Иасауидің ізбасары Қажы Бекташ Уалидің мақаласы



жүктеу 1.32 Mb.
бет1/8
Дата28.09.2017
өлшемі1.32 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8


Иасауидің ізбасары

Қажы Бекташ Уалидің

мақаласы

Түркістан 2008

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Түркістан гуманитарлық ғылымдар және бизнес институты оқу-әдістемелік мәжілісінің №7 хаттамасымен бекітілді.


Қазақ тіліне аударған: Мырзабеков М.М.

Құрастырған және редакциясын басқарған: Кенжетай Д.Т.



Иасауидің ізбасары Қажы Бекташ Уалидің мақаласы. Аударған Мырзабеков М.М. Түркістан, «Тұран» баспасы, 2008 жыл. 130 бет.

Бұл аудармада Қ.А.Иасауидің Анадолыдағы шәкірті, сопы-ойшыл Қ.Б.Уалидің «Мақалат» трактатының толық мәтіні берілген. Сонымен қатар бұл – түркі сопылық мектебі ерекшеліктері мен негізгі ұстанымдарын салыстыру тұрғысынан өте құнды шығарма.

Еңбек жалпы оқырман қауымға, дінтану, философия, психология, тарих және әдебиет саласының мамандарына, магистранттарға, аспиранттарға арналған.




Қажы Бекташ Уали

АЛҒЫ СӨЗ
Адамзат тарихында өткен ғасырға дейін мемлекеттік жүйе өз болмысын саяси билік пен діннің тұтастығы арқасында жүзеге асырып келгендігі мәлім. Сопылардың пірлері тек рухани көсем ғана болып қоймай, сонымен қатар саяси билік, басқару істерінде де ықпалды болды. Алғашқы қазақ хандары кеңесшілерінің сопы-шайхтар болғандығын сол кезеңдегі тарихшылар да растайды. Қазақ мемлекетінің құрылуындағы Иасауидің маңызын Елбасымыз Н.Назарбаев “...Түркістанның жаңа қазақ хандығының астанасына айналуы тек қолайлы географиялық жағдайына ғана байланысты емес еді. Ол сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударып алған-ды. Бұл исламдық руханиятта ерекше орын иемденетін айтулы сопылық мектептің негізін салған шайқы, ғұлама ақын, Қожа Ахмет Иасауидің жан-жақты ұстаздық және уағызшылдық қызметінің арқасы еді”1 – деп бағалайды. Сонымен қатар Махмұт Хазинидің Иасауи жолы туралы осыдан бес ғасыр бұрын қалдырған еңбегіндегі адамның кемелдікке жетуіндегі алғышарттар ретінде көрсетілген “отан”, “елдегі тыныштық”, “бауырластық” пен “мемлекет басшысына берілгендік” ұстанымдарынан қазақ мемлекеттілік жүйесінің де Иасауи ілімімен байланысты екендігін көруге болады. З.Жандарбектің Иасауи ілімінің Қазақ хандығының мемлекет болып қалыптасуында шешуші рөл атқарғандығы туралы ұсынған тұжырымын антропология және саясат философиясы категориялары тұрғысынан сараптап қарағанда мемлекеттілік ұстанымдары мен теорияларына сай көзқарас екендігіне көз жеткізуге болады. Иасауи ілімінің Қазақ мемлекеттілігінің негізгі ұйытқысы екендігін А.Қалиұлының еңбегінде орын алған дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси билік пен дін қатынасындағы төре мен қожалардың рөлін анықтайтын құбылыстық-танымдық мәліметтерден де көруімізге болады.

Иасауидің төл дүниетанымымыз бен мәдениетіміздің тарихындағы маңызын, оның мұрасының іздерін хатқа түсірген рисалалар (трактаттар) арқылы да пайымдауға болады. Алдымен, Иасауи мәдениетінің айнасы ретінде танылатын “Диуани Хикмет”, “Фақрнама” және “Мират-ул Қулуб” (Көңілдің айнасы) рисаласын атап өтуміз керек. Бұлар – Иасауидің хикмет, хәл ілімдерінің айнасы, Иасауийа тариқатының этикалық-моральдық және рухани тәжірибелік ерекшелігін көрсететін, оның жалпы дүниетанымының мәнін ашатын негізгі дереккөздері. Бұл кітаптың Упсала нұсқасы Д.Кенжетай тарапынан қазақ тілінде 2000 жылы Анкарада жарық көрді.

Имам Хусамеддин Хүсайн бин Али Сығнақидың (711/1311 ж.қ.) “Рисала-и Хусамеддин-и Сығнақи” немесе “Манакиб-и Ахмед-и Иасауи” атты еңбегі бар. Бұл еңбек Ахмет Иасауи және Иасауийа тариқаты туралы кейіннен жазылған еңбектерге дерек көзі болған. Мысалы, Алим Шайх “Ламахат” және Мұхаммед Шариф өзінің “Хужжат-ул Закирин” атты еңбектерінде осы рисаладан пайдаланған. Бұл рисалада Иасауидің аңға салар құсы–бүркіті мен тазылары болғандығы туралы мәліметтермен қоса, оның сұхбатынан дәріс алған есепсіз шәкірттері жөнінде айтылады.

Иасауидің салып кеткен арналары негізінде түркі әлемінің түкпір-түкпірінде көптеген тұлғалар өсіп жетілді. Мысалы, Абдул Фараж әл-Уасифи “Тириак-ул Мухиббин” атты (х.647-744/м.1275-1343) еңбегінде Қажы Бекташ Әулиенің (1352-1430) Ахмет Иасауи жолының мұрагері екендігін көрсетіп, оның рухани силсиласын (шынжыр-шежіре) дәлел ретінде келтірген. Иасауидің “Фақрнама” атты рисаласы мен Қажы Бекташтың “Мақаласы” арасындағы ділдік, сопылық ойлау категориялары тұрғысынан, жалпы мәдениеттік құндылықтар жөнінен өте терең ұқсастықтар айқын айшықталған.

Иасауийа тариқатының өкілі Сұлтан Ахмет бин Махмут Хазини ал-Хисари (1002/1593-94), “Манба ул-Абһар фи рийаз-ил-Абрар (Әулиелердің бақшаларындағы ақиқаттың қайнар-бұлақтары)” атты еңбегін х.995/м.1586 жылы жазған. Бұл еңбекте кемел адамдардың өмірі, істері, ахлақи-рухани ұстындар, “сыр теңіздері”, әділет, тариқат пен хақиқат, Иасауидің өмірі, ілімінің мәні мен сопылық ойларынан да мәлімет берілген. Онда сондай-ақ Иасауидің “өлімнен бұрын өліңіз” концепциясы мен “фақр” философиясы да кеңінен түсіндірілген.

Иасауи туралы ХХ ғасырдың басында “Түрік әдебиетіндегі алғаш түрік сопылары” деп аталатын құнды еңбек қалдырған Фуат Көпрүлү де осы Сұлтан Ахмет бин Махмут Хазини ал-Хисаридің “Жауахир-ул Абрар мин Амуаж-ил Бихар” атты еңбегі негізінде Иасауи мұрасын танытқан болатын. Бұл еңбекті 1997 жылы Ж.Окуюжу Түркияда (Қайсери) жариялады.

Бұхаралық Азизуддин Насафидің (өл.ж.680-681/1281-1282) “Инсан-и Камил” атты еңбегі ХІІІ ғасырда (660=680/1262-1281) парсы тілінде жазылған. Мауараннаһр және Түркістан аймағындағы сопылық дүниетаным әлемінің категориялық және ұстындық жағынан негізі бір. Бұл кітапта кемел адам мәселесі сопылық-философиялық тұрғыдан түсіндірілген.

“Шараит-ул-Иман” (Иманның шарттары. Қазан. 1901 ж.б.) атты кітаптың соңында “Кімнің силсиласынансың? (Кімнің жолындасың)” деген сұраққа “Қожа Ахмет Иасауи жолындамын (силсиласынанмын)” деген жауап берілген. Бұл мәлімет Иасауи және оның дүниетанымының сол дәуірде ұлттың болмысын анықтайтын критерий ретінде қалыптасқандығын көрсетеді.

Бұлғар тарихы туралы “Рисала-и-Тауарих-и Булғарийа” (х.992/ м.1588 жазылған. Қазанда 1902 ж. қайта басылған) атты еңбекте Иасауидің сол аймақтағы шәкірттері туралы мәлімет бар. Иасауидің ең атақты үшінші шәкірті Хаким Ата Сүлеймен Бақырғанидың (х.582/м.1186 ж. Аққорғанда қ.б.) “Хаким Ата кітабы” (Қазан. 1901), “Бақырған кітабы (Қазан. 1884)” мен “Ақырзаман кітабы” (Қазан. 1878) және “Мәриям Кітабы” (Қазан. 1878), “Миражнама” сияқты солтүстік түріктер арасында кең жайылған кітаптар Иасауи ілімі мен мәдениетінің ең ескі дерек көздері болып табылады.

Молла Жамидің “Нафахат-ул Унс” атты кітабын шағатай тіліне аударып, оған Түркістанның мәшһүр әулиелерін қосып, тарихи құнды мәлімет қалдырған Әлішер Науаи өзінің “Насаим-ул Махаббат” атты кітабында Иасауиге “Түркістан халқының құбыласы” деп баға берген.

Жалпы ХІХ ғасырға дейінгі медреселерде “Әліпби”, “Иман шарт” “Кауаийид-ул Ислам” “Шараи‘ит ул-Ислам”, “Илм-ул-Хәл” “Әптиек” (Хафт–Құранның жетіден бір бөлігі), “Суфи Аллаяр”, “Сират-ул анбийа” және т.б. араб, парсы, түркі тілінде жазылған кітаптар Иасауи ілімі мен мәдениеті негізінде дүниеге келген еңбектер болатын.

Иасауи ілімінің өзегі – адам және оның рухани тәрбиесі мен кемелдігі болып табылады. Оның осы мақсатта тәрбиелеп, жетілдірген шәкірттері адамзат тарихындағы жеке құндылық көздеріне айналды. Иасауидің алғашқы шәкірті атақты Арыстан Бабаның ұлы Мансұр Ата (х.594/м.1197), екінші халифасы – Сайид Ата Хорезми (х.615/м.1218); үшінші халифасы – Сүлеймен Ата Бақырғани (х.582/м.1186). Иасауидің ең мәшһүр халифасы Сүлеймен Бақырғани (Хаким Ата) екендігі жайындағы мәліметті Кашифидың “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты кітабынан көруге болады. Оның мұраларында “Диуани Хикметтің” рухы жанданып, жалғасын тапқандықтан, Ф.Көпрүлү Сүлеймен Атаны “Иасауидің хикмет дәстүрін жалғастырушысы, әрі жаңғыртушысы” ретінде бағалайды.

Иасауидің “Мират-ул Қулуб” атты мирасын хатқа түсіріп, аманат қылып қалдырған тағы бір мәшһүр халифаларының бірі Сопы Мұхаммед Данышменди (шамамен м.1220 қ.б.) болатын.

Иасауидің тариқаты, негізінен, Зеңгі баба арқылы жалғасын тапқан. Садыр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шайх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да оның шәкірттері саналады. Беннигсон Иасауидің Шопан Ата және Қара Баба атты шәкірттерінің болғандығын айтады. Оның шәкірттері жөнінде Фуат Көпрүлү: “Мутасаууфтардың (сопылардың) биографиясы жайлы еңбектерде Ирақ, Хорасан және Мауараннаһр сопыларынан басқа түрік шайхтары деп жүрген сопылардың барлығы Иасауийа тариқатының шайхтары еді”– дейді.

Кіші Азиядағы Қажы Бекташтың шәкірті – Таптұқ Әміре, ол да Жүніс Әміренің ұстазы болғандықтан араларында рухани байланыс болғаны анық, әрі Жүніс Әміре – ғашықтық философиясы, өзінің руханияты, ілімі-өнегесі арқылы Иасауи жолындағы тарихи тұлға. Мәулана Жалалуддин ар-Руми адамның Тәңірдің махаббатына лайық ең жоғары болмыс екендігін айтып, адам “Тәңірдің сүйіктісі” деп баға береді. Жүніс Әміре “жаратылғандарды Жаратқан-Тәңір үшін сүй” идеясын жайған. Қажы Бекташ Әулие де “адамзаттың бәрін тең көр, сүй” деп өткен. Бұлардың ілімі мен философиясының негізінде Ахмет Иасауидің хикметі, адам туралы ілімі жатыр. “Қарашық” аңызында Иасауидің “әулиелік кереметінің мезгілі жеткен-жетпегенін” білдіретін “софра (дастархан)” символы орын алған. Осы “софра” символы Иасауийа тариқатының Анадолыдағы жалғасы болып табылатын Бекташийа арасында кең жайылған. Аңыз бойынша Иасауи бұл “софраны” 99 мың шәкірттеріне бұның иесі бар деп бермей сақтайды. Соңында Хз.Хункар Қажы Бекташ Әулие келеді. Пір-и Түркістан Ахмет Иасауи софраны Бекташқа береді.

Қожа Ахмет Иасауи жолының мұрагері, Хорасаннан шыққан Қажы Бекташ Уалидің аты халық арасында кең таралғанымен, оның өмірі жайлы мәліметтер өте аз. Ол жайлы қолымыздағы бар деректердің өзі бір-біріне қарама-қайшы аңыз-әпсаналарға толы.

Қажы Бекташтың өмірі туралы мәліметті оның өмір сүрген дәуірінен екі ғасыр кейін оның ізбасарлары тарапынан жазылған «Уилаят-Намалардан» кездестіре аламыз. Бірақ бұл жазбалар нақты тарихилыққа қарағанда аңыздардан тұрады. Олардың бірі – Бекташтың дүние салуынан жүз жылдан, келесісі – екі жүз жылдан соң хатқа түсірілген: Афлакидің (ө.1360 ж.) «Манақибу-л-Арифині» мен Ашық Пашазаданың (ө. 1481 ж.) «Тауарих Али Османы» бізге Қажы Бекташ Уали жайлы біршама мәліметтер береді.

Уилаят-Намаға қарағанда Қажы Бекташ Уали Хорасан әміршісі Ибраһим ас-Сани Саййд Мухаммед пен Шайх Ахмет атты нишапурлық ғалымның қызы – Хатамнан (Хатма) туған. Оның шын аты – «Бекташ». Бірақ А.Рифақи «... оның есімі – «Мұхаммед», лақаб аты – «Бекташ», - деп жазады. Қажы Бекташтың заманымен шамалас жазбаларда ол «Қажы Бекташ» деп аталады. Ал Бекташи тариқатына тән еңбектерде оның «Хункар» (خنكار – қазақша мағынасы патша, сұлтан әмірші) деген лақаб аты жиі қолданылады.

Уилаят-Намада Қажы Бекташ әкесі жағынан хазіреті Алидің ұрпағы екендігі баяндалады және шығармада мына шежіре орын алған:

Қажы Бекташ Уали; Саййд Мухаммед Ибраһим ас-Сани; Саййд Муса ас-Сани; Ибраһим Мукаррам әл-Мужаб; Имам Муса әл-Қасым; Имам Жафар ас-Садық; Мухаммед әл-Бақыр; Имам Зайна-л-Абидин Али; Имам Хусайн; Имам Амиру-л-Муминин Али ибн Әбу Талиб.

Уилаят-Намаға қарағанда Қажы Бекташтың атасы Муса ас-Сани 27 сафар 203/818 жылы дүние салған Имам Али ар-Ризамен кездескен. Осы кездесу кезінде Имам Али ар-Ризадан қалған шарбатты ішкен Зейнеп Хатун Қажы Бекташтың әкесін дүниеге әкеледі және атасы Ибраһим әл-Мужабқа айнымай тартқанына байланысты ол Ибраһим ас-Сани (екінші Ибраһим) деп аталып кеткен.

Муса ас-Санидің Имам Али ар-Ризамен кездесуі мен Қажы Бекташтың дүниеден қайтқан уақыты арасында 415 жылдық кезең жатыр және осы кезең аралығында тек Қажы Бекташтың әкесі мен атасы ғана өмір сүрген болып шығады. Мұның тарихи шындыққа жанаспайтыны белгілі. Осы тұрғыдан Қажы Бекташтың ата тегі туралы шежіренің хазіреті Алиге тірелуі сол дәуірдің дәстүріне сай «саййд» деген атақ беруден туындаған болса керек деп жорамалдауға болады. Себебі саййд деп Али ибн Әбу Талибтің ұрпақтары аталған. Осыған қоса Бекташи тариқаты үшін Қажы Бекташтың тегін хазіреті Алиге байлаудың маңызы зор екендігін естен шығармаған жөн. Себебі, бүгінгі Бекташи тариқатының негізі Али ибн Әбу Талибті қолдайтын шииттік мәдениеттен құралған.

Хорасан өлкесі 31/651 жылы мұсылман-арабтар тарапынан жаулап алынғаннан соң, бірнеше жүз мың араб аталған өлкеге қоныстандырылған және осы кезеңде халифат билігін өз қолына алған Омайядтардың жасаған зорлық-зомбылығына байланысты Али ибн Әбу Талибтің ұрпақтары осы Хорасанды паналаған. Олардың осы өлкеге орналасқанын және жергілікті халықпен араласқанын Қажы Бекташтың атақты еңбегі Мақалаттың тұпнұсқасы араб тілінде жазылғандығын ескере отырып, оның Али ибн Әбу Талибтің ұрпағы болуы мүмкін деген қорытынды шығаруға болады. Орта ғасырда ислам діні таралған өлкелерде қолданылған ортақ тіл – араб тілінің халық арасында кең қолданылғанына қарамастан, Қажы Бекташ Уали ұстазы Ахмет Иасауи сияқты «Рисала Басмала» атты еңбегін сол заманда халық арасында онша қолдана қоймаған түркі тілінде жазып қалдырған.

Сонымен, Қажы Бекташ Уалидің туылған жылы, балалық шағы және Анатолияға қоныс аударғанға дейінгі өмірі туралы нақты мәліметтер өкінішке орай, өте аз. Сондықтан Қажы Бекташтың заманында өмір сүргендердің әңгімелеріне, аңыз-әпсаналарға және өзге де жазбаларға қарап отырып, болжам жасаудан басқа шарамыз жоқ.

Джон Кингслей Биргтің Стамбул университеті кітапханасынан тапқан «Юнус Әміре Диуанының» бастапқы бетіндегі төрт сөйлемдік жазбаның абжаттың есептеуімен шығарған қорытындысына қарағанда Қажы Бекташ 645 немесе 646/1248 жылы жарық дүниенің есігін ашқан, 680/1281 жылы Хорасаннан Анатолияға қоныс аударып, 92 жасында, яғни, 738/1337 жылы қайтыс болған.

Қажы Бекташ Уали жайлы келесі бір мәліметке сүйенер болсақ, ол 1273 жылы дүние салған Маулана Жалаладдин Румимен замандас екендігі «Манақибу-л-Арифинде» де, «Уилаят-Намада» да баяндалады. Сонымен қатар, Ахмет Афлаки 1240 жылғы Бабаилер көтерілісінің көсемі – Баба Исхақ халифа-ізбасарларының бірі – Қажы Бекташ Уали екендігі жайлы мәліметті ұсынады. Алайда, Қажы Бекташ пен түркімендер жайлы Афлакидің жағымды мәлімет бермейтініне, мүмкіндігінше оларды кінәлауға тырысатынына қарамастан оның берген мәліметтері Қажы Бекташ пен Маулананың бір кезеңде өмір сүрген замандас деп қуаттауымен құнды. Қажы Бекташ Уалидің өлген жылына дәлел ретінде «қуддиса сырруһу» және «мархум» деп басталатын 695/1295, 697/1297 жылдары шамасында жазылған жазбалар мен 706/1306 жылғы «Ахи Ауран уақфиясында» Қажы Бекташ Уалидің мекендеген «Қаражаһөйүк» немесе «Сулужа Қараһөйүк» деп аталатын кенттің «Қажы Бекташ Уали» деп аталып кетуі, сонымен қатар, Анкара кітапханасындағы Қажы Бекташтан қалған трактатқа қарағанда оның 606/1209-1210 жылы туылып, 669/1270-1271 жылы өмірден өткендігі ақиқатқа жақын тәрізді.

Кемеңгер дана ғұлама алғаш сауатын Нишапурда ашқан, араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп, заманына лайықты ілімдерден де хабары мол болған және рухани тәрбиені де осы туылған қаласынан алған. «Хажим Султан Уилаят-Намасында» оның ілім бұлағы және алғашқы ұстазы Ахмет Иасауи екендігі баяндалады. Бірақ тарихи тұрғыда Ахмет Иасауи 1166 жылы дүние салғандығы ескерілсе, оның Қажы Бекташтың ұстазы болуы шындыққа жанаспайды. Дегенмен, Ахмет Иасауи тарапынан көзі ашылған ілім бұлағынан Қажы Бекташтың сусындағаны туралы зерттеулер арасында қайшылық жоқ. Уилаят-Нама Ахмет Иасауи мен Қажы Бекташ арасын Лоқман Перендемен байланыстырады. Ахмет Иасауидің ізбасар шәкірттері жайлы мәліметтерде Лоқман Перенденің есімі кездеспегенмен, Иасауи халифа-ізбасарлары ретінде жас Бекташтың тәлім-тәрбиесін өз мойнына алған терең білімді, көкірек көзі ояу – муршид.

Түркі елінің пікірі – Қожа Ахмет Иасауидің ізін басқан Лоқман Перенде Қажы Бекташтың ұстазы екендігі жайлы Уилаят-Намада орын алған мәліметті Қажы Бекташтың тариқат силсиласы да қуаттай түседі: ас-Саййд Бекташ әл-Хорасани – Ахмет Иасауи – Абду-л-Халық Гыждуани – Юсуф Хамадани - Әбу Али Фармади - Әбу-л-Хасан әл-Харакани - Әбу Язид әл-Бистами (немесе Әбу Али әл-Фармади – Абду-л-Қасым әл-Гургани - Әбу Осман әл-Мағриби - Әбу Али әл-Катиб - Әбу Али ар-Рузбари – Жунайд әл-Бағдади ...). Бұл силсила соңында Али ибн Әбу Талибке және хазіреті Мұхаммед пайғамбарға барып тіреледі. Осы тұста Иасауи негізін қалаған түркілік мектептен Нақшилік пен Бекташилік тәрізді үлкен екі тариқаттың дүниеге келгендігін атап өткен жөн. Нақшилік тариқатының силсиласы атақты сахаба Әбу Бәкір арқылы Пайғамбарға тірелсе, Бекташиліктікі Али ибн Әбу Талиб арқылы Мұхаммед Мұстафаға ұласады.

Иасауидің мектебінде білім нәрімен сусындаған түркі суфилері Анатолия өлкесіне ислам діні мен мұсылмандық түркі мәдениетін таратуды өздерінің имандылық міндеті деп сезінген, осы түркімен ерендерінің қатарындағы Қажы Бекташ Уалидің Хорасаннан Анатолияға қоныс аударуына дейін қажылық рәсімін орындау мақсатында Нежеф, Мекке, Медине, Құдыс (Иерусалим), Халеб, Елбистан, одан соң, Сивас, Қыршеһир, Қайсери қалаларын аралап, соңында ол Сулужа Қараһөйүк кентіне тұрақтаған. Оның әлгі қалаларда арбаин рәсімін жасағандығы, тіпті Меккеде үш жыл бойы тақуалық өмір кешкендігі туралы мәліметтер де бар. Эсад Жошан Мақалатта Қағба мен қажылық рәсімі жайлы берген нақты мәліметтерге сүйене отырып, оның қажылыққа сапар шеккенін қуаттайды.

Жері құнарлы, берекелі Сулужақараһөйүк қонысына орналасқан Қажы Бекташ Уалидің осындағы, жанұялық жағдайы жайлы мәліметтер тапшы. Уилаят-Намаға қарағанда Қажы Бекташ Сулужа Қараһөйүк өлкесіндегі білімді де дана Идрис пен «ақыреттік әйел» атағына ие – оның әйелі Қутлу Малакқа біраз уақыт қонақ болғанға және Қажы Бекташ дүние салғанға дейін үйленбегенге ұқсайды.

Қажы Бекташ Уалидің өмірі жайлы мәліметтер өте аз және оған қатысты мәліметтердің көпшілігі аңыздарға толы болғандығына байланысты шешілуі қиын мәселенің келесі бірі – оның янычар корпусымен байланысы. Янычарлыққа тән «ақ бөрік» киюдің Қажы Бекташпен байланысы болмаса да аңыздарда «ақбөрікті» әскердің Қажы Бекташ тарапынан құттықталатыны және янычар атағы берілетіні орын алған. Бұл тарихи шындыққа сәйкес келмегенмен, оны жоққа шығаруға да болмайды. Себебі, кәсіп пен өнер салаларының пірін тұтыну дәстүріне сай, ерендер саруары және батырлар сардары ретінде есептелетін Қажы Бекташ Уали рухани дем беретін янычарлар ұранына, бата беретін піріне айналған болуы мүмкін.

Уилаят-Намаға қарағанда Қажы Бекташ Уали Анатолияға қадам басқан кезде, онда Қажы Ибраһим Сұлтан, Махмуд Хайрани Маулана, Молла Сададдин сияқты атақты ғұламалармен, суфилермен бірге Әміре атты әулиеге де халық ерекше ілтипат көрсететін. Әлгі Ұрым (Рум, Рим) ерендері Қажы Бекташтан аман-саулық сұрасуға аттанғанда Әміре қалып қойған. Қажы Бекташ Қараша Ахмет мен Сары Исмаилді жіберіп, Әмірені шақыртады және әулиелерден қалып қою себебін сұратады. Әміре Дос Диуанында ғайыптан келген қол өзіне несібе ұсынғанын, онда Қажы Бекташ атты ешкімнің көрмегендігін баян етеді. Ұсынылған қолдың белгісін сұраған Қажы Бекташқа ол алақанында нәзік жасыл меңнің бар екендігін, қазір көрсе, танитынын айтады. Сонда Қажы Бекташ алақанын ашады. Әміре Қажы Бекташтың алақанындағы нәзік жасыл меңді көрер-көрмес үш мәрте «таптуқ Хункарым» деп дауыстап жібереді. Осыдан бастап, ол Таптуқ Әміре деп аталып кеткен екен. Бұл – Юнустың ұстазы Таптуқ Әміре мен Қажы Бекташ арасындағы байланысты айқындай түседі.

Қажы Бекташ Уалидің шығармалары туралы соңғы жылдары жарық көрген және құнды пікірлерін топтастырған баспалар оның пікірлері мен дүниетанымдарымен жақыннан танысуға мүмкіндік берді. Қажы Бекташқа тән деген еңбектер ретінде мыналарды атауға болады:

1. Китабу-л-Фауаид: Ахмет Иасауидің Диани Хикметі негізге алына отырып, парсы тілінде жазылған. Бұл шығарма үшінші адамның әңгімелеуі бойынша жазылғанмен, ондағы тақырыптар Қажы Бекташтың қаламынан туындағаны, еңбектің атын автордың өзі қойғандығы айқын. Стамбул университеті кітапханасы түрікше жазбалар бөліміндегі қолжазба нұсқасы түрік тілінде жарияланған. «Хазіреті хункар Қажы Бекташ Уалидің өсиетнамасы деген атпен белгілі.

2. Мақалат - Қажы бекташ Уалидің қолымыздағы ең атақты еңбегі. Еңбектің түпнұсқасы – араб тілінде. Зерттеуші Эсад Жошан тарапынан түрік тіліне аударылған. Еңбектің реттелген аудармасы 812/1409 ж. Хатибоғлу Мухаммед тарапынан жүзеге асырылды. Ал Молла Садеддин тарапынан бүгінгі қара сөзбен жазылған аудармасы жарық көрді.

3. Шарх-и Басмала: Маниса Кітапханасы 3536 нөмірлік құжатта сақтаулы және «Китаб-и Тафсир-и Басмала маа Мақалат-ы Қажы Бекташ Рахматуллаһ», деп басталып, 827/1422 ж. Жафар бин Хасан тарапынан көшірілген. 57 беттен тұратын бұл еңбек Рушту Шардағ тарапынан жарыққа шықты.

4. Шатхия: екі беттен тұратын бұл еңбек 1091/1680 жылы Ануари Хуруфи және Нақши автор тарапынан «Тухфату-с-Саликин» деген атпен түрік тілінде түсіндірмесі жазылған.

5. Қажы Бекташқа тән өзге де еңбектер: «Фатиха сүресі тафсирі», «Мақалаты Ғайбия уа Калимат-ы Айния», «Хурда-Нама», «Уссу-л-Хақиқа».

Бүгінгі иасауитану тұрғысынан Қажы Бекташ Уалидің Мақаласы өте құнды дереккөз болып табылады. Сондықтан осы еңбекті қазақстандық зерттеушілердің назарына ұсынғанды жөн көрдік. Себебі мұнда Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымы мен жолының негізгі ұстындары орын алған. Иасауи жолының ерекшеліктері мен моральдық этикалық жүйесі, тариқат әдептері мен рухты тәрбиелеудің әдіснамалық желілері де осы еңбекте тереңінен түсіндірілген. Сонымен қатар бұл еңбек Анадолыдағы Иасауи жолының қандай форма және мазмұнда таралғанынан хабар береді. Ондағы негізгі тақырыптар мен ұғымдық жүйелер арасындағы байланысты аңғарған оқушы иасауитану мұхитының көлемі мен шегін тани алады деген ниеттеміз.


ХОРАСАНДЫҚ ҚАЖЫ БЕКТАШТЫҢ МАҚАЛАТ КІТАБЫ
Әлсіз, бейшара біз сияқты құлдарды жоқтан бар етіп жаратқан және бізге иман нұры мен ислам дінін нәсіп еткен тек Құдай Табакара уа Тағала ғана шексіз шүкіршілікке, алғысқа және мадаққа лайық. Ол бүкіл адамдар мен жан-жануарлардың несібесін арттырып, ырысын молайтты.

Бүкіл әлемді Алла пайғамбарымызға деген шынайы достық мейіріммен жаратқан, сол пайғамбарлар көсеміне, расулдар1 ұлысына және әулие-әнбиелер мырзасына сәлем мен салауат айтылсын.

Жүректері иман нұрымен толысқан, өмірлері пәк, мүбарак оның сахабалары мен әһли бәйтіне2 сәлем берілсін, Алла олардың барлығын амандыққа жеткізсін.

Әлемнің әміршісі ұлы Алла Тағала бүкіл мұсылмандардың аса қадірлі де қасиетті рухтарына ақыретте рақымдылық жасасын. Хазіреті Расулуллаһ пен оның сахабаларына сәлем мен салауаттан соң:

Сөзінің құпиялы мәні зор, тәтті тілді және әсерлі де жылы жүзді, Мақалат иесі, шариғат суы, тәрбие мен білім бұлағы, хақиқат қазынасы, тариқат иесінің мақамы, шариғат қауымының муфтиі, ілім дариясының алыбы, атақты кемеңгер хорасандық сұлтан Қажы Бекташтың Алла асыл сырын қасиетке бөлесін. Дін сәулесі, иман нұрының нәрі, хақиқат әлемінің бақшасы ерендер3 тұрағы былай дейді:

БІРІНШІ БӨЛІМ
Хақ Субханаһу уа Тағала адамды төрт түрлі заттан жаратты және оны төртке бөлді. Төрт бөліктің төрт түрлі ғибадаттары, төрт түрлі қалаулары мен тілектері және төрт түрлі халдері бар. Адамды жаратқан төрт түрлі заттың бастапқысы – топырақ, екіншісі - су, үшіншісі – от және соңғысы – жел.

Құдайдың жаратқан төрт түрлі адамына келсек:

Бірінші түрі – абидтер4: олар - шариғат5 қауымы және олардың негізі – жел. Жел (ауа) – дертке дауа әрі қуат көзі. Сондықтан, олар күндіз-түні Хаққа құлшылық жасаудан жалықпайды. Жел болмаса егістер өздерінің берекесін бермеген болар еді және бүкіл әлем сасыған ауадан құрып кетер еді. Сонымен қатар, дүниедегі барлық нәрсе, яғни, халал-харам, таза-лас барлығы шариғат арқылы белгілі болады. Себебі, шариғат қақпасы – басты қақпа. Құдай жәллә жалалуһу6 осы жайында Құранда былай деген:

قوله تعالي: ولا رَطْبٍ ولا يابِسٍ اِلا في كِتابٍ مُبينٍ

«Мейлі жас, мейлі кепкен зат болсын, барлығы ашық осы кітапта» (Анғам сүресі 59)

Олай болса, қадірлі бауырым! Құдай Тағаланың бұйрықтарын ынтамен орындау және сақтан дегендерінен аулақ болу қажет. Сонда ғана адам баласының мерейі үстем болмақ және Хақ Тағаланың әмірлеріне қарсы шықпайды. Иншаллаһ7, осы тектес адамдардың амалдары мен халдері қалай болатынын Мағрифат8 арқылы қайта тірілетін күні еске түсіреміз.

Абидтердің ғибадаттары: намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару, отанға қауіп төнгенде соғысқа қатысу, жүніптік жағдайда бой дәрет (ғұсыл) алып тазалану және нәпсі9 қалауларынан бас тартып, дүниені тәрік етіп, ақыретті аңсау. Бұлар қарапайым халықтың амалдары. Дегенмен олар бір-бірін ренжітуден тайынбайды. Кибир10, хасад11, буғз12, бухл13 және адауат14 бұларда үнемі байқалады. Аталған топтың жағдайы - осындай.

Екіншісі – заһидтер15 қауымы. Олардың шыққан тегі – от және заһидтер тариқат16 қауымына жатады. Сондықтан, олар күндіз-түні жанулары, өздерін жағулары тиіс. Бұл дүниеде өзін жаққан адам ертеңгі күні - о дүниеде (ақыретте) түрлі азаптардан құтылады. Бір мәрте жанған адам енді қайта жанбайтынын білген жөн.

وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ اُعِدَّتْ لِلْكَافِر۪ينَ قوله تعالي:

«онда адамдар мен тастарды отын етіп жандырып, кәпірлер үшін дайындап қойған тозақ отынан сақтаныңдар (Бақара-24)»




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет