Хайдаров есқайрат ерболатұлы XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы: тарих және тағылым



жүктеу 492.99 Kb.
бет2/4
Дата09.09.2017
өлшемі492.99 Kb.
түріДиссертация
1   2   3   4

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі сипатталды. Зерттеу жұмысының мақсат-міндеттері, деректік негізі, хронологиялық шеңбері, методологиясы, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар мен тәжірибелік маңызы айқындалды.

«XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының пайда болуының тарихи алғышарттары» деп аталатын бірінші тарауда XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басындағы қазақ өлкесінде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайдың қоғамдық ой-пікірлердің дамуына тигізген ықпалы, Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы буржуазиялық революция барысындағы қазақ жастарының ұлттық санасының оянуы, олардың қоғамдық-саяси белсенділіктерінің артуы, 1914-1916 жылдардағы алғашқы құрылған қазақ жастар ұйымдарының қызметтері ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттелінеді.

Қазақ өлкесінің ХІХ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың басында Ресей империясы тарапынан саяси-әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жағынан отарлануы оның метрополияға толықтай тәуелділікке түсуін одан әрі жеделдетті. Бұл өз деңгейінде отар елдің метрополияға қарсы наразылығын күшейтіп, қазақ халқының ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында саяси және әлеуметтік белсенділігінің артуына, ұлттық сана-сезімінің оянуына, тәуелсіздік пен азаттық күрес жолындағы жаңаша қоғамдық ой-пиғылдардың пайда болуына жол ашты.

Қазақ халқының арасында әлеуметтік белсенділіктің артуына, саяси-идеялық ахуалдың жақсаруына жағдайдың туғандығы жөнінде академик С.З.Зиманов былай дейді: «Сыртқы жағдайлар тұрғысынан XX ғасырдың басында Ресейдің артта қалған аймақтарының өзінде, соның ішінде сол кездегі Қазақстанда ұлттық сананың оянуына және ұлт-азаттық қозғалыстың дамуына ең оңтайлы сәт туды... гуманизмның және бостандықтың, тиранияға және қысымшылыққа қарсы күрестің, халықтар теңдігі мен таптар бірлігінің идеалдары өздерінің жақтаушылары мен жалғастырушыларын тауып, Ресейдің ең шеткері өңірлеріне таралып жатты» [26, с. 26].

ХХ ғасырдың басында қалыптасқан ұлттық-демократиялық жаңашыл идеяның пайда болуының өзіне тән алғышарттарының болғандығы тарихи фактор ретінде сипатталады. Оның бастау көзіне ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары Ресейдің ірі қалаларындағы жоғарғы оқу орындарында білім алған қазақ жастарының әлеуметтік белсенділігі мен саяси-қоғамдық көзқарастарын жатқызуға болады. Мәселен, XIX ғасырдың соңына қарай Еуропа мәдениеті мен зиялылық ойлардың орталығы болған Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургке қазақ халқының да өкілдері білім қуып келе бастады. Олардың қатарында Ж.Ақпаев, Б.Құлманов, А.Тұрлыбаев, А.Теміров, Б.Ниязов, Р.Мәрсеков, Б.Қаратаев, Б.Сыртанов т.б. атауға болады [53, 58-59 бб.].

Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін, оның келешегін ойлаған қазақ жастары студенттік кездерінен бастап қоғамдық-саяси белсенділіктерімен танылып, жастардың мақсат-мүдделерін біріктіретін қоғамдық ұйымдар құруға да талпыныс жасаған. Қазақ жастарының саяси сана-сезімінің өсіп-жетілуіне ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары Санкт-Петербургте болған саяси оқиғалар орасан зор ықпалын тигізген еді. Барлыбек Сыртанов, Мәмбетәлі Сердалин, Бақытжан Қаратаев, Абдолла Теміров және шығыстану факультетінде бұлардан бұрын келіп дәріс алып жүрген Бақтыгерей Құлманов сияқты жігіттер «Жерлестер» үйірмесін құрады. Бұл қазақ жастары үйірмеге мүше болған студенттерге қаражатпен көмектесу, ауырған жағдайда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешіп қана қоймай, сонымен қатар, оның жиылыстарында астыртын революциялық мазмұндағы прокламацияларды оқып талқылау, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы күрес, қазақ даласында мәдени-ағартушылық іс-шараларын жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара ой бөліскен [54, 25-26 бб.].

Осы кезеңде Петербург қаласында білім алып жүрген Райымжан Мәрсеков те қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, өзі сияқты білім іздеп келген қазақ жастарымен қоян-қолтық араласады. Жақып Ақбаевпен бірге студенттік жерлестер ұйымын құрып, елде болып жатқан саяси, әлеуметтік жағдайларды қадағалап, мәжілістерінде талқылап отырады. Сонымен қатар бұл ұйым мүшелері жағдайлары нашар қазақ студенттеріне қаражатпен қамтамасыз ету үшін барынша көмек ұйымдастырады [55, 152 б.]. Бұл қазақ жастары тарапынан істелінген нақты іс-шаралар олардың азаматтық ұстанымдарының қалыптасуына, ұлттық-рухани сана-сезімдерінің оянуына, қоғамдық-саяси көзқарастарының жетілуіне ықпал еткендігі тарихи шындық.

XX ғасырдың басындағы жастар қозғалысының дамуына Ресей империясындағы отаршылдық езгінің күшеюі, бұратана халықтардың ұлттық езгіге қарсы азаттық күресінің өрістеуі, ұлыдержавалық орыс ұлтшылдығының үстемдігі тікелей ықпал етіп, өз кезегінде Ресей империясы құрамына енген Кавказ, Польша, Финляндия, Орталық Азия халықтарының заңды наразылықтарын туғызып, патша өкіметі тарапынан олардың жанышталуына әкеліп соқтырды. Осы кезеңде аймақтардағы ұлттық буржуазия ұлт-азаттық қозғалыстың барысын өздерінің ықпалдарында ұстауға тырысып, ұлттық ұйымдарын құруға бағыт ұстады. Мәселен, Украинада 1902 жылы «Украинская народная партия», Белоруссияда 1903 жылы «Белорусская социалистическая громада», Арменияда «Дашнакцутюн» («Союз федерации»), Грузияда «Сакартвело», Азербайжанда «Муссабатистер», Татарстанда «Бірік», Финляндияда «Активистер», Польшада «Народные демократы» партиясы, еврейлерде Бунд ұйымдарының құрылуы осының айқын дәлелі бола алды [56, с. 246]. Осы үрдіс сөз жоқ патшалық Ресейдің құрамына енген бағынышты халықтардың, оның ішінде қазақ халқының да ұлттық сана-сезімдерінің оянуына, отаршылдық езгіге қарсы күрес жолында қоғамдық ұйымдарға бірігуіне жол ашты.

Бұл қазақ даласындағы халықтың ой-санасының оянуын Қошке Кемеңгерұлының төмендегі ой-тұжырымдары дәлелдей түседі: «Қалың қазақ арасына ояну сәулесі түсуі, оқыған азаматтардың топталуы да 1905 жылғы 17 октябрь манифестімен басталды. 1905 жылға кіргенде қазақ алдында: 1) дін жоғалу, 2) жерден айрылу деген екі жұмбақ көлденең тартылып еді. Сондықтан патшаға, Думаға жіберілген тілектерде дінге еркіндік, жерге еркіндік бірінші планға қойылды» [17, 44 б.].

Қазақ жастарының саяси көзқарастарының қалыптасып, қоғамдық-саяси қызметке араласуына бірінші орыс революциясының белгілі дәрежеде ықпал еткендігі, олардың осы тарихи кезеңдегі әр түрлі саяси оқиғаларға қатынасып, қазақ халқының арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгендігі және алғаш рет қоғамдық ұйымдарға топтаса бастағандығы ақиқат. Осы жылдары Х.Досмұхамедов, Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев, С.Меңдешев сынды оқыған қазақ жастары елдегі демократиялық өзгерістерге байланысты өздерінің қоғамдық-саяси белсенділіктерімен таныла бастады. Мәселен, Бөкей Ордасындағы оқыған қазақ жастарының XX ғасыр басындағы ұлттық-демократиялық жаңғырулардың әсерімен қоғамдық-саяси өмірге араласып, алғашқы мәдени-ағартушылық бағыттағы жасырын ұйым құрғандығы жөнінде сол оқиғалардың куәгері Сейітқали Меңдешев өз естеліктерінде жазып көрсеткен. Бұл деректер бойынша 1906-1908 жылдары С.Меңдешевтің Бөкей Ордасында кәсіби және саяси мақсаттарды көздеген интеллигенцияның жасырын одағының ұйымдастырушысы, қазынашысы және кітапханашысы болғандығы, бұл одаққа мұғалімдер, фельдшерлердің біріккендігі, алайда 1908 жылға қарай Бөкей Ордасындағы қазақ жастарының кәсіби одағының патша шенеуніктерінің көзіне түсіп жабылғандығы туралы нақты мәліметтер мұрағат қорларында сақталынған [57, 22-23 пп.].

Алайда патша өкіметі бұратана халықтардың ұлттық сана-сезімінің оянуына, қоғамдық ұйымдарға бірігуіне жол бермеу мақсатында бақылауды күшейтіп, 1906 жылы 4 наурызда қауымдастықтар мен қоғамдарды Юстиция Министрлігінде тіркеу жөнінде уақытша ереже қабылдап, әрбір қоғамдық ұйымдардың губерниялық әкімшіліктің қатаң қадағалауында болуына қол жеткізеді [58, 61-63 пп.].

Осыған сәйкес патша үкіметі өзінің құзырлы органдары арқылы қазақ өлкесіндегі қоғамдық-саяси ахуалды қатаң бақылауында ұстағандығы байқалады. Мәселен, далалық өлкенің 1909-1914 жылдар аралығындағы саяси өміріне шолу жасаған Омбы губерниялық жандармериясының есебі бойынша бұратана халықтардың арасындағы мұсылман қозғалысы бақылауға алынған. Көшпелі тұрғындар көшіп қонатын жердің тарлығына байланысты оңтүстікке қарай ығысқандығы, көпшіліктің арасында ұлттық сана-сезімнің өсіп келе жатқандығы көрсетілген [59, 8 п.].

Мұрағат қорында сақталған Петропавл уездік басшысының Ақмола облысының губернаторының атына жіберген мұсылман халқының, соның ішінде қазақтардың арасындағы қалыптасқан қоғамдық жағдай жөніндегі мәлімдемесінде қазақтардың арасында ұлттық қозғалыс тамыр жая бастағандығы, халықтың рухани оянуында үлкендердің сеніміне ие болған оқыған қазақ жастарының рөлі артып келе жатқандығы айтылған [60, 15 п.].

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ өлкесіндегі демократиялық жаңғыруларға, ұлттық сананың оянуына ұлт зиялыларының баспасөз ісін қолға алып, халық арасында мәдени-ағартушылық жұмыстарын кеңінен жүргізулері өз ықпалын тигізген еді. Бұл тұрғыда баспасөз беттерінде қазақ халқының арасында мәдени-ағартушылық ісін жолға қою мақсатында оқуға қолдары жетпей жүрген мұқтаж оқушыларға жәрдем көрсету үшін қазақ жастарының, барша зиялы қауымның бірігуі жөнінде идеялар кеңінен қамтылған [61].

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялы қауымының қалыптасуында Омбы қаласының рөлі ерекше болды. Бұл қаланың есімімен талантты, жігерлі жастардың басын қосқан тұңғыш қазақ жастарының «Бірлік» ұйымының құрылуы тікелей байланысты. Омбыдағы қазақ жастарының топтасуы уақыт талабы екендігін және олардың қандай қиын жағдайларда бас қосқандарын, алдарына қойған мақсат-мұраттарын мына деректен айқын көруге болады: «Алаштың саналы азаматтары қасіретте еді. Қарағым, қазағым оян деп қақсап, арыстаным алаш тұр деп зарлап, ұлтын оятуға кірісті. Жүрегі жаралы, көзі жасты еді. Алаш деп зарлаған сол азаматтардың бірі Омбы жастары болды. Қазақты қалың тұманнан құтқаратын өнер, білім деп ой келтіргендіктен, елге бұл өнер, білімді тарату үшін ұлт қамын ойлаған жас болып бірігу керек деп тапты. Осы ізгі ойменен Омбыда оқып жүрген үркердей қазақ жастары 1914 жылы 18 сәуірде «Бірлік» деп ат қойып қауым ашты.

Қауымның мақсаты кең еді, тілегі зор еді. Ұйқыда жатқан алашын оятпақ еді. Жұртты жегідей жеп бара жатқан алалықты тоқтату еді. Мал орнына сатылып бара жатқан апа, қарындастарымызды күңдіктен құтқару еді. Алдағы күнде жарық шығар жұлдыздарымыз, кейінгі жастарды оқуға тарту еді. Әдебиетті өсіріп, кең асыл тілімізді көркейту еді. Бұл тілекті іске асыру үшін қазақ жастарының ойын, ұстаған жолын бір ізге салу. Әр жерде осындай жастар қауымдарын ашпақ еді» [62, 41 п.]. Міне, бұл құжат «Бірлік» ұйымының төңірегіне біріккен қазақ жастарының мақсаты ұлт мүддесіне қызмет ету екендігін көрсетіп, олардың өздерінің алдына қараңғылықтағы қазақ халқының рухани жағынан жетілуін, қазақ әйелдерінің теңдігін, ұлтының азаттығын ойлағандығын одан әрі аша түседі. Мұның өзі қазақ жастарының қоғамдық ой-санасының өскендігінің, азаматтық ұстанымдарының қалыптаса бастағандығының айқын дәлелі болып саналады.

«Бірлік» ұйымымен қатар қазақ жастарының тағы қандай ұйымы болған десек, бұл туралы И.А. Спиридонов «К истории возникновения и развития комсомола Казахстана» атты еңбегінде алғашқы қазақ ұлттық-буржуазиялық жастар ұйымдары бірінші дүние жүзілік импералистік соғыстың бастапқы кезінде-ақ пайда болғандығын және солардың бірі Ташкентте Сұлтанбек Қожановтың басшылығымен құрылғандығын атап көрсеткен [63, с. 38].

Сонымен қатар «Туркестанская правда» газетінің қосымшасы «Костры» журналында Ташкенттегі мұғалімдер семинариясында оқитын Сырдария қазағы С.Қожановтың 1915 жылы көңілі ояу, көкірегі отты жастардың «Кеңес» атты жасырын ұйымын құрғандығы жазылған [64, с. 31]. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан алынған құжаттық деректер жас семинарист С.Қожановтың «Кеңес» ұйымының небәрі белсенді мүшесі болғандығын, ал оның жетекшілері ауқатты, текті әулиеттен шыққан адамдардан құралғандығын дәлелдей түседі [65, 62-67 пп.]. Түркістан өлкесінің зиялы азаматтарын біріктірген «Кеңес» ұйымы 1917 жылдың ақпан және қазан революциялары аралығына дейін қызмет атқарған. Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфеньдияров сынды талапты жастардың Сыр бойы ағартушылық ұйымының көрнекті өкілдерімен тығыз байланыста болып, қоғамдық өмірге ерте араласулары олардың оң-солын танып, ой-саналарының одан әрі толығуына үлкен әсерін тигізгені сөзсіз.

XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсында үлкен қарқынға ие болған еді. Осы кезеңдегі жастар қозғалысының басында М.Есболов, А.Қисықов, Ш.Бекмұхамедов, М.Шотаев, Н.Төреқұлов, М.Сейдалин, Х.Бекентаев, Ш.Қапсаламов, А.Кенжин, Б.Сүлеев, Ф.Ғалымжанов, Е.Омаров, Ә.Бірімжанов, Р.Мақатов, Х.Болғанбаев, Т.Шахулеев, С.Жиенбаев, Б.Жанқадамов, Сәндібеков, Боранқұлов және басқа да азаматтар тұрған еді. Қазақ жастары ұлт-зиялыларының басшылығымен майдандағы жұмысшы жігіттердің қамы үшін барлық ұйымдастыру жұмыстарын жүргізе білді. Олардың өзге ортада тез бейімделулеріне, мемлекет тарапынан қорғалуларына, қоғамдық ұйымдардың қамқорлығында болуларына қазақ жастары өз мүдделіліктерін танытты. Майдандағы жұмысқа алынған қазақ жігіттерінің де саяси сауаттары ашылып, қазақ халқының қамы үшін бар күшін сарп етіп жүрген ұлт жастарының ұлы істеріне түсіністікпен қарай бастады [41, 194-212 бб.]. Міне, бұл кезеңде қазақ жастары ұлт мүддесі үшін қызмет етіп, жұмысшы қазақ жігіттерін қамқорлыққа алуда ұйымшылдықтың, азаматтық жауапкершіліктің ерекше үлгісін көрсетіп, өздеріне үміт артқан аға буын ұлт зиялыларының сенімдерінен шыға білгендігін іс жүзінде дәлелдеді.

«1917-1920 жылдардағы қазақ жастар қозғалысының тарихы мен тағылымдары» деп аталатын екінші тарауда 1917 жылғы Ақпан революциясы кезеңінде қазақ қоғамында қалыптасқан демократиялық жаңғырулардың жастар қозғалысымен үндестігі, Қазан революциясы және азамат соғысы жылдарындағы жастар ұйымдары жұмыстарының негізгі бағыттары, 1919-1920 жылдардағы жастар ұйымдары қызметтерінде бірыңғай Кеңестік саяси басқарудың орныға бастауы, Кеңес өкіметі кезеңіндегі демократияшыл бағыттағы жастар ұйымдары қызметтерінің XX ғасырдың басындағы жастар қозғалысымен өзара тарихи сабақтастықтары тың деректер негізінде жаңаша талданады.

Патшалық биліктің жойылып елде қос өкіметтік тәртіптің орнатылуы бүкіл елдегі, оның ішінде Қазақстандағы қоғамдық–саяси жағдайды түбірімен өзгертті. Отарлық езгіде болып келген қазақ халқы патшаның тақтан құлауы, жаңа тәртіптің орнауы туралы хабарды зор қуанышпен қарсы алады. Ақпан революциясының жеңісі қоғамға көптеген демократиялық бостандықтарды бергендігін түсінген қазақ зиялылары оның мұраттарын іске асыруға үлкен құлшыныспен кіріседі. Сонымен қатар Ақпан революциясынан кейін қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы үлкен қарқынға ие болды. Ал бұл кезеңде қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының өрлеуі болды дейтін себебіміз қазақ қоғамында бұрын-соңды болып көрмеген қазақ жастарының идеялық тұрғыда ұйымдасуы және қоғамдық–саяси істерге белсене араласуы биік деңгейге көтерілді.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Тұр, Бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл жастар!» деген мақаласында: «Біздің қара халық бұ теңдік, бұ бостандық кімге келген теңдік, бостандық неменеге болған бостандық екенін әлі білген жоқ сияқты. Әуелі сөзге бостандық берілді. Не сөйлесек ауызға қағатын кісі жоқ... Бостандық бас қосып, науқан қылып, ұйым жасап, бірлесіп іс қылуға берілген бостандық... Жиырмасыншы ғасырдың жастары, жаңа заманның адамдары барсыңдар ма? Қайдасыңдар? Мұндай заманда атқа мініп іс қылмағанда қайда істейсіңдер? ... Ал, жастар! жігерленбей, сілкінбей, қара бұқарамыздың есі кірмей, ақыл да, білім де күштіде, жуанда деп бағына берсек іс бітіре алмаймыз. Іс бітіре алмасақ табанды, іргелі халық болуымыз кәдік. Ұйым ашқандар областной комитетке білдірсін. Сұрайтын сөзі болса «Сарыарқа» газетінің басқармасына жазып тұрсын», - деп жастарды бостандық, теңдік алу жолында бірлесіп ұйым құруға, ортақ іске жабыла қызмет етуге шақырды [66].

Алаш қозғалысының тарихын зерттеуші К.Нұрпейісов өзінің еңбегінде: «Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанның 20-ға жуық қалалары мен елді мекендерінде оқушылардың, ауыл мұғалімдерінің бастарын біріктірген қазақ жастарының ұйымдары пайда болды. Олардың көпшілігі 1917 жылғы көктем және жаз айларында құрылды. Олардың қатарында Омбы қаласында құрылған «Демократиялық оқушы жастар кеңесі» мен «Бірлік» ұйымы, Ақмолада ұйымдасқан «Жас қазақ», Спасскі заводының қазақ жастарын біріктірген «Жас жүрек», Әулиеата уезінің Мерке қыстағында Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған «Қазақ жастарының революциялық одағы» т.с.с. болды. Сондай-ақ Семейде «Жанар», Қызылжарда «Талап» атты қазақ жастарының ұйымдары құрылды» - деп атап көрсетіп, бұл ұйымдардың көпшілігінің алғашқы кезде өздерінің алдына негізінен ағартушылық мақсаттарын қойғандығын, олардың қазақ еңбекшілерінің арасында газет пен журналдар таратуды, халықтың сауатын ашуға көмектесуді, әйел теңдігі үшін үгіт жүргізуді өздерінің басты міндеттері деп түсінгендігін нақтылай түседі.

Сонымен бірге автор Қазақстандағы саяси күштердің, ең алдымен, ұлттық-либералдық интеллигенцияның жетекшілері мен Ресей социал-демократиясының жергілікті ұйымдарының өлке жастарының жоғарыда айтылған бұқаралық ұйымдарына ықпал ету үшін күрес жүргізгендігі жөнінде деректер келтіреді [40, 111 б.].

Жастар қозғалысының жетекшісі С.Сәдуақасовтың баяндауы бойынша 1917 жылғы қос революция тұсында құрылған тек қана Алашшыл жастар ұйымдарының ұзын саны 21-ге жеткен. Мысалы, «Еркін дала» (Орынборда), «Жанар» (Семейде), «Оқытушылар ұйымы» (Семейде), «Талап» (Семей облысы, Шыңғыс болысында), «Игілік» (Орынборда), «Қамқор» (Торғайда), «Жас қазақ» (Оралда), «Үміт» (Тройцкіде), «Талап» (Қызылжарда), «Оқығандар» (Көкшетауда), «Ұйым» (Екібастұз заводында), «Ғылым ұйымы» (Керекуде), «Ынтымақ» (Атбасарда), «Жас жүрек» (Спасск заводында), «Жастар ұйымшасы» (Бөкей Ордасында), «Жас қазақ» (Ақмолада), «Қазақ жәрдемі» (Зайсанда), «Ерік» (Баянауылда), «Қызмет» (Керекуде), «Жас тілек» (Ақтөбеде), «Ғылым» (Керекуде) сияқты ұйымдар құрылған [19, 38 б.].

Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған «Үш жүз» партиясының жетекшілерінің бірі Көлбай Тоғысовтың қылмыстық ісіне қатысты құжаттардағы қазақ жастарының «Бірлік» ұйымына қатысты деректерде 1918 жылдың басында барлық өңірлердегі қазақ жастарының мәдени-ағартушылық ұйымдарының саны 51-ге жеткендігі көрсетілген [67, 99 п.]. Міне, Ақпан революциясынан кейінгі қазақ өлкесіндегі демократиялық жаңғырулар қазақ жастарының қоғамдық-саяси белсенділіктерін арттырып, барлық өңірлерде жастар ұйымдарының жаппай құрылуына алып келген. Мұның өзі қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының жаңа сапалық деңгейге көтерілгендігінің айқын белгісі еді.

Бұл ұйымдардың жетекшілеріне келер болсақ, Орынбордағы «Еркін даланы» Ж.Жәнібеков, Семейдегі «Жанарды» Манан Тұрғанбаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Шыңғыстағы «Талап» ұйымын атақты ақын Абай Құнанбаевтың ұлдары, Көкшетаудағы «Оқығандарды» Айтхожин, Атбасардағы «Ынтымақты» Бермұхамед Айбасов, Шермұхамед Темірбеков, Ақтөбедегі «Жас тілекті» О.Нұрмұхамедов, Әлімгерей Ершиндер басқарған [68, 7 п.]. Міне, осы жетекшілердің жастар ұйымдарының қызметтерін үйлестіріп отырғандығы айқын. Осылайша, бұл кезеңде қазақ жастары туған халқының тәуелсіздігі жолындағы күресте ұлт зиялыларына тірек болар әлеуметтік және саяси күшке айналған. Бұл тұрғыда жастар қазақ халқының арасында өркениет үлгілерін дамытумен қатар елді басқару ісінде Қазақ комитеттерін құруға, Земстволық басқаруды енгізуге, Құрылтай жиналысының сайлауын ұйымдастыруға бағытталған іс-шараларға қатынасып отырған. Осылайша қазақ ұлтының болашағы үшін күресте жастардың саяси белсенділігіне қозғау салынып, қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы кең етек алған.

1917 жылғы қос революция тұсындағы саяси өзгерістер Алашшыл бағыттағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының өрістеуіне ықпал етіп қана қоймай, социал-демократиялық бағыттағы жастар қозғалысының да қалыптасуына негіз жасады. Елдегі революциялық қозғалыстың және Ақпан революциясынан кейін орын алған әлеуметтік-саяси өзгерістердің ықпалымен кейбір жастар ұйымдары («Қазақ жастарының революциялық одағы», «Жас қазақ», «Демократиялық оқушы жастар кеңесі, т.б.) біртіндеп өз программаларына ағартушылық мақсаттармен қатар ауылдағы үстем таптарға, Уақытша үкіметке қарсы күрес талаптарын кіргізіп, түбірлі әлеуметтік, таптық мәселелерді көтере бастады. [40, 111б.].

Саясат ісінде тәжірибелері тым аз жастардың қателесулері, біріншіден, сол кездегі саяси ағымдардың әр алуандығынан болса, екіншіден, жастар ұйымдарының басын біріктіретін ортақ ұйымның болмауынан еді. Бұдан жер-жерлердегі жастар ұйымдарының жұмыстарын, іс-әрекеттерін бір тәртіпке түсірудің, жүйеге келтірудің, олардың қызметтерінде басшылыққа алатын ортақ жоба жасаудың қажеттігі туындады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру жолында Омбыдағы «Бірлік» ұйымы I жалпы қазақ жастарының съезін шақыруды қолға алады. Бұл съезд 1918 жылы 5-13 мамыр аралығында Омбы қаласында болып өтеді [69].

«Бірлік» қауымы Кіндік Кеңесінің съезд шақырушы комиссия мүшелері: Б.Серкебаев, А.Сейдалин, Х.Кемеңгеров, С.Сәдуақасов, А.Байділдин, М.Сейітов, Ж.Бабатаев еді. Бұл съезде саясат, кооперация, жастар ісін ұйымдастыру, жәрдем үйін ашу, ауыл шаруасы, дәрігерлік, оқу, әйел, жұмыскерлер мәселелері қаралған [70].

Осы съезде жастар сол кезеңдегі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік, мәдени-ағартушылық салаларындағы ең өткір, ең зәру мәселелерін қарастырып,

1)Қазақ-қырғыз жастарының бар ұйымдары біріксін; 2)Бар ұйымдар ортасынан бір Кіндік Комитет сайлансын; 3) Кіндік Комитетке әрбір ұйым өзінің барлық қазынасынан 15 процентін берсін; 4) Бар ұйымдарда бір-ақ программа, бір-ақ ат болсын. Бұған съездің қойған аты «Жас азамат»; 5) «Жас азамат» атынан газет шықсын; 6) Баспахана пайдасына Кіндік Комитетке ұйым басы 300 сомнан ақша берсін деген қаулы қабылдаған.

Съезд 5 кісілік Кіндік Комитетін сайлайды. Оның құрамына Ғ.Мурзин, Г.Досумбекова, Ә.Байділдин, М.Сейітов, С.Сәдуақасов кіреді [69]. Осындай жағдайда барлық қазақ жастар ұйымдарының басын қосып іс қылуды, ұлт мүддесі үшін күресте күш біріктіруді көздеген «Жас азамат» ұйымы саясат сахнасына көтерілді. Бұл ұйымының дүниеге келуі Алаш партиясының, Алаш Орда үкіметінің мақсат-мұраттарын жүзеге асыруға жәрдем беретін, саяси қайраткерлердің орнын басатын жастарды баулып, тәрбиелеу міндетінен туындаған еді. Сөйтіп, өзге ұйымдарға қарағанда тәжірибесі молдау Омбыдағы «Бірлік» ұйымы жастарының І жалпы қазақ жастар съезінің ұйымдастырылуына мұрындық болып, онда қазақ қоғамындағы ең маңызды мәселелердің талқыға түсуін, барлық қазақ жастар ұйымына басшы болар «Жас азамат» ұйымының құрылуын қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының шырқау кезеңі ретінде қарастыруға болады.

Алайда Қазақстанның барлық өңірлерінде Кеңестік биліктің орнап, коммунистік партияның идеологиясының үстемдік құруы қазақ ұлттық-демократиялық жастар ұйымдарының қызметтерінің әлсіреуіне, кейін олардың толықтай жабылуларына алып келді. Қазақстандағы коммунистік жастар ұйымдарының құрылуы елдегі азаматтық қарсыласу кезеңімен тұспа-тұс келді. 1919-1920 жылдары Қазақстанның барлық аймақтарында коммунистік жастар одағы ұйымдық жағынан құрыла бастаған. 1921 жылы 13 шілдеде Орынборда Қазақстанның коммунистік жастар одағының І-ші съезі ашылған. Съезд комсомолдықтарды халық шаруашылығын қалпына келтіруде, жастарды коммунистік рухта тәрбиелеуде партияның сенімді көмекшісіне айналуға шақырған. Сондай-ақ онда комсомолдың қатарына қазақ жастарын көптеп тартудың қажеттілігіне ерекше мән берілген [71, 265 б.]. Осы кезеңде Ғ.Мұратбаев, А.Оразбаева, С.Есова сынды жастар Қазақстандағы коммунистік жастар одағының ұйымдастырушылары ретінде танылып, олардың есімдері бүгінгі таңға дейін халықтың жадында мәңгі сақталған.

XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы дағдарысқа ұшырағанымен Кеңестік билік тұсында да өзінің идеялық жалғасын тапқандығы, тоталитарлық саяси жүйеге қарсы қазақ жастарының іштей наразылықтарының болғандығы, қоғамдық ұйымдарға бірігіп күрес жүргізуге тырысқандықтары байқалады.

Өткен ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялыларының бір тобы Ташкент қаласына шоғырланып, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, К.Жәленов және т.б. 1922 жылы қазақ халқының арасында мәдени-ағартушылық жұмыстарын ілгерілету мақсатында «Талап» қауымын құрған [72, 114 б.].

Қазақ жастарының арасында Кеңестік билікке қарсы наразылықтың болғандығын, комсомол ұйымының өзінде жікшілдіктіктің орын алғандығын 1928 жылы Ордада оппозициялық бағыттағы «Лениншіл жастар одағы» ұйымының құрылғандығы дәлдей түседі. Бұл ұйымның құрамына М.Бекқалиев, Г.Қайыржанов, Ғ.Бейсенов, Ә.Ілиясов, М.Шынтайбеков, Черников, Юсубалиев сияқты жастар кірген [73, 3-5 пп.].

Сонымен қатар Кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің қыспағына қарамастан Орал облысының Жалпақтал ауданының жастары 1941 жылдың қыркүйек айына қарай «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атты ұйым құрған. Бұл ұйымның құрылуына Ғ.Әнесов жетекшілік жасап, өзімен тілеулес жастар С.Бажекенов, Ғ.Тұрымов, С.Молдағалиев, С.Шорабаев, М.Нұралин, И.Мұхамбетқалиев, М.Әлиев, М.Ахметов, И.Насыров, К.Мақұлбаев, Ө.Аманов, С.Қаражанов, Қ.Сапаралиндерді ұйым мүшелігіне тартқан [74, 8 б.].

Зерттеуші Ж.Қыдыралинаның деректері бойынша 1951 жылы Б.Ысқақов, А.Нарешов, Темировтердің бастамасымен құрылған «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлердің партиясы), 1960 жылдардың басында З.Игіліков пен Қ.Жүнісовтың ұйытқысымен құрылған «Жас қазақ» ұйымдары өз қызметтерін ұлттық бағытта жүргізуге тырысқан [75, с. 109-110].

1963 жылы Мәскеудің жоғарғы оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастарының бір тобы «Жас тұлпар» атты шығармашылық бірлестігін құрған. Мұндай жерлес қазақ жастарының ұйымдары кейінірек Ленинградта, Украинада, Прибалтикада құрылған [76, 1 п.].

«Жас тұлпар» үлгісі бойынша қазақ жастарының жерлестер бірлестіктері мен топтары Қазақстанда және оның шет аймақтарында да құрыла бастаған. Мәселен, осы кезеңде Қарағандыда мединституттың бір топ студенттерінің ұйымы, Павлодарда Қаниев пен Р.Нұрбасаровтың ықпалымен «Жас ұлан» жасырын жастар ұйымы, Қостанай облысында Әжібаев пен Мырзабековтің басшылығымен «Жас түлек» ұйымы, ҚазМУ-дың студенттері Б.К.Төлеубаев пен Т.Т.Әлиевтің бастамасымен «Сарыарқа» ұйымы құрылған [75, с. 114-116].

XX ғасырдың басындағы қазақ жастарының қазақ елінің азаттығы, халқының теңдігі, саяси бостандығы турасында көтерген идеяларының 1986 жылғы желтоқсандағы жастар қозғалысымен астасып жатқандығы тарихи шындық. Бұл тұрғыда тарихшы М.Қойгелдиев 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Алматы қаласында, сондай-ақ облыс орталықтары мен ірі елді-мекендерде болып өткен оқиғаларды қазақ тарихында бұдан да бұрын орын алған тамырлы, өзара сабақтас оқиғалардың логикалық жалғасы, кезекті табиғи көрінісі. Анығырақ айтқанда, оны қазақ халқының империялық, отарлық езгіге қарсы азаттық үшін күресінің, мемлекеттік тәуелсіздікке деген тынымсыз ұмтылысының табиғи жалғасы ретінде айқындап көрсеткен [77, 147 б.].

Осылайша XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысының өзінің идеялық, тарихи жалғасын тапқандығын көреміз. Кеңестік биліктің қазақ халқына бағытталған өктем саясатының, тоталитарлық жүйенің қыспағының салдарынан қазақ жастары билік орындарына қарсы өз наразылықтарын білдіріп, ерліктің, қайсар рухтың үлгісін көрсете білген. Мұның өзі XX ғасырдың басындағы қазақ халқының азаттығын, елінің тәуелсіздігін аңсаған Алашшыл қазақ жастарының идеяларының өз күшін жоймағандығының, теңдікке, бостандыққа, егемендікке ұмтылған қазақ жастарының рухының өшпегендігінің айғағы еді. XX ғасырдың басындағы қазақ даласындағы демократиялық жаңғырулар, ұлт зиялыларының және қазақ жастарының ұлттық мемлекеттік тәуелсіздікке жету жолындағы саяси күресі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің рухани бастаулары, тарихи бастамалары іспетті.

Тәуелсіз Қазақстан жағдайында жастардың қоғамдық-саяси белсенділіктерін арттыруда 2004 жылы 7 шілдеде ҚР мемлекеттік жастар саясаты туралы заңының [78], 2006 жылы 10 қазанда ҚР-ның азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының [79] қабылдануы үлкен мәнге ие.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет