Жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасының валюта нарығын реттеу мен дамытудың ерекшеліктері



жүктеу 137.87 Kb.
Дата10.01.2019
өлшемі137.87 Kb.

Жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасының валюта нарығын реттеу мен дамытудың ерекшеліктері

Есенжол Дархан

Юсупова Камила

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Экономика және бизнес жоғарғы мектебінің

3-курс студенттері

Жетекшісі: э.ғ.к Асилова А.С

Аннотация:

Бұл мақалада Қазақстан Республикасының валюта нарығын реттеу мен дамытудың ерекшеліктері көрсетілген.Сонымен қатар валюта нарығындағы кейбір мәселелер анықталып,оның шешудің жолдары айқындалған.



Тірек сөздер:

Валюта нарығы, дамыту, реттеу


Әлемдік валюталық нарықтың күнделікті айналымы ірі соммалармен, жүздеген миллиард долларларымен есептелінеді. Көлемі,ауқымы жағынан валюталық нарық барлық нарықтардың ең ірісі болып саналады. Себебі оның ауқымын-банктер, валюталық биржалар, халықаралық корпорациялар, зейнетақы қорлары, брокерлік контаралар және т.б қаржылық мекемелер қамтиды.

Қазақстан Республикасы халықаралық сауда саласында және ел ішіндегі макроэкономикалық жағдайға бейімделумен халықаралық экономикалық айырбас барысында өзгерістер мәселелеріне жиі кезігеді. Қазақстан экономикасын әлемдік экономикамен байланыстыратын негізгі буын – валюта саясаты мен ұлттық ақша бірлігінің валюталық бағамындағы өзгерісі. Сыртқы экономикалық саясат жүйесінде валюталық саясат ең маңызды орынды алатыны белгілі. Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында сыртқы және ішкі саясаттың негізгі бағыттарының бірі деп, ақша-несие саясаты, сондай-ақ қаржы нарығы және ұлттық валютаның айырбас бағамының тұрақтылығына, инфляция деңгейіне аса назар аударуы осының айғағы.

Кез келген мемлекеттің валюталық нарығы,валюта жүйесі немесе валюта саясаты келесілерден құралуы қажет:

1. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Ол мемлекеттік мүдделерді жүзеге асыру үшін қажет.

2. Сыртқы экономиканың әлемдік шаруашылыққа оңтайлы және теңқұқықты ықпалдасуын қамтамасыз ету

3. Экономикалық өсуді қамтамасыз ету

Қазақстандағы нарықтық реформалардың ерекшелігі болып валюталық саясат мәселесі, негізінен валюталық қатынастарға тәуелділік, яғни ұлттық валюта бағамын қалыптастыру және оның әлемдік валюталық нарықта тұрақты қызмет атқаруы басты мәселе. Нарыққа өту кезінде Қазақстан Республикасы егеменді ел ретінде өзінің тәуелсіз дамуы кезеңіне валюталық саясат жүргізуі керек.Қазақстанның алдында шетелдермен дербес валюта қатынастарын құрумен қатар халық щаруашылығын қайта құру, оны нарық рельестеріне түсіру мәселелерін бірге шешу міндеттері тұрды.Қазақстан 1992 жылдың шілдесінде ХВҚ-ға мүше болып кіргеннен бастап өзінің валюта қатынастарын Ямайка валюта жүйесінің құрылымдық қағидалары мен қордың Жарғысына сәйкес қалыптастыруда.Валюта қатынастарын ұйымдастыру үшін 1993 жылдың 14 сәуірінде «Валюталық реттеу туралы» алғашқы заң қабылданды. Ол кезде Қазақстан сом аймағында болғандықтан шетелдермен жеке валюталық байланыстары жоқтың қасында болатын.

Сонымен қатар елімізде өзінің ұлттық валютасын айналымға шығаруға дайындап, жеке алтын валюта резервтерін құру жұмыстарын жүргізумен шұғылдануда еді. Қабылданған заң бағаны ырқына жіберу (либерализация) деңгейіне сәйкес келіп, кейбір жағдайларда дамып келе жатқан валюта қатынастарына тіпті қарама-қайшы сипатта болды.1996 жылы 24 желтоқсанда Қазақстанда «Валюталық реттеу туралы» жаңадан заң қабылданды.Қазақстан Республикасының шетелдермен жүргізілетін валюталық қатынастарының негізгі элементтері республикада қабылданған заңдарда айқындалған.Олар жоғарыда айтылған заңға қоса:



  • «Қазақстан Республикасының ақша жүйесі туралы» 1993 жылдың 13 желтоқсандағы заң;

  • «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» 1995 жылдың 30 наурызындағы заң;

  • «Асыл тастар және қымбат бағалы металдармен байланысты қатынастарды мемлекеттік реттеу туралы» 1995 жылдың 20 шілдедегі заң;

  • «Банк және банк қызметі туралы» 1995 жылдың 31 тамызындағы заң;

  • Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары;

  • Үкімет Қаулылары мен Ұлттық банк басқармасының нормативтік актілері (мысалы, 1994 жылдың 24 қарашасында Ұлттық банк басқармасы бекіткен «Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүргізу тәртібі»);

  • 2005 жылы 13 маусымда «Валюталық реттеу және валюталық бақылау» деген заң қабылданды.

Қазақстанда валюталық реттеудің мәні тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу және елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің саясатының ықпалы болып табылады. Тиісінше, валюталық реттеудің міндеттері мыналар болып табылады:

  • елде валюталық құндылықтар айналысы тәртібін белгілеу;

  • елде дүниежүзілік экономикаға одан әрі шоғырландыру үшін жағдайлар жасау;

  • валюталық операциялар және капитал ағындары бойынша ақпараттық базаны қамтамасыз ету.

Лицензия алу шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыру үшін ғана қажет (валюта айырбастау пункттерінің қызметі). Капитал қозғалысымен байланысты операциялар бойынша (қаржы заемдары, тікелей инвестициялар, коммерциялық кредиттер, шетел банктеріндегі шоттар) статистикалық ақпарат жинау мақсатында Қазақстанда тіркеу және хабарлау режимдері бар. Аталған режимдер шеңберінде алынатын ақпарат төлем балансы, халықаралық инвестициялық позиция және жалпы сыртқы борыш бойынша статистикалық және талдау ақпаратын қалыптастыру үшін пайдаланылады.

Тіркеу және хабарлау режимдері капитал қозғалысының ірі операцияларын есепке алады, олар Қазақстан Республикасына баламасы 500 мың АҚШ долларынан астам сомаға капиталдың (мүлік, ақша қаражаты) түсуін немесе Қазақстан Республикасынан баламасы 100 мың АҚШ долларынан астам сомаға капитал (ақша қаражаты, мүлікті беру) аударуды көздейді.

Тіркеу режимі резиденттің капитал қозғалысы операциясын жүргізуге негіз болатын валюталық шарттың көшірмесін осындай операция жүргізгенге дейін Ұлттық Банкке ұсынуын көздейді, ал хабарлама беру режимі кезінде операция бойынша ақпарат (оның ішінде валюталық шарт) Ұлттық Банкке операция жүргізілгеннен кейін беріледі. Тіркеу және хабарлама беру талабы тек Қазақстан Республикасының резиденттеріне ғана қолданылады.

Ішкі валюталық нарықта валюта ұсынысын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында валютаны репатриациялау талабы көзделген, ол бойынша уәкілетті (қазақстандық коммерциялық) банктердегі банк шоттарына мыналар:

1) тауарлар (жұмыстар, қызметтер) экспортынан түскен ұлттық және шетел валютасындағы түсім;

2) резидент емес міндеттемелерді орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда тауарлар (жұмыстар, қызметтер) импорты бойынша есеп айырысуды жүргізу үшін резиденттің резидент еместің пайдасына аударған ұлттық және шетелдік валюта есепке алынады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес репатриация жүргізілетін мерзім тек сыртқы сауда келісімшартының талаптарында ғана айқындалады. Репатриация мерзімі аяқталғаннан кейін экспорт немесе импорт бойынша мәмілелерді іске асыруға қатысты қандай да бір шектеулер болмайды. Бұл ретте репатриациялау талабы тек резиденттерге (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаларға және Қазақстан азаматтары – дара кәсіпкерлерге) ғана қолданылады. Репатриациялау талабының орындалуын бақылау балама түрінде сомалары 50 мың АҚШ доллардан асатын сыртқы сауда мәмілелері бойынша сыртқы сауда келісімшартын сыртқы сауда мәмілесіне қатысушы резидентке қызмет көрсететін коммерциялық банкте есептік тіркеу арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, сыртқы күйзелістердің бар тәуекелдерін ескере отырып, «валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 маусымдағы Заңында Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне және қаржылық жүйесінің тұрақтылығына қауіп-қатер төнген жағдайда, шұғыл ден қою механизмі көзделген.Атап айтқанда, егер жағдайды экономикалық саясаттың басқа шараларымен шешу мүмкін болмаса, Заңда арнайы валюталық режим шегінде мына жекелеген валюталық шектеулерді қысқа уақытқа енгізу көзделген:



  1. валюталық операция сомасынан пайыз ретінде айқындалатын мөлшердегі депозитті уәкілетті банкке не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне белгіленген мерзімге сыйақы төлеместен орналастыруды талап ету;

  2. валюталық операцияларды жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің арнайы рұқсатын алуды талап ету;

  3. Қазақстан Республикасының резиденттері алған шетел валютасын міндетті түрде сатуды талап ету;

  4. шетелдік банктерде шоттарды пайдалану бойынша шектеулер, валюталық түсімді қайтару мерзімін және валюталық операциялар бойынша көлеміне, санына және есеп айырысу валютасына лимиттерді белгілеу.

Арнайы валюталық режимді Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметпен және Ұлттық Банкпен бірлесіп өткізілген консультациялардан кейін жылдан аспайтын мерзімге енгізуі мүмкін.Қазақстан Республикасы осы уақытқа дейін осы қорғаныс механизмін қолданбады.

Бүгінгі күнгі көкейкесті сұрақтардың бірі халықаралық инвестицияларды тарту, инновациялық даму және сыртқы сауданы алға бастыру мақсатында Қазақстан аумағында құрылатын арнайы экономикалық аймақтар шеңберінде валюталық құқықтық қатынастардың реттеуге арналған тәсілдерді анықтау мәселесі болып табылады. Бұл, ең алдымен, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы» («Қорғас» ШЫХО).Осылайша, 2015 жылғы 7 желтоқсандағы «Астана» Халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында Орталықтың аумағында қаржылық және кәсіби қызметтерді көрсетуге байланысты валюталық операцияларды жүргізу шарттары мен тәртібін Орталықты басқару жөніндегі кеңес белгілейтіні және Орталық қатысушылары оның аумағында жүргізетін валюталық операцияларға «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген валюталық реттеу режимдері қолданылмайтыны тікелей көрсетілген.Сонымен бірге, қолданыстағы Заңда арнайы экономикалық аймақтар үшін валюталық заңнаманың нормалары мен талаптарының ерекшелігі туралы ескертулер жоқ. Қорыта келгенде, арнайы экономикалық аймақтарда өткізілетін валюталық операцияларды реттеу бөлігінде валюталық заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туындап отыр.

Қолданыстағы заңмен бекітілген валюталық реттеу режимдеріне арналған тәсілдерді қайта қарау қажеттілігі оларды шетелдік ұйымдардың филиалдарының резиденттік мәртебесі мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуіне бейімдеумен ғана шектелмейді.

Қолданыстағы валюталық реттеу режимдері – валюталық операцияларды тіркеу, валюталық операциялар мен шетелдік банктердегі шоттар туралы хабарлама,экспорттық-импорттық валюталық бақылау талаптары–Қазақстан Республикасында валюталық режимді либерализациялау шеңберінде ағымдағы және капиталдық операциялар бойынша теңгенің толық айырбасталымдылығына көшуді жүзеге асыру кезеңінде айқындалған.Валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың басты міндеті валюталық операциялар және капитал ағыны жөнінде ақпарат қорын құру және осы қор негізінде валюталық операцияларға талдау мониторингін жүргізу болды.

2007 жылдың ортасынан жалғасып келе жатқан әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы дағдарыс құбылыстары халықаралық капитал мобилдігімен тығыз ассоциацияланып жүр. Капиталдың трансшекаралық ағыны қаржылық тұрақсыздықтардың негізгі элементі болып танылады. Капиталдың көлемді құйылуы айырбастау бағамының өсуіне әкеледі (немесе, кем дегенде, экономиканы басқару үрдісінде елеулі кедергілерге әкелетін елеулі қайта бағалануына) немесе активтер құнындағы «баға көбіктерінің» өсуіне жағдай жасайды және қаржылық тұрақсыздықты және дағдарысты туындататын тәуекелдерді күшейтеді.

Капитал ағындарының экономикалық және қаржылық тұрақтылық үшін әкелетін тәуекелдері тұрғысынан кейбір елдерде, сондай-ақ жаһандық көлемде капитал қозғалысын бақылау (capital control) мәселелері қайтадан маңыздылыққа ие болып отыр. Осы ретте Халықаралық Валюталық Қордың (бұдан әрі - ХВҚ) 2012 жылы білдірген ұстанымына сәйкес капитал ағынын жақсырақ сіңіруге және онымен байланысты артықшылықтарды алуға бағытталған капитал ағынын басқару мықты макроэкономикалық саясатты жүргізу, қаржы нарықтарының тереңдеуі, қаржылық реттеу мен қадағалауды күшейту және институционалды құрылымды жақсарту арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Қорыта келгенде, мәселе капитал қозғалысын әкімшілік бақылауда емес, көбіне оның жаратылысын адекватты статистика мен трансшекаралық операциялар жіктегішіне негізделген жақсы түсінікте (пайда болу себептерін, әсер ету арналарын) болу керек.

Соңғы жылдардағы қаржылық және банктік дағдарыстар елден сыртқа немесе көлеңкелі экономикаға капиталдың кету тәуекелін күшеюіне жағдай жасайды. Қолданыстағы капитал қозғалысы валюталық операцияларының күрделі жіктегіші валюталық бақылау органдары мен агенттерінен (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және екінші деңгейдегі банктер) әр валюталық келісімшартқа арналған жеке тәсілдерді талап етеді. Трансшекаралық операциялар көлемінің үнемі өсуі мен олардың спектрлерінің кеңеюін, ағымдағы операциялар мен капитал қозғалысы операциялар арасындағы ажыратулардың шайылып кетуін ескере отырып, мұндай тәсіл трансшекаралық операциялардың барлық түрін толықтай қамтуды қамтамасыз ете алмайды және валюталық бақылау агенттерінің бақылауды жүзеге асыру рәсімдерін бәсеңдетеді.

Осыған орай, барлық ірі трансшекаралық төлемдерді ағымдағы және капиталды деп бөлместен, статистикалық мониторингке енгізу арқылы валюталық бақылау режимдерін оңтайландырған жөн. Бұл реттеушілік талдама мақсаты үшін операцияларды түрлеріне және санатына қарай жіктеуді валюталық бақылау агенттері емес, валюталық бақылау органдары жасау үшін қажет. Трансшекаралық операцияларға статистикалық мониторинг талаптары таратылатын ірі төлемдерді анықтау үшін шектік мәндер тек инвестициялық міндеттемелер және басқа да капитал қозғалысы операциялар түрінде қоспалы элементтердің ену ықтималдығы жоғары ағымдағы операцияларды қамтуды мүмкін ететін деңгейде анықталуы қажет.

Шетелдік валютамен жүргізілетін конверсиялық операциялар салаласының дамуы мен кеңеюін ескере отырып, өзекті мәселе валюта айырбастаудың ұйымдастырылған нарығының қызметін реттеу жаңа жағдайларға бейімдеу болып табылады.

Қолма-қол ақшалай қаражаттардың айналысымен байланысты айырбастау операциялары қаржылық жүйенің жоғарғы деңгейдегі тәуекелі бар элементтердің бірі болып табылады. Бұл халықпен жұмыс істейтін банктік және бейбанктік (уәкілетті ұйымдар) айырбастау пунктерінің қызметі ашықтылығына талаптардың артуын анықтайды.

Сонымен берге, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес 2012-2014 жылдарда айрықша түрі қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын уәкілетті ұйымдардың 50 пайызға жуығы салық салынатын табыстың жоқ екенін хабарлады.Айтылғанды ескере отырып, салық салынатын табыстың жоқтығы кезінде уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері санының өсуі олардың қызметі ашықтығының жеткіліксіздігі туралы ойға әкеледі.

Қазіргі таңғы беталыс қолма-қол ақшамен ғана жұмыс істейтін бейбанктік айырбастау пункттерінің қызметінің ашықтығын арттыруды оларға деген талаптарды, оның ішінде оларды құру бойынша, талаптарды банктермен бірдей етіп күшейту қажеттілігіне мәжбүрлейді. Мұндай шаралар қолма-қол шетелдік валютаны айырбастау операцияларын ұйымдастыру бойынша қызметті реттеу мен бақылаудың реттеушінің барлық талаптарын субъектілер тиісті деңгейде орындай алатындай, тиімді жүйесін қамтамасыз етуді мүмкін етеді.

Сонымен қоса, Қазақстанда инвестициялық құралдардың тапшылығы жағдайында FOREX валюталық нарығына деген қызығушылық институционалдық және де жеке инвесторлар тарапынан артып келеді. Алайда, Қазақстанда форекс-компанияларының ішкі валюталық нарықтағы қызметі реттелмеген. Ұйымдастырылған валюталық нарықтағы қызметті реттеу тұрғысынан бұл нарыққа кіру Қазақстан Республикасының қаржы нарығының субъектілері болып табылатын және қаржы нарығын реттеушіге белгілі деңгейде есеп беретін форекс-компанияларға рұқсат ету мақсатқа сай болып табылады (осындай тәсіл Ресей Федерациясы мен Беларус Республикасында қолданылады).

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі № 466-IV Заңының күшіне енгізілуімен Қазақстанда төлемдерді және басқа қаржылық операцияларды жүзеге асыру кезінде электрондық ақшаны шығару және қолданудың құқықтық негізі қаланды.Казіргі кезде төлем қызметтерінің осы сегменті қарқынды дамып келе жатыр.Қазақстандық эмитенттердің электрондық ақшасын қолдана отырып жүргізілген операциялар көлемі 2013 жылда 4,9 млрд. теңгеден 2015 жылда 44,4 млрд. теңгеге дейін өсті (өсім 9 еседен астам).Қазақстандық тұтынушылар белсенді түрде шетелдік тауарлар мен қызметтерді төлемдер жүргізудің дәстүрлі тәсілдерінен (ақшалай қаражатты төлем карточкаларынан, банк шотынан аудару, пошта арқылы салынған төлем арқылы) басқа электрондық ақшаны, оның ішінде шетелдік эмитенттер шығарған, аудару арқылы сатып алуда.Бұл ретте валюталық операциялар және капиталдың трансшекаралық ағыны жөнінде ақпарат қорын қалыптастыру мақсатында электрондық ақшаны қолдану арқылы жүргізілген валюталық операциялар көлемін бағалау тәсілдерін жетілдіру нақты, сонымен қатар виртуалды капитал ағынын неғұрлым толық қамту және бағалау үшін жетілдіру қажет.



Соңғы жылдары нарықтық экономикасы дамушы көптеген елдердің,атап айтқанда Еуропа елдері, Таяу Шығыс елдері және Африка, сондай-ақ Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінің валюталары долларға қатынасы бойынша күрт құнсызданып,аталған елдердің банк секторының тәуекелін жоғарлата түсті. Валюталық нарық пен валюталық саясаттың қалыптасуына валюталық курс режимі айтарлықтай әсерін тигізеді.Біздің еліміз тұрақты валюталық курстан қалқымалы курска өтті. Әлемдік валюталық жүйесінің эволциясы тұрақты валюталық курстан еркін валюталық курсқа өтуге бағытталғандығын атап өткеніміз жөн. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2015 жылдың 20 тамызы күні теңгені еркін қалқымалы бағамға өткізу туралы шешім қабылдады.Яғни Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамын қалыптастыруға араласпайды,ол айырбас бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты анықталады. Мұндай шешімді қабылдау Ұлттық банк тарапынан жаңа экономикалық саясатқа ауысу шаралары аясында жасалды.Алдағы 5-7 жыл ішінде Қазақстан елде өндірілетін шикізатттың арзан болуына дағдылануға мәжбүр болады. Бұл алдымен әлемдік нарықта мұнай мен метал құнының төмендеуіне тікелей қатысты деп түсіндірілді. Осыған байланысты Қазақстандық банктер ұлттық валютаның өтімділігінің дефициті мәселесімен тап болды және валюталық курстың өзгеруіне байланысты біршама залалдарға кез болды.Қалқымалы айырбас бағамына күтпеген жерден көшу-Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеуге көшетіндігін байқатқан болатын. Қазақстанның негізгі экспорты болып саналатын мұғай бағасының 2 есеге дейін төмендеуі теңге бағамының долларға құнсыздануына әсерін тигізді. Сондай-ақ Қазақстанның негізгі экономикалық және саяси серіктестері болып саналатын Ресей мен Қытай экономикасындағы дағдарыс, Ресей рубльлінің құнсыздану мен Қытай юаньінің 5%-ға дейін құнсыздануы Қазақстан экономикасына өз кері әсерін тигізбей қоймады. 2015 жылғы ЖІӨ-нің өткен жылға қарағанда төмендеуі ұлттық валютаның құнсызданумен тікелей байланысты болып табылады. Долларға деген тәуелділіктің әсерінен макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету қиыншылық туғызатындығы белгілі Сол себепті Қазақстанның Ұлттық банкі елдің экономикасындағы доллардың ролін азайту мақсатында елде «дедолларизация» саясатын жүргізуді бастайтындығын жариялады. Бұл саясат аясында біршама іс-шаралар қолға алынғандығын білеміз.Ол депозиттерді ұлттық валютада сақтауға пайыздық ставканың көтерілуі, ипотекалық несиелерді тек ұлттық валютада беру және т.б Қазіргі таңда бұл саясаттың іс жүзінде жүзеге аса бастағандығына куәміз. Яғни көптеген салымшылар өз депозиттерін теңгеде сала бастады және елдің жалпы экономикасында теңгенің ролі жоғарылай бастады. Бірақ мұнай бағасының төмендеуі ұлттық валютаның бағамына әсер ету әлі күнге байқалады. Қазіргі таңда ұлттық валютаның шетел валютасына деген бағамы тұрақтанды,оған Ұлттық банк тарапынан жүргізілген біршама іс шаралар әсер етті. Сондай-ақ ұлттық банктің қазіргі таңдағы басты мақсаты макроэкономикалық тұрақтылыққа жету болып табылса,сол мақсатта инфляциялық таргеттеу маңызды ақша-несие саясатының құралы болып табылатындығы сөзсіз. Бұл бағытта Ұлттық банктің жүргізіп отырған саясаты оңтайлы деп баға беруге болады. Бірақ соған қарамастан шикізат тауарларына деген бағаның алдағы уақыттағы төмендеуі мен әлемдегі жаһандық қаржылық дағдарыс Қазақстанға экономикалық және қаржылық қысымын көрсете береді. Мұңай бағасының төмендеуі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде біршама төмендеуіне алып келді.
Пайдаланған әдебиеттер:

  1. «Қазақстан Республикасындағы валюталық реттеу және валюталық бақылау» ҚР Ұлттық банкі ресми сайтында жарияланған құжат www.nationalbank.kz

  2. «Валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы жобасының тұжырымдамасы

  3. «Современные направления валютной практики Казахстана и их последствия» Мухамедова М.М., Ксембаева А.Н.

  4. «Валютное регулирование в Республике Казахстан» Абдикадирова, Г.Т.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет