Хіх ғасырда түсірілген сурет



жүктеу 57.52 Kb.
Дата30.03.2018
өлшемі57.52 Kb.

ХІХ ҒАСЫРДА ТҮСІРІЛГЕН СУРЕТ
Асыл тастың су түбінде жатпайтыны секілді Таразы ақынның суреті табылып, 2009 жылы баспасөз беттерінде бірінші рет жарияланды. Табылды деп отырғанымыз, халыққа жария етілгенін айтқанымыз ғой. Әйтпесе бұрыннан бар сурет. Осыдан бір жарым ғасырдай уақыт бұрын патша өкіметінің адамдары түсірген фотосурет Таразы ақыннан тараған ұрпақтардың үйінде сақталып келді. Оқырман қауым сонау ХІХ ғасырда патша өкіметінің адамдары Ақтөбеге, оның ішінде Шалқар маңына келіп суретке түсіретіндей бұл тұлға соншалықты кім болды екен деп ойлауы мүмкін. Сурет кімнің қолында сақталған? Жалпы Таразы ақын деген кім?

Бұрын Шалқар өңірінде болмаса, басқа жерлерде Таразының есімі көп айтыла бермейтін. Таразы — ақын, ақындығымен қатар сол кездегі қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді тікесінен айта білген қазақтың батыл қызы һәм кәдімгі Есет Көтібарұлының сыйлы келіні.
Өңіріміздің тарихында есімдері тарихта қалса да, бүгінгі ұрпақ үшін белгісіздеу тұлғалар аз емес. Белгісіз деп айтуға да болмас. Өйткені сол тұлғаның өмірі мен қызметі белгілі бір ауыл, аудан көлемінде айтылып жүреді. Ал жалпы қазаққа танылмауы ол есімдердің насихатталуының аздығынан болса керек.

Соңғы жылдары ақын, ақыл иесі, Есет Көтібарұлының келіні, бір рулы елдің биі болған Таразы Қаленқызының өмірі мен шығырмашылығы зерттеле бастады. Филология ғылымының кандидаты Жұбаназар Асанов «Таразы ақын» атты шағын кітапша шығарды. Шалқар ауданының Бершүгір стансасында Таразы атына көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылды. Еске алу асы берілді, оған ақтөбелік ғалымдар, әдебиетшілер қатысты. Таразы Шалқар энциклопедиясына енгізілді.

Шамамен 1864 жылы Бершүгір тауының баурайында дүниеге келген Таразы — Шекті Тілеу батырдың ұлы Әлдеберді тайпасының Құлтума аталығынан Қален деген байдың қызы. Анасының аты — Бибі. Әкеден ерте айрылғанымен, бірінен соң бірі болыс болған туған ағалары Әнуар мен Әлжанның арасында еркін өседі. Бұла өседі. Ақындығы өз алдына, жігерімен, қайтпас қайсарлығымен көрінеді. Ағалары ақын, ақылды Таразының бетінен қақпайды. Ақылымен ауыл-аймағын билеген Таразы есімі үш жүзге белгілі Есет Көтібарұлына келін болып түседі.

Келін болып түсу мәнісі былай. Жас та болса Тілеу руының беделді де ақылды, ақын қызы болып танылған Таразының есімі елге тарап кетеді. Сегіз ұл сүйіп, бәрін де бөлек-бөлек ауыл қылған батыр да дана Есет кенже баласы Дәуге Таразыны қалайды. Қазақы жолмен құда түсуге елші жібереді. Дәу ірі денелі, көріксіздеу, бір көзінің кемістігі бар адам екен. Соны біле тұра Таразы батырға келін болуға келісімін береді. Батырдың қалауы мен болсам, келін болуға жарасам, одан артық бақыт бар ма деп түйеді.

Атасының көңілінен шығады. Ағайынның арасында абыройлы болады. Өзінің өлеңдерінде, толғауларында, айтыстарында ел тәуелсіздігі үшін патша отаршыларына қарсы күрескен атасы Есеттің іс-әрекеттерін, батырлық жолдарын дәріптеген. Дәріптей отырып, елді отаршылдыққа қарсы күреске шақырған өжет ақын болады. Келінінің ойлылығына, батылдығына, парасаттылығына тәнті болған ер Есет ақыл иесін жанына жақын тұтып, қатты қадірлеген. Үлкейген шағында ауыл билігін Таразыға береді. Ауыл-аймақтағы үлкен той, айтулы ас беруді ұйымдастыру шараларын атқарады. Ел арасындағы кикілжіңдерді алысқа шаптырмай, дер кезінде шешендігімен, кесімді билігімен шешіп отырған.

Атасы Есет келінінің жан-дүниесін түсінген бірден бір адам еді. Сондықтан да атасы қайтыс болғанда Таразы ауыр күй кешеді. Атасынан айрылғанына қиналады. Дүние салған Есет Шолақжиде биігіндегі қорымға жерленеді. Кесене тұрғызылады. Ол кесене күні кешеге дейін болды. Содан Таразы атасының басына бармақ болады. Бірақ әйел атаулы баруға тиіс емес еді. Ағайындары Таразыға егер кесенеге барғанша тоқтамай жоқтап барсаң, рұқсат береміз дейді. Сонда Таразы бейітке жеткенше жоқтау айтқан.

— ...Қаладан орыс қашырып,

Қоқанға сартты асырған.

Ерегескен дұшпаны,

Аяғына бас ұрған!

Сескенбеген жау бар ма,

Ата-екемдей батырдан, — дей келіп:

— ...Ата-еке, құтты болсын тіккен Ордаң,

Әйелге бұйрық емес, келдім зордан.

Әйелдің әулиесі — ата-енесі,

Жаяулап зиярат еттім жарты жолдан, — деп жалғастырады. Ауылдан зиратқа жеткенше айтқан ұзақ жоқтаудан Есет бабамызды іздеп, дәріптей отырып, оның тәуелсіздік үшін күрес жолындағы ерлігін паш еткенін аңғарамыз.

— Таразы апамыздың суретін патша өкіметінің адамдары түсірген көрінеді, — дейді Жұбаназар Асанов. — Оның реті бар. Есет Көтібарұлы атамыздан сескенген патша өкіметі губернаторлар арқылы оны бақылап, қадағалап отырған ғой. Сондай сапарларының бірінде түсірсе керек. Есет Көтібарұлының Шетен, Қитар және Қанди деген үш баласы болған. Сурет Қандидің баласы Рысқұлда сақталып келген. Оны кітапша әзірлеу барысында Айтқали Жұбаназаров деген жігіт әкеліп берді.

— Мен Шалқар ауданының Айшуақ ауылында туып-өстім. Ауылдың үлкен кісілері Таразы апамыздың өлеңдерімен қатар, еліне жасаған істерін жыр қылып айтып отырушы еді — дейді Ақтөбе мемлекеттік педпгогикалық институтының деканы, филология ғылымының кандидаты Сабыржан Мұқтаров. — Сол кісілердің әңгімесінен Таразы апамыз құлағыма сіңісті болып өстім. Суреті табылғанына қуандық. Ауыл ақсақалдары әңгімелерінде Таразы апамыздың істерін, тұлғасын, ажарын, пішінін әңгіме қылып айтатын. Бақыт Төремұратов деген ақсақал болды. Жұрт Қарабас Бақыт деуші еді. Сол кісі Таразы апамыздың қолыннан қымыз ішуге құмар едік деп отырушы еді. Таразының көріктілігі өз алдына, оның ыдыс-аяғына дейін көз тартатын тап-таза болыпты. Батырдың шаңырағынан қонақ арылмайтыны белгілі. Ауыл адамдары сол қонақтардың арасында әдейі барып қымыз ішуге үлгеретін көрінеді. Жұртты тағы бір тартып тұратыны келбеттілігі, сұлулығы екен.

Байқадам ауылында Нұраш Дүйісмағамбетов деген құдамыз бар. Сол кісінің шешесі Құлтуманың қызы Биған әже 92-ге келіп қайтыс болды. Сол кісі де Таразы апамызды көргенін айтып отыратын. Парасатты, ақыл иесі еді. Кескін-келбеті ажарлы кісі болатын дейтұғын. Сосын шашының түсін айтады. Қазақ қыздарында кездесе бермейтін қызғылт түс бар еді дейтін. Мына сурет сол айтқандарға дәл келіп тұр.

Енді апамыздың артында қалған мұраларын насихаттай беруіміз керек. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Ақтөбе өңірінің ақын-жыраулары, би-шешендері» атты арнаулы пән бар. Сол арнаулы пән бойынша Таразы Қаленқызының шығармаларын оқытудамыз. Біздің институт аймақтық болып табылады. Мұнда тек ақтөбеліктер ғана емес, Орал, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан келіп оқиды. Сондықтан басқа өңірлердің де студенттері Таразы ақынның мұрасымен таныс деп айта аламыз.

«Қазақстан әйелдері» журналында 1983 жылы журналист Мақсат Дүйісмағамбетовтің «Беташар» деген көркем шығармасы, 1993 жылы менің «Таразы ақын» атты ғылыми зерттеу мақалам жарияланды. Бүгін сол журналдарды Шалқар аудандық музейіне тапсырып отырмын.

Енді Шалқарда, Ақтөбеде көше берсе де артық емес. Қазақ — қызын құрметтеген халық. Сондықтан Таразы апамыз қандай құрметке де лайық.

Таразы ақынның мұраларын насихаттауға, оның есімін есте қалдыруға ұйтқы болып жүрген ақасақалдардың бірі Шынтас қажы Мырзабеков былай дейді:

Есімі тарихта қалған, әрісі Әлімнің, берісі Тілеу-Қабақтың атын шығарған апамызды есте қалдыру мақсатында жасалып жатқан шараларға ризамыз. Бұл бізді руға бөлінуге емес, бірлікке шақырады. Қазақ халқы мен үшін үлкен терек секілді. Ру, тайпа сол теректің жапырақтары деп есептеймін. Сондықтан бір-бірімізді сыйлап, құрметтеуіміз керек. Сонда ғана терек жақсы өседі. Халық бейғам болса, теректің әлсіреуіне соқтырады. Сондықтан ата-бабадан қалған мұрамен, солардың өмірімен тәрбиеленіп, игі істерді жүзеге асыруымыз керек.



Сәуле Дәулеталина, Таразы ақынның туыс сіңлісі:

Апамыз данышпан, ақын, ақылды адам болған. Сонымен қатар ойын ірікпей, бүкпесіз айтып, әділ сөйлеген. Сонысымен де халықтың батыры Есет бабамыздың құрметіне бөленген.

Таразы апамыз келін боп түскенде беташар жасаған Тәшім деген жырау Таразының жетім екенін бетіне басып, орынсыз тиіседі. Сонда Есет атасынан рұқсат алған Таразы айтысқа шығып, былай депті:

— Ішінде бес Тілеудің Құлтумамын,

Шалқұйрық аруанадан бір туғанмын.

Жоқ болса әке-шешем, екі ағам бар,

Соқтырған мың ділдаға ер-тұрманын.

Қыздарды шешесі бар көріп жүрмін,

Жеңінің жамай алмас жыртылғанын.

Етіне беташардың тойып алып,



Көрдің бе мына шалдың құтырғанын...

Таразы ақын туралы бұрын да жазылып келді. Бәкір Тәжібаев, Тілеужан Шойғарин, Мұқамбетәли Есмағамбетов, Мақсат Дүйісмағамбетов, Жұманазар Асанов, Сабыржан Мұқтаров және басқа әдебиетшілер мен журналистер қалам тартты. Енді Таразы апамыздың мұралары зерттеліп, насихаттала беретіні анық.

Соңғы кездері бір байқағанымыз, сексеннің сеңгіріндегі ақсақалдарды айтпағанда, мектеп жасындағы бүгінгі ұрпақтың да Таразы ақынның өнегелі өмірін, отты жырларын жете білуге ынталарын көруге болады. Таразы апамыздың мұраларын әлі де іздестіріп, насихаттау қолға алынса, бүгінгі және келешек ұрпақ үшін игілікті іс болар еді.

Бердібай КЕМАЛ.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет