Ќыпшаќ ЌОЃамыныњ єлеуметтік-экономикалыќ дамуы



жүктеу 65.62 Kb.
Дата10.05.2019
өлшемі65.62 Kb.

ҚЫПШАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ
Амантаева Г.Б.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз


Қыпшақ атымен әлем тарихына әйгілі болған бұл бірлестік өз ішімен ғана емес сыртпен де, шығыста Қытай шекарасынан басталып, батыста Киев, Шығыс-Рим (Византия) арқылы Орта теңіз жағалауларына дейінгі жол үстінде, оңтүстікте Иран, Ирак арқылы Нил дариясының құйылысына дейінгі - сауда жолының торабы қыпшақ жері арқылы қатынасқандықтан қыпшақ елі әлем аралық орталық болып, екі дүние (Еуропа мен Азия) тұтқасын қолында ұстады. Ең асылы бұл екі дүниеде тапшы кездесетін мал шаруашылығына ие болумен – қыпшақ жұртының бір ауданда он мыңдай саналатын мал шаруашылығы болуымен дала (Дешті Қыпшақ) даңқын халықаралық сатыға көтерді. Оның үстіне қыпшақ елі, көшпелі жасақты орда болуымен байланысты өте жауынгер жұрт еді, сондықтан қыпшақпен сауда айырбас қатынас жасайтын мәдениетті көршілері санасатын болды. Жер аты Дешті Қыпшақ атымен қандай данқты болса, халқы аты одан да зор данққа бөленді.

ХІІІ-ХІҮ ғасырларда Қыпшақ сөзі жалпы “түркі” ұғымын алмастырып, Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі — “Кодекс Куманикус” шығарылды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қыпшақ көптеген ұлыстарға бөлініп кетті. Бір бөлігі Қазақ хандығының құрамына кірді [1, 192 б].

Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және сословиелік жағынан тең болған жоқ. Негізгі теңсіздік малға жеке меншік еді. Жылқы басты байлық саналды. Орта ғасырлардагы авторлардың хабарлағанындай, қыпшақтар елінде көптеген адамдар бірнеше мың жылқы, ал олардың кейбіреулері он мың және одан да көп үйірлі жылқыны иеленген.

Қыпшақ тайпаларынын көшіп-қонуы тез малшы топтары жүздеген, ал кейде мыңнан да астам шақырым жерге көшіп жүрді. Олардың көшетін аумағы тарихи дәстүрлерге, байлық дәрежесіне және табиғат жағдайларының сипатына қарай әр түрлі болып отырды. Негізгі жайылымдардың орны мен көшу жолдары, сан ғасырлық, тәжірибе ұрпақтардың бойында қалыптасты. Осыған байланысты «отан» (этникалық аумақ) ұғымына «жайылымдық жер», «жайлау» және «қыстау» ұғымдары арқылы ой жүгіртуге болады. Тұрақты көшу жолдарын елеулі экономикалық, әлеуметгік немесе саяси себептер ғана өзгерте алатын. Көшу жолдары мен жайылымдарды бөлу қоғамның қалыпты тіршілігін қамтамасыз еткен жайылымдық-көшпелі жүйенің негізгі шарты болды. Мал ұрлау қатаң жазаланды, дағдылы құқықтың орныққан нормалары бойынша жазаланды деп есептелді. Жеке меншіктегі малға рулық-тайпалық белгілер салынды. Малынан айырылған, демек, көшу мүмкіндігін жоғалтқан еркін қауым мүшесі отырықшы тұрғындар-жатақтар қатарына өтті. Кедей ятұқтар жеткілікті мөлшерде мал пайда болысымен-ак, ол қайтадан көшпелі шаруашылыққа ауысып отырды. Қыпшақ қоғамында ен құқықсыз топ соғыс тұтқындары есебінен толықтырылып отыратын құлдар болды. Қыпшақ хандығында құлдықтың болғандығын Махмұд Қашқаридың қыпшақ тілінде құлды «яланкуг» деп атағандығынан анық байқауға болады[2, 200 б].

Қыпшақтардың негізгі шаруашылық кәсібі мал шаруашылығы болды. Орта ғасырлардағы жазбаша деректерден қыпшақтардың жылқы, қой, сиыр, өгіз, түйе өсіргенін білеміз. Қыпшақтар малының құрамында қыста жаюға неғұрлым бейімделген жылқы мен қой басым болды [3, 30 б].

Олардың мал шаруашылығында ет пен май қорын тез толтыратын қой шаруашылығының зор маңызы болды. Сондай-ақ қойдың жүні мен терісінен жылы киім дайындалды. Қыпшақтар қойдың екі тұқымын өсірген. Олардың едәуір болігі кішкене құйрығы бар, бірақ көшуге өте бейімделген қой болды. Сонымен бірге құйрықты қой да өсірген, олар көктем алдындағы жем шөп жеткіліксіздігіне біршама жақсы төзетін еді [4, 47 б].

Көшпелі тұрмыс жағдайында алыс жайылымдарды игеруге мүмкіндік берген ерекше жылдамдығы мен төзімділігі, соғыста және қаумалап аң аулауда пайдаланылатындығы арқасында жылқы аса бағалы жануар деп есептелді. Сондықтан қыпшақтар тек қана тебіндеп жайылатын жылқы өсіруге ерекше көңіл бөлді. ,,Бұл даланың /Дешті Қыпшақтың/ ерекшеліктері мынада: оның шөбі малға арпаның орнына журеді, басқа елдерде мұндай ерекшелік жоқ. Онда малдың көптігі де сондықтан,,-деп атап өткен араб саяхатшысы Ибн Баттута. Жылқы санының көп болуы әрқашанда байлықтың өлшемі, малшы билігінің экономикалық негізі болған [5, 77 б].

Кейбір жазбаша ескерткіштерде қыпшақтар елінде он мың тамаша жылқы иеленгендердің көп болғаны жөнінде мағлұматтар бар. Орталық Қазақстандағы қыпшақ тайпалары мекендеген аумақтағы обалы қабірлерде жылқының екі тұқымы–басы кішкене, аяқтары ұзын әрі жіңішке, шоқтығы биік салт мінетін аттар байқалды, мұндай асыл тұқымдыларының сүйектері түркі тілдес бай шонжарлардың қабірінен кездесті. Сондай-ақ асыл тұқымды жылқымен қоса әдеттегі жылқылар: жатаған, басы үлкен, аяғы қысқа әрі мықты, өте төзімді, көшпелі тұрмыста тұрақты пайдаланатын жылқылар өсірілгені анықталды.

Қыпшақ жылқысы өте жоғары бағаланды, оларға шектес және алыс елдерде сұраным көп болды. Мысалы, Дешті Қыпшақтан Үндістанға апарылатын қарапайым жылқы күміс ақшамен жүз динарға сатылған, ал жақсы аттың құны 500 динар және одан да артық бағаланған [2, 56 б].

Түріктер даласының жылқысы климаттың қатаң болуымен сипатталатын жергілікті табиғи жағдайларға жақсы бейімделген еді, сүттің мол және еті мен майының сапасы жақсы болуымен ерекшеленді. Қыпшақтар сиыр және қой етінен жылқы етін артық көретін, ал бие сүтінен тамаша, шипалы сусын – қымыз дайындайтын.

Жазба деректердің мәліметтеріне қарағанда, қыпшақ қоғамындда асыл тұқымды жылқыларды өсіруге зор көңіл бөлінген. Күш көлігі, тамақ көзі ретінде және салт мінуге арналған асыл тұқымды жылқылар көптеп өсірілген. Бұл салада ұрпақтардың сан ғасырлық тәжірибесі елеулі нәтижелерге жетуге мүмкіндік берді. Мысалы, әрбір ру- тайпаның жылқылары өзінің бірегей түсімен ерекшеленді. Кейде белгілі бір тайпаның атауы жылқысының түсі бойынша анықталатын. Бұл жағынан батыс қыпшақ бірлестігінің құрамына ,,құла жылқылы,, /құлабаоғлы/ тайпасының енуі назар аударарлық [6, 63 б].

Қыпшақтар қой, жылқы шаруашылығымен бірге ірі қара өсірумен де айналысты, бірақ саны жағынан ол әлдеқайда аз болды. Сиырлар мен өгіздер көшкен кезде алыс қашықтыққа көп жүрісті көтере алмайды. Мұның өзі қыпшақ тайпаларының белгілі бір топтарының тұрақтыы қыстаулары бар жартылай көшпелі тұрмыс салты болғанын көрсетеді. Ірі қара көбінде жегуге пайдаланылды.

Қыпшақтардың Батыс Қазақстан аудандарына ілгерілеуіне қарай олардың жекелеген топтары түйе шаруашылығымен айналыса бастады. Құмды және шөпсіз жерлерге түйе ең пайдалы да қолайлы үй жануары болды.

Малды азықтандыру үшін орасан зор жайылым қажет болды, сондықтан қыпшақтардың көші-қон ғасырлар бойы орныққан белгілі бір бағыттар бойынша жүзеге асырылды. ,,Әркім өз малын, - деп жазды Вильгельм Рубрук, - қыста, жазда, көктемде және күзде қайда жаятынын біледі,, [2, 202 б].

Қыпшақтарда аң аулау қосалқы кәсіп болды. Әл-Джахизге сәйкес, ,,көшпелі түріктер аң аулағанда, әсіресе қарақұйрықтар мен құландарды қуған кезде ғажап төзімді,,. Махмұд Қашқари қыпшақтар даласында мекендейтін, сол жерде ауланатын жабайы ірі аң – бұлан аулауды атап көрсетеді [5, 96 б].

Қыпшақтарда аң аулағанда садақ пен жебеден басқа, аңға құс салған, қоянды, түлкіні, тіпті қасқырды да итпен ұстаған. Қыпшақтар үшін аң терісі басқа елдермен сауда жасаудың маңызды көзі болды. Махмұд Қашқаридың айтуынша, түріктер қымбат бағалы аң терісін ,,иджұқ,, деп, ал ,,Тәржімал,, араб- қыпшақ сөздігінде - ,,курс,, деп аталған [5, 55 б].

Аңды жеке шығып аулаумен қатар қыпшақтар қаумалап аулауды да ұйымдастырған, оның шаруашылық жағымен бірге әскери өнер, жасақтардың жауынгерлік әзірлігін сақтау амалы болды.

Аң аулаумен қатар қыпшақтардың, негізінен, ең кедей, өзен жағасында тұратындары балық аулауменен де айналысты. ,,Диуани лұғат ат-түрікте,, және араб-қыпшақ түсіндірме сөздіктерінде қыпшақтардың балық аулағандығы, еңбек құралдарының терминдері келтірілген [3, 23 б].

Орта ғасырлардағы деректердің бір бөлігінде қыпшақтардың дәнді дақылдар мен бұршақ дақылдарын өсіргендігі туралы айтылады. Қыпшақтар негізінен тары еккен. Әл-Омари былай деп атап өткен: «Оларда /қыпшақтарда/ егістіктің көлемі өте шағын және бидай мен арпа аз себіледі. Оларда негізінен тары өсіріледі, олар сонымен тамақтанады және жерден өндірілетіндері жағынан алғанда олардың басты тамағы – сол» [2, 202 б]. ХІІ ғасырда Дешті Қыпшақты аралап өткен Петахья «Бұл жерде нан жемейді, тек күріш пен тары жейді»- деп көрсетеді. Қыпшақтар тарыдан басқа, өте аз болса да бидай мен арпа еккен. Олар астықты Орта Азияның егіншілерінен мал шаруашылығы өнімдеріне айырбастап та алып отырған. Қыпшақтардың кейбір топтары суармалы егіншілікпен айналысқан, мұны Ұлытау мен Торғай аудандарындағы суландыру жүйелерінің, көптеген бөгеттердің, құдықтар мен тоғандардың қалдықтары дәлелдейді.

Қыпшақтардың жер шаруашылығымен айналысқаны туралы тікелей деректер жоқ. Алайда, жанама мәліметтер арқылы қыпшақтардың мал шаруашылығымен қатар, аз мөлшерде болса да жер шаруашылығымен де; бидай, арпа, сұлы өсіргені туралы білеміз.

Бидайдың негізгі бөлігін қыпшақтар мал шаруашылығы өнімдеріне ауыстырғаны анық, алайда өзен жағалаулары мен ылғал топырақты жерлерге дәнді дақылдарды өсіргенін айтқан жөн. Негізінен жер шаруашылығымен Сырдарияның бойында мекендеген қыпшақтар айналысты.

Миссионерлер Плано Карпини мен Гильом Рубрук дала тұрғындарының негізгі тағамдарына тары да жатқандығы туралы мәліметтер қалдырған.

Қыпшақтардың негізгі тағамдары ет пен сүт өнімдері болды. Етті олар алдына-ала дайындап, сүрлеп жейтін. Бұл туралы Гардизи: «Қыста олар қойдың, жылқының, сиырдың сүрленген етін жейді» [7, 23 б].

Сонымен, қыпшақ тайпалары қоныстанған аумақтың орасан кең-байтақ жерді алып жатуы мен өзіндік ерекшелігі бар географиялық жағдайлары оларда орта ғасырлардағы қыпшақ қоғамының біртұтас өндіріс жүйесін құрған көшпелі мал шаруашылығының егін шаруашылығына дейінгі бірнеше шаруашылық- мәдени үлгілердің дамуына себепші болды.



Әдебиет


  1. Қазақстан ұлттық энциклопедия. – Алматы, 2004. 6 т. – 192 б.

  2. Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырдағы қазақ елінің тарихы. – А., 2010.

  3. Толстов С.П. Города Огузов // Советская этнография, 1947. – 49 с.

  4. Кумеков Б.Е. Об этнониме кыпчакской конфедерации западного Дешти Кыпчака. ХІІ начало ХІІІ в.в. // Известие НАН РК, 1983. №1. – 66 с.

  5. Махмұт Қашқари. Түбі бір түркі тілі. – Алматы, 1993. – 56 бет

  6. Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды. –М., 1976. – 69 с.

  7. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): 5 т. – Алматы, 1996. – 1 т. – 434 б.

Каталог: rus -> all.doc -> Konferencia -> konf 2013 I
konf 2013 I -> Cырдария ¤зені алабындаѓы к¤ксарай контрреттегіші
konf 2013 I -> «теріс-ащыб¦ЛАЌ» су ќоймасыныњ су тастаѓыш ќ¦рылымын
konf 2013 I -> “асар” дауларына ќатысты билік шешімдердіњ ерекшеліктері
konf 2013 I -> Ќылмыстыќ істер бойынша ¤зара ќ¦ЌЫЌТЫЌ К¤мек к¤рсету институтыныњ Ќалыптасу жєне даму тарихы
konf 2013 I -> Виртуалды жеке желілердіњ жіктелуі
konf 2013 I -> Эхинококкоз ауруыныњ жамбыл облысында таралуы жєне
konf 2013 I -> Тєуелсіз ќазаќстан мен германия арасындаѓы ынтымаќтастыќ динамикасы
konf 2013 I -> Талас алабы ¤зендерініњ суын егістікке пайдалануды
konf 2013 I -> Инерциялыќ энергетикалыќ ЌондырѓЫ Ќ¦ру мєселесі
konf 2013 I -> Ауыр металдармен ластанѓан топыраќты ќалпына келтіруде фиторемедиациялау єдісін ќолдану м‡мкіндігін талдау


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет