История, этапы становления



жүктеу 63.74 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі63.74 Kb.

Қазақстанның төлем жүйелері
Төлем жүйесі аппараттық және бағдарламалық құралдар кешені кіретін күрделі тетік бола отырып, халықтың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің, екінші деңгейдегі банктердің және Ұлттық Банктің арасындағы өзіне тән ерекшелігі бар байланыстырушы буын болып табылады. Төлем жүйесінің рөлі тұтынушының және тауарлар мен қызмет көрсетулерді жеткізушінің арасында уақтылы және тиімді ақша аударымын қамтамасыз ету болып табылады, мұның өзі экономикалық және қаржылық қызмет нәтижесінде қабылданған міндеттемелерді уақтылы аяқтауға ықпал етеді. Соған байланысты, қаржы нарықтарының және экономиканың банк секторының жұмыс істеуінің тиімділігі көп жағдайда елде қалыптасқан төлем жүйесіне байланысты болады.

Қазақстанның егемендігін жариялау, нарықтық қатынастарға көшу және ел экономикасын құрылымдық реформалау мемлекеттің экономикалық және қаржылық қызметінің жаңа нысандарын, оның ішінде банк жүйесін құруға себепші болды. Банк жүйесін реформалау өз кезегінде төлемдерді жылдам және ең төменгі тәуекелдермен жүргізуге мүмкіндік беретін сенімділігімен, қауіпсіздігімен және тиімділігімен ерекшеленетін түбірімен жаңа төлем жүйесін құруға негіз болды.

Қазақстанның төлем жүйелерін түрлендіру үдерісі 1994 жылдан бері басталып, бірнеше маңызды кезеңді бастан кешті. Бұл міндетті іске асырудағы алғашқы қадам тиісті нормативтік құқықтық базаны әзірлеу болды. 1998 жылғы 29 маусымда қол қойылған «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының аумағында ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру мәселелерін реттейтін негізгі құжатқа айналды.

1995 - 1996 жылдары ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыруда Алматы клиринг палатасы және Ұлттық Банктің облыстық филиалдарының жанында құрылған аймақтық клиринг палаталары маңызды рөл атқарды. Бұл клиринг палаталары жан-жақты өзара есепке алу әдісі бойынша, сондай-ақ тәуекелдерді басқарудың әр түрлі әдістерін, атап айтқанда, дебеттік және кредиттік шектеулерді, кезектер жүйесін қолдана отырып жұмыс істеді. Сонымен бірге бұл жүйенің кемшілігі қатысушы банктердің сол күннің аяғында қағаз тасымалдауыштарда төлем тапсырмаларын алмасу қажеттігі болды. Бұл жағдай тәжірибенің және «электрондық төлем тапсырмасы» деген нормативтік бекітілген ұғымның болмауына байланысты еді.

1996 жылдан бастап Алматы клиринг палатасы Қазақстан Банкаралық есеп айырысу орталығы (ҚБЕО) – шаруашылық жүргізу құқығы бар мемлекеттік кәсіпорын болып қайта құрылды, оның құрылтайшысы және уәкілетті органы Ұлттық Банк болып табылады. Нормативттік құқықтық базаны жетілдіру, қазіргі заманғы жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату қағаз тасымалдауыштармен растауды қажет етпейтін электрондық төлем тапсырмаларымен жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Төлем жүйесін жетілдіруге ықпал ететін іс-шаралардың бірі екінші деңгейдегі банктердің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратындағы корреспонденттік шоттарын орталықтандыру болып табылды, ол 1998 жылғы қазан – қараша аралығындағы кезеңде жүргізілді. Осындай көшу Ұлттық Банкке есеп айырысу банкінің және банктер банкінің функцияларын жедел жүзеге асыруға, банк жүйесі мен төлем жүйесін бақылау функцияларының тиімділігін арттыруға, корреспонденттік шоттардың қосалқы есебін нақты уақыт режиміндегі жұмысқа көшіруді жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Республиканың төлем жүйесін дамытудағы шешуші сәттердің бірі 1996 жылы ҚБЕО негізінде нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін ірі төлемдер жүйесінің бірінші прототипінің құрылуы болды. Барлық коммерциялық банктер және Ұлттық Банк орталықтандырылған жүйенің пайдаланушыларына айналды. Ірі төлемдер жүйесі (ІТЖ) қағазбен растауды қажет етпейтін электрондық құжат айналымының, ақша аударудың жылдамдығы мен сенімділігінің, сондай-ақ жоғары қауіпсіздік деңгейінің арқасында қысқа мерзімде кеңінен танымал болды.

Қазақстанның төлем жүйелерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша жұмыстың нәтижесінде, сондай-ақ банк және қаржы секторларының сол күнгі түпкілікті есеп айырысулары бар тиімді және қауіпсіз төлем жүйесіне деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында, 2000 жылғы ақпанда нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін, Қазақстанның жүйелік маңызы бар төлем жүйесі (RTGS) болып табылатын Банкаралық ақша аударымдары жүйесі (БААЖ) жұмыс істей бастады. Кез келген ел үшін RTGS жүйесін құрудың қаржы саласында өте жоғары басымдығы бар. Осы жүйенің болуы мемлекеттің банк жүйесінің тұрақты жұмыс істейтінін көрсетеді. Бүкіл әлемде осындай жүйелерді құруға арналған тиісті талаптарды белгілейтін қалыптасқан стандарттар бар.

БААЖ ендіру банктер өтімділігінің тәуекелдерін басқару жүйесі мониторингінің тетіктерін жетілдіруге әкелген Қазақстанның төлем жүйесі дамуының келесі маңызды кезеңі болып табылды. Ұлттық Банк, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылығы, Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы, «Қазпошта» АҚ, екінші деңгейдегі банктер, қор биржасы, бағалы қағаздар депозитарийі және банктік емес қаржы ұйымдары БААЖ пайдаланушылары болып табылады.

Жеке төлемдер жүйесі де 1995 жылдан бастап өзінің жұмыс істеген уақытында елеулі өзгерістерге ұшырады. Банк қызметінің осы саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында Ұлттық Банк 1999 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының аумағында Ұлттық Банктің облыстық филиалдарының жанындағы клиринг палаталарының қызметін тоқтатты. Бұл жүйелер Банкаралық клиринг жүйесі деген атқа ие болған, қатысушылардың БААЖ-дағы таза позицияларын түпкілікті есептеп, қаражатты алдын ала депозиттемей жұмыс істейтін қарсы міндеттемелерді жан-жақты өзара есепке алу жүйесімен ауыстырылды.

Сонымен, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында операторы ҚБЕО болып табылатын мынадай төлем жүйелері – БААЖ және Банкаралық клиринг жүйесі жұмыс істейді. Төлемдер ҚБЕО арқылы қазіргі заманғы және болашағы бар технологиялар мен техникалық құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырылады. Қолда бар технологиялар төлемдерді мейлінше жоғары дәрежедегі жеделдікпен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Әрбір төлем жүйесінің өз межесі бар және тауарлар мен қызмет көрсетулердің белгілі бір нарықтарына бағытталған. БААЖ арқылы қаржы секторының операциялары бойынша елдегі ірі, басымдығы жоғары және мерзімді төлемдер жүргізіледі, оларды есептеу пайдаланушыдан жүйеге нұсқау түскеннен кейін бірден (пайдаланушының жүйеде қаражаты болған жағдайда), яғни нақты уақыт режимінде қамтамасыз етіледі. Соған байланысты бұл жүйеге елдегі қолма-қол жасалмайтын төлемдердің жалпы сомасының ең көп үлесі тиесілі (мысалы, 2007 жылы БААЖ қолма-қол жасалмайтын төлемдердің жалпы көлемінің 98,4% және жалпы санының 36,1% өңдеді).

Банкаралық клиринг жүйесіне жүйеге қатысушылар шамалы сомаға жеке төлемдер жібереді, мұның өзі клиринг жүйесі арқылы елдегі қолма-қол жасалмайтын төлемдердің барлық санының жартысынан астамының (2007 жылы клиринг жүйесі арқылы қолма-қол жасалмайтын барлық төлемнің жалпы санының 63,9% және жалпы көлемінің 1,6% өңделді) өтуіне ықпал етеді. Бұл жүйенің ерекшеліктері – төлемдерді Т+3 болашақ валюталау күнімен жіберу мүмкіндігі, сондай-ақ бір төлемнің ең жоғарғы сомасы бойынша шектеудің болуы (бүгінгі күнге - 5 млн. теңге).

Төлем жүйелерінің үздіксіз және үзіліссіз жұмыс істеуі, қуатын көбейту және қауіпсіздік деңгейін көтеру мақсатында, Ұлттық Банк төлем жүйелерінің халықаралық талаптарға сай келетін жаңа резервтік орталығын құру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруда.

Төлем жүйесінің болашағы бар және қарқынды дамып отырған құрамдас бөліктерінің бірі ретінде төлем карточкалары нарығын жеке атап өткен жөн. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі 20 банкінің төлем карточкаларын шығаруға лицензиялары бар. Төлем карточкаларының қазақстандық нарығы халықаралық төлем карточкаларын (VISA International, Europay International, American Express International және Diners Club International) және жергілікті төлем жүйелерінің төлем карточкаларын (Altyn Сard, Дуэт, SmartAlemCard, СитиБанк Қазақстан, Каспийский банкінің жергілікті карточкасын, Цесна Банк және Kazcard жергілікті карточкасын) ұсынады.

Қазақстандық банктер шығарған карточкалардың саны бүгінгі күні (2008 жылғы 1 наурыз) 5,8 млн. дананы құрайды (соңғы 10 жылда 16 есе көбейді). Сөйтіп, бірнеше жыл бұрын 5 адамға бір төлем карточкасынан келген болса, орташа алғанда республиканың 3 адамына бір төлем карточкасынан келеді.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдаланып жасалған төлемдердің көлемі мен саны 2007 жылы тиісінше 135,1 млрд. теңгені және 6,0 млн. транзакцияны құрады, мұның өзі он жыл бұрынғы деңгейден ондаған есе (95 және 24,5 есе) асып түседі. Бүгінгі күні төлем карточкалары нарығының инфрақұрылымын төлем карточкаларын ақы төлеуге қабылдайтын 7484 сауда кәсіпорны, сауда нүктелерінде, сол сияқты екінші деңгейдегі банктерде орналасқан 16702 POS-терминал, 4607 банкомат құрайды. Сауда терминалдары, банкоматтар, сауда ұйымдары санының, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдаланып қолма-қол жасалмайтын төлемдер санының соңғы жылдары көзге түскен оңды өсу үрдісі 2008 жылы да байқалып отыр.

Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы Үкіметімен бірлесіп төлем карточкаларына қызмет көрсетудің инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдауда. Төлем карточкалары нарығын дамытуды ынталандыруда екінші деңгейдегі банктердің осы саладағы қызметі маңызды рөл атқарады.



Халықаралық қаржы ұйымдары Қазақстанның төлем жүйелерін жоғары бағалайтынын атап өткен жөн, FSAP-тың соңғы бағалауының нәтижелері бойынша Дүниежүзілік Банктің және Халықаралық валюта қорының сарапшылары БААЖ-ды Халықаралық Есеп айырысу банкінің төлемдер бойынша есеп айырысу жөніндегі комитеті әзірлеген жүйелік маңызды төлем жүйелеріне арналған 10 Негізгі қағидатқа сай деп таныды.

Сонымен бірге, Ұлттық Банк қолданыстағы төлем жүйелерінің, әсіресе жеке қолма-қол жасалмайтын төлемдердің жұмыс істеуінің, сенімділігінің және қауіпсіздігінің тиімділігін арттыру мақсатында оларды одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Ұлттық Банктің төлем жүйелерін дамыту жөніндегі шаралары тәуекелдерді бір мезгілде қысқарта отырып, төлем операцияларының операциялық тиімділігін, сенімділігін, жылдамдығын және уақтылылығын жоғарылатуға, сондай-ақ әр түрлі инновациялық төлем құралдарын пайдалануға арналған жағдайларды жасауға бағытталған.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет