Сенат отырысында депутат Бибігүл Жексенбай Қазақстандағы балалар тамағының сапасы сын көтермейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Сенат отырысы

"Бүгінгі депутаттық сауал жасөспірімдердің денсаулығы, атап айтқанда зиян тамақтардың кері әсері туралы болмақ. Соңғы кезде Қазақстан нарығында шығу тегі белгісіз зиян тағамдар қаптап кетті. Алыс-жақын елдерден қоқыс тауарлар арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Ең қорқыныштысы, қоқыс тағамдардың көбін көшелер мен жертөлелерде жасайды. Қытайдың өзінде бұл өнімнің зиян екені дәлелденіп, сайттарында "қоқыс тағамдар" деп көрсетілген. Қытай билігі мұндай залал тағамды өндірушілермен күресіп жатса да, қоқыс тағамдар алыс-жақын шетелдің қорғалмаған нарығын жаулап жатыр", — деді Сенат депутаты. 

Ол еліміздің арнайы заңдарына сәйкес, әр өнімде қазақ немесе орыс тілдерінде шығарушы, құрамы, пайдалану мерзімі туралы ақпарат болуы тиіс, алайда дүкен мен базарда саудаланатын бағасы арзан, көздің жауын алатын зиян тағамдарда осы талаптардың орындалуы бақылана ма деген сұрақ қойды. 

Сондай-ақ сенатордың айтуынша, шетелден алынған тауарға ақшасын төлесе жылдам сертификат алуға көмектесетін ғаламтордағы жарнамадан көз сүрінеді. 

"Бұл бағытта жеке делдал компаниялардың көптігі нарықта сапасыз тауарлардың артуына әкеп отырған жоқ па? Сондай-ақ зиян тағамдардың жарнамасы жайлы айтпау мүмкін емес. Өйткені бүгінде жұрт, әсіресе балалар қанты мол, тұзды, майлы, химиялық қоспа мөлшері көп өнімдер жарнамасының еріксіз көрермені болып отырғаны жасырын емес. Әрине, жарнама тиісті заңдармен реттелгенімен, оларда денсаулыққа зиян өнімдер туралы ақпараттың таралуын шектейтін нормалар жоқтың қасы. Елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72%-і Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тыйым салған азық-түлікке жатады екен", — деп атап өтті ол.

Депутат әлемде зиян тағамға қосымша салық салу тәжірибесі кең тарағанын тілге тиек етті. 

"Мәселен, кейінгі он жылда мұндай салық Дания, Норвегия, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және басқа да елдерде енгізілді. Осы салық түрі бар елдерде өндірушілер мен сатушылардың 70%-і зиян және қосымша салық салынатын өнімді қысқартты. Ел келешегін ойласақ халықты зиян тағамнан қорғауымыз керек", — деді сенатор.

Бибігүл Жексенбай елімізде "қоқыс тағамдарды" жарнамалауға уақыт шектеуін енгізу, зиян тағамдар, қанты көп энергетикалық сусындарға қосымша салық салу туралы ұсыныс айтты. 

 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.