Ресейден шыққан қазақстандық модель Руслана Коршунова көз жұмбас бұрын “педофил аралы” деген атқа ие болған Джеффри Эпштейннің жеке аралына барды деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Эпштейннің атышулы ісіне қатысты құжаттар жарияланғаннан кейін Nina Ricci парфюмериясының басты келбеті болған, түсініксіз жағдайда көз жұмған модель Руслана Коршуновтың миллиардер секс-саудагер Джеффри Эпштейннің аралына барғаны белгілі болды.

Осы материалдарға сәйкес, 2006 жылы Коршунова "бай табынушысымен" бірге оның жеке ұшағымен кіші Сент Джеймс аралына ұшып барған. Қазір бұл аралдың аты құл саудасымен және педофилиямен танымал болып отыр. 

Бұл аралда Коршуноваға нақты не болғаны белгісіз. Алайда сол кезде қыздың агенті оның аралда өткізген уақытына көңілі толатынын айтқан еді. Дегенмен журналистер кейінгі мәліметтерді ескере отырып, модель басқа қыздар сияқты аралға келгендердің тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған болуы мүмкін деп болжайды.

Екі жылдан кейін модель көз жұмды. Коршунова 2008 жылы 28 маусымда 21 жасқа толуына 4 күн қалғанда Манхэттендегі тоғызыншы қабаттағы пәтерінің терезесінен құлаған.

Полиция қыздың өз-өзіне қол жұмсағанын айтты. Бірақ суицид туралы жазба табылған жоқ. Сонымен қатар, қыздың барлық жақындары, достары және таныстары оның өзіне қол жұмсайтындай күйде болмағанын және оның кісі қолынан қаза тапқан болуы мүмкін екенін айтты. 

Олар бұған дейін қыздың Париждегі сән көрсетілімінен оралғанын және "әлемнің шыңында болғанын" айтты. Коршунова модельдік бизнесте, соның ішінде Nina Ricci парфюмерлік брендімен жұмысының арқасында көпшіліктің есінде қалды. Оның өлімі әлем назарын аудартты. 

Руслана Коршунова 1987 жылы 2 шілдеде Чукоткада дүниеге келді, содан кейін отбасымен Алматыға көшіп келген.

2003 жылы оның All Asia журналындағы фотосуреті MODELS 1 ірі модельдік агенттігінің өкілі Дебби Джонстың назарын аударды. Содан кейін қыз онымен келісімшартқа отырды. Коршунова ұзын шаштары үшін "орыс Рапунцелі" деген лақап атқа ие болды. 2005 жылы Нью-Йорк сән апталығының басты жаңалықтарының біріне айналды. 2008 жылға қарай Коршунова DKNY, BCBG, Blugirl by Blumarine, Clarins, Ghost, Girbaud, KenzoAccessories, Marithé & François, Max Studio, Moschino, Old England, Pantene Always Smooth, Paul Smith, Vera секілді ірі компаниялардың жарнамалық науқандарына қатысты. Сонымен қатар ELLE және Vogue журналдарының мұқабаларына шықты.

Айта кетсек, Джеффри Эпштейн – кәмелетке толмаған қыздарға бірнеше рет жыныстық қылмыс жасады деп айыпталған американдық миллиардер. 2019 жылдың 6 шілдесінде Эпштейн ондаған қыздарды сексуальды құлдыққа итермелеп, қылмыстық желі құрды деген айыппен қамауға алынған. Олардың ең кішісі 14 жаста болған. Сол жылдың тамызында түрмеде оның денесі табылды. Медициналық сараптама оның өлімінің себебі суицид екенін анықтады. Осы аптада сот Эпштейннің клиенттер тізімін жариялады. 

Олардың қатарында АҚШ-тың бұрынғы президенттері Билл Клинтон мен Дональд Трамп, Ұлыбритания королі Чарльз III-нің ағасы ханзада Эндрю, Microsoft негізін қалаушы Билл Гейтс, әнші Майкл Джексон, иллюзионист Дэвид Копперфилд және басқалар бар.

 

 

 

 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.