Жастарды отаншылдыќќа тєрбиелеудіњ педагогикалыќ негіздері



жүктеу 324.86 Kb.
Дата16.09.2017
өлшемі324.86 Kb.
    Навигация по данной странице:
  • Резюме

Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудің педагогикалық негіздері
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты

Жалпы педагогика кафедрасы

Сайдахметова Ләззат Тұрлығазықызы

Алматы қаласы


Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында “Білім беру жүйесінің міндеттері: … азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу” десе, ал орта білімді дамыту тұжырымдамасында “тәрбиелік жұмыстарды қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілікті интернационализм негізінде құру”- керек екендігі көрсетілген. Алайда, бүгінгі нарықтық экономика жағдайындағы патриотизмнің сипаты қандай болмақ? Кеңес одағы кезінде мектеп оқушыларын тәрбиелеудің арқауы болған “социалистік патриотизм” ұғымы сол идеологиямен бірге келмеске кетті. Ал оның орнына бүгінгі қоғам талаптарын қанағаттандыратын, өсіп келе жатқан жастарды тәрбиелеуде ұстанатын бағыт-бағдар мен патриотизмнің тұғырнамасы әлі толық айқындала қойған жоқ.

Егемендік алған бастапқы күндерден-ақ патриотизм ұғымы, оның мазмұны төңірегінде пікірталас жүріп келеді. Одан “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм” деген екі ұғымның туындағаны белгілі. Бірақ өсіп келе жатқан жас буындарды отаншылдыққа тәрбиелеуде бұл екі ұғымның қайсысын ұстанған жөн, олардың мазмұндық құрылымы қандай ой-тұжырымдар жүйесінен тұрады, бұдан былайғы кезде мектеп оқушыларын отаншылдыққа тәрбиелеудің бұрыннан қалыптасқан әдіс-тәсілдері, формалары мен мазмұнын қолдануға бола ма? деген сияқты көптеген мәселелер әлі шешіле қойған жоқ.

Қазіргідей рухани-идеологиялық қайшылықтар тұсында патриотизмнің сипатын ашып айқындаудың, жастардың бойында отаншылдық сана, сезім, отаншылдық іс-әрекет қалыптастырудағы маңызы зор.

Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады. Оның басты құндылықтары – ана тілі, ұлттық рух, діни наным-сенімдермен тығыз байланысты. Ұлттық “мен” дегізерлік қасиеттерді сақтап қалудың кепілі - әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен “Атамекен” деген киелі атқа ие туған жер. Бұлар – қазақ халқының ұлттық “менінің” қайнар көзі, таусылмас бұлағы. Қай заманда, қай дәуірді алып қарасақ та, біртұтас халықтың, ұлттық ерлігі не жеке қаһармандардың батырлық істеріне осылар қозғаушы күш болып отырған.

Патриотизмнің мәнін ашу барысында ең алдымен осы патриотизм идеяларының ерте замандарда туып қалыптасқаны мен ол туралы сөздіктер, энциклопедияларда берілген анықтамаларды және зерттеушілер мен ақын жазушылардың еңбектерін қарастыру барысында, сонау Күлтегін, Білгеқаған, Тоныкөктен бастап, қазақ жерінде өмір сүрген би-шешендердің, қол бастаған батырлардың жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы екенін көреміз.

Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы – сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, шешендік саз, айтыс өлеңдері мен бостандық үшін жері мен елін қорғаған батыр бабаларымыз туралы тарихи дастандары ғасырлар бойы өз ұрпағын өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Олай болса, тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ отансүйгіш ұрпағын тәрбиелеуде олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қаны мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүрін негізге ұстансақ, өте ұтымды болар еді.

Туған жерге деген ыстық сезім, атамекенге деген құрмет пен қадір қасиет тұтуды Ұлы дала ойшылдары Қорқыт ата, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, т.б. өз еңбектеріне арқау еткен.

Қарап отырсақ, қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат - мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілік, адал шыншыл, өз Отанының патриоты болуға үндегенін байқаймыз. Бұл бүгігі Қазақстанның, Ел басымыз Н.Назарбаевтың “әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау” деген бағытымен үндесіп жатыр.

Патриоттық тәрбиенің теориялық сипаттамасын ғалымдар өмірдегі қажеттілік тұрғысынан қарау және әр адамның маңызды өмір сүруі үшін патриотизмге қызығушылық құлқын ояту мақсатында саралайды. Қай халықтың болмасын мемлекет тарапынан ғалымдардың назарын патриоттық тәрбиені зерттеуде ең ұтымды, тиімді жолдарын таба білуге бағыттап және саяси жұмыстың өмір тіршілігінің тынысынан алшақ кетпей, сапалы жүргізілуімен жалпы тәрбие ісіндегі құрама әдіс-амалдардың әдіснамалық соның ішінде, патриоттық тәрбиенің өз мәнінде жүзеге асуын қадағалап отыру бағдарланады.

Патриоттық тәрбиенің негізгі мақсаты – жеке тұлғаның, әлеуметтік топтың патриоттық іс-әрекеттерін саналы түрде меңгеріп алудағы талпынысын айқындайтын саяси-моральдық, кәсіптік, психологиялық, дене шынықтыру сияқты сапаларды қалыптастыру.

Қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлы “патриотизм – Отанға (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық - мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оны жеке адам мен барлық жағынан өткені мен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді”- деп көрсеткен.

Патриотизмге тәрбиелеу алдымен оқушылардың сана-сезіміне, одан соң іс-әрекетін ұйымдастыруға ықпал етуден басталатыны белгілі. Осы мәселе тарихи-педагогикалық тұрғыда әлі де тереңірек зерттеуді қажет етіп отыр.

Қазіргі егеменді ел жағдайында жастарды Отаншылдыққа тәрбиелеу, олардың елін-жерін сүйетін, ана-тілін ардақтайтын, ұлтын пір тұтатын азамат болып өсуін қамтамасыз ету бүгінгі мектептің басты мақсаты деуге болады.

Жоғарыда патриотизм ұғымына берілген сипаттамалар мен зерттеушілер, ұлы ойшылдардың, қазақ зиялыларының ой-пікірлеріне сүйене отырып, біз өз пайымдауымызды білдіре кеткенді жөн көрдік. Біздіңше патриотизм – ол өзінің туған жеріне, ана тіліне, еліне, мемелекетке деген сүйіспеншілік сезімі, сол мемлекеттің, Отанының гүлденуіне, өсіп өркендеуіне өз үлесін қосу, қызмет ету деп ұйғардық.

Республикамыз бір саяси құрылымнан екіншісіне ауысып, басқару жүйесі жаңа сападағы қарым-қатынасқа бет бұрған өтпелі кезеңде, мектептегі тәрбие жұмыстары дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Бұндай жағдайда замана ағымына қарата пайда болған тың ұғымдарды айқындап, оларға анықтама беру қажеттігі туындады. Ұғымдар, түсініктер, ереже, қағидалар арқылы оқушылар санасында білім қалыптасып, ол өз кезегінде оның іс-әрекетіне бағыт береді. Біздің ойымызша патриотизмге тәрбиелеуде сүйенетін негізгі ұғымдар “ұлттық патриотизм” және “қазақстандық патриотизм”. Ұғым дегеніміз – заттар мен құбылыстардың жалпы айырмашылықтарының белгілері жиынтығы негізінде ой жүргізу. Ұғым – бір сөзден тұратын термин, не - болмаса сөз тіркестерімен белгіленеді. Ол, ғылыми және практикалық білімдерді қалыптастыруда қолданылады. Ұғымдар негізінде пікір, ой тұжырымдар қалыптасып, ой-қорытындылар мен пайымдаулар жасалады. Бұл жерде, “ұлттық патриотизм” және “қазақстандық патриотизм” ұғымдары арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, туған өлке, туған халқы туралы нақты түсініктер беріледі. Ал, түсінік дегеніміз – бір нәрсенің мағанасы мен мәнін ұғыну. Сөйтіп, “ұлттық патриотизм” және “қазақстандық патриотизм” ұғымдарына анықтама беру, олардың мазмұнын құрайтын – Отансүйгіштік сезімін дамыту, ұлттық салт дәстүрді ұстану мен мемлекет рәміздеріне құрмет қалыптастыру секілді т.б. тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктері мол жұмыстардың ауқымы кеңейе түседі. Бұл ретте әрине тарихи-педагогикалық, теориялық, философиялық, әдістемелік т.б. материалдарға сүйенеміз.

Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі бір төбе. Жазушының көптеген еңбектерінің ішінен “Соғыс психологиясы” мұрасын ерекше атап өтеміз. Өйткені, мұнда патриотизм және оған тәрбиелеу хақында өрелі пікірлер бар. Ол патриотизм туралы айтудан бұрын, оның келіп шығу тегіне үңіледі, ұлттық мақтаныш дегеніміз, - “белгілі бір ұлт адамының жеке мақтаныш сезімі … өз ұлтын сыйламаса және оны мақтан тұтпаса, ол барып тұрған арамза, Отансыз қаңғыбас”- дей келе ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, … адамдар ғана Отандастарының алдындағы өз халқының және ең алдымен халықтардың бауырластығы алдындағы өз борышын терең де жоғары сезінеді. Адамның жеке психологиясының әскери қызметтегі маңызын аша келіп, Б.Момышұлы “патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік. Жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз - жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оны жеке адамның барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді,”- деп терең, жан-жақты анықтама берген. Қаһарман жазушы, біз іздеп отырған “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм” ұғымдарына философиялық анықтама беруге ұмтылған. Ол “ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті - өз халқына деген сүйіспеншілігі, өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс – тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты”. Жазушының пікірін жіктей отырып бүгінгі патриотизмнің мазмұнын анықтау әбден мүмкін.

Сонымен, Б.Момышұлының анықтамасы бойынша ұлттық патриотизм мыналардан тұрады: өз халқына сүйіспеншілік; өз халқымен қан жағынан байланысын сезіну; шыққан тегін сезіну; тұрып жатқан территориясы; ана тілі; тұрмыс-тіршілігі; мінез-құлқы; тарихи дәстүрі; психологиялық ерекшелігін сақтап, дамытуға, оны өз ұрпақтарына өткізіп беруге бейімділік. Осыдан барып, патриотизмге тәрбиелеуді отбасынан бастау проблемасы келіп шығады. Б.Момышұлы көрсеткен рухани ерекшеліктерді сақтау - ұлттық патриотизмнің уәзіні (критериі) болып табылады. Жаңа қалыптасып келе жатқан жас мемлекетіміздің болашақ азаматтарын патриотизмге тәрбиелеуде міне осылар оның негізігі бағыттарын құрауы керек. Ойымызды айқындай түссек, Б.Момышұлы айтып отырған белгілердің педагогикалық негізі тұлғаның патриоттық сана-сезімін қалыптастыру; патриоттық іс-әрекетін ұйымдастыру; мінез-құлқына патриоттық сипат беру, мектептегі оқу-тәрбие ісінің өзегі болуы керек. Бұл оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнынан бастама алып, сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарда жалғасуы орынды.

Патриоттық сезім ол қанмен, тектілікпен, туа бітетін қасиет десек қателеспеспіз. Барлық адамзат белгілі бір деңгейдегі сезіммен туатыны белгілі, мұны тек инстинкт деп айтуға болмайды. Осы инстинктен басқа жан-дүние сезімінің қандай да бір түйсіктік құрамында әлі оянбаған, өсіп жетілмеген “сүйіспеншілік” деп аталатын түйсік бар. Бұл туралы Ж.Аймауытов “Псиқология” кітабында, адамның ішкі қабілеттері серпілулерді табуға қызмет етеді “тәрбиенің мақсаты – сол серпілулерді көбейтіп, кәмілетке жеткізу”- дейді. Сол түйсік тәрбие арқылы саналылық деңгейіне өсіп жетілсе, ол патриотизмге айналады. Ал, егер тәрбие жеткіліксіз болса, қоршаған ортада жағдайлар мен шарт түзілмесе ол сезім, патриотизм сезіміне дейін өсіп жетпей қалуы да мүмкін. Сондықтан, біз патриотизмнің тектілікпенен келетін кейбір тұстарын тәрбие арқылы жетілдіру қажет деген ойдамыз. Басқаша айтқанда тектілікті де, тәрбиені де жоққа шығармаймыз. Екеуі бірі-бірімен ұштасып, астарласып жататын ықпалдас құбылыс. Атап айтсақ, жазушы Ә.Нұршайықов айтып отырған Ә.Молдағұлованың бойындағы шексіз патриотизм тектіліктен өсіп шығып, тегеурінді тәрбиенің ықпалымен Отан үшін жан аямайтын ұлы сүйіспеншілік сезіміне айналған.



Жазушы Ә.Нұршайықов қазақстандық патриотизм туралы айта келіп "Әрине екінің бірі ер болмайды, екі мыңның бірі кемеңгер болмайды. Ер емес, патриоттар көп болса, ерлер екшеленіп, солардың ішінен шығады",- дей отырып патриот болудың негізгі төрт шартын көрсетеді:

Ол патриотизм қоғамдық сананың бір бөлігі дей отырып бірден жүзеге асатын әрекет, іс-қимыл екенін дәріптейді. Бізде өз ойымызда ұлты, халқы үшін іс-әрекетті ойланбай орындайтын қауырт қимылды патриотизмнің басты көрнісі деп санаймыз. Ә.Нұршайықов бүгінгі жастарды патриотизмге тәрбиелеуде үлгі етуге тұрарлық көптеген тұлғаларды атап өтумен, оларды мектеп оқушыларына үлгі - өнеге етудің маңызын атап көрсетеді. Ол, патриотизм адамның жүрегінде лаулап тұрса ғана, мемлекет қуатты мерейі үстем болады дей отырып, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде "патриотизмнің асыл арқауынан айырылып қалды"- деп есептейді. Осы пікірін нақты мысалдармен дәлелдеп дезертирлік, әлімжеттілік (әскердегі ақсақализм), қоймадан қару ұрлап сату т.б. патриотизмнің жұтап қалғанын көрсететін белгілер дейді. Осылардың барлығын көрсете келіп жазушы, патриоттық тәрбиемен мемлекет түбегейлі шұғылдануы керек,- деп атап көрсетеді. Бала күнінен батырлар туралы ертегілер тыңдап, ерлікті мадақтайтын тақпақтар жаттап, эпостық шығармаларды етене қабылдамаған адамдардың бойында бес кісінің күші болса да патриот бола алмайды, “патриотизм – ақыл, ой, сананың салтанаты, табанды тәрбиенің жемісі. Отанын ақыл, ой, санамен шын беріле сүймеген адам патриот бола алмайды”,- дейді жазушы. Сонымен бірге ол, патриотизмге тәрбиелеудің тұғырнамасы идеология болуы қажет. Идеологиялық тәрбие ғана патриотизмді ұштап, қайрап, жетілдіріп отырады. Тәрбиенің күшімен шыңдалған патриотизм, қынаптан суырылған қылыштай жарқ етіп, Отанды басқыншы жаудан қорғау сағатында өз қуатын көрсетеді. Патриотизмге тәрбиелеуде әр ұлттың бойында ұлттық намысты оятып, оның бәрін қазақстандық патриотизм деген бір арнаға салу абзал, ұлттық намыс жеке ұлттың өзіндік моралдық кодексі ұлттық мінез, әдет-ғұрыптарға, ар ожданға негізделген бұл кодекс жалпы азаматтық моральмен астасады, оған қайшы келмейді, қайта соның бөлінбес бұтағы ретінде өрістейді,– деп атап көрсетеді. Ә.Нұршайықовтың пікірлерін қуаттаумен бірге, қазақ халқында ар, намыс, ождан мәселесі ежелден-ақ отансүйгіштік, ұлт жандылық сезімдерімен астарласып жатады, осыған орай мақал-мәтелдер, қанатты сөздер толып жатыр, осының өзі өсіп келе жатқан жас буындарды патриотизмге тәрбиелеудің мектебі болғанын атап көрсетеміз.

Қоғамның өз азаматтарына қызмет етуі – адамның өзіне байланысты екені белгілі. Бұл қоғамның жай-күйі, оның әрбір азаматына байланысты деген сөз. Демек, қазақ республикасының егемендігі мен тәуелсіздігінің нығайып дамуының басты шарттарының бірі оның азаматтарының патриотизмі. Адамдар санасындағы бұрынғы кеңес одағы кезеңіндегі патриотизмнің мазмұны, жаңа қоғамдық жағдайда біртіндеп жаңғыру процесін бастан кешіруде, бірақ соны құндылықтар әлі қалыптасып бола қойған жоқ. Осыған орай Дәулетбек Раев “Қазақстандық патриотизм мен гуманизм” деген мақаласында бүгінгі күні адамдар арасында “патриоттық сезімнің орнына космополитизм”, “пендешілік үстем” екенін байқауға болатынын көрсеткен. Алайда, жеке адамның тағдыры, бүкіл адамзат кеңістігінің құрамында болғандықтан, ол қоғам тағдырымен тығыз байланыста екені белгілі. Сондықтан “бүгінгі әлеуметтік саяси орта адамға өзі өмір сүріп отырған мемлекеті мен қоғамы, ел, жұрты, атамекені және жалпы адамзат өркениетінің тағдыры алдындағы жауапкершілікті мойындауды ескертеді”-дейді. Бұл ретте ол, көнені жоққа шығару, патриоттық тәрбиені әлсірету, көне ата-тектілік танымдық тәрбиелік өзектен адасып қалу секілді кемшіліктерді белгілейді. Ата-бабадан қалған отаншылдықтың киелі шарттарын жаңғыртуда “белгілі бір этно-мәдени” тәрбие жүйесін қалыптастыру керек екенін дәлелдеуге ұмтылған. Біздің пікіріміз бойынша, ол үшін, ең алдымен қазақ жұртының ішкі патриоттық “менін” құрайтын этно-әлеуметтік мінез-құлқы қандай болған, ол қандай принциптерге негізделгендігінің мәнін ашу қажет. Мұны, философ Д.Раев жастарды патриотизмге тәрбиелеудің нормасы “сегіз қырлы, бір сырлы” болу талабы қойылуы керек дей келе, оны атамекенді, ел намысын қорғау жаудан беті қайтпау, ата-тегін жадында сақтау, сөз асылын қадірлеу, тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау, ата салтын бұзбау (жасы үлкенді, ата-ананы сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, қайырымды, ірі жүректі, бауырмал болу, т.б.),-деп көрсетеді. Сонымен бірге, Д.Раев ұлттық патриотизмнің негізгі құндылықтарына - “Отан”, “атамекен”, “ел жұрт”, “азаматтық борыш”, “ар-намыс”, “адалдық пен әділдік”, “азаматтық парыз”, “қанағатшылдық пен жомарттықты” жатқызады. Сөйтіп ол, этно-мәдени жүйенің тағы бірі - “атамекенін, елін жұртын, отанын қадірлеп құрметтеуге тәрбиелеу,”- деп белгілейді. Демек, атамекен – дәстүрлі дала қоғамының қоныс тепкен кеңістігі, қазақ жұртының тіршілік кеңістігі, өмір сүру ортасы, жер, Отан, атамекен мен ел – егіз ұғым, Отан адамның бойында патриоттық сезімді туғызудың қажетті шарты деп ой қорытады. Философ, патриоттық сезімді күшейтуге негіз болатын “азаматтық борыш, азаматтық парыз” болып, бұның да келіп шығу тегі сүйіспеншілік, халқына, жеріне құрмет пен борыш. Борыштылық - әр адамның өзіне жүктелген істі орындауға жауапкершілігін түсініп мойындауы. Осыдан барып, ар-намыс келіп шығады. Ғалымның пікіріне қосыла отырып, біз борыш - ұғымының субьективтік сипаты қойылған талаптар мен жүктелген үмітті, қызметті, міндетті жете түсіну, оны атқаруға рухани әзірлігі мен мәдениетіне байланысты анықталып отырады. Біз бұдан, патриотизмге тәрбиелеудің мынадай этно-мәдени жүйесін көреміз: ар намыс, борыш, парыз, қанағатшыл, жомарт, әділдік, адалдық, ата тегін білу, қазақтың салт дәстүрін сыйлау, сөз асылын сыйлау, қайтпас қайсарлық, табандылық, бауырмалдық қазақ халқының бойына туа біткен ұлттық әлеуметтік – психологиялық ерекшелік болмысы және ол адамзаттың отансүйгіштік, отаншылдық ойлау жүйесінің негізі болмақ.

Жаңа тарихи әлеуметтік жағдайда, патриотизм жаңа сипатқа ие болды, өйткені енді Қазақстанда өмір сүріп отырған барлық халықтар, Қазақ елі атын беріп отырған “Қазақстан” деген мемлекетке бірікті. Демек, олардың мүддесі, мақсаты, күн көріс жағдайлары да бір бағыт ұстануы керек. Міне осының өзі, бұдан былайғы кезде “Қазақстандық патриотизм” ұғымын қалыптастыру мақсатын қойып отыр. Ендігі кезеңде Қазақстандықтардың күш қуаты Қазақстандық патриотизмді орнықтыруға жұмсалуы керек. Бұл ретте С.Борбасов, “сондықтан, қазақстандық патриотизмді жан-жақты уағыздау, оны еліміздің әлеуметтік топтарының ой-санасының, дүние танымының құрамдас бөлшегіне айналдыру, әр азаматтың әлеуметтік-саяси позициясы ету ұлттық идеологияның ең түйінді міндеттерінің біріне айналуға тиісті”,-деп көрсетеді. Ол қазақстандық патриотизм Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде ғана Қазақстанды өзінің туған елі, отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады,- дей келе Қазақстанның патриоты қандай болу керек екенін белгілеп өтеді:

1. Қазақстан Республикасының мемлкеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарайды, шын ниетімен қадірлейді. Қазақстан Республикасы Конституциясын іс жүзінде басшылыққа алады. Қазақстан азаматының Конституциялық құқығын сақтайды.

2. Қазақстанда тұратын барлық халықтар ұлтына қарамай туған отанды қорғауға дайын болуы, негізінен бұл туған жерді сақтау.

3. Қазақстан азаматы өзін Республиканың рухани дүниесінің құрамдас бір бөлшегі ретінде сезінгенде, оның Отанға деген сүйіспеншілігі арта түседі.

4. Қазақстандағы елді мекендер атауларды, көше, алаңдар, жер-су атаулары қазақтардың мекені екенін еске салып тұрған жағдайда ғана, ел азаматы өзін осы елдің төл баласы ретінде сезінеді. Бұқаралық ақпарат өнерді, білімді, спортты, мәдениетті т.б. жетістіктерді ортақ мақтаныш ретінде бірінші кезекке қойып отыруы.

5. Республика президенті мен оның аппаратынан бастап, елдің барлық саяси жүйесі жалпы республика, оның ішінде халықтың мүддесін көздеуін патриотизмнің белгілері деп санайды. Өз ойын қорыта келіп С.Борбасов: “Қазақстандық патриотизм сезімдерін қалыптастастыруға бағытталған бүкіл елді қамтитын мемлекеттік тәрбие ісін жүргізудің шаралар жүйесі қажет"-деп көрсетеді. Басқаша айтқанда патриотизмге тәрбиелеудің ғылыми-педагогикалық жүйесін жасау керек деген пікірдеміз.

Қ.Меңлібаев патриоттық сана дегеніміз - Отан ұғымын құндылық тұрғысында сезіну және санаға сіңген бұрынғы ұрпақтардың озық дәстүрлеріне ұмтылу болып табылады, – дей келе, ұлттық патриотизм дегеніміз - әдетте адамдардың белгілі бір ұлтқа тән екендігімен, өз тілімен, мәдениетімен, сол аймаққа тән дәстүрлерімен тығыз байланысты, сондықтан “жалпы ұлттық патриотизм” дегенді қолданып оның темірқазығы “Қазақстанды барлық ұлттардың өз отаны сезінуі,”- деп белгілейді. Ол, бұл жерде патриоттық тәрбиенің негізгі мақсаты адамдардың санасында патриоттық іс-әрекетке құштарлығын ояту, адамгершілік мінез-құлық қасиеттерін сіңіру екенін көрсете келіп, патриоттық іс-әрекет дегеніміз – жеке адамның, әлеуметтік, ұлттық топтың Отан мүддесі үшін саналы түрде өз еркімен қызмет етуі екенін дәріптеуге ұмтылған. Ғалымның осы пікірлері біздің мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеудің педагогикалық негізгі бағыттары – патриоттық сана қалыптастыру, патриоттық сезімдерін ояту, патриоттық іс-әрекет мінез құлқын ұйымдастыру болуы керек деген ой тұжырымдамамыздың дұрыс екеніне сендіріп отыр. Ендігі міндет мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеудің бағыттарын педагогикалық жақтан негіздеу және оны жұмыс практикасына ендіру жолдарын қарастыру. Патриоттық тәрбие жұмыстары барысында Отанға сүйіспеншілік, жалпы елдің экономикалық, ғылыми, моральдық-саяси, әскери қуатын арттыруға үлес қосуға дайын болу, Отанды идеологиялық, мәдени экспансиядан қорғау, қажет болса қарумен қорғауға әзірлік сезімі қалыптасады; оқушылар ар, намыс, ождан, қайырым, мейірім сезімдерімен қатар Отанын мақтаныш тұту, оның жетістіктеріне сүйсіну, қиындықтарына күйіну, әрқашан елін, жерін қорғауға дайын болу басқаша айтқанда іс-әрекетімен ұштастыруға бейімделеді. Бұлар, соғыссыз, бейбітшілік замандағы патриотизм қандай болуы керек – деген мәселенің шешімін сәулелендіреді. Бейбітшілік замандағы патриотизм біздің жағдайымызда береке-бірлік, экономикалық өрлеуге үлес қосу, қазақтар үшін ұлттық мүддені қорғау, оның сақталып қалуын басты мұрат ету деп білеміз.

Философ Ә.Қалмырзаев патриотизм туа бітпейтін, гена арқылы мұраға берілмейтін бірақ, адамның өз ақылы өзіне жетіп, өз бетімен тіршілік ете бастағанда біртіндеп қалыптасатын қүдіретті сезім,- дей келе “патриотизм - өз Отанына деген сүйіспеншілік, өз халқына берілгендік, өз отанының мүддесі үшін кез келген құрбандық пен ерлік жасауға дайын тұрушылық”- деп көрсетеді. Патриоттық сезімнің қайнар көзі Отан, обьектісі де Отан. Өз мазмұны бар, бұл сезімнің туындап қалыптасуының өз шарттары бар,- дей келе ол, қазақстандық патриотизм, тек қазақтардың ғана өз отанына сүйіспеншілігі емес. Онда мекендеген бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние, психологиялық - әлеуметтік құбылыс екенін дәріптейді. Ғалым, отансүйгіштіктің өлшемі - әр адамның өз Отанының қорғанысын, экономикасын, мәдениетін, ғылымын, рухани қабілетін арттыруға қосқан үлесі,- дейді. Ғалымның бұл пікірлері біздің патриотизм, тек қару алып жауға қарсы шығу ғана емес, күнделікті өмір салтында “Отаным”, “халқым”, “елім”, “ұлтым”- дегенді ұмытпау. Өз мүддесін көздеп не істеседе өзінің қазақ ұлтының өкілі, соның құрамдас бір бөлшегі екенін естен шығармау – деген ой-пікірімізді нығайта түсті. Отанын қайда жүрсе де мақтан тұтса, оған жүрек қалауымен қызмет етсе, “патриотттық сезім - ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі; қару-жарағы күшті болғанымен, ұлттың рухы төмен болса, әскердің қай түрі болса да әлсіздік көрсетеді”- дейді. Бұдан, патриоттық сана мен сезімнің мазмұны “Отан”- деген ұлы ұғым болып, оның қалыптасуының басты шарттары отанға деген сүйіспеншілік сезім ояту; отанын көркейтуге пәрменді (реальный) үлес қосу және отансүйгіштікке өзін-өзі тәрбиелеуге бейімдеу екендігі айқындала түседі.

Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі Отан болып оның мазмұны туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар – жалпы ұлттық құндылықтар мен толықтырылады. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып ізгі де, ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы.

Қазақстандық патриотизмге келсек, ол тек қазақтардың ғана өз Отанына сүйіспеншілігі емес, онда мекендеген бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние.

Бірақ ешкімді елін, Отанын зорлықпен, күштеп не үгіттеп, жел сөзбен алдап-арбап сүйгізе алмайсың. Елін сүю әркімнің жеке ісі, өз арының ісі. Қасиетті сезім ананың сүтімен бірге өзі келмейді, ол адам өсе, есейе келе өз ақылы өзіне жетіп, өз басымен тіршілік ете бастағанда адамзаттың бойында біртіндеп қалыптасатын құдіретті сезім, “бұл, сезім әркімде әр кезеңде (яғни, әртүрлі жаста) оянып, кейін кәмілетке келгенде біржола буыны қатып, тәжірибе мен жаспен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, мемлекеттік және қоғамдық социалогиялық институттардың (балабақаша, отбасы, мектеп, жоғары оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар, әртүрлі саяси ұйымдар мен қозғалыстар) әсерімен қалыптасады”- деп көрсетеді Ә. Қалмырзаев. Ол, кезінде “нағыз патриот” деп атауға болатын қазақ елінде азаматтар көп-ақ. Қайсыбірін айтуға болады, арырақтан бастасақ, Алаштың азаматтарын неге айтпасқа? “Оян, қазақ” деп жар салған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевты, Бауыржан Момышұлын, 86-шы жылы азаматтығын айқын көрсеткен Жұбан Молдағалиевты, қазақ қыздарының патриотизмін дәлелдеген Әлия, Мәншүктерді атаған. Әрине, қазақтың патриот ұлдары мен қыздары баршылық. Ендігі мәселе осы тарихи тұлғалардың өмірі, ерлік істері арқылы жас буындардың патриоттық сана-сезімін, іс-әрекетін тәрбиелеп, дамытудың бүгінгі күн талаптарына сай бағыты, мазмұны мен әдіс-тәсілдерін нақтылау.

Қазақстандық патриотизм - Қазақстан тарихына, мәдениетіне, өнеріне, тарихи ескерткіштері мен жалпы рухани құндылықтарына құрмет және мақтаныш сезімі жағдайында дұрыс қалыптасады. Қазақстан азаматы өзін Республиканың рухани дүниесінің құрамдас бір бөлшегі ретінде сезінгенде, оның Отанға деген сүйіспеншілігі, туған елге құрметі, өскен ортасын сыйлауы, туған топырағын қадірлеуі нығая түседі. Бұл өте терең рухани құбылыс. Қазақстанның ғасырлар бойы жинақталған, рухани қазынасы кеңес дәуірінде тұншықтырылып келген. Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек іспеттес алыптардың шығармашылық мұрасын игеру, қазақ халқының ауыз әдебиеті, аңыз-термелері, жыраулық дәстүрлері, әсіресе, батырлық эпосын білу, ұғыну, жүрекпен сезіну қазақстандықтарды Отанын сүюге жетелейтіні, үйрететіні анық. Қазақстанның патриоттары тек қазақтар ғана болады, алда да солай бола бермек десек, сыңар жақты түсінікте болғанымыз.

Патриоттық сезім тұлғаның тектілігімен туындайтын, тәрбие арқылы өсіп жетіліп патриоттық сана түрінде қалыптасатындығы, ұлттық патриотизм жеке адамның белгілі бір ұлтқа тән екендігін түсініп, сезіну, өз ұлтының қасиеттерін бойына сіңіруі және оны қастерлеп қадір тұтып, қорғап, сақтауға дайын болуы. Ұлттық патриотизмді ұлт және патриотизм туралы екі ұғымның жадағай қосындысы деп қарауға болмайды. Ғалымдардың, - ұлттық патриотизм - қанмен тектілікпен туа біткен қасиеттердің тәрбие арқылы бекіп, нығайюы, елін, жерін шексіз сүйіп, соған қызмет ету; ұлттың барлық қасиеттерін ардақтау деген пікірлеріне сүйенер болсақ, онда: ұлттық патриотизм дегеніміз қанмен, текпен туа бітетін, тәлім-тәрбие арқылы өсіп жетілетін ұлттық сипаттағы саналы іс-әрекет пен мінез құлық. Ал, қазақстандық партиотизм дегеніміз – қазақ мемлекетін отаным деп сезіну, басқа ұлттардың қазақ халқына сый-құрметпен қарауы, әр ұлттың құқықтық еркіндігін қуаттай отырып, туған жерін көркейтуге және оны қорғауға дайын болуы.

Мемлекетіміздегі қазіргі әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайларды, халықтың сана-сезімінің қалыптасу үрдісін (процесін) ескере отырып, біз қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына, мемлекетке атын беріп отырған қазақ халқының бойындағы ұлттық патриоттық қасиеттердің ықпалы мығым деген пікірдеміз.

Жалпы патриоттық сезімнің қай-қайсысының болсын қалыптасуы отбасы тәрбиесінен (бала-бақшадан) бастау алатыны белгілі. Сондықтан, отбасында патриотизмге тәрбиелеу ана тілін үйрету, ұлттық мінез-құлық қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, шыққан ата тегін білу және сезінуден басталып, халқына сүйіспеншілік, тарихи дәстүрлерді сақтау, одан соң туған жеріне, отанына деген сүйіспеншілік болып, өсе келе мектепте ары-қарай дамып қалыптасуына шарт түзілуі тиіс.

Кейінгі кездердегі ғалымдардың пікірлерінде ұлттық және қазақстандық патриотизм жалпы мемлекеттік идеологияға айналып, өсіп келе жатқан жас буындардың бойында осы қасиеттердің дамып, жетіліп қалыптасуы мемлекеттің құзырындағы басты мәселеге айналуы тиіс деген ойлар жиі кездеседі.

Мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеудің педагогикалық бағыттары – патриоттық сана, патриоттық сезім, патриоттық іс-әрекет қалыптастыру және өзін-өзі отаншылдыққа бейімдеу, тәрбиелеу болуы керек – деп ұйғардық.



Резюме


В работе рассматривается проблемы патриотического воспитания учащихся школ Казахстана.

Summary


This article deals with the problem of patriotic education at schools in Kazakhstan.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет