Атырау облысында өзін-өзі өртеген ер адам мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Доссорда өзін өртеуге бел буған 62 жастағы Біржан Баетов үш күн жансақтау бөлімінде жатып, сол күйі есін жимады. 17 қаңтарда таңғы сағат 5-тер шамасында ол көз жұмды. Оның денесінің 70%-ын күйік шалған еді.

Атырау полиция департаменті ер адамның өзін өртеуіне отбасындағы жанжал әсер етті деп мәлімдеді. Алайда жақындары мен көршілері бұған келіспейді. Әйелінің сөзінше, күйеуі жоқшылықтан әбден қажып, осындай қадамға барған.

Марқұм – көп балалы әке, артында екі ұлы, төрт қызы қалды. Өндірісте қолы жарақаттанып, 3-топ мүгедектігін алған. Көше тазалап, мал бағумен айналысқан, аула да сыпырған. Тұрақты жұмысы болмай, кейін жұмыссыздар есебінде тұрды.

Әкімдік берген жалдамалы үйіне несиеге жиһаз бен түрлі заттарды алған. Екі қызын ұзатқанда да қарызға батқан көрінеді.

“Бізге қиын болып кетті. Бала-шағаға да жеткізе алмай, тамақты да несиеге, қарызға алдық. Қарызды қайтадан беремін. Сөйтіп қиын жағдай болып кетті. Жолдасым да қиналып кетті, мен де қиналдым. Сөйтіп жүргенде, жұмысым да тұрақты болмады. Екеуміз арасында осылай жанжалдасып, ұрысып қалатынымыз бар. Сол қиындықты жолдасым көтере алмады”, — дейді әйелі.

Қазақстан аумағында мұнай өндірісі 1911 жылы Доссор кентінен бастау алған. Халық саны – 14 мың адам. Кенттің жүзге жуығы жергілікті мұнай өндіру компаниясында істейді. Мәлімдеулерінше, басқа мыңдаған адам үйдегі қариялардың зейнетақысына, мұғалім немесе тәрбиеші болып істейтін әйелдердің жалақысына күнелтіп отыр. Одан басқа жұмыс жоқ.

“Бұл кісінің қазасы жайлы неше түрлі ақпарат беріп жатқан болар . Мұны терең зерттейтін болсақ, бәрі тұрмыстық жағдайға келіп тіреледі. Халықта жұмыс жоқ. Балаларына жұмыс жоқ. Келген келінде де жұмыс жоқ. Соның бәрі әсер етеді”, — деді жергілікті белсенді Ғазиз Ғабдуллин.

Еске сала кетсек, Атырау облысында ер адам отбасылық жанжалдан кейін өзін өртеп жібергені айтылды. Ол ауруханаға жеткізілген еді.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.