Жылдардағы әдебиеттің саяси әлеуметтік дамуы



жүктеу 410.61 Kb.
Дата29.08.2018
өлшемі410.61 Kb.


Мазмұны
Кіріспе ................................................................................................................ 3
1 1960 - 2000 жыл кезеңіндегі әдебиеттің әдеби-эстетикалық, саяси әлеуметтік және тәуелсіз ұлттық даму жайы ..............................................5

1.1 1960-2000 жылдардағы әдебиеттің даму өрісі ..........................................5

1.2 1960-2000 жылдардағы әдебиеттің саяси әлеуметтік дамуы ..................8

1.3 1960-2000 жылдардағы проза жанрының даму негіздері ......................11


Қорытынды .....................................................................................................26

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ...............................................................28

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы: бұл дәуірдегі әдеби қозғалыстың басты ерекшеліктерінің бірі жазушылардың шығармашылық белсенділігінің артуы деуге болады. Бұл осы дәуірде туған прозалық шығармаларда айрықша танылды. Өмірді күнгей жағынан ғана алып, боямалап көрсету фактылары сынға ұшырағаннан кейін қазақ жазушылары бүгінгі маман шындығындағы қайшылықты құбылыстарды көріп зерттеуге, көркем бейнелеуге ұмтылды. Ел тарихындағы маңызды тарихи оқиғаларды суреттеуге ойысты.

Тақырыптың өзектілігі: Қоғам дамуына сай әдебиетте үнемі өрістеп отырады. Сондықтанда қазақ әдебиеті халқымыздың рухани мәдениетінің бір бөлігі ретінде үнемі жүйелі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Бүгінгі әдеби процестегі көкейкесті мәселелердің бірі – адамның өзін-өзі танып білуі. Жеке адам концепциясы өзекті, басты ешқашан сарқылмайтын проблема. Адамның жан дүниесін танытудың бұрынғы таптаурын еріксіз ескіруде. Қазіргі жазушыларымыз адам жан дүниесін диалектикалық қайшылықтармен жеткізудің соны тәсілдерін табуға ұмтылуының сыры осында.

Қазіргі қазақ әдебиетінің алдында көркем сөз алыптарының дәстүрлі мектебі болды. солардың тәжірибесін, өнегесін игерген бүгінгі қазақ әдебиетінің қол жеткізген сапалы жетістіктері аз емес. Әсіресе осы кездегі проза жанрының дамуын зерттеу, поэтика мәселесін қарастыру-аса маңызды проблема.

Әдебиет негізінен шартты, абстрактілі категория. Мұнда көзбен көріп, қолмен ұстап бағалайтын ештеңе жоқ. Бұл жағынан әдебиетке, дәлірегінде көркем әдебиетке қатысты барлық баға, байламға төрелік етіп, төбе би үш қызметін атқаратын адамның ақыл-парасаты мен жүрек қуаты ғана. Мұның өзі де шартты ұғым. Өйткені кейбір классикалық туынды ретінде қабылданған шығармаға да ұнамды, ұнамсыз, жақсылығы мен жамандығы жөнінде пікір айтылып жататындығы, сол пікірдің басында анау-мынау емес, аузы дуалы, сөзі өтімді кесек тұлғалардың да жүретіні бар. Бірақ бұдан әлгі шығарма авторының атақ – абыройына пәлендей нұқсан келіп жатқаны болмайды.

Қазіргі қазақ әдеби процесінде образ сомдаудың тиімді тәсілі-жазушының образ жасаудағы қолданатын стильдік тәсілі. Өмір шындығы көркем образдар арқылы танылатыны айғақ.

Образдардың сомдалуынан шығарманың мәні ашылады. Өйткені көркем тұлға табиғаты арқылы қоғамдық, ұлттық проблемалар бейнелеленді. Сюжетті өрбітетін де, аяқтайтын да характерлер. Қаламгердің характер ашуындағы қолданған көркемдік тәсілдері (диалог, монолог,пейзаж, портрет,деталь) оның стилін анықтайды.

Жазушының толымды табысы деп қаһарман болмысын, характерін ашуда көркемдік құралдарды ұтымды пайдаланып, шебер бейнелеуін айтар едік. Шеберлік ауқымы кең, ол бір ғана көркемдік құралдарды жете меңгеріп, тиімді қолднуымен шыңдалмайды. Көркемдік құрал, әдіс-тәсілдерді тұтастыра білгенде ғана шығармадағы адам характері, оның күрдел ішкі жан-дүниесі барынша терең ашылады.

Көркем характерлерді талдау шығарма поэтикасының проблематика,тартыс, образдар жүйесі уақыт және кеңістік тәрізлі эстетикалық категорияларымен тығыз байланыста қарастырылады.



Курстық жұмыстың мақсаты: берілген тақырып бойынша теориялық талдау жасау мен оның негізгі ерекшеліктерін, дамуын сипаттау болып табылады.

Курстық жұмыстың міндеттері:

  • берілген тақырыпты теориялық сипаттау;

  • қазақ әдебиетінің дамуын сипаттау;

  • қазақ әдебиетіндегі ерекшеліктерді ашу;

Курстық жұмыстың құрылымы: кіріспе негізгі бөлім, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 1960-2000 жыл кезеңіндегі әдебиеттің әдеби-эстетикалық, саяси әлеуметтік және тәуелсіз ұлттық даму жайы

1.1 1960-2000 жылдардағы әдебиеттің даму өрісі

1960-2000 жылдары әдебиет саласындағы жаңаша ізденістің бір үлгісін Мұхтар Әуезов көрсетті. Ол «Өскен өркен» (1962) романы арқылы бүгінгі күн тақырыбын игеруде өзгеше ізденіс танытты. Әдебиетте өз замандастарының бейнесін этикалық түрде бейнелеуді ойлаған жазушы өмірінің соңғы кезінде республиканы көп аралап, еңбек адамдарымен танысып, өмір сырына ой жібере қарады. «Өскен өркенде» ол Қазақстандағы бүгінгі мал шаруашылығының жайы және онда еңбек етіп жүрген адамдар тағдырын суреттеуді мақсат ете отырып, сонымен байланысты моральдык-этикалық, ұлттық дәстүрлер мен олардың жаңаруы, салт-санадағы ескі ұғымдар мен өзгерістер, жаңа адамды тәрбиелеу мәселелері тәрізді көптеген проблемаларды қозғады. Осы негізде Қазақстанды мекендейтін халықтардың бүгінгі қарым-қатынастарына үңілді. Өмір шындығын әрқашан қат-қабатымен көтеріп үйреніп жазушы бүгінгі тіршіліктің де күнгей жағын ғана қаузамай, дамуға бөгет болып отырған қиындықтар мен қайшылықтарды шыншылдықпен ашады. Романның бүкіл сюжеттік-композициялық, идеялық-көркемдік негізінен туатын қорытынды – мал шаруашылығын өркендетудің сенімді шараларын ойласудың қажеттігі (өмір бойы мал басының өсуіне бөгет болған жұт әлі бар, малшылардың көшпелі күйінде өзгеріс аз) мен сападағы ескілікпен аяусыз күресу (Айсұлу – Сағит оқиғалары) керектігі. Мұны жазушы кейіпкерлердің белсенді әрекеті мен іскерлігін күтіп отырған проблема етіп көтереді.

М. Әуезов «Өскен өркен» арқылы қазақ әдебиетіндегі ұнамды кейіпкерлер туралы ұғымды кеңейте түсті. «Біздің замандасымыз – барша қауымның бақытын тілейтін, жалпақ дүниенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам. Оны тебірентетін нәрсе жоқ - ел өмірі, достар мен қастар жайлы ойын бөледі, саясат та, ғылым да, өнер де, еңбектегі жеңіс пен жетімсіздік те, отаршылдыққа қарсы күрес те - бәрі-бәрі де оны толғандырады. Жеңісіміздің әр сәті - Кеңес еңбеккерінің жан-жүрегінің жарқ еткен сәулесі, жалт еткен ұшқыны іспетті. Ол өзі осындай адам»,- деп жазды ол «Қазіргі роман және оның қаһарманы» атты мақаласында. «Өскен өркенде» Мұхтар осындай қаһарманның жаңа үлгісін жасауға ұмтылды. Оның кейіпкерлері – бүгінгі заманның, қажырлы, жан-жақты білімді, адамгершілік мінездерді бойына жинақтаған тұлғалары. Олардың іс-әрекетінің өлшеуіші – қызмет емес, қоғам алдындағы жауапкершілік пен адамшылық игі қасиеттер Нил Карпов, Алмасбек Жайлыбеков, Әсия, Әлім, Ақан, Медет, Сағадат, тағы басқалардың бәрін де жазушы осындай жаңа қасиеттер тұрғысынан іріктеген. Мақсат, тілек бір болғанмен, олар характер есебінде дара-дара.

Көркем прозадағы шағын жаңалықтарын кең ашып, адамдардың өсу жолының күрделілігін көрсету, сол арқылы дәуір ерекшеліктерін диалектикалық тұрғыда танытудағы осы бастама Т. Ахтановтың «Боран» (1963) романында жақсы қолдау тапты. Жазушы онда күресте шыныққан, бойында рухани қуаты мол, моральдық сапасы биік еңбек адамының жаңа бейнесін жасады. Шығарманың сюжеттік желісінде ұзақ сонар баяндау жоқ. Ондашопан Қоспанның малымен ақтүтек боран астында қалып, бір отар қойды қалай аман алып қалу жолындағы арпалысы суреттеледі. Сол арқылы Тахауи Қоспан тағдырына, оның ішкі сырына, ол бастан кешкен дәуірдің өзгешеліктеріне үңіледі. Боранмен атыса жүріп, өз басынан кешкен өмір белестерін еске алады, терең ойға батады. Шығарма композициясын ұстап, тұтастырып тұрған да осы ойлар, қаһарманның ішкі монологы.

Қоспан тағдырына үңіле қарасақ, оны тағдыр маңдайынан сипап өсірмегенін көреміз. Ол ылғи өмірдің кедергілеріне кездесіп, соларды көре жүріп өсіпті, өмірдің зіл салмағын көтеріпті. Көрген рахатынан бейнеті көп осы азаматты қажытпай алып келе жатқан – Қоспанның өмір сүйгіштігі, жан дүниесінің тазалығы, рухани байлығы. Жазушы шығарма идеясын осыны көрсетуге құрады. Осы бір тұстан әдебиетке қойылған талап – өмір шындығын жеңіл етіп көрсетпей, кейіпкер бейнесін терең тартыста, күресте таныту Тахауиша жаңа ой салғаны көрінеді.

Қоспан бойында еңбек адамына тән іс-әрекет, көзқарас мол. Жаратылысында қарапайым, адал, жұртқа сенімі мен сүйіспеншілігі мол Қоспан – қысылтаяң күндерде қайраттанып кететін ер. Майданда взвод командирі Қасболаттың адьюданты бола тұрып, ол шегініп бара жатқан әскерлерге мүмкіндік беру үшін жау тосқауылын бөгеуге сұранып қалады. Осы ұрыста есін білмей жараланып, жау қолына түседі. Тұтқын лагерінде азаптар шегеді. Лагерьден қашып, ұсталып, неше түрлі қинау көреді. Бірақ ол тағдырына налымайды, көнбістік танытады, мойымайды.

Соғыстан соң туған ауылына келген ол жұмысқа орналаса алмайды. Жау тұтқынында болған адамға сенімсіз көзқарас оның алдынан шығады да тұрады. Ауданда басшы қызметте отырған Қасболат та көмектесе алмайды. Ақыры жұмыс таңдап үйренбеген Қоспан тері-терсек жинайтын мекемеге кілтші болып орналасады. Мекеме бастығы Жаппаспай деген алаяқ қу екен, Қоспан оның алдампаз, екі жүзділігін бетіне басып айтады да, ауылға шопандыққа кетіп отырады. Ал, шопан өмірінің қиындығы бір басқа. Қарауындағы мал қамын ол ойлағанмен, басшылар ойламайды, оны табиғатқа тәуелді етпей бағуға жағдай жоқ. Колхоз басқармасына айтқан ұсыныстар қолдау таппайды. Сөйтіп, мал боранда қалды. Долы боранда мал бір жағынан үсікке ұшырайды, екінші жағынан қасқыр қырады. Астындағы атын да қасқыр жарып, өзі жаяу қалады.

Тахауи осының бәрінде де Қоспанды орнықты, ісіне адал, сенімді, тәуекелі де, жауапкершілігі де күшті характер етіп бейнелейді. Өмірде сәтсіздікке көп кездессе де, ол жауапкершіліктен тайсақтап, қорқақтық көрсетпейді. Командиріне еріп кетіп қалуға болатын адьюданттың жауды бөгеуге сұранып қалуы, қашып шығудың қиын екеніне жарамай, жау лагерінен кетуге жасаған әрекеттері, Жаппасбаймен қақтығыс, малды шөп азайған тұста қолға қамамай, далаға алып шығуы оның тәуекелшілін, өзі бет алған ісіне беріктігін танытады. Ол еш уақытта ақтала сөйлемеген өзіне сену, өзінің тазалығына сену – оның басты адамдық сапасы. Ойланғанда ол көрген қиыншылықтарын емес, соны тудырып жатқан жағдайларды еске алады. Тұтқында болғаны мұның бетіне неге шіркеу болады? Оның еркімен жауға берілмейтінін, ержүрек жауынгер болғанын Қасболат білетін еді ғой, ол неге ара түспейді? Неге өзі басқалармен бірге күдіктене қарайды? Ауыл басшылары неге мал бағу жағдайын жақсартуға енжар? Осы ойлар Қоспанды қинайды. Шығарма осылай проблемалығымен, кесек характерімен бағалы. Адамның рухани күші тағдырдың қандай қыспаққа түссе де, оны ілгері жетелейтін, еңсесін түсірмейтін биік саға екенін Тахауи терең аша білді [1, 52].

Мал шаруашылығын өркендету шараларын проблемалық тұрғыда көтере отырып, ондағы адам тағдырының әр-қилы өзгешеліктеріне көңіл бөлу Т.Әлімқұловтың «Ақ боз ат» (1962) романында да байқалады. Мұнда қазақтың қанына сіңген жылқы құмарлық, жүйрік ат баптау, бәйгеге қосу, сонымен бірге сауықшылдықты қызық көрген елдің дәстүрлі кәсібі мен өнері кең бейнелі сурет табады. Біркімбай бейнесінен осындай қазақтың табиғатын, еңбекқорлық, адамилық ар-намыс, борыш атаулыны бағалайтын тұлғаны танысақ, өмірі еңбекпен өткен Гүлбаршынның да тұтас характерін көреміз. Оның бейнесін жасауда жазушы отызыншы жылдардың ауыр кезеңі оқиғаларына сүйенген. Бұл жылдардағы Кеңестік жалған белсенділік «Алтын тіс» - бойында жинақталған. Ұсақ мінезді, пасық Қараштың типінде де іштарлық, көре алмаушылық мінездердің айқын көрінісі бар.

Бұл жылдардағы ауыл еңбеккерлері жайлы романдарды Қазақстанда тың көтерумен байланысты туған жаңа туындылар толықтырды. Бұлардың ішінде С. Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», 3.Шашкиннің «Сенім» романдары көрнекті орын алады.

«Жапандағы жалғыз үй» – тың игеру тақырыбына арналды дегенмен, шаруашылық мәселелерін емес, адам тағдырын, оның өсу, өзгеру психологиясын тартымды суреттеген шығарма. Онда елдегі әлеуметтік өзгерістер бір отбасының тағдырына байланысты көрсетіледі. Жазушы онда заманның, уақыттың адамға, оның тағдырына кайшылықты әсер етіп жатқанын атады. Тың көтеру ісі де қайшылықты. Жапандағы жалғыз үйдің құлауы, бір жағынан, жаңарып жатқан тіршіліктің ықпалы болса, екінші жағынан, шаруаның жеке меншікшіл сезімінің күйреуін аңғартады. Коллективизация кезінде де солай болған. Шаруаны жерден айырған. Ескі дәстүр, ұлттық ұғымдар шектеле бастады. Сәкен мұны ашып айтпағанмен, характерлер, адам психологиясы арқылы танытады. Адам өмірі, олар көрген, жақсылық пен зорлық та сабақтас, Күргерей әңгімесінен, мұны анық түсінеміз. Жер ана жаңа адамдардың қолына тиді. Тағдыры не болады? Олар қайда апарады? Үлгі тағдыры, не күйге түседі? Роман осы тәрізді көптеген сұрақтар қояды [1, 57].

1.2 1960-2000 жылдардағы әдебиеттің саяси әлеуметтік дамуы

Жалпы қазақ әдебиетінің даму тарихына көз жүгіртсек, әріден келе жатқан ақын-жыраулар кезеңін алмай, діни-ағартушылық, демократтық, ұлт-азаттық көтеріліс, Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі әдебиетпен салыстырғанда 1960-2000 жыл кезеңіндегі әдебиет өзіндік ерекшеліктерге ие.

Бұл ерекшеліктер: жаңашыл көзқарас, жаңа заман, жаңа бағыт.

Қаламдары қатая, шығармашылықтары шыңдала түскен қылқалам шеберлері мен шалқар шабыт иелері тудырған шығармаларда енді жаңашыл пайымдаулар, көзқарастардың белең алуы айқын аңғарылады. Сонымен қатар бұл кезеңдегі әдебиетке тән ерекшеліктердің бірі-жазушы шыншылдығы, туынды тарихилығы, шығарма ақиқаттылығы, яғни кешегі күнде көлеңкеде қалып қойған ащы шындыққа сәуле нұрын шашып, өмірді күңгей жағынан алып, боямалап көрсетпей, қоғамдағы маңызды мәселелерді барынша шынайы көре аламыз.

Кешегі күнде әдебиеттің қайнар көзі болған ел тағдыры, жер тағдыры, отарлау саясаты, майдандағы жауынгер тағдыры сынды мәселелер енді қазақ қоғамына келе бастаған жаңашылдыққа ұласа бастады. Сол тұста жарық көрген роман болсын, өлең сөз туындылары болсын тек тақырып жағынан ғана ерекшеленбей, сонымен қатар сюжеттік-композициялық, идеялық-көркемдік тұрғысынан да, яғни шығармадағы каһарман бейнесін сомдауда, дәуір ерекшеліктерін танытуда өзіндік жаңалықтарға ие.

Тілге тиек еткен мал шаруашылығы, тың игеру, егіншілік, өндіріс жұмыстары, күнделікті күйбең тіршілік қарбаласындағы қара жұмыс адамының образын жасау барысында сол кездегі дәуір көрінісін бейнелей келе, әдебиетте қазіргі заман шындығын суреттеп, адамның бүгінгі бейнесін танытуға ұмтылады. Сонымен қатар осы кезеңдегі әдебиетке тән бір ерекшелік, бұл-адам психологиясы, яғни адамгершілік қасиеттер: ар-намыс, қажырлылық, жігер, ұят, борыш, еңбекқорлық сынды рухани құндылықтар мен іштарлық, көре алмаушылық, жемқорлық, жағымпаздық сияқты жағымсыз мінездер арпалысып, замана сомдаған адам бейнесін айқын танытады [2, 20].

1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің әдеби эстетикалық,саяси әлеуметтік дамуы қадамдай, қарыштай қарқындады. Бірінші дәрісте айтылғандай, қаламгерлер қатары молайып, 600-ге жетті. Жалпы қазақ әдебиетінің сол кездегі бүкіл әлемдік көркемдік дамуға қосқан өзіндік өзгешелігін пайымдағанда, ең алдымен, оның жоғары идеялы, асыл мұратты әдебиет екені ойға оралады. Адамзаттың рухани қазынасына айналған шығармалар тек белгілі бір құбылыстар мен байланыстардың, күрестер мен тартыстардың шыншыл шежіресі ғана жасап қоймай, сан миллион еңбекші қауымға әділ ұстаз, тамаша тәлімші қызметін де атқарып келеді.

Қазіргі реалистік қазақ әдебиетінің алдында бұрынғыдан да биік міндет тұр. Реалистік әдебиетте үстем таптың ғасырлар бойғы өктемдігін құлату, жаңа қоғам орнатылған кездегі қазақ ортасының өзгерісінен бастап, өмір шындығының белес-белестерін бейнелеген шығармалар шырқау биікте. Әлем жұртшылығының назарын аударудың ең тура жолы–қазақ халық өмірінің терең тамырларын, сүйкімді артықшылықтарын толық та анық көрсете білу. Қазақ әдебиетінің үздік үлгілері реализмнің, яғни шыншылдықтың биік талаптары тұрғысында жасалған белгілі. Бүгін тек қана Қазақстанға ғана емес, жер жүзінен танымал шығармаларды атап өтсек, қазақ әдебиетінің даму сатысының жоғарылағанын аңғаруға болады. Мұндай таңдаулы туындылар қатарына жататын Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романдары неміс, француз тілдеріне тәржімаланса, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы көгілдір экран бетіне шығып, әлем жұртшылығы назарын өзіне аударды.

Әлбетте шығарманың нарқын шет тілдерге аудару мәселесі ғана анықтай бермейді. Дегенмен, әдебиетіміздің абыройы асқақтауы үшін оның жер шарына неғұрлым кең де, мол тарай беруі қуанышты жағдай.

1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің дүниеге әкелген жаңалығы- билеушісі жағдайдың құлы емес, болашаққа сеніммен қарайтын, халықпен ынтымақтас, өз мүддесін көптің мүддесімен бірлестіре білетін жаңа қаһармандар. Әдебиетіміздің бүкіл өзіндік жүрістері мен келістері, айрықша ажары мен көркі де осы қаһармандарға байланысты. Халықтың қалың ортасынан шыққан еңбекқор, кертартпа кесел атаулымен мәмілеге келмейтін жігерлі күрескер адам–әдебиетіміздің орталық тұлғасы болып келеді.

Халық өмірінде өшпес із қалдырған оқиғалар сырына үңілу, ел тіршілігінің ұрымтал тұстарын жан-жақты көрсету, қоғамның, адамның тарихы мен тағдырын алғы кезекке қою да қазақтың сол тұстағы (1960-2000) әдебиетіне тән сипаттың бірі болып қалыптасқан. Мәселен, ең елеулі шығармалар «Ақтабан шұбырынды», жоңғарлармен соғыс сияқты жағдайларға, ұлт-азаттық көтеріліс, Азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы сияқты тарих кезеңдерге арналған. Өмірдің сан алуан тақырыптарының ішінен ең елеулісін іріктеп алуға да реализмнің өмірінен шыншылдығы ықпал етті. Сол тарихи құбылыстарды диалектикалық шындығымен неғұрлым ақиқат, анық танытатын шығармалар жасауда қаламгерлер барынша шеберліктерін шыңдай түсті.

Дамуымыздың қазіргі кезеңіне сай жекеленген қайшылықтар, кемшіліктер ұшырайтыны мәлім. Дәуір қаһарманының, озық адамның күресетін, өз қасиетін толық ашатын саяси, зияткерлік, адамгершілік майданы қайсы дегенді суреткер философша терең пайымдай, үлкен характерлер, сан тұлғалар жасай алуы екі талай. Әдебиетіміз жоғары идеялылықпен қатар биік көркемдікті, қуатты азаматтық пафосты қатар алып жүруі шарт [3, 15].

Кеңестік дәуірдегі әдебиеттің дамуына байланысты қазақ әдебиетін зерттеу еңбектері мен сыни мақалалар көптеп шыға бастады. Осындай зерттеу еңбектің тұңғыш туындысы 1949 жылы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» талабына жауап бермейді деген сылтаумен сыналғанымен, 1960 жылы жаңа нұсқасы қайта басылып шықты. 1967 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген атпен үшінші томы жарық көрді. Бұл зерттеу еңбегіне қазақтың «ақтаңдақтары» – С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Дулатов, М.Жұмабаевтар мен Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев т.б. шығармашылықтары жайлы монографиялық тараулар енді. 1960 жылы С.Сейітовтың «40 жылда», 1962 жылы Б.Кенжебаевтің «20 жыл Қазақ совет әдебиеті» еңбектері әдебиет дамуының кезеңдеріне шолулар жасады. Әдеби процесс-жанрлық, тақырыптық даму тұрғысынан да, жеке ақын-жазушылардың шығармашылық жолын жинақтау, әдебиет тәжірибесін теориялық қорыту жағынан да зерттеле бастады.

Ә.Тәжібаевтің «Өмір және поэзия» (1962), Б.Шалабаевтың «Қазақ романының тарихы» (1966), Ш.Ахметовтың «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі» (1960) Ә.Сатыбалдиевтің «Рухани қазына», «Аударма проблемалары жайында» (1964), М.Базарбаевтың, Т.Кәкішевтің, З.Ахметовтың, Қ.Жұмашевтың көптеген монографиялары мен зерттеу еңбектері жарық көре бастауы қазақ әдебиетінің дамуының айқын көрінісі болды.

Сонымен қатар, көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына талдау, сыни пікірлер жазылған мақалалар, мысалы, 1962 жылы С.Қирабаевтің «Сәкен Сейфуллин», Т.Нұртазиннің 1960 жылы «Жазушы және өмір», 1960 жылы «Бейімбет Майлиннің творчествосы», М.Дүйсеновтың «І.Жансүгіров» (1965 ж), «Ақын мұраты» (1967 ж) тағы басқа арнау-жинақтар жарық көрді.

Ал, 1972 жылы КОКП орталық комитетінің «Әдеби-көркем сын туралы» қаулысы шыққаннан кейін, әдеби сынның беталысы қарқындап, өркендей түсті. Жыл сайын баспасөзде «Уақыт және қаламгер» атты сын еңбектер жинағы қалыптасты.

1970-80 жылдары жанр төңірегінде жеке көлемді зерттеулер шыға бастады. Поэзияны жете зерттеген З.Қабдолов, З.Ахметовтың әдеби-теориялық ғылыми талдаулары – «Жанр поэзиясындағы дәстүрдің ұласуы» (1981), «Көркемдік кілті-шеберлік» (1985) жарық көрсе, Ә.Тәжібаев, Е.Жақыпов, Р.Нұрғали зерттеген драма жайлы сыни еңбектер баспа бетін көрді. Ал проза саласын зерттемеген әдебиетші болмаған деп айтсақ та артық емес. Р.Бердібаевтің, М.Базарбаевтың, Ш.Елеукеновтің, Ә.Нағыметовтың, Б.Майтановтың, З.Серікқалиевтің, Ә.Әзиевтің көптеген прозаның көкейкесті мәселелері мен даму ерекшеліктері жайлы сыни пікірлері мен зерттеу мақалалары жинақталды.

1988-1989 жылдары «ақтаңдақтар аталған» Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбектер ақталып алынған соң, осы сынды ақын-жазушылар мұрасын насихаттау мақсатымен Ш.Сәтпаеваның 1993 жылы «Ш.Құдайбердиев»,сол жылы С.Қирабаевтың «Ж.Аймауытов», Ш.Елеукеновтің «Мағжан» (1995) атты зерттеу кітаптары жарық көрді.

1960-2000 жылдардағы әдебиетте проза саласының қарқын алып дамуына үлкен үлес қосқан қаламгерлер М.Әуезов, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов, С.Жүнісов, З.Шашкин, І.Есенберлин, Қ.Исабаев, тағы басқалар қатарына сөз өнерінің жас күштері Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Тарази, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Ә.Әлімжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, Х.Есенжановтар қосылды.

Қазақ жеріне келген жаңашылдықты, қоғамдағы әлеуметтік жағдайды шынайы жеткізе білген. Ғ.Мүсіреповтың 1984 жылы жарық көрген «Жат қолында» шығармасы. Кітап баспадан 1984 жылдың аяғында шығып тарай бастады. 1985 жылдың 25 қаңтарында Социалистік Қазақстан газетінде «Жат қолында» романы жайында М.Базарбаевтің мақаласы басылып шықты. Ғ.Мүсіреповтың жаңа туындысы «Жат қолында» өзінің көзі тірісінде-ақ оқырман қауымнан жақсы бағасын алған. Роман бұрынғы «Оянған өлкенің» жалғасы. Ондағы оқиғалар ілгері дамыған. Сонымен бірге жаңа дәуірдің жаңа адамдарын, қазақ қоғамының нағыз оянған-екі ғасыр аралығы мен ХХ ғасырдың бас кезін қамтыған дербес туындыдай [4, 12].



1.3 1960-2000 жылдардағы проза жанрының даму негіздері

Әрбір халықтың көркемдік дамуында өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Әдебиеттің көп жанрлы әрі мейлінше бай болуы қазақ халқы рухани мәдениетінің өзгеше бір сипаты. «Әдебиет» - халықтың айнасы. Әдебиетіне қарап сол елдің осы кезеңдегі басынан кешкен саяси оқиғаларын, халықтың жай-күйін, мақсат-мүддесін анық көруімізге болады.

Әрбір дәуір әдебиет пен өнерге өз талабын, өз тақырыбын ұсынып отырған. Осы ұсыныстың қаншалық және қалай орындалғанына уақыт таразы. Уақыт таразысымен өлшеп қарасақ, әдебиетіміздің саны мен көлемі жөнінен қай кезде қаншалықты өскендігін көре аламыз. Әр кезең сайын қазақ қаламгерлерінің қатары мен кітап санының арта түсуі, оның үстіне тақырып пен жанрдың аумағының кеңеюі әрі тәнті етеді, әрі таң қалдырады, бұл әрине үсті-үстіне жетілудің айғағы.

Ал енді дамудың сапалық дәрежесін аңдау үшін әлгі сандық көрсеткіштер дәрменсіз. Оған сапалық көрсеткіш қажет. Айталық, ондай көрсеткіштер, мысалы, елуінші жылдары прозада шартты түрде «Абай жолы», «Оянған өлке», «Қарағанды», алпысыншы жылдары «Қан мен тер», «Ақын орманы», «Ақан сері» десек, сексенінші жылдары «Алтын орда», «Үркер», «Аласапыран» дей аламыз. Ендеше осыдан қазақ әдебиетінің отыз жыл ішіндегі өзгерісінің сапалық деңгейін салыстыру арқылы бұрынғыға енді не қосылады, не өңделді, не жаңғырады деген мәселелер шешімін таппақ.

Александр Фадеев Парижде сөйлеген сөзінде қазіргі қазақ әдебиетін «үлкен профессионалдық әдебиет, сондықтан оның дүние жүзілік мәні бар» десе, бұл әдебиеттің алдыңғы орнында проза тұр.

Бүгін біз қазақ прозасының көркемдік өсуі мен дамуы деңгейіне, талаптық жағынан өсуіне көз жүгіртіп, 1960-1980 жылдардағы қазақ прозасының әр жанрына көз салмақпыз, сонымен қатар тарихи тақырыптардағы прозалық шығармаларды кезең-кезеңімен бөліп, қарастырып салыстыра талдауға талпынбақпыз [5, 10].

Қазақ романы замананың үлкен шындығын, терең астарлы алуан құбылысын кеңінен суреттеп, халыққа эстетикалық тәлім, идеялық тәрбие таратуда бағалы қызмет атқарып келеді. Оларда халқымыз бастан кешірген ірі оқиғалардың өмір мен істі, сана мен мінездегі түбірлі өзгерістердің, сілкініп жаңарулардың, өктем өрлеулердің ұзақ шежіресі шертілген. Қазақ жазушылары ел тарихында елеулі рөл ойнаған оқиғалардың бірсыпырасын өз романдарында негіз етіп алды.

Қазақ романы советтік ауыл алдындағы мерзім жүктеген тарихи міндеттердің шежіресі болған. Солардың ішінде 1960-1980 жылдар аралығында жарық көрген М. Әуезовтың «Өскен өркен», Т. Әлімқұловтың «Ақ бозат»,

С. Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», Ж. Молдағалиевтың «Торғай толғауы»,

Г. Тоқтаровтың «Бақыт», Қ. Исабаевтың «Сұңқар самғауы», З.Шашкиннің «Сенім» романдарын ерекше атап өтуге болады. Бұл романдарда өмір орнықтырушы, жасампаз адамдардың жаңа кезеңдегі істері суреттеледі.

Мәселен, Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1961) романнының тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның қазақ ауылындағы жаңғырығы. Осы арқылы жазушы соғыс кезіндегі ел бейнесін, ел намысын қорғаған адамдардың адамдық кейпі жайлы мәселе қозғайды.

Романның өзіндік әп-әдемі формасы бар. Ондағы оқиғалар Еркіннің әңгімесі арқылы өрбиді. Романның үш дәптерді (әр бөлімі бір-бір дәптер) оның өмірінің үш кезеңі ретінде алынады. Жазушы ашқан өмір шындығы мен адамдар тағдыры нанымдылығымен бағалы. Роман кейіпкерлерімен де стильдік суреткерлік ерекшеліктерімен де ешкімді қайталамайды, өзіндік өнерін танытады.

Қазақ романы ішінде біздің замандастарымыздың бейнесін олардың өндіріс орындарында істеп жүрген мамандығымен, ондағы өзіндік қарым-қатынастары арқылы көрсетуді мақсат еткен шығармалар аз емес. Өндіріс Қазақстанның экономикасын көтеріп, кен орындарын игеру, онда жаңа қалалар тұрғызу сияқты үлкен жұмыстардың орталығы. Романдарының қатарына

З. Қабдоловтың «Жалын» (1975) Ш. Мұртазаның «Қара маржан» (1976),

М.Сәрсекевтың «Жаңғырық» (1979), А.Жақсыбаевтың «Егес» (1975), «Қорған» (1991), «Бөгет» (1981), Р.Сейсенбаевтың «Өмір сүргің келсе» (1978) атты романдары осындай мәселелерді қозғайды. Бұл романдарда тартыс негізінен өндірісінің төңірегінде өрбиді.

Бұрын С.Сейфулиннен бастап отыз жыл бойы созылып келген жұмысшы тақырып арқауы З.Шашкиннің «Теміртау» романынан кейін аз уақыт үзіліп қалғандай еді. Тек 1965 жылы жас жазушы Ш. Мұртазаның «Қара маржан» атты романы жарияланды. Оның геройы – инженер – рационализатор әдебиетте өзінің жаңа тың бейнесімен көз тартты. Бері келе ғылыми техникалық революция жағдайында ең маңызды моральдық – адамгершілік проблема көтеріп, СССР профсоюз премиясын алған З.Қабдоловтың «Жалын» романы және тағы да басқа көптеген романдар жарық көреді. Бірақ, өкінішке орай, бұлар жұмысшы тақырыбындағы үзілісті толтыра алмады. Көрнекті сыншы, ғалым әдебиетші, академик М.Қаратаевтың «.....қазақ әдебиеті, әсіресе оның прозасы жұмысшы табының алдында әлі де болса қарыздар, жұмысшының тұлғалы, толық қанды, жаны жайсаң образдарын жасау әлі де алда тұрған, кезек күттірмейтін абыройлы міндет» деген осыған дәлел бола алады [6, 13].

1970-1980 жылдар қазақ прозасына өз жаңалықтарын әкелді, өз үлесін қосты. Айталық, аталмыш он жақты жылдың қазақ прозасында бой көрсетіп, танымал болған жазушылар саны жиырмадан асады екен.

Бұл кезеңде заман проблемаларын игеруге, замандастар образын жасауға Қазақстан жазушылары күш салды. Ол үшін ауыл мен қала еңбеккерлерінің, өндіріс жұмысшылары мен ғылыми және творчествалық интеллигенция өкілдерінің өмірімен тығыз қатынас жасауда. Мұнда қазақ пен орыс әдебиетінің проблемалары мен ізденулерінің ұқсас бірлестігі анық байқалады.

Ол көркемдік ізденудің жанрлық – тақырыптық географиясын да, идеялық – эстетикалық концепцияның бірлестігінен де көрінеді. Бұл ретте жаңалыққа көшбасшы болатын орыс әдебиеті жетекші рөл атқарады.

Бүкілодақтық прозаның романға ойысуы қазақ авторларының бетін де романдарға бұрды. Қазақ прозасы мен бүкілодақтық прозаның даму бағытының түйісіп, үйлесетін тұсы тек жанрлық ұқсастығында ғана емес, сонымен қатар тақырыптық ауқым бірлігінде де болды. Байқасақ, орыс тіліндегі «түбірге баруды» көздеген «деревенщина» дейтін ағым сықылды қазақ әдебиетінде «ауылдық проза» дейтін ұқсас сарын пайда болды. Мұнда да халықтың даналық тәжірибесін өнеге еткен жақсы ізденіс тұстарымен қатар кейбір ауыл өмірінің ескі салтын дәріптейтін қадамдар да бар.

Сөз болып отырған дәуірдегі қазақ прозасының көп шығармаларының сапалық дәрежесін тақырыбы бір, жанры мен проблемасы бір орыс шығармаларымен салыстырғанда, едәуір төмен жатқанын көреміз. Моральдық тұлғасы биік, ішкі дүниесі терең күрделі образ – характер мұнда әлі тиісті орын ала қойған жоқ.

Еліміз егемендігін алғаннан бері роман жанрына келер болсақ, 1990 жылдардан 1996 жылға дейін әдеби жыл қортындысы тоқырап қалды. Көп жылдар бойы жұмысы тоқтаңқырап қалған әдебиетшілер үйінің кең залына жан кірді, тамырына қан жүгірді [6, 102].

Соңғы кезеңдерде жарық көрген туындылардың көркемдігі мен мазмұн байлығына үңілер болсақ, көңілге сенім ұялатар бірінші жай – қаламгерлеріміздің тақырып аясын кеңейтіп, өмір мен тарих белестеріндегі запыраны ащы шындықтардың бет – пердесін айқара ашуға ұмтылған талпыныстар.

Осы бір кезең ішіндегі көркем прозаны елекке салғанда ендігі бір ел көңілін елеңдетер оқиғаның бірі - әдебиетке ойы, сөз пайымы тәуелсіз талантты көркемсөз иелерінің келгендігі. Алды өз оқырманын тауып, аттың қасқасындай танымал дәрежеге жеткен, арты жүйрікті шамасынан аңғарар кірпияз әдеби ортаның назарына іліге бастаған Талаптан Ахметхан, Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Айгүл Кемелбаева, Мақсат Ізімұлы, Серікқали Хасан, Әділбек Ыбырайұлы, Дәурен Қауат тағы басқаларды айтуға болады.

Көлемділік керек. Ал көлемді дүниенің бәрі эпикалық кеңдікті таныта алмайды. Кейде біз ұзақ – сонар романнан сезбеген кең тынысты шағын әңгімеден көріп қайран қаламыз.

Аталмыш дәуірдің (1960 – 2000жж.) бас шенінде прозаның жалпы өсу бағдарларын шамалағанда оның кіші жанрлары - әңгіме мен повесте сапалық жаңару басталғанын көреміз. Мұның түрлі себебі болуы мүмкін. Шығарманың тартысы мен композициясын, оқиғасы мен образдарын белгілі схемаға бейімдейтін жасанды дағды күрт кеміді. Өмірді шындап зерттеу қажеттігі күшейді. Мұндай жағдайда үлкен жанр – романның көлемін жанды байланыстармен, әрі қызықты, әрі ақиқат характерлермен толтыру оңай болмаса керек. Соның есесіне өмірдің жеке құбылыстарын жан-жақты шындығымен көрсететін мәнді әңгімелер мен повестер қатары көбейе түсті. Проза дамуының бір тенденциясы осы.

Әңгіме, новелла, повестердің жедел жетіліп, әдебиетіміздің төрінен орын алуына бұрыннан белгілі суреткерлер де, орта, кейінгі буын қаламгерлері де ат салысты. Бұл ретте алдымен аға жазушымыз Ғабит Мүсірепов творчестволық белсенділік, кемел шеберлік көрсетіп келе жатты. Оның 1960-1970 жылдардағы ізденістері мен табыстары «Кездеспей кеткен бір бейне» атты жинағынан жақсы танылады. Автордың өзі поэма деп атаған «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармасы бүкіл қазақ әдебиетінің тартымды табыстарының қатарына қосылды. Шығармада әрі ақын, әрі күрескер Еркебұланның тамаша тұлғасы жасалғандығын әдеби жұртшылық кезінде атап өтті. Әдебиетімізде көп те, көрнекті суреттелген революциялық күрес дәуірінің оқиғалары шығармада жаңа қырынан, тың тұсынан көрінгендей. Автор қаһарманның жан дүниесін, арман-мұратын, қуанышы мен өкінішін, шыншыл диалектикасымен бейнелеуге көп көңіл бөлген. Шығарманың орталық қаһарманы қазіргі әдебиеттегі ұнамды тұлға жасау тәжірибесін байыта түсетін, поэзияға, шындыққа толы биік бейне.

Қазақ әдебиеттануы нақты мәселелерді зерттеуде әдебиеттің ішкі даму заңдылықтарын, жанрлардың ерекшеліктері мен туу, қалыптасу жолдарын анықтауға батыл қадам жасап отыр. Әдебиетімізде зерттеліп жүрген проза, поэзия, драматургия жанрлары сияқты әдебиет сынының да тарихы мен қалыптасу процестері, өзіне тән шығармашылық ғылыми мәселелері арнайы зерттеуді талап етеді.

Бұл мәселе тек ғылымдық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан айрықша қажеттілікке айналып отыр. Сондықтан әдебиеттің басқа жанрларының ішкі түрі, нақыштары тарамдала зерттеліп жатқан уақытта сол игі істі жүзеге асырып отырған сын жанрының өзі тасада қалып қоюы орынсыз болар еді. Оның да басқа жанрлар сияқты өзіне тән творчестволық, ғылыми проблемалары, тарихы бар.

Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқаймыз. Бірінші кезең – қазақ әдебиеті сынының туу дәуірі. Екінші кезең - қазақ әдебиет сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Үшінші кезең - қазақ әдебиет сынының өсіп -өркендеу дәуірі.

Қазіргі қазақ әдебиеті сыны мен әдебиетану ғылымы дүниеге келген әр бір көркем туындының идеясын, айтар ойын, эстетикалық өреге қол созғанын, қандай әлеуметтік мәселені көтергенін, нені насихаттайтынын саралап алуға міндетті. Әдеби сынның туу, қалыптасу проблемалары тек творчестволық қана емес, саяси әлеуметтік мәселелермен де байланысты болғандықтан әдебиет сыны тарихында оны орағытып өту мүмкін емес. Сынның эстетикалық дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігіне тәуелді.

Әдебиет сыны көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келді. Көркемдік даму мен эстетикалық талап – талғамның өркендеу процесі уақыт жағынан бір - бірінің ілгері- кейінділігіне қарамастан өзара байланысты. Көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келген сынның дәрежесі қандай болмақ деген мәселеге келген де, екі себеп бар. Атап айтқанда, субъективтік және объективтік себептерге тоқталып өткен жөн.

Түптеп келгенде, сынның эстетикалық дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігімен өлшенеді. Сынның кейде әлеуметтік, кейде эстетикалық таңдауларға ден қоюының өзі де әдебиеттің қамтыған өмір шындығына белгілі дәрежеде тәуелді болатын кезін естен шығармау қажет.

Субъективті себепті сөз еткендер , ең алдымен сыншының білім деңгейі мен эстетикалық талғамының мол – аздығын еске алу қажет. Қай кез болмасын, әдебиеттің өрлеу кезінде де, оның кейде көркемдік жағынан да, қоғамдық пікірді ұйымдастыру жағынан да биік деңгейден табылмай қалатын шағында да сыншының білім – парасаты мен эстетикалық талғамы санаттан шығып қалған емес. Мұның өзі сын дәрежесін аңғаруға қажетті субъективтік себеп.

Екінші, объективтік себеп – көбіне әдебиеттің жалпы дәрежесіне тәуелді. Егер көркем шығармалар өзінің қоғамдық мәні жағынан көркем бейнелер жасау, типтік жағдайларды көрініспен суреттеу, тіл байлығын игеру, оқырманды ілгері ұмтылдыратын эстетикалық идеяларды белгілеу жағынан биік деңгейден табылып жатса, онда сынның өресі биік болғаны. Сыншы әрқашан көркемдік дамудың кезеңді асуларында ойын өрбітуге қажетті дәлелдерді әдебиеттің күнделікті шындығынан ала отырып, келешекте шығар биіктерді бағдарлайды, әдебиеттің өркендер арнасын анықтайды [7, 120].

Қазақ әдебиетінің даму жолдарын саралауда әдеби сынның рөлі айрықша. Қазақтың әдеби сыны кемелденіп келеді. Көркем творчествоның қандай келелі мәселелері мен нәзік құбылыстары болмасын, қазіргі әдеби сынымыз тексеруге де, тұжырымды түрде қорытуғы да әзір. Дегенмен, әдеби сынның шешілмей жатқан түйіндері баршылық. Сын мәселелерін мерзімді және ғылыми басыламдар көтермей жүр десек, шындықты аттап кеткендік болар еді. Керісінше, жарияланып жатқан материалдар баршылық. Оларда, көбіне, әдеби сынның алдында тұрған міндеттер мен кемшіліктер төңірегінде ғана әңгімеленіп жүр де, оның өзіндік ерекшеліктері, методологиялық және ішкі құрылымдық жақтарына тереңдей алмай келеді.

Ұлттық әдеби сынның тарихын жасауға талпынып жатқан елеулі еңбектер жарық көріп жатыр. Бұлардың ішінде , қазақ әдебиеті сынының тарихын көп жылдардан бері үзбей зерттеп келе жатқан белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегін атаған жөн. Зерттеуші «Сын сапары», «Оңаша сапар», «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», «Дәуір дидары» сияқты сынға қатысты еңбектерін жариялады. Т. Кәкішевтің зерттеу еңбектерінде қазақ әдеби сынының ғылыми тарихын жасаудың алғашқы сүрлеуі салынып, негізгі қиын мәселелер қарастырылды. Сынға қатысты «Уақыт және қаламгер» атты сын еңбектер жинағы жыл сайын шығып тұрып, сынның дәрежесін көтеруге зор үлес қосты. Сондай – ақ , Р.Бердібаевтың «Замана сазы», «Дәстүр тағылымы», «Ғасырлар толғауы», З.Қабдоловтың «Жебе », «Арна» , Ш. Елеукеновтің «Замандас парасаты», М. Қаратаевтың «Әдебиет және эстетика», «Ізденіс іздері», С.Қирабаевтың «Шындық және шебердік», «Талантқа құрмет», Н.Ғабдуллиннің «Уақыт сыры», Қ. Нұрмахановтың «Дәстүрлі достық»,

Ә. Жәмішевтің «Кезең кестелері», «Биік мәртебе», Б.Дәрімбетов «Тазару»,

С.Әшімов «Сын мұраты», «Парасатқа құштарлық», С. Досанов «Қазына»,

Т. Шапаевтің «Ой түбінде жатқан сөз» тағы басқа сын кітаптары сынның дамуын тездетті. Бұларда қазақ әдебиетінің әр жанрының дамуы, әдеби бағыттар, жеке жазушылардың шығармашылығы, жалпы әдебиеттің негізгі мәселелері сөз болды .

Әдеби сынның тарихына көз жібергенде, оның пайда болу, даму жолдары әдебиеттің өсіп- өркендеу бағытымен сәйкес келіп отырады. Қазақ әдебиетінде Абайдың,Шәкәрімнің,Сұлтанмахмұттың, Ахметтің, Мағжанның, Жүсіпбектің, Міржақыптың тағы басқалардың шығармаларының жарық көруі сын мен ой –пікірлердің жаңаша қарқынмен дамуына түрткі болды. Сынсыз әдеби даму процесті бағдарлау қиын. Онсыз әдебиет жүйесіз әдеби фактілерге айналар еді. Көркемдік қуаты әлсірер еді. Сын әдебиетпен бірге пайда болып, бірге дамып, шығармашылық еңбекпен біте қайнасып жатыр.

Әдебиеттің негізгі объектісі – өмір. Ал әдеби сынның негізгі мақсаты – бүгінгі күн әдебиетінде, әдеби процесте болып жатқан жаңалықтарды, ондағы жетістіктер мен кемшілктерді уақтылы ашып көрсетіп отыру. Сыншы бұл міндеттерді орындау үшін аналитикалық талдау әдістерін қолдануы тиіс. «Жазушы сұлу сөздер арқылы көркем образдар жасайды, ал сыншы болса, жазушы шығармасын ғылыми ұғымдар тұрғысынан талдап баға береді. Оның идеялық мәнін, көркемдік қуаты мен қоғамдық маңызын айқындайды ».

Көркем әдебиетте көркем бейне жасау басты міндет болса, сыни еңбектер логикалық талдауға құрылады. Сын мақалалары үшін белгілі бір мәселе төңірегінде ой айту, пікір білдіру, баға беру негізгі орында. Ал сыншы болса, қоғамдық өмір туралы көзқарастарын әдебиетті сөз ете отырып қана айта алады. Әдебиет бар жерде сында бар. Сынның әр кезеңде де әдебиетті танып отыру үшін өзіндік маңызы бар. Көркем әдебиеттің негізгі бір бөлігі болып келген әдеби сын әлеуметтік, эстетикалық ой- пікірлердің жан-жақты дамуының нәтижесінде әдебиеттің ауқымынан шығып, қоғамдық саланың басқа да түрлерімен байланысы күшейіп, жаңа сипатқа ие болады.

Ғылым мен сынның байланыстылығы әдебиет ғылым да, сыны да көркем әдебиетті бірге зерттейді, талдайды, пікір айтып, бағалайды. Сын әдебиет ғылымына жол салып отырады, материалдар жинап оның дамуына алғы шарттар жасайды. Сын мен ғылымның шығу мерзімі жағынан сын алғашқы. Әдебиет ғылымының сынсыз даму қандай қиын болса, сынның да ғылымсыз күні жоқ. Өйткені, сын өз пікірін көбіне ғылымға негіздей отырып айтады. Әдеби сын нақтылы бір туынды немесе көркемдік процесс хақында пікір білдіргенде әдебиеттану ғылымының зерттеу әдістерін, терминдерін, ұғымдарын, заңдылықтарын пайдаланады. Сыншы мен ғалымның зерттеушілік дәрежесі әр деңгейде. Зерттеуші алған объектісі жайлы жан – жақты терең мағлұматтар берсе, сыншы сол мағлұматтар арқылы шығармаға баға береді. Әдебиет сыны мен ғылымының ұқсастық жақтары олардың зерттеу объектілерінің бірлігінен оқырманға бағышталатындығынан, зерттеу әдістерінің ортақтығынан, ойлау ерекшелігі, жазылу мәнері жағынан да көрінеді. Әдеби сынның ғылыми сипаты оның әдебиеттану ғылымымен байланыстылығынан ғана емес, бүкіл қоғамдық ғылымдармен қатыстылығынан да көрінеді.

Әдеби сынның ғылыми сипаты айқын. Ол - өз қызметінде әдебиеттану ғылымының ғана емес бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктеріне сүйене отырып қана объективті пікір айта алады.

Сын тек әдебиетті ғана зерттеп қоймай, баспасөз арқылы әлеуметтік мәселелерге де араласып отырады. Әдеби сын көркемдік дамуда ғана емес, жалпы қоғамдық ой– пікірдің өрістеуінде де маңызды рөл атқарады. Сынның дәрежесі сол кездегі әдебиеттің, мәдениеттің, баспасөздің деңгейімен бірге әлеуметтік жағдайларға, ой – пікірлерге де тікелей байланысты. Сын – сан сипатты аса күрделі сала. Сын көркем туынды жайлы пікір білдіргенде әдебиеттану ғылымына сүйену керек, бұл оның ғылыми сипатын көрсетеді. Сынның көркем жазылуын көркемдік сипаты айқындайды. Сыншы шығармада әлеуметтік мәселелер қалайша көрініс тапты, соған баға беруі тиіс, бұл оның идеологиялық сипатын белгілейді. Әдеби сын баспасөз арқылы ғана жемісті дами алады, бұл оған публицистикалық сипат береді. Жалпы, әдеби сын дегеніміз, әдебиеттану ғылымы мен қоғамдық ғылымдардың тоғысқан түйінінен пайда болып, күнделікті әдеби процесті зерттейтін, оған баға беріп, оқырманның рухани әлемі аясында қызмет атқаратын әлеуметтік саланың сан қырлы саласы. Әдеби сынның басты мақсаты – әдеби процесте болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде бағалау. Оның негізгі мазмұны – қазіргі әдебиеттің зәру мәселелері.

Қазақ халқының ұлттық ой-санасының жүдеп бара жатқанын көрген зиялы азаматтар 60-70-жылдардан бастап, халық тарихының оқиғалары негізінде ұлттық сананы оятып тәрбиелеуге көркем әдебиетті пайдалану мақсатын қойған еді. Ол үшін М. Әуезов негізін салған тарихи роман дәстүрін жалғастыру қажет болды. Қазақ тарихының әрқилы беттері жаңаша бажайланып, көркем бейнелеуге ие болды. І.Есенберлиннің, Ә. Әлімжановтың, С.Сматаевтың, Ә.Кекілбаевтың, М. Мағауинның, Ш. Мұртазаның, С.Жүнісовтің романдары жарық көрді. Мұндай ұлттық оянуды көптеген туысқан халықтар да басынан кешірді. М.С. Горбачевтың «Ұлтшылдық-реакциялдық» деп шошынуы осының әсері болатын.

Социализмнің қайшылықтарын жамап-жасқап, «қайта құруды» ұсынған

М. С. Горбачевтың съездегі пікірлерінде әдеби дамудың олқылықтарын орынды көрсеткен жерлері де бар. Ол Кеңес әдебиетінде шындықтың сыңаржақ алынып, өмірдің бірыңғай күнгей жағын суреттеу әдетке айналғанын көрсете отырып, «шындық - жалпылама емес, нақты түсінік. Ол халықтың жасампаз істері мен қоғам дамуының қайшылықтарында, еңбекпен өткен күндердің қаһармандылығы мен үйреншіктілігінде, жеңістер мен сәтсіздіктерде, яғни өмірдің өзінде, оның бүкіл алуан қырлылығында, драматизмі мен ұлылығында», - деді.

Бұл пікірдің біз үшін маңыздылығы – шындықты тек халықтың жасампаз істері мен үйреншікті тіршілігінен ғана емес, қоғам дамуының қайшылықтарынан, сәтсіздіктерден, өмірдің драматизмінен де іздеу қажеттігі туралы ойлары. Мұндай талаптар бұрын әдебиетке қойылмайтын, қайта әдебиетте қоғам дамуының қайшылықтарын айналып өту, одан жалтару әдетке айналған еді. Мұндай өмірді боямалап көрсету жұртты алдауға құрылғаны жалпыға мәлім болды.

Партия мұны көріп, бұлтара алмай қалды. Сондықтан ол осы съезде «бірқатар жылдар бойы объективтік факторлар ғана емес, сондай-ақ ең алдымен субъективтік себептерге байланысты партия мен мемлекет органдарының практикалық іс-қимылдары уақыттың, нақты өмірдің талаптарынан артта қалып келгенін, елдің дамуындағы проблемалардың шешілуінен гөрі тууы шапшаңырақ болғанын, басқару әдістерінің тоқырауын, бюрократизмнің үдеуін, жұмыс қарқынының төмендеуін» мойындауға мәжбүр болды. Сәл кейін КОКП-ның қаңтар (1987) пленумында М.С.Горбачев «Жазушылық творчествоға партиялық көзқарас қалыптастыруды әдеби процеске жөнсіз араласу арқылы, идеялық ықпал етуді әкімшілік шешімдермен алмастыру арқылы жүргізу» саясатын сынады. Мұның барлығы коммунистік партия билігінің әлсіреп, өмір құбылыстарының өктем күйін мойындай бастағанының белгісі болатын.

Бұл жағдайлардың біздің қаламгерлерімізге ой салғаны даусыз. Бұдан кейінгі дәуірде Кеңес қоғамының дамуы жолында қазақ халқы бастан кешкен қиыншылықтарға, аштық, халықтың қырылуы, жер аууы оқиғаларына көңіл аударыла бастады. Кеңестік бюрократтық жүйенің жұмыс әдістері сыналды. Адамдардың табиғатына осы жүйенің жетпіс жыл бойында күштеуі мен зорлауының қатты әсер еткені сөз болды. Мұндай сарындар Ә. Тәжібаевтың өлеңдерінде, С. Елубаевтың «Ақбоз үй», «Мінәжат» романдарында,С. Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесінде, тағы басқа соңғы жылдары жазылған шығармалар да көрініс берді.

Қазақ прозасының бұл кезеңіндегі ірі табыстарын роман жанрынан көруге болады. Ол өзінің бұрынғы озық дәстүрін жалғастырды [ 8, 52].

1984 жылы ұзақ үзілістен кейін Ғабит Мүсірепов «Оянған өлкенің» екінші кітабын «Жат қолында» деген атпен жариялады. Оның негізгі оқиғасы бұрынғыша Қарағанды жерінде, өндірістің шетел капиталының қолына өтуі оқиғаларына құрыла суреттелді. Кейіпкерлері де негізінен бұрынғы таныс адамдар, жаңа кейіпкерлер ішінен дараланып көрінген - Игілік бидің баласы Кенжеғара. Жазушы шетелдік алып сатарлардың байлыққа құмартқан пиғылын, амал-айласын көз алдымыздан өткізеді. Ескінің тозып, жаңаның өніп келе жатқанын бейнелейтін күреске Кенжеғара араласады. Жас жігіт әділет жолын іздейді, тарих тағылымынан кеш қалған елін алға сүйреуді мақсат етеді. Роман ескі өмірдің күйреуімен, шетелдіктердің Қарағандыны тастай қашуымен аяқталады. Халық алға үмітпен қарайды.

Осынша тарихты бастан кешіп, дүрбелеңге түскен даланың бейнесі – жазғы шапақты күні мен қысқы бораны, жайлауы мен жайлы шуақ түні үлкен суреткердің қолымен жарқын суреттеліп, романға өң берген.

Қазақ тарихының кейбір мәселелері Ә. Әлімжановтың романдарында да көрініс тапқан. «Махамбеттің жебесі» (1969), «Ұстаздың қайтып оралуы» (1978) романдарында ол халық тарихының бүгінгі адам санасына ой саларлық фактілерін іріктеп алуға тырысады. Сонымен қатар жазушы одан жалпы адам баласы тарихына ортақ үндестік табады. "Махамбеттің жебесі" романында Әнуар қазақтың өмір бойы арыла алмай келе жатқан алауыздықтың, рушылдық дертін талдайды. Махамбеттей ұлы күрескер ақынды да мерт еткен осы мінез екеніне назар аударады. Оқырман көңіліне ол, халық мүддесін жоғары қоюдың, бірлік пен ынтымақтастықтың маңызын ұялатуға ұмтылады. Ал Махамбетті ру мен ауыл көлемінен әлде қайда жоғары, шын халықтық дәрежеге көтерілген ақын ретінде бейнелейді, оның бойына халық даналығының көп сипаттарын жинақтайды. Ақынның ел тағдырына кең көзбен қарауы осыдан.

Ал, «Ұстаздың қайтып оралуы» - IX ғасырда қазақ жерінде туып, бүкіл шығысқа аты белгілі ғалым болған ұлы тұлға Әл-Фарабидің өміріне арналады. Онда ғалымның өмір жолының тәлімді жайларына, артына қалдырған рухани мол байлығына, еңбектегі қайраты мен табандылығына, адамгершілік сипаттарына көңіл аударылады. Ә.Әлімжановтың Әл-Фарабидің Отырардан білім қуып, Шам шаһарына аттануы, оқуы, Бағдат сапары, өмір қиыншылығының суреттері, ел сағынышы, Бәнуге деген сезімін суреттеуі – барлығы ұлы ғалымның тұтас тұлғасын көрсетуді мақсат етеді. Онда мансап пен әділдіктің арасындағы күрес, шығыс дәуірінің кертартпа жақтары дұрыс көрсетіледі. Ә. Әлімжанов романдарында кейде терең көркемдік бояуы жетпей, публицистиканың басып кететін жайлары да байқалады. Ол автордың журналистік дағдысынан туады. Соған қарамастан, Әнуардың қазақ тарихының бүгінгі өмірімізге сабақ болар жайларына көңіл аударуы біз үшін аса бағалы.

Бұл дәуірде негізінен тарихи роман өзгеше тездікпен дамыды. Ол басқа жанрлардың бәрінің алдына шықты. Халықтың өткен тарих пен оның негізгі оқиғалары, ел болу, дәстүрі, бостандық, азаттық идеяларының таралуы, сол бір тұстарда ел басқарған, ел намысын қорғаған азаматтар жайында білуге құмарлығы артты. Ұлттық сананың оянып, қазақтардың елдік салты жайында ойлана бастауы да коммунистік режимнің жібі босай бастағанының белгісі еді. Тарихи роман жанрындағы М. Әуезов дәстүрін жалғастыра отырып, қазақ романшылары осыған ұқсас әлемнің озық әдебиетінен сабақ алды. Тарих үлгісін өз дәстүріне сүйене отырып дамытты. Осы бір тұстағы тарихи роман жанрының жедел өсіп, ондағы қазақ халқы елдігін, арғы-бергі тарихын кең толғап, көркем талдауда І. Есенберлин, М. Мағауин, Ә.Кекілбаев, С. Мұқанов, Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, Д.Әбілев, С. Сматаев, Ш. Мұртаза, 3. Ақышев, Ж.Молдағалиев, Д. Досжанов, т. б. жазушылар белсенді еңбек етті. Қазақ тарихына жұрт назарын аударуда әдебиеттің жетекші рөл атқарып, қоғамдық ой-пікірдің басқа салаларына ықпал етуі осы авторлар еңбектерімен тікелей байланысты [ 9, 69].

Бұл дәуірдің бірталай тәуір шығармалары қазақ халқы бастан кешкен тарихи кезеңдердің шындығын танытуға арналды. Халықтың азаттық жолындағы күресі. Жаңа өмір үшін талас бұл шығармалардың негізгі өзегі болып табылады. Бұл салада Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» (1957), «Көз көрген» (1963), С. Мұқанов «Есею жылдары» (1963), Х.Есенжановтың «Ақ жайық» (1957-1965), Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» (1961-1970), Ғ. Слановтың «Асау арна» (1962) сияқты романдарының атап айтарлық маңызы бар. Тарихи оқиғаларды терең талдап, олардың қоғамдық өмірдің өзгерістерін түсінудегі маңызын ашуға ұмтылыс бұл шығармаларды көп жағынан туыстырады. «Дауылдан кейін», «Көз көрген», «Есею жылдары» сияқты шығармалар жиырмасыншы жылдардағы қазақ жеріндегі сілкіністі рухани жаңаруға беталысты суреттейді. Оларда бейнеленген өмір сол дәуірдегі тап тартысының жағдайында өтеді. Негізінен жаңа өмір үшін күрестің күнгей жағын суреттеуге бейімделісімен, шығарма авторлары жаңа тұрмысқа көшу көшпелі қазақта оңайға түспегенін, олар көрген қиыншылықты көрсетеді. Алайда дәуір идеологиясының әсері байқалмай қалмайды. Халық басынан кешкен азайған зардаптары, күштеу, ашаршылық жайлары сөз болмай, тасада қалады.

X. Есенжановтың «Ақ жайық» атты үш томдық романы – қазақтың революцияшыл әдебиетіне өз жаңалығын ала келген шығарма. Сталиндік репрессияға ұшыраған автор ерте ойланған тақырыбын тек 50-жылдардың орта кезінен бастап жазуға мүмкіндік алды. Онда Қазақстанның батыс аймағында болған әлеуметтік тартыстардың тарихы суреттеліп, соған қатысқан адамдар тағдыры ашылады.

Роман кейіпкерлері өмірдің шытырман жолынан өтіп, шындықты біртіндеп таниды. Дәуір шындығын мол қамтыған жазушы характерлер тағдырын да оңайлатпайды. Онда сан қилы бейнелер (Хакім, Әйтиев, Дмитриев, Шолпан, Қаратаев) жасалған. Роман өзгеріс тудырған санадағы жаңалықтарды кең қамтиды. Онда қазақ ауылының жаңа жолға түсуге дейінгі өмірі де мол суреттеледі.

Қазақтың бұл тұстағы тарихи романында тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін негізге ала суреттеу дәстүрі қалыптасты. Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлихановқа арналған «Аққан жұлдыз» (1967-1969), Ж. Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин туралы «Алғашқы қоңырау» (1978), Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» (1965-1971), С. Жүнісовтің «Ақан сері» (1971-1978), 3. Ақышевтің «Жаяу Мұса» (1981) романдары әдебиет тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған туындылар. Бұлардың бәрі де ғұмырнамалық мәліметтер негізінде жазылған. Қоғам өмірінде анық ізі қалған оқиғаларды іріктей отырып, нақты заман кейіпкерінің қыры мен сырын ашуға ұмтылады. Алайда көркемдік ізденістері жағынан олар біркелкі емес. Олардың ішінде ұзын сонар баяндауларға, тарихи оқиғаларды тізбелеуге құрылған, характерлік мінездеуден гөрі әңгімелеп түсіндіруге тырысқан туындылар да кездеседі. Дегенмен, тарих сырын тануға, қазақ халқының ұлы тұлғалары жайлы мәлімет алуға пайдалы еңбектер болғаны даусыз.

Сәбит Шоқан өмірі жайлы деректерді көп жинап, ол туралы пьеса да, ғылыми еңбек те жазған жазушы. Ал, романды ол үш том етіп, кең көлемде жоспарлаған. Онда Шоқанның ата-бабасы, ол дүниеге келмей тұрған кездегі қазақ тарихына қатысты мәліметтер де мол қамтылады. Оның балалық, жастық шағын, оқып, қоғамдық іске араласуын тәптіштеп ұзақ суреттейді. Шығармада қазақ-орыс қатынасының жиілеуіне байланысты оқиғалар, патшалық Ресейдің ел билеу жүйесіне кіруі, оған қатысты адамдар тағдыры жайлы мәліметтер де мол. Қазақтың ел билеуші жаңа қауымы Есеней, Шорман, Зілқара, Шыңғыстардың өзара байланысы, ортасы, орыс әкімдері Драгомиров, Сперанский, Курагин, Потанин, Госфорт, т. б. жайында да әңгімеленген. Шоқан осы ортадан білім алып өседі, оған ХІХ ғасырдағы орыстың демократтық ағымының әсері тиеді. Сонымен бірге жинақтаудың жетіспеуі, ұзақ-ұзақ баяндаулар романның елеулі олқылығы ретінде көзге түседі. Роман сүйегіне сіңіспей тұрған оқиғалар да баршылық.

Осындай үлгідегі ізденіс Жайсаңбек Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин жайындағы романында да байқалады. Онда Ыбырайдың өмірі мен қызметі қазақ даласында жаңа типті мектеп ашу, осы жолдағы қиыншылдықтар, ел өміріндегі әділетсіздікке араласу, қазақ жеріне алғашқы қоныс аударушылардың келуі мәселелері төңірегінен көрінеді. Ыбырайдың жары Айғаныс, інісі Күдері, дала батырлары Аю мен Тұрсынбай, саудагер Исфахан, Сұлу Фатен, поп Иохим, дуан басы Яков Петрович сияқты адамдар жап-жақсы мінез-құлқымен көрінеді.

«Ақан сері» романы да қазақ әдебиетінің озық туындыларының қатарына кіреді. Мұнда да беймезгіл заманда өмір кешкен өнер адамының жан дүниесі жарқын бейнеленген. Ол үлкен өнер иесі есебінде әрқашан халық ішінде көрініп, оның өмір азабын жеңілдетуші, рухани демеуші боп көрінеді. Сұлулықты сүйе білген Ақанның әндері де, өлең-жыры да, ол кешкен серілік өмір де сол сұлулықтың нышаны. Қанша қысым, қастандық жасалса да, сұлулық, өнер өлмейді. Ақан да кейінгі ұрпаққа өлмейтін өмір қалдырды

Сәкен романы бүкіл рухымен бізге осыны ұғындырады. Оның махаббатына, Құлагеріне, қыран құс, алғыр итіне дейін оған қатысты өмір шындығын бейнелеуге жазушы мол оқиғалар тізбегін пайдаланған. Негізгі тұлға Ақан романда көп жақсы қасиеттерімен есте қалады. Әнші, алғыр ақын, айтыс өнерінің тапқыры ол жамандық атаулыны тіліп айтатын сөз өнерімен де, достыққа, сыйластық-құрметке құмар үлкен жүректі парасатымен де көп ортасынан биік тұрады. Жазушы оның атақты әндерінің шығу жайларын, Ұрқиямен, Ақтоқтымен, Қадишамен махаббатын әсерлі суреттеген. Ақанның анасы Жаңыл, Әлібек батыр паң Нұрмағамбет, Батыраш, Саққұлақ, Сүлеймен сияқты сол дәуірдің білікті адамдарының бейнелері де есте қаларлықтай боп шыққан. Романның ажарлы тілі де сері туралы романға лайық көркем, бейнелі туындылар [ 10, 120].

Осы қатарда өнер адамдарының өміріне арналған тағы бір топ деп – З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» О.Сәрсенбаевтың «Шамшырақ», А.Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романдарын да атау орынды. Оларда Мұсаның, Нартай Бекежановтың, Базар жыраудың және басқа сыр сүлейлерінің өмірі мен еңбегі суреттеледі. Көркемдік ізденістері мен табыстары біркелкі болмаса да, олардан дәуір суреті мен өнер шындығы мол көрінеді. Қазақ халқының салт-дәстүрі, той өткізу, қонақ күту салты кең танылады.

Жеке қайраткерлерге арналған шығармалар легінде Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» (1979-1983) Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» (1978-1980), «Жұлдызды көпір» (1987) атты романдарының да көрнекті орны бар.

«Қоғабай» романы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановтың жастық шағы мен көтеріліске басшы болған кезін суреттеуге арналған. Роман оқиғасы қазақ жеріндегі қоғамдық-әлеуметтік күрестердің фонында дамиды. Аманкелді жас кезінде ел билеушілер тарапынан жәбір көріп өседі де, кейін төменгі тап мүддесі жолында күрескер боп шығады. Ал, Шерхан романдары Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысқан революционер Тұрар Рысқұловтың өмірі мен еңбегін суреттеуге құрылған. Тұрар XX ғасырдың басындағы әлеуметтік өзгеріс дәуірінің үлкен қайраткері. Ол орнатысқан өкімет кейін күштеу мен зорлаудың билігіне айналып кеткенмен (өзі де сол өкімет қолынан қаза тапты ғой), оған тілектестер халықтың азаттығын, теңдігін идеал тұтқаны даусыз. Сондықтан Тұрардың, тағы сол сияқты социалистік революцияны қолдаған қайраткерлер еңбегі тарих алдында айрықша бағалауға тұратын, бірақ ақталмаған, ауыр еңбек. Тұрарлар жолы – кездейсоқ емес, әлеуметтік теңсіздіктің сырын терең түсініп, соны шешуге ұмтылған саналы күрескерлер жолы. Шерхан романда әуелде әкесі Рысқұлдың өз кезіндегі әділетсіздікке қарсы күресі арқылы Тұрарларға ой салған идеяның түп-төркінін ашады. Қоғамдық даму бағдарына қоса жас Тұрардың жүрегіне түскен жара оны үлкен қайраткерлікке дайындайды.

«Қызыл жебе» – тарихи оқиғалар легін эпикалық кеңдікпен суреттеуге құрылған шығарма. Онда суреттелетін өмір шындығы қатысушылардың дараланған характерін аша білу шеберлігімен ұласып, нанымды жолмен дамиды. Кеудесін ешкімге бастырғысы келмейтін Рысқұлдың Түлкібас, Жетісу жеріндегі өмірі, оның азаматтық ерлігін көрсетер негіз болса, Тұрар сахнаға шыққан кездің оқиғасы жас адамның саналы күрес жолында шыңдалуын дәлелді ашады. Оның революция тұсындағы, орнату, оны нығайту жолындағы еңбектері романда жан-жақты бейнеленген. Әсіресе, жазушы Тұрарды ұлт қайраткері ретінде жақсы көрсете білген. Оның революциялық оқиғалардың бәрінен қазақтың ұлттық мүддесіне, жалпы Түркістандағы мұсылман халықтары пайдасына қызмет етер ой-пікірлерді таңдауы, шовинистік, кертартпа отаршылдық көзқарастарға қарсы күресі осыны аңғартады. Оқырман осы саясаттың отаршылдық пиғылдан арылмаған өкіметке тиіп жатқанын, оның аяғы есепсіз кетпейтінін сезеді. Бұл романның үлкен табысы [11, 38].

Бұл дәуірде тарихи адамдар өмірінен алынып жазылған шығармалар ішінде Д. Әбілевтің «Ақын арманы», «Арман жолында» (кейін «Сұлтанмахмұт» деген атпен трилогия болып басылған) атты романдарының көркемдік табыстары аз емес. Бұл романдарын автор XX ғасыр басындағы қазақ халқының ағартушы-демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен еңбегіне арнаған. Романның сюжеттік желісі Сұлтанмахмұттың жас кезінен бастап, басынан өткен тарихи кезеңнің негізгі суреттеріне құрылады. Онда сол тұстағы қазақ қоғамының даму қиыншылықтары мен қайшылықтары, ел өмірінің шындық әлеуметтік революциялар әсерімен ақынның демократтық көзқарасының қалыптасуы нанымды бейнеленген. Сондай ортада басты қаһарманның жанды бейнесі аталады. Қашанда шыншыл, әділет үшін күресуші, өктемдікке жаны қас, ел тағдырын жеке адам мүддесінен жоғары қоя білген Сұлтанмахұт бейнесі – романның айрықша атап айтар табысы.

Сұлтанмахмұт өміріне қатысты оқиғаларды іріктеп ала білуде де, оның заманының қайшылықты сырларын ашуда да, ақын шығармашылығына арқау болған әлеуметтік шындықты көркем бейнелеуде де Диқан шеберлігі ерекше танылады. Романда Сұлтанмахмұт шығармаларының туу жағдайлары, оның ой-сезімнің күрделі сыры сайрап жатыр. Ақынның ізденімпаздығын, сол жолда алған бетінен қайтпайтын қайсарлықты, өлеңдерінде «Оқып адам болу», «Жарық күнде сәуле қуу» идеясының тууын жазушы ақын өмірінің нақты деректеріне сүйене, оның шығармаларындағы ойларды көркем бейнелеу арқылы ашып берген. Сұлтанмахмұт өмір сүрген ортаның сырын, әділетсіздікке негізделген қоғамның ішкі мазмұнын автор Жарқынбай, Әбунүсіп, Майсор, Ақкірпік сияқты бейнелер арқылы көрсетеді. Олар қоғам дамуының әр кезеңінде туып, бірінің әрекетін бірі жалғастырған феодалдық тіршіліктің қорғаушылары. Жауынгер ақынның халықпен байланысы, әділет үшін күресі, көбінесе, осы типтермен қақтығыс үстінде суреттеледі [14, 34].



Қорытынды

Кемері кеңіп, кемелденген әдебиетіміздің тарихи даму жолына көз жүгіртсек, ауыл өмірі тақырыбына арналған әдеби шығармалар қай кезеңде де мол екені назарға ілігеді. Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты саңлақ қаламгерлеріміздің сонау жиырмасынышы жылдардағы алғашқы туындылары жазба әдебиетіміздің қаз-қаз басып, қалыптасуға бет алған шағында дүниеге келгенімен, сол кездегі ел өміріндегі түбегейлі өзгерістердің түбірлі сырын, уақыт тынысын тап басып, жіті сезінгендікті танытады.

Қазақ әдебиетінің осынау алғашқы дәуірінде қаламгерлеріміз шығармашылық қиыншылықтарды жеңе отырып, сол дәуірдің қоғамдық талап-тілегіне жауап берерлік шығармалар жазуға тырысты. Ең алдымен олар өмірдің алға тартқан актуальды тақырыбын көтере білді. Ұнамды кейіпкерлердің образын жасауға күш жұмсады. Осы бағыт қазақ прозасында күні бүгінге дейін өзінің жетекшілік мәнін жоғалтқан жоқ.

Бір қызығы, ауыл өмірін арқау еткен бұл дәуірдегі шығармалар бірен-саран ғана болмаса түгелдей дерлік шағын формаларға жататын. Оның себебі сол кездегі қауырт қарқынмен дамыған ел өміріндегі әлеуметтік-мәдени бетбұрыстар мен соған орай ауыл тынысының соңғы лебіне, әдебиет күштерінің көркемдік тәжірибесіне байланысты болатын. Егер осы дәуірде туған шығармалар негізінен жаңа өмірді жырлауға, ауыл өміріндегі өзгерістердің әлеуметтік сыпатын бейнелеуге ұмтылғанын ескерсек, бүгінгі прозадан бұл тақырып төңірегіндегі ізденістер мен нәтижелердің сала-сала, күрделілене түскенін айқын аңғарар едік.

Содан бері өткен уақытта ұлан-байтақ еліміздің қоғамдық даму жолында бастан кешірген әр алуан тарихи әлеуметтік оқиғаларына байланысты ауыл өмірі де, соған сәйкес бұл тақырыптағы туындылардың толғаған сыры, таңдаған-талдаған тұлғалары мен тағдырлары да уақыт талабына орай өзгеріп, күрделеніп келе жатқаны талассыз ақиқат. Бір қуанарлығы, әдебиетіміздегі үлкенді-кішілі қаламгерлер қауымының дәуір қойған ділгір сауалдарға құлақ асып, көркемдік деңгейі әр түрлі болғанына қарамастан өз шығармаларында белгілі бір кезең сипатын шынайы бейнелеуге, мезгіл мөрін басуға ұмтылуы. Осынау ұмтылыс-бағыт арнасынан тарамдалатын ізденіс бұлақтарында өзіндік бұлқыныс, құшырлы құлшыныстар бар. Бұның бәрі бүгінгі әдеби процестің күрделілігін, нақтырақ айтсақ, туған әдебиетімізідің өз тәжірибесіне сүйене отырып, бауырлас республикалармен әсіресе орыс әдебиетімен тығыз әдеби-мәдени байланыста өркендеуі, сондай-ақ әлем әдебиетінің прогресшіл бағыттағы үздік туындыларымен танысу арқылы рухани қарым-қатынас түрлері мен сырларының молая түсуімен сипатталады.

Қазіргі ауыл өмірінде әлеуметтік-сапалық жаңғыру-жаңарулар, диалектикалық өзгерістер мол. Соған орай ауыл адамдарының да танымы мен табиғатына, моральдық-этикалық ұғым қасиеттері күшейе түскені рас. Зымырап өтіп жатқан қарқынды да ауқымды уақыт арнасында бүгінгі ауыл бейнесін танытатын толқындар-тағдырлар сырын әр түрлі көркемдік позициядан, алуан тәсілмен зерттеуге деген игі ұмтылыс прозамыздағы ойлы ізденістерге дәлел бола алса керек. Бұл ретте бүгінгі ауылдың ғылыми-техникалық төңкеріс әсерін, әлеуметтік өзгерістер ықпалын әр түрлі деңгейде қабылдауына байланысты әлеуметтік-тұрмыстық қарым-қатынастары мен мәдени-рухани өміріндегі динамикалық құбылыстардың күрделілігін, әрі өзара мейлінше тамырластығын атап айту қажет.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

  2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

  3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

  4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

  5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

  6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

  7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.

  8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

  9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

  10. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

  11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.

  12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.

  13. Қазақ әдебиетінің тарихы Алматы, 2003

  14. Қазақ әдебиеті Алматы, 2000





Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет