Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің 316 миллиард теңгесі кәріз-тазарту нысандарын салуға жұмсалғалы жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Жоспарға сәйкес қор қаржысына "Бәйтерек" холдингі арқылы 24 жоба іске асырылуға тиіс.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшиннің айтуынша, дәл қазір еліміздегі 89 қаланың 69-ында не кәріз-тазарту ғимаратын соғу, не жаңғырту қажет. Әзірге 8 қаладағы құрылысқа республикалық бюджеттен 20 миллард теңге бөлінген. Бірақ, әлі жалпы құны 878 миллиард теңге болатын 61 жобаға қаржы қарастырылуы керек.

Мәселен, 8 жобаға қажетті 200 миллиард теңгені мемлекеттік кепілдік негізінде халықаралық қаржы ұйымдарынан алу көзделіп отыр. Ал, 28 жобаға республикалық бюджеттен 346 миллиард теңге қарастырылуы ықтимал.

Сарапшы Сапарбай Жұбаев кез келген қор қаржысының үздіксіз жұмыс істегені жөн дейді. Мұндай үрдіс әрі әлемдік тәжірибеде де бар. Бірақ ақша су, кәріз жүйелерін қалыпқа келтіруге емес, жаңа өнеркәсіп салуға инвестицияланғаны абзалырақ екен. 
Экономист Сапарбай Жұбаевтың сөзінше, қаржыны жол салуға, қосымша зауыт салуға жұмсаған дұрыс.

“Қаржыны тиімді пайдалансақ болар еді. Жаңа технологияларға, ақпараттық технологияларға жаратқан абзал. Ал, бізде сумен қамтамасыз ету әліге дейін шешілмей жатыр. Неге? Себебі, осы бюджеттен бөлінген қаржы, қорлардан бөлінген ақшаның бәрі жемқорлардың қалтасына кетіп жатыр”, – дейді ол. 

Еске сала кетейік, қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы қаражатын Ұлттық банк БЖЗҚ-дан "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ облигацияларына салған еді. Салынған инвестиция көлемі – 173 миллиард теңге. Банк зейнетақы қорының қаржысы ірі жобаларды инвестициялауға жұмсалатынын айтқан. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.