Ғалым а. ҚЫраубаева зерттеулеріндегі алтын орда кезеңі мен түркі тілді әдебиет



жүктеу 95.58 Kb.
Дата25.03.2019
өлшемі95.58 Kb.

ӘОЖ 371.38943.4
ҒАЛЫМ А. ҚЫРАУБАЕВА ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ АЛТЫН ОРДА КЕЗЕҢІ МЕН

ТҮРКІ ТІЛДІ ӘДЕБИЕТ
Әбдір К.Ә.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз


Зерттеуші А.Қыраубаева 1988 жылы «Мектеп» баспасынан «Ғасырлар мұрасы» атты кітабын шығарды. Бұл зерттеудің маңызы әдебиеттану ғылымында өзіндік мектеп қалыптастырған қажырлы ғалым Б.Кенжебаевтың ғылыми ұстанымының іс жүзіне асып, өміршеңдік сипат алуының тағы бір жарқын көрінісіндей еді.

«Алтын Орда дәуіріндегі түркі әдебиетінің» жекелеген ескерткіштері бұған дейін «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» (1967), Б.Кенжебаевтың «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» кітабында (1974), Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» (1969), «Ғасырлар поэзиясы» (1987) зерттеулерінде сөз болған. Осы кезеңнің айтулы туындысы Хорезмидің «Махаббатнамасы» қазақша аударылып басылған («Махаббатнама». Аударған А.Қыраубаева. А., 1985; «Оғыз наме», «Махаббат наме». А., 1986. Аударған Ә.Дербісәлин, М.Жармұхаметов, Ө.Күмісбаев). Тілші ғалымдар Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, А.Ибатов еңбектерінде Алтын Орда дәуірінің ескерткіштерінің тілі зерттеу объектісіне айналған. М.Жолдасбеков, М.Мағауин еңбектерінде Алтын Орда дәуіріне қатысты құнды пікірлер айтылған. Бірақ қалай дегенде, бұл дәуір әдебиеті ұлттық әдебиеттану ғылымында әлі тұтас, бірыңғай қарастырылмаған болатын. Осы ретте А.Қыраубаеваның зерттеуі құнды ізденіс болды.

Ғылыми ізденіс өзіне дейінгі жазылған зерттеулерді терең игеруден, оны методологиялық негізге алудан басталады. Автордың айтуында, орта ғасыр мұраларын зерттеген В.В.Радловтың, Н.И.Ильминскийдің, А.А.Самойловичтің, С.Е.Маловтың, Е.Э.Бертельстің, А.М.Щербактың, Э.Н.Наджиптің, Г.Т.Тагиржановтың, қазақ ғалымдары Ә.Марғұланның, Ә.Қоңыратбаевтың, Қ.Өмірәлиевтің еңбектері негізге алынған.

Еңбектің алғы сөзінде ғалым кітаптың зерттеу нысанасы туралы: «XIII-XIV ғасырлардағы түркі тілдес халықтар әдебиетін қарастырған бұл кітапта сол замандардағы түркілердің тарихи-әлеуметтік жағдайы, әдебиеттің өзіндік сипаты, «Рабғузи қиссалары», «Махаббатнама» ескерткіштерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері, ежелгі әдебиет дәстүрінің ХІХ-ХХ ғасырлар басындағы қазақ әдебиетіндегі көрінісі талданады, қисса жанры жөнінде пікірлер айтылады» [1,3],- деп жазды.

Кітапқа филология ғылымдарының докторы Ғ.Айдаров, филология ғылымдарының кандидаты М.Мағауин пікір жазған. Сондай-ақ автор «Бұл еңбегімді кеңесші аға, кемел ұстазым болған профессор Б.Кенжебаевтың жадымда мәңгі сақталатын жарқын бейнесіне арнаймын»,- деп жүрек жарды пікірімен бастайды.

«Уақыт бедері» деп аталатын бірінші тарауда XIII-XIV ғасырлардағы тарихи жағдай, Алтын Орда мемлекетінің құрылуы, оның құлдырауға бет алуы, сол кезеңдегі бұл өлкедегі көне қалалар, сауданың дамуы, түркі тілді әдебиеттің өркендеуі, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылық сипаты, әдеби даму ғылыми негізде сипатталады А.Қыраубаева зерттеуінің басты ерекшелігінің бірі - зерттеу объектісіне жан-жақты дайындықпен келуі, пікірлерін жалаң айтпай, өзіне дейінгі ғалымдардың тұжырымдарымен тиянақтап отыруы, ғылыми этиканың берік сақталуы дер едік. Мәселен, «Уақыт бедері» деп аталатын 12-13 беттен тұратын XIII-XIV ғасырлардағы түркілердің тарихи-әлеуметтік жағдайы туралы зерттеуде көптеген дерек көздері келтіріледі: «Құпия шежіре». Өлгий. 1979. Аударған Мағауия Сұлтанияұлы; Семенов В.Ф. «История средних веков». М., 1956; Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. «Золотая Орда и ее падение». М-Л., 1950; Қазақ ССР тарихы. 1-том, Алматы, 1957; Қазақ ССР тарихы. 2-том, Алматы, 1983; Тизенгаузен В.В. «Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды». - М-Л., 1941; Федоров-Давыдов Г.А. «Общественный строй Золотой Орды». М. Изд. МГУ, 1973; Якубовский А.Ю. «Феодализм на Востоке. - Столица Золотой Орды Сарай Берке». Л. Изд. ГАИМК, 1932; Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары. А., 1964; Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. «Древний Отрар». Алма-Ата, 1972; Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр-аңыздар». А., 1985; Бартольд В.В. Сочинения. Том II, М., 1963; Бартольд В.В. Сочинения. Том III, М., 1965; Бартольд В.В. «Место прикаспийских областей в истории мусульманского мира». Баку, 1924; Закиров С. «Дипломатические отношение Золотой Орды с Египтом». М., 1966; Семенова Л.А. «Салах-ад-дин и мамлюки в Египте». М., 1966; Конрад Н.И. «Философия китайского возрождения». - Запад и Восток. М., 1966; Дживгелов А.К. «Начало Итальянского Возрождения». К.М., 1925;

Мұнда Шыңғыс хан шапқыншылығы, олардың жаулап алған жерлеріндегі мемлекеттердің пайда болуы, өзара қарым-қатынасы, бір-бірімен жауласу жайлары ғылыми негізде баяндалады. Алтын Орданың құлдырауға бет алуы Жәнібек ханның (1342-1357) кезінде байқалды, оның бір белгісі - 1360-1380 жылдары жиырма бес ханның ауысуы дейді зерттеуші. XIV ғасырдың бас кезінде Алтын Орда мемлекеті Көк Орда және Ақ Орда деп аталатын екі мемлекетке бөлінді. Ақ Орданың құрамына Сырдарияның төменгі ағысы - Сүткент Саураннан Аралға дейін - аймақ енді. В.В.Тизенгаузен еңбегіне сүйене отырып, ғалым Ақ Орда мемлекетінің орталығы Сығанақ қаласы болғанын айтады.

Жалпы монғол шапқыншылығына дейін бұл өлкеде сауда, өнеркәсіп жақсы дамыған. Соғыс кезінде қалалар біраз әлсіреп күйзелгенмен, уақыт өте келе сауданың қайта жандануы бұл өлкедегі көне қалалардың өсіп-өркендеуіне мүмкіндік жасаған. Ғалым А.Қыраубаева түркі рулары мен тайпаларының жартылай отырықшылық тұрмыс құруын, сауданың өркендеуін, қалалардың дамуын ғылыми дерек негізінде тарата баяндай келіп, Сығанақ қаласының қайта өркендеуін ақын әл-Сығанақи өлеңімен дәлелді айтады:

Бұрын бұл - бейбіт, еркін ел еді,

Білімділер мекен еткен жер еді.

Мұнан «Нығаяны» жазған ақын шыққан,

Мұнан «Қидаяны» жеңілдеткен ғалым шыққан,

Егер бізге кайта туу нэсіп болса,

Біз осы Сығанақта ғана туар едік [2, 24]

Уақыт ешуақытта бір орнында тұрмайды. Бұрыннан дәстүрлі дамуы бар мәдениет те тарихи бір кезеңдерде бәсеңсігенмен, біржола тоқырап, тоқтап қалмайды. Өркениетті мәдениет тұйық, тар шеңберде болмайды. Мәдениет тарихи-қоғамдық жағдайға орай елдердің, халықтардың бір-бірімен байланысы негізінде өркендейді. А.Қыраубаева да Алтын Орда дәуіріндегі мәдениеттің, өнердің, оның ішінде әдебиеттің дамуын осындай көзқарас тұрғысынан пайымдайды:

«Адамзат мәдениетінің қай дәуірін алсақ та, арғы-бергі заманнан, тарихи оқиғалардан, қоғамдық құбылыстардан, уақыттан өзінше бөлек тұйықталып, олармен ешбір байланыссыз тылсым сыр болып жатқан өзгеше мәдениет болмаған. Ендеше, Алтын Орда дәуіріндегі XIII-XIV ғасырлардағы түркі мәдениетін, әдебиетін, оның көнеден жалғасып келе жатқан негізгі арқауын, алыс-жақын елдермен жан-жақты байланыс, қарым-қатынас арқылы баю жолдарын, уақыт ағымы тудырған ішкі қоғамдық жағдайларын ескермей, кең ауқыммен талдамай түсіну де мүмкін емес» [1,12].

Ғалым XIII-XIV ғасырлардағы түркі әдебиетін оған дейінгі Әл-Фараби, Сағди, Фирдоуси, Низами, Юсуп Хас-Хаджип, Ахмет Яссауи тәрізді дәуір ғұламаларының жалғастығы деп таныса, екінші жағынан дүниежүзі мәдениетінің өркендеуімен үндесе туған әдебиет деп бағалайды.

Шығыс Ренессансы, Орта Азия мәдениетіндегі Қайта өрлеуге бетбұрыс X ғасырда байқалғанын Әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әл-Бируни, Әл-Хорезми сынды көшелі ғалымдардың еңбектерімен байланыстырады. Осы уақытта өркендеген ғылым, білім жаңалықтары XIII ғасырдағы моңғол шапқыншылығы кезінде біраз бәсеңсіп қалғанымен, Қайта өрлеу идеясы түгелдей жойылып кетпегенін, уақыт өте келе жалғастығын тапқанын ғалым дәлелді түрде айтады.

XIII-XIV ғасырларда қыпшақ қалаларында ой еңбегімен айналысатын дарын иелері болды. Олар поэма-дастандар, қиссалар жазып, сол дәуірдің алдыңғы қатарлы ақыл-ой бағытын бейнеледі. Ғалым бұл кезеңдегі әдебиеттің дамуын екі тұрғыдан қарастырып, былай деп сипаттама береді: «Бұл дәуірдегі көркем әдебиет, негізінен екі түрлі. Біріншісі, аударма-нәзиралық шығармалар: Құтбаның «Хұсрау уа Шырыны», Сәйф Сараидың «Гүлстан», Әлидің «Қисса Жүсібі», Рабғузидің «Қисас-и Рабғузи» кітабы, Махмуд бин Алидің «Неһдж ул Фарадис» («Жұмаққа апарар жол»), Хусам Катибтың «Жумжума» кітабы, тағы басқалар. Екіншісі - тыңтума әдебиет: «Махаббатнама» [1, 156]

Ұлан байтақ Алтын Орда мемлекетіндегі тіл негізінен жергілікті халық тілі болып қалды. Ғалым оның тарихи себептерін өзге зерттеушілердің еңбегіне сүйене отырып дәлелді негіздейді. Мәдениет пен әдебиетте сол тілде жасалды. Оны жасаушылар ежелден сол жерді мекендеген түркі халықтарының өкілдері болды. «Бұл кезде Алтын Орда мемлекетінде де, Шағатай ұлысында да халықтың құрамы бірдей болды. Бірінде бар ру-тайпалар екіншісінде де тұрды (тек бірінде бір рудың көбірек, екіншісінде азырақ болуы мүмкін еді), яғни, түркі халықтары аралас өмір кешті. Әдебиеті де сол аралас тілде жасалады. Ол кезден бізге жеткен ескерткіштердің таза бір тілде жазылғаны кездесе бермейді. Сондықтан да ол мұралар - қазақ, қырғыз, татар, өзбек, башқұрт т.б. түркі халықтарының ортақ қазынасы, әрқайсысының заңды игілігі болып есептеледі» [1,16].

Ғалым аударма-нәзира әдебиет үлгісінде зерттеуінде «Қисас-и Рабғұзи» («Рабғузи қиссалары») туындысына көлемді мақаласын арнап, бір дәуір әдебиетінің жинағы, хрестоматиясы, әр түрлі жанрдағы шығармаларды қамтыған, өз дәуірі әдебиетінің ерекшеліктерін танытатын құнды мұра қатарында қарастырады.

Рабғузи қиссаларының қолжазба көшірмелері, зерттелу жайына кеңінен тоқталған ғалым мұраның әдебиеттік сипаты әлі зерттелмегенін, бұл ретте профессор Б.Кенжебаевтың 1968 жылы «Жұлдыз» журналының №7 санында басылған «Қиссас у-әнбия» мақаласының танымдық мәні зор екенін айтады.

Қиссаның ұлттық әдебиеттану ғылымында күні бүгінге дейін терең зерттелмей жатуының сырын ашады. Қандай әдеби мұраға болмасын, сол кезеңнің тарихи-әлеуметтік құрылысымен тығыз байланыстыра қарағанда ғана сыр-сипатын терең зерделеуге болады. Ал мұндай зерттеу болмағанда, ол шығарма туралы үстірт, тіпті дұрыс емес пікірлер қалыптасуы мүмкіндігін айтады. Осы ретте «Рабғузи қиссалары» туралы екі ұдай пікір қалыптасқан: бірі - дүниетану сипаты мол құнды мұра десе, қайсыбірі - діни кітап, қажеті жоқ таниды.

Ғылымға, өнерге бір ғана социалистік көзқараспен, тану-талдаумен келу қажеттілігін ұстанған кеңестік әдебиеттану ғылымы ғалымдардың кең өрісті ғылыми ізденісіне қол байлау болғаны жасырын емес. Көне мұра тұрмақ, XIX ғасыр, XX ғасырдың басындағы ақындарға, әдеби ағымдарға дұрыс ғылыми баға берілмей жатқанда, А.Қыраубаеваның орта ғасырлық мұраға дендеп баруға ұмтылыс жасауы - ғылыми батылдық, концепция тыңдығының, беріктігінің көрінісі.

Рабғузи туындысы араб-парсы әдебиетінен келген әңгімелерден тұрғанмен, автор өзі оқыған, естіген әңгімелерін құрастырып, дамыта отырып ғажап шығармасын жасайды. Өсиет, уағыз жалаң түрінде емес, қызықты сюжетпен баяндалады. Кітапқа енген алпыстай жеке әңгіме-аңызды ғалым үш топқа бөліп қарастырады:

1) Табиғат, дүние құбылыстары, жаратылысының пайда болуы жайындағы діни-мифологиялық әңгімелер;

2) Дінді таратушылар, халифалар, тарихи адамдар жайлы деректі, дерексіз әңгімелер, аңыз-қиссалар;

3) Ауыз әдебиет үлгілері, өлеңдер.

Дүниенің жаратылысы туралы әңгімелерден үзінділер келтіре, талдай отырып, ғалым: «Жоғарыдағы әңгімелер адамның дүниенің шын сырын білуге құмартуы, аңсауының бейнелі көрінісі деуге болады. Мұнда адам аспан, тау-тас, орман қалай пайда болған, адам организмінің құпиясы қандай, ол неліктен өледі, тағы басқа сұрақтарға жауап іздеген» [1,22],- деп тұжырым жасайды.

«Рабғузи қиссаларындағы» пайғамбарлар туралы әңгімелердің негізгі өзегі, бастапқы түп-тамыры Құранда жатқанмен, халықтық әдебиет үлгілері, ауызша таралған аңыздар көп енгенін, мұндағы діни дидактика, мораль, этика мәселелері қызғылықты оқиғалармен баяндалатынын ғалым атап өтеді.

«Ғасырлар мұрасы» зерттеуінің 3-тарауы «Тыңтума әдебиет. «Махаббатнама» деп аталады. Ғалым бұл зерттеуіне дейін - 1985 жылы Хорезмидің «Махаббатнама» дастанының транскрипциясын жасап, қазақ тіліне аударып, ғылыми алғы сөзін жазып «Жалын» баспасынан тұңғыш рет жеке кітап етіп шығарды. Бұл өз кезеңі үшін әдеби жәдігерлердің жетістік-кемшілігі болып жатса да, қазақ оқырманына жете беруіне жасалған игілікті қадам еді. А.Қыраубаеваның бұл зерттеуі туралы арнайы мақала жазғандықтан, оған қайталап тоқталып жатуды қажет деп есептемейміз.

Ғалым зерттеуінде: «Біз «Махаббатнаманы» түпкі бастаулары V-VІІІ ғасырларда жатқан ежелгі әдебиетіміздің XIII-XIV ғасырлардағы елеулі көркем туындысы деп, өз тұсындағы жер жүзі мәдениетіндегі озық ағымдармен байланысты, сонымен қатар берідегі қазақ поэзиясының тіл, стиль дәстүріне қатысты деп қараймыз» [1,66],- деп жоғары баға береді.

«Ежелгі әдебиет дәстүрі» атты 4-тарауда бұрынғы араб, парсы ақындары жазып кеткен сюжеттерді түркі тілінде қайта жаңғыртып жазушылық дәстүрінің көрінісін зерттейді. Бұл дәстүр, әсіресе, түркі әдебиетінде XIII-XIV ғасырларда айрықша дамыған. Сағдидың «Гүлістанының» сюжетін Сәйф Сараи жаңғыртса, Низамидің «Хұсрау уа Шырынын» Құтба ақын, Фирдаусидің туындысын Әли ақын қайта жаңғыртып жазған. Түркі әдебиеті мен араб-парсы әдебиетінің ортақ арнадағы байланысы «Махаббатнамадан», «Рабғузи қиссаларынан», «Хұсрау уа Шырын», «Қисса Жүсіптен», «Гүлістан би-т-түркиден» көрінсе, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қиссашыл ақындардың шығармашылығынан жалғастығын тапқанын Т.Ізтілеуов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ә.Найманбаев шығармашылығымен байланыстыра ой толғайды.

Ғылыми зерттеудің құндылығы «Қосымшалардың» берілуімен арта түскен. Әлидін «Қисса Иүсүфі», Құтбаның «Хұсрау уа Шырыны», Сәйф Сараидің «Сүһаил мен Күлдірсін», «Гүлстан би-т-түркиі», Махмуд бин Әлидің «Неһдж-ул-Фарадис» («Жұмаққа апаратын жол»), Хұсам Катибтің «Жумжумасы» туралы ғылыми түсініктемелер беріп, С.Сараидың өлеңдерін, хикаяттарын аудармасымен ұсынады. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қисса «Гүлшат-Шеризатының» (Қаз. ССР Ғылым академиясының қолжазба қоры. Папка №1173, 12 дәптер), Ә.Найманбаевтың «Ер Шеризатының» (Қаз ССР ҒА, папка 1628), Ә.Тәңірбергеновтің «Қисса Зияда-Шаһмұратының» (Қазан, 1896, 1912 ж.), Т.Ізтілеуовтің 1965 жылы қызылордалық ақын Мүтәліп Қыраубаевтан жазылып алынған «Сам Палуанының» мәтіндерін береді. Ғалым-ұстаздың мақсаты айқын. Жоғарыдағы аталған шығармалар бұл кезде баспа бетін көріп, көпшіліктің қолы жететін жағдайға келген жоқ-ты. Міне, осындай жағдайда Ғылым академиясының ғылыми қорынан алып, білімгерлерге, жалпы оқырманға жеткізу жағдайын ойлады. Бұл да, біздіңше, ғалым-ұстаз А.Қыраубаеваның ғылымға берілгендігінің, табандылығының көрінісі.



Тұтастай алғанда, «Ғасырлар мұрасы» XIII-XIV ғасырлардағы түркі тілді әдебиетті зерттеудегі құнды ізденіс болды. Ғалым бұл кезеңдегі әдеби жәдігерлер туралы байсалды ғылыми тұжырымдарын ғана айтып қойған, келешек зерттеушілер мән беруі қажет өзекті мәселелерді де қоса айтты.
Әдебиет


  1. Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы.- Алматы: Мектеп, 1988.- 163 б.

  2. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары. Алматы, 1964.

  3. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Алматы, 1974.

  4. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр-аңыздар. Алматы, 1985.

  5. Жолдасбеков М. Асыл арналар. Алматы, 1986.

Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> Dulaty2014
Dulaty2014 -> Тараз қаласының МӘдени тарихы көшербаева А. Ж., Иманбекова Г. М
Dulaty2014 -> Қытай деректемелеріндегі қазақ тарихының Өзекті мәселелері шолпанқұлова Қ. А
Dulaty2014 -> Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 930. 1: 929 М. Х. Дулатидің «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі тарихи танымдық деректер
Dulaty2014 -> Әож 821. 512. 122. 091 «тарихи-и рашиди» Қазақ тарихының этникалық дерегі
Dulaty2014 -> М. Х. Дулат шығармасындағы сопылық таным көріністері мырзахметұлы М
Dulaty2014 -> Әож 82-94: 297 МҰхаммед хайдар дулати «тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі ислам дініне деген сенімі
Dulaty2014 -> Әож 342. 22: 323 тараз аймағындағы архитектуралық ескерткіштер тарихы
Dulaty2014 -> Тараз мыңжылдық өркениеттер тарихының тоғысында
Dulaty2014 -> Ежелгі тараз тарихының жаңа беттері даурембеков Қ. К


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет