Шымкентте бірнеше қоймада ірі қара мал басының заңсыз сатылып жатқаны туралы шағымнан кейін прокуратура мен ветеринарлық бақылау қызметкерлері рейдке шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Отырар телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: otyrar.kz

Облыстық ветеринариялық бақылау инспекциясы комитетінің қызметкерлері заңсыз ет сататын кәсіпкерлерге қарсы рейд жүргізген. Шымкент тұрғындары Аймауытов көшесіндегі қоймаларға өлген малдардың өлекселері әкелініп жатқанын айтып, мамандарға шағымданған.

Аталмыш қоймаған келген ветеринарлық бақылау қызметкерлері ішке учаскелік полиция қызметкерлерімен ғана кіре алған. Санитарлық ережелердің сақталмауының анық фактісі анықталды. Лас үстелдер немесе бөлмелерден бөлек, толық антисанитарлық жағдайлар, етті сақтаудың нашар шарттары және еденге жиналған қан бассейндері видеоға түсіп қалған. Сондай-ақ қойманы егеуқұйрық басып алған.

Куәгерлердің айтуынша, еттер кесілгеннен кейін қоғамдық тамақтандыру орындарына жіберілетін көрінеді. Сатушылар ет сату үшін тиісті құжаттарды көрсете алмады.

Мамандардың айтуынша, мал сою пункттері заңды құжаттармен жұмыс істеуге міндетті. Сонымен қатар, мұндай орындарда күн сайын тазалық және дезинфекция жүргізіліп, тіпті қабырғалар да арнайы материалдан жасалуы керек.

"Мұндағы ет міндетті түрде ветеринарлық сараптамадан өтіп, еттің құрамында жұқпалы ауру қоздырғыштары бар-жоғы, еттің қаншалықты балғын екені анықталуы керек. Бүгінге дейін мораторийге байланысты шағын бизнесті тексере алмадық. Қазір тексеріп жатырмыз. Енді осы еттен сынама алып, зертханаға жібереміз”, – деді ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қалалық инспекциясының бас маманы Нартай Айдар.

Рейд прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылды. Прокуратураның мәліметінше, бұл ет қоймасын төрт түрлі кәсіпкер басқарған. Әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды, бұл шамамен 74 мың теңге. Тәркіленген ет жойылып, қоймалар жабылады.

"Эпизоотиялық жағдайдың алдын алу мақсатында тексеру ұйымдастырылды. Қалалық прокуратура ветеринарлық бақылау және полиция қызметкерлерімен бірлесіп Аймауытов көшесіндегі шағын кәсіпкерлікті тексерді. Қоймаждан ветеринариялық заң бұзушылықтар тіркелді. Әр кәсіпкерге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Еттің нақты қайда сатылғаны қазір нақтыланып жатыр”, – деді Шымкент қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Қанат Дәрібай.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.