Жеңіс 65 Егемен Қазақстан, 07 Мамыр 2010



жүктеу 123.28 Kb.
Дата02.02.2018
өлшемі123.28 Kb.

ЖЕҢІС – 65


Егемен Қазақстан, 07 Мамыр 2010 | Әлеумет


 Загрузка ...

ШҮЙКЕДЕЙ АНА

“Ана үшін аянба – ант ұрады, Бала үшін аянба – бетің күйеді. Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын”,  деп қазақтың хас батыры Бауыр­жан Момышұлы айтқан­дай, өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысы деп аталатын алапат мыңдаған емес, миллиондаған бейкүнә адамның шаңырағын шайқап, не опырып ортасына түсірді. Соғысты баста­ғаннан шарапат күту шатысқан­дық. Бұлай деуімізге себеп, ана бір жылдардағы аласапыранда біз кім үшін соғыстық деген өздер­дің айтылып қалғаны бар. Бірақ кейін оның ақиқаты анықтал­ды. Әпер­бақан­нан жақ­сы­лық бол­майтыны дәйек­телді. Қан­төгіске құмартқан­ның кекжиген басын иіп, жеңіп шығу қарудан бұрын халықтың ұйымдаса білуінде екенін сол жолы әлем жұрты тағы бір көрді.

Біз бұған тақырыпқа арқау болып отырған анамен әңгіме кезін­де де көз жеткіздік. Ас­тана­­дан Алматыға бет алған едік. Көрші купеде бір ақ жау­лықты ана екі көзін алақандай терезе­нің арғы жағындағы байтақ даладан алмай, ұзақ қарап отырды. Оны ары-бері өткенде әлденеше рет байқап, әңгіме­­лесуге ниет еткенімізде қарсы­лық танытпады.

– Аты-жөніме келсем, есімім – Рабиға, әкемнің аты – Жұма­тай. Адам қартайғанда бір бала деп, біз де бір кездері әдемі қыз келісті келіншек болған­быз. Уақыт, шіркін, өз дегенін істейді екен. Баяғыда мен сияқ­ты шүйкедей боп отырған бір кейуана айтқан көрі­неді. Толған торсықтай едік, тобық­тай болып қалдық қой. Соның кебін мен де киіп отыр­мын. Бет-жүзді әжім торлап, сүй­рік­тей салалы сау­сақ­тың тамыры мынау – кен­дірден ескен арқан­дай адыра­йып-адырайып тұр, – деп, жып-жинақы, мұнтаздай ана тағы да сыртқа көз салды.

Сұрапыл соғыс туралы әңгіме қозғап едік, Рабиға ана: “Оны да бастан өткергенбіз”, – деп қалды. Қазір сол соғысты көргендер күн санап азайып бара жатыр.

– Селкілдеген сексен бес жас­ты еңсеріп, тоқсанға бет алып отыр­мын. Осы уақыт ішінде көр­ген бейнет те, зей­нет те аз емес. Өт­кен ғасыр­дың отызыншы жыл­дарын­дағы аш­тықты да, сұрапыл соғысты да бастан өткердік. Байдың тұқы­мы­­сың деп әкемді кәмпеске жаса­ды. Бес жасымда анадан, жеті жасымда әкеден айырыл­дым. Біз өзі негізінен Қос­танайдың қазағы­мыз. Аштық­тың қиындығы әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Адам­дар әр жерде ісіп-кеуіп жата­тын. Әке-шешемізден айырыл­ған соң Хамит екеуімізді Айтбай аға мен Хадиша жеңгем қолдарына алды. Ол кісілердің де жағдайы оңып тұрма­ғаны белгілі. Хамит ағам маған қарағанда қағылез, өз күнін өзі көре алатындай, пысық еді. Әй­теуір, өлместің күнін көріп жүрдік. Бір күні үлкен ағам: “Сені өлтіріп алып жүреміз бе, балалар үйіне барсаң қайтеді? Тамағың тоқ бола­тын көрінеді”, – деді. Балалар үйі, тамақ деген сөз құлағыма жылы естілді, барайын дедім.

Балалар үйіне орналастым. Өзім қатарлы қыздар көп екен. Бірақ Қостанайдағы балалар үйін Ресей­дің Прокопьевский деген қаласына көшіретін болды. Айтбай аға жібер­гісі келмеді. Мен бара берейін дедім. Ақыры ол кісі келі­сіп, үйдің мекен-жайын тәрбие­ші­лерімізге де, өзіме де жазып берді. Сол мекен-жайды бес жыл бойы бойтұмардай сақтап жүрдім. Бұрынғыдай емес, ақыл тоқтатып айналама қарай бас­тағанда аға-жеңгелерім көз ал­дымнан кетпей қой­ды. Ақы­ры ағам­ның атына сағынып жүр­генімді айтып, хат жаздым. Ол кезде бесінші сы­ныптың оқу­шысы едім. Мек­тепте неміс тілін тереңдете оқыт­­ты, соның пайдасы соғыста тиді. Одан кейін оқудың бетін көргем жоқ.

Сөйтіп, Айтбай ағам келіп, елге алып кетті. Ағайын туыспен қауышып, енді ес жиямыз ғой деп жүргенде сұрапыл соғыс басталды.

Он сегіз жастан жаңа асқан Хамит ағаны бірден майданға алды. Айтбай ағам мен Хадиша жеңгем ЖСМ-41 (жол стан­сасы­ның мәшине­сі) шақырды. Олар мені өздерімен бірге ала кетті. Ол кез­де жа­сым он ал­тыда бола­тын. ЖСМ-41 атқа­ра­тын жұмысы по­йыз жол­дарын жөн­­деу екен. Біз осы жұмыспен бүкіл Еу­ропаны арала­дық десек те болғандай. Қай жерде темір жол жау болмысынан бұзыл­са, соны қысқа мерзімде қалыпқа келтіреміз. Тепсе темір үзетін жігіт­тер болат темірді көтерсе, біз өзімізге тиесілі жұмыс­­тарды атқарамыз. Астан-кестен дүниеде ажалсыз ғана аман қалады екен. Көретін күн, татар дәм бар ма, әйтеуір жеңісті аман көрдік қой.

Ұлы жеңістен кейін біз Челя­бинскі облысының Златоуст қала­сы­ның маңын­дағы Хребта бекеті­не кел­дік. Майданға да осы арадан ат­тан­ған болатынбыз. Біздің атаме­кеніміз осы өңірмен шекаралас еді.

Айтбай ағамен бір жігіт жиі сөйлесіп жүрді. Жеңгем қағазға жазған хат алып келіп береді. Мен оның байыбына бармай, бұл не деп жыртып тастай­мын. Ол кезде жігіттен келген хатты оқып, сөзін тыңдайтын уақыт па еді. Қалған жанның тәубасы, қайтсек қатардан қалмаймыз деп жүрген кезіміз ғой.

Бір күні аға-жеңгем: “Мына Мұхаметқали деген азамат саған сөз салып жүр екен, шешімін өзің айт. Ауыл­да қалған жалғыз шешем бар еді. Жалғыз бармайын, серік алып барып, қызды болдың деп маң­дайынан иіскетейін деп отыр”, – деді. Мен алғашында шоқ басқан­дай ыршып түстім. Хабар ошарсыз кеткен Хамит ағам ойымнан кет­пейтін. Ол күн­дердің күнінде “Ра­би­­­­ға!” деп жетіп келетіндей көріне­тін де тұратын. Ал мына жігіт мені қайдан біледі деп таң-тама­шамын. Сөйтсем, еліне кетіп бара жатып жол бойынан мені көріпті де пойыз­дан түсіп қалыпты. Бұйрықты қой­саң­шы, ақыры келістік. Аға-жеңгем ақылын айтып шы­ғарып салды.

Соғыстан аман қайтқан Мұха­мет­қали екеуміз қол ұстасып оның ата-жұртына бет алдық. Бүгінгідей жүрдек пойыз қайда, ұзақ жүріп Талдықор­ғанның Лепсі стан­сасына келдік. Одан бірден бірге жалғанып жүріп Андреевкаға жеттік. Оның ауылы Төңкеріс деп аталады екен. Жаяулатып жүріп оған да бардық.

Колхоз кеңсесіне таяп қал­­ған­да бір жігіт: “Ой, бауырым, сен тірі ме едің?!”, – деп көрісіп жатыр. Мен мұнысы несі деп таң қалып тұрмын. Сөтсек, “Мұхамет­қали Базаркелді­ұлы Ахметов соғыста қайтыс бол­ды” деген қара қағаз келіпті. Бір жігіт сүйіншілеп анасына кетті. Кейін білдім,­­ ол тай-құлын­дай тебі­сіп өскен Сабырхан мар­құм екен. Біз үйге таяғанда белі бүкши­ген ана­сы алдымыздан шық­ты. “Қай­тыс болды” деп еді тірі екен­сің ғой құлыным!”, – деп аңыра­ғанда өз анам тіріліп кел­гендей, екі көздің жасын аямай төктім.

Баласының “өлгенін” естірткен соң: “Жалғыз өзіңіз қалай отыра­сыз деп анамызды жақын ағайын, колхоздың төрағасы жақсы аға қолына алыпты. Атын атамаушы едім, Құдай кешірсін, есімі – Кәрім еді ол кісінің. Жақсының алды қа­шан­да кең ғой. Жақсы аға жақсы­лығын бізден аяған жоқ. Мұхамет­қали екеуміз: “Қой бұл жүрісіміз не, анамызды қолға алып тірлік жасайық”, – деп ақылдас­тық. Жақ­сы аға алғашында бірге тұра берейік деді де артынан бұларың жөн екен деп ба­та­сын берді. Кол­хоз­ға мүше болып мал да бақтық, қара жұмыс та істедік. Көп қа­тары­нан табыл­дық. Қой бағып жүргенде түнгі күзетке шықсам енем қасым­нан қалмай­ды. Қой күзету соғыстан қиын емес қой апа, демалыңыз десем, жоқ қасың­да қара болып жүрейін, Мұха­мет­қалиы­ма пана болып жүрейін, дейді.

Азаматым екеуміз бес бала өсірдік. Соның екеуін енем туа салып бауырына салып бақты. Одан кейін ол кісі өмірден озды. Қазір тәуба, бес баламның, олар­­дан өсіп-өнген ұл-қыздың қызы­ғын көріп отырмын. Бәрі оқыған, жоғары білімді. Немере­лерім өздері ұйымдастырып сексен жасым­ды Үшаралдың бір үлкен тойханасында атап өтті. Ризамын, – деп Рабиға ана ойланып отырып қалды.

Одан кейін, “Армансыз адам болмайды ғой, шүкір, дей отырып, бір арманымды айта кетсем деймін. Бір әке бір шеше­ден туған екі ағадан тірідей айы­рылған жайым бар. Хамит аға соғыста хабар-ошар­сыз кетті. Айтбай ағадан соғыстан кейін көз жазып қалдым. Оның себебі бы­лай, қарағым, жоғарыда айттым ғой, мені батасын беріп Мұха­метқа­лидың қасына қосып жібер­генін. Сол кезде олар жо­ғары­да айтқан Златоуст қаласы­ның маңын­дағы Хребта бекетінде қалды деп. Бұл 1945 жыл еді. Төңкеріске келген соң бауырыма аман жеттім деп қайта-қайта хат жаздым. Алатын жауабым, бұл мекен-жайда олар тұрмайды деген бір-екі ауыз сөз ғана болды. Ұлы жеңіске биыл 65 жыл толып отырса, менің де бауырларымнан айырыл­ғаныма 65 жыл болды. Әкеміздің аты – Жұма­тай, ол кісінің әкесі – Айтуар болатын. Айтбай ағаның жары – Хадиша жеңгем екеуінен мен білетін Бақыт­жан деген он бір жастағы ұл, Бәтима деген алты жастағы қыз бар еді. Руымыз – арғын, оның ішінде – атбасар. Туыс­тарымды 65 жылдан бері өзім де, балаларым да іздеудей-ақ іздеп келеміз. Қыз­дарым “Бар­мы­сың, бауырыма?” да шығып, нағы­шы­ларым қайда­сың­дар деді. Бірақ, кездесуді Тәңі­рім тірші­лігімде менің маңдайыма жазбай тұр. Айтбай аға мен Хадиша жеңгем бұл дүниеде жоқ шығар. Ал Бақытжан мен Бәтима мен үшін жер басып жүргендей болады да тұрады. Олар өмірде болмаған күннің өзінде, кіндігінен тараған ұрпақ менің осы жанайқайымды естісе, хабарлар деген үміттемін. Ондай күн туса арманым орында­лар еді. Кейде бір ой мазалай­ты­ны бар. Ол, бауырым­нан тара­ған ұрпақ қазақ тілін білмей, қазақша хабардағы сөзді түсінбей қалды ма дегендік қой баяғы. Олар болмаса да бауыр­ларымды біле­тін, не көзін көрген бір аға­йын табылса, одан кейінгі іздеуді балаларым өз-ақ мойын­дарына алар еді.

Иә, қарағым, барға тәубе дей отырып, жоғым туралы да айттым. Ендігі тілегім Алла біздің көрген бейнетті кейінгіге берме­сін. Соғыс­тың аты өшсін. Ұлды-қызды бо­лып, жақсы күн кешіп жатқан біз­дің зейнетімізді берсін кейінгі ұр­пақ­қа!, – деп шүйкедей болған қағы­лез ана тағы да байтақ далаға қадала қарап отырып, терең тыныс алды.



Сүлеймен МӘМЕТ.

ТАҚТАТАС

Кеше Қайнар ауы­лында қанды майданда ерлікпен қаза тапқан абыралылық боздақтарға арналған тақтатас салта­натты жағдайда ашылды. Оған 1300-ден астам арда­гердің есімі жазыл­ды. Көпшіліктің ұйғары­мы­мен әлгі тақтатастың екін­ші бір бөлігіне бүгінде көзі тірі майдан­гер­лердің есімдері де енгізілді. Қайсы­бір майдангер есімі ұмыт қал­ған жағдайда оған алдағы уақыт­та қосымша енгізілетін тақта тағы бар.

Осы белгіні орнатуға аз кемі жоқ 10 миллион теңгеге жуық қара­жат жұмсалды. Ал бұл игілікті шаруа “Абыралы-Дегелең” қоғам­дық қорының арқасында жүзеге асырылды. Осыдан бір жыл бұрын құрылған бұл қордың тізгінін Семейдегі “Ақшың” сауда орталы­ғының президенті, қалалық мәсли­хаттың депутаты Марат Құрманбай қолына берік ұстап келеді.

Марат Серікжанұлының тікелей ұйытқы болуымен өткен жылы Қай­нар ауылында ядролық сынақ­тардан зардап шеккен Абыралы тұрғын­дарына арнап биіктігі 15 метрлік алып ескерткіш ашылған болатын. Сол жолы аталған ауыл­дың кіре бе­рі­сіне осы елді мекеннің аты жа­зылғ­ан айшықты қақпа да орнатылған еді. Енді бұл қор Қайнар ауылында саябақ ашу ісімен шұғылдануда. Көрікті саябақта осы өңірден шық­қан танымал адамдардың ескерткіш мүсіндері орнатылатын болады.

Есімі елге танымал депутат-кәсіпкер мұнымен де шектел­мей, биылғы қыстан қысылып шыққан Абыралы шаруаларына қолұшын беруден де сырт қалмады. Ол, сонымен бірге табиғат апатына душар болған тарбағатайлықтарға да қамқор­лық таныта білді. Ал жоқ-жітік жандар мен жетім балаларға тұрақты түрде қайырымдылық жасау Марат бауырымыздың дағдылы ісіне айналған.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

Шығыс Қазақстан облысы.



ЕКІ МАЙДАННЫҢ КУӘГЕРІ

Ел шетіне жау келсе ер азамат­тар желдің өтінде жүреді. Кешегі күндей күркіреген екінші дүние­жүзілік соғыс қазақтың мыңдаған асыл азаматтарының өмірін үзді. Ет жақынынан айырылу – адам үшін ең ауыр қайғы. Соғыс салған жара бүгін де жазылған жоқ, талаураған ісіктей әлі де жүрек сыздатады.

Біз арнайы іздеп барған май­дан­гер Айдарбек Мақанұлы 1941 жылғы киген солдат шинелін Жа­пон жеріндегі кеңес армия­сының жеңісі­нен кейін шешкен азамат.

Сұңғыла кісі. Өмірден оқыған, тоқығаны мол. Бертінге дейін “Еге­мен Қазақстанды” үзбей оқи­тын қария көз нұры нашар­лағалы теле­дидар ақпараттарына құлағын түріп отырады екен.

Екі майданның өтін көрген қария­да соғыс жайлы айтар әңгіме, әрине, көп. Бірақ, талай рет айты­лып, талай рет жазылған оқиға­ларды қайталауға қарттың онша­лықты зауқы соқпады. Екі рет Отан соғысы орденімен, бір рет жауын­герлік Қызыл Ту орденімен, сондай-ақ Германия мен Жапония­дағы жорық жолдарында алған медаль­дары таңды-таңға ұрып әңгіме айтуға кәміл жетер еді.

Алайда, қарт майдангер әңгі­мені басқа қырдан бастады.

– Жариялылық, сөз бостан­дығы дегенді желеу етіп, ел ішінде әр қилы әңгіме айтатындар көбей­ді, – дейді Айдарбек қария. – Неміс­ті жеңіп не керек еді. Олар бізді басып алғанда немістердей өмірге пысық болып, неміс сырасын сораптап отырар едік дегенді де құлағымыз естіді. Бұл майдан даласында елім, жерім, ұрпа­ғым деп, топырағы­мыздың шетін жау баспасын деп қу жаны­мызды шү­бе­рекке түйген, сыз окоптың тү­бін­де апталап түнеген, күн, түн қа­тып, жаңбырдай бораған оқтың ішінде жүрген барлық май­дан­гер­лерге ауыр тиеді. Қазақтың майдан даласында қалған арыстан жүректі, жолбарыстай сесті мыңда­ған азамат­тарының әруағын сыйла­мау ғой бұл. Кім үшін қан төктік. Бүгінгі айт­қыш­тар жеңіл-желпі сөзімен талай май­дангер­лердің жүрегіне жара салды.

Бодан болудан, өз еркіңмен құл болудан асқан қорлық жоқ қой. Неміс концлагерінде миллиондаған тағдырлардың азаппен өлгенін қалай ұмытуға болады?!

Газет оқығыш, теледидар ақпа­ратын тыңдағыш Айдарбек қарт: “Тәуелсіздік ­– біздің бақыты­мыз” дегенді айтты.

Айтатындай бар еді. Бабасы Тортай әжі қазақтың қадірлі азаматы болған. Әкесі Махан зама­нының алды, дәулетті кісі еді. Керуен-басы бо­лып Орта Азия әс­кери округінің шекарашыларға жіберетін азық-түлік, киім-кешегін, оқ-дәрісін түйелерімен Қытай, Ауған жерлеріне дейін тасымалда­ған. Бала-шағам, ағайын-туысым дүниеден тарлық көрмесін деп дү­ние жинаған әке бай­лығының өзіне бәле болып жабысарын білген бе. Азат басы қор болып, кәмпес­кеге ілігеді. Үкіметке қарсы келер пәр­мен жоқ, сағалап Өзбекстанға өтеді.

Айдарбек Маханұлы 1936 жылы Ташкенттегі жұмысшылар факуль­тетінде оқып, Ташкенттің Орджо­никидзе ауданына қарайтын Еңбек­ші ауы­лында мұғалім болады. Сол жерден майданға аттанған.

– Егемен болмай ел болмас

– Етектен кесіп жең болмас, – деп бабаларымыз неге айтты дейсің. Өз алдына ел болмағаннан кейін бұ қазақтың тартқан азабы басынан асады. ХХ ғасырдың басындағы санақ­та қазақ Орта Азия елдерінің алды болып, алты миллионға жеткен екен. Нәубет жылдары саясаттың құлы болып, қазақ қойдай қырыл­мағанда біз бүгін 50-60 миллион болып, теңіздей толқып отырмас па едік. Соның бәрі өз еркіміз өзімізде емес, өзге күшті елге бодан болған­дығымыздың кесірі.

Майдангер қарт осылай деп толғанады.

Алағай да бұлағай заманда тары­дай шашылған қазақтың бірі Айдар­бек Бекжанов соғыс­тан соң 1965 жылға дейін Өзбек­станда жұмыс істеген. Шаруа­шылық­тарда, жеңіл өнеркәсіп саласында басшы болған. Ес жиған ағайыны жат бо­лып кетеміз деп елге шақырғанда келді.

Өзге елде шекеңнен шеруен атып жүрсең де туған жеріңнің, ағайын-туғаныңның ортасында жүргеннен артық ештеңе бол­май­ды екен. Асыл жар сүйді. Дүние­ге Бек­жановтар әулетінің тамырын терең­ге жіберіп, жапы­рағын жай­қалтып ұл келді. Ауыл, ел емес, алты алаш аузы­на қа­рай­­тын азамат болды –  Берігі. Жүрегін майдай ерітіп немерелер жүр жанында. Адамға артық көп нәрсе керек емес екен. Әрине, қанағаты барға.

Германия мен Жапон жерін­де керзі етігі күрпілдеп, ұлы Же­ңісті жақындатуға өз үлесін қос­қан Ай­дарбектей ақсақал Ота­ныңнан қымбат ештеңе жоқ дейді.

Тәуелсіз Қазақстанның бай­рағы биікте желбірейді. Елдің ең­сесі берік, іргесі мықты. Бұ­рын­ғыдай жан-жағындағы елдер басы­нып, қылышы қыл­тың­дап, зеңбі­регі шошаңдап келе бере­тін, бодан қылғысы келетіндер енді жоқ. Әулетті Қазақстанмен санасады. Мәңгі достық қарым-қатынаста бола­йық дейді. Өз жері өзіне сайғақ құрлы пана болмай шілдің қиындай тозып кете жаздаған қазақ бүгін Еуро­паның төрінде малдас құ­рып отыр. 56 мем­ле­кет аузына қарай­ды. Кесіміне жүгінеді. Айтқанын орындайды. Бұл – қазақ бала­сының бақыты ғой.

Байдың тұқымы деп туған жерінде тұқымы тұздай құри жаз­даған соң көрші елдерге ке­тіп жан сауғалаған, бүгінде тә­уел­сіз Қазақ­станның әрбір ат­қан таңына шүкіршілік айту­дан жалықпайтын Айдар­бектей майдангер қария­ңыздың айтары осы.

Бақтияр ТАЙЖАН.

Оңтүстік Қазақстан облысы.



АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАУ АБЫРОЙЛЫ ПАРЫЗ

Ұлы Отан соғысының қан-қасап қырғыны ешқашан ұмы­тыл­мақ емес. Сондықтан да, сұра­­пыл соғыстың қақ орта­сын­да болып келген соғыс арда­­герлері әрқашан да, құр­меттің қандайына да лайық. Бұл Ұлы Жеңісті жақындатуға елеулі үлес қосқан тыл еңбек­керлеріне де қатысты. Ақтөбе облысының әкімдігі осындай соғыс және тыл ардагерлеріне біраз ком­мунал­дық жеңілдіктер жасаған бірден бір өңір. Десек те, арда­­гер­лерді ардақ­тауға байла­ныст­ы игілікті істер Ұлы Жеңіс­тің 65 жылдығы қарсаңын­да бұрын­ғыдан гөрі де ерекше сипат алып, айшықты бола түсті. Бұл туралы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төраға­лық етуімен Ақтөбе қала­сы, аудан­дардың әкімдері­нің, облыс­тық басқармалар мен департа­мент­тер басшыларының қаты­суымен өткен селекторлық кеңесте кеңінен әңгіме болды. Облыс басшысы Ұлы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеуге байла­нысты Үкіметтік деңгейде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанына, біздің облыста да мерекеге дайын­дық өткен жыл­дың аяғына таман бастал­ғанына тоқталды.

Қазір облыста 555 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедегі, оларға теңестірілген 1874 адам, сондай-ақ, 13152 тыл ардагері тұ­рып жатыр. Республикалық бюд­жеттен бөлінген 225587 мың теңге қаржыдан әрбір соғыс ардагері мен мүгедегіне – 65 мың, оларға теңес­тірілгенге – 25 мың, ал тыл арда­геріне –10 мың теңгеден бір­жол­ғы материалдық көмек бері­леді. Бұған қоса біржолғы материалдық көмек үшін облыс­тық бюджеттен де 97800,0 мың теңге қаражат қаралып отыр, яғни қосымша әрбір соғыс ардагері мен мүгедегіне –15 мың, оларға теңес­тірілгенге – 10 мың, ал тыл арда­геріне – мың теңге сый-сияпат жасалады. Мұның сыртында қала және аудандар әкімдері бөлетін ақшалай материалдық көмек және бар.

Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ орденінің толық иегерлерінің есімдерін есте қалдыру үшін “Даңқ” аллеясы және медицина­лық колледжде М.Мәметованың мұражайы ашылады. Аллеяға батыр жерлестеріміздің қоладан құйылған барельефтері орна­тылады. Шығыс­тың қос шынары­ның бірі, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молда­ғұлованың 85 жылдығы Ұлы Жеңіс­тің 65 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Соған орай Ресейдің Мәскеу қаласындағы №891 мек­теп­­ке бөлінген 70 млн. теңгеге химия, мате­матика, физика секілді бірнеше сыныптарды арна­йы құрал­дармен жабдықтау көз­делуде. Облыс бас­шы­сы Елеусін Наурыз­­байұлы, бұл мектепке қазақ­стан­дық делегация мүшелері­мен бірге мәскеулік­тердің де келетінін айта келіп, еліміздің мәртебесі осындай шаралардың қаншалықты сәтті өтуімен өлше­не­тінін, сондықтан халқымыздың батыр қызы Әлия Молдағұлова атындағы мектепке осы заманғы ең озық оқу құрал­дарын және басқа заттарды сыйлау қажеттігін басты назарға алды.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңындағы іс-шаралар аясында қаладағы бауырластар зираты қалпына келтіріледі, Ақтөбе және Алматы қалаларында жасақталған 100 және 101- атқыштар бригада­сының ерлігін есте қалдыру мақ­сатында Ресейдің Ржев қаласында мемориалдық кешен орнату үшін 70 млн. теңге бөлінді. Облыс бас­шысы бұл шаруада аса мұқият болуды, оның өте сапалы ма­териал­­дардан жасалуы керектігін ескертті. Мұндай елдігімізді көр­сететін ескерткіштердің мәңгілік болуы қажеттігіне тоқталды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ.

Ақтөбе облысы.



БАТЫР БАБАМДЫ МАҚТАН ЕТЕМІН

Осы лебізді Отанымыздың бас газетіне жазуыма басты себеп Ұлы Жеңістің 65 жылдығы жайлы мақалаларды оқығандағы оқиғалар еді. Отан қорғауға мыңдаған маңғыстаулықтар барғаны белгілі. Ал сол бір отты жылдардағы өрлігі мен ерлігі үшін осы түбектің екі түлегі Ленин орденімен марапат­талғаны айтылып, жазылуда. Соның бірі менің атам – 1942 жылы Ленин­градты қорғауда өш­пес ерлік көрсетіп қаза тапқан Қарт­бай Бекжанов. Аймақтан шыққан екінші қаһарман Исатай Сүйеубаев атамыз. Ол кісі жайлы көп айтылып, жазылып, жастарға үлгі етіліп жүр. Жұрт есімін жақсы біледі. Батыр ата 1947 жылы елге келіп өмірден өтіпті. Ал мен Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында 1941 жылы 20 қарашада Ленин орденімен наградталған, қапыда қаза тапқан атамның рухына бас иіп, есімін елі біле түссе екен деген ниетпен жазып отырмын. Атам үшін мақтанамын. Және де бұл мақтануға тұрарлық жағдай – деп ойлаймын. Осы жерде тағы бір ризашылықпен айтайын дегенім атаның жиені Манап Батырбаев пен нағашым Алпамыс Мұсаұлы­ның батыр атамыздың жерленген жері Ленинград облы­сын­дағы Зенино деревнясына барып тағзым етіп келгендігі. Олар Ленинградты қаһарман­дықпен қорғап, өшпес ерлік көрсеткендер тізімінде жазылған­дығын көріп қайтты.



Талап БАТЫРБАЕВ.

АҚТАУ.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет