ШҚО-да Алтай қаласы тұрғындарының сөзінше, шенеунік қаланың қақ ортасында бас жоспарды бұза отырып, тұрғындардың біріне екі соттық жерді заңсыз сатты. Оған қатысты бірнеше мәрте тексеріс жүргізілсе де, бұзушылық байқалмаған көрінеді. Stan.kz тілшісі тараптар пікірін тыңдап көрді.

"Жерді заңсыз сатып отыр"

Алтай тұрғыны Ольга Аксенованың айтуынша, қаланың орталық тұсындағы көпқабатты үйлердің маңы аз уақыттан соң біреудің меншігіне айналмақ. Құжат жүзінде ол жерде жекеменшік сектор бой көтеріп, кейін мал өсіруді қолға алуға құқылы. Қала басшысы Игорь Оконешников оны жеке кәсіпкерліктің біріне сатып, рұқсатын беріп қойған көрінеді. Мәлім болғандай, әу баста бұған 100-ге тарта отбасы қарсылық білдірді.

"Бұл жерде 100 жанұяның тілегін ысырып, әкім бір адамның сойылын соғып тұр. Былтыр күзде осы бойынша арыз жаздым. Күні бүгінге дейін соттасып жатырмыз. Айқай-шудың жалғасып жатқанына бес айдан асты", – деді кәсіпкер Сәуле Бахтиярова.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, былтыр ақпан айының 15-і күні Кауенов С.А-ға 0,0274га аумақты қамтитын учаске берілген. Нақты мекенжайы – Алтай қаласы, А.Каюпов көшесі, 4А. Аудандық прокуратура өкілдері жеке тұрғын-үй құрылысы бойынша басқа да бұзушылықтар болғанын айтты. Қызығы сол, учаске иесі ол жерге үй емес, кафе салуды жоспарлап отырғанын жеткізген.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Сырым Дарханұлының сөзінше, Алтай қаласы әкімінің аппараты шешімімен А.С.Кауеновке жер уақытша пайдалануға берілді. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес Игорь Оконешников жер учаскесін барлық тиісті актілерді қарастырып барып бөлді. Ал Алтай қаласының тұрғындары әкімнің өз жұмысын атқара алмай жүргеніне сенімді.

"Мұның артында сыбайластық жатқанына сенімдімін. Оны талай рет айттым. Біздің әкім – жемқор. Олай деуіме менің дәлелдерім бар. Өзінің тамыр-таныстарын араластыру арқылы жерді заңсыз сатып отыр", – деді Ольга Аксенова.

Жуықта қала әкімінің бұл әрекеті Өскемендегі Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралды. Игорь Оконешников осымен үшінші мәрте атізін салды. Негізінде А.С.Кауеновке мұның алдында 50 га шабындық жер бөліп берген. Ал Әдеп жөніндегі кеңес өкілдерінің сөзінше, ол жеке кәсіпкерлік аумақты өзі пайдаланбады. Себебі оның малы да, техникасы да жоқ. 

"Жала жапқан дұрыс емес"

Әкім болса, бір адамға Алтай қаласы маңынан екі жер учаскесін бергенін жасырмады. Дегенмен барлығы заң жүзінде іске асқанын, егер беруден бас тартса, бұзушылық болып саналатынын айтып сендірді.

"Шешім қабылдамас бұрын, оның дұрыстығын мұқият сараладым. Тәртіп бұзбадым. 50 га жер теліміне қатысты жауабым: мен оны өрт қаупін болдырмас үшін бөліп бердім. Бұған қатысты меморандумға да қол қойылды. Сол қадамдарым ешкімге қолайсыздық тудырмады деп ойлаймын. Бәрін заңға сүйеніп орындадым", – деді шенеунік.

Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері бұған қатысты көп ойланған жоқ. Қорытындысында, Игорь Оконешниковтың мемлекеттік қызмет имиджін төмендетуі бойынша тәртіптік теріс қылықтың болмауынан, тәртіптік істі тоқтауды жөн көрді.

Алайда Алтай ауданының мәселесін қаузап отыратын Vestnik.altay парақшасында осы тақырып дүркін-дүркін қозғалып жатыр. Ол жерде М.Горький көшесі, 77 мекенжайы жұртының бәрі дерлік бұған қарсы екені жазылған. Әдеп жөніндегі кеңес шығарған шешім де қисынсыз көрінеді. Олар Алтай әкімі көп дүниеге көз жұма қарап отырғанына сенімді. Қала басшысы Игорь Оконешниковтың сөзінше, оның әрекеті жөніндегі ұсынылған ақпарат қате.

"Округ басшысы міндетіне сәйкес, менің әрекеттерім ҚР заңнамасы аясында шектен шықпады. Осыған қатысты бақылаушы органдар тарапынан бірнеше рет қызметтік тексеріс жүргізілді. Шешім қабылдау кезінде сырттан ешкім ықпал еткен жоқ. Бір ақпаратты ұсынбас бұрын, оның шындыққа жанасатынына әбден көз жеткізген абзал. Жала жапқан дұрыс емес", – деді ол.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.