Abstract graphic steppe view drawn in the technique of rough brush. Vector landscape in calm colors

Мәжіліс отырысында AMANAT партиясының депутаты Еділ Жаңбыршин электр энергиясының тарифтерін негізсіз көтеріп отырған, ел аузында "ЭСО" деп аталып кеткен – энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжіліс

Осыдан 20 жыл бұрын либерализация және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында бәсекелестікті енгізу аясында – энергиямен жабдықтаушы ұйымдар пайда болды. Олар нарықта электр қуатын көтерме бағамен сатып алып және тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын компаниялар немесе жеке кәсіпкерлер. Бір сөзбен айтқанда дистрибьюторлық қызмет атқаратын делдалдар.

“Қазіргі таңда бұл ұйымдардың реттелетін және реттелмейтін екі түрі нарықта жұмыс істеп отыр. Реттелетін ұйымдар тұрғындарға, заңды тұлғаларға және бюджеттік ұйымдарға қызмет көрсетеді және мемлекет тарапынан олардың операциялық шығындары ескеріліп, жабдықтау тарифінің орташа бағасы 1 квт сағатқа 1 теңге жобасында бекітіліп отыр”, – деді депутат. 

Ал, реттелмейтін ұйымдар, тарифтерін өздері белгілейді, яғни оларға "әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ"! 

“Біздің болжамды есебіміз бойынша әрбір делдал жылына кемінде 1 миллиард теңге таза пайда көреді екен. 120-дан астам реттелмейтін ЭСО-лардың бір жылдық таза табысы – кемі 150 миллиард теңге. Бұл әзірше болжам цифрлар, нақтысын ешкім білмейді. 

Өйткені бұлар ешкімге есеп бермейтін, тек делдалдық қызмет арқылы, кеңседегі азғантай ғана қызметкерімен,  халықтың адал табысынан миллиардтап қаржы тауып отыр. Сорақысы, бұл ұйымдардың балансында бір метр электр желісі, тіпті электр бағаны мен трансформаторы жоқ. Бұл не деген батпан құйрық?!”, – деп ашуланды Жаңбыршин. 

Мәжіліс депутатының сөзінше, бюджеттік ұйымдарды, адал кәсіпкерлерді, ең бастысы халықты сүлікше сорып отырған, қанағатсыз делдалдардың қызметі дәл осылай жалғаса беретін болса, мұның түбі қоғамда саяси-әлеуметтік шиеленіске әкелуі әбден мүмкін.

“Себебі, біріншіден, делдалдар тарифті негізсіз көтеруді жалғастыра береді және суперпайда табады. Мысалы, кейбір өңірлерде делдалдардың тарифіндегі таза пайда бір кВт сағат үшін 25 теңгеге жеткен. Ал, Қазақстандағы ең ірі Екібастұз 1-ші электр станциясының 1 кВт сағат электр энергиясын өндіру тарифі – 8 теңге. Делдалдар ештеңе өндірмей-ақ станциялармен салыстырғанда кемі 3 есе пайда көріп отыр. 

Екіншіден,  биыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алу заңынан реттелетін электр жабдықтаушы ұйымдардың бір көзден келісімшарт жасау нормасы алынып тасталғандықтан, реттелмейтін делдалдар бағаны демпинг жасап, заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарды өздеріне тартып ала бастады. 

Соның салдарынан бюджеттік ұйымдар арқылы субсидияланып отырған тұрғындардың электр тарифі көтерілді. Баға өсті.

Үшіншіден, делдалдардың артында шетелдік және шетелде тұратын қазақстандық олигархтардың тұрғанын білеміз. Осы ретте, ЭСО-лардың таза пайдасы олигополиялық топпен шетелге шығарылып жатқаны тағы бар”, – деп сөзін дәйекпен келтірді Жаңбыршин. 

Ол дәлел ретінде өткен жылдың аяғында "Ratel.kz" ақпараттық порталы қазақстандық делдал компанияның көрші елдің энергетика саласына 2,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатыны жайлы мәліметпен бөлісті.

“Бұл дегеніміз елде тапқан табысты актив ретінде шетелге шығарумен пара-пар. Ал мұндай, қаржы иелері тапқан капиталдарын мемлекетке қауіп төндіру бағытында пайдаланбайтынына кім кепіл?”, – деп сауал жолдады депутат. 


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.