Жамбыл облысындағы ортағасырлық Қалалардың зерттелу тарихы серікбаев Н. Т. «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы»



жүктеу 90.74 Kb.
Дата07.05.2019
өлшемі90.74 Kb.

ӘОЖ 94(574). 07/. 08
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
Серікбаев Н.Т.

«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы», Тараз


Жамбыл облысы өңірінің ортағасырлық қалаларын зерттеу көптеген зерттеушілердің назарларынан тыс қалған жоқ. Мысалға А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, П.Н.Кожемяко, К.М.Байпақов, Д.Д.Горячева. Ортағасырлық ғалым Макдисидің жазба деректеріне қарағанда X ғасырда Қазақстан территориясында шамамен 200-ге тарта қала болған. Бірақ бұл жан-жақты, толық деректер негізіне сүйеніп жазылған санақ деп айтуға болмайды. Бұл да әлі күнге дейін шешімін таппаған түйіндердің бірі болып табылады.

Жамбыл облысы өңірінде археологиялық қазба жұмыстар бір ғасырға жуық уақыт бойы зерттеліп келе жатса да, ортағасырлық қалалар мен қоныстардың қорғаныс бекіністері салыстырмалы түрде аз зерттелген. 1980-1990 жылдары Жамбыл облысы өңіріндегі қалалар мен қоныстарды археологиялық картаға түсіру мақсатымен барлау жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, бұл қалалар мен қоныстардың қалыптасу уақыты мен танысу мақсатында бірнеше шурфтар, кішігірім қазба жұмыстарын жүргізген. Қалалардың қабырғалары ішкі және сыртқы бекіністері зерттелген.

Жалпы Шу өңірінің қалалары туралы деректер аз, дегенмен де аз да болса да мәлімет алуға болады. Шу өңірінің қалаларының зерттелу тарихы туралы Ш.Уалиханов еңбектерінен аздаған мәлімет алуға болады. XIX ғ. ІІ ширегінде Қазақстан территориясындағы тарихи ескерткіштерді зерттеумен Ресей Археологиялық комиссиясы айналысты. Археологиялық комиссияның алғашқы жұмысы Қазақстан тағы басқа территориялардағы археологиялық ескерткіштер, кездейсоқ табылған заттар жайлы өздерінің баспаларының беттерінде жазып тұру ғана болды. Сонымен бірге осы комиссиямен қатар Қазақстан территориясын Орыс географиялық одағының Батыс Сібір бөлімі де қатысты. Қазақстандағы ескерткіштерді оқып-білуде қазба жұмыстарын жүргізуде, материалдар жинауда: Түркістан археология сүюшілерінің үйірмесі, Орынбор архивті оқу комиссиясы, Орыс Географиялық одағы, Археологиялық комиссия т.б көптеген жұмыстар атқарды.

Ал Түркістан әуесқой археологтарының үйірмесіне тоқталатын болсақ, ол 1985 жылы 2 желтоқсанда Ташкент қаласында құрылды. Үйірменің құрылатыны жайлы, оған қатысамын деушілерге қойылатын талаптар туралы алдын-ала баспа бетінде жарияланды, оған әр түрлі мамандықтың иелері мүше болды. Атап айтқанда әскери офицерлер, діни қызметкерлер, чиновниктер, адвокаттар, мұғалімдер, т.б. Олардың ішінен ғылымға шын бет бұрғандары болды. Мысалға В.А.Каллаур, Н.А.Пантусова сияқтылар. Үйірме жыл сайын экспедиция ұйымдастырып, табылған заттар, ескерткіштер орындарын, қалалар мен обалар орындары т.б жайлы үйірменің отырысында баяндамалар жасап, оны «Туркестанский ведомость» газетінің бетінде жариялап тұрды. Бұл үйірменің белсенді мүшесі ғалым В.В.Бартольдтың осы үйірме жұмысын жақсартуда атқарған қызметі зор.

Ол Талас, Іле, Шу өзендерінің жағасындағы ескерткіштерді де зерттеген. Дәлірек айтқанда 1893-1894 ж.ж ішінде Орта Азия мен Қазақстанға зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар Бартольд Қазақстанда зерттеу жұмыстарын жүргізуге үлкен үлес қосты. Бартольдтың Қазақстан территориясындағы тарихи ескерткіштер, өткен тарихын білуде «К истории орошении Туркистана» деген еңбегінде ерте кездегі түп-деректер негізінде жазылған қалалар жайлы қызық сілтемелерге кездестіруге болады.

Шу өңірі тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмысының негізін В.В.Бартольд қалады, оның «Очерк истории Семиречья» деген еңбегінде толық жан-жақты жазылған. Ол Жетісу мен Шу өңіріндегі тарихи ескерткіштерге жалпы шолу жасап қана қоймай, оларға қысқаша сипаттама берді, құлаған, қираған қалаларды зерттеп, олардың бастапқы аттарын табуға тырысты. Мысалға «В отчете о поездке в Среднюю Азию с научной целью 1893-1894г.г» деген еңбегінде Құлан, Шаштөбе, Төлек, Ақбешім, Бурана, Ново-Николаевск т.б қалаларға сипаттама беріп өтеді.
Шу өңірін зерттеу 1960 жылдан басталды және 1963-1965 ж.ж Байпақов бастаған Құлан-Сүмбе отряды Шу өңірінің ортағасырлық қалалары мен қоныстарын зерттеу мақсаттарымен Құлан маңында Луговое, Луговое усадьбасына қазба жүргізіп зерттеді. 1964-1965ж.ж Л.Б.Ерзакович бастаған отряд Аспара қаласының кейінгі ортағасырлық қабатын зерттеді. 1974 ж. Ақтөбе қаласында Әль-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің профессоры У.Х.Шалекенов бастаған археологиялық экспедициясы алғаш қазба жұмысын жүргізді. Қазба жұмыстары цитадельде, шахристанда, шаруашылық аймағында жүргізілді. 1970 ж. М.Елеуовтің басшылығымен Университетттің археологиялық экспедициясының отряды Шу өңіріндегі барлық қалалар мен қоныстар (бұл жерде Қырғызстан территориясындағы ескерткіштер қосылып) зерттелінді.

1979-1980 жылдары Жамбыл облыстық өлкетану музейiнiң экспедициясы Шу өзенiнiң орта жене төменгi ағысынан бiрқатар жаңа қалалар ашты, атап айтқанда:Төрткүл, Жүнді төбе, Ыстөбе. Бұл калаларда қазба жұмыстары жүргізілген жоқ, жер бетiнен табылған керамикалық заттарға байланысты олардың өмір сүру уақыты көрсетiлмеген.

Шу өзенiнiң орта ағысындағы ортағасырлық ескерткiштердің саны жиырмадан асады. Олар қазiргi территориялық бөлiнiс бойынша Жамбыл облысы, Шу ауданында орналасқан. Атап айтсақ: Қамысбек қарауыл төбесі, Жетiжар қарауыл төбесі, Ақсу қаласы, Тоқтас Қарауыл төбесi, Тастұмсық қаласы, Тастұмсық қарауыл төбесі, Белбасар қаласы, Новый путь қаласы, Ортағасырлық Қорқаншы қаласы, Ортағасырлың Ақтөбе қаласы, Ортағасырлың Төрткүл қаласы, Үлкен Ақтөбе қаласы, Ортағасырлық Орта Ақтөбе қаласы, Ортағасырлық Тыңқұдық қаласы, Ортағасырлық Аяқ Ақтөбе қаласы, Бала Ақтөбе қаласы, Төрткүл қаласы, Тастөбе қаласы, Жүндітөбе қаласы, Ынталы қаласы, Ыстөбе қаласы, Жиренбай төбе қонысы, Ошантөбе қаласы, Қызыл қорған қаласы.

Ортағасырлық қалалардың зерттелу тарихын зерттеушілердің көзқарасы бойынша кезеңдерге бөлу мәселесі төмендегідей:

Оңтүстік Казақстан, Талас, Шу және Іле өңірлері ортағасырлық қалалары мен мекендерінің зерттелу тарихы және оны кезендерге бөлу жөнінде зерттеушілер әртүрлі пікір айтып жүр. Мәселен, Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевич Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қалалары мен мекендерінің зерттелу тарихын ХҮІІІ ғ. бастап, оны кеңестік кезеңге дейінгі және кеңестік кезеңдерге бөледі.

К.М.Байпақов Оңтүстік Қазақстан, Талас, Шу, Іле өңірлеріндегі ортағасырлық қала мәдениетінің зерттелуін ХҮІғ. бастап кеңестік кезеңге дейінгі зерттеулерді екіге (ХҮІ ғ. - 1870ж. 1870-1917жж.), ал кеңестік кезеңді төртке (1917-1935 жж.; 1936-1945 жж.; 1946-1959 жж. 1960 ж. бергі уақыт) жіктейді.

XX ғ. (90-жылдардан бастап) Шу өңіріндегі ортағасырлық қалалар мен сәулет өнері ескерткіштерінің зерттелу тарихына, оның кезендеріне сын көзбен карап, оларды басқаша жіктеуді ұсынған зерттеулер шыға бастады. Мәселен, Б.Э.Аманбаева осы өңірдегі ортағасырлық қалалардың зерттелу тарихын бес кезеңге бөледі, олар: 1885-1917 жж.; 1917-1935 жж.; 30 ж. соңынан 50 жылдарға дейін; 50-жылдар; 60-жылдардан осы уақытқа (1993 ж.) дейінгі кезеңдер, ал С.Перегудова болса Шу өңіріндегі ортағасырлық қалалар мен сәулет өнері ескерткіштерін зерттеудің үш кезеңіне тоқталады: XIX ғасырдың соңынан басталған кезең; 1925-1929 жж.; 30-жылдардан осы уақытка дейінгі кезең.

Жалпы еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары тарихқа жақсы көңіл бөлінуде. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жоспарда көрсетілген міндеттерге сай «Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласында» 2007-2008 жылдары археологиялық зерттеу жұмыстары цитадельде, шахристанда және рабадта жүргізілді. Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылының оңтүстігінде , Ақсу өзенінің бойында орналасқан. Цитадельдегі бұрынғы жылдарда жүргізілген қазба жұмыстарымен жалғастырылып, оның оңтүстік-шығыс жағынан 35х10 м көлемде қазба салынды. Оның нәтижелері егжей-тегжей жазылып, қолға түскен жәдігерлерге тоқталып, олардың фотолары, суреттері, сызбалары түсірілді.

Жүргізілген қазба барысында табылған қазандар тұтқасы, ернеуі мен пішіні жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Қазандардың барлығы шарықта, құрамына майда құм араластырылып жасалынып, бірқалыпты күйдірілген. Көзешелер ернеулерінің диаметрі 13см. Бірінің ернеуі сәл ғана сыртқа иіліп тік аяқталса, екіншісінің ернеуі сыртқа біршама иіліп мойындалған. Құмдар ернеулерінің диаметрі 40-42 см. Бірінің ернеуі сыртқа еркін иіліп аяқталса, екіншісі қысқа мойынынан сыртқа тіктеу қайтарылып біткен.

Қақпақтар қолданылу аясына және көлеміне қарай құтыларға, қазандарға, құмдар мен тандыр ошақтарға арналған болып бөлінеді. Дастарқан сынығына қарағанда диаметрі 55 см болған. Шырақтар негізінен аласа келген табаға ұқсас. Шырақтар ернеулерінің диаметрлері 9-21см, биіктіктері 2,5-4см. Қолдан және шарықта жасалып, бірқалыпты күйдірілген. Саптыаяқтардың қабырғалары түбіне еркін иіліп, қырланып жалғасқан. Сырлы ыдыстар. Тостағанның диаметрі 5см болатын табанынан жұқа қабырғасы еркін иіліп жоғары қарай кеңіп ернеулеген. Тастан жасалған әшекейлер. Пішінінде сыртын доға тәрізді етіп қашап егеген сарғыш ақ түсті тас әшекейдің көлемі 2х2 см, қалыңдығы 1см. Моншақтар мен сырға. Пластмассадан жасалған қара және сұр түсті тесігі бар моншақтардың диаметрі 0,9; 1,5 см. Темір мен қоладан жасалған бұйымдар. Жебе ұшы темірден жасалғандықтан қатты тотығуға ұшыраған, ұзындығы 5см, қола теңгелер; бірі түргеш, екіншісі қытай теңгесі. Жазуы мен таңбасы бар түргеш теңгесі т.б. Зертханалық және салыстырмалы зерттеу жұмыстарының нәтижесі орналасқан тұрғын үйден шыққан заттай жәдігерлердің өте жақсы жетілдірілгендігін көрсетті. Қазба нысанынан жиналған заттай деректер ортағасырлық Ақтөбе қаласы керуендер жолы бойында орналасқан ірі өндірістік және сауда орталығы болғандығын дәлелдейді.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Жамбыл облысы аймағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғап сақтау және пайдалануды іске асыру үшін 2004 жылы Жамбыл облысы әкімияты мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» ашылған.

Жамбыл облысы әкімдігінің 14.04.2010 жылы №90 қаулысымен жергілікті 713 тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік тізімге енгізіліп, 435 ескерткіш алдын-ала есепке алынған. 28 ескерткіш Республикалық мәнге ие.

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Республикалық және жергілікті бюджеттен қарастырылған қаржы есебінен 2007-2008 жылдар аралығында республикалық санаттағы ескерткіштер қайта жаңғыртудан өткізіліп ел игілігіне қайта пайдалануға берілді.

«Төрткүл XI-XIII ғғ» керуен-сарайы және ортағасырлық «Тамды, Түймекент, Бектөбе» қалашықтарында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жаңалығы: Ортағасырлық қаланың өмір сүрген уақыты, оның кезеңдері анықталып, қаланы қоршап тұрған қамалдың салынған уақыты белгілі болып, қақпаның жолы ашыла бастады, оңтүстік-батыс цитаделді қоршап жатқан төрткүлдің батыс бұрышынан ХІ-ХІІ ғасырлар кезінің бөлмелері ашылды. Бүгінде «Төрткүл» керуен сарайының жалпы аумағы 100х100 м. Пақсалық әдіспен салынған биіктігі 5 м. қалындығы 4,6 м. дуал мен 4 мұнара, оңтүстік және солтүстік жағында 8 метрлік 2 қақпа тұрғызылған. Негізгі қақпаның екі шетіндегі 4 бөлмеде қолданбалы өнерді дамытатын шеберхана орны бар.

Байзақ ауданы, Түймекент ауылының оңтүстік-шығыс шетінде орналасқан ортағасырлық «Түймекент қаласына VI-XII ғғ.» т.ғ.д. профессор М.Елеуовтың басшылығымен зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Жамбыл облысында ұлттық тарихты зерделеу, насихаттау бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерін күтіп сақтау, қорғау, пайдаға асыру сияқты міндетті іс-шаралар тиісінше жүзеге асуда. Ғылыми зерттеу барысында 2009 жылдан бері 10 ауданның «Ескерткіштер жинағы» шықты. Жинақталған мәліметтер қазіргі әлемдік ғылыми деңгейдің даму талаптарына сай әзірленген. Осындай жинақ кітаптарға жаңадан енгізілген барлық ескерткіштерге мемлекеттік қорғауға алынатын белгі қорғау тақтайшасы орнатылып, есепке алу, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

«Ежелгі Тараз» қалашығында жүргізілетін археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына 2011 жылдан бері облыс бюджетінен қаржы қарастырылып, қазба жұмыстарының 3-ші кезеңі аяқталды. Қазба тереңдігі 1-3,5 метр аралығында. Бүгінге дейін 4 құрылыс қабаты анықталып, зерттелінді. Олардың көпшілігі тұрғын үй жайлардың орындары. Қазба жұмыстары нәтижесінде қыш құмыра бұйымдарының сынықтары, тиындар, шыныдан жасалған және сүйектен жасалған археологиялық жәдігерлер табылып отыр. Осы жәдігерлер арқылы Х-ХІІ ғасырларға қатысты Қараханидтер кезеңінің керамикалық бұйымдарының бірегей топтамасы жинақталынды.

2010 жылдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келе жатқан Талас ауданы, Қаратау қаласының маңында орналасқан ортағасырлық «Тамды VII – ХIII ғ.ғ» қалашығында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде орталық цитадель аумағы қазылып, қаланың құрылысы мен архитектуралық ерекшеліктері анықталды. Ал, Жамбыл ауданында орналасқан «Бектөбе VI-XII ғғ.» қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында қаланың шығыс қақпасының орны анықталып, сызбасы топографиялық жобаға түсірілді. Көптеген керамикалық бұйымдар мен жәдігерлер табылып, қалашықтың соңғы өмір сүру кезеңіне қатысты құнды қыш құмыралардың жиынтығы табылып отыр. Табылған барлық жәдігерлер камералдық өңдеуден өткізіліп, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылған.

Жамбыл облысындағы осындай археологиялық зерттеу жұмыстары көпшілік арасында оң пікір туғызуда. Табиғи жауын-шашынды мезгілді ескере отырып, қазба жұмыстары жүргізілетін аумаққа уақытша сақтау шатыры тұрғызылып, зерттеу жұмыстарын барлық ортақ талаптарға сай жүргізу жергілікті мемлекеттік мекеме бақылауында.



Бір сөзбен айтқанда Жамбыл облысында ғылыми тосын жаңалықтар көбейіп келеді.
Әдебиет


  1. Шәлекенов У.Х. Научный отчет раскопки средневекового городища Актобе в 1978 году// ҚР БҒМ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мұрағаты. –Алма-Ата, 1978.

  2. Шалекенов У.Х. Археологические раскопки на средневековом городище Актобе в 1979 году// ҚР БҒМ Ә.Х.Марғұлан атындағы АИ мұрағаты. 1980.

  3. Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (VІ-начало ХІІІ в.)–Алма-Ата: Наука, 1986.

  4. Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселений и городов Южного Казахстана// ТИИАЭ. Том V7 Археология. Алма-Ата, 1958.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет