G global сайты үшін



жүктеу 65.08 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі65.08 Kb.


G global сайты үшін

Жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту мәселелерін

шешу жолдары
Ерғали Егемберді – Қазақстан Республикасының

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

ҚР Президенті жанындағы

Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі.

Саяси ғылымдар кандидаты

Берекені көктен тілеме,

еткен енбектен тіле.
Абай Құнанбайұлы
Хуан Сомавия өзінің «2012 жылғы жұмыспен қамтудың жаһандық үрдістері: жұмыспен қамту дағдарысының дамуын алдын аламыз» атты баяндамасында «Үкімет күш-жігерін салғанына қарамастан, жұмыспен қамту дағдарысы әлсіремей отыр және әлемдегі әрбір үшінші қызметкер не жұмыссыз не кедейлікте өмір сүреді. Нақты экономикада жұмыс орындарын құру біздің басты басымдығымызға айналуы тиіс.» деп атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, жұмыспен қамту дағдарысынан негізінен жастар зардап шегіп отыр.

Бүкіл әлемдегі жастардың саны 1,2 млрд. асады. Олардың шамамен


90 %-ы дамушы елдерде, 60 %-ы Азияда, ал 17 %-ы Африкада тұрады.
15-24 жастағы жұмыссыз жастардың саны 2007 жылмен салыстырғанда
4 миллионнан астам адамға өскен.

2012 жылы шамамен 73,8 млн. немесе 12,6 % жас адам жұмыссыз қалған. Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Гай Райдердің болжамы бойынша 2017 жылға қарай бұл көрсеткіш 12,9 %-ға жетуі мүмкін. Бүгінгі күні бүкіл әлемде дағдарысқа дейінгі кезеңге қарағанда, жұмыссыз жастардың саны 3,4 млн адамға көп.

Жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуі барлық елдер үкіметтерінің алаңдаушылығын туғызып отыр. 2012 жылғы ақпанда БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің «Жастарды жұмыспен қамту проблемалары: Құбылмалы әлемде лайықты еңбекке қол жеткізу перспективалары» атты баяндамасында мұның әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты өткір проблемаға айналғаны атап өтілді.

Әлемдік қаржы дағдарысы және одан кейінгі қалыпқа келу кезеңі жастарды жұмыспен қамту мәселесіне тиген ауыр соққы болды. 2012 жылдың төртінші тоқсанында 16-24 аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі Испанияда 52,34 %-дан 55,13 %-ға артқан. Италияда жастардың жұмыссыздық деңгейі 37 %, Грецияда – 57,6 % болды (Eurostat деректері бойынша).

Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) экономисті Эккехард Эрнст (Ekkehard Ernst) Handelsblatt Online-ге берген сұхбатында:«Қазіргі уақытта бұл елдердегі жұмыссыз адамдарға алдағы бес жылда да тұрақты жұмыс табуы қиынға соғады.»,- деп айтты. Ұйымның болжамына қарағанда, жастар арасындағы жұмыссыздық 2017 жылы да Испанияда 50 %-дан, ал Италия мен Грецияда 30 %-дан асатын болады.

Осы тұрғыдан алғанда, еліміздегі қолайлы жағдайды атап өткен жөн. 2012 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 4 % болды.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы еңбек нарығы халықтың экономикалық белсенділігінің артқанын растап отыр. Соңғы 10 жылда жұмыспен қамтылғандардың саны 6,5 млн. адамнан (2002 жыл) 8,5 млн. адамға дейін өсіп қана қоймай, оның сапалық құрылымы өзгерді. Егер 2002 жылы жалданбалы қызметкерлердің арасындағы жастардың үлесі 20 %-дан аз болса, бүгінде ол
30 %-дан асады. Бұл жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің 2002 жылғы 17 %-дан 2012 жылғы 4 %-ға дейін азаюына әсер еткен басты фактор болып табылады.

Екіншіден, бұл жастардың мейілінше мол табыс табуына оң әсер етті. Мұны еңбекақы төлеу жөніндегі статистикалық деректер ғана емес, зейнетақы аударымдарының динамикасы да растап отыр. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқанына 6 жыл толмаған кейбір жастардың зейнетақы жинақтарының көлемі осы жүйе енгізілгеннен бастап қатысқан адамдардың жинақтарына тең, тіпті кейде одан да асқан фактілер бар.

2012 жылы Министрлік облыстармен бірлесіп, Өңірлердің 2013-2015 жылдарға арналған жұмыспен қамту картасын жасау бойынша жұмыс жүргізген болатын. Бұл карта жергілікті еңбек нарығындағы еңбек ресурстарының сұранысы мен ұсынысы туралы мәліметтерден тұрады. Жұмыспен қамту картасына жүргізілген талдау 2015 жылға дейін еңбек нарығына жоғары оқу орындарының шамамен 100 мыңдай бітірушісі кіреді деп болжам жасауға болатынын көрсетті. Колледждер мен кәсіптік мектептердің бітірушілері – 200 мыңнан асады, орта мектеп бітірушілері – шамамен 70 мың.

Кадрларға қажеттілікті анықтау әдістемесі дайындалып, оның негізінде салалар бойынша 2020 жылға дейінгі кадрларға деген жалпы қажеттілік анықталды. Еңбек ресурстарының балансы жасалып, 2014 жылдан бастап оның негізінде Министрлік еңбек нарығын дамытудың бесжылдық болжамын жасайды.

2011 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы да ел жастарының назарын аударды. 2012 жылы барлық төрт бағыт бойынша оған қатысушылардың арасындағы 29 жасқа дейінгі жастарды үлесі 58,7 % (60,3 мың адам) болды.

Бұл Бағдарлама бойынша 2013 жылы 100 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр. Бұл ретте, олардың жартысынан астамын (50 мың адамнан жоғары) кәсіптік оқуға, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға жіберу көзделген.

Кәсіптік қайта даярлауға келсек, ол техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде білім алуға негізделіп отыр. Бұдан басқа, кадрларды қайта даярлау курстары (алты айға дейін) және біліктілігін арттыру курстары (үш айға дейін) ұсынылып отыр. 2012 жылы 426 білім беру ұйымы кәсіптік оқуды жүзеге асырды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының басшысы Пан Ги Мун: «Әлемдегі жастардың, оның ішінде жоғары білімі бар жастардың басым бөлігі не жалақысы төмен әрі перспективасы жоқ жұмыстар атқаруға мәжбүр не жұмыссыздықтың зардабын тартып отыр.», - деген болатын. Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, жастарды жұмысқа орналастырудағы проблемалардың бірі – олардың жұмыс тәжірибесінің болмауы. Жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс берушілер көбіне практикалық стажы бар тәжірибелі кадрларға артықшылық береді.

Сондықтан да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасы сияқты белсенді жұмыспен қамту шараларын іске асырып келеді. Бұл шаралардың мәні төленетін еңбекақыны мемлекет тарапынан субсидиялау болып табылады. Мұндай схема жұмыс берушілердің көңілінен шығып отыр. Өйткені оларға түсетін қаржылай ауыртпалық азайып қана қоймай, өзінің бизнесінде қосымша адам ресурстарын пайдалану әрі өздерінің ұйымдарында одан әрі жұмыс істейтін лайықты үміткерді таңдау мүмкіндігіне ие болады.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша 2012 жылы 53 мың адамды осындай жұмыспен қамтамасыз еттік. Олардың ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 28 мың адам, жастар практикасына 25 адам жұмысқа орналастырылды. Айлық жалақының орташа мөлшері әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 44 787 теңге, жастар практикасы бойынша – айына 17,2 айлық есептік көрсеткіш болды.

Жастар практикасынан өткеннен кейін олардың 22 %-ы, 2-3 айдың ішінде 30-40 %-ы тұрақты жұмыс орындарына орналасқанын жүргізілген талдау көрсетіп отыр. 2013 жылы жастар практикасы бойынша шамамен 17 мың адам, ал әлеуметтік жұмыс орындары бойынша шамамен 18 мың адам қамтылады деп жоспарланып отыр.

Экономист Эккехард Эрнст (Ekkehard Ernst): «Уақытша жұмыс орындары мен біліктілігін арттыру курстары жастар білім алу кезінде алған дағдыларынан айырылып қалмауы үшін қажет.»,- деп атап өтті.

Ешқандай әрекетсіз жүргеннен уақытша жұмысың мен өз тәжірибеңді молайту мүмкіндігіңнің болғаны дұрыс. Ең үлкен проблема жастар жұмыссыз қалып, қайнаған тіршіліктен қол үзген кезде басталады. Халықаралық еңбек ұйымының зерттеуінде Испанияда жұмыспен қамтуға осылайша кепілдік беруге оның жалпы ішкі өнімінің 0,5 %-ы жұмсалатыны айтылған.

Өкінішке орай, жастардың барлығы жұмыс іздеу кезінде жұмыспен қамту қызметтеріне өтініш жасай бермейді. Оның себебі де әртүрлі, мысалы, кейбірін жәрдемақының мөлшері қанағаттандырмаса, екіншілері өзінің құқықтары мен жұмыспен қамту қызметтерінің мүмкіндіктерін білмейді, ал кейбір жағдайларда жұмыспен қамту орталықтары олардың тұратын жерлерінен алыс орналасқан, кейбір жастарға жұмыссыз дегеннің өзі олар үшін кемсітушілік сияқты көрінеді. Дегенмен, 2012 жылы Қазақстанның жұмыспен қамту орталықтарына 16-29 жастағы 167 мың адам өтініш жасаса, олардың 92 мыңы (55 %) жұмысқа орналастырылды.

Бәсекеге қабілетті жастар дегенді қалай түсінеміз? Бұл – білікті, қазіргі заманғы нарық жағдайларында сұранысқа ие, ағылшын тілін меңгерген, ширақ әрі алған білімін тез игеретін жас маман. Қазіргі жоғары оқу орнының бітірушісі - болашақтағы бәсекеге қабілетті маманға қойылатын талаптар осы. Таяу уақытта Қазақстанның Кеден одағына кіруі нәтижесінде туындайтын кадрлық бәсекелестік артып, отандық жұмыс берушілердің алдында одақтас елдердің жұмыс күшінің үлкен нарығы ашылады.

Егер сұраныс туралы айтсақ, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық талдау орталығының деректері бойынша телекоммуникация, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарға сұраныс жоғары. Білікті бухгалтерлер мен қаржы аналитиктері де сұранысқа ие. Интернеттің дамуы нәтижесінде бүгінгі күні нарықта онлайн ортаны терең түсінетін мамандардың, әлеуметтік медиамен жұмыс жасайтын менеджерлердің, іздестіруді оңтайландыру мамандарының тапшылығы сезіледі, әсіресе ағылшын тілін меңгерген, тәжірибелі SEO-мамандар жетіспейді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде берген тапсырмасына сәйкес 2013 жылы наурызда заманауи веб-технологияларға негізделген «Жастар еңбек биржасы» ақпараттық порталы пайдалануға берілді. Бұл портал басты үш рубрикадан және 12 бөлімнен тұрады. 15 сәуірдегі жағдай бойынша оқу орындарын бітірушілердің 63 мыңнан астам резюмесі, жастар практикасы бойынша шамамен 20 мың бос орын, жұмыспен орғандарында тіркелген ізденушілердің 11 мыңнан астам резюмесі жарияланды. Жаңа портал www.enbek.kz «Жұмыс» порталымен өзара байланыстырылған.

Еліміздің инновациялық жаңарған ресурстарын дәл осы жастар құрайтынын ескеріп, осы демографиялық топты мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының ең сапалы бағыттарының ретінде қарау қажет. Сондықтан нарықтық экономика жағдайларына бейім әрі заманауи технологияларды меңгерген, біліктілігі жоғары кадрлар даярлау мемлекеттің маңызды міндеті болып табылады әрі ел экономикасының даму қарқыны мен бәсекеге қабілеттілігі осы міндеттерді шешуге де тікелей байланысты.




Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет