Отбасы банкі депутат Ислам Сұңқардың “халықтың өз ақшасын өзіне пайызбен беріп отыр” деген сынына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Депутат Ислам Сұнқар мәжіліс отырысында "Отбасы” банкінде ипотека алған азаматтар депозитке тұрғын үй соманың 50% өздері жинайтынына қарамастан, банк несие берген кезде пайызы несие сомасының 100% есептелетінін, азаматтардың өз ақшасы үшін де несие сыйақысын төлейтінін айтып, сынға алған еді.

Банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, төмен мөлшерлеме бойынша несие алу үшін "Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" заңда жазылғандай, банк салымшысы депозитте кем дегенде үш жыл бойы кредит сомасының 50%-ын жинақтауы тиіс. Осыдан кейін ғана ол қолжетімді шарттармен ипотека ала алады. 

“Үш жыл бойы күтіп, ақша жинағысы келмейтін, бірақ қолында тұрғын үй құнының 50%-ы бар қазақстандықтардың да Отбасы банктен кредит алатын мүмкіндігі бар. Бірақ олар қалай болғанда да, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі туралы заңға сәйкес, үш жылдық жинақтау мерзіміне шыдамдылық көрсетуі тиіс. Сондықтан мұндай клиенттер өздерінің қолда бар 50%-ын банктегі депозитке аударады. Осы 50% жинақ шотында болған кезде оған банктің сыйақысы және 200 АЕК-тен аспайтын сомаға 20% мөлшерінде мемлекет сыйақысы есептеледі.

Клиент өз депозитінің "жетілгенін" күткен уақытта банк оған аралық заем береді. Ол қажетті соманың 100% мөлшерінде беріледі. Тиісінше, мұндай кредит бойынша пайыздар барлық берілген сомаға, яғни 100% есептеледі.”, – делінген банк жауабында. 

Банктің мәліметінше, бұл жағдайда несие бойынша пайыз жоғары, 6,5%-дан 8,5%-ға дейін болады. 

“Депозитке кем дегенде үш жыл толғаннан кейін қарыз алушының осы депозиттегі ақшасының 50%-ы аралық заемды өтеу есебіне жұмсалады, содан кейін ол тұрғын үй заемына ауысады. Бұл дегеніміз, кредит бойынша мөлшерлеме жылдық 3,5% — 5%-ға дейін төмендейді. Ал пайыз тек несие қалдығына есептеледі”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін депутаттың Отбасы банкін азаматтарға өз ақшасын пайызбен беріп отыр деп сынағаны туралы жазған едік.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.