Әуе кемелерін заңсыз басып алумен күрес туралы конвенцияны толықтыратын хаттама



жүктеу 143.52 Kb.
Дата06.04.2019
өлшемі143.52 Kb.


ӘУЕ КЕМЕЛЕРІН ЗАҢСЫЗ БАСЫП АЛУМЕН КҮРЕС ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯНЫ ТОЛЫҚТЫРАТЫН
ХАТТАМА

ОСЫ ХАТТАМАҒА ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕР


бүкіл әлемде азаматтық авиацияның қызметіне заңсыз араласу актілерінің өршіп тұрғанына ТЕРЕҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП,
азаматтық авиацияға қарсы жаңа қатер түрлері мемлекеттерден жаңа келісілген күш-жігер мен ынтымақтастық саясатын талап ететінін МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП,
мұндай қатерлерге қарсы барынша тиімді іс-қимыл жасау үшін әуе кемелерін заңсыз басып алу актілерімен немесе оларға бақылау жасауды жүзеге асырумен күресу және Конвенцияның тиімділігін арттыру мақсатында 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қол қойылған Әуе кемелерін заңсыз басып алумен күрес туралы конвенцияның ережелерін толықтыратын ережелер қабылдау қажет деп ЕСЕПТЕЙ ОТЫРЫП,
ТӨМЕНДЕГІЛЕР ТУРАЛЫ УАҒДАЛАСТЫ:

І бап
Осы Хаттама 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қол қойылған Әуе кемелерін заңсыз басып алумен күрес туралы конвенцияның (бұдан әрі «Конвенция» деп аталатын) ережелерін толықтырады.
ІІ бап
Конвенцияның 1-бабы мына мәтінмен алмастырылады:
«1-бап
1. Кез келген адам, егер ол пайдаланылып жатқан әуе кемесін заңсыз немесе әдейі түрде басып алса, немесе оған күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту жолымен немесе басқа да қорқыту нысандары арқылы немесе кез келген техникалық құралдардың көмегімен бақылауды жүзеге асырса, қылмыс жасаған болып табылады.
2. Кез келген адам, сондай-ақ, егер осы адам:
а) осы баптың 1-тармағында көрсетілген қылмысты жасау қатерін төндірсе; немесе
b) кез келген адамнның осындай қылмыс жасалу қатерімен қорқытылуын заңсыз және әдейі түрде туындатса,
қатер нақты болып табылатынын куәландыратын мән-жайларда, қылмыс жасаған болып табылады.
3. Кез келген адам, сондай-ақ, егер осы адам:
а) осы баптың 1-тармағында көрсетілген қылмысты жасауға ұмтылса; немесе
b) осы баптың 1, 2 немесе 3 а) тармақтарында көрсетілген қылмыстардың қайсыбірін жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастырса немесе оларға басшылық жасаса; немесе

c) осы баптың 1, 2 немесе 3 а) тармақтарында көрсетілген қылмыстарға сыбайлас ретінде қатысса; немесе

d) басқа адамның осы баптың 1, 2, 3 а), 3 b) немесе 3 с) тармақтарында көрсетілген қылмыстар болып табылатын іс-әрекетті жасағанын немесе осы адамның осындай қылмыс үшін қылмыстық қудалау органдары тарапынан іздестіріліп жатқанын немесе осындай қылмыс үшін сотталғанын біле тұрып, осы адамның тергеп-тексеруден, қудалаудан немесе жазалаудан қашуына заңсыз және әдейі түрде көмектессе, қылмыс жасаған болып табылады.
4. Әрбір Қатысушы мемлекет, сондай-ақ, мына іс-әрекеттердің екеуі немесе біреуі қасақана жасалғанда:
а) осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көрсетілген қылмыстарды жасау үшін бір немесе бірнеше басқа адаммен сөз байласса, оның үстіне, егер бұл ұлттық заңнамада көзделген болса, сондай-ақ сөз байласуға қатысушылардың біреуінің осы сөз байласуды іске асыру үшін қандай да бір әрекетті іс жүзінде жасайтыны болжанса; немесе
b) ортақ мақсатпен әрекет ететін адамдар тобының осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көрсетілген қылмыстардың біреуін немесе көбін жасауына қандай да бір түрде жәрдемдессе және мұндай жәрдемдесу:
і) егер мұндай қызмет немесе мақсат осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көрсетілген қылмыстарды жасауға байланысты болса, топтың қылмыстық әрекетінің немесе мақсатының жалпы сипатын қолдау мақсатында көрсетілсе; не
іі) топтың осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасау пиғылын сезіне отырып көрсетілсе, осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көрсетілген қылмыстардың кез келгенін іс жүзінде жасағанына немесе жасауға ұмтылғанын қарамастан, қылмыс ретінде таниды.»
ІІІ бап
Конвенцияның 1-бабы мына мәтінмен алмастырылады:
«2-бап
Әрбір Қатысушы мемлекет 1-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты қатаң жазалау шараларын қолдануға міндеттенеді.»
IV бап
Келесі мәтін Конвенцияның 2 bis-бабы ретінде қосылады:
«2 bis-бап

1. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің аумағында орналасқан немесе өзінің заңдары бойынша құрылған заңды тұлғаны басқаруға немесе оған бақылау жасауға жауапты, осындай түрде әрекет ететін жеке тұлға 1-бапта көрсетілген қылмысты жасаған жағдайда, осы заңды тұлғаны жауаптылыққа тарта алу үшін өзінің ішкі құқығының қағидаттарына сәйкес қажетті шараларды қабылдай алады. Мұндай жауаптылық қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік сипатта болуы мүмкін.


2. Мұндай жауаптылық осы қылмыстарды жасаған жеке тұлғалардың қылмыстық жауаптылығына нұқсан келтірілместен басталады.
3. Егер Қатысушы мемлекет заңды тұлғаны осы баптың 1-тармағына сәйкес жауаптылыққа тарту бойынша қажетті шаралар қолданса, ол қолданылатын қылмыстық, азаматтық-құқықтық немесе әкімшілік санкциялардың тиімді, мөлшерлес болуын және тежеуші әсер тигізе алуын қамтамасыз етеді. Мұндай санкциялар қаржылық санкцияларды қамтуы мүмкін.»

V бап
1. Конвенцияның 3-бабы мына мәтінмен алмастырылады:
«3-бап
1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін әуе кемесі жерүсті персоналының немесе экипаждың нақты ұшу үшін әуе кемесін ұшуалды дайындауды бастаған кезден бастап кез келген қонудан кейін жиырма төрт сағат өткенге дейін пайдаланылып жатыр деп есептеледі. Мәжбүрлі қону жағдайында құзыретті органдар әуе кемесі үшін және оның бортындағы адамдар мен мүлік үшін жауаптылықты өз мойнына алғанға дейін ұшу жалғасып жатыр деп есептеледі.»
2. Конвенцияның ағылшын тіліндегі мәтінінде 3-баптың 3-тармағындағы «registration» деген сөз «registry» деген сөзбен ауыстырылсын.
3. Конвенцияның 3-бабының 4-тармағындағы «айтылған» деген сөз «көрсетілген» деген сөзбен ауыстырылсын.
4. Конвенцияның 3-бабының 5-тармағы мына мәтінмен алмастырылсын:
«5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына қарамастан 6, 7, 7 bis, 8, 8 bis, 8 ter және 10-баптар әуе кемесінің ұшып шығу немесе іс жүзінде қону орнына қарамастан, егер қылмыскер немесе болжамды қылмыскер осы әуе кемесі тіркелген мемлекеттен өзге мемлекеттің аумағында жүрсе де қолданылады.»
VІ бап
Конвенцияның 3 bis-бабы ретінде мына мәтін қосылады:

«3 bis-бап
1. Осы Конвенциядағы ештеңе мемлекеттер мен тұлғалардың халықаралық құқыққа сәйкес, атап айтқанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның мақсаттары мен қағидаттарына және халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес басқа да құқықтарын, міндеттемелері мен міндеттерін қозғамайды.
2. Халықаралық гуманитарлық құқықпен реттелетін осы терминдердің осы құқықта түсіндірілу ретімен қарулы күштердің қарулы қақтығыс кезіндегі әрекеті осы Конвенцияда реттелмейді, ол сондай-ақ мемлекеттердің әскери күштері өздерінің ресми функцияларын жүзеге асыру мақсатында қолданатын әрекеттерді де реттемейді, өйткені олар халықаралық құқықтың басқа нормаларымен реттеледі.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелері өзге қатынастардағы заңсыз актілерді ақтаушы немесе заңды етуші ретінде немесе басқа заңдар негізінде сот арқылы қудалауға кедергі келтіретіндей түрде түсіндірілмейді.»
VІІ бап
Конвенцияның 4-бабы мына мәтінмен алмастырылады:
«4-бап
1. Әрбір Қатысушы мемлекет мынадай:
а) қылмыс осы мемлекеттің аумағында жасалған;
b) қылмыс осы мемлекетте тіркелген әуе кемесінің бортында немесе оған қатысты жасалған;
c) бортында қылмыс жасалған әуе кемесі оның аумағына қонған және болжамды қылмыскер әлі оның бортында болған;
d) қылмыс негізгі қызмет орны немесе, егер жалға алушының мұндай қызмет орны болмаса, тұрақты болатын жері осы мемлекетте орналасқан жалға алушыға экипажсыз жалға берілген әуе кемесіне қарсы немесе оның бортында жасалған;
е) қылмысты осы мемлекеттің азаматы жасаған жағдайларда, 1-бапта көрсетілген қылмыстарға және болжамды қылмыскер осындай қылмыстарға байланысты жолаушыларға немесе экипажға қатысты жасаған басқа да зорлық-зомбылық актілеріне өзінің юрисдикциясын орнатуға қажет болуы мүмкін шараларды қолданады.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет мынадай:
а) қылмыс осы мемлекеттің азаматына қарсы жасалған;
b) қылмысты, әдетте, осы мемлекеттің аумағында тұратын азаматтығы жоқ адам жасаған жағдайларда да кез келген осындай қылмысқа қатысты өз юрисдикциясын орната алады.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет болжамды қылмыскер өзінің аумағында болған және өзі осы адамды осындай қылмыстарға қатысты осы баптың қолданылатын тармақтарына сәйкес өз юрисдикциясын орнатқан Қатысушы мемлекеттердің ешбіріне 12-бапқа сәйкес ұстап бермей отырған жағдайда да 1-бапта көрсетілген қылмыстарға өзінің юрисдикциясын орнатуға қажет болуы мүмкін шараларды қолданады.
4. Осы Конвенция ұлттық заңнамаға сәйкес кез келген қылмыстық юрисдикцияны жүзеге асыруды жоққа шығармайды.»
VІІІ бап
Конвенцияның 5-бабы мына мәтінмен алмастырылады:
«5-бап
Бірлескен немесе халықаралық тіркелуге жататын әуе кемелерін пайдаланатын бірлескен әуе-көлік пайдалану ұйымдарын немесе халықаралық пайдалану агенттіктерін құратын Қатысушы мемлекеттер әрбір әуе кемесіне қатысты осы Конвенцияның мақсаттарында юрисдикциясын жүзеге асыратын және тіркеу мемлекеті ретінде әрекет ететін өздерінің арасындағы мемлекетті тиісті түрде көрсетеді және бұл туралы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысын хабардар етеді, ол мұндай хабарламаны осы Конвенцияның барлық Қатысушы мемлекеттеріне жібереді.»
ІХ бап
Конвенцияның 6-бабының 4-тармағы мына мәтінмен алмастырылады:
«6-бап
4. Қатысушы мемлекет осы бапқа сәйкес адамды күзетпен қамаған кезде ол 4-баптың 1-тармағына сәйкес юрисдикциясын орнатқан және юрисдикциясын орнатып, 4-баптың 2-тармағына сәйкес депозитарийді хабардар еткен Қатысушы мемлекеттерді және, егер ол өзі мақсатқа лайықты деп тапса, кез келген басқа мүдделі Қатысушы мемлекеттерді осы адамның күзетпен ұсталып тұрғаны және осы адамды ұстап алуға негіз болған мән-жайлар туралы дереу хабардар етеді. Осы баптың 2-тармағында көзделген алдын ала тергеп-тексеруді жүргізген Қатысушы мемлекет өзі алған деректерді жоғарыда аталған Қатысушы мемлекеттерге дереу хабарлайды және өзінің юрисдикцияны жүзеге асыру ниетінің бар-жоғын көрсетеді.»
Х бап
Конвенцияның 7 bis-бабы ретінде мына мәтін қосылады:

«7 bis-бап
Осы Конвенцияға сәйкес күзетпен ұсталып отырған немесе өзіне қатысты кез келген басқа шаралар қолданылған немесе талқылау жүзеге асырылып жатқан кез келген адамға әділетті қарым-қатынас жасалуына, оның ішінде аумағында осы адам жүрген мемлекеттің заңнамасына және халықаралық құқықтың қолданылатын ережелеріне, оған қоса адам құқықтары туралы ережелерге сәйкес барлық құқықтар мен кепілдіктерді пайдалануына кепілдік беріледі.»
ХІ бап
Конвенцияның 8-бабы мына мәтінмен алмастырылады:
«8-бап
1. 1-бапта көрсетілген қылмыстар Қатысушы мемлекеттер арасында жасалған ұстап беру туралы кез келген шартқа ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар ретінде енгізілуге жатады деп есептеледі. Қатысушы мемлекеттер мұндай қылмыстарды өздерінің арасында жасалатын ұстап беру туралы кез келген шартқа ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар ретінде енгізуге міндеттенеді.
2. Егер ұстап беруді шарттың болуына негіздейтін Қатысушы мемлекет өзімен ұстап беру туралы шарты жоқ басқа Қатысушы мемлекеттен ұстап беру туралы өтініш алса, ол 1-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты осы Конвенцияны өз қалауы бойынша, ұстап беру үшін заңды негіз ретінде қарастыра алады. Ұстап беру өзіне ұстап беру туралы өтініш жолданған мемлекеттің заңнамасында көзделген басқа талаптарға сәйкес жүргізіледі.
3. Ұстап беруді шарттың болуына негіздемейтін Қатысушы мемлекеттер өздерінің арасындағы қатынастарда 1-бапта көрсетілген қылмыстарды өзіне ұстап беру туралы өтініш жолданған мемлекеттің заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес, ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар ретінде қарастырады.
4. Қатысушы мемлекеттер қылмыстардың әрқайсысын, егер ол жасалған орнында ғана емес, 4-баптың 1-тармағының b), c), d) және е) тармақшаларына сәйкес өз юрисдикциясын орнатуға міндетті және 4-баптың 2-тармағына сәйкес юрисдикциясын орнатқан Қатысушы мемлекеттердің аумағында да жасалғандай ретте, ұстап беру мақсаттары үшін қарастырады.
5. Қатысушы мемлекеттер 1-баптың 4-тармағының а) және b) тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың әрқайсысын ұстап беру мақсатары үшін баламалы ретінде қарастырады.»
ХІІ бап
Конвенцияның 8 bis-бабы ретінде мына мәтін қосылады:

«8 bis-бап
1-бапта көрсетілген қылмыстардың ешбірі ұстап беру немесе өзара құқықтық көмек мақсаттары үшін саяси қылмыс немесе саяси қылмыспен байланысты қылмыс немесе саяси себептерден туындаған қылмыс ретінде қарастырылмайды. Сондықтан да осындай қылмысқа байланысты ұстап беру немесе өзара құқықтық көмек туралы өтінішті оның саяси қылмысқа немесе саяси қылмыспен байланысты қылмысқа немесе саяси себептерден туындаған қылмысқа қатысты болуы себебінен ғана қабылдамай қоюға болмайды.»
ХІІІ бап
Конвенцияның 8 ter-бабы ретінде мына мәтін қосылады:

«8 ter-бап
Егер сұрау салынатын Қатысушы мемлекеттің 1-бапта көрсетілген қылмыстарға байланысты ұстап беру туралы немесе осындай қылмыстарға қатысты өзара құқықтық көмек туралы өтініш осы адамды оның нәсіліне, діни сеніміне, ұлтына, этностық шығу тегіне, саяси нанымдарына немесе жынысына байланысты сот арқылы қудалауды немесе жазалауды мақсат тұтады немесе осы өтінішті қанағаттандыру осы адамның жағдайына аталған себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтіруі мүмкін деп ойлауына нақты негіздері болса, осы Конвенциядағы ештеңе қандай да бір адамды ұстап беру не өзара құқықтық көмек көрсету міндетін жүктеуші ретінде түсіндірілмейді.»
ХІV бап
Конвенцияның 9-бабының 1-тармағы мына мәтінмен алмастырылады:
«9-бап
1. 1-баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттердің кез келгені жасалған немесе жасалуға жақын қалған кезде Қатысушы мемлекеттер заңды командирдің әуе кемесіне бақылауын қалпына келтіру үшін немесе командирдің әуе кемесіне бақылауын сақтап қалу үшін барлық тиісті шараларды қолданады.»
ХV бап
Конвенцияның 10-бабының 1-тармағы мына мәтінмен алмастырылады:
«10-бап
1. Қатысушы мемлекеттер 1-бапта көрсетілген қылмыстарға және 4-бапта көрсетілген басқа актілерге қатысты қолданылған қылмыстық-процестік әрекеттерге байланысты бір-біріне барынша толық көмек көрсетеді. Барлық жағдайда да өзіне өтініш жолданған мемлекеттің заңнамасы қолданылады.»
ХVІ бап
Конвенцияның 10 bis-бабы ретінде мына мәтін қосылады:

«10 bis-бап
1-бапта көрсетілген қылмыстардың біреуі жасалады деп ойлауға негізі бар кез келген Қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес, өзінде бар кез келген тиісті ақпаратты, өзінің пікірі бойынша, 4-баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мемлекеттер болып табылатын Қатысушы мемлекеттерге береді.»
ХVІІ бап
1. Осы Конвенциядағы «Уағдаласушы мемлекет» және «Уағдаласушы мемлекеттер» деген барлық сілтемелер тиісінше «Қатысушы мемлекет» және «Қатысушы мемлекеттер» деген сілтемелермен ауыстырылады.
2. Осы Конвенциядағы «ол» және «оның» деген барлық сілтемелер тиісінше «осы адам» және «осы адамның» деген сілтемелермен ауыстырылады.
ХVІІІ бап
Осы Конвенцияның осы Хаттамаға қоса берілетін араб және қытай тілдеріндегі мәтіндері Конвенцияның орыс, ағылшын, испан және француз тілдеріндегі мәтіндерімен бірге осы алты тілдегі теңтүпнұсқалы мәтіндерді құрайды.
ХІХ бап
Осы Хаттамаға Қатысушы мемлекеттер арасында Конвенция мен осы Хаттама 2010 жылғы Бейжің хаттамасымен өзгертілген Гаага конвенциясы деп аталатын біртұтас құжат ретінде қарастырылатын және түсіндірілетін болады.
ХХ бап
Осы Хаттама 2010 жылғы 30 тамыз – 10 қыркүйек аралығында Бейжіңде өткен Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі дипломатиялық конференцияға қатысқан мемлекеттердің қол қоюы үшін 2010 жылғы 10 қыркүйекте Бейжіңде ашық болады. 2010 жылғы 27 қыркүйектен кейін осы Хаттама ол ХХІІІ бапқа сәйкес күшіне енгенге дейін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Монреальдағы Штаб-пәтерінде барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық болады.
ХХІ бап
1. Осы Хаттама ратификациялануға, қабылдануға немесе бекітілуге жатады. Ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар осы арқылы депозитарий болып тағайындалатын Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
2. Конвенцияға қатысушы болып табылмайтын кез келген мемлекеттің осы Хаттаманы ратификациялауы, қабылдауы немесе бекітуі 2010 жылғы Бейжің хаттамасымен өзгертілген Гаага конвенциясын ратификациялау, қабылдау немесе бекіту болып есептеледі.

3. Осы Хаттаманы осы баптың 1-тармағына сәйкес ратификацияламаған, қабылдамаған немесе бекітпеген кез келген мемлекет оған кез келген уақытта қосыла алады. Қосылу туралы құжат депозитарийге сақтауға тапсырылады.


ХХІІ бап
Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттаманы ратификациялағаннан, қабылдағаннан, бекіткеннен немесе оған қосылғаннан кейін:
а) депозитарийді өзінің 2010 жылғы Бейжің хаттамасымен өзгертілген Гаага конвенциясының 4-бабының 2-тармағына сәйкес өз ұлттық заңнамасы шеңберінде орнатқан юрисдикциясы туралы хабардар етеді және депозитарийді кез келген өзгеріс туралы дереу хабардар етеді;
b) өзінің 2010 жылғы Бейжің хаттамасымен өзгертілген Гаага конвенциясының 1-бабы 3-тармағының d) тармақшасының ережелерін өз қылмыстық құқығының отбасы мүшелерін жауаптылықтан босатуға қатысты қағидаттарына сәйкес қолданатынын мәлімдей алады.
ХХІІІ бап
1. Осы Хаттама ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы жиырма екінші құжат сақтауға тапсырылған күннен кейін екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
2. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы жиырма екінші құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін осы Хаттаманы ратификациялаған, қабылдаған, бекіткен немесе оған қосылған әрбір мемлекет үшін осы Хаттама осындай мемлекет өзінің ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатын сақтауға тапсырған күнінен кейін екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
3. Осы Хаттама күшіне енген бойда оны депозитарий Біріккен Ұлттар Ұйымында тіркейді.
ХХІV бап
1. Кез келген қатысушы мемлекет депозитарийді жазбаша түрде хабардар ету арқылы осы Конвенцияны денонсациялай алады.
2. Денонсация депозитарий хабарламаны алған күннен кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.
ХХV бап
Депозитарий осы Хаттаманың барлық Қатысушы мемлекеттеріне және осы Хаттамаға қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекеттерге әрбір қол қойылу күні, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы әрбір құжаттың сақтауға тапсырылған күні, осы Хаттаманың күшіне ену күні туралы хабарлайды және оларға басқа да тиісті ақпаратты хабарлайды.
Осыны КУӘЛАНДЫРУ РЕТІНДЕ тиісті түрде уәкілеттілік берілген, төменде қол қойған өкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.
Екі мың оныншы жылғы қыркүйек айының оны күні Бейжіңде орыс, ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерінде ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтіндер осы жерде көрсетілген күннен бастап тоқсан күн ішінде Конференция Төрағасының өкілеттіктері шеңберінде оларды бір-біріне сәйкес келтіру тұрғысынан Конференция хатшылығы тексергеннен кейін теңтүпнұсқалылыққа ие бола отырып, теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Хаттама Халықаралық аваиция ұйымының архивтерінде сақтауда қалдырылады, ал оның куәландырылған көшірмелерін депозитарий осы Хаттаманың барлық Уағдаласушы мемлекеттеріне жібереді.





Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет