Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіп тауарларына қатысты ерекше субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті түрде келісуі



жүктеу 334.01 Kb.
Дата29.04.2019
өлшемі334.01 Kb.


Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіп тауарларына қатысты ерекше субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті түрде келісуі және Еуразиялық экономикалық комиссияның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ерекше субсидияларды ұсынуына байланысты талқылаулар өткізу тәртібі туралы

КЕЛІСІМ

Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) ережелерін басшылыққа ала отырып,

Шарттың 93-бабының және Өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттаманың (Шартқа № 28 қосымша) (бұдан әрі – Хаттама) ережелерін іске асыру мақсатында,

Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) жұмыс істеуі мен дамуы үшін, сондай-ақ өнеркәсіптік өндірісті дамыту үшін жағдайлар жасаудың маңыздылығын сезіне отырып,

мүше мемлекеттердің экономиканың өнеркәсіптік секторларына мемлекеттік қолдау көрсетуінің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру мақсатында,

мүше мемлекеттердің өздері іске асыратын субсидияларды бағалауы бөлігінде өнеркәсіп тауарларына қатысты ерекше субсидиялар беру саласында транспарентті пен болжанатын орта қалыптастыру үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге ұмтылатынын білдіре отырып,

жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын назарға ала отырып,

Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттарын, нормалары мен қағидаларын қолдана отырып,

төмендегілер туралы келісті:


I. Жалпы ережелер

1-бап
Реттеу нысанасы


Осы Келісім мүше мемлекеттердің өнеркәсіп тауарларына қатысты ерекше субсидиялар беруіне байланысты мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) арасындағы өзара іс-қимыл жасау мәселелерін реттейді, мүше мемлекеттердің ерекше субсидиялар беруін Комиссиямен ерікті түрде келісу (бұдан әрі – келісу), сондай-ақ Комиссияның мүше мемлекеттердің ерекше субсидиялар беруіне байланысты талқылаулар жүргізу тәртібін айқындайды.
2-бап
Жауапты департамент
Мүше мемлекеттің ерекше субсидия беруіне байланысты талқылау жүргізумен, келісу рәсімімен байланысты функцияларды Комиссияның өнеркәсіп саясаты мен өнеркәсіптік субсидияларды іске асыруды қамтамасыз ету мәселелері құзыретіне жататын құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – жауапты департамент) жүзеге асырады.
3-бап

Анықтамалар


Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар қолданылады:

«маңыздылығы төмен субсидия» – мөлшерінің аздығына байланысты Одақтың нарығына айтарлықтай ықпал ете алмайтын субсидия;

«бірлескен жоба» – өнеркәсіптік ынтымақтастық пен кооперацияны тереңдетуге бағытталған және мынадай талаптардың біреуінің орындалуын көздейтін мүше мемлекеттер қатысатын жоба:

бірлескен тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды жүргізу;

кәсіпорындар құру (өндірістік желілер);

технологиялардың жаңа түрлерін дамыту және технологиялардың осы түрлеріне қатысты ақпараттар беру;

бірлескен инновациялық инфрақұрылым қалыптастыру;

«уәкілетті орган» – өкілеттігіне (өкілеттіктеріне) осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелер жататын мүше мемлекеттердің атқарушы билік органы (органдары).

Осы Келісімде қолданылатын өзге де ұғымдар Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарында қолданылады.
II. Ерекше субсидияларға жол беру немесе жол бермеу туралы рәсімді келісу және Комиссияның шешім қабылдауы
4-бап
Келісу рәсімі
1. Мүше мемлекет осы Келісімнің 5-бабында көзделген тәртіппен тиісті мәлімдеме жіберу арқылы ерекше субсидияны келісу мақсатында Комиссияға жүгінуге құқылы.

2. Келісу ерікті негізде жүзеге асырылады.

3. Мүше мемлекеттер беру мерзімі, көлемі мен шарттары Комиссиямен келісілген субсидияларға Хаттаманың 6-тармағында көзделген өтемақы шараларын қолданбайды.

4. Келісу рәсімі:

1)  ерекше субсидияның осы Келісімнің 10 және 11-баптарында көзделген өлшемшарттарға сәйкес келетінін немесе сәйкес келмейтінін анықтау мақсатында жауапты департаменттің осы Келісімнің 7-бабына сәйкес ерекше субсидияға талдау (бұдан әрі – талдау) жүргізуін;

2) осы Келісімнің 8-бабына сәйкес консультациялар жүргізуді;

3) келісу нәтижелері бойынша ерекше субсидияның осы Келісімнің 10 және 11-баптарында көзделген өлшемшарттарға сәйкес келетіні немесе сәйкес келмейтіні туралы қорытынды (бұдан әрі – келісу нәтижелері бойынша қорытынды) дайындауды қамтиды.

5. Келісу рәсімі шеңберінде жауапты департамент ұлттық экономика саласына материалдық залалдың, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупінің немесе мүше мемлекеттердің біреуінің ерекше субсидия беруі салдарынан мүше мемлекеттердің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтірудің болуы тұрғысынан талдау жүргізбейді.

6. Келісу қорытындылары бойынша Комиссия, осы Келісімнің 9-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы Келісімнің 9-бабына сәйкес ерекше субсидияға жол беру немесе жол бермеу туралы шешім қабылдайды.

5-бап
Комиссияның мүше мемлекеттердің ерекше субсидияларды келісу туралы мәлімдемелерін қарауы


1.  Берілуі жоспарланған немесе берілген ерекше субсидияны келісу уәкілетті органның Комиссияға жіберген ерекше субсидияны келісу туралы мәлімдемесінің (бұдан әрі – мәлімдеме) негізінде жүзеге асырылады. Жауапты департамент басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарын Комиссияға мәлімдеменің түскені туралы ол Комиссияда тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

2. Мәлімдемеде мынадай ақпарат көрсетіледі:

1) мәлімдемені жіберген уәкілетті орган туралы мәліметтер;

2) субсидияны іске асыруға жауапты уәкілетті орган туралы (мүше мемлекет уәкілеттік берген құрылым) мәліметтер;

3) ерекше субсидия беруді көздейтін нормативтік құқықтық акт туралы (нормативтік құқықтық актінің жобасы) туралы мәліметтер (деректемелер және атауы);

4) субсидияның ерекшелігін растайтын мәліметтер;

5) ерекше субсидияның, оның берілу нысаны мен мақсаттарының сипаттамасы;

6) әлеуетті алушы мен қаржыландыру көзі туралы мәліметтер;

7) өнеркәсіп саласы мен тауар туралы мәліметтер (Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының кодын (бұдан әрі – ЕАЭО СЭҚ ТН) көрсете отырып);

8) ерекше субсидия берілетін мерзім;

9) ерекше субсидияның мөлшері;

10) ерекше субсидияның Одақтың ішкі нарығына әсері туралы мәліметтер.

3. Мәлімдеменің нысаны мен оны толтыру тәртібін Комиссия Кеңесі бекітеді.

4. Мәлімдемені жіберген уәкілетті орган осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттар мен мәліметтерді толық көлемде берген жағдайда, жауапты департамент мәлімдеме Комиссияда тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде келісу рәсімін бастау туралы шешім қабылдайды және уәкілетті органдарға тиісті хабарлама жібереді.

5. Келісу рәсімін бастау туралы хабарламада мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

1) мәлімдеме берген мүше мемлекеттің атауы;

2) ерекше субсидия беру жоспарланған немесе берілген мүше мемлекеттің әкімшілік-аумақтық бірлігі;

3) мәлімдемені жіберген уәкілетті органның атауы;

4) ерекше субсидияның қысқаша сипаттамасы, оны беру мақсаттары мен әлеуетті алушы туралы мәліметтер;

5) ерекше субсидия беруді көздейтін нормативтік құқықтық акт (нормативтік құқықтық актінің жобасы) туралы мәліметтер (деректемелер және атауы);

6) өнеркәсіп саласы және тауар туралы мәліметтер (ЕАЭО СЭҚ ТН кодын көрсете отырып);

7) ерекше субсидия берілетін мерзім;

8) ерекше субсидияның мөлшері.

6. Мәлімдемені жіберген уәкілетті орган осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттар мен мәліметтерді толық көлемде бермеген жағдайда, жауапты департамент мәлімдеме Комиссияда тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы уәкілетті органнан жетіспейтін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратады. Мұндай сұрату ол почта арқылы жіберілген күннен бастап күнтізбелік 7 күннен кейін алынды деп есептеледі.

Мәлімдемені жіберген уәкілетті орган көрсетілген сұратуды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде жетіспейтін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынады.

Егер мәлімдемені жіберген уәкілетті орган жауапты департамент сұратқан құжаттарды және (немесе) мәліметтерді белгіленген мерзімде бере алмаған жағдайда, осы уәкілетті органның жазбаша нысанда жазылған және уәжді өтініші бойынша көрсетілген мерзімді жауапты департамент күнтізбелік 30 күнге ұзартуы мүмкін.

Жауапты департамент жетіспейтін құжаттар және (немесе) мәліметтер Комиссияда тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде келісу рәсімінің басталғаны туралы шешім қабылдайды және бұл туралы уәкілетті органдарды хабардар етеді.

Уәкілетті органның жеткіліксіз құжаттарды және (немесе) мәліметтерді осы тармақтың екінші абзацында белгіленген мерзімде не осы тармақтың үшінші абзацына сәйкес жауапты департамент белгілеген мерзімде бермеуі мәлімдемеден бас тартуға негіз болып табылады. Мұндай жағдайда жауапты департамент мәлімдемені жіберген уәкілетті органды бұл жөнінде хабардар етеді.

7. Мәлімдемені Комиссия Алқасы шешім қабылдағанға дейін мәлімдемені жіберген уәкілетті орган қайтарып алуы мүмкін.
6-бап
Келісу рәсімін жүргізуден бас тарту
1. Жауапты департамент мынадай негіздер болған жағдайда, келісу рәсімін жүргізуден бас тартады:

1) мүше мемлекеттің келісу рәсімінің нысанасы болып табылатын ерекше субсидияны беруі Хаттаманың V бөліміне немесе осы Келісімнің IV бөліміне сәйкес дәлелденген басқа мүше мемлекеттің ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіруге немесе басқа мүше мемлекеттің ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупіне алып келсе;

2) мүше мемлекеттің келісу рәсімінің нысанасы болып табылатын ерекше субсидияны беруі Хаттаманың V бөліміне немесе осы Келісімнің IV бөліміне сәйкес дәлелденген мүше мемлекеттердің кез келгенінің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтіруге алып келсе;

3) уәкілетті орган келісуді өтінген ерекше субсидия Хаттаманың V бөлімінде көзделген тергеудің нысанасы немесе осы Келісімнің IV бөлімінде көзделген талқылаудың нысанасы болып табылады.

2. Жауапты департамент мәлімдеме Комиссияда тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мәлімдемені жіберген уәкілетті органды және басқа да уәкілетті органдарды келісу рәсімін жүргізуден бас тарту жөнінде хабардар етеді.
7-бап
Талдау жүргізу
1. Келісу рәсімін бастау туралы шешім қабылданғаннан кейін жауапты департамент талдау жүргізеді.

Талдау жүргізу барысында жауапты департамент осы Келісімнің 8-бабына сәйкес консультациялар жүргізуді қамтамасыз етеді.

2. Уәкілетті органдар Комиссияның талдау жүргізуіне және келісу рәсімін жүргізудің бүкіл кезеңінде, оның ішінде жауапты департаменттің сұратуы бойынша ерекше субсидияға жол беру немесе жол бермеу туралы шешім қабылдау үшін қажетті қосымша ақпаратты Комиссияға ұсына алады.

3. Жауапты департаменттің келісу нәтижелері бойынша талдау жүргізу және қорытындылар дайындау мерзімі жауапты департамент уәкілетті органдардың атына келісу рәсімін бастау туралы хабарламаны жіберген күннен бастап 30 жұмыс күнін құрайды.

4. Талдау жүргізу қорытындылары бойынша жауапты департамент келісу нәтижелері жөніндегі (ерекше субсидия беруді көздейтін нормативтік құқықтық актіге (нормативтік құқықтық актінің жобасына) қатысты тиісті дәлелдер мен ұсынымдарды (қажет болған жағдайда) баяндай отырып) қорытындыны дайындайды.
8-бап
Консультациялар жүргізу
1. Келісу шеңберінде уәкілетті орган Комиссияға тиісті ұсыныс жіберу арқылы Комиссия алаңында консультациялар жүргізуге бастама жасауға құқылы. Жауапты департамент басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарын бұл жөнінде хабардар етеді және консультациялар жүргізуді қамтамасыз етеді.

2. Консультацияларда мәлімдеме жасаған мемлекеттің уәкілетті органының өкілі болмаған жағдайда, консультациялар жүргізілмейді.

Консультацияларда консультацияның өтетін күні, орны мен уақыты туралы хабардар етілген басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары өкілдерінің болмауы консультациялар жүргізу үшін кедергі болып табылмайды. 3. Уәкілетті органдардың өкілдері консультациялар жүргізілу барысында тиісті уәкілетті органдардың қаралып отырған мәселе бойынша ұстанымын растайтын қосымша ақпарат пен түсініктемелер бере алады.

Уәкілетті органның ұстанымы консультациялардың хаттамасына (оны консультациялар жүргізілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Комиссияға ұсынған жағдайда) қоса тіркеледі.

4. Консультациялардың хаттамасына жауапты департаменттің басшысы (басшының орынбасары) қол қояды және консультациялар жүргізілген күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жіберіледі.
9-бап
Ерекше консультацияға жол беру немесе жол бермеу туралы шешім қабылдау
1. Ерекше субсидияға жол беру немесе жол бермеу туралы шешімді келісу нәтижелері бойынша қорытындының негізінде Комиссия Алқасы қабылдайды.

2. Егер ерекше субсидия осы Келісімнің 10-бабында көзделген өлшемшарттарға жататын болса, онда Комиссия Алқасы ерекше субсидияға жол бермеу туралы шешім қабылдайды.

3. Егер ерекше субсидия осы Келісімнің 10-бабында көзделген өлшемшарттарға жатпайтын болса және осы Келісімнің 11-бабында көзделген өлшемшарттардың біреуіне немесе бірнешеуіне сәйкес келмесе, онда Комиссия Алқасы ерекше субсидияға жол беру туралы шешім қабылдайды.

4. Егер ерекше субсидия осы Келісімнің 10-бабында көзделген өлшемшарттарға жатпайтын болса және осы Келісімнің 11-бабында көзделген өлшемшарттардың бірде-біреуіне сәйкес келмесе, Комиссия Алқасының өнеркәсіп мәселелеріне жетекшілік ететін мүшесі бұл туралы Комиссия Алқасының отырысында баяндайды және мұндай субсидияға жол беру немесе жол бермеу туралы шешім қабылданбайды.

Көрсетілген жағдайда мәлімдемені жіберген уәкілетті органның жазбаша өтініші болған кезде жауапты департамент осындай ерекше субсидияның берілуі салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупінің болуы тұрғысынан талдау жүргізеді.

Осы тармақтың екінші абзацында көзделген талдауды жүргізу тәртібін Комиссия Кеңесі белгілейді.

5. Осы баптың 4-тармағында көзделген талдау нәтижелері бойынша Комиссия Алқасы осы баптың 4-тармағында көрсетілген ерекше субсидияға жол беру немесе жол бермеу туралы шешім қабылдайтын ерекше субсидияға жол беру немесе жол бермеу өлшемшартын бекіту туралы мәселе белгіленген тәртіппен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында қарау үшін енгізіледі.
III. Ерекше субсидияға жол беру немесе жол бермеу
10-бап
Ерекше субсидияға жол бермеу өлшемшарттары

1.  Ерекше субсидия беруді көздейтін нормативтік құқықтық актіде (нормативтік құқықтық актінің жобасында) Хаттаманың 9, 11 және 14-тармақтарымен айқындалған, тыйым салынған субсидиялардың бар екендігін айғақтайтын ережелердің болуы ерекше субсидияға жол бермеу өлшемшарты болып табылады.

2. Еуразиялық үкіметаралық кеңес ерекше субсидияларға жол бермеудің өзге де өлшемшарттарын айқындауы мүмкін.
11-бап
Ерекше субсидияларға жол беру өлшемшарттары
1. Ерекше субсидия, егер ол мынадай өлшемшарттардың біреуіне немесе бірнешеуіне сәйкес келсе:

1) ерекше субсидияның маңыздылығы төмен болып табылса


(бір алушыға (кәсіпорынға) 100 мың доллар көлемінде);

2) ерекше субсидия бірлескен жобаны, оның ішінде Еуразиялық үкіметаралық кеңес бекітетін Одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына сәйкес іске асыруға бағытталған болса, рұқсат етілген болып табылады. Мұндай бірлескен жобалар Одақтың кеден аумағында шығарылмайтын немесе жеткіліксіз мөлшерде шығарылатын өнімдер өндірісіне бағытталуы тиіс;

3) ерекше субсидия ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық, оның ішінде жоғары технологиялы өндірістерді ынталандыру мақсатында бірлескен жұмыстарды жүргізуге бағытталған болса;

4) ерекше субсидия инновациялық қызметке бағытталса;

5) ерекше субсидия Одақтың кеден аумағында аналогы жоқ өнеркәсіп тауарын шығаруға бағытталса;

6) ерекше субсидия Одақтың кеден аумағында жеткіліксіз мөлшерде өндірілетін өнеркәсіп тауарын шығаруға бағытталса (оның коды ЕАЭО СЭҚ ТН 10 таңбасы деңгейінде айқындалған);

7) ерекше субсидия табиғи зілзала немесе қандай да бір басқа төтенше жағдайлардан келген материалдық залалды қалпына келтіру үшін қажетті мөлшерде өтеуге бағытталса;

8) ерекше субсидия кәсіпорындарға консультациялық қызметтердің, сауда жәрмеңкелеріне қатысуды ұйымдастыру қызметтерінің, іргелі зерттеулер жүргізудің (оның ішінде ірі көлемде), қолданбалы өнеркәсіптік әзірлемелерді іске асырудың (олардың құнының 70 пайызына дейін), өнеркәсіптік меншікке лицензиялар мен құқықтар алу шығындары (нәтижесінде осындай құқықтар алынған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу шығыстарына тең мөлшерде) құнының жартысына дейін төлеуге көмек көрсетуге бағытталса, рұқсат етілген болып табылады.

Мұндай кәсіпорындар жұмыскерлерінің орташа тізімдік санын Комиссия Кеңесі белгілейді;

9) ерекше субсидия кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі деңгейлерін көтеруге көмек көрсетуге бағытталса:

мақсаты кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби даярлығының жалпы деңгейін көтеру болып табылатын бағдарламаларды алдыңғы күнтізбелік жылы жұмыскерлерінің орташа тізімдік саны 250 адамнан асқан кәсіпорындар үшін олардың құнының 50 пайызы шегінде және алдыңғы күнтізбелік жылы жұмыскерлерінің орташа тізімдік саны 250 адамнан аспаған кәсіпорындар үшін – 70 пайыз шегінде субсидия беру;

10) ерекше субсидия тұрақсыз немесе дағдарысты қаржылық жағдайдағы және қайта құрылымдау жүргізіп жатқан кәсіпорындарға көмек көрсетуге бағытталса, рұқсат етілген болып табылады.

Өзінің тұрақсыздығын және дағдарысты қаржылық жағдайын дәлелдеген кәсіпорындарға субсидия беруге жол беріледі.

Тұрақсыз қаржылық жағдай қаржылық тәртіптің бұзылуымен (жалақының кешіктірілуі, резервтік қордағы ақша қаражатын пайдалану және т.б.), кәсіпорынның есепшоттарына ақша қаражатының түсуіндегі және төлемдердегі үзілістермен, кірістің, пайданың жүйелі түспеуімен сипатталады.

Дағдарысты қаржылық жағдай осы тармақшаның үшінші абзацында көрсетілген тұрақсыздық жағдайының белгілерімен қатар, төлемеулердің (мерзімі өткен банктік несиелер, тауар-материалдық құндылықтар үшін өнім берушілер алдындағы берешектер, бюджетке төлемдер бойынша бересілер және бюджеттен тыс қорлар) жиі орын алуымен де сипатталады.

Ұйымдар мемлекеттік тіркелген күндерінен бастап 3 жыл өткен соң қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге және қайта құрылымдауға субсидиялар алады.

Кәсіпорынның қайта құрылымдауға өз қаржылық үлесі, егер Комиссия Кеңесінің шешімімен өзгеше көзделмесе, 25 пайыздан кем болмауға тиіс.

Мұндай субсидия кәсіпорынның дағдарысты жағдайдан тұрақты жағдайға шығуы мерзіміне, бірақ 5 жылдан көп емес мерзімге келісілуі мүмкін;

11) ерекше субсидия Хаттаманың VII бөлімімен көзделген мақсаттарға және шарттармен берілген болса;

12) ерекше субсидия, егер субсидиялау деңгейі күрделі салымдардың жалпы сомасының 30 пайызынан аспайтын болса, бастапқы қалыптасу кезеңіндегі кәсіпорындарға көмек көрсетуге бағытталса;

13) ерекше субсидия қолданыстағы өндірістік қуаттарды Одақтың мынадай:

өнімнің Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігіне бағалау жүргізу мақсатында оны сынақтан өткізу шығындарын өтеу;

сынақ зертханаларын салу және жаңғырту шығындарын өтеу стандарттарына бейімдеу мақсатында көмек көрсетуге бағытталса;

14) ерекше субсидия өнеркәсіп өнімінің тиісті халықаралық стандарттардың немесе солардың негізінде қабылданған тиісті халықаралық стандарттармен бірдей мемлекетаралық стандарттардың талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында көмек көрсетуге бағытталса;

15) ерекше субсидия Комиссия айқындаған тәртіпке сәйкес мүше мемлекеттер бірлесіп өндірген деп танылған өнеркәсіп тауарына қатысты берілетін болса, рұқсат етілген болып табылады.

2. Осы баптың 1-тармағының 1 - 4, 6 - 10, 12 және 15-тармақшаларында көрсетілген өлшемшарттарды қолдану шарттарын Комиссия Кеңесі белгілейді.

3. Еуразиялық үкіметаралық кеңес ерекше субсидияларға жол берулердің өзге де өлшемшарттарын белгілеуі мүмкін.
12-бап
Ақпарат алу тәртібі
1. Комиссия Шарттың 93-бабының 6-тармағына сәйкес мүше мемлекеттер заңнамаларының Шарттың субсидиялар беруге қатысты ережелеріне сәйкес келуі тұрғысынан оларға мониторинг және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуді жүзеге асырады.

2. Мүше мемлекеттер заңнамаларының Шарттың субсидиялар беруге қатысты ережелеріне сәйкес келуі тұрғысынан оларға мониторинг және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуді жүзеге асыру мақсатында уәкілетті органдар:

жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей, Комиссияға онымен келісіліп берілген ерекше субсидиялар туралы хабарламаны ұсынады;

тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 30-ы күнінен кешіктірмей, Комиссияға және бір-біріне есепті тоқсанда қабылданған, ерекше субсидиялар беруді көздейтін нормативтік құқықтық актілерді жібереді;

ведомствоаралық келісу жүргізілгеннен кейін, міндетті хабардар ету тәртібімен Комиссияға және бір-біріне Еуразиялық үкіметаралық кеңес бекітетін Одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына сәйкес сезімтал тауарларға жатқызылған тауарларды өндірушілерге ерекше субсидиялар беруді көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жібереді.

Ашық ақпарат көздерінде жарияланған нормативтік құқықтық актілер бойынша уәкілетті органдар Комиссияға осындай актілердің жариялану деректемелері мен көздерін қамтыған ақпаратты жібереді.

Ерекше субсидиялар беруді көздейтін, ашық ақпарат көздерінде жарияланбаған нормативтік құқықтық актілерді уәкілетті органдар Комиссияға жібереді.

3. Комиссия белгіленген тәртіппен мүше мемлекеттердің ерекше субсидиялар беруді көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне олардың Шарттың 93-бабына және Хаттамаға сәйкес келуі тұрғысынан салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізеді.

4. Мүше мемлекеттің есепті кезеңде Комиссиямен келісілген ерекше субсидияны бермеу фактісі анықталған жағдайда, жауапты департамент бұл туралы мүше мемлекеттерді хабардар етеді.

5. Мүше мемлекет Комиссия белгілеген тәртіппен жүгінген мүше мемлекеттің субсидиялар беруді көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне немесе нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына олардың Шарттың 93-бабына және Хаттамаға сәйкес келуі тұрғысынан салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу туралы ұсыныспен Комиссияға жүгінуге құқылы.

6. Осы баптың 2-тармағының 2-абзацында көзделген хабарламада мынадай ақпарат көрсетіледі:

1) Комиссия Алқасының ерекше субсидияға жол берілетіні туралы шешімінің деректемелері;

2) ерекше субсидия келісілген өлшемшарттар;

3) ерекше субсидия берілген нормативтік құқықтық актінің атауы;

4) мәліметтер берілетін кезең;

5) ерекше субсидия нысанының сипаттамасы және оны беру мақсаттары;

6) ерекше субсидияны алушы және оны беру тәсілі;

7)  ерекше субсидияның мөлшері және берілетін мерзімі.

7. Комиссиямен келісілген ерекше субсидиялар беру туралы хабарламаның нысанын, сондай-ақ оны толтыру тәртібін Комиссия Кеңесі бекітеді.
IV. Мүше мемлекеттердің ерекше субсидиялар беру мәселелері бойынша талқылаулар жүргізу
13-бап
Талқылауларды бастау үшін негіздер
Мүше мемлекет мынадай негіздер:

басқа мүше мемлекеттің ерекше субсидия беруі салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтірілу;

басқа мүше мемлекеттің ерекше субсидия беруі салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залалдың келтірілу қаупі;

басқа мүше мемлекеттің ерекше субсидия беруі салдарынан мүше мемлекеттің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтірілу орын алған жағдайда, Комиссияға мүше мемлекеттердің ерекше субсидиялар беру мәселелері бойынша талқылауды бастау туралы өтінішпен жүгіне алады.


14-бап
Талқылауларды бастау туралы шешім қабылдау
1. Осы Келісімнің 13-бабында көрсетілген талқылауды жүргізуді Комиссия мүше мемлекеттің уәкілетті органының Комиссияға құпия (егер өтініште құпия ақпарат болса) немесе құпия емес нұсқаларда берген талқылауды бастау туралы өтінішінің негізінде жүзеге асырады.

2. Талқылауды бастау туралы өтініште мынадай ақпарат көрсетіледі:

1) өтініш берген мемлекеттің уәкілетті органының атауы;

2) тауардың атауы және сипаттамасы;

3) ерекше субсидия берілетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі;

4) ерекше субсидияның сипаты мен мөлшері туралы мәліметтер;

5) субсидияланатын тауарды өндірушілер туралы мәліметтер;

6) ұқсас тауарлардың ұлттық өндірушілері туралы мәліметтер;

7) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда өтініш берген мемлекеттің аумағына субсидияланатын тауарды әкелу көлемінің өзгергені туралы мәліметтер;

8) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда өтініш берген мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттердің аумағына ұқсас тауарды әкету көлемінің өзгергені туралы мәліметтер;

9) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда өтініш берген мемлекеттің аумағында тауар өндірісінің болғандығы және оның көлемі (сандық және құндық мәнінде) туралы мәліметтер;

10) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда басқа мүше мемлекеттердің аумақтарында ұқсас тауар өндірісінің болғандығы туралы мәліметтер;

11) ұлттық экономика саласына материалдық залал келтірудің, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупінің немесе басқа мүше мемлекеттің ерекше субсидия беруі салдарынан мүше мемлекеттің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтірудің бар екендігінің дәлелдері;

12) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда Одақтың кеден аумағында ұқсас тауарлар импорты көлемінің өзгергені туралы мәліметтер;

13) өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік 3 жылда Одақтың кеден аумағынан ұқсас тауарлар экспорты көлемінің (сандық және құндық мәнінде) өзгергені туралы мәліметтер;

14) талданып отырған кезеңде ұлттық экономика саласына әсер етуі мүмкін басқа да факторларды талдау;

15) талқылауды бастау үшін негіз болып табылатын өтініш берген мемлекеттің уәкілетті органының қорытындылары.

3. Талқылауды бастау туралы өтініште ұсынылған мәліметтер олар алынған дереккөзге сілтемемен сүйемелденуге тиіс.

4. Талқылауды бастау туралы өтініштің нысанын, сондай-ақ оны толтыру тәртібін Комиссия Кеңесі бекітеді.

5. Талқылауды бастау туралы өтініштегі құндық көрсеткіштерді көрсеткен кезде салыстырып қарау мақсатында мүше мемлекеттердің сыртқы және өзара саудасының статистикасын жүргізу үшін Комиссия белгілеген ақша бірлігі қолданылады.

6. Талқылауды бастау туралы өтініштің берілген күні ол Комиссияда тіркелген күн болып табылады.

7. Талқылауды бастау туралы өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап жауапты департамент 3 жұмыс күні ішінде аумағында ерекше субсидия берілетін мүше мемлекеттің уәкілетті органын осындай мәлімдеменің түскені туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.

8. Жауапты департамент өтініште қамтылған дәлелдер мен мәліметтердің жеткілікті екендігін зерделейді.

Өтініш берген мемлекеттің уәкілетті органы осы баптың 2-тармағында көзделген мәліметтердің толық тізбесін ұсынбаған жағдайда, жауапты департамент талқылауды бастау туралы өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жетіспейтін материалдар мен мәліметтерді сұратуға құқылы.

Жетіспейтін материалдар мен мәліметтерді беруді сұрату ол почтамен жіберілген күннен бастап күнтізбелік 7 күннен кейін алынды деп есептеледі.

Өтініш берген мемлекеттің уәкілетті органы көрсетілген сұратуды алған күннен бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жетіспейтін мәліметтерді ұсынады.

9. Осы баптың 2-тармағында көзделген мәліметтердің ұсынылмауы немесе толық көлемде ұсынылмауы талқылауды бастау туралы өтінішті қабылдамау үшін негіз болып табылады, бұл жөнінде жауапты департамент өтініш берген мемлекеттің уәкілетті органы мен субсидия беруші мүше мемлекеттің уәкілетті органын осындай шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде хабардар етеді.

Талқылауды бастау туралы өтінішті қабылдамау туралы шешімді жауапты департамент өтініш тіркелген күннен бастап 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылдайды.

10. Талқылау жүргізуден бас тарту туралы шешім, егер өтінішті қарау нәтижелері бойынша осы баптың 2-тармағында көзделген мәліметтердің ұлттық экономика саласына материалдық залал келтірудің, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупінің немесе басқа мүше мемлекеттің ерекше субсидия беруі салдарынан мүше мемлекеттің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтірудің бар екендігін айғақтамайтыны анықталған жағдайда, қабылданады.

Талқылау жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданған кезде жауапты департамент өтініш берген мемлекеттің уәкілетті органы мен субсидия беруші мүше мемлекеттің уәкілетті органын талқылау жүргізуден бас тарту себебі туралы осындай шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жазбаша нысанда хабардар етеді.

11. Талқылауды бастау немесе оны жүргізуден бас тарту туралы шешімді жауапты департамент өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылдайды.

15-бап
Талқылау жүргізу


1. Талқылауды бастау туралы шешім қабылданған кезде Комиссия осындай шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде осы Келісімнің 17-бабында көзделген хабарламаны уәкілетті органдардың атына жібереді.

2. Жауапты департамент талқылауды бастау туралы шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде субсидия беруші мүше мемлекеттің уәкілетті органына өтініштің көшірмесін немесе оның құпия емес нұсқасын (егер өтінішде құпия ақпарат бар болса) жібереді.

Мүдделі мүше мемлекеттің сұратуы бойынша жауапты департамент оған өтініштің көшірмесін немесе оның құпия емес нұсқасын (егер өтінішде құпия ақпарат бар болса) жібереді.

3. Талқылауды бастау туралы өтінішті өтініш беруші мемлекет талқылау басталғанға дейін немемсе оны жүргізу барысында қайтарып ала алады.

Өтініш талқылау басталғанға дейін қайтарып алынған болса, берілмеген болып есептеледі.

Егер өтініш талқылау жүргізу барысында қайтарып алынса, талқылау тоқтатылады.

4. Талқылау жүргізу мерзімі талқылауды бастау туралы шешім қабылданған күннен бастап 9 айдан аспауға тиіс.

5. Комиссияның талқылауды аяқтау қорытындылары бойынша уәкілетті органдардың атына осы Келісімнің 21-бабында көзделген қорытындыны қоса берумен, талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама жіберіледі.

Хабарлама жіберілген күн талқылау аяқталған күн болып табылады.
16-бап
Талқылау рәсімі шеңберінде консультациялар жүргізу
1. Талқылауды бастау туралы шешім қабылданғанға дейін, сондай-ақ талқылаудың бүкіл кезеңінде Комиссия бастама жасай отырып, сол сияқты өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органының немесе субсидия беруші мүше мемлекеттің уәкілетті органының ұсынысы бойынша нақты жағдайларды нақтылау немесе өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында Комиссия алаңында консультациялар жүргізуі мүмкін.

2. Жауапты департамент уәкілетті органдарды консультациялар жүргізілетіні жөнінде хабардар етеді және оны жүргізуді қамтамасыз етеді.

3.  Консультацияларда өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органының және (немесе) субсидия беруші мүше мемлекеттің уәкілетті органының өкілі болмаған жағдайда, консультациялар жүргізілмейді.

Консультацияларда олардың жүргізілетін күні, орны және уақыты туралы хабардар етілген басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары өкілдерінің болмауы оны жүргізуге кедергі болып табылмайды.

4. Уәкілетті органдардың өкілдері консультациялар барысында қаралып отырған мәселе бойынша уәкілетті органның ұстанымын растайтын қосымша ақпарат пен түсініктемелерді ұсына алады.

Уәкілетті органның консультациялардың қорытындылары бойынша ол жүргізілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Комиссияға ұсынған ұстанымы консультациялардың хаттамасына қоса тіркеледі.

5. Консультациялардың хаттамасына жауапты департаменттің басшысы (басшының орынбасары) қол қояды және консультациялар жүргізілген күннен бастап 7 жұмыс күнінен кешіктірілмей, уәкілетті органдарға жіберіледі.
17-бап
Талқылаулар жүргізу туралы хабарлама
Талқылауларды жүргізудің басталғаны туралы хабарламада мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органының атауы;

тауардың атауы мен сипаттамасы (ЕАЭО СЭҚ ТН кодын көрсете отырып);

талқылауды жүргізу бойынша Комиссияға жүгіну үшін негіздемелерді қысқаша баяндау;

басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары талқылауға қатысты өз түсініктемелері мен ақпаратын жібере алатын электрондық мекенжай.
18-бап
Талқылау барысында ақпараттар жинау
1. Талқылауды бастау туралы шешім қабылданғаннан кейін жауапты департамент субсидия беруші мүше мемлекеттің уәкілетті органына және өтініш беруші мемлекеттің уәкілетті органына мәселелер тізбесін (осы бапта бұдан әрі – мәселелер тізбесі) жібереді.

Комиссияның сұратуы бойынша мәселелер тізбесін уәкілетті орган субсидияланатын тауарды немесе ұқсас тауарды өндірушілерге (Комиссия жасаған өндірушілер тізбесіне сәйкес) жібереді.

Мәселелер тізбесі почта арқылы жіберілген күнінен бастап күнтізбелік 7 күннен кейін алынды деп есептеледі.

2. Мәселелер тізбесі жіберілген өтініш беруші мемлекеттің және субсидия беруші мүше мемлекеттің уәкілетті органдары өз жауаптарын Комиссияға мәселелер тізбесін алған күнінен бастап күнтізбелік 45 күннен аспайтын мерзімде ұсынады.

Мәселелер тізбесі жіберілген өтініш беруші мемлекеттің және субсидия беруші мүше мемлекеттің уәкілетті органдары субсидияланатын тауарды немесе ұқсас тауарды өндірушілердің жауаптарын мәселелер тізбесін алған күнінен бастап күнтізбелік 60 күннен аспайтын мерзімде Комиссияға ұсынуды қамтамасыз етеді.

Уәкілетті органдардың мәселелер тізбесіндегі жекелеген мәселелер бойынша ақпаратты беруі мүмкін болмаған жағдайда, Комиссияға тиісті негіздеме жіберіледі.

3. Комиссия мәселелер тізбесіндегі жекелеген мәселелер бойынша жауаптарды алғаннан кейін талқылаулар жүргізу үшін қажетті ақпаратты нақтылау немесе қосымша мәліметтер алу мақсатында уәкілетті органдарға сұрату жібере алады. Өтініш беруші мемлекеттің және субсидия беруші мүше мемлекеттің уәкілетті органдарының көрсетілген ақпаратты, оның ішінде субсидияланатын тауарды немесе ұқсас тауарды өндірушілерден алынған ақпаратты ұсыну мерзімі олар Комиссия сұратуын алған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен аспайды.

4. Ақпарат Комиссияға орыс тілінде ұсынылады. Мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде жасалған құжаттар орыс тіліндегі аудармасымен бірге жүреді.

5. Талқылау жүргізу барысында Комиссия өтініш беруші мемлекеттің және субсидия беруші мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органдарына талқылау жүргізу үшін қажетті ақпаратты ұсыну туралы сұратулар жіберуге құқылы.

Өтініш беруші мемлекеттің және субсидия беруші мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органдары талқылау жүргізу үшін қажетті ақпаратты Комиссияның сұратуын алған күнінен бастап күнтізбелік 30 күннің ішінде Комиссияға жібереді.


19-бап
Мүдделі мүше мемлекеттердің талқылауға қатысуы
1. Басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары талқылауды бастау туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен аспайтын мерзімде мүдделі тарап ретінде (бұдан әрі – мүдделі тарап) талқылауға қатысу ниеті туралы өтінішті Комиссияға жіберуге құқылы.

Талқылауға қатысты түсініктемелер мен ақпаратты мүдделі тарап талқылауға қатысу ниеті туралы өтініш Комиссияда тіркелген күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде Комиссияға ұсынады.

Комиссияға құпия ақпарат ұсынатын мүдделі тараптар осы ақпараттың құпия емес нұсқасын да береді.

Құпия емес нұсқада құпия ақпараттың мәнін түсіну үшін қажетті толық мәліметтер қамтылуға тиіс.

2. Жауапты департамент мүдделі тараптан талқылау жүргізу үшін қажетті қосымша ақпаратты сұратуға құқылы. Мүдделі тараптың көрсетілген ақпаратты ұсыну мерзімі ол Комиссияның тиісті сұратуын алған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен аспайды.

Сұрату почта арқылы мүдделі тарапқа жіберілген күнінен бастап күнтізбелік 7 күннен кейін алынды деп есептеледі.

Көрсетілген мерзім өткеннен кейін мүдделі тарап ұсынған қосымша ақпаратты жауапты департамент назарға алмауы мүмкін.

Мүдделі тараптың жазбаша нысанда жазылған және уәжді өтініші бойынша қосымша ақпаратты ұсыну мерзімін жауапты департамент күнтізбелік 30 күнге ұзартуы мүмкін.

3. Талқылау барысында Комиссия мүдделі тараптарға олардың сұратуы бойынша талқылау нысанасына қатысты ақпаратпен (құпия ақпаратты қоспағанда) танысу мүмкіндігін ұсынады.
20-бап
Ұлттық экономика саласына келтірілген материалдық залалды немесе материалдық залал келтірілу қаупін немесе ерекше субсидия беру салдарынан мүше мемлекеттің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтірілуді айқындау
1. Субсидияланатын тауарды әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына келтірілген материалдық залал нақты субсидияланатын тауарды әкелу көлемін талдау нәтижелерінің және осындай әкелудің өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауардың бағасына және ұлттық экономика саласына әсерінің негізінде белгіленеді.

2. Ұлттық экономика саласына материалдық залалдың немесе ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупінің бар екендігін айқындау мақсатында мәліметтер талданатын кезеңді Комиссия айқындайды және ол өтініш берген күннің алдындағы 3 жылдан аз болмауы керек.

3. Нақты субсидияланатын тауардың әкеліну көлемін талдаған кезде субсидияланатын тауарды әкелудің едәуір ұлғаюының (абсолюттік көрсеткіштермен не өтініш беруші мемлекетте ұқсас тауардың өндірілуіне немесе тұтынылуына қатысты) орын алғандығы не алмағандығы айқындалады.

Субсидияланатын тауарды әкелудің өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауардың бағасына әсерін талдау кезінде:

субсидияланатын тауар бағасының өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауардың бағасынан едәуір төмен болғандығы не болмағандығы;

субсидияланатын тауарды әкелу өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар бағасының едәуір төмендеуіне әкеп соқтырғаны не әкеп соқтырмағаны;

субсидияланатын тауарды әкелу осылайша әкелу болмаған жағдайда орын алуы мүмкін өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар бағасының өсуіне кедергі жасағаны не жасамағаны анықталады.

Субсидияланатын тауарды әкелудің ұлттық экономика саласына әсерін талдау ұлттық экономика саласының жағдайына қатысы бар барлық экономикалық факторларды бағалауды білдіреді, оның ішінде:

болып өткен немесе алда болуы мүмкін өндірістің, тауар сатылымының, тауардың ұлттық нарықтағы үлесінің, пайданың, өнімділіктің, тартылған инвестициялардан немесе өндірістік қуатты пайдаланудан түсетін кірістердің қысқаруы;

өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауарлар бағасына әсер ететін факторлар;

болып өткен немесе алда болуы мүмкін ақша ағынының қозғалысына, тауарлар қорына, жұмыспен қамтылу деңгейіне, жалақыға, өндірістің өсу қарқынына және инвестициялар тарту мүмкіндігіне кері ықпал.

4. Субсидияланатын тауар әкелудің ұлттық экономика саласына әсер етуі, егер қолда бар деректер өндірістік процесс, өндірушілердің өз тауарларын сатуы және пайда сияқты өлшемшарттардың негізінде осы мүше мемлекетте ұқсас тауар өндірісін бөліп көрсетуге мүмкіндік беретін болса, өтініш беруші мемлекеттегі ұқсас тауар өндірісіне қатысты бағаланады.

Егер қолда бар деректер ұқсас тауар өндірісін бөліп көрсетуге мүмкіндік бермесе, субсидияланатын тауар әкелудің ұлттық экономика саласына әсер етуі неғұрлым шағын топ өндірісіне немесе ұқсас тауарларды қамтитын және олар туралы қажетті деректері бар тауарлар номенклатурасына қатысты бағаланады.

5. Субсидияланатын тауар әкелудің салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтірілу қаупін анықтаған кезде Комиссия барлық қолда бар факторларды, оның ішінде мыналарды да:

субсидияның (субсидиялардың) сипатын, мөлшерін және оның саудаға ықтимал әсерін;

осындай әкелуді одан әрі ұлғайтудың нақты мүмкіндігін айғақтайтын субсидияланатын тауарды әкелудің өсу қарқынын;

субсидиялайтын мүше мемлекеттегі субсидияланатын тауар өндірушілердің басқа мүше мемлекеттердің аумағында субсидияланатын тауар әкелуді жеткілікті ұлғайту мүмкіндіктерінің болуын немесе осындай әкелудің ұлғаю қаупін;

егер бағаның осындай деңгейі өтініш беруші мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар бағасының төмендеуіне немесе тежелуіне және субсидияланатын тауарға сұраныстың одан әрі өсуіне алып келетін болса, субсидияланатын тауар бағасының деңгейін;

өндірушідегі субсидияланатын тауар қорын ескереді.

Бұл ретте, көрсетілген факторлардың субсидияланатын тауар әкелу салдарынан ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупін анықтау үшін шешуші маңызы болмайды.

6. Ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупінің бар екендігі туралы шешім, егер осы баптың 1 – 5-тармақтарында көрсетілген факторларды талдау нәтижелері бойынша тергеу барысында Комиссия субсидияланатын тауарды өтініш беруші мемлекеттің аумағына әкелуді жалғастырудың бұлтартпастығы және осылайша әкелуден ұлттық экономика саласына залал келеді деген қорытындыға келді.

7. Ұқсас тауарды субсидиялаушы мүше мемлекеттің нарығынан не басқа мүше мемлекеттің нарығынан ығыстыру немесе ұқсас тауарды субсидиялаушы мүше мемлекеттің аумағына әкелудің өсуін тежеу немесе тауарды басқа мүше мемлекеттің аумағына әкетудің өсуін тежеу фактісі, егер субсидиялаушы мүше мемлекеттің нарығында не басқа мүше мемлекеттің нарығында субсидияланатын тауарға қатысты ұқсас тауар үлесінің қолайсыз өзгеруі орын алғаны дәлелденген жағдайда, анықталады. Көрсетілген факт тиісті тауар нарығының дамуындағы нақты үрдістерді дәлелдеу үшін жеткілікті кезең ішінде анықталады, ол қалыпты жағдайда 1 жылдан кем болмауға тиіс.

8. Субсидиялаушы мүше мемлекеттің нарығындағы не басқа мүше мемлекеттің нарығындағы ұқсас тауар үлесінің қолайсыз өзгеруі мынадай жағдайлардың біреуін қамтиды:

1) субсидияланатын тауардың нарықтық үлесі ұлғаяды;

2)  ерекше субсидия болмаған кезде ол азаюға тиіс болған жағдайларда, субсидияланатын тауардың нарықтық үлесі өзгеріссіз қалады;

3) субсидияланатын тауардың нарықтық үлесі құлдырайды, бірақ ерекше субсидия болмаған жағдайда болатынға қарағанда, неғұрлым баяу қарқынмен құлдырайды.

9. Бағаның төмендеуі субсидияланатын тауардың тиісті нарықтағы бағаларын ерекше субсидия пайдаланылмаған кез келген мүше мемлекеттің аумағында өндірілген, тасымалданған және әкетілген кездегі тауардың бағаларымен салыстыру негізінде анықталады. Бағаларды салыстыру сауданың бірыңғай деңгейінде және салыстырмалы уақыт кезеңінде жүргізіледі. Бағаларды салыстыру барысында салыстыруға әсер ететін кез келген факторлар ескеріледі. Егер бағаларды көрсетілгендей салыстыру мүмкін болмаған жағдайда, бағаны төмендетудің орын алуы экспорттық орташа бағалардың негізінде анықталуы мүмкін.

10. Тиісті уақыт кезеңі ішінде мынадай жағдайлардың біреуі орын алған кезде, мүдделерге айтарлықтай нұқсан келтіру фактісінің орын алуын анықтау мүмкін емес:

1) мүдделерге айтарлықтай нұқсан келтіру не тауарды осындай мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына әкелуге тыйым салу немесе шектеу фактісін анықтаған мүше мемлекеттің аумағынан тауарды әкетуге тыйым салудың немесе шектеудің болуы;

2) ұқсас тауарды әкелетін және сауда монополиясын немесе осы тауармен мемлекеттік сауданы практикада қолданатын мүше мемлекеттің уәкілетті органының мүдделерге айтарлықтай нұқсан келтіру фактісін анықтаған мүше мемлекеттің аумағынан тауар әкелуді басқа мүше мемлекеттен әкелуге қайта бағдарлаудың коммерциялық емес себептері бойынша шешім қабылдауы;

3) табиғи зілзалалар, ереуілдер, көліктегі іркілістер немесе мүдделерге айтарлықтай нұқсан келтіру фактісін анықтайтын мүше мемлекеттің аумағынан әкетуге арналған тауардың өндірісіне, санына, сапасына немесе бағасына елеулі түрде кері әсер ететін басқа да форс-мажорлық жағдайлар;

4) мүдделерге елеулі нұқсан келтіру фактісін анықтайтын мүше мемлекеттің аумағынан тауарды әкетуді шектейтін уағдаластықтардың болуы;

5) мүдделерге айтарлықтай нұқсан келтіру фактісін анықтайтын мүше мемлекеттің аумағынан өнеркәсіп тауарларын әкету мүмкіндігін ерікті түрде қысқарту (осы мүше мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің ұқсас тауар экспортын жаңа нарыққа автономды түрде қайта бағдарлауы жағдайын қоса алғанда);

6) аумағына тауар әкелінетін мүше мемлекетте стандарттарға және (немесе) басқа да әкімшілік талаптарға сәйкес келмеу.

11. Субсидияланатын тауарды әкелу мен ұлттық экономика саласына келтірілген материалдық залал арасында себеп-салдарлық байланыстың болуы туралы қорытынды талқылауға қатысты және Комиссияның билігінде бар барлық дәлелдер мен мәліметтердің талдауына негізделуге тиіс.

12. Жауапты департамент талқылау жүргізу барысында субсидияланатын тауарды әкелуден басқа, соның салдарынан сол кезеңде ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіретін басқа да белгілі факторларды талдайды.


21-бап
Талқылау қорытындылары бойынша шешім қабылдау
1. Талқылау қорытындылары бойынша жауапты департамент мынадай қорытындылардың біреуін дайындайды:

ұлттық экономика саласына материалдық залалдың, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупінің немесе басқа мүше мемлекеттің ерекше субсидия беруі нәтижесінде өтініш беруші мемлекеттің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтірудің бар екендігі туралы қорытынды;

ұлттық экономика саласына материалдық залалдың, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупінің немесе басқа мүше мемлекеттің ерекше субсидия беруі нәтижесінде өтініш беруші мемлекеттің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтірудің жоқ екендігі туралы қорытынды.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қорытындыға жауапты департаменттің басшысы (басшының орынбасары) қол қояды, құзыретіне өнеркәсіп мәселелері жататын Комиссия Алқасының мүшесі бекітеді және Комиссия Алқасының отырысында қарау үшін дайындалған құжаттар мен материалдар кешеніне қосылады.

3. Талқылау қорытындылары бойынша қорытынды негізінде Комиссия Алқасы ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіруге, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупіне немесе өтініш беруші мемлекеттің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтіруге алып келетін ерекше субсидия беру және (немесе) пайдалану шарттарын, тәртібін белгіленген мерзімде жою немесе өзгерту туралы шешім шығара алады.

Егер мүше мемлекет талқылау барысында өзі жіберіп отырған ақпараттың таралуы шектелген ақпаратқа жататынын көрсеткен жағдайда, Комиссияның осындай ақпаратты пайдалана отырып жүргізген талқылау қорытындылары бойынша шешімдері (шешімдердің жобалары) Шарттың 111-бабы ескеріле отырып жарияланады.

4. Егер осы Келісімнің 15-бабына сәйкес өткізілген талқылау қорытындылары бойынша Комиссия мүше мемлекеттердің біреуінің ұлттық экономика саласына материалдық залалдың, ұлттық экономика саласына материалдық залал келтіру қаупінің немесе басқа мүше мемлекеттің ерекше субсидия беруі салдарынан оның мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтірудің орын алып отырғанын растаса, онда осындай мемлекеттің уәкілетті органы субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органына, келісілген ерекше субсидияларды қоспағанда, өтемақы шараларын қолдану туралы өтініш бере алады.

Келісілген ерекше субсиядияларға қатысты Комиссия Алқасы осы баптың 3-тармағымен көзделген шешімді қабылдаған жағдайда, субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органы осындай шешім қабылданған күннен бастап көрсетілген субсидияларды беруді тоқтатады.

Өтемақы шараларын енгізу Хаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.

5. Комиссия Алқасының осы баптың 3-тармағымен көзделген шешімі, егер талқылау аяқталғаннан кейін және шешім қабылданғанға дейін талқылауға қатысатын мүше мемлекеттер Хаттаманың 6-тармағының бесінші абзацының ережелерін ескере отырып уағдаластыққа қол жеткізген болса, қабылданбайды.

6. Егер Комиссия Алқасы, оған қатысты осы баптың 3-тармағында көрсетілген шешім қабылданған мүше мемлекет оны орындамаса, онда басқа мүше мемлекеттер Одақтың Сотына жүгінуге құқылы.
22-бап
Құпия ақпарат
Мүше мемлекет осы Келісімді іске асыру шеңберінде Комиссияға ұсынған және мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес құпия ақпаратқа (коммерциялық, салықтық және басқа да құпия ақпаратты қоса алғанда) жатқызылған ақпаратқа қатысты Комиссия белгіленген тәртіппен тиісті қорғалу деңгейін қамтамасыз етеді.
V. Қорытынды ережелер
23-бап
Уәкілетті органдар туралы ақпарат
Мүше мемлкеттер осы Келісім күшіне енген күннен бастап 3 айдың ішінде Комиссияны уәкілетті органдар туралы хабардар етеді.

Мүше мемлекеттер уәкілетті органдар туралы Комиссияға жіберілетін ақпараттың өзектендірілуін қамтамасыз етеді.


24-бап
Дауларды шешу
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар Шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.
25-бап
Өзгерістер ме толықтырулар енгізу
Мүше мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
26-бап
Келісімнің күшіне енуі
Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.

20__ жылы «___»_____ ___________ қаласында бір түпнұсқалық данада орыс тілінде жасалды.

Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.



Армения Республикасы үшін

Беларусь Республикасы үшін


Қазақстан Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін





Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет