Қылмысқа оқталудың ТҮсінігі және ол үшін жаза тағайындау критерийлері



жүктеу 52.56 Kb.
Дата05.05.2019
өлшемі52.56 Kb.
түріКодекс

УДК 343
ҚЫЛМЫСҚА ОҚТАЛУДЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ ОЛ ҮШІН ЖАЗА

ТАҒАЙЫНДАУ КРИТЕРИЙЛЕРІ
Беисов Е.Ж., Ермаханов Қ.С

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 24 бабының 3 бөліміне сай, қылмыс істеу үшін тікелей бағытталып, қасақана істелген әрекет егер қылмыс кінәлінің еркінен тыс мән-жайларға байланысты ақырына дейін жеткізілмесе, мұндай әрекет кылмыс істеуге оқталу деп танылады.

Сот тәжірибесінде қылмысқа оқталудың түрлері әртүрлі. Мысалы, қылмыскер ұрлау мақсатымен, пәтерге кіріп аяқ астынан келген үй иелерімен ұсталынып қалуы; зорлаушы жәбірленушінің қарсылық көрсеткенінен өз мақсатын жүзеге асыра алмай қалуы; қылмыскер кісі өлтіру мақсатымен жәбірленушіге атқан оғының тимей қалуы немесе тисе де жәбірленушінің тірі қалып денсаулығына зиян келтірілуі.

Осы мысалдардың барлығы да қылмысқа оқталуды құрайды. Қылмысқа дайындық сияқты, қылмысқа оқталу объективтік және субъективтік белгілермен сипатталынады. Бұл белгілердің жиынтығы аяқталмаған қылмыс сатысын құрайды. Сонымен қатар, бұл белгілер бір жағынан қылмысқа оқталуды қылмысқа дайындықтан ажыратса, екінші жағынан аяқталған кылмыстан айырмашылықтарын көрсетеді.

Егер қылмысқа дайындық, қылмысты жүзеге асыру үшін жағдай жасаса, ал қылмысқа оқталу, қол сұғушылықтың объектісіне нақты зиян тигізу қаупін туғызады, яғни қылмысты жүзеге асыру үшін тікелей бағытталынатын қасақана әрекет ретінде түсіндіріледі. Осыған байланысты, қылмысқа оқталудың объективтік жағы төмендегі белгілермен сипатталынады.

1) Дайындықтан қылмысқа оқталудың айырмашылығы, оқталуда субъект жасалып жатқан қылмыс объектісіне тікелей әсер етеді; яғни кінәлінің әрекеті қандайда бір нақты қылмыс жасауға тікелей бағытталған. Мысалы, қылмыскердің атқан оғының тимей қалуы. Ол дегеніміз, ату кезінде жәбірленушінің өміріне тікелей және нақты қауіптің төнуі.

2) Оқталудың дайындықтан айырмашылығы, оқталу кезінде адамның жасаған әрекеті (әрекетсіздік) тікелей қылмыс жасауға бағытталған. Оның өзі ойлап қойған Қылмысының объективті жағын жүзеге асыра бастауын немесе әрі қарай жалғастыруын көрсетеді [1]. Мысалы, ұры ақша ұрлау мақсатымен сейфті ашпақ болып ұсталады. Қылмыскердің бұл әрекеті, ұрлықтың объективтік жағының орындалуын көрсетеді.

Сондықтан, қылмысқа оқталуды қылмысқа дайындықтан ажырату үшін, жасалған әрекет дайындалып жатқан қылмыстың немесе жасалып жатқан қылмыстың объективтік жағының бөлігін құрайды ма, соны бекітіп алу керек. Бұл әрекеттің өзі қылмысқа қол сұғушылық сипатына карай қылмысқа оқталу болып та, қылмысқа дайындық болып та қарастырылуы мүмкін. Мысалы, пәтерге ұрлық мақсатымен кіру-оқталу болады, сол пәтерге кісі өлтіру мақсатымен кіру дайындық болып табылады. Бірінші жағдайда, пәтерге кіру, бөтен біреудің мүлкін жасырын алу осы қылмыстың объективтік жағының бір бөлігі болып табылады. Екінші жағдайда, жасалған әрекет кісі өлтірудің объективтік жағына кірмейді, демек оқталу сатысына жетпейді.

Аяқталған қылмыстан, оқталуды құрайтын әрекеттің (әрекетсіздік) айырмашылығы, ол адам еркінен тыс жағдайларға байланысты аяғына дейін жетпей қалуы. Оқталу кезіндегі әрекеттің бітпей қалуы, аяқталған қылмыстан айырмашылығының бірден-бір белгісі. Әрекеттің аяқталғанын білу, жасалып жатқан қылмыстың объективтік жағының ерекшелігіне байланысты болады. Материалдық құрамдарда қылмысқа оқталу барысында, қылмыстық заң диспозициясында көрсетілген қылмыстық нәтижесі болмайды (ұрлықта, шабуыл жасап тонауда субъект біреудің мүлкін иемдене алмайды; кісі өлтіруге оқталғанда жәбірленушінің тірі қалуы және т.б.) Бірақ материалдық құрамдары қылмысқа оқталғанда міндетті түрде қылмыстық зардап болмайды деген сөз емес. Зардап болуы мүмкін, бірақ ол кінәлінің тілеген зардабы емес. Сот тәжірибесінен мысал келтірсек: Азамат И. кісі өлтіру мақсатымен жәбірленушінің кеудесінен пышақпен ұрған. Нәтижесінде жәбірленуші тірі қалып, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келген [2]. Бұл жерде жауаптылық, денсаулыққа келген зардап үшін емес, қасақана кісі өлтіру үшін оқталуға қатысты туындайды.

Формальды құрамдағы қылмысқа оқталу, қылмыстық заңда көрсетілген әрекеттің жартылай орындалуымен сипатталынады. Мысалы, зорлықшының жыныстық қатынасын жасай алмай қалуы.

Оқталу кезіндегі әрекет, адам еркінен тыс мән-жайларға байланысты аяқталмай қалады. Кінәлі қылмысты аяғына жеткізу үшін барлық жағдайларды жасайды. Мысалы, ұры пәтерге кіру мақсатымен құлыпты ашуға әрекет жасайды, бірақ сол құлыпқа кілт таба алмай пәтерге кіре алмайды; немесе пәтерге кірсе де аяқ астынан келіп калған үй иелері оған кедергі жасайды немесе үйге қойылған дыбыс жүйесінің берген белгісімен полиция кызметкерлерінің келіп қалуы кедергі болады.

Көрсетілген объективтік белгілер оқталу кезінде жасалуы мүмкін әрекеттер шеңберін керсетеді. Біріншіден, оқталу материалдық құрамдағы қылмыстың кез-келген түрінде болады. Ол әрекет күйінде де, әрекетсіздік күйінде де болуы мүмкін. Бірақ тәжірибеде әрекетсіздік жолымен қылмысқа оқталу мүлдем кездеспейді десе де болады. Өйткені, қылмыстық құқық оқулықтарында бір жарым ғасыр бойына бір ғана мысал келтіріледі (анасы өз нәрестесіне өлім тілеп, оны емізбеуі) [3].

Әрекет жолымен жасалған оқталу, формальды құрамдағы қылмыстарда да болады. Бұл жерде істелген кылмыстың объективтік жағы толығымен орындалмайды.

Әрекетсіздік жолымен жасалған формальды құрамдағы қылмыста қылмыс жасау алдында болған адамның әрекетсіздік түріндегі мінез-құлқының ешқандай қылмыстық - құқықтық мәнісі жоқ, ал одан кейін жасалынғанның бәрі аяқталған қылмыс мәнісіне ие болады. Мысалы, қауіпті жағдайда калдыру - ҚР ҚК 119б. соттың үкімін немесе шешімін орындаудан бұлтару - ҚР ҚК 362б., куәнің немесе жәбірленушінің жауап беруден бас тартуы- ҚР ҚК 353 б.

Қылмысқа оқталудың субъективік жағы кінәнің қасақаналық нысанымен сипатталады. Қылмыстық құқық теориясы және сот тәжірибесі қылмысқа оқталу тек тікелей қасақаналықпен болуы мүмкін деген корытындыға келді [4].

Қорыта айтқанда, оқталудың түрге бөлінуін субъективті және объективті критерийлердің бірлігінің негізінде қарастыру қажет. Оларды бір-бірінен мүлдем бөлуге болмайды. Аяқталған және аяқталмаған оқталуды осы бірліктен шығару керек, себебі оқталудың берілген түрлері қылмыс жасауды жүзеге асырудың әртүрлі дәрежелерін ғана көрсетеді.

Субъективті және объективті критерийлердің жиынтығы, қол сұғушылықтың тұтас бейнесін дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.

Қылмысқа оқталуды жазалау негіздері Қылмыстық Кодексте керсетілген жалпы негіздерге байланысты жүреді Оқталу үшін жаза Қылмыстық кодексте көрсетілген аяқталған қылмыс үшін белгіленген аса катаң жазанын төрттен үш мөлшерінен аспауы керек. Оқталу үшін өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайды.

Жоғарыда келтірілген әр түрлі пікірлерді талдай отырып, оқталуға тән келесі белгілерді бөліп көрсетуімізге болады:

1. Қылмыс жасауға тікелей бағытталған әрекет.

2. Қылмыстың нәтижесінің болмауы.

3. Оқталудың келесі бір шартты белгісі және оны жазалаудың басты шарты ол - қылмыстың кінәлінің еркінен тыс мән-жайларға байланысты аяқталмауы.

4. Оқталудың тағы бір белгісі И.С. Тишкевич заңдастыру керек деп ұсыныс жасаған қылмыстың қоғамға қауіптілігі. Яғни, оқталудың қылмысқа дайындалумен салыстырғанда қоғамға қауіптілігі жоғары.



Әдебиеттер


  1. Практикум по уголовному праву. - М.: БЕК, 2006. – 488 с.

  2. Үкім. Қылмыстық іс. Алматы облыстық сот архиві. - Талдықорған, 2004. – 12 б.

  3. Алауханов Е. Қылмыстық құқық. - Алматы: Жеті жарғы, 2008. - 224 б.

  4. Уголовное право Республики Казахстан / Под ред Баймурзина Г.И. – Алматы: Жеті Жарғы, 1998. – 360 с.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет