Германияның ұлы ақыны және ең керемет ойшылдарының бірі Иоганн Вольфганг Гётенің есімі адамзат мақтан тұтатын ең үздік есімдер қатарына жатады



жүктеу 178.48 Kb.
Дата05.10.2018
өлшемі178.48 Kb.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті
Патриоттық тәрбие беру ҒЗИ

Б.Г. НҰҒМАН

ИОГАНН ВОЛЬФГАНГ ФОН ГЁТЕ –

неміс ақыны, мемлекеттік қайраткер,

ойшыл және табиғат зерттеуші

Қарағанды 2014







АЛҒЫ СӨЗ
Германияның ұлы ақыны және ең керемет ойшылдарының бірі Иоганн Вольфганг Гётенің есімі адамзат мақтан тұтатын ең үздік есімдер қатарына жатады. Оның өмірі мен шығармашылығы феодалдық, дворяндық-монархиялық Европаны буржуазиялық-капиталистік Европаға өзгерткен соғыстар мен революциялар катаклизмімен тығыз байланысты.

Жеңіске жету риясыздығы емес, керісінше, барлық мүмкін жолдармен және тәсілдермен шындықты қоймай іздестіру, шындық үшін күресу – Гётенің жан-жақтылығын істе көрсетті. Гете поэзия туралы пайымдауында: «Әлем қаншалықты ұлы және бай, өмір қаншалықты көп қырлы. Менің өлеңдерімнің бәрі жағдайдан туған. Олар шындықтан шабыт алған, соған негізделген, соған құштарланған» – депті. Оның түрлі әдебиет жанрлары мен ғылыми пәндерге жүгінуі әрдайым мазалаған сұрақтардың шешімін табуға ұмтылысымен тығыз байланысты: жоғарғы мақсатқа ғана отырып, адам қалайша өмір сүру керек? «Шексіз, дыбыссыз сөйлейтін табиғатпен қарым-қатынасқа түсе отырып», оның «ашық құпияларын» құмарта түсініп, Гёте адамзаттың тарихи тұрмысының «жұмбағын» шешуге де ұмтылды.

Гёте жастық шағынан өмірінің соңына дейін қарапайым халқын жан-тәнімен сүйді, оның еңбегін, тәніндегі күші мен адамгершілік қуатын құрметтеді. Халық арасындағы кемістік пен мардымсыздықтың ешқайсысы оны тоқтата алмады. Ол адам бойындағы пасық неміс болмысынан, ажырамас кедейлік пен құлдық кедейлік әсерінен болған бөгде, жаман қылықтардан дұрыс түйір таба білді. Гёте шаруа, орманшы, кенші сияқты қарапайым адамдардың еңбек және отбасылық өмірін бақылауды жақсы көрді. Гёте сауаты ашылмаған қарапайым халықтан өзінің жоғары екендігін ұмытпаған Вольтердей емес, ол үшін халық абстрактілі түсінік болған жоқ.

Халықпен осылайша ұштасу, халықпен, оның өмірлік қызығушылығымен, қуанышымен және қайғысымен өзара пікірлесу Гётенің рухани демократизмінің, жоғары гуманизмге толы бүкіл шығармашылығының және қоғамдық-саяси қызметінің берік негізі болды. Осыдан болар, Гретхен (Фауст) мен Клерхен (Эгмонт), Марианна (Вильгельм Мейстер), Филимон мен Бавкида (Фаусттың екінші бөлімінің 5-көрінісі) сияқты тартымды және әсерлі кейіпкерлер – халық арасынан шыққан кейіпкерлер. Олардың бәрі мейірімсіз қанаушы жаққа тап болып, құриды. Ұлы ақын басынан өткерген трагедиялық концепция осындай.

Сонда да «Фаустты» жаратушының бойында жарқын болашаққа деген сенім («Азат жерде халық та азат») жоғалмады. Алайда бүгіннен бастап ол ақын санасында бүкіләлемдік адамзат тарихындағы шалғай болашақта ғана көрініс тапты.

Кто жил, в ничто не обратится!

Повсюду вечность шевелится,

Причастный бытию блажен!

Оно извечно...

Гёте
Иоганн Вольфганг Гёте — жаңа замандағы неміс әдебиетінің негізін қалаушы, ойшыл және табиғаттанушы, Петербург ҒА шетелдік құрметті мүшесі (1826). 1749 жылдың 28 тамызында Франкфурт-на-Майн атты ескі неміс сауда қаласында, ауқатты бюргер Иоганн Каспар Гётенің отбасында дүниеге келіп, 1832 жылдың наурызында Веймарда қайтыс болады. Гётенің әкесі тақуалы, қатал, адал адам болған. Одан ұлына білімге деген құштарлық, әр нәрсеге егжей-тегжейлі көңіл бөлу, тиянақтылық және табандылық дарыған. Анасы баласының бойынан оқиғалар жазуға деген махаббат оятты, Гёте үшін ол жүрек жылулығының, даналық пен қамқорлықтың үлгісі болды.

Гётенің үйінде үлкен кітапхана да болды, соның арқасында жазушы «Илиадамен», Овидийдің «Метаморфозаларымен» ерте танысты, Вергилий мен басқа да замандас ақындардың шығармаларын түпнұсқа күйінде оқыды. Оның әкесі өз мүддесін қанағаттандырмаса да, балаларына көп мүмкіндік беруге ұмтылды және олардың білім алуына мүмкіндік жасауға тырысты.

Иоганн Гёте ақындық шығармашылыққа ерте бейімделді. Ол жеті-сегіз жасында ежелгі тілдер – латын және грек тілдерін меңгеріп үлгерді, неміс тілінен басқа, итальян тілдерін де үйренді. Иоганн сонымен бірге би, атпен жүру және семсерлесу сабақтарын алған. Әкесінің жетекшілігімен ақыл беретін тақырыпта латын және неміс тілдерінде әңгімелер жазды, табиғат сұлулығына қызығатын. Он алты жасында Гёте Лейпциг университетіне аттанып, жоғары білімін Страсбург университетінде 1770 жылы аяқтады, мұнда ол құқық докторы дәрежесіне диссертация қорғайды. Сонымен бірге ол оккультті философиямен, астрологиямен айналысады, орта ғасырдың алхимия трактаттарын оқиды. 1769 жылы оның «Новые песни» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көреді.

1770 жылдың басында жаңа бастап жүрген ақын юриспруденциялық білімін жалғастыру үшін Страсбургке аттанады. Сонымен қатар, Гёте химия, медицина, филология дәрістеріне де қатысады. Страсбургте Гёте Зазенгеймдегі пастордың қызы Фридерика Брийонмен танысады. «Письма в стихах, так называемые «Зазенгеймские песни» деп аталып, ғашығына арналған, өлең түрінде жазылған хаттар 1775 жылы жарыққа шығады. Жырлардың басты тақырыбы (неміс әдебиетінде алғаш рет) бозбалалық күйзеліс болып табылады, бұл алдағы әдеби дәстүрдің күрт кереғар болуына септігін тигізді.

1770 жылдың қыркүйек айында Страсбургке философ және сыншы И. Г. Фон Гердер келеді, ол Гётенің бойында готикалық сәулет өнері мен халық поэзиясына деген қызығушылық оятады. Гёте Гомерді, Оссианды, Кельт эпостарын оқиды. Жаңа бастап жүрген ақын философтан сол кезде неміс сахнасында басым болған француз театрына сыни қарауды қабылдайды. Француз классицизмінің «дұрыс» театрына қарама-қарсылық ретінде Гердер Гётеге Шекспир театрын көрсетеді.

Көбінесе шекспирлік драмалық дәстүрге сүйене отырып, 1771 жылдың қараша айында Страсбургтен Франкфуртке келгенде Иоганн Гёте «Гец фон Берлихинген» атты алғашқы едәуір пьеса жазады (1774 жылы қойылды). Гец фон Берлихинген – шынайы тарихи кейіпкер, Гёте оған XV және XVI ғасырлардағы мемлекеттік құқық тарихының мәселелері жөніндегі диссертациясымен жұмыс істегенде ден қойды. Ұлы шаруалар соғысы кезінде (1524-1526) шаруалар жағында болған Берлихинген «мейірімді немістің», батыр-патриоттың, парасатты, адал, ер жүрек, еркіндік сезімі кернеген тұлғаның мінсіз үлгісі болды. Ақын оны Гец деп атаған және оны (Гецті) замандастар еліктеу үлгісі ретінде қабылдады, ал пьесаның өзі Гердера мен И.Г. Мерк айналасында қалыптасқан жас әдебиетшілердің саяси ангажирлеу қозғалысының манифесі болды. Қозғалыстың басқа қатысушыларымен бірге, Гёте «О немецком духе и искусстве» памфлетін (1773), қозғалыстың бағдарламалық құжатын жазуға атсалысады [1, 51-б.].

Гётені зерттеушілер оның бастапқы шығармаларының еліктеушілік сипатқа ие екендігі жайлы алдын ала болжам жасайды. «Die Mitschuldigen» (Совиновники) комедиясы, пастораль «Die Laune des Verliebten» (Каприз влюблённого), «К луне», «Невинность» және тағы басқа өлеңдері рококо әдебиетіне тән. Гёте өзіндік ерекшелігін ашпайтын бірқатар шығармалар жазады. Рококо ақындарындағыдай, оның махаббаты – сезімдік жұбаныш, табиғат – шеберлікпен орындалған декорация; ол рококо поэзиясына тән поэтикалық формулаларды шебер қолданады, александриялық өлеңді және т.с.с. жақсы меңгереді. Гете табиғатты сан түрлі бояулармен, кескіндеумен бірге, сол сезімді жүрек сәулесімен нұрландырып, керемет жырға айналдырды.

Гётенің Гердермен кездесуі оның шығармашылығындағы жаңа бетбұрыс болады, Гердер Гётені поэзия мен мәдениетке деген көзқарастарымен таныстырады. Ол халық поэзиясына қызығып, соған еліктеумен «Heidenröslein» (Степная розочка) өлеңін және т.б. жазады. Келесі жылдар қарқынды әдеби жұмысқа толы болады, алайда оған заң тәжірибесі де бөгет бола алмайды. Өйткені Гёте бұл іспен әкесіне деген құрметтен айналысуға мәжбүр болды. Және де Франкфурт қаласының империялық кеңесшісі өз ұлы Иоганды 1772 жылы көктемде Ветцлерге оқуға аттандырғанда, әрине ақын болып қайту үшін жіберген жоқ еді. Әкесі Гётені болашақта заң қызметіндегі төре болады деп үміт етеді.

Ветцлерге оқуға барған жас Гётенің империя заңдарын оқып үйренуге құлқы болмай, әр қилы ақындар творчествосын зерттеуге кіріседі.

1774 жылдың көктемінде, бүкіл әлемнен толық жасырынып, төрт аптаның ішінде, Гёте «Страдания юного Вертера» шығармасын жазады, бұл жаңа неміс әдебиетіндегі алғашқы едәуір шығарма болды. Гётенің бұл романы хат түрінде жазылған сентименталдық роман дәстүрін жалғастырды және XVIII ғасырдың екінші жартысында кеңінен тарады. Көп томды эпистолярлы романда бірден бірнеше кейіпкердің хат жазысуы болса, «Вертерде» жетекші роль бір адамға ғана тән. Тіпті, «Вертердегі» бір адамның ішкі өмірін сипаттау әдеттегі бюргерлік өмір көріністеріне сай келеді. Гёте әртүрлі екі әдеби дәстүрді революциялық түрде біріктіреді, өйткені күнделікті өмірді сипаттайтын романдар, жан тарихын сипаттайтын романдарға қарағанда, басқа дәстүрге ие болды. Гётенің бірінші романында «ішкі адамның» тұрмысы, оның рухани дамуы, оның махаббаты мен өлімінің трагедиясы шет аймақтық қаладағы күнделікті өмірінің аясында өрістейді [2, 87-б.].

Сана сезімнен жоғары түсінілген кезде, Ағарту кезеңінде жазылған Иоганна Гётенің бұл романы сырды ашып беру сипатындай болды. «Вертердің» басты тақырыбы – барлық көріністегі махаббат. Қарапайым адамның махаббаты романда діни мәнге ие болады да, оған өзінің даралығын ұғынуға, ішкі еркіндікке ие болуына көмектеседі. Алайда өзіндік даралықты, яғни қандайда бір шектеулікті Вертерді өзіне-өзі қол жұмсауына әкеледі: өлім кезінде кейіпкер физикалық әлем шектеулігін, өз махаббатының шектігін жеңеді, шексіз табиғатқа сіңіп кетеді.

1774 жылдың жазының соңында жарияланған «Вертер» Германия мен одан тыс елдерде де таң қаларлық жетістікке ие болады. Роман бірден көптеген еуропалық тілдерге аударылды. Оны еуропалық жастарды жаңа буыны сүйіне қабылдағанмен, ағартушылар мен шіркеу қызметшілерінің тарапынан қатаң сынға ұшырады, олар жас автордың бұл шығармасын өзін-өзі өлтіруді мадақтау деп білді.

1775 жылдың жазында Иоганн Гёте мұрагер шаһзада, Саксония-Веймар герцогы Карл Августпен танысады. Бұл кездейсоқ танысу жағымды нәтиже беріп, Гётенің өмірінде жаңа кезеңнің ашылуына себеп болды. Сол жылдың қараша айында Гёте Веймарға көшіп барады, сонда ешқайда шығусыз өмірінің екінші жартысын өткізеді. Веймардағы алғаш жылда Гёте герцогствоның саяси өміріне белсенді араласады, «палата президенті» болып тағайындалады, бұл Веймарда бірінші министрдің дәрежесімен тең болатын. Әр уақытта ақын кен мекемелерінде, әскери комиссияда басшылық қызмет атқарды, мектептердің, халық денсаулығы мен оны хабарлау жолдарының қамын ойлады, 1791 жылдан бастап театр меңгерушісі болып, феодализм қалдықтарымен ауырлық түскен халықтың жағдайын жақсартатын шаралар өткізіп тұрды. Осылайша Франкфурт немесе Страсбург уақытындағы портреттерінде суреттегендей бозбалалық келбет билеуші-философтың қатал әрі терең ойлы келбетке айналды. Тәжірибелік істің көптігі оны әдеби іспен айналысудан алаңдатқандықтан, Веймардағы өмірінің алғашқы жылдарындағы жаңа шығармаларының саны аз болды. Сол уақытта «Вильгельм Мейстер», «Ифигения в Тавриде», «Торквато Тассо» және «Эгмонт» жазылды. Ал «Стихи к Лиде» және балладалар сол кезеңнің лирикалық шығармалары болып табылады, онда бақытқа кенелтетін де, құртатын да табиғаттың құпиялық сарыны басым [3, 191-б.].

Лириканың алғашқы нұсқасы Гетенің 27 жасында жазылған. Екінші өлең 4 жылдан кейін дүниеге келді. Гете өзінің жастық шағымен қоштасып, махаббат сезімі шарпыған жалынды жылдарын артта қалдырады. Ғашықтың дер-тінен жапа шеккен ақынның қаяу көңілі достарынан да қол үздіреді. Жалғыздықты сезінген Гете енді жанына тыныштық тіледі. Аруларға деген сүйіспеншілігінен жан дүниесіне жара салған көңілі қаяу еді. Жабырқау жүзіне Тәңірден медет іздеді. Жанын жұбандырар жыр ғана. Сол жыр жан тыныштығын іздеген ақын сырын сыртқа, жұртқа жайды. Клауэрдің Гетенің дәл осы шағындағы салған мүсіні отыз жасар ақынның әбден шаршап, қалжырап, жабығып, беттері әжімделіп, уайым мен мұң басқан келбет-кескінін бейнелеген.

Гётенің фон Штейн ханыммен танысуы оның адамгершілік және көркемдік тұрғысынан өзгеруіне әсер етті. Құрбысының бойынан қызығушылығы мен талпынысы бір және оны түсініп, қолдай алатын құрдас тапты. Гёте оған шығармаларын жатқа айтатын, тіпті ғылыми мәселелер жөніндегі ойымен де бөлісетін. Ханымның көмегімен ол Веймарда ең дарынды жазушылар (Гердер, Виланд және т.б.) мен кемелденген әйелдер үйірмесін ашты, кейін бұл үйірме бүкіл Германияға танылып, әдеби жұмыстар жазуда, әуесқойлық спектакльдер қоюда, қолжазба журналдар шығаруда сарқылмас байлық болды. Сонымен бірге, ол табиғаттану бойынша жұмыстар жүргізді, мамандармен, қарапайым кен қазушылармен және орманшылармен әрдайым араласа отырып, ол табиғатқа одан да жақындай түсті, табиғаттың өмірі жайлы біле бастады. Геология мен минерология бойынша жүргізген жұмыстары мен зерттеулері, ботаникалық бақылаулар, остеологиямен айналысуы о баста, оның жас кезінде болған, ал енді құмарлыққа айнала бастаған қызығушылықты оятты. Ортақтығы аз суретші мен қоғам қайраткерінің дарындылығы ондағы натуралист талантымен күрделенетін, өйткені ол үстірт жұмыстардан жаңалық ашу және жаңа жол салу қабілетіне ие болатын.

Осылайша, Гётенің әдеби қызметтен кету әрекеттері сол кезеңдегі саяси оқиғаларға (Ұлы француз революциясы, франк-прусс соғыстары) жауап болғандай: жаратылыстану ғылымдарын зерттеуге көп көңіл бөле бастайды, физикамен, ботаникамен («Опыт метаморфозы растений» трактаты, 1790), анатомиямен айналысады. 1784 жылы Гете адамның жақ арасындағы сүйегін ашады.

1786 жылдың күзінде, сарайдағы міндеттерінен шаршаған Иоганн Гёте Веймардан жасырын түрде кетіп қалады. Кей шығармаларының қолжазбаларын өзімен бірге алып, ол Италияға аттанады. Сол жердегі антикалық өнер ескерткіштерін зерттеу үшін ғана емес (былай деп өзі де айтқан), сонымен бірге жеке өмірін шығармашылыққа қайтып оралуға дайындау үшін келді. Оның алдында жаңа және еліктірер әсерлер әлемі ашылды. Өнер мен табиғат ғажаптары, ұлы ел рухы оның жанына шипа болды. Мұның бәрі оны заманауилықтан алшақтатып, таза өнерге, сұлулыққа, шексіз философиялық ойларға әкелді. Саясатқа қайтып бару ақылға сыймайтын болар еді.

Италияда өткізген екі жылда Гёте антикалық және классикалық өнерді зерттеумен айналысады. Римде Гёте «Ифигения в Тавриде» (1779-1786), «Торквато Тассо» (1780-1789) және «Эгмонт» (1788) драмаларын өзінің жаңа көркемдік принциптеріне сәйкес қайта жазады.

Иоганна Гётенің Италиядағы саяхатынан неміс әдебиетінде «веймарлық классицизм» кезеңі (1786-1805) басталады. Гёте 1788 жылы Италиядан Веймарға қайтып келген сәттен бастап, Карл-Август ақынды сарайдағы міндеттерінің көбінен босатады, оның жеке қызметіне еркіндік береді.

XVIII ғасырдың соңғы он жылдығы мен XIX ғасырдың алғашқы жылдары Гёте мен Фридрих Шиллердің тығыз қарым-қатынасымен өтеді, бұл достық тіпті Шиллердің өмірінің соңына дейін жалғасады. Шиллердің кеңесімен Гете Вильгельм Мейстер жайлы алғашқы романды («Годы учения Вильгельма Мейстера», 1793-1796) аяқтайды, «Фаустқа» қатысты жұмысын қайта жаңғыртады. Олар бірге «Ксения» атты эпиграммалар циклын, балладалар (шиллер балладалары «Ивиковы журавли», «Кольцо Поликрата», «Коринфская невеста» Гёте) жазады.

1808 жылы Иоганн Гёте қайтадан рухани дағдарысқа ұшырайды. Гёте Веймардан кетіп, Карлсбадқа аттанады, «Избирательное сродство» романының (1809) алғашқы бөлімдерін жазады, бұл романды ХХ ғасырдағы неміс интеллектуалдық прозасының жаршысы деп тануға болады. Бұл шығармада ерекше философиялық ой тереңдігі түсіндірудің қарапайымдылығымен және тынықтығымен үйлесіп жатыр, ал әр, тіпті ол болмашы болса да, сипаттау бөлшегі символдық мәнге ие болады, тіпті күнделікті өмірде де, — дейді Гёте — қарапайымдылықтың өзі символдық мәнге толы екендігін біз әрдайым түсіне бермейміз [4, 105-б.].

1811 жылы Иоганн Гёте өзінің еске алулары жайлы «Поэзия и правда» атты кітап шығарады. Ал 1819 жылы «Западно-восточный диван» атты шығармасы жарыққа шығады, бұл бірегей поэтикалық жинақ, онда Гёте Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрін синтездеуге талпыныс жасайды. «Ақынды танып-білу үшін оның ел-жұртын көріп, тану керек» деген поэтикалық дүниетанымның қағидасына айналған әйгілі сөзді Гёте осы шығармасында жария еткен. «Құдіретті Шығыс! Құдіретті Батыс!» деп, дүниенің ажырамас бірлігін паш еткен. Қартаю – тыныш кабинеттік еңбек уақыты болса да, - Гёте жаратылыстану-ғылыми жұмыстарын қайта қарап, «метаморфоза растений» және «Farbenlehre» туындыларын халықтың назарына ұсынды. Ой өрісін әрдайым жетілдіріп отырды.

1829 жылы Вильгельм Мейстер туралы романының екінші бөлімі шығады. Егер Мейстер жайлы бірінші романда кейіпкер қоршаған ортаны тану, өнер мен махаббат арқылы қалыптасса, «Годы странствия Вильгельма Мейстера, или Отрекающиеся» романында тұлғаның жан-жақты даму үлгісі басшылыққа алынбайды. Мұнда жеке тұлғаның өркениеттің жалпы дамуына қосар практикалық үлесі маңызды (осылайша, Вильгельм актер болудан бас тартып, хирургияны оқуға бет бұрады). «Годы странствия» романы онда сюжеттің кезекті дамуының жоқтығымен қызықты. Ол сыртқы формасы әртүрлі көптеген фрагменттерден тұрса да, олар ішкі мағыналық қатынасты өзара байланысты күрделі жүйені құрайды.

1831 жылы Иоганн Гёте «Фауст» трагедиясын аяқтайды, бұл жұмыс шамамен алты жыл уақытты алды. Дәрігер Иоганне Фауст жайлы орта ғасырлық аңыз сюжеттің негізі болды, сюжетте дәрігер жай металды алтынға айналдыруға мүмкіндік беретін білім алу үшін шайтанмен шартқа отырады. Гёте бұл аңызды терең философиялық және символдық мәнге толтырады, нәтижесінде бұл шығарма әлемдік әдебиеттің едәуір шығармаларының бірі болады.

Алты жыл бойы ақынның серігі болған, оның дамуының барлық кезеңдерін бірге өткерген трагедияның қорытынды бөлімі оның өмірі мен шығармашылығында үйлесімді аяқталады. Ұлы армандарды орындауға әлі де қабілетті қария өмірінің шырағы сөне бастады. Ол өлімнен қорыққан жоқ, өз өлеңінің мына жолдарын қайталай берді: «Подожди немного, отдохнешь и ты». Ол қайтыс болатын күннің таңын қарсы алады, көркем көктем табиғатымен тамсанады. Ақын жаңа жұмыстар бастау үшін бірнеше кітап әкелуді сұрап, шаршағандықтан креслоға отырады, сол мезетте ол өмірден озады». Бұл 1832 жылдың 22 наурызы еді [5, 6-б.].

Айтарлықтай оқиғаларға бай болмаса да, ішкі мазмұны мен күші бойынша таң қаларлық болған Гёте өмірі адамзатқа қатысты сан саланы қамтыды: поэзия мен ғылым, практикалық іс және әлемдік мәселелер, халықшылдық пен космополитизм, өнер құпиялары мен табиғат зерттеулері, тұлға психологиясы мен гуманистік бүкіл адамзаттық идеалдар. Гёте із қалдырмаған бірде-бір әдебиет саласы жоқ. [5, 3-б.].

Үлкен ақыл-білім иесі Гёте Эккерманмен әңгімелесе отырып, кітапты дұрыс оқып-түсінудің қиындығына тоқтала келіп, өмірінің сексен жылын оқу өнеріне арнаса да, осы өнерді түбегейлі игере алмай жүргенін мойындап еді. «Мен, — дейді Гёте Эккерманға, — ұлы әлемдік оқиғалар орын алған кезеңде дүниеге келдім және олар менің ұзақ ғұмырымда таусылған емес, сондықтан мен Жеті жылдық соғыстың, Американың Англядан бөлінуінің, Франция көтерілісінің, тіпті наполеондық кезеңнің куәсі болдым. Сондықтан менде қазір ғана дүниеге келіп, мұндай елеулі оқиғаларды түсініксіз ктіаптардан оқуға мәжбүр болатындардан гөрі өз түйіндерім мен көзқарастарым бар». Гёте бірінші француз буржуазиялық көтерілісінің нәтижесін жоққа шығармаса да, оны тұрақты негіз деп қабылдаған жоқ. «Уақыт бір орында тұрмайды, өмір үздіксіз дамып отырады, адамдар арасындағы қарым-қатынас әр елу жыл сайын өзгеріп отырады, - ол өзінің адал досы Эккерманға осылай деген, - 1800 жылы үлгілі деп саналған тәртіптердің өзі апатты сипатқа ауысуы мүмкін» [4, 76-б.].

Иоганн Вольфганг Гете атын атағаннан-ақ алуан сырлы атаулар тізбегі, сол заманды марапаттап айқындайтын символдық белгілер көкірегіңізде ояна кетеді. «Ұлы неміс». «Таңғажайып талант». Алып ойшыл. Адам баласы көркемдік ойының асқар тауы. Неміс романтигі. Неміс философы. Ақыл-ойдың соңғы байлауындай естілетін: «Кім табандар күн құрғатпай күрессе, бақытты еркін өмір соның сыбағасы болмақ». Сосын: құдіретті Гете көзі тірісінің өзінде бүкіл Еуропа елдеріне танылып, көзі тірісінде талай томдық кітаптары дүркін-дүркін басылып шыққан.

Гете 31 қаңтар 1827 жылы өз хатшысы Эккерманмен әңгімесінде былай дейді: «Мен поэзия адамзаттың ортақ игілігі екеніне барған сайын көзім жетіп келеді, барлық уақыттарда оның қорғаушылары һәм таратушылары жүздеген, мыңдаған адамдар болып табылады. Бірақ, расы сол, біз, немістер, егер бізге отандық тар ой өрісінен жоғарылай алмасақ, онда педантты (яғни жаттандылықтан аспайтын, құр тақуа) өзін дәріптеушілікке, әншейін даңғой бөспелікке тез беріліп кетуіміз кәнік. Сондықтан да мен бөтен ұлттардың шығармаларымен шын көңіліммен қуана-қуана танысамын және әркімге де өз кезегінде оларды оқуға кеңес беремін. Ұлттық әдебиеттің қазір құны шамалы, қазіргі уақытта біз әлемдік әдебиет дәуіріне ендік және әрбір адам енді осы дәуірдің пайда болуын тездетуге көмектесуі керек. Алайда шетелдік дүниені осыншама ардақтай тұра біз бәз біреуінде ерекше іркіліп қалып, оны өнеге, үлгі, нұсқа санамауымыз керек. Сондай үлгі деп қытай әдебиеті, немесе серб әдебиеті, болмаса Калдерон, яки Нибелунгтар деп ойлаудың қажеті жоқ; биік үлгілерді қажетсіну біздерді үнемі антикалық көне гректерге алып келеді - нақ солардың шығармашылығында тамаша, көркем адам бейнеленген. Қалғанының барлығын тек тарихи тұрғыда қарастыру керек, демек бар нәрсенің барша жақсысын мүмкіндігімізше сіңіріп алуымыз керек».

Бір басында ақын, философ, геолог, минеролог, зерттеуші, ғалым, ботаник, химик, математик, зоолог, тарихшы, лингвист, т.б. ғылым салаларына шынайы құштарлық тоғысқан Гетенің басқаша болуы мүмкін еместей. Ол ғылымдардың тоғысқан, түйіскен жерінен білім жарығын көрді.

«Әйгілі орыс ғалымы Климент Аркадиевич Тимирязев тегін айтпаған екен: «Ол бір тұлғада ұлы ақынның, ойшылдың және әйгілі ғалымның үйлесуін көрсететін адамзат санасындағы жалғыз мысал болып табылады». Оның ғылыми зерттеулері мен қызығушылықтарының аясына геология мен минералогия, зоология мен ботаника, анатомия мен остеология, акустика мен физиологиялық оптика енді; осы жаратылыстану ғылымының әр саласында Гёте, өзінің үйреншікті саласын – поэзиядағыдай, еркіндік пен новаторлық қызмет танытты.

Сөзімізді түйіндеу үшін, Қазақстанның мәдениетке еңбегі сіңген қайраткер, аудармашы Г.К. Бельгердің данышпан адамдар жайлы еңбегін мысал ретінде келтіруге болады. «Исполины духа: Гёте – Пушкин – Абай» эсседе, осы үш данышпанның бойындағы бабасынан қалған ген туралы жаза отырып, Г. Бельгер тек лексемасын ұсынып, оған мынадай анықтама береді: «Қазақтың «тек» деген сөзі – жоғары түсініктер қатарынан шыққан сөз. Ол «шығу тегі», «тектілік», «тектік тамыр», «адамгершілік бастаулары», «текшілдік» дегенді білдіреді. «Тексіз Адам» – «тегі жоқ адам», «тұрарлық тамыры жоқ адам» деген түсініктер қазақ халқында жек көрінішті, кем көрсететін сипатқа ие». Мұны Франкфурт қаласының империялық кеңесшісі Иоганна Каспара Гетенің ұлы, Франкфурт қаласының шультгейсі (бас заңгері) Иоганн Вольфганг Текстордың немересі, құпия кеңесші, ресми түрде императордың наменгері болып саналған қала-республика басшысы, министр фон Гетенің өзі жақсы түсінді. XVI ғасырдың керемет суретшісі Старший Лукас Кранахтың (1472-1553) Гётенің оныншы буындағы бабасы болғандығын айта кеткен жөн, ал кейінгі кезде Гете мен Гегельдің ата-бабалық туыстығы бар екендігі анықталды. Гетенің ата-тегі осындай! «Жоқтан ештеңе шықпайды. Кездейсоқ нәрсе де болмайды. Әр нәрседе қатал заңдылық болады. Әлемдік даңққа ие болған Гетенің бойында кенеттен Шығыс поэзиясына деген махаббат пен құлшынысында қандай да бір заңдылық пен рухани байланыс бар деп есептеймін. Нәтижесінде бірегей, алайда жұмбаққа толы «Западно-Восточный диван» атты туынды дүниеге келді. Ал тәжірибелі Абай кенеттен Батысқа қызығушылық танытты, ол енді Шығыстың ол үшін Батыс болып табылатындығын айтты, ал Пушкин, нағыз еуропалық ретінде, екі материктің де руханилығына бірдей қызықты, оның шығармашылығында батыстың да, шығыстың да сарыны болды. Гете, Пушкин, Абайдың рух патшалығында қауышыуында, ұлттық шекті бұзып, адамзаттық мәнге жеткендігінде «ТЕК» сөзі, яғни тектік тамыр, тектілік, адамгершілік бастаулары айтарлықтай роль атқарды, ақын жандарының жақындығын дәлелдеді. Данышпан – шындығында әр тарап түсінік [6, 32-б.].


Әдебиеттер тізімі


  1. Автобиография Гете И. В.- М.: Захаров, 2003. – 736 с.

2. Забулионите Аудра-Кристина Иосифовна Тип-образ и универсальность типологического метода в натурфилософии И.В. Гете // Этносоциум и межнациональная культура. № 4 (36). – М., 2011.

3. Фишер, Куно. Фауст Гете: Возникновение и состав поэмы / Пер. И.Д. Городецкого М. 1887г. Издание В.Н. Маракуева. [3], III, 228 с.

4. Штейнер Р. Мировоззрение Гёте: Пер. с нем. — СПб.: Деметра, 2011. – 192 с.

5. Шахов, А.А. Гете и его время [Текст]. – СПб., 1891. – С. 3–6. vestnik.yspu.org›releases/2011_2g/11.pdf


6. Герольд Бельгер. Исполины духа. Гете-Пушкин-Абай. Эссе. // Альманах «Литературная Алма-Ата». № 1. – 2005.




Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет