Халық ауыз әдебиетімен таныстыру арқылы балалардың тілдік қызметін жетілдіру. Әдістемелік құрал. Құрастырушы



жүктеу 496.09 Kb.
бет1/4
Дата19.10.2017
өлшемі496.09 Kb.
түріСценарий
  1   2   3   4


Халық ауыз әдебиетімен таныстыру арқылы балалардың тілдік қызметін жетілдіру. Әдістемелік құрал.

Құрастырушы: Тлеубаева Г.М., МКҚК «Ақбота» балабақшасы – 2013 жыл, - 73б.
Балалардың шығармашылық қабілеттерін ашып, танымдық қабілеттерін жетілдіру, көпшілік алдында өзін ұстау мәдениетін үйрету үшін түрлі іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы зор. Әдістемелік құралда халқымыздың ұлттық құндылықтарына негізделген бір жылдық іс-шаралар жоспары, олардың сценарийлері берілген.

Мектепке дейінгі мекеме және жалпы орта білім беру мектептерінің мектепалды даярлық сынып педагогтарына, әдіскерлеріне, тәрбиешілеріне және ата-аналарына ұсынылады.
Рецензентші: Абраимова А.Б., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚБАИ» аға оқытушысы.

Конурова-Идрисова З.К., педагогика ғылымының кандидаты.

Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Облыстық білім берудегі мониторинг, жаңа технологиялар, ақпараттандыру және оқу-әдістемелік жұмыс орталығы» ғылыми кеңесінің отырысында қаралып, бекітілді.

2013 жылғы 3 мамырдағы №4 хаттама.



М А З М Ұ Н Ы



  1. Алғысөз……………………………..………..........…..4

  2. Жылдық жоспар……………….………......................7

  3. «Мақал – сөз мәйегі»…………………..........…...….11

3.1. Сайыс…………………....…………..........…........12

  1. «Жұмбақтар сыры»……………………..…..........…21

4.1. Сайыс…………………………………............…..22

  1. «Ертегілер елінде»………………………............…..27

5.1. Сайыс………………………………..……............28

5.2. Сахналық қойылым…………………............…...34

5.3. Қуыршақ қойылымы………………............…….36


  1. «Жыр әлемі»……………… ……………...........…....39

6.1. Мәнерлеп оқу……………………….................…40

  1. «Қазақтың дәстүрлері-ай...» …………................…45

7.1. Сайыс………………………………................…..46

7.2. Тәрбие сағаты………………………............……62

7.3. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті…............……56

7.4. Ертеңгілік……………………………...................63



  1. «Санамақтар білеміз, жаңылтпаштар

жаттаймыз» ............................................................….67

8.1. Сайыс………………………..................................68



9. Қолданылған әдебиеттер...........................................72

Алғы сөз

Адамның ойын жарыққа шығаратын күшті құрал - тіл. Ал тіл адамдар түсінетін құрал болып қана табылмай, сонымен бірге атадан балаға мирас болып келе жатқан өмір тәжірибесін, өнер-білімін жеткізуші құрал. Өзіміздің рухани байлығымыз тіл арқылы жасалады, жеткізіледі.

Ауыз әдебиеті — халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем-әдеби туындылардың жиынтық атауы. Қазақ халқының мұндай сөз өнерін ғалымдар ауыз әдебиеті деп атаған. Қазақ халқының ауыз әдебиеті өзінің көркемдік-идеялық нәрімен, эстетикалық қуат-тегеурінімен, түрі мен жанрларының молдығымен, тақырыптық және сюжеттік байлығымен, қоғамдық-әлеуметтік және тәрбиелік терең мән-мазмұнымен ерекшеленеді.

Шын мәнісінде халық шығармасы – ауыз әдебиетінің қай үлгісі болсын, балаларды күреске, сары уайымнан аулақ, қиыншылықты жеңіп шығып, жақсы өмір жасауға үндейді.

5-6 жас аралығындағы балалардың сөздік қорлары өте жылдам дамиды. Оқу–тәрбие үрдісінде халықтық педагогиканың сан алуан салаларын қолдана отырып, баланың тілін дамыту, санауға, тапқырлыққа үйрету, бейнелеу, мүсіндеу сабақтарының қарапайым тәсілдерін меңгертуге, ойын арқылы жан–жақты дамытуға көңіл бөлген жөн. Сондықтан, осы жинаққа халық ауыз әдебиетінің түрлеріне байланысты өткізуге болатын жұмыс үлгілері жинақталды.

Мектепке дейінгі мекемеде «халық педагогикасынан» мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, санамақтар, өлеңдер, ертегілер мен жұмбақтардың бүлдіршін тілін дамытуда берері мол.

Мақал-мәтел өскіншек өрендерді еңбекке, адамгершілікке, елін сүюге, достыққа, бірлікке тәрбиелейді. Балалардың арасында ұйымдасты-рылған сайыс кезінде түрлі тақырыптарға байланысты мақал-мәтелдерді талдап, олардың мәнін ашып көрсетсе, бұл балалардың тілдік қызметін дамытып, тапқыр болуына әсерін тигізеді.

Жаңылтпаштар баланың тілін ұстартады, жаңылтпаштың дүниетанымдық түрлері мен тәрбиелік нұсқалары әрі баланың тілін ширатып, әрі ой-өрісін кеңейтеді.

Санамақтар баланың ойлау жүйесін жетілдіріп, дүниетанымдық ойлауын кеңейтіп, оның сюжетті нұсқалары тапқырлық танытуға құштар етеді. Санамақтарды күн тәртібінің кез-келген уақытында бала назарын аударту мақсатында айтқызуға да болады.

Қазақ фольклорындағы мазмұны терең, тілі бай, тақырыбы әр алуан, оқиғасы қызықты болып келетін саланың бірі – ертегілер. Ол ата-бабамыздың ұзақ жылдар бойы жиналған асыл қазыналарының ең көне түрі.

Ертегілердің ішінде балаларды ерекше қызықтырып, өзіне тартатын, олардың армандарына қанат бітіретін түрі – қиял-ғажайып ертегілер. Ертегідегі қиял-ғажайып (сиқырлы) ерекшелік ондағы фантастика арқылы өріледі. Ертегілер баланың қызығушылығын тудырады, сөзді тыңдай білуге үйретеді, оның қиялын дамытып, адамгершілікке тәрбиелейді, тілін ширатып, жан-дүниесін, мінез-құлқын қалыптастыруға ықпал етеді. Балалардың әртістік қабілеттерін дамыту үшін ертегілер қойылымдары өте тиімді. Жинаққа балалармен өткізуге болатын сайыс, сахналық және қуыршақ қойылымдарының үлгілері енгізілді.

«Қазақтың дәстүрлері-ай...» деген атпен алынған бөлімде ауыз әдебиеті үлгілерін жұмыстың түрлі бағыттарында қолдануға үлгілер келтірілген.

Жалпы бұл әдістемелік құрал баланың тілдік қызметін жетілдіруді мақсат еткен тәрбиешілердің жұмысына қосымша көмек ретінде даярланған.

Жылдық жоспар




Іс-шара

Мақсаты

Өту формасы

Мерзімі

1

«Мақал – сөз мәйегі»


Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді жатқа білуге баулу, олардың мағынасын түсіндіру, есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту.

сайыс

Қыркүйек

2

«Жұмбақтар сыры»


Балаларды жұмбақ шеше білуге үйрету, жұмбақ жасыруға ынталандыру. Заттардың ұқсас белгілерін таныуға бағыттау, ойлау қабілетін жетілдіру.

сайыс

Қазан

3

«Ертегілер елінде»

Балаларды ертегі тыңдауға баулу, ондағы кейіпкерлердің мінезіне, іс-әрекетіне баға беруге үйрету. Тілдерін дамыту.

сайыс

Қараша

4

«Арыстан мен тышқан» ертегісі

Ертегінің мазмұнымен танысу, ондағы кейіпкерлердің өзіндік ерекшелігі мен мінезін таныту. Достық көмек көрсете білуге, адал әрі мейірімді болуға тәрбиелеу.

Дауыс ырғағын келтіру, кейіпкердің көңіл-күйін салу дағдысын дамыту.



сахналық қойылым

Қараша

5

«Қоян, түлкі, әтеш» ертегісі

Ертегінің мазмұнымен танысу, ондағы кейіпкерлердің өзіндік ерекшелігі мен мінезін таныту. Достық көмек көрсете білуге, адал әрі мейірімді болуға тәрбиелеу. Дауыс ырғағын келтіру, кейіпкердің көңіл-күйін салу дағдысын дамыту.

қуыршақ қойылымы

Желтоқсан

6

«Жыр әлемі»


Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру, есте сақтау қабілеттерін дамыту.

өлең оқу

Қаңтар

7

«Әсемдік әлемі»

Балаларды зергерлік бұйымдармен таныстыру, олардың түрлерін меңгерту, ұлттық қолөнерге баулу. Эстетикалық тәрбие беру.

сайыс

Ақпан

8

«Қазағымның дәстүрлері-ай»

Ұлттық салт-дәстүрімізбен таныстыру, оларды қастерлеуге тәрбиелеу. Ұлтжандылыққа баулу. Сөздік қорларын байыту.

тәрбие сағаты

Ақпан

9

«Ұлттық киімдер»

Балаларды ұлттық киім түрлерімен таныстыру, олардың қыздар мен ер балаларға арналған түрлерін ажыратуға үйрету. Есте сақтау қабілеттерін дамыту, сөздік қорларын молайту, байланыстырып сөйлеуге үйрету. Ұлттық құндылықтарды бағалауға, өзара сыйластыққа тәрбиелеу.

ұйымдас-

тырылған оқу іс-әрекеті



Наурыз

10

«Наурыз – бақыт жалғасы»

Балаларды сахнада өнер көрсетуге машықтандыру, шығармашылықтарын шыңдау.

ертеңгілік

Наурыз

11

«Санамақтар білеміз, жаңылтпаштар жаттаймыз»

Санамақтарды айтуға үйрету, жаңылтпаштар арқылы тілдерін жетілдіру. Сөздік қорларын байыту.

сайыс

Мамыр




3.1. Сайыс
Жүргізуші: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Халқымыз қашан да сөзге, сөйлеу мәдениетіне үлкен мән беген. Өткенге көз жүгіртсек ел арасында үлкен даулы мәселелерді, екі ел арасындағы көп жылдық соғысты бір ауыз сөзбен тоқтатқан шешен, сөзге жүйрік даналар жоғары мәртебеге ие болған. «Жақсы сөз жан сүйсіндіреді», «Аз сөз – алтын» дейді халқымыз. Орайын тауып, сөзбен шалындырса, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп жеңілісін жасы үлкендер де мойындаған. Сондықтан сендер де жас кездеріңнен ойларыңды анық, оралымды, кейде тіпті астарлап жеткізуге талпынуларың керек. Қазақ халқы «Сөздің көркі – мақал» деген, бүгінгі сайысымыз ауыз әдебиетінің бір түрі мақал-мәтелдерге байланысты болмақ.

Ендеше ортаға қатысушыларымызды шақырайық.

(Қатысушылар ортаға шығып, орындарына отырады)

Жүргізуші: Сайыс төрт кезеңнен тұрады:


  1. «Дұрысын тап»

  2. «Үй тапсырмасы»

  3. «Көрініс»

  4. «Сымсыз байланыс»

Жүргізуші: Сайысымыздың алғашқы кезеңін бастаймыз. Әр топқа бірнеше мақал айтылады. Экранда жекелеген суреттер ұсынылады. Балалар мақал-мәтелдерді мұқият тыңдап, суреттегі заттарды мақал мазмұнынан іздейді және дұрыс жауапты көрсетеді. Әр топқа екі мақалдан беріледі. Соңында бір мақал қосымша ұпай үшін барлық тапқа ортақ беріледі.
Жауаптар:
Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады.
Қына тасқа бітеді,

Білім басқа бітеді.


Жылқы – малдың патшасы,

Түйе – малдың қасқасы.
Ата – бәйтерек,

Бала – жапырақ.


Сиыр сипағанды білмейді,

Жаман сыйлағанды білмейді.


Жердің көркі тал,

Елдің көркі мал.


Сөз анасы – құлақ,

Су анасы – бұлақ.



Жүргізуші: Сайыстың екінші кезеңі «Үй тапсырмасы». Әр топ өзіне алдын-ала бөлінген тақырып бойынша мақал-мәтелдер айтады.

  1. І топ. Өнер, білім тақырыбы.

  2. ІІ топ. Батырлық, ерлік тақырыбы.

  3. ІІІ топ. Отан, туған жер тақырыбы.

Жауаптар:

І

Білекті бірді жығар,



Білімді мыңды жығар.
Ақыл азбайды,

Білім тозбайды.


Өнер алды – қызыл тіл.
Өнерлінің өрісі ұзақ.
Өнер – бұлақ,

Білім – шырақ.

ІІ

Ерлік білекте емес, жүректе.


Ер жігіт елі үшін туады,

Елі үшін өледі.


Батыр туса ел ырысы,

Жаңбыр жауса, жер ырысы.


Айлалы батыр алдырмас.
Ерден аспақ болса да,

Елден аспақ жоқ.

ІІІ

Ел іші - алтын бесік.


Отансыз адам – ормансыз бұлбұл.
Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің.
Елдің ерлігі елінен танылар,

Елдің байлығы жерінен танылар.


Отан үшін отқа түс, жанбайсың,

Суға түс, баспайсың.



Жүргізуші: Енді сергіп алайық. Дауысымызға жаттығу жасайық.

Сергіту сәті

  • Қоңыр аю шаршаса, «уф» дейді (уф-уф-уф);

  • Ақ қояндар секірсе, «оп» дейді (оп-оп-оп);

  • Ашуланса сұр қасқыр, «ыр» дейді (ыр-ыр-ыр);

  • Қолы ауырған арыстан «ой» дейді (ой-ой-ой);

  • Басы ауырса кірпінің «ай» дейді (ай-ай-ай);

  • Дәрігерлер көре сап, «ым» дейді (ым-ым-ым);

  • Жазылған соң бұл аңдар «ах» дейді (ах-ах-ах);

  • Естіп мұны балалар,

Қол соғады (а-ла-қай).

Жүргізуші: Келесі кезең «Көрініс» деп аталады. Ортада менің баяндаған оқиғама қатысты шағын көрініс қойылады, балаларға екі мақал-мәтел ұсынылады. Олар қойылған көріністің желісіне қай мақалдың сәйкес келетіндігін табулары керек.

І

Олжас пен Әсет дос еді. Олар күнде аулада бірге ойнайтын. Бүгін де таңғы астарын асыға ішіп, екі дос аулаға қарай жүгірді. Олжас кеше ғана әкесі сатып әперген жап-жаңа ойыншығын ала шықты. Әсет одан ойыншығын көруге сұрап еді, абайсызда жерге түсіріп алды. Олжас қатта ашуланды: «Бұл менің ойыншығым, енді саған бермеймін. Сенімен дос болмаймын, өзім жалғыз ойнаймын»,-деп жан досын ренжітіп алды. Содан кейін Әсет бірнеше күн аулаға шықпады. Олжан жалғыз отырып, әбден досын сағынды. Енді ол досын бекер ренжіткенін түсінді.



ІІ

Әсел анасына күнде көмектеседі. Бүгін анасы оған ақша беріп, дүкеннен сабын әкелуін өтінді. Әсел дүкенге келіп, сөрелерді қарады. Сөрелер түрлі шоколаттарға толы екен. Ол қатты қызығып кетті, біраз ойланды да, сабынның орнына дүкеншіден шоколот сатып алды. Далаға шығып, шоколатты жеп алды, қағазын қалтасына сала салды. Үйге келіп еді, анасы одан сабынды сұрады. Әсел ақшаны жоғалтып алғанын айтты. Анасы оған ренжіген жоқ, келесі жолы мұқият болуын сұрады. Кешке анасы Әселдің киімдерін реттеп жаттыр еді, шоколаттың қағазын көрді. Ол Әселді шақырып, шындығын айтуын сұрады. Әсел шынын айтып берді және анасының алдында қатты ұялды.

ІІІ

Міне, көктем де келіп жетті. Күн ысып, жылы жақтан құстар қайтып жатыр. Талғат өзінің қарындасы Жазираны ертіп аулаға шықты. Қорадан тырмауыш, күрек, шелек алып келіп, ауланы тазарта бастады. Жазира ағасының әрекеттеріне қарап тұрды. Енді Талғат жерді қазып, онда көшет отырғызды және оған шелекпен су құйды. Жазира ағасынан бұл шыбықты неге жерге қадап қойғанын, оған неге су құйғанын сұрады. Талғат бұл бұтақты күнде суғарып, баптап, күтім жасаса, оның үлкен ағаш болатындығын айтып түсіндірді. Ол ағаш гүлдеп, алмалар беретіндігін ұғындырды. Сол күннен бастап Жазира да күнде ағашты баптап, оған су құюға көмектесетін болды. Кішкене ағашқа қарап, оның үлкен болғанын, бұтақтарына алма толғанын елестетіп, армандап қояды.



Жауаптар:

І

Жүз теңгең болғанша,



Жүз досың болсын.
Өнер табу -

Өрге шабу.

ІІ

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам.
Бірлік болмай, тірлік болмас.

ІІІ


Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.
Жолдасы жаманды жау алады.

Жүргізуші: «Сымсыз байланыс» кезеңі. Топтың барлық мүшесі ортаға шығады және теріс қарап, қатар түзеді. Қатардың шеткі мүшесі ортаға келіп, экрандағы суретті қарайды, есіне сақтайды. Ол орнына оралып, жанындағы балаға сыбырлап айтады, ол бала келесіге жеткізеді, соңында сөздің дұрыс-бұрыстығы тексеріліп, топ мүшелері сол сөзге қатысты мақал-мәтел айтады.

Жауаптар:
Кітап – білім бұлағы,

Білім – өмір шырағы.


Ерді намыс өлтірер,

Қоянды қамыс өлтірер.
Аққу көлін аңсайды,

Адам туған жерін аңсайды.



Жүргізуші: қазылар алқасы шешім шығарғанша, біз бүгінгі сайыс барысында айтылған мақал-мәтелдерді есімізге түсірейік. Егер мақалдарды есіне жақсы сақтаған балаларға сыйлығым бар.



Мақал-мәтелдер

1

Жақсы сөз жан сүйсіндіреді

2

Аз сөз – алтын

3

Сөз тапқанға қолқа жоқ

4

Сөздің көркі – мақал

5

Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады

6

Қына тасқа бітеді,

Білім басқа бітеді.



7

Жылқы – малдың патшасы,

Түйе – малдың қасқасы.



8

Ата – бәйтерек,

Бала – жапырақ.



9

Сиыр сипағанды білмейді,

Жаман сыйлағанды білмейді.



10

Жердің көркі тал,

Елдің көркі мал.



11

Сөз анасы – құлақ,

Су анасы – бұлақ.



12

Білекті бірді жығар,

Білімді мыңды жығар.



13

Ақыл азбайды,

Білім тозбайды.



14

Өнер алды – қызыл тіл.

15

Өнерлінің өрісі ұзақ.

16

Өнер – бұлақ,

Білім – шырақ.



17

Ерлік білекте емес, жүректе.

18

Ер жігіт елі үшін туады,

Елі үшін өледі.



19

Батыр туса ел ырысы,

Жаңбыр жауса, жер ырысы.



20

Айлалы батыр алдырмас.

21

Ерден аспақ болса да,

Елден аспақ жоқ.



22

Ел іші - алтын бесік.

23

Отансыз адам – ормансыз бұлбұл.

24

Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің.

25

Елдің ерлігі елінен танылар,

Елдің байлығы жерінен танылар.



26

Отан үшін отқа түс, жанбайсың,

Суға түс, баспайсың.



27

Жүз теңгең болғанша,

Жүз досың болсын.



28

Өнер табу -

Өрге шабу.



29

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам.

30

Бірлік болмай, тірлік болмас.

31

Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.



32

Жолдасы жаманды жау алады.

33

Кітап – білім бұлағы,

Білім – өмір шырағы.



34

Ерді намыс өлтірер,

Қоянды қамыс өлтірер.



35

Аққу көлін аңсайды,

Адам туған жерін аңсайды.



Каталог: upload -> Files -> pedagogi-luchshikh-doshkolnykh-organizatsiy
pedagogi-luchshikh-doshkolnykh-organizatsiy -> Білім беру бағдарламасы петропавл қаласы 2016 «Жас шахматшы»
pedagogi-luchshikh-doshkolnykh-organizatsiy -> Пікір жазғандар: Қайыржан Мақанов
pedagogi-luchshikh-doshkolnykh-organizatsiy -> Оқу-әдістемелік құрал Қасен Гүлжазира Аманжолқызы Астана 2013 ж Алғы сөз
pedagogi-luchshikh-doshkolnykh-organizatsiy -> Орындаған : №7 «Айша» балабақшасының меңгерушісі: Нупилова Б. Н
pedagogi-luchshikh-doshkolnykh-organizatsiy -> Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы «Алпамыс» балабақшасы
pedagogi-luchshikh-doshkolnykh-organizatsiy -> Мазмұны I. Кіріспе бөлім
pedagogi-luchshikh-doshkolnykh-organizatsiy -> Тақырыбы: «Ғажайып түс» (Ертегіні сахналау) Тобы: «Жұлдыз» ересектер тобы Тәрбиеші: Тұяқбаева.Қ. О


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет