Жеңіс-65 Егемен Қазақстан, 06 Мамыр 2010



жүктеу 47.54 Kb.
Дата12.11.2017
өлшемі47.54 Kb.

ЖЕҢІС-65


Егемен Қазақстан, 06 Мамыр 2010 | Әлеумет

 Загрузка ...

ЖЕТІСУЛЫҚ ӘСКЕРИ ҰШҚЫШ

“…1941 жылы соғыс басталардан бір ай бұрын Орынбор­дағы ұшқыштар мек­тебіне оқуға түстім…” деп басталған жолдар одан әрі Жұмахан Бала­пановтың ұш­қыштар мектебін өте жақсы бітіріп, жауынгерлер қатарлы соғысқа кіріп, отанның, халық­тың алдындағы перзенттік парызын адал өтеп, 1945 жыл­дың күзінде капитан шенімен Кеңес армиясының запастағы офицері ретінде аман-есен елге оралғанымен жалғасады. Әр сөзін ақыл таразысына салып, асықпай әрі тасымай сөйлейтін жан естелік жазуда да сол ба­йып­тылығынан танбай май­дан­дағы күндері, айлары, жыл­дары жайлы жазбасын былай сабақ­тайды: “ Менің жасымда соғыста болғандар “мен ананы қырдым, мынаны жойдым” деп көбірек айтып жатады. Олардікі рас та, біріншіден соғыста ерлік бол­маса, онда соғыс та болмайды. Екіншіден, саған қарсы келген жауды жерде болсын, аспанда болсын, сен атып өлтірмесең, ол сені өлтіреді. Сондықтан жаның­ды сақтау үшін бар ақылыңды, күшіңді жауға қарсы пайда­лануға міндеттісің ” деп ойын бір қайырады.

“Тас түскен жеріне ауыр” деп аталарымыз бекер айтпа­­ған. Екінші дүниежүзілік соғыс Украина жерін толық қамты­ғандықтан сол елдің халқы көп зардап шегіп, қисапсыз қыр­ғын­ға ұшырағанын, содан кейінгі орында адам шығыны жағынан Қазақстан тұрған­дығын Бауыр­жан Момышұлы жазды. Ол тура­лы құжаттар да бар. Сол от пен оқтың аузынан аман келген жандардың бірі Жұмахан аға Балапанов соғыс зардабы, адам­заттың жан азабы жайлы айтуды қаламайтын еді. Көп жыл қа­сын­да жүріп, азды-көпті тәрбие­сін көргендіктен жайма-шуақ күндерде соғыс жайлы сөз қоз­ғал­ғанда: “Қар­ғыс атқыр сол сұм соғыс жайлы мен айтпайын, сендер есті­меңдер”, деп қысқа қайыратын. Негізі ер азамат­тардың барлы­ғы қарулы күш қатарына алынғанымен әскери әуе күшінің құрамына екінің бірі ілінбегені анық. Іріктеп, сан түрлі сынақтардан өткізіп барып қана ұшқыштар сапына тұрғы­­зылғаны тағы мәлім. Біздің кейіпкеріміз табиғаты­нан бүгінгі күнге тәубе айтып, ертеңгі күнге үміт артып өмір сүрген жандар санатында болғандықтан ба екен “Адал еңбек, ақ ниет” атты ғұмыр­намалық кітабында да майдан­дағы жылдары жайлы көп жазбаған. Әйтпесе, әскери ұша­ғымен көкке көтерілгенде жер­дегі мергендердің көздеген ныса­насы болғанымен құдай сақтап бораған оқтан аман шығып, әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, өз әуе бекетіне аман-есен қону екінің бірінің маң­дайына жазылмаған бақыт қой. Жұмахан аға Балапанов 1942-1943 жылдары ұшқыш болып, ел қатарлы қан майданның ал­дыңғы шебінде жүрсе, одан кейін­гі жылдары 1945 жылдың қоңыр күзіне дейін авиа эскадрильяда партия ұйымының хатшысы болып қызмет істеген.

Статистикалық мәлімет бо­йынша соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80 пайы­зы қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн. адам әскерге алынды. 50 — 55 млн. адам қазаға үшырап, 4 триллион доллар көлемінде шы­ғын болған екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін елге келіп қызмет істеп, үлкен асулардан көрінген жан қашанда адалдықты ту етіп көтере білді.

… Заманымыздың пайғамбары Димаш аға – Дінмұхаммед Ах­метұлы Қонаевтың сеніміне ие болып, арқа сүйеп, елдің, жердің игілігі үшін уақытпен санаспай ерен еңбек үлгісін көрсеткен мар­қас­қа қазақтардың бірі Жұмахан аға Балапанов десек, артық айт­қандық емес. Кезінде Жетісу жерін­­де ауыл шаруашылығы сала­сының орталығына айналып, маңа­йындағы аудандарды құрамы­на ен­гізген Талдықорған қаласы­ның тіз­гінін Жұмахан Бала­панов­қа Диме­кең өзі ұстатқан. Оның басты себебі: тоғыз жасын­да ең­бек­ке араласқан біздің кейіпкері­міздің адалдығы, еңбек­қорлығы, іскерлігі, сауаттылығы, қашанда қара қылды қақ жаратын әділдігі, еңбек адамы­ның мүддесін қорғап, халықтың көңілінен жылы орын ала білген адами қасиеттері еді. Еңбек жолы дегенде айта кетер бір дәйек жо­ғарыда аталған кітап­та “… Соны­мен екі үйдің бала-шаға­сы болып, шешем мар­құм­ның басшылығымен тұзды көлдің бетінен қара балшық­тар­мен ара­лас­тырмай, бір елідей ғана болып байланған тұзды епті­­лікпен күрек­пен қырып шығарып, тазар­тып-сорғытып үйрендік. Көл­де түбі жоқ қара бат­паққа батып кет­пес үшін әр­қай­сымыз аяғы­мызға екі метрден ұзын ағаштан шаңғы бай­лап алдық”, деген жол­дар­мен Жұ­ма­хан Бала­панов өзі туып өс­кен жері Алакөл өңірінің табиғи бай­лығы жайлы хабардар ете кетеді.

Кезінде халық қажеттілігі үшін салынған ауруханалар, білім орда­лары, өндіріс орындары секілді өмірлік мәні зор дүниелерді бір адамның ғана еңбегі деп дәріптеу артық. Бірақ, солардың  барлы­ғының түпқазығы адам ақылына байланбай ма?! Ендеше, Жетісу­дың кіндік қаласы Талды­қор­ғанның өркениетке қадам басуы­­на Жұмахан Балапанов та қар­лығаштың қанатымен су сеп­кендей болса да септігін тигізгені ақиқат. Оған сол жылдары бой көтергенімен құрылыс жұмыстары аяқталмай қалған, тіпті кейбірінің іргетасы да қаланбаған орталық мәдениет үйі, қала коммуни­ка­ция­сы, облыстық орталық ауру­хана, теледидар мұнарасы секілді дүние­лердің жоғары деңгейде жасалып, ел игілігіне жарауына мұрындық болуы нақты дәлел екені әмбеге аян.

Екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновпен де жақын арала­сып, сырласа білгендіктен нар тұл­­ғаның Үндістанға аттанған де­ле­га­ция құрамында бірге барып, Хрущевтің қаһарына қалай ілін­гені жайлы ақиқат та Жұма­хан аға естеліктерінен табы­лады.

Табиғатынан ағысқа қарсы жүзіп, көрегендікпен алдын болжай білетін, замана ағы­мына ой жүгірте алатын жан өмірлік бағы­тын күрт өзгер­тіп, басшы болу қыз­метінен ғы­лымға бет бұрғанда Диме­кең сын­ды сұңғыла жан­дар дұрыс түсініп, құптады. Жұмыр басты пенде болған соң – дос, қызмет істеген соң – әріптес болады ғой. Әйтсе де, сол достың да досы, әріптестің де әріптесі бола­тыны тағы бар емес пе. Ту сырты­нан сынай қарайтын сондай жан­дарға сыр бермей ширығып, жіге­­рін жани білген жан ғылым бас­палдақ­тарымен біртіндеп көтеріле берді.

Гректің “eіkoz” – үй, “nomoz” – заң шаруашылық жүргізу ережесі деген сөздерінен түбір алған эконо­мика ғылымында табаны күректей отыз жыл еңбек ету үне­мі іздену­дің, өзім білемдікке бас­пай, әрқан­дай дүниенің алдын, артын болжай алудың, ең бас­тысы, есеп білудің жемісі. Өмірлік тәжірибесі мол, ауыл шаруа­шы­лығы саласының жілігін шағып, майын жеген кәнігі маман еңбек­қорлығынан танбады. Алдын көріп тәлім алып, терең білімінің кәусар бұлағынан сусын­даған шәкірттерінің бірі ретінде көңі­ліме түйген бір қасиеті – “ өмір­дің өзі үйренуден тұрады” деген тәмсілді жадынан шығар­май­тын еді. Байыппен ақылын айтып, өмірде көрген, оқыған дүниелерді көкейге тоқуды үйрететін еді.

Алланың бұйрығы солай болды ма, Жұмахан аға өте жақсы һәм әдемі қартайды. Құдайдың сүйген құлы болды. Үлкен өмірде сөзі мен ісі қабысып жүргендігі де сол адал­дығының өтеуі болар. Әмәнда, өзінен ұлағатты ісі бір қадам болса да алға жүретін еді. Бұл қасиетін де елі ескеріп, халықтың қолдауы­мен Алматы облысы, Алакөл ауда­ны аума­ғынан өзі туған ауылды Жұма­хан Балапанов атындағы ауыл деп атады. Жетісудың кіндік қаласы Алматы облысының орта­лығы – Талдықорған қаласынан да бір көше­ге Жұмахан Бала­пановтың атын берді.



“Мәңгілік өмір жоқ қой. Енді біздің жасымызға келгендер құдай­дан қосымша өмір сұрамай-ақ, балалардың тілегін тілеп, көп жа­сай­мын деп, балалардың басын ауыр­тып тыртаңдай бермей, құдай­дың берген жасына қанағат­танып, ел алдында сағың сынбай, “жесір” шал атанбай, балалардың, кемпір­дің алдында жөн тапқанға не жет­сін. Бірақ, мұның барлығы құдай­дың қолында. Қалған өмірді олай-бұлай деп жобалап, жоспар­лай беруге болмайды”, деп жаны жәннатта болғыр Жұмахан ағамыз жиі айтатын еді. Қандай ақылды сөз десеңізші. Мұны айту да ерлік. Бақилыққа балаларының алдында осы тілекпен аттанды.

Макет НИЯЗБЕКОВ, экономика ғылымдарының кандидаты.

ТАЛДЫҚОРҒАН.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет