Жеңіс. Отаншылдық. Естегілер



жүктеу 38.73 Kb.
Дата02.05.2018
өлшемі38.73 Kb.

Жеңіс.Отаншылдық.Естегілер.
Биыл Ұлы Жеңіске 65 жыл толады. Бұл жеңіске біз қалай қол жеткіздік? Жалпы «Жеңіс» деген не?...

Отанына, еліне, жеріне, халқына деген патриоттық сезімі болмаған адамнан еш уақытта жақсылық күтуге болмайды, себебі ол- опасыз адам. «Опасызда Отан жоқ»- деген еді Бауыржан ата. Опасыз адам оп-оңай өз қара басының қамы үшін бәрін де сатып кетеді. Ал ұлтжанды адам ұлтының қамы үшін шырылдап, отқа да, суға да түседі, ұлты үшін, сол ұлты өмір сүріп жатқан жері үшін, туған елі үшін жаны күйзеліп қамығады, керек болса жанын да қияды. Өмір дегенің жеңістер мен жеңілістерден тұрмай ма?

Адам бойындағы отаншылдық бесікте жатқан кезден-ақ анаңның ақ сүті мен өзіңнің туған тіліңде бесікті тербетіп отырып айтқан «Әлди, әлди, әлди-айынан» басталады емес пе? Ана әлдиі, ана тілі-өн бойыңа, туған анаңа деген сүйіспеншілікті қалыптастырады ғой.

Алғаш мектепке барғандағы күлімдеп қарсы алған алғашқы ұстазыңның әр сабағында еліңе, жеріңе, Отаныңа деген сүйіспеншілікті арттырады. Біздің Қазақстанымыздың гимнінің өзі қандай! Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, кез келген тілі жаңа шыққан бала тез жаттап алады емес пе? «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімиденов ағаларымыз кеңестік жүйе кезінде-ақ осы әнді:

«Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін.

Күнің болып төгілемін елім,

Туған жерім менің-Қазақстаным!» - деп әр қазақтың бойына мақтаныш, еліне, туған жеріне деген патриоттық сезім тудырды емес пе?

Ұлы Отан соғысында жеңіске жетудің ең негізгі себебі –Отаншылдық болды. «Шығыстың қос шынары» атанған Әлия мен Мәншүк апаларымыздың соғысқа баруының себебі неде еді? Себебін сол кезеңнің ұрпақтарының патриоттық сезімдерінің күштілігінен, отаншылдығынан іздеймін. Псков облысының Насва деревнясының түбінде 18 жасында қыршын кеткен, ерлікпен қаза тапқан қазақ қызы Әлия Молдағұлованы, сол жерден 60 шақырым жердегі Невель қаласында мәңгілік мекенін тапқан Мәншүк Мәметованың есімін қастерлемейтін қазақ жоқ шығар, сірә? Олар біздің жарқын болашағымыз үшін күресті. Қаншама жылдар өтсе де олардың ерлік істері ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек. Мемлекетіміз батыр қыздарын мәңгі есте қалдыру үшін туған жерлері мен Алматы қаласында ескерткіш орнатып, өскелең ұрпақ тағзым етер қасиетті орынға айналдырды.

Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңі қоршаудағы Ленинград көшелеріне іліп тастағанда, қаланы қорғаушы әр жауынгердің, аштықтан бұралып жүрген әр Ленинградтықтың рухын оятып, жеңіске жетеледі. Жеңіске жету үшін адам бойында ұлттық рух пен отаншылдық керек.

Биыл туғанына 100 жыл толайын деп отырған «Баукең» деп елі еркелеткен Бауыржан Момышұлы атамыз тегін «Момышев» деп жаздырмай «ұлы» деп жазудан қорыққан заманда «Момышұлы деуінің өзі оның ұлтжандылығы емес пе? Осы ұлтжандылықтан ұлтына деген махаббаты көрінді, соғыста ерлік жасап, жеңіске жетуге үлес қосты. Кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық кітаптарын, Отан туралы небір нақыл сөздерін қалдырды.

Қазақстандық жауынгерлер, қаһарман қалалар Сталинград, Мәскеу, Курск, Невель т.б. қалалар үшін болған ең ауыр шайқастарда жан аямай соғысты. Өмірдің ең бір жалындаған жастық шақтары соғыс кезеңіне тап келіп, қаншама жастың сүйегі жат жерде жерленді. Олар өмірдің қызығына тоймай, қыршынынан қиылды. Дүниенің астан-кестеңін шығарған алапат соғыстың лаңы қаншама отбасына ауыртпалық әкелді. Өлгісі келмей өмір сүруге құштар болған Баубек Бұлқышев, Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының батырлары Сұлтан Баймағанбетов, Нүркен Әбдіров, Талғат Бигельдинов ( екі мәрте) сияқты ұшқыштар мен Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Абдолла Жұмағалиев т.б. аты аталған және аталмаған батырлар туралы кітаптар қайтадан көп тиражбен баспалардан шығарылып, оны балалар оқыса, қазақ батырларының ерлігі мен өмірін бейнелейтін кинолар түсірілсе, дискілер шығарылса, бүгінгі жас ұрпақтың бойына патриоттық, елжандылық сезімді қалыптастыратын мықты құрал болар ма еді? Қазір біз теледидардан, ұлттық арналарымыздан Қазақфильм шығарған ата-әжелеріміз айтып отыратын, олардың заманындағы фильмдерді мүлде білмейміз, себебі көрсетілмейді.

Кеңестік заманда тәрбиеленген ұрпақ соғыс туралы киноларды көп көретін сондықтан да оларда париотизм бізге қарағанда күштірек болды. Көркем әдебиетті көп оқитын ұрпақ болды. Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаевтан кейінгі ағаларымыз балалар туралы кітап жазбайтын болды. Оқиық десек жоғарыда аты аталған батырлар туралы кітап таба алмаймыз. Олардың өмірі туралы, ерлігі туралы білгіміз келеді.

Соғысқа қатысқан қарттардың қатары сиреді. Мен тұратын Талдыбұлақ ауылында екі-ақ соғыс ардагері тұрады екен. Жылдан жылға бұл кісілердің де қатары сиреп барады. Қазір теледидардан Қызылағашта болған сел, жойқын су тасқынының зардаптарын көрсетіп жатыр. Мен елімді осындай апаттардан сақтаса екен, менің туған халқым аман болып, туған жерімде тек тыныштық болса екен деп тілеймін. Осы менің Қазақстаныма деген патриоттық сезімім емес пе?



Біріміз Ұлы Отан соғысы, біріміз екінші дүниежүзілік соғыс деп атап келген сұм соғыстың біткеніне 65 жыл толып отыр.Төрт жылға созылған бұл қырғынға қазақтың әрбір отбасы ардақты ұлдарын шығарып салып, жеңіспен оралуын күтті. Соғыстан қайтпай қалған жауынгерлердің сарғайған суреттері әр үйде бар. Біз, Тәуелсіздік құрдастары, қазақ халқына тән батырлық пен батылдықтың, сұлулық пен қайсарлықтың символындай болып, жас қалпында ел есінде қалған Мәншүк пен Әлияны және жоғарыда аты аталған батырларымызды ұмытпаймыз.

Алматы облысы, Талғар ауданы,

Бірлік ауылы №35 ортамектеп





11б класс оқушысы Парманбекова Маржан

2009-2010 оқу жылы

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет