамалар жүзеге асып жатса, еліміздің беріктігі мен тұтастығы, ұлттар мен этностардың үйлесімді достығы арта бермек. Мұнан шығатын қорытынды, әрбір азамат, қоғам және мемлекет, халықтың, болашақ ұрпақтың алдында өз жауапкершілігін сезініп, жоғарыдағыдай қажетті әрі ұтымды шараларды қамтамасыз етуіміз керек.

Дегенмен, жан-жақты әртүрлі пікірлерге қарамастан, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында этносаралық үйлесімділіктің саяси-мәдени роліне үнемі көңіл бөлуін тоқтатқан емес. Мәселен, мына ұлттық идеясы соның дәлелі: «...Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы». Демек, ендігі міндетіміз – қоғамның көп ұлттылығын тұрақты бірлестіруші факторға айналдыру, яғни мықты ұлттық идея қалыптастырып, халықтың арман-мүддесін жүзеге асыру.

Ұлттар мен этностардың мақсаты ескерілмеген жағдайда, бір елдің екінші елге дұрыс қарамауы, бір халықтың екінші халықты кемсіту, намысын қорлау, бір тілдің екінші тілді қыспаққа алу, бар болмысын, құндылықтарын аяқ-асты ету орын алса, ұлттық идеяға қауіп төнері анық. Сондықтан да ондай өрескелдікке жол бермеуіміз керек. Сол себепті еліміздің ұстанымы өзара тату, бейбіт өмір сүру, ауызбіршілік, ынтымақтастықта әр халықтың рухани үйлесімділігін сақтап, еліміздің абыройын асқақтата отырып, әлемдік деңгейге көтеру үшін еліміздің әрбір азаматы бойындағы бар күш жігерін салып, жаңа заманда жаңаша өмір сүруі қажет.

Президент Жолдауында айтылғандай, біз дүниежүзілік бәсекелестікте бәсекеге дайын болуымыз қажет. Ең алдымен, елдегі саяси-мәдени механизм тұрғысынан этносаралық үйлесімділіктің орнын тұрақтандыру үшін, халықтың саны мен сапасын, әлеуметтік жағдайын жақсартатын мемлекеттік шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтты. Мәселен, білім саласына да назар аударып, жастардың білім деңгейінің әлемдік стандартпен тең болуы керек екендігін көрсетті. Ал білімді, мәдениетті адам – ұлттың тірегі, тірегі мықты ұлт – алынбас қорғанмен тең. «Біз еліміздің бүгіні мен болашағын отаншыл жүрекпен, отаншыл тілекпен, отаншыл құштарлықпен қалыптастырамыз. Біз үшін ең асыл мұрат ел мүддесіне адал қызмет ету», – деген еді республикалық «Отан» саяси партиясының форумында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев [2]. Ол осы жолы да қазақ халқының сан ғасырлар бойы сақтап келген ата дәстүрімізге арқа сүйейтінін айрықша атап өтті.

Ел болашағын тереңнен ойлай білу үшін ұлттық идеяның өзегі ретінде қазақтың тілін, рухын, саяси-мәдениетін көтеру бүгінгі күннің міндеті. Қашанда қазақ халқы қонақжай екені белгілі. Елімізде әр ұлттар мен этностар үшін жағдай жасалған десек, қателеспейміз. Елбасының өзі елде тұрақтылықты сақтау үшін «Trust» (сенім), «Tradition» (дәстүр), «Transparency» (транспаренттік) және «Tоlerance» (төзімділік) керек екенін нақтылап айтып берді.

Егер логикаға салсақ, бұл төрт ұсыныстың жүзеге асуы айтарлықтай қиын емес. Себебі, бұл ұғымдар Қазақстанның 25 жылға жуық жүргізіп келе жатқан саяси, мәдени тәжірибесінен алынған. Бұл төрт түсінік Қазақстанды әлемдік өркениетке танытқан құндылықтар болып табылады. «Траст» – еліміздің нәзік дипломатияға сүйене отырып, көпвекторлы саясат арқылы державалармен тең дәрежеде ұлттық мүддесін сақтап, өзара сенім қалыптастыруы. «Традишин» – халықаралық саясаттың құндылықтарын сақтап, кез келген мемлекетпен тіл табысуы. «Транспаренси» – томаға-тұйықты құп көрмей, әлемдік қауымдастық үшін ашықтықты қамтамасыз етуі. «Толеранс» – еліміздің ең негізгі принциптерінің бірі. Яғни, ядролық қарудан бас тартып, әлемдік және дәстүрлі дін съездерін ұйымдастыру арқылы Батыс пен Шығыс өркениеттің ықпалдасуына зор үлес қосуы [3].

1995 жылы 16 қараша ЮНЕСКО-ның бастамасымен толеранттылық принцпінің декларациясы қабылданды. Декларация бүкіл адамзатты соғыс пен қантөгістен алыс тұрып ізгілік мәдениетіне бастайтын құжат болып белгіленді. Араға екі жыл салып дәлірек айтқанда 1997 жылы «16 қараша» халықаралық толеранттылық күні болып жарияланды. Толеранттылық декларацияға сай адам баласы ұлт пен ұлысқа, аймағына, шығу тегіне, діні мен тіліне байланысты ешқандай кемісітуге жол бермейді. Осы қағидаға сай қазақ жері сан-мыңдаған өркениетті бойына жиған кешегі сақ пен ғұнның, бүгінгі қазақ жерін мекендеген 130-ға жуық этностың отанына айналды десек болады.

Тарихи деректерге сүйенсек қазақ даласында әлемдік діндердің барлық элементтері кездескен. Елімізде түрлі діни бағытқа жататын 18 конфессияға тиесілі 3700-ге жуық діни бірлестіктер еркін жұмыстарын жүргізуде. Мемлекет тарапынан оларға ешқандай қысым мен, шектеулер қойылмаған, және мемлекет олардың (заңға қайшы келмесе) ішкі ісіне араласпайды. Яғни біз зайырлы принцпті ұстанған республикамыз. Зайырлылық принципі дегеніміз арабтың «захири» сөзінен шыққан «ашықтық, сыртқы» - сөзінің мағынасына жақын сөз. Жалпы тілдік қолдану барысында батыстың «лаицизм», секуляризм сөздерімен мағыналас келіп, дін мен мемлекет ішінара бір-бірінің ісіне қол сұқпайды деген ұғымын білдіреді. Еліміздің конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп анық атап көрсеткен.

Сондай-ақ ел азаматының діни сеніміне байланысты қоғамдық кемсітуге де жол берілмейді. Конституция бойынша тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды деп толеранттылыққа сай ұстанымды қолдайды. Толеранттылық ұстанымы адамның діни, этностық, рухани ерекшелігіне түсіністікпен қарап, өзін және өзгені  құрметтеуге шақырады. Осы қағиданы ескере келе елімізде дін істерін  реттейтін  «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының преамбуласында Ханафи бағытындағы ислам мен православиелік христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын нақтылап кетеді. Себебі еліміздің мемлекет ретінде тарихи қалыптасуы барысында исламның ханафи мазһабы мен христиандық православиелік бағыттың алар орыны айрықша деп атап өтеді [4].

Қазіргі таңда әр түрлі діннің бeйбіт қатар өмір сүруі, діни бірлік, конфeссияаралық кeлісім – кeз-кeлгeн мeмлeкeттің гүлдeнуінің нeгізі десек қателеспейміз. Халықаралық саяси алаңдағы тұрақсыздық жағдайында көп конфессиялы мемлекет дамуының басты шарты eліміздe этносаралық жәнe конфeссияаралық кeлісімді дамыту болып саналады. Алайда, әлeмнің түрлі бөліктeріндeгі, соның ішіндe кeйбір көрші eлдeрдeгі этно-діни қайшылықтардың күшeюі eлімізгe сырттан діни экстрeмизм мeн радикализмнің әртүрлі нысандарының кіруі әлeуeтті қауіп туғызады. Қоғамда орын алып отырған әлeумeттік жәнe тұрмыстық жeргілікті проблeмалар да этностық қақтығыс тудыруы мүмкін. Осы жәнe өзгe аспeктілeр мeмлeкeттің дe, бүкіл қоғамның да тарапынан жіті назар аударуды талап eтeді.

Толеранттылықтың символы ретінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылы Астана қаласында тұңғыш рет Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін өтті. Бүгінде үш жыл сайын елімізге Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің жиналуы, әлемдік саясатта этносаралық үйлесімділіктің саяси-мәдени механизміне де жаңа серпін беріп отыр.

Еліміздегі этнографиялық, демографиялық, саяси-мәдени жағдайдың дамып, өзгеруіне байланысты адамдардың бойында еліміздің тәуелсіздігін айрықша қастерлейтін қасиет – ұлттық рухты нығайтуымыз қажет.

Ұлтты ұлт ретінде анықтайтын тек, оның қоныстанған мекені ғана емес, оның тілі мен ділі, діні мен рухани дүниесі, салт-дәстүрлері мен мәдениеті, әрине ұлттың рухы. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрімізді, дінімізді, тілімізді, ділімізді айтпау мүмкін емес. Бүгінгі күндегі біздің қоғамымыздағы рухани дүниедегі, елдік пен бірлікке негізделген қасиеттер ұлттың құндылық бағытына айналуы керек.

Қорыта келгенде, қазақ еліндегі «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын алға тарта отырып, этносаралық үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдерді қалыптастыру үшін ескірген құндылықтардан, бағдарлардан бас тартып, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар аясындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруымыз керек. Ұлттық идея құндылықтары мен ұстанымдарын әлеуметтiк қауым арасында мейлiнше дәйектi бекемдеу қажет.

Сонымен, Қазақ елі алдағы уақытта да заң мен адамгершілік, халықтың жағдайын жақсарту идеялары іске асатын азаматтық қоғамда әлеуметтік тұрақтылық, ұлтаралық татулық пен келісім, ауызбіршілік пен мейірімділік қатынастары орнайтын «этносаралық үйлесімділіктегі әлеуметтік мемлекет» болып қалыптасатынына «толық негіз бар» деп ойымызды қорытындылаймыз.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Мұны бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. // Жас Алаш. 23 маусым.–2009 ж.

  2. Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздігіміздің бес жылы. – Алматы: Қазақстан, 1996. –б.329-330.–640 б.

  3. Сыздықова С.М. Қазақстан: адамның жеке басы мен еркіндігін қорғау саясаты. Монография. – Алматы, 2010.–б.55.– 211 б.

  4. http://yerzhigitov.islam.kz/ru/post/16-qarasha-halyqaralyq-toleranttylyq-kuni-4771#gsc.tab=0


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет