Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы сот барысын өзі жіті қадағалайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram.com/aitym

Динара Зәкиева Қазақстанда зорлық-зомбылықты ақтайтын адамдардың бар екенін көріп, таңданғанын жеткізді. 

"Жақында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты атышулы істің соты басталады. Алматыда өлтірілген 4 жасар баланың соты жүріп жатыр. Ақпан айының ортасында Алматы облысындағы 3 жасар егіздер мен олардың үлкен әпкесін зорлау ісі бойынша сот басталады. Баршамызды дүр сілкіндірген осындай сұмдық оқиғалар әр жолы үлкен мәселенің жарасын тырнайды. Күн сайын қылмыс туралы хабарламаларды алып, балалар мен әйелдердің басынан өткерген әділетсіздік пен азапты көре отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықты ақтайтын адамдар бар екені өкінішті. Кез келген зорлық-зомбылық үшін жаза ауыр болуы керек", – деді Зәкиева.

Сондай-ақ ол Салтана Нүкенованың ісі бойынша сотқа дейін немесе сот процесінде сотталушыны ақтау үшін фактілерді қасақана бұрмалау әрекеттері жүріп жатқанын айтты. 

"Кейбір адамдар бұл науқанға кірісіп кетті. Зорлық-зомбылықты қалай ақтауға болатынын түсіне алмаймын. Мұндай жағдайда әділ сот талқылауы жазадан құтылу мүмкін еместігі туралы нақты сигнал берілуі керек. Әлбетте, зорлық-зомбылықпен күресте қатаң заң керек. Ел президентінің тапсырмасына сәйкес депутаттар, мемлекеттік орган қызметкерлері қыркүйек айының басында заң жобасын дайындап, қазір Мәжілісте қаралуда. Бұл ретте Мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің басты факторы қоғамда "заңдылық пен құқық тәртібі" қағидатын сақтай отырып, агрессия мен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне "мүлдем төзбеушілікті" дамыту керектігін атап өтті. Біз қоғам болып әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың әрбір жағдайында әділдік іздеуіміз керек", – деді Динара Зәкиева. 

  • “Некесін екі рет қиған”: Салтанат Нүкенованың ағасы қарындасының тұрмысқа шыққаннан кейінгі өмірі жайлы айтты
  • "Қол тигізудің амалын іздейтін": Жұмыста сексуалды сипаттағы қысымға ұшыраған қазақстандық қыз-келіншектер оқиғасын айтты

Ал журналист Сырым Итқұловтың айтуынша, Қуандық Бишімбаевты ақтаудың кезекті науқаны басталды. 

"Сотталушының туыстары бір немесе бірнеше PR агенттіктерін жалдағаны анық. Кейбір мерзімді жарияланымдар сотталушы Бишімбаевты көп тілді білетін "қарапайым жақсы жігіт" ретінде көрсеткен. Олардың айтуынша, ол үлгілі отағасы және өз елінің патриоты. Оны мақтайтын жазбалардың кейбірі тіпті шетелдік платформаларға шығарылды. Олар Бишімбаевты мақтап, марқұм Нүкенованы жаман жағынан көрсетіп, даттауда. Бұл науқан ешкімді адастырмауы тиіс. Тергеу өтті, сот әділ үкім шығаратынына сенемін", – деді Сырым Итқұлов.

Айта кетейік, бұған дейін Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған Қуандық Бишімбаевтың әкесі БАҚ өкілдеріне қарсы ішкі істер министрлігіне арыз жазған еді. Уәлихан Бишімбаев Борейконың "Қуандық Бишімбаев ақыл-есі дұрыс емес деп танылып, жауапкершіліктен құтылуы мүмкін" деген сөзін "оның ұлын, бүкіл отбасын көпшілік алдында қорлау" деп есептейтінін жеткізді. Айтуынша, журналистердің кесірінен ұлына кісі өлтірді деген айып тағылған. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.