Іле алатау өҢірінің КҮйшілері



жүктеу 55.63 Kb.
Дата19.09.2017
өлшемі55.63 Kb.

ӘОЖ37.036

ІЛЕ АЛАТАУ ӨҢІРІНІҢ КҮЙШІЛЕРІ

РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматривается творчество казахских народных композиторов-кюйши казахской автономной области Иле Алатау в Китае
SUMMARY
In the article author considers the creativity of Kazakh folk kui composers of Kazakh Region Ile-Alatau in China.

Ғылыми жетекші: Байбатшаева С.З.- магистр- аға оқытушы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент


Киелі өнерді ардақтай білген дана халқымыз күй құдіретін аса жоғары бағалаған. Әрбір халықтың ардақ тұтар айбыны мен ішкі әлемінің айдыны есепті ешбір нәрсемен алмастыруға болмайтын ұлттың өзімен бірге туындап, біте қайнасып келе жатқан киелі мұрасы бар.

Домбыра-көшпелі елдің көне көз шежіресі, көпті көрген қарияның күйі. Қазақтардың музыкалық тұрмысында домбыра жетекші роль атқарады.

Күй-көптен келе жатқан музыкалық көне ұғым. Ертеде күй деген, сірә аспаптық және жеке дауыстық музыка шығармаларына берілген ат болуы әбден мүмкін. Ен далада күн кешкен елдің ауызынан шыққан күй деген сөздің аспаптық музыкаға тән атау екені, оның түп-тамыры одан да арғы заманда жатқаны 14 ғасырдан бері белгілі. Бізге жеткен әрбір күйдің сарынынан ата-баба өмір сүрген ежелгі ортаның кескін-келбетін, соған тән құбылыстар мен оқиғаларды көргендей бүкіл жан дүниеңмен сезінгендей күй кешесің. Бейнелеп айтар болсақ, күйлерден аспан мен жер аралығында адам танып түсінер, табындырар іс қимыл әрекеттердің түр-түрі орын алып жатыр. Аққудың сұңқылы, қаздың қаңқылы, желдің гуілі, бұлақтың сылдыры, қамыстың сыбдыры, ат тұяғының дүбірі, ботаның боздауы, қасқырдың ұлығаны, бұлбұлдың сайрағаны т.т. бірде бірі күй әлемінен тыс қапа қалмаған. Қазақтың күй сазын сөз еткенде, оның молдығы мен көркемдігі жайлы «Санын сөз етсеңіз де, сапасын сөз етсеңіз де, екі ішектен ескен күй мақтауға тұрарлық қымбат дүниеміз» – деп, А. Жұбанов айтқандай қазақ халқының тұрмыс характерімен, өмір-тіршілігімен әр қашанда тығыз байланыста болатын күй-жүздеген жылдардан бері қанат жайып өркендеп, келе жатқан жанр.

Қазақстанның шығыс атырабы Қытай халық Республикасының Шыңжаң өлкесімен шекаралас. Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары шекарасының арғы бетінде, Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында негізінен қазақ халқы тұрады. Қытай Халық Республикасында Іле қазақ автономиялық облысы бар. Жері жайсаң, табиғаты сұлу бұл өңір қазақтың музыкалық фольклорына бай. Аласапыран жылдары Алтайдың ар жағында қалып қойған ағайынның да ата-бабадан келе жатқан мирас өнерге бай екені белгілі. Шыңжан өңірі дегенде Алтай, Іле, Тарбағатай өңірлерін айтамыз. Шыңжаң қазақтарында ұлттық дәстүр, әдет- ғұрып, салт-сана, өнер қазынасы мол мұра болып сақталған. Осы мұралардың бірі ата-бабаларымыздан қалған және бүгінде өз жалғасын тауып келе жатқан күйшілік өнер. Олардың арасында халық күйші- композиторлары да көптеп саналады. Шыңжаң халық композиторларының күйлері, тарихи асыл мұралары ел арасындағы дарынды орындаушылар арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халықтың рухани азығы ретінде ғасырлар бойы бірге жасасып келеді. Осы орайда Шыңжаңда өмір сүріп артына өшпес күйлер қалдырған күй тарландары Бейсембі, Қожеке, Қайрақбай, Әшім, Раздық атты халық композиторларының есімі ерекше аталады.

Елден, жерден жырақ жүрген халықтың жүрегі сағынышқа толы болады. Сондықтан шығыс шертпелері мұңлы, сазды келеді, екі ішек бөлек-бөлек қағылады. Шыңжаң қазақтарының күйлерін біз стилі жағынан шертпе күйлерге жатқызамыз біріншіден бұл өңірді мекендеген Орта және Ұлы жүз қазақтарында негізінен шертпе күйлер тарту дәстүр болып қалыптасқан, екіншіден интонациялық құрылысы жағынан олардың күйлері барлық шертпе күйлерге ұқсас, үшіншіден бұл өңірдің домбырашыларына Батыс Қазақстан дәстүріндегі төкпе күйлерді сипаттайтын «бас буын», «орта буын», «бірінші саға», «екінші саға» сияқты аймақтық аталымдар таныс емес. Қытайдағы қазақтардың күйлерін анықтағанда, біз негізінен қағыстық–ырғақтық мәнерін емес, осы жоғарыда айтылған ұстанымдарды басшылыққа аламыз. Өйткені олардың арасында түгелімен «қара қағыс» деп аталатын төкпе күйлерге тән қағыспен орындалатын күйлер де кездесіп қалады. Жалпы бұл өңірдің шертпе күйлердегі бір ерекшелік-орындау мәнерінде алуан түрлі қағыстардың алмасып отыратындығы. Шертпе күйлер негізінен лирикалық жанрға жатады. Көбінесе бұл күйлер табиғат сұлулығына, туған жерге, дос жаранға, жан-жануарларға арналады немесе ғашықтардың асыл сезімін жеткізуге бағытталады және басқа көптеген тақырыптарды қамтиды. Шертпе күйлер де төкпе күйлер сияқты орындаушылық ерекшеліктеріне байланысты бірнеше мектептерге бөлінеді. Мәселен, Арқа күйлерімен (Тәттімбет, Қыздарбек және т.б.) салыстырғанда Қаратау өңірінің күйлері (Сүгір, Балыш, Әлшекей, Төлеген) басқаша болып келеді. Ал Іле қазақтарының шертпе күйлерінің (Қожеке, Әшім, Бейсенбі, Қайрақбай және т.б.) өз ерекшеліктері бар. Бұл өлке күйшілерінде бірде жеке ішекте шертіп орындау, енді бірде екі ішекте қосып, төгіп тарту да кездеседі.Теріс бұраудағы күйлер шертпе күйлердің ішінде бөлекше нақышпен орындалады.

Атақты күйші Қожеке Назарұлының күйлері Шыңжаңдағы Іле қазақ автономиялық облысының Іле және Текес өңірлеріне кең тараған. 19 ғасырда өмір сүрген Қожеке-өз заманының әйгілі серісі, атақты күйшісі әрі шебер орындаушы шежірешісі. Қожеке жүзге жуық күй шығарған. Күйлері тақырыптық және музыкалық-стильдік тұрғыдан сала-салаға бөлінеді. Оның күйшілік қорында көне күйлердің бұрауы болып саналатын бізге жеткен квинта (теріс) бұрауындағы күйлердің аздығына қарамастан, аймақ үшін дәстүрлі болып саналатын эпикалық тақырыпқа («Мұңлық-Зарлық», «Көрұғлы сұлтан», «Кертолғау») және таза архаикалық аңыздарға (мысалы, домбыраның тууы жайлы «Қамбархан» атты аңыз) құрылған күйлер де мол болған. Қожеке күйлерінің көбі автобиографиялық негізде шығарылған.

Шыңжандағы күй дәстүрінің көрнекті өкілінің бірі Әшім Дүңшеұлы 1896ж. Күнес сахарасында кедей малшы отбасында туған. 1952-1953 жылдары Үрімшіде, кейін Іле облыстық көркемөнер үйірмесінде істеп, қазақтың көркемөнерін жолға қою, көркейту ісіне ақылшы болады. Әшімнің өзі шығарған және мұрагер ретінде халыққа орындап беретін күйлері өте көп болған. Ел аузында Әшім 360 күй шерте білетін еді делінген. Күйлерін атай кетсек олар «Ақ Ерке», «Сыбызғы үні», «Күй қайтарма», «Жаңа қоныс», «Арман ай» т. б. Қазақтың домбыралық музыкасының жоспарлы да, жүйелі зерттелуі А.В.Затаевич, А.Жұбанов, Б. Ерзакович және басқалардың еңбектерінен басталады. Алайда қазақтың домбыраға арналған күйлерін жазып алып, зерттеу барысында Шығыс Қазақстан дәстүрінде орындалған күйлерге зерттеулер онша мән берген жоқ. Өйткені күйлер тек қана Батыс Қазақстан өңірінде етек алған деген жансақ пікірде болған. Ал шертпе күйлерге келсек, ол зерттеушілердің көзіне көп іліне қойған жоқ. Шертпе күйлерге ерекше назар аударылған алғашқы еңбектердің бірі У. Бекеновтың 1977 жылы жарық көрген «Шертпе күй шеберлері» деген кітабы, және шертпе күйлерге арналған тағы ірі көлемді еңбегі-1981 жылы шыққан «Күй табиғаты» кітабы.

Уәли Қалиақпарұлы Бекенов 1934 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, Саршоқы өңіріндегі Ақтөрен атты сайында дүниеге келді. Қазақ халқының, соның ішінде Шыңжаң күйшілерінің күйлерін Қытайдың Пекин, Шанхай, Куньшен, Тибет, Дальян, Чиньянь қалаларында өткен концерттерде орындап, алғаш насихаттаған, қазақ радиосының алтын қорына өз орындауында алғаш рет жаздырған. Тума дарын иесі домбырашы Уәли Бекеновтың өз жанынан шығарған бірнеше күй туындылары бар. Ол күйлер орындаушылық ерекшеліктері жағынан, әуендік құрылымы, қағыс түрлері тарапынан шертпе күйлердің озық үлгілеріне жатады.



Шыңжаң жерінің қазіргі заман күйшілерінің өмірі және шығармашылығы жайында газет беттерінде немесе кітап беттерінде басылып шыққан мақалалар саусақпен санарлық. Бұлардан басқа атағы шықпаған, Қазақстан жеріне белгісіз, Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының күйшілері әлі қаншама.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген қазақтардың үлкен бір бөлігі қазірде Қытай мемлекетінің батысында, Шығыс Түркістандағы өздерінің ежелгі ата қонысында өмір сүруде. Қазақ бауырлар өз ұлтының тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт санасын сақтап қана қалмай, оны алға дамытуға қол жеткізген .

Қазақ халқы ән, күй десе ішкен асын жерге қояды, ол күйді де, күйшіні де құрметпен төбесіне көтереді. Сайып келгенде күй музыкасы қара халықтың қамын жеп оны жарқын болашаққа, бақытқа, әділетті заман мен шұғылалы өмірге ұмтылдыратын рухани күш берген.
Әдебиеттер:

1. А. Жұбанов. Ғасырлар пернесі.-А.,1976.

2. Б. Мүптекеев. С. Медеубекұлы. Жетісудың күйлері.-А.,1998.

3. Д. Бекенов. Іле казактарының күйлері.-А.,1988.



4. Т. Мергалиев С. Бүркіт, О. Дүйсен « Қазақ күйлерінің тарихы».-А.,2002.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет