Түлкібас ауданы, Керейт елді мекенінің тұрғындары алтын іздеуге келген компанияның жерді бей-берекет қазып тастағанына наразы. Барлаушылар 17 ауыл округі пайдаланып отырған өзенді лайлап тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Turkistan TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скрин

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алтын іздеушілер барлық талаптарды ескермей, жерді оңды-солды қазып тастаған. Барлау жұмыстары деген сылтаумен жер байлығын заңсыз өндірген. Алтын өңдеу үшін химиялық қоспаларды пайдаланып, ауыл маңындағы Қайыршақты өзенін лайлаған. Салдарынан өзенде балық қалмаған. Онымен қоймай, ауыл халқы лас суды тұтынуға мәжбүр. 

“Қазба жұмыстары басталғалы өзенде балық қалмады. Қайыршақты өзенінде шармай (маринка) деген балық болатын. Бау-бақшалар мен мал асырап отырғанда да судың зардабын тартып отыр. Мал мүлде су ішпейді. Жыл сайын өзен суының тартылып жатқаны тағы бар. Балық өлгеннен кейін ауру болады. Жасыратыны жоқ ауру болып та жатыр”, – дейді ауыл тұрғыны Нұрбол Тайжанов.

Қазір алқапта 40-қа жуық адам екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Олардың көбі жалдамалы жұмысшылар. Алайда олар бұл аймақта алтын өндіріліп жатқанынан бейхабар. 

Ал кәсіпкердің айтуынша, барлау жұмыстарын жүргізуге барлық құжаттары түгел, тіпті жер иесінің рұқсаты да бар екен. Ол барлау жұмыстары аяқтала сала қазылған жерді 2-3 айдың ішінде көміп кетуге уәде берді.

“Бұл жердің аршылымы көп болғандықтан терең шұңқыр қазуға мәжбүрміз. Осылайша біз оның құрамында алтынның бар-жоғын анықтай аламыз”, – дейді кәсіпкер.

Түлкібас аудан әкідігінің қызметкерлері мұндай барлау жұмыстары министрліктен лицензия алғаннан кейін ғана басталатынын айтады. Сонымен қатар олар кәсіпкерлерді ауыл тұрғындарымен кездестіруді жоспарлап отыр.

“Кәсіпкерлік нысан экологиялық сараптама алғаннан кейін жергілікті қауымдастықтан рұқсат алу керек. Ол қоғамдық тыңдау болып есептеледі. Осы жылдың мамыр айында жергілікті қауымдастықпен Балықты және Арыс ауылдық округтерінде қоғамдық тыңдау өткізуді жоспарлап отырмыз”, – дейді Түлкібас аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ұлас Әлімбаев. 

Бұған дейін Ұлытау облысында "Охотзоопром" қызметкерлері мен тұрғындар арасындағы төбелес туралы тың деректер жайлы жазған едік.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.