Жастық туралы Қатынасушылар: жастықтар: Қап-Қаратай



жүктеу 406.72 Kb.
Дата19.10.2017
өлшемі406.72 Kb.

Олжас Жанайдаров

Аударған - Сұлтанәлі Балғабаев



Жастық туралы


Қатынасушылар:

ЖАСТЫҚТАР:



Қап-Қаратай ( Гречик ) – бидай жастық

Доп-Домалақ ( Пуш ) – құс жастық

Розажәй құс жастық

Білгіш ( Знайка )жәй құс жастық

Әмина ( Эмма )жәй құс жастық

Титтейжан ( Валик ) – кішкентай құс жастық

Апатай ( Ивановна ) – орташа құс жастық

БАСҚАЛАР:



Кемел ( Костя )бала

Атжалман ( Крыса ) – тышқан
Уақиға қыстыгүні, балабақшада өтеді.
Балабақшаның ұйықтайтын үлкен бөлмесі. Тізілген төсектер. Балалардың шулаған дауыстары алыстап барып басылады.

Балабақшада «тыныштық сағаты» жаңа ғана аяқталған, енді бөлмеде пижама киген жалғыз бала – Кемел ғана қалған. Ол қалың ұйқыда. Төсектерде көлемі және түрі әртүрлі жеті жастық шашылып жатыр. Шымылдық ашылғанда бұл жастықтар ақырын ғана қимылдай бастайды.

Бөлменің қараңғы бұрышынан Атжалман жүгіріп шығып, едендегі жастықтарды иіскелей бастайды.

АТЖАЛМАН( сыбырлап ): Әмина, сен осындасың ба!? Қазір концерт болады

ғой... Концерт!

ТИТТЕЙЖАН: А-а?! Не дейсің? (Жан-жағына қарайды.)



Атжалман байқатпай алыстау бұрышқа жүгіріп барып, еденнің шетіндегі тесікке кіріп кетеді. Жастықтар орындарынан тұрып, үстеріндегі жастықтысты сипалап, өздерін ретке келтіре бастайды.

ДОП-ДОМАЛАҚ ( керіліп ): Ой, қандай тамаша! Керемет!

ТИТТЕЙЖАН: Ия, сондай тамаша! Сондай ғажап!

РОЗА: Ұйықтап болдық қой, енді бой жазайық.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Менің әлі де ұйықтағым келіп тұр.

БІЛГІШ: Ұйықтау екі-ақ сағат. Одан артық болмайды. Тәртіп солай.

РОЗА: Дұрыс айтасың, Білгіш. Бүгін не түс көрдік, енді соны айтайықшы. Қане, Доп-Домалақ, сен баста!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Бастасам, былай. Мені жастанып жатқан бала әуелі

дөңбекшумен болды. Міне, қараңдаршы! Арқамды мыжғылап тастады. (Арқасындағы мыжғыланған жерді көрсетіп.) Сосын ұйықтады-ау, әйтеуір. Түсінде паровоз көрді. Түтіні бұрқырап, зымырап барады. Міне, сол кезде алдынан аю шықты да рельсте тұрып билей бастады.

РОЗА: Сосын не болды?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Сосын бала оянып кетті. Мына Титтейжанды да оятып жіберді.

ТИТТЕЙЖАН: Ия, солай... Мені жастанып жатқан бала мүлдем көз ілмеді.

Ұйықтамай, әндетіп жатты да қойды. Сосын, мына жирафпен ойнай бастады. (Ойыншық жирафты көрсетеді.) Сосын өз жастығын, яғни, мына мені лақтырып жіберді. Бәрі содан басталды. Кәдімгідей төбелес болды.

БІЛГІШ (ол да баяндап): Енді мен айтайын. Мені жастанып жатқан бала тура

бір сағат қырық минут ұйықтады. Оның отыз минутында керемет түс көрді. Кірпіштен салынған екі қабатты үй, үйде мұрыны қып-қызыл клоун, одан әрі сыңсыған қалың орман. Басқа ешқандай уақиға болған жоқ. Менің балам жастық лақтырған төбелеске қатыспады. Осымен болдым. Тыңдағандарыңа рахмет!

РОЗА: Ал біздің бала керемет түс көрді. Көкпеңбек зеңгір аспан, жарқыраған

алтын күн, әкесі мен шешесі қол ұстасып келеді.

ӘМИНА: Тү-у, жүрек айнытатын әңгіме екен.

РОЗА: Әмина, саған не болған!?

ӘМИНА: Рас айтам, құсқым келіп кетті.

РОЗА: Жарайды, қойшы енді. Одан да өзің қандай түс көрдің, қане соны

айтшы...


ӘМИНА: Қандай дейсің бе? Кәдімгі жертөле, подвал. Ол жерде менің

досым Атжалман жүр. Сосын қаптаған тарақан, түрлері біртүрлі, мұрттары едірейген. Үсті-бастары су-су.

РОЗА: Тағы баяғы әніңе бастың ба?

ТИТТЕЙЖАН: Роза дұрыс айтады, доғар қане!

БІЛГІШ: Ия, сен шынында тым артық кеттің, Әмина. Білесің ғой, біз Төменжер туралы айтқанды онша ұнатпаймыз.

ӘМИНА: Төменжер дегенде, сен жертөлені, подвалды айтып тұрсың ба?

БӘРІ (Қаратайдан басқалары хормен айқайлап): Әмина!

АПАТАЙ (түшкіріп): А-апчхи!..

РОЗА: Сау болыңыз, апатай! Не, сізге бірдеңе болды ма?

АПАТАЙ: Менің балам түсінде танкке мінді. Сыңсыған орман. Астында танк!.. Өткен жолы ұшақпен зулатып еді... Енді, міне, танкке отырды... Пысық неме, өскенде әскер бола ма деймін. А-апчхи!... Ал мен әбден тозып, қартайдым ғой, әскерге жарамаймын. (Күрсініп) Ұзамай мені де Төменжерге жіберетін шығар...

РОЗА. Алаңдамаңыз, Апатай! Сіз әлі жап-жаңа, жап-жассыз. Айтпақшы, бізге жаңадан келген азамат қалай екен? Қап-Қаратай, қане, айтшы, сен не түс көрдің?

Бәрі Қап-Қаратайға қарайды; бірақ ол түкке түсінбей, өзінің үсті-басына көз жүгіртеді. Жастықтысы қисайып, кейбір жері жыртылған екен, енді сол жерден қарабидайдың дәні еденге төгіліп, кәдімгідей үйіліп қалыпты.

ҚАП-ҚАРАТАЙ, Қараңдаршы, мен құрыдым ғой деймін.

РОЗА (шошып): Ойбай, бұл немене?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Қап-қара бірдеңе ғой!..

АПАТАЙ: Құдай сақтасын, мынау сұмдық екен!

БІЛГІШ (жақындап): Бұл бидай ғой! Кәдімгі қарабидай!..

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мұның бәрі менің үстімде болған... (Жыртығын жабуға тырысып) Енді міне төгіліп жатыр...

ТИТТЕЙЖАН: Бұл сенің үстіңде болса, онда мамығы қайда?

РОЗА: Мен де соны айтам... Қауырсыны қайда оның?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Білмеймін.



Әминадан басқалары Қап-Қаратайдан былайырақ шығып, сыбырласа бастайды.

РОЗА: Мынау біз сияқты құсжастық емес, мүлдем басқа ғой деймін!

БІЛГІШ: Оны Төменжерге жібереді. Рас айтам!

АПАТАЙ: Бейшараға обал болатын болды... Балабақшаға келгені бүгін ғана еді... А-апчхи!..



Қап-Қаратай әрлі-берлі жүре бастайды., бірақ қара бидай төгілуін тоқтатпайды.

РОЗА: Ал егер оның қара бидайы түгел төгіліп, таусылып бітсе не болады?

БІЛГІШ: Онда өледі. Кез-келген құсжастық, ішінде ештеңе болмаса, бір минут та өмір сүре алмайды...

АПАТАЙ: Қандай сұмдық! А-апчхи!..

ТИТТЕЙЖАН: Ал сонда біз оған қалай көмектесеміз?

БІЛГІШ: Мұндай жағдайда біздің қолымыздан ештеңе келмейді...



Пауза.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Айтпақшы, бүгін жаңадан жастықтыс береді... Маған иттің суреті барын берсе екен...

РОЗА: Маған гүлі бары тисе... Мен гүлді сондай жақсы көрем ғой...

БІЛГІШ: Маған ешқандай суреті жоқ, тап-таза, аппағы керек.

ТИТТЕЙЖАН: Маған ештеңе де керек емес. Мен жастықтыс кимей-ақ өмір сүруге үйреніп кеткем.

ӘМИНА (Титтейге жақындап): «Үйреніп кеткем?!» Ха-ха!.. Түрің мынау, бір жапырақсың! Саған шынында жастықтыс не үшін керек?! Одан да шұлық алмайсың ба?! (Күліп) Саған сол жарасады...

ҚАП-ҚАРАТАЙ (өзгелерге жақындап): Міне, қараңдаршы, тағы да төгіле бастады.

ДОП-ДОМАЛАҚ (оған назар аудармай): Иә, не істейміз?!. Демаламыз ба?

ӘМИНА (ақырын): Домалақ әбден шаршаған екен...

ДОП-ДОМАЛАҚ: А?!

РОЗА: Иә-иә, демалу керек! Мен де әбден шаршадым.

АПАТАЙ: Иә, мен де солай! А-апчхи! Қартайдым ғой, маған танк не үшін керек? Одан да демалғаным дұрыс...

ТИТТЕЙЖАН: Келістік... Демалу керек!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен не істеуім керек?!. Айтыңдаршы!..

БІЛГІШ. Бір сағат демаламыз... Қане, кеттік...

Бәрі төсектеріне барып жатады.

ДОП-ДОМАЛАҚ (үсті-басын қымтап): Жастықтыс... Демек оның жаңасын әкеледі...

ҚАП-ҚАРАТАЙ (айналасына қарап): Маған мынаны... қарабидайды не үшін салған?!

Бірақ Қап-Қаратайды ешкім тыңдамайды; ол төсектердің арасымен әрлі-берлі жүре бастайды. Сосын Апатайдың жанына келіп, төсегіне отырады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Апатай!

АПАТАЙ: Не?!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Түкке түсінбеймін... Маған не болған?

АПАТАЙ: Иә, басқа жастықтардың бәрінде құстың мамығы мен қауырсыны бар. Ал сенде кәдімгі қарабидай! Қайда жүріп, мұндай болғасың?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен дүкенде болғам ғой... Ол жерде мен сияқтылар өте көп еді...

АПАТАЙ: Сонда қалай, олардың бәріне де құстың қауырсынын емес, қара бидай салған ба?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Білмеймін. Біз оны сұрамаппыз... Мен де, басқалар да... Бүгінге дейін менде құс мамығы мен қауырсынынан басқа бірдеңе бар деп мүлдем ойламаппын... Тып-тыныш өмір сүріп жатқам...

АПАТАЙ: Енді шаруаң бітті... Сені Төменжерге жібереді. А-апчхи! Қане, жатып, демал!

БІЛГІШ (түсінде күбірлеп): «Қане, жатып демал!..» Өте жақсы сөз. Мен оны жазып қояйын!..

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ау, Апатай!

АПАТАЙ: А?!. Саған не керек?!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Әлгі Төменжер... Ол не деген сөз?!

АПАТАЙ: Жертөле... Подвал деген сөз... Ол дүниедегі ең құрыған жер... Төменде... біздің астымызда... Ескірген, тозған құсжастықтардың бәрін соған жібереді. Ол жер сыз... қап-қараңғы... Іші толған тышқан, тарақан... Ту, құрысын, тіпті айтқым да келмейді...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мамық пен қауырсыным болса деп өзім де армандаймын... Ал Төменжерге мүлдем барғым келмейді...

АПАТАЙ: Менің де барғым келмейді. Бірақ қазір азып-тозып, шаршай бастадым... Денсаулығым да жоқ... Белім ауырады... А-апчхи!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Не дейсіз?

АПАТАЙ: Белім ауырады. Сондай бір ауру... Жас кезімде жабысқан... Неден дейсің ғой? Терезенің әйнегі сынып, сол сынықты мен бітегем. Сыртта аяз... ысқырған, гуілдеген жел... Мен тұлабойым түгел сіресіп, тас болып қатып қалдым... Міне, содан бері... А-апчхи!... Өмір бойы ауырып келем!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал сен бұрын... бұдан бұрын мен сияқты... ішіне қара бидай салған жастықты көріп пе едің?

АПАТАЙ: Жоқ!.. Осыншама ұзақ ғұмырымда ондай жастықты ешқашан кездестірмеппін...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Өзің өмір бойы осы балабақшада тұрып келесің бе?

АПАТАЙ: Иә!.. Сонау жас күнімнен... Фабрикадан шыққан бойда, мені осында жіберген... А-апчхи!.. Содан бері мен қанша баланы ұйқтаттым, бәрін санау мүмкін емес... Нешетүрлісі болды: семізі де, арығы да; жақсысы да; жаманы да... Тіпті, бірде негрдің баласы да жатты.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Кім дейсің?..

АПАТАЙ: Негр!.. Сенің қара бидайың сияқты қап-қара... Айтпақшы, сен өз жыртығыңды бітедің бе, әйтпесе қиын болады ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Неге қиын болады?

АПАТАЙ: Ішінде ештеңе жоқ, бос жастық ұзаққа бармайды, жаным!..

А-апчхи!.. (Еденде шашылып жатқан қара бидайға қарап) Міне, қарашы, қаншасы төгіліп қалған...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Дүкенде тұрғанда балабақшаға барсам деп армандап едім... Ол арманым орындалды, бірақ енді мені Төменжерге апарып тастауы мүмкін... Айтпақшы, ол жаққа жіберетін кім?

АПАТАЙ: Адамдар ғой... Кәдімгі тәрбиешілер... Бірақ сен қорықпа, бәрі жақсы болар, бәлкім...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен бұл жағдайымды ешкім білдірмесем ше? А?!. Мысалы, сіз айтып қоймайсыз ба? (Апатай үндемейді) Апатай!... (Апатай оны естімеген қалпы, пысылдап ұйқтап кетеді. Қап-Қаратай енді Білгішке жақындайды.) Ау, Білгіш!..

БІЛГІШ. Қазір тынығатын кез... Тәртіпті бұзуға болмайды...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жарайды... Кішкене... Өтінем!... Сен бәрін білесің ғой... Өте ақылдысың...

БІЛГІШ (риза болып): Әрине!... Екі апта кітапханада отырдым... Енді бәрін білемін... Айтшы, не сұрайын деп едің?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мәселе былай ғой... Маған қара бидай қайдан келген? Әлде о бастан дұрыс жасалмағанбын ба?

БІЛГІШ. Иә, барлық жастыққа құстың мамығы мен қауырсынын салған... Ал сенде басқаша... Бұл заңғы сәйкес келмейді. Сен о баста дұрыс тігілмегенсің.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал сонда менің де басқалар сияқты болуға мүмкіндігім бар ма?

БІЛГІШ: Әрине!.. Бірақ ол үшін былай жасайсың. Төсекке етпетіңнен жатып, дұрыс ұйқтап, дұрыс демаласың... Жастықтысты аптасына міндетті түрде бір рет ауыстырасың; балалармен ешқашан, тіпті, ұйқтап жатқанда да сөйлеспейсің! Сосын мына қара бидайды төге беруіңді тоқтат! (Қап-Қаратайдан төгілген қара бидайға қарап қойып). Айналаңның бәрін бүлдіретін болдың...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен қалай тоқтатамын?.. Бұл бидай ғой... Кәдімгі қара бидай.

АПАТАЙ: Міне, көрдің бе, осымен-ақ сен өзіңді өзің ұстап бересің!...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Демек, менің Төменжерге кететінім анық қой... Одан құтылатын жол жоқ, солай ма?

БІЛГІШ: Шындығында келгенде, анық солай!.. Әйтсе де, егер ота жасап, емдеген жағдайда... (Қап-Қаратайды бүйірінен сипап, кәдімгі дәрігер сияқты қарай бастайды.)

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ой-ой... Қытығым келеді.

БІЛГІШ: Жыртық бар... Енді қара бидайды алып тастап, орынына құстың мамығы мен қауырсынын толтырса, кәдімгі құсжастық боп шыға келесің...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сосын осында... осы балабақша біржолата қалам ба?

БІЛГІШ: Солай болуы әбден мүмкін... Оның үстіне, бұдан басқа жол да жоқ; ұзамай сендегі қара бидай түгел таусылады; сосын шаруаң бітеді...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Біткені қалай?

БІЛГІШ: Кәдімгідей... Бірден өлесің... Құның бір тиын да болмайды...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қайдам... Ота жасатсам, емделу керек. Мен әуелі ойланып алайын...

БІЛГІШ: Дұрыс!.. Ойланғаның жақсы... Әбден ойлан! Ал мен аздап тынығып алайын... Тәртіп солай!...

Білгіш етпетінен аударылып түсіп, жым-жырт жата қалады. Қап-Қаратай ойланып, бөлмені кезіп әрлі-берлі жүре бастайды. Сосын ештеңеге қарамай бір төсектің шетіне отыра кетеді. Бұл- Титейжанның төсегі.

ТИТТЕЙЖАН (шошып оянып): Ойбай!..

ҚАП-ҚАРАТАЙ (Кіп-кішкене Титтейжанның үстіне отыра кеткенін енді байқап): Ой, Титтейжан, кешір... Байқамай қалыппын.

ТИТТЕЙЖАН: Ештеңе етпейді... Мен мұндайға үйренгем ғой... Ылғи осы, жұрттың бәрі байқамай қалады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Титтейжан, айтшы, осы қара бидайды маған не үшін салған?

ТИТТЕЙЖАН: Білмеймін!.. Мен өзім мұндайды бірінші рет көріп тұрмын... Бірақ сен оған уайымдама... Өмірде ештеңе де жайдан жай болмайды – мұның да бір себебі бар шығар... Солай емес пе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қайдам... Әйтеуір дүкенде тұрғанда бұл жөнінде мүлдем ойламаппын... Тіпті, осындай екенімді өзім де білген жоқпын... Тек әйтеуір қит етсе сыбдырлай беретінмін... Туғанымнан бастап солай... Мұның себебін енді ғана ойлап, бас қатырып жүрмін...

ТИТТЕЙЖАН: Мен де солай... өзгелерден мүлдем басқашамын... Ылғи да үлкен болсам деп армандаймын... Бойым биік... Толық... Ал қазір, көріп тұрсың ғой, өте кішкентаймын... Балалар қит етсе мені біріне бірі лақтырып, ойыншық етеді. Өйткені, мен жеңілмін ғой, кішкентаймын...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Соншама кішкентай емессің... Сенбесең, қане, бой салыстырайықшы...

Қап-Қаратай мен Титтейжан біріне бірі арқаларын беріп, бой салыстыырады. Титейжанның бойы Қап-Қаратайдан әлдеқайда кіші, денесінің де жіңіщке екені анық аңғарылады.

ТИТТЕЙЖАН: Міне, көрдің ғой, кіп-кішкентаймын... Солай емес пе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ештеңе етпейді... Сен әлі өсесің...

ТИТТЕЙЖАН: Жоқ! Мен жастықпын ғой... Кәдімгі құсжастық... Ал құсжастық ешқашан да өспейді... Мен өмірбақи осындай боп өтем!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сен білесің бе? Мен дүкенде тұрғанда... ол жерде нешетүрлі жастық болды... Өте кішкене жастықтар... (қолымен еденді көрсетіп) Мынадай... Бойлары бір сүйем де болмайды...

ТИТТЕЙЖАН: Әншейін айтасың ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жоқ, имандай шыным!.. Өте кішкентай... шынашақтай ғана, тіп-титтей...

ТИТТЕЙЖАН: Қызық екен... Сонда ол тіп-титтей жастықтарды не үшін шығарған?.. Адамдар қайтеді оны?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Олар адамдарға емес...

ТИТТЕЙЖАН: А?! Адамдарға емес? Сонда кімге.?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Олар қуыршақтарға арналған. Қазір қуыршақтың неше түрі бар ғой... «Барби» дейсің бе, басқа дейсің бе?! Міне, сол кішкентай қуыршақтарға арналған кіп-кішкене жастықтар... Ол жастықтармен салыстарғанда сен тура таудайсың.

ТИТТЕЙЖАН: Рас па?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Әрине!

ТИТТЕЙЖАН: Демек, мен дүниедегі ең кішкентай жастық емеспін ғой?

Осы рас па?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Рас!. Жүз пайыз рас!...

ТИТТЕЙЖАН: Жүз пайыз рас!... Бұл сөзің маған сондай ұнайды. Керемет!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бірақ сол... әлгі кішкентай, тырнақтай жастықтарға да құстың мамығы салынған. Ал менде мүлдем олай емес. Неге?

ТИТТЕЙЖАН: Сен оны ана Білгіштен сұра!. Ол ақылды ғой, бәрін біледі...

БІЛГІШ (түсінде күбірлеп): «Бәрін біледі?!.» Демек, мені айтып тұр ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен одан сұрағам....

ТИТТЕЙ: Иә, сосын..

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ота жасау керек дейді... Маған ота... операция жасап, қара бидайды құстың мамығымен ауыстырса, бәрі тамаша болады. Қалай ойлайсың, соған келіссем бе екен?

ТИТТЕЙЖАН (ойланбай): Келіссем бе екен?! Жоқ, білмеймін... Ойлану керек!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Міне, бұл да ойлану керек дейді. (Әрірек кетеді. Титтейжан оған бір-екі рет қарап, оранып жата кетеді. Қап-Қаратай өз денесін сипалап көреді. Бидай тағы да сыбдырлай бастайды.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бұл бидай маған неменеге керек? Қайтіп құтылсам екен? (Қара бидайды төгіп тастамақ болып секіреді, шыр айналып билейді, екі аяғын көкке көтеріп, басымен тұрады. Қара бидай сыбдырын бұрыңғыдан да күшейтеді, бірақ таусылып бітпейді. Осы кезде Доп-Домалақ қимылдай бастайды.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Қап-Қаратай, саған не болған? Қойсайшы!.. Үстіңдегі бидай түгел түсіп қалса, өлесің ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ (мұңайып): Өлсем, өлейін... Мұндай өмір маған неменеге керек?! Қайдағы бір қара бидайға қор болып біттім әбден!.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Қой, олай деме!.. Бидайда тұрған не бар? Кейде одан да жаманы кездеседі... (Ауаны иіскелеп) Байқайсың ба, бір жақсы иіс келіп тұр. Асхана жақтан ғой деймін, солай ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ (өзінше сөйлеп): Мені Төменжерге, тышқандаға жібереді... Өзіме де сол керек!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Не?! Төменжер деген пәлені айтпашы, оны тіпті естігім де келмейді... Тәтті тоқаштың иісі шығады. (Ауаны иіскелеп) Сосын сүттің иісі... Балаларға тамақ беріп жатыр-ау... Сосын олар далаға шығады. Суықтан әбден тоңып, бет-ауыздары қып-қызыл боп, дірдектеп қайтады ғой бейшаралар...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Доп-домалақ, айтшы, сен неге соншама үлкенсің?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Мені доп-домалақ, толық балаларға арнап әдейі жасаған ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сосын бүгін тағы да түс көрдің бе? Көп-көп түс көрген шығарсың?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Әрине! Төрт жүз тоқсан төртінші рет түс көрдім... Ұзамай бес жүз болады. Бұл үлкен той ғой. Ертең қартайып, тозғанда бұл жөнінде естелік жазамын.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қалай? Е...е... естілек?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Естелік деймін... Өмірбаян! Түсімде көргендерімнің бәрін жазып, әйдік кітап шығарам...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал мен... мен ондайды, ес... естілекті жаза алмайтын шығармын... Ішінде бидайдан басқа ештеңе жоқ жастық қандай естілек жазушы еді? (Пауза.) Айтшы, сен сонда түсіңде не көресің?

ДОП-ДОМАЛАҚ: О!.. Әртүрлі... (Орынынан түрегеліп) Мысалы, бір күні таңғажайып елді көрдім... Ол ел аспанда, бұлттардың арасында екен.... Онда көгілдір шөптер, қып-қызыл ағаштар өседі. Ал өзендері сүт сияқты аппақ. Онда бұлт сияқты адамдар өмір сүреді.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қандай?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Кәдімгі бұлт сияқты... Аяқ-қолы, денесі бәрі бұлттан жаралған... Мамық секілді – жұп-жұмсақ, жып-жылы! Міне, сондай адамдар үйлерінен құс сияқты ұшып шығып, аспанда әрлі-берлі қалықтап жүреді.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қандай керемет?!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Ал бірде түсімде қызылала маймыл көрдім... Біз... иә, мені жастанып осы түсті көріп жатқан бала, сол қызылала маймылмен бірге жолбарыстармен соғыса кеттік. Түсінесің бе, қалың орман... Джунгли!.. Аспанда күн шақырайып тұр. Міне, сол кезде жер астынан көртышқан сияқанып қаптаған жолбарыс шыға келді... Ал біз... яғни әлгі бала қызылала маймылдармен бірге ағаштан ағашқа секіріп, жолбарыстарды кәдімгі бананмен ұрып жүрміз. Егер банан дәл тисе, жолбарыс жоқ болып кетеді. Міне, солай, түнімен жолбарыспен соғыстық... Сосын оянсақ - бала да, мен де әбден терлеп, тұлабойымыз шылқыған су болып кетіпті...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қызық екен...

ДОП-ДОМАЛАҚ: Сосын үш күн бойы қатарынан бірдей түс көрдік... Бұл үш күнде мені үш түрлі бала жастанып жатты, бірақ көрген түстері бірдей, бір бірлерінен айнымайды...

БІЛГІШ (түсінде күбірлеп):Үш күн бойы... Үш күн бойы... Тура солай деп жазып қойдық.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сонда ол қандай түс?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Жидек туралы түс... Кәдімгі жидек... Кең дала... Балалар жидек теріп жүр... Сосын кенеттен жидектер тіріліп кетіп, бәрі жан-жаққа қаша жөнелді. Енді соларды ұстау керек. Қуып жүріп ұстау керек... Ал жидектер болса қашып жүр, анда да тығылады, мында да тығылады. Бірақ оларды бәрібір ұстады... Бір бала отыз екі жидек ұстады... Бір қыз отыз алты жидек, және бір бала тура қырық сегіз жидек ұстады... Сондай керемет!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен де солай... жидек терсем қайтеді?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Ал балмұздақ туралы көрген түсімді айтсам, тіптен, тамаша. Жемісі бар, қаймағы бар, шокалады бар, сондай керемет балмұздақтар! Сосын бір күні түсіме балмұздақтан салынған тұтас қала кірді... Бәрі балмұздақтан жасалған – үйлер де, ағаштар да, машиналар да, тіпті, қоқыс салатын жәшікке дейін бәрі - балмұздақ... Бірақ ешқандай суық емес, аспанда күн жарқырап тұр, ып-ыстық. Жұрттың бәрі шортпен, мәйкімен жүр. Сөйте тұра балмұздақ мүлдем ерімейді; орындыққа отырасың да балмұздақтан бір жалап қойып, әрмен қарай кете бересің...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қандай тамаша?!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Дұрыс айтасың!. Менің түсіме не кірмеді дейсің; бірде ойыншық кірді... Мың, миллион ойыншықтар! Кішкене машина, масаты қуыршақ, доп, шар, неше түрлі. Тірі жануарлар одан да көп... Мысықтар мен күшіктер... Тышқандар... Сосын піл, түлкі, жолбарыс, бүркіт, күркетауық, шағала, кенгуру...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Кенгуру дейсің бе?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Иә, кенгуру! (ішін көрсетіп) Мына жерінде қалтасы да бар... Сосын тамақ.... Нешетүрлі тамақ... Түсімде ең жақсы көретінім – тамақ... Мысалы, кеше түсімде торт көрдім...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Тәтті ме екен?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Өте тәтті! Кремнен жасалған... Банан мен апельсин салынған. Құлпынай қосылған... (Тамсанып, тілін жалап қойып) Сосын тәтті тоқаштар... Нешетүрлі... Ірімшік қосылған... Қаймағы да бар.... Жемістің де неше түрі... Алма дейсің бе, алмұрт дейсің бе... Тіпті, шиеге дейін бар...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал қара бидай ше? Түсіңе қара бидайдан жасалған ботқа кірген жоқ па?

ДОП-ДОМАЛАҚ. Жоқ, ондайды көрген емеспін. Балалар ботқаны онша ұнатпайды ғой... Содан шығар... Айтпақшы, бір рет сорпа көрдім... Сосын кәуап! Шашлық! Жаңа ғана піскен... Жуа, қызанақ қосылған. Әйтсе де, түсіме ең көп кіретін - кәмпит! Нешетүрлі - карамель, ирис, шокаладтан бастап, бәрі бар...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Эх! Кәмпит дейсің ғой!...

ДОП-ДОМАЛАҚ: Иә, солай... Сосын тамақтан кейінгі жағдайды айтсаңшы... Ұлдар мен қыздар.... тамаққа тойып алып.... маған бастарын сүйеп жата кеткенде... Ох, шіркін, міне сол кезде.... Олардан нешетүрлі әдемі иіс бұрқырайды... Сорпаның, еттің иісі.... Тіпті, бірде бір бала менің үстіме тоқашын түсіріп алды... Түсінесің бе?! Асханадан әкелген тәтті тоқаш... Төсегіне әкелді де тура менің үстіме тастай салды. Қаймақ қосылған екен. Иісі қандай?! Сосын осындай қош иіс бұрқыраған жастықтысты менен шешіп алмаса екен деп сондай армандадым. Шіркін, иісі өте керемет еді?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сенің өмірің қандай тамаша! Нешетүрліні көресің!... Ал мен болсам... Өзіме де, өзгеге де түк пайдам жоқ!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Қайдағыны айтпашы! (Сосын ыңғайсызданып) Жарайды... Жарайды! Сен бұл жерге енді ғана, жаңа келдің ғой.... Кейін бірте-бірте бәріне үйреніп, бейімделіп кетесің...

БІЛГІШ (ұйқылы көзімен): Бейімделіп кетеді…

ДОП-ДОМАЛАҚ: Дәл солай! Бейімделіп, үйреніп кетесің!

БІЛГІШ (ұйқылы-ояу сөйлеп): Иә, үйренеді!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Әрине, үйреніп кетесің!... Қара бидаймен де өмір сүруге болады. (Қап-Қаратайдың бойынан бидайдың төгілуінің үдей түскеніне күдіктене қарап) Ал бірақ бар ғой, қара бидай болмаса, өліп кетуің де мүмкін...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Енді не істеймін? Мен сондаймын ғой... Адамдар мені Төменжерге қуатын шығар?

Роза төсегінде жатып рахаттана керіледі.

РОЗА: Қап-Қаратай, саған не болды? (Қап-Қаратай Розаға жақындап, төсегінің шетіне отырады. Доп-Домалақ оранып, төсеген қайта жатады. Роза Қап-Қаратайдың жыртығынан қара бидайдың төгіліп жатқанын байқап) Өтінем, төсегімді былғамашы!

ҚАП-ҚАРАТАЙ (төсектен ұшып тұрып): Ой, кешір!

РОЗА: Иә, айтшы, неге шулап жүрсің?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Оны өзім де білмеймін, Роза! Мен өзі сондаймын ғой... Ешкімге ұқсамаймын. Мүлдем басқашамын мен!

РОЗА: Оның несін уайымдайсың?! Одан да тұла бойым толған мамық пен қауырсын деп есепте. Солай ойла да, шапқылап жүре бер... Сонда ешкім де білмейді... Біз де айтпаймыз... (Төсегін қара бидайдан тазалап отырып) Әйтеуір осылай... өзің білдіріп қоймасаң болғаны.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бәрібір біледі ғой.... Адамдар деген сондай, қанша жасырсаң да біліп қояды... Оның үстіне, бұл қара бидай да қит етсе төгіле бастайды... Оған балалар қосылып, бәрі мені лақтырып ойнауға бейім тұрады.

РОЗА: Ал мені лақтырмайды... Ешкім де тиіспейді маған. Өйткені, мен тым жұқа, нәзікпін ғой, ойынға жарамаймын...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Айтпақшы, бұл жерде ең жақсы... ең қызық түсті сен көреді екенсің, солай ма?

РОЗА: Оны кім айтып жүр?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Титтейжан айтқан...

РОЗА: Ах, Титтейжан!... Сүйкімді Титтейжаным менің!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Дұрыс!.. Ол шынында сүйкімді құсжастық!

РОЗА: Сонда жақсы! Тек аздап кішкенайлау!.. Сәл-пәл, азғана үлкен болса ғой, шіркін!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мына Доп-Домалақ сияқты дейсің ғой...

РОЗА: Жоқ!.. Шынымды айтсам, Доп-Домалақ тым епетейсіз үлкен... Маған ол да тең келмейді...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Тең келмегені қалай?

РОЗА (күлімсіреп): Қап-Қаратай, айтшы, сен осы өз теңімді тапсам деп армандап көрдің бе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Теңім дейсің бе? Ол не деген сөз?

РОЗА: Бұл дүниедегі әрбір құсжастық күндердің күні өз теңін кездестіруі мүмкін... Өзі сияқты... барлық жағынан өзіне тең келетін басқа бір құсжастықты кездестіреді...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Өзі құсжастық болса, басқа құсжастық оған не үшін керек?

РОЗА: Өйткені... өйткені, екеуі бірге жүрсе өте жақсы болады... Сондай жақсы... Қуанышқа толы!.. Керемет!.. Адамдар мұны «Махаббат» деп атайды...

БІЛГІШ (ұйқыда жатып сөйлеп): «Махаббат!..» Түсіндірме сөздікте мұны «М» деген әріптен іздеу керек! Ол - терең сезімді білдіретін сөз!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қайдам... Мен ондай сөзді естіген емеспін...

РОЗА: Ал мен болсам, түсімде талай рет көрдім... Күйеуі мен әйелі... Әкесі мен шешесі... бәрі махаббат...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Иә, махаббат-сахаббат... Махаббат-сахаббат!..

РОЗА: Мен күндердің күні отбасы бар үйде тұрсам деп армандаймын. Кәдімгі екі адамдық төсегі бар үйде...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Екі адамдық төсек?! Оны қайтесің?

РОЗА: Біріншіден, ол үлкен, әрі кең... Онда үйдегі әке-шеше ұйқтайды... Екіншіден, ондай төсекте құсжастық міндетті түрде екеу болады. Күндіз де, түнде де, өмір бойы – екі жастық... қатар, жұп болып, бірге тұрады... Сондай керемет!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Несі керемет?! Қайдағы біреумен өмір бойы бір төсекте болу оңай дейсің бе? Шаршатады ғой... Жалықтырады...

РОЗА: Жалықтырмайды!.. Ешқашан, ешуақытта жалықтырмайды.... Олар бір біріне сондай үйреніп кетеді... Тіпті, ұйқтап жатқанда түсті де бірге көреді... Жастықтыстары да бірдей болады... Түсінесің бе?!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Иә, шынында қызық екен!.. Өте қызық.



Қап-Қаратай бәрін ұмытып, Розаның төсегіне қайта отыра отыра кетеді. Жыртығынан қара бидай қайта төгіле бастайды.

РОЗА: Қап-Қаратай!

ҚАП-ҚАРАТАЙ (төсектен ұшып тұрып): Ах!.. Мен... мен байқамай...

РОЗА: Иә, солай!.. Фабрикада тұрғанда бізді отбасы бар үйге жіберсе деп армандайтынбыз. Ерлі-зайыпты екеудің төсегінде жатқымыз келетін. Кейін біраз құсжастықтарды, шынында, сондай үйлерге жіберді. Ал мен... мен осында, балабақшаға келдім...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Не, бұл жер саған ұнамай ма?

РОЗА: Неге ұнамасын?! Балалар шетінен сүйкімді... Көретін түстері де керемет! Бірақ менің бұдан да жақсы өмір сүргім келеді. Нағыз өмірді көрсем!...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бұл жерде сені жұрттың бәрі жақсы көреді...

РОЗА: Бірақ ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде мен де қартаямын ғой... Ескіріп, тозамын... Сосын мені ... мені Төменжерге жібереді... Ол жер сондай суық...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал екі адамдық төсекке барсаң ше?.. Онда не болады?

РОЗА: Онда Төменжерге ешқашан жібермейді... Сол үйде өмір бойы тұрасың... Тіпті, қартайып, тозған күнде де сені қоймаға апарып сақтайды. Ол жер сондай жақсы - жып-жылы, тап-таза!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Айтпақшы, бірдеңе сұрайыншы. Егер менің де теңім, досым болатын болса, оның да міндетті түрде мендегі сияқты қара бидайы болуы керек пе?

РОЗА: Ол жағын білмедім...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал егер бұл дүниеде қара бидай салынған жастық жалғыз мен ғана болсам ше?!.

Әрірек барып, күрсініп, басқа төсекке отыра кетеді. Осы сәтте ол төсектен иттің үрген дауысы естіледі. Қап-Қаратай селк етіп, жан-жағына қарайды. Сөйтсе төсекте, дәл қасында Әмина отыр.

ӘМИНА (өзіне өзі риза болып): Әп, бәлем!.. Зәрең ұшты ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ой, шіркін-ай! Қорыққанымнан тұла бойымдағы қара бидай түгел шашылып қалды...

ӘМИНА: Дұрыс айтасың, шынында бітуге жақындапты... Сен өзің сондай жанкешті екенсің. (күліп) Бүйтіп масқара болғанша, өлгенім жақсы дейсің, солай ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Иә, шынында солай сияқты...

ӘМИНА: Мен бәрін естіп жаттым... «Мен неге осындаймын.... Неге ешкімге ұқсамаймын» деп жылап жүрдің де қойдың... Ал сол жылағаныңнан не шықты?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен ешқандай да жылаған жоқпын...

ӘМИНА: Жыладың! Мен жылауықтардың талайын көргем, бірақ тап сен сияқты зарлап жылағанды ешқашан кездестірмеппін.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Айтып тұрмын ғой, мен жылаған жоқпын.

ӘМИНА: Жұрттың бәрінің жастықтысын аптасына бір-ақ рет жаңартады; ал менікін күн сайын ауыстырады. Сен соның себебін білесің бе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Оны қайдан білем. Қане, айтшы өзің!

ӘМИНА: Айтсам былай! Мен түсімде ылғи қорқынышты нәрселер көрем... Мысалы, дәу өрмекші... Тарақан... Сосын жылан... қаптаған жылан!.. Бәрі қалың орманда... Сондай қорқынышты... Сұмдық нәрселер... Мен өзім қорқытудың шеберімін. Бұл жөнінде алдыма жан салмаймын... Сосын балалар ұйқтаса болды, неше түрлі қорқынышты түс көріп, жылай бастайды. Көз жастары – көл... жастықтары су-су!... Сосын жастықтыстарын күнде ауыстырады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сен қатігез екенсің!

ӘМИНА: Жоқ, ә, ондай ештеңем жоқ! Бірақ өмір сондай ғой... Үнемі жайнап, жарқырап тұрмайды. Айтпақшы, сен осында, балабақшаға келгенше қайда тұрып ең?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Дүкенде Ол жерде мен сияқты жастықтар өте көп еді... Біз ешқайда шықпай, ертеден кешке дейін дүкен сөрелерінде тып-тыныш жата беретінбіз. Тек түнге қарай, ешкім жоқта «Бізді кім сатып алар екен» деп жатып кеп таласамыз. (күрсініп) Бірақ сол кезде маған құс мамығы емес, қара бидай салынған деп мүлдем ойламаппын.

ӘМИНА: Міне, сендер осы, шынайы өмір дегеннен түк білмейсіңдер... Ештеңені байқамайсыңдар... Өйткені Роза да, Қап-Қаратайда, Білгіш пен Титтейжан да бәрің фабрикадан шыққан бойда, бірден осында келгенсіңдер... Апатай да бүкіл өмірін осында өткізген. Сосын қайдағы жоқ бірдеңені ойлап табасыңдар...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Олардың бәрі де анау Төменжерден қорқады...

ӘМИНА: Ол жердің соншама қорқатын ештеңесі де жоқ. Жұрттың сөзін бекер тыңдайсың.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал сонда сені ше? Сені тыңдасам бола ма?

ӘМИНА: Әрине! Мені тыңдағаннан зиян көрмейсің Өйткені, мен шындықты айтамын... Ал кейбіреулердің сөзі бір жақта, ал ісі мүлдем басқа жақта... Көзге әулие болып көрінгісі келеді, ал айтатындары ылғи өтірік...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сонда осындай... сен сияқты болған дұрыс па?

ӘМИНА: Дұрыс па, бұрыс па – мәселе онда емес. Күнде естіп жүрсің, құсжастықтардың бәрі ұйқтағанда етпетінен жату керек дейді... Солай ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Иә, тәртіп сондай!

ӘМИНА: Ал мен ұйқтағанда шалқамнан жатам!.. Маған сол ұнайды... Ендіше қайдағы біреуді мен неге тыңдауым керек?!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Дұрыс қой. Бірақ ана Білгіш айтады: ұйқтасаң етпетіңнен жат, ережені бұлжытпай орында, жастықтысты мезгілінде ауыстыр, балалармен ешқашан сөйлеспе! Міне, тура осылай!

ӘМИНА: «Тура осылай!» Ал менің ол айтқандарды орындағым келмесе ше?!. Мысалы, жұрттың бәрі етпеттеп ұйқтаған кезде, мен шалқамнан түсіп, көзім бақырайып, ойланам да жатам... Сол үшін де кінәлы болуым керек пе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал әлгі бала ше? Сені жастанып жататын бала – ол не істейді?

ӘМИНА: Ол да шалқасынан түсіп, көзі бақырайып, ұйқтамай жатады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Демек сен маған ештеңеге қарамай, ойыңа не келсе, соны істе дейсің ғой?

ӘМИНА: Әрине!. Ойыңа не келеді, соның бәрін істе!.. Бүлдір, біреуге тиіс, ұрыс шығар...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал маған басқаша үйреткен... Мұндай нәрселерді ешқашан жасауға болмайды...

ӘМИНА: Сен де анау Атжалман тышқан сияқтысың. Ол - менің ең жақын, жалғыз ғана досым. Бірақ өзі сондай ұялшақ және бәрінен қорқады. Мен оған өзіңе ұнамағанды істеме деп сан рет ескерткем... Мұны саған да айтамын!



Осы кезде Доп-Домалақ келіп, Әминаның төсегінің шетіне отырады.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Иә, Әмина, сен Қап-Қаратайға не үйретіп отырсың?

ӘМИНА: Әй, домаланған неме, сөзді неге бөлесің?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Қап-Қаратай, сен мұны көп тыңдай берме! Бұл жаңадан келгендерге ылғи осындай әңгіме айтады... Теріс жолға сап, бұзғысы келеді. Сен мұның бұрын қайда тұрғанын білесің бе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жастық тігетін фабрикада тұрған шығар?

ӘМИНА: Сайра, доп-домалақ неме! Айтарыңды айтып қал!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Бізге тек фабрикадан ғана келмейді... Басқа жерлерден де келеді. Мысалы, осы Әминаның бұрыңғы тұрған жері....

РОЗА: Иә, Әминаның бұрыңғы тұрған жері...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Иә, бұрыңғы тұрған жері?...

АПАТАЙ: Оның тұрған жері...

ДОП-ДОМАЛЫҚ, Роза, Титтейжан, Білгіш, Апатай (бәрі қосылып): Ол бұрын Төменжерде тұрған!

БІЛГІШ: Иә, сол жерде... Қараңғы, сызды, қаптаған тарақан, тышқан... Бр...р! Әрине, келген соң үсті-басын тазалады, жуындырды... Бірақ жанын, сезімін жуып, тазалау қиын ғой!... Тіпті, мүмкін емес! Бұрын қандай болса, тура сол қалпында қала береді... Бұл да сондай... (сыбырлап) Тура сол жертөле... подвалдағыдай...

ӘМИНА: Ал оның есесіне мен өмірді білемін. Нағыз өмірдің не екенін өте жақсы білемін мен!

РОЗА: Сонда сенің білетінің қаптаған тарақан мен тышқандардың өмірі ме? Бірақ нағыз өмір ол емес қой, Әмина!.. Нағыз өмір басқа!.. Нағыз өмір жарыққа, қуанышқа, бақытқа толы.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Роза дұрыс айтады, Сен, Әмина, Қап-Қаратайды сөз тыңдамайтын, тәртіпсіз, бұзық болсын дейсің бе? Тура осы өзің сияқты болсын дейсің ғой...

БІЛГІШ: Кішкентайларды жақсылыққа үйрету керек. Міне, мұны да жазып қояйын.

ТИТТЕЙЖАН: Мен де бұған келісемін...

АПАТАЙ: А-апчхи!

ДОП-ДОМАЛАҚ (Түшкіргенді пайдаланып): Міне, көрдің ғой... Біздікі дұрыс екен...

ӘМИНА: Иә, бәрің де ақыл айтасыңдар! Ал сонда Қап-Қаратайдың мәселсін кім шешеді? Ешқайыссың да шеше алмайсыңдар! Солай ғой?!. Бәріңдікі бос сөз... Сосын жертөлемен қорқыту. Одан да қарамайсыңдар ма, енді біраздан кейін мұның ішінде ештеңе де қалмайды... Қара бидайдың бәрі таусылады... Сосын не болады? (Бәрі үндемейді.) Ал сендер тек қара бастарыңның қамын ғана ойлайсыңдар! (Бәрі бұрыңғысынша үнсіз тұра береді. Әмина Қап-Қаратайға қарап) Міне, көрдің бе? Сен өмір бойы осындай боп қаласың... Басқалардың ештеңесі де кетпейді...



Бөлме қараңғыланып, ақырындап музыка ойнайды. Қабырғаның аржағынан, алыстан тәрбиешінің «Балалар, жиналыңдар! Серуенге шығамыз» деген дауысы естіледі.

Бөлменің бұрышынан бірдеңе сыбдырлайды. Атжалман шығады. Ол жақынырақ келуге батылы бармай, артқы екі аяғымен тұра қалады.

АТЖАЛМАН (сыбырлап): Әмина! Әмина! Сен қайдасың?! (Ағылшына «Сен қайдасың?» дегенді айтып) Where are you? Қазір концерт басталады, ал сен әлі жоқсың, мен енді не істеймін?



Қап-Қаратай Кемел жатқан төсектегі өз орынынан тұрып, айналасына қарап, үнсіз күрсінеді. Осы сәтте Кемел оянып кетеді. Атжалман еден бұрышындағы тесікке кіріп, қайта жоқ болады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ (жыртығынан төгілген қара бидайға қарап): Міне, біттім... Енді тек дұрыстап өлу ғана қалды... (Пауза.) Мен бұрын жалғыздық дегеннің не екенін мүлдем білмейтін едім...Бәріне енді көзім жетті... Сен өзіңнен басқа ешкімге ұқсамасаң – нағыз жалғыздық деген, міне, сол екен!

КЕМЕЛ: Мен де өзімнен басқа ешкімге ұқсамаймын.

ҚАП-ҚАРАТАЙ (Кемелді енді байқап): Ой, сәлем!

КЕМЕЛ (төсектің үстінде Қап-Қаратаймен қатар отырып): Сәлем!.. Менің атым –Кемел!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Білем ғой... Сен мені жастанып ұйқтайсың

КЕМЕЛ: Солай ма? Айтпақшы, сенің атың кім өзі?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жұрт мені Қап-Қаратай деп атайды.



Кемел Қап-Қаратайдың жыртығынан төгіліп жатқан қара бидайды байқап қалады.

КЕМЕЛ: Ой, мынау немене?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қара бидай ғой... Маған салынған қара бидай...

КЕМЕЛ: Қане, тоқтай тұр!



Кемел өз пижамасынан түйреуіш алып, Қап-Қаратайдың жыртығына түйрейді. Жыртық бітеліп, бидайдың түсуі тоқтайды.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ой!

КЕМЕЛ: Енді дұрыс болды, төгілмейді...

Қап-Қаратай үсті-басына таңырқай әрі қуана қарайды. Сосын ризашылықпен Кемелге көз тастайды.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Егер шынымды айтсам, мен бұрын адамдармен ешқашан сөйлесіп көрмеп едім... Бізде оған тиым салынған.

КЕМЕЛ: Мен де жастықтармен сөйлесіп көрмеппін... Бірақ сен қорықпа! Мұның бәрі жәй ғана түс қой!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қалайша?! Бұл ешқандай да түс емес! Біз әлі ұйқтаған жоқпыз...

КЕМЕЛ: Жоқ, ұйқтап жатырмыз... Әйтпесе, бұл мүмкін емес қой... Құс жастықтар ешқашан сөйлей алмайды...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жарайды, сенікі дұрыс. Дегенмен, айтшы, балалардың бәрі серуенге кеткенде, сен неге бармай қалдың?

КЕМЕЛ: Мен мұнда жаңадан келгем... Міне, бүгін бірінші күн... Оның үстіне, маған сыртқа шығуға болмайды.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: А, солай ма? Мен де бұл жерге жаңадан, бүгін ғана келгем. Айтпақшы, саған далаға шығуға неге болмайды?

КЕМЕЛ: Мен ауырып қалғам...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: А, рас па? Сен сонда немен ауырасың?

КЕМЕЛ: Менікі әлгі... аллергия!

БІЛГІШ (түсінде күбірлеп): Аллергия!... Ол үлкен сөздіктке жазылған. «А» деген әріптен басталады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал... ал-легрия? Ол қандай ауру.?

КЕМЕЛ: Алллегрия емес, аллергия! Мен кез-келген нәрседен жөтеліп, түшкіре беремін... Мысалы, гүлден, мысықтан, иттен... Тіпті құсжастықтан да...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жастық деген, міне, менмін!.. Сенің қасыңда отырмын. Ал сонда қазір неге түшкірмейсің?

КЕМЕЛ: Білмеймін... Мен ұйқтап жатырмын, мүмкін содан шығар?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жоқ, сен ешқандай да ұйқтап жатқан жоқсың.

КЕМЕЛ: Қане, онда тексеріп көрейікші. Сен мені қытықта!



Қап-Қаратай Кемелді қытықтайды. Бірақ ол Кемелге ешқандай әсер етпейді.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен жастықпын ғой, дұрыс қытықтай алмаймын.



Енді Кемел Қап-Қаратайды қытықтай бастайды.

ҚАП-ҚАРАТАЙ (күліп): Ой, қытығым келді!... Ха-ха! Ха-ха!

КЕМЕЛ: Жарайды, қойдым!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Дұрыс!.. Әйтпесе, бүкіл жұртты оятып жіберерміз.

КЕМЕЛ: Қайдағы жұрт?!. Қазір мұнда ешкім жоқ... Тек құс жастықтар ғана бар... Әлде жастықтардың бәрі сен сияқты сөйлей ала ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Әрине!.. Біздің бәріміз де сөйлей аламыз... Бірақ мен басқа жастықтарға ұқсамаймын... Мүлдем басқашамын мен!..

КЕМЕЛ: Қалай басқашасың?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жастық болған соң оған құстың қауырсыны мен мамығы салынады... Ал менде қара бидай...

КЕМЕЛ: Қара бидай? Ол саған не үшін керек?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Оны өзім де білмеймін... Осында келген соң жұрттың бәрінен сұрадым... Розадан да, Доп-Домалақтан да, Әминадан да, Титтейжаннан да, Апатайдан да... Бірақ ешқайыссы білмейді... Тіпті Білгіш те білмейді...

КЕМЕЛ: Білгіш дегенің кім?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ол біздегі ең ақылды құсжастық... Әне, анау сұрғыш тысы бар жастықты көрдің ғой, Білгіш деген - сол. Ол осында келердің алдында кітапханада екі апта тұрған. Оқымаған кітабы жоқ, бәрін біледі. Міне, соның өзі де білмейді...

КЕМЕЛ: Сонда бұл құс жастықтардың бәрінің де аты бар ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Әрине! Әркім өзіне қалаған атты таңдап алады... Сол ыңғайлы...

КЕМЕЛ: Әмина, Доп-Доңалақ, Білгіш, Апатай, Роза, Титтейжан... Ал сен – Қап-Қаратай! Айтпақшы, кімнің қыз, кімнің ұл екенін қалай ажыратасыңдар?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Кәдімгідей... Жастықтыстың түймелерін ұлдар солдан оңға қарай, қыздар болса оңнан солға қарай түймелейді.

КЕМЕЛ: Мәссаған!. Тура адамдар сияқты. Керемет екен. Мен сені әбден түсінімен. Оған шамам жетеді. Өйткені, мен де сен сияқтымын – ешкімге ұқсамаймын...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сенің әлгі, не деуші еді - алле-легрияң бар, ешкімге ұқсамайтының содан ба?

КЕМЕЛ: Иә, содан! Жұрттың бәрі бір басқа, ал мен болсам мүлдем басқа. Мысалы, өзге балалардың бәрі гүлді иіскейді. Мысықпен, күшікпен ойнайды. Ал мен оның бірін де жасай алмаймын. Жасасам, аллергия болам – түшкірем, жөтелем. Тіпті, жұмсақ ойыншықтармен ойнауыма да болмайды.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: А?!. Ойыншықтармен де ойнауға болмай а?

КЕМЕЛ: Иә, солай! Сосын көп ауырамын. Қит етсе, суық тиеді. Тұмау жұқтырам. Сөйтіп, үйде жатамын дәрі ішіп... Ешқандай достарым жоқ. Еретеден кешке дейін емханадан шықпайтын адамда дос қайдан болады?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Егер келіссең... шынымен келіссең, мен сенің досың болайын...

КЕМЕЛ: Солай ма? Онда тамаша болар еді? Бірақ... Қалай десем екен?..

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Нені айтасың?

КЕМЕЛ: Қазір мен оянып кетем, сонымен бәрі бітеді... Сен қайтадан түк сөйлемейтін, үндемейтін жастыққа айналасың.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Туһ, өзің қызық екенсің... Маған шынымен сенбейсің бе? (Жан-жағына қарап, Апатайды көріп) Мында жүрші. ( (Екеуі Апатайға келіп, ақырын ғана) Апатай, бұл мен ғой... Қап-Қаратаймын... Сізге бірдеңе айтуға бола ма? Тыңдаңызшы!...

АПАТАЙ (оянып): А-апчхи! Бұл тағы да сенсің бе? Не керек саған?!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен өзіме дос таптым, Апатай! Ол мені өлімнен құтқарды. (Қап-Қаратай өз «денесіндегі» түйреуішпен түйрелген жерді көрсетеді. Апатай оған сенімсіздікпен қарап қояды.) Бұл баланың аты – Кемел. Бірақ ол осының бәрін түс деп ойлайды.

АПАТАЙ: А-апчхи

КЕМЕЛ: А-апчхи

АПАТАЙ: А-апчхи

КЕМЕЛ: А-апчхи

АПАТАЙ: Әй, сен мені мазақ қып тұрсың ба? Қалай ұялмайсың?!

КЕМЕЛ: Жо-жоқ, мен ешқандай да мазақ қып тұрған жоқпын... Мен шынында сондай...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Шынында сондай, ешқандай да мазақ қып тұрған жоқ. Ол ауырады... Алле-легрия.

КЕМЕЛ: Аллергия десейші.

АПАТАЙ: Не?

КЕМЕЛ: Құсжастыққа жақындасам болды, мен түшкіре бастаймын. (Әрірек барып) Ең дұрысы, мен осылай, алысырайық тұрайын.

АПАТАЙ (Қап-Қаратайға сыбырлап): Саған не болған?! Бізге балалармен сөйлесуге тиым салынған ғой... Соны ұмыттың ба? Мына түріңмен Төменжерге қуыласың ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен әншейін... Ол дос таба алмай жүр екен... Сөйлесетін де ешкімі жоқ...

АПАТАЙ: Мейлі. Онда сенің не шаруаң бар? А-апчхи!. Ол – адамдардың өз мәселесі. Құсжастықтар бұған араласпауы керек. Сен жәйіңе неге жүрмейсің?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Апатай, бұл өзі былай ғой...

АПАТАЙ: Болды, жат орыныңа барып. Бұдан кейін балалармен сөйлесуші болма! Білгіш біліп қойса, басың бәлеге қалады... А-апчхи!..

БІЛГІШ (ұйқысырап сөйлеп): Иә, солай... Басы бәлеге қалады...



Қап-Қаратай өз төсегіне барып жайғасады. Кемел қасына отырады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Міне, көрдің ғой, бұл ешқандай да түс емес...

КЕМЕЛ: Мен бәрібір сенгім келмейді... Ал бірақ шынымен түс емес, өңім болса, онда керемет екен. Сенің жаныңда болу маған сондай ұнайды... Мен өмірімде ешкіммен де дәл осылай сөйлесіп көрмеппін...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен де солай! Сенімен сөйлесе бергім келеді. Бірақ бұған тиым салынған ғой...

КЕМЕЛ: Неге?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Тәртіп солай!.. Құс жастықтардың өз өмірі, адамдардың өз өмірі бар... Бір бірлеріне араласпаулары керек...

КЕМЕЛ: А?! Оны кім ойлап тапқан?..

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Білмеймін! Бірақ сондай тәртіптің бар екені рас! Ол тәртіпті бұзсаң, Төменжерге айдайды.

КЕМЕЛ: Төменжер? Ол не деген сөз?

ҚАП-ҚАРАТАЙ (сыбырлап): Ол жертөле... подвал деген сөз! Онда тасқараңғы... Сыз!... Тышқандар қаптап жүреді. Тәртіп бұзғандардың бәрі сонда қуылады.

КЕМЕЛ: Төменжер!.. Төменжер!... Қызық екен... Одан да жертөле десе болмай ма? Айтпақшы, ол жаққа бізді кім қуады?.. Адамдар ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Иә, солар ғой деймін... Мен қазір Білгіштен анықтап алайыншы... Сен осында ұйқтаған боп, жата тұр... Әйтпесе, ол ренжиді...

КЕМЕЛ: Жақсы.

Төсекке жатады. Қап-Қаратай Білгішке жақындайды.

ҚАП-ҚАРАТАЙ (ақырын): Ау, Білгіш!

БІЛГІШ: Әрмен кет! Тәртіпті неге бұзасың?!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бір маңызды... өте маңызды шаруа боп тұр...

БІЛГІШ (түрегеліп отырып): Иә, айтшы, не шаруа?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Түсінесің бе, мен осында бір баламен танысып едім...

БІЛГІШ: Не? Сен онымен сөйлестің бе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Оны қоя тұршы, Білгіш! Ол бала сондай ерекше... Өзге ешкімге ұқсамайды... Оның үстіне ол менің жыртығымды жамап берді... Міне, қарашы. Мен енді өлмейтін болдым...

БІЛГІШ (Қап-Қаратайдың түйреуішпен түйрелген жерін қарап): Бұл ағылшын түйреуіші ғой... Жақсы жасалған екен. (ренжіп) Өзің де білесің, балалармен сөйлесуге болмайды. Оған тиым салынған... Ал сен бүкіл құсжастыққа ортақ осы тәртіпті бұздың Түсінесің бе? Ол бала мұны тәрбиешеріне айтады... Тәрбиешілер бастықтарына айтады... Сосын бәріміз Төменжерге қуыламыз. Сонда не болады?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ол ақылды бала екен! Өте ақылды.

БІЛГІШ: Ақылды?І Сонда қалай, мына менен де өткен ақылды ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Иә!.. Ой, жоқ, олай емес... Шынымды айтсам, білмеймін... Өзің барып көрші.



Білгіш Кемелге жақындап, төсегінің шетіне отырады. Осы сәтте Кемел түшкіріп жібереді.

КЕМЕЛ: А-апчхи!.. Кешіріңіз, сіз әрірек отырыңызшы...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Оның әлгі... не деуші еді, ал-легриясы бар.

БІЛГІШ: Ал-легрия емес, аллергия! Иммунитет жүйесінің сезімталдығы асқындаған...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ол құсжастыққа жақындаса, түшкіре бастайды.

КЕМЕЛ: Оған қоса жөтеліп кетем... Бірақ мына жастыққа, Қап-Қаратайға келгенде ондай ештеңе болмайды...

БІЛГІШ (ойланып): Иә-иә, Қап-Қаратайдың іші толған бидай... Қап-қара қара бидай... Енді бәрі түсінікті... Қара бидай аллергияға қарсы ең күшті ем ғой... Тура солай деп жазып қояйын...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: «Қарсы» дейсіз бе? Ол не деген сөз?

БІЛГІШ: Бұл баланың құс жастыққа, яғни мамық пен қауырсынға аллергиясы бар екен. Ал оның есесіне қара бидай аллергияны бірден емдейді. Бар құпия осында ғана. Біздің бақшаға мұның неге ауысқанын енді түсінікті болды. Әке-шешесі бізде қара бидайдан жасалған жастық бар екенін естіген ғой (Қап-Қаратайға қарап) Сені осында аллергиядан емдеу үшін әкелген болып шықты... Қара бидайы бар жастықты жастанып ұйқтасаң, бірден жазыласың да кетессің

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мынау керемет екен. Менімен бірге болу Кемелге де өте пайдалы, ендіше біз ешқашан айрылыспаймыз. Айрылыспайтын нағыз дос боламыз...

БІЛГІШ: Жоқ, жастық адаммен бәрібір дос бола алмайды...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Неге?

БІЛГІШ: Төменжерге қуылып, құриын деп пе ең? Тәртіп солай. Ол тәртіпті бұзуға ешкімнің қақысы жоқ.

КЕМЕЛ: Дегенмен, тәртіпті бұзуға рұқсат ететін ерекше жағдайлар да кездеседі.

БІЛГІШ: Дұрыс!.. Сен шынында бірдеңе білетін бала екенсің Онда мынаны айтшы: үш,үш және үш, бәрін қосқанда не болады?

КЕМЕЛ: Ештеңе де болмайды...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Көрдің бе, өте ақылды бала! Біз енді дос боламыз, солай ма?

БІЛГІШ: Жоқ! Айттым ғой, оған тиым салынған! (Өз төсегіне барып жатып) Мен оянғанда бәрі бұрыңғыдай болатын болсын. Міне, мұны жазып қойдым...

ҚАП-ҚАРАТАЙ (Кемелге): Ештеңе етпейді, біз әлі күресеміз... Әзірше жата тұр! (Розаға жақындап) Роза!.. Розажан!

РОЗА (төсегінен тұрып отырып): Қап-Қаратай, бұл сен бе? Тағы да не боп қалды?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Роза, есіңде ме, сен әлгінде дос туралы айтып едің ғой...

РОЗА: Иә, есімде, айтқанмын.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен өз досымды таптым. (Ұйқтаған болып жатқан Кемелді көрсетеді.)

РОЗА: Жақсы екен. Бірақ ол адам ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ. Онда тұрған не бар? Бұрын менің досым жоқ еді... Оның да досы жоқ екен... Ендіше біз екеуміз неге дос болмаймыз?

РОЗА: Сен жастықсың... Кәдімгі жастық... Ал жастықтың досы өзі сияқты құсжастық болуға тиіс. Ал ана бала – ол адам.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сонда қалай, бұл шынында өте маңызды мәселе ме?

РОЗА: Әрине! Құсжастық пен адам ол екеуі мүлдем екі басқа ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жоқ! Ол екеуміз бір бірімізге өте ұқсаймыз... Бір бірімізді өте жақсы түсінеміз...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Қайдағыны айтпашы!... Одан да дені дұрыс дос болатын өзің сияқты біреуді ізде.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Маған ешқандай да басқа біреудің керегі жоқ. Менің Кемелмен ғана дос болғым келеді.

РОЗА: Туһ, құдайым-ай, сен сөз түсінбейді екенсің. Саған айтып тұрған жоқпын ба – адамдармен дос болуға болмайды.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Оны кім айтады?

ДОП-ДОМАЛАҚ (төсегінде отырып): Оны біздің ата-бабаларымыз айтады... Апатай, рас емес пе, солар айтып кеткен ғой:

АПАТАЙ: Иә-иә, есімде... Жас кезімде естігем... Үлкен құсжастықтар бізге үнемі солай деп айтып отыратын, А-апчхи!..

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ олар мұны қайдан ойлап тапқан?..

ДОП-ДОМАЛАҚ: Бұл өзі ертеде... тым ертеде болған уақиға... Ол кезде құсжастықтар мен адамдар бір бірімен өте жақын дос болыпты... Күні-түні бірге жүрген. Бірге тұрған. Сондай ынтымақты... Сөйтіп жүргенде бір күні дүниеде үлкен суық басталған...

БІЛГІШ (ұйқысырап сөйлеп): Өте үлкен суық...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Өте үлкен суық дейсің бе?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Иә, солай! Сөйтіп бүкіл жер бетін қалың қар басқан. Қақаған аяз, бұрқыраған боран. Құсжастықтар адамдарды жылытпақ болады, бірақ шамалары жетпейді. Міне, сол кезде адамдар бүкіл құсжастықтарды жинап, жыртып-жыртып, жылы көрпе тіккен. Міне, былай. (Қолымен жастықтарды жыртып, қалай көрпе тікенді көрсете бастайды.)

РОЗА: Ой, сұмдық-ай!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Сөйтіп, адамдар бұл көрпемен бүкіл үйді жауып тастаған. Үй жылынған, бірақ бірде бір құсжастық аман қалмаған...

РОЗА: Айттым ғой, шынында сұмдық екен.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Міне, содан бастап адамдардың құсжастыққа деген көзқарасы өзгерген. Олар енді бізге әншейін зат ретінде ғана қарайтын болған. Сосын құсжастықтар да адамдармен сөйлесуді біржола доғарған. Біз енді адамдарға ешқашан сенбейміз...

АПАТАЙ: Құсжастықтың құпиясы, міне, осында шырақтарым... Біз енді адамдармен дос бола алмаймыз... А-апчхи!.. Біз олар үшін әншейін жәй зат қанамыз...

БІЛГІШ: Адамдар деген сондай қатігез... Олар бізді әбден пайдаланады да, бір күні лақтырып тастайды. Сондықтан әрқашан да сақ болуымыз керек. Әйтпесе, Төменжерден бір-ақ шығамыз... Ол – өте қорқынышты жер!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Шынында өте қорқынышты ма?

РОЗА: Иә, сондай!.. Өте қорқынышты!

БІЛГІШ. Біз адамдармен жәй ғана әріптеспіз. Бірақ ешқандай да дос емеспіз. Біз оларға ұйқтап тынығуға, нешетүрлі керемет жақсы түс көруге көмектесеміз. Бұл біздің күнделікті жұмысымыз ғана. Міне, солай деп жазып қойдым.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен оған қарсымын. Менің басқаша өмір сүргім келеді.

РОЗА: Біздің саған жанымыз ашиды.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Ол рас. Саған осының бәрін сол үшін айтып отырмыз.



Қап-Қаратай Титтейжанның төсегіне келіп отырады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Титтейжан, сен ше? Сен де осылай ойлайсың ба? Шынымен біз адамдармен ешқашан достаса алмаймыз ба?

ТИТТЕЙЖА: Иә, солай! Мен оған үйреніп кеткенмін Енді сен де үйреніп кетесің, түсіндің бе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жоқ!.. Түсінбеймін... Жалпы, сен кез-келген нәрсеге оп-оңай келісе саласың. Сен содан бақытты боламын деп ойлайсың ба?

ТИТТЕЙЖАН: Білмеймін...

БІЛГІШ: Қап-Қаратай, сенің мамығы бар, қауырсыны бар, кәдімгі мына біз сияқты құсжастық болғың келе ме? Шынымен соны армандайсың ба?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Әрине! Бірақ ол мүмкін емес қой... Оны өзің де білесің

БІЛГІШ: Жоқ! Есіңде ме, мен саған ота... операция жасату керек деп айтып едім ғой... Содан ойлап...ойлап, ақыр соңында бәрін таптым... (Қап-Қаратайға келіп, жастықтысының шетін ашып көрсетеді.) Міне, көрдің бе? Мында бірнеше түйме бар. Біз осы түймелерді ағытамыз да, ішіндегі қара бидайдың бәрін шығарып, орынына құстың қауырсыны мен мамығын толтырып қоямыз. Бәрі оп-оңай...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал сонда мамық пен қауырсынды қайдан аламыз?

БІЛГІШ: Ол мәселе де шешіледі. Мына Доп-Домалақ саған өз қауырсыны мен мамығының жарытсын береді.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Дұрыс, менде мамық пен қауырсын жетеді... Тіпті, өте көп, құтыла алмай жүрмін. Саған қанша болса да берейін. Өйткені, менің арықтағым келіп жүр...

РОЗА: Иә-иә, Домалақтың арықтағаны дұрыс...

ТИТТЕЙЖАН: Иә, мен де солай ойлаймын...

БІЛГІШ (Қап-Қаратайға): Сөйтіп сен де тура мына біз сияқты боласың

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жақсы!. Бірақ мен ондай жағдайда Кемелмен сөйлесе алмаймын ғой... Мен құсжастыққа айналсам, ол мені көрсе түшкіріп, жөтеле бастайтын болады.

БІЛГІШ: Оның есесіне сен нағыз құсжастыққа айналасың. Сен құсжастық болсам деп ылғи да армандайтын едің ғой...

РОЗА: Сол арманың орындалады енді. Сен ұйқтап болған соң, бізге қандай түс көргеніңді айтасың Сосын біз бәріміз қосылып оны талқыға саламыз... Сөйтіп сен ешқашан жалғыз болмайсың... Сені ешкім де Төменжерге қуа алмайды.

ТИТТЕЙЖАН: Қап-Қаратай, сенің бұған келіскенің дұрыс...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бірақ Кемел мені ажалдан аман алып қалды ғой...

АПАТАЙ: Дұрыс! Сен енді сол аман қалған өміріңді мына біз сияқты тыныш өткізесің.... А-апчхи!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Менің ойлануым керек. Кемелмен сөйлескенім де дұрыс!

БІЛГІШ: Ойланған деген өте жақсы! Бар, әбден ойлан!... (Доп-Домалақ, Роза, Титтейжанға қарап) Т...с...с! Жазып қояйын...



Доп-Домалақ, Роза, Білгіш, Титтейжан өз төсектеріне жатады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Кемел, мәселе былай боп тұр...

КЕМЕЛ: Жарайды, айтпай-ақ қой... Мен бәрін де естідім...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ал сонда менің не істеуім керек?

КЕМЕЛ: Сен кәдімгі құсжастық болғың келеді – солай ма?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бірақ ондай жағдайда біз екеуміз ешқашан дос бола алмаймыз... Сенің ал-легрияң бар... Сосын маған жақындай алмайсың.

КЕМЕЛ: Мен онсыз да ешкіммен араласпаймын... Тіпті, сыртқа да көп шықпаймын... Ылғи ауыра берем.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сен неге олай дейсің? Әлде менімен дос болғың келмей ме?

КЕМЕЛ: Жоқ, дос болғым келеді... Бірақ сен азапқа түсесің ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жоқ, мен азапқа түспеймін... Тек сенің келетініңді біліп, күтіп отырсам болды – соның өзі мен үшін рахат.

КЕМЕЛ: Бірақ мені бір күн... бір апта, тіпті, бір ай күтуің мүмкін... Ал үш ай күтсең ше? Нағыз азапқа сонда түсесің, мен білем ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Туһ, қойшы, ондай сөзді қайдан шығарып жүрсің?

КЕМЕЛ: Бұл жағдай менің өз басымнан да өткен. Білесің бе, менің масатыдан жасалған дельфин ойыншығым болды. Сосын бір күні ата-анамызбен бірге басқа үйге көштік... Заттарымызды бөлек жібергенбіз... Сөйтіп, жаңа үйге орналасып, дүниелерімізді күте бастадық Әуелі жихаздар келді. Келесі күні теледидар, компьютерді әкелді. Сосын кітаптар, киім-кешек, ыдыс-аяқ... Ал ойыншықтар салынған жәшік ұшты-күйлі жоқ болды... Мен тура үш ай күттім. Ойыншықтар сонда да келмеді. Жолай бір жерде жоғалып кетіпті. Міне, сонда күтумен өткен үш айда менің жаным қандай күйзелді десейші. Міне, көрдің бе? (Пауза.) Қап-Қаратай жаным, күту деген, ол оңай емес. Әуелі қуанасың, сосын өкінесің, жаның ауырады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мейлі,мен үш ай болса да күтуге дайынмын.

КЕМЕЛ: Бәрібір мен саған уәде бере алмаймын. Өйткені, не болары өзіме де белгісіз... Мысалы, мен бірде балабақшаға тура жарты жыл барған жоқпын.,.. Егер тағы да сондай жағдай болса ше?.. Түсінесің ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен сені бәрібір күтемін...

КЕМЕЛ: Жоқ! Саған басқа дос тауып алған дұрыс.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Маған басқа достың түкке керегі жоқ. Маған сен ғана керексің!

КЕМЕЛ: Мүмкін, ол досың мен сияқты емес, денсаулығы мықты біреу болар... Сосын сен үстіндегі қара бидайды мамық пен қауырсынға айырбастап, ол досыңмен бірге жақсы да қызықты өмір сүрерсің. Солай емес пе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жо-жоқ, олай деп айтпа! Айтпа маған ондай сөзді.

ӘМИИНА (төсегінен түрегеліп отырып): Осы күнгі адамдар не боп кеткен?!

КЕМЕЛ: Не дейсіз?

ӘМИНА: Сен ақылды баласың. Бірақ жаңағы сөзің дұрыс емес!

КЕМЕЛ: Мен Қап-Қаратайдың жағдайы жақсы болса екен деймін... Қалған өмірі дұрыс өтсін...

ӘМИНА: Жоқ, дұрыс болмайды... Оның да, сенің де өмірің жақсы болмайды... (Пауза.) Тыңдашы, мен саған өз тарихымды айтып берейін... Мен бұрын жертөледе тұрдым...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мына өзіміздің Төменжерде ме?

ӘМИНА: Иә, сонда... Сол жерде Атжалман дейтін тышқан бар. Өте ақылды... Тіпті, ағылшын тілін де біледі... Есепке жүйрік. Оқымаған кітабы жоқ. Ондай кітаптар мына Білгіштің өңі түгілі, түсіне де кірмеген. Бірақ тым ұялшақ, момын... Сосын мен оны би билеуге үйреттім... Енді Атжалман тышқандардың концертіне қатысып, жұрттың бәрін таңқалдыруға тиіс еді. Бірақ сол екі ортада аула сыпырушы мені жертөледен тауып алды да, осында әкеліп тастады. Тіпті, Атжалманмен қоштаса да алмай қалдым... Сөйтіп ең жақын досымнан айырылдым. Соған жаным ауырады... Міне, әлі күнге ауырып жүрмін...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бірақ бұл жер Төменжермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы емес пе? Жұрттың бәрі одан зәресі ұшып, қашады...

ӘМИНА: «Жақсы» деген немене ол?! Рас, бұл жерде мені алақанға салып күтеді, үстіме кір жуытпайды, жастықтыс кигізеді. Бәрі тамаша! Бәрі керемет! Бірақ мен бәрібір жалғызбын; жалғыздықтың зардабын тартып жүрмін. Мені ешкім түсінбейді... Маған бұл жерде сондай көңілсіз. Қайғы-мұңнан жаным сыздайды. Сөйтіп, бір шындыққа көзім жетті. Мен жертөледе ғана бақытты болады екенмін. Өйткені, онда менің ең жақын досым бар...

КЕМЕЛ: Ал сонда маған не дейсің?

ӘМИНА: Мәселе кімнің қайда тұрғанында емес. Мәселе – сенің жаныңда өзіңді түсінетін, саған демеу болатын біреу бар ма, жоқ па – бәрі соған байланысты... Менің еркіме салса жертөлеге, осындағылар қашып жүрген Төменжерге мен қазір-ақ қуана-қуана қайтып бара едім...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бірақ біз Кемел екеуміз бірге бола алмаймыз ғой... Ол қазір кетеді, ал мен қаламын

ӘМИНА: Жоқ, қалмайсың... Міне, қарашы!

Әмина үстіндегі жастықтыстың ішінен фломастер алып шығады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бұл не?

ӘМИНА: Фломастер!... Керек болып қала ма деп тығып қойып едім... Енді пайдаға асайын деп тұр.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сонда сен не істемексің?

ӘМИНА: Мен бәрін ойластырып қойдым... Енді сен екеуің бірге боласыңдар... Мәңгі бірге жүресіңдер...

БІЛГІШ (түсінде сөйлеп): Мәңгі бірге болады. Мен солай деп жазып қойдым...



Әмина Білгішке күдіктен қарап қойып, Қап-Қаратайды өзіне шақырып, құлағына сыбырлайды. Сосын оның қолына фломастерді ұстатады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мынау керемет екен! ( Жүгіріп барып, Әминаның айтқанын Кемелдің құлағына сыбырлап жеткізеді.) Түсіндің бе?!

КЕМЕЛ: Иә, түсіндім... Бәрі оп-оңай екен ғой....

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Демек, тура солай жасаймыз, келістік пе?

КЕМЕЛ: Әрине!

Олар құшақтасады. Әмина риза болып қарап тұрады.

ӘМИНА: Кемел!

КЕМЕЛ: Иә, Әмина?!

ӘМИНА: Сенен бірдеңе сұрауға бола ма? (Кемелдің құлағына сыбырлайды.)

КЕМЕЛ: Әрине! Оған уәде беремін...

Бөлменің сыртынан серуеннен қайтқан балалардың дауыстары естіледі. Сосын біреудің: «Кемел! Сенің апаң келді» дауысы шығады.

КЕМЕЛ (Қап-Қаратайға): Қане, кеттік пе?

ҚАПАҚАРАТАЙ: Иә, кеттік

Кемел Қап-Қаратайды жетелеп сыртқа беттейді. Осы сәтте бөлмедегі құсжастықтар жатқан орындарынан тұрып, төсекке отырады.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Ой, қандай жақсы!

ТИТТЕЙЖАН: Дұрыс айтасың, өте жақсы!

РОЗА: Иә-иә, бәрі керемет!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Дегенмен мен әлде де ұйқтай тұрсам деп едім...

АПАТАЙ: Қашаңғы ұйқтауға болады? А-апчхи!

БІЛГІШ: Дұрыс!... Мұны да жазып қойдым... (жан-жағына қарап) Тоқтай тұрыңдар! Әлгі Қап-Қаратай қайда?

РОЗА: А?! Ол шынында жоқ қой! Қап-Қаратай, сен қайдасың?



Бәрі жан-жақтарына қарай бастайды. Есік ашылып бөлмеге Кемел кіреді. Ол қолына Қап-Қаратайды көтеріп алған. Қап-Қаратай жастықтысын шешіп тастапты. Кемел оны көтерген бойы төсегіне апарып жатқызады.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бәріңе бір сәлем!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Иә, жағдай қалай?

БІЛГІШ: Ойланып болдың ба? Қара бидайдан құтыласың ба енді...

ТИТТЕЙЖАН: Иә, соған келіскенің дұрыс.

АПАТАЙ: А-апчхи!...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жоқ, мен осы күйімде қалатын болдым...

АПАТАЙ: Жастықтысың қайда?! Тоңып өлесің ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Оның маған енді керегі жоқ.

РОЗА: Сен не айтып тұрсың?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Қап-Қаратай, саған не болған?

БІЛГІШ: Түкке түсінбедім... Жағдайды дұрыстап айтшы....

КЕМЕЛ: Мен Қап-Қаратайды алып кетемін. Ол енді біздің үйде тұратын болады. Шешеммен келістім... Тәрбиешілер де қарсы емес.

БІЛГІШ: Мынау не деп тұр?!

РОЗА: Қап-Қаратай, сен шынымен кетесің бе?

ӘМИНА: Егер өзіне ұнаса, неге кетпеске?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Әмина, осының бәрін ойлап тауып жүрген сен ғой, солай ма?

ӘМИНА: Әрине! Ал, Қап-Қаратай, жолың болсын!

ТИТТЕЙЖАН: Сонда сені мына бала әкете ме? Оған кім рұқсат береді?

БІЛГІШ: Иә, бұл жерден оп-оңай кете салуға болмайды... Оған тиым салынған... Тәртіп солай!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Тәртіпті бұзуға рұқсат ететін ерекше жағдайлар да болады. Міне! (Арқасымен жұртқа бұрылады. Арқасында «Кемел» деген сөз фломастермен үлкен етіп жазылып қойыпты.)

РОЗА: Ах!

ТИТТЕЙЖАН: Мәссаған!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Бұл, шынында немене өзі?

КЕМЕЛ: Фломастермен жазылған. Оны өшіріп тастау мүмкін емес... Кешіріңіздер!

БІЛГІШ: Бұл қоғам мүлкін бүлдірушілік болып табылады.

КЕМЕЛ: Жарайды, қажет болса, келген шығынды өтейміз... Сөйтіп мен мұны балабақшаға қажетсіз мүлік ретінде үйге алдып кетемін.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сосын біз әрқаша да бірге боламыз... Мұны ойлап тапқан – шынында мынау Әмина!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Әмина!

АПАТАЙ: Сен не істейін деп тұрғаныңды білесің бе, Қап-Қаратай?! А-апчхи!

РОЗА: Ақымақ болма!

БІЛГІШ: Бұл шектен шыққан бұзықтық! Бүкіл ереже-тәртіпке неге қарсы шығасың?

ТИТТЕЙЖАН: Мен бұл сөзбен келіспеймін.

РОЗА: Не?

ДОП-ДОМАЛАҚ: Титтейжан, сен шынымен келіспейсің бе? Білгіштің сөзіне қарсы келіп тұрсың ба сонда?

ТИТТЕЙЖАН: Иә, солай!... Қап-Қаратайдікі өте дұрыс!

АПАТАЙ: Неге?

ТИТТЕЙЖАН: Өйткені, Қап-Қаратай Кемелге керек. Ал Кемел Қап-Қаратайға керек...

ДОП-ДОМАЛАҚ: Бірақ екеуі екі басқа ғой...

РОЗА: Қап-Қаратай жаным, сенің шынымен осында қалғың келмей ме?

БІЛГІШ: Қарашы, бізде бәрі тамаша!... Жып-жылы!.. Тып-тыныш!.. Жастықтысты апта сайын ауыстырады...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Бірақ мұның бәрі әншейін нәрселер ғой... Мен енді түсіндім... Сен қайда тұрасың; үйің қандай, оның ішінде, сыртында не бар – онда тұрған ештеңе жоқ... Ең бастысы - сені біреудің түсінгені, жылы қабылдап, аялағаны. Айтшы, солай емес пе, Әмина?

ӘМИНА: Дәл солай, Қап-Қаратай! Тіпті жертөледе тұрып та бақытты болуға болады...

БІЛГІШ. Төменжерде дейсің ғой?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Солай! Мен өзімді өзім өзгерткім келмейді... Және енді оның қажеті де жоқ!

БІЛГІШ. Келіспеймін!.. Бұл дұрыс емес! Мен қазірден бастап арыз жазамын...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Ренжіме, Білгіш.... Мүмкін, шынында, менікі дұрыс емес шығар?!. Тәртіп бұзып тұрғаным да рас болар? Бірақ мен қазір бақыттымын...

РОЗА: Сен сонда бұл жерге енді қайтып келмейсің бе?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Кемел балабақшаға келеді, сондайда кейде мені де бірге әкеп тұрады ғой... Демек, біздер әлі де кездесеміз...

БІЛГІШ: Бұл барып тұрған шектен шыққандық...

РОЗА: Демек, ол сенің шын досың ғой?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Иә, солай!

РОЗА: Мен саған сондай қызығып тұрмын...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Сен де осындай дос табасың әлі... Қара да тұр!

АПАТАЙ: Эх, шіркін, жастық!.. А-апчхи!

ТИТТЕЙЖАН: Мен сені сағынамын ғой...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Мен де солай!

БІЛГІШ: Жоқ, мұндайға оп-оңай жол беруге болмайды.

ДОП-ДОМАЛАҚ: Біз жақында бес жүз рет түс көргенімізді атап өтеміз... Сол мерекені бірге тойласақ деп едім...

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Тойлаймыз. Мен келемін... Алты жүз рет.... мың рет түс көргенімізді де бірге тойлаймыз...

ДОП-ДОМАЛАҚ: Мың рет?!. Сен мені мың рет түс көруге жетеді деп ойлайсың ба?

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Әрине!



Кемел Қап-Қаратайға жақындап бүйірінен түртеді.

КЕМЕЛ: Қап-Қаратай!

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Иә, жақсы! (өзгелерге қарап) Ал біз кеттік...

АПАТАЙ: Қане, мен сені сүйейінші, жаным! Қоштасарда бір сүйіп қалайын...



Қап-Қаратайды сүйіп, көзінің жасын сүртеді.

ҚАП-ҚАРАТАЙ: Жылама, Апатай! Мен тағы да келем ғой...

РОЗА: Сау бол, Қап-Қаратай!

ДОП-ДОМАЛАҚ: Жолың болсын!

ТИТТЕЙЖАН: Қап-Қаратай, рахмет саған!

ҚАП-ҚАРАТАЙ (бәріне): Сендерге де рахмет! (Білгішке) Мен кеттім...

БІЛГІШ: Білем!.. Солай деп жазып қойдым!

Кемел Қап-Қаратайды қолынан ұстап есікке беттейді.

ӘМИНА: Кемел, менің өтінішімді ұмытып кетпе!

КЕМЕЛ: Әрине! Мен бәрін де істеймін. Өзің қалай айттың, тура солай болады...

ДОП-ДОМАЛАҚ: А?! Сонда не істейсің?



Кемел жауап қайтармайды. Әмина күлімсірейді...
P.S.

Жертөле яғни Төменжер. Ондағы ұзын су құбырының үстінде Әмина отыр. Қасында - Атжалман тышқан.

ӘМИНА: Атжалман, сенің жаныңа қайтып келгенім үшін мен өте бақыттымын.

АТЖАЛМАН: Мен де сені қайта көргенім үшін бақыттымын, Әмина! Мен сені бүкіл балабақшадан іздедім ғой.... Ертең концерт, жертөледегі бүкіл тышқан жиналады, ортаға бірінші болып мен шығамын. Айтпақшы, сен осында алып келген бала – кім?

ӘМИНА: Ол – Кемел ғой... Өте жақсы бала... Сол әкелмесе, мен не істер едім? Енді сен екеуміз әрқашан да бірге боламыз.

АТЖАЛМАН: Өйткені, біз доспыз.

ӘМИНА: Әрине, мәңгілік доспыз...

АТЖАЛМАН: Ана балабақшадағы құсжастықтар осы жертөлені айтса әлі де шошып кете ме?

ӘМИНА: Шошиды!.. Қорыққаннан көздері атыздай болады...

АТЖАЛМАН: Бірақ ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір түсінеді ғой... Соншама қорқатындай ештеңе жоқ екендеріне көздері жетеді

ӘМИНА: Қане, досым, дайындықты бастаймыз ба?

АТЖАЛМАН (ағылшынша «Қане билейміз бе?» деген сөзді айтып): Shall we dance?

ӘМИНА: Иә, билейміз.



Атжалман мен Әмина Құбырдың үстінде билей бастайды. Әминаның арқасында фломастермен жазылған «Атжалман» деген жазу көрінеді.
Соңы





Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Жек дуадақтарды аулауды жүргізу туралы «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы»
2017 -> Бағдарламасы өтетін күні: 16 тамыз 2017 жыл Өтетін орны: Шымкент қаласы
2017 -> Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің
2017 -> Мемлекеттік мекеме
2017 -> Қосымша 2 Техникалық ерекшелігі Реанимациялық бригадаларға арналған жылжымалы жедел медициналық көмек комплексі
2017 -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы
2017 -> Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының
2017 -> Бос јкімшілік мемлекеттік лауазымдарєа орналасуєа конкурс туралы хабарландыру 17/07/2012г


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет