Жылдарға арналған құқықтық сауаттандыру саласын жетілдіру жөніндегі



жүктеу 225.2 Kb.
Дата14.01.2018
өлшемі225.2 Kb.







2017-2022 жылдарға арналған

құқықтық сауаттандыру саласын жетілдіру жөніндегі

ТҰЖЫРЫМДАМА



  1. Кіріспе

Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылықтар болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Бұл ретте адамның құқықтары мен бостандықтары әрбір адамға туылғаннан тиесілі, абсолютті және ажыратылмайтын болып танылады, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұнын және қолданылуын анықтайды - ҚР Конституциясының 12-бабының 2-тармағында айтылған. Осыған байланысты құқықтық мемлекеттің сипатты белгісі оның құқықтық жүйесі көрсеткіштерінің бірі ретінде халықтың құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейі болып қала береді.

Қазақстандық құқықтық жүйе адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде заңнама және құқықтық институттар қызметі саласында қорғау тиімділігі, қолдану қолайлылығы және сенімділігі мәселелерінде озық әлемдік стандарттарға сәйкес келуі тиіс.

Құқықтық ағарту тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) қабылдау Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында көрсетілген қоғамның құқықтық мәдениетін одан әрі дамыту қажеттілігінен туған. Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының 5-тармағында құқықтық білім беру мен құқықтық насихаттаудың құқықтық саясатты табысты жүргізудегі рөлі атап көрсетілген.

Қоғамның құқықтық мәдениетін дамытудың стратегиялық өзегі барлық азаматтарға құқықтардың тең көлемін пайдалануға, жауапкершілік атқаруға және тең мүмкіндіктерге қолжетімділікке ие болуға, оның ішінде Қазақстанның әлемдегі 30 дамыған елдер қатарына кіру мақсатына табысты жетуге құқық үстемдігі призмасы арқылы мүмкіндік беретін Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы болып табылады.

Тұжырымдама азаматтарды құқықтық ағартудың және қоғамның құқықтық мәдениетінің тиімді моделінің әлемдік стандарттарына негізделген Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдары елдерінің озық тәжірибесін ескере отырып әзірленді.

Халықты құқықтық ағарту саласындағы мемлекеттік саясат негізінде құқықтық ақпарат беруде, күнделікті өмірде заң проблемаларын тиімді шешу үшін қажетті белгілі бір дағдылар мен іскерлікті қалыптастыруда маңызды орын алатын азаматтық қоғамның барлық институттарының, әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың белсенді қатысуы принципі жатыр.

Құқықтық ағарту ақпараттық және насихаттық әдістермен шектелмейді, қосымша белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру бойынша шараларды көздейді. Құқықтық мәдениет деңгейінің төмен болуынан немесе қолжетімді құқықтық ақпарат арналарының тапшылығынан осал жағдайда болатын нақты мақсаттық топтарды бөлуге өте елеулі рөл беріледі.

Құқықтық ағарту – азаматтардың құқықтық мінез-құлығын, белсенді азаматтық ұстанымын, құқыққа құрметпен қарауын қалыптастыру, жеке тұлға мен азаматтың құқық субъектісі, қолданыстағы құқық туралы білім беру туралы, құқықтық көмек алу мүмкіндігін беру бойынша ағартушылық-білім беру қызметі.

Құқықтық ағарту келесі негізгі мақсаттарға қол жеткізуді болжайды:



  1. Адам құқықтарының құндылығын жалпы түсінуге, құқық үстемдігіне деген құрметті өсіруге негізделетін адам құқықтарының мәдениетін нығайту;

  2. Әлеуметтік құндылық ретінде заң беделін арттыру, оны құрметтеу,

құқықтық нигилизмді батыл жеңу;

  1. Азаматтардың құқықтық мінез-құлыққа деген тұрақты бағдарын жүйелі қалыптастыру, оны бұзушылықтың барлық жағдайларына төзбеушілік, заң жауапкершілігін бұлтартпастық атмосферасын құру;

  2. Азаматтардың басқару және билік органдарына, сондай-ақ олардың өкілдеріне деген сенімін арттыру.

Тұжырымдамада көрсетілген құқықтық ағарту ұстанымдары мен бағдарлары аталған үрдіске барлық мүдделі тараптарды тартуды болжайды. Бұл ұстанымдар мен бағдарлар қойылған мақсаттарға қол жеткізуде мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен, БАҚ, бизнес-қоғамдастықпен және оқу орындарымен өзара қарым-қатынас құру негізі болып табылады.

Тұжырымдамада қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның дамуының мәдени, тарихи, гендерлік және басқа да ерекшеліктері, адам құқықтарына бейілділік және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін нәтижені көздеу ескерілген.



2.Ағымдағы жағдайды талдау

Елдің барлық азаматтары олардың мүдделерін қозғайтын ақпаратты алуға, олардың жынысына, жасына, этникасына немесе ұлтына, отбасылық жағдайына, денсаулығына, табыс деңгейіне және қандай да бір өзге мән-жайларға қарамастан құқық саласындағы жетістіктерді пайдалануға құқылы.

Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының міндеттерін іске асыру шеңберінде Әділет министрлігі елдің нормативтік құқықтық актілеріне азаматтардың мемлекеттік және орыс тілдерінде жалпыға бірдей тегін қол жеткізуін қамтамасыз етті.

2011 жылдан бастап Министрлік жанында негізгі мақсаттары мен міндеттері халыққа құқықтық мәселелер бойынша тегін консультация беру болып табылатын Құқықтық ақпараттық қызмет жұмыс істейді.

2013 жылдың ақпан айынан бастап Әділет министрлігінің ведомстволық сайтында «Әділет» ақпараттық-құқықтық веб-жүйесі жұмыс істейді. Аталған жүйені белсенді қолдану азаматтардың заңнамаға деген қызығушылығының артуының куәсі болып табылады және азаматтарды құқықтық ақпараттандыруға ықпал етеді.

2015 жылдан бастап электрондық түрде ҚР НҚА Эталондық бақылау банкі пайдалануға енгізілді. НҚА бақылау жағдайында пайдаланушыларға интернет желісінде орналасқан web-портал арқылы қолжетімді. Электрондық түрдегі НҚА Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау көзі мәртебесі берілді.

Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әділет министрлігінің интернет-ресурсының бірыңғай тұғырнамасында аумақтық әділет органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдардың сайттары жұмыс істейді.

Соңғы жылдары құқықтық ағарту саласында мемлекеттік саясат мынадай бағдарламалық және жоспарлық құжаттарға негізделді: 2005-2007 жылдарға арналған Құқық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтарға құқықтық білім беру және тәрбиелеу бойынша бағдарлама; 2009-2011 жылдарға арналған Құқық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру; азаматтарға құқықтық білім беру және тәрбиелеу бойынша бағдарлама; 2012-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру бойынша Кешенді Жоспар.

Сонымен қатар, құқықтық мәдениеттің қазіргі заманғы жағдайын талдау осы салада жаңа тенденциялар мен әлеуметтік-экономикалық жағдайларды ескеру қажет екенін көрсетті. Құқықтық ағарту саласында мемлекеттік саясатты іске асыруда жүйелік проблемаларды еңсеру мақсатында қалыптасқан ұстанымдарды өзгерту қажеттілігі туындады, ол құқықтық ағартуда және ақпараттық-насихаттық сипаттағы ағарту қызметінде мемлекеттің бірінші кезектегі рөлін төмендетуге әкелуі тиіс, өйткені жоғары деңгейдегі құқықтық ағартуды қалыптастыру азаматтық қоғамның және республиканың барлық заң қоғамдастығының белсенді қатысуынсыз мүмкін болмайды. Сондықтан осы бағытта құқықтық ағарту саласында саясатты іске асыруда институционалдық модельді елеулі трансформациялауды талап ететін түбегейлі өзгерістер керек. Бұдан басқа, құқықтық ағарту мақсатты топтардың қажеттілігін ескеруі, сондай-ақ осы қызметтің сапасын және нәтижесін бағалау бойынша рәсімдерді көздеуі тиіс.

Бұдан басқа, қазіргі заманда қоғамдық қақтығыстарды реттеу кезінде халықтың сауатты болуы және оның құқықтық құралға/тетікке жүгіне білу қабілеті құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейінің маңызды индикаторы болып табылады. Атап айтқанда, дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу бойынша рәсімдердің тиімділігін білу және түсіну қоғамдық ортада құқықтық құралдардың пәрменділігіне деген мінез-құлықты қалыптастыратын болады. Нәтижесінде қоғамның заңды тұрғыда ойлауы қалыптасады, бұл өз кезегінде қазақстандық қоғамның көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Сондықтан қоғамның күнделікті өмірінде құқықтық құралдарды/тетіктерді насихаттау құқықтық ағарту саласында мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі болуы тиіс.

Осыған байланысты, халықтың құқықтық мәдениетін құқықтық ағартуға жүйелі ұстаным тұрғысында арттыру аса тиімді нәтиже береді.
3.Мақсаты және міндеттері

Тұжырымдаманың мақсаты құқықтық мінез-құлықпен және азаматтық белсенділікпен ерекшеленетін қоғамның және азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру, дауларды соттан тыс реттеудің бітімгерлік рәсімдері мен тетіктерінің әрекеттерін, оның ішінде сот, сондай-ақ соттан тыс тәртіпте тараптар арасындағы жеке құқықтық қақтығыстарда (медиация, делдалдық және басқалар) компромисске қол жеткізудің әртүрлі жолдары мен тәсілдерін бекіту арқылы кеңейту болып табылады.

Келесі міндеттерді шешу мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді:


  1. Азаматтарды қолданыстағы құқық, адам мен азаматтың құқықтары,

бостандықтары және міндеттері туралы біліммен қамтамасыз ету;

  1. Құқықтық ағарту саласында мемлекет пен азаматтық қоғам арасында

ынтымақтастықтың тиімді тетігін құру;

  1. Азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін

арттыру мақсатында елдің ғылыми және мәдени әлеуетін пайдалану;

  1. Азаматтарды құқықтық жүйеде жоспарланған өзгерістер туралы уақтылы ақпараттандыру және олардың мақсаттарын түсіндіру;

  2. Қазақстандық бірегейлік және бірлік принциптерінде тәрбиеленген, елдің стратегиялық мақсаттары айналасында біріккен «Мәңгілік Ел» буынын қалыптастыру;

  3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының

Тұжырымдама ережелерін іске асыру бойынша қызметінің есебін және бақылау мониторингі тетігін құру;

7) Қоғамда күнделікті өмірде құқықтық құралдарды/тетіктерді пайдалану

мүмкіндігі мен басымдылықтарына қатысты азаматтардың хабардар болуын арттыру.
4. Құқықтық ағарту жүйесі

4.1 Жалпы тәсілдер

Сапалы құқықтық ағартудың бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі азаматтардың, бизнес субъектілерінің, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және қоғамдық бірлестіктердің мүдделерін ескеретін бірыңғай сапа стандарттарына, жеке тәсілге негізделуі тиіс.

Бұл қоғамда құқықтық нигилизмді еңсеруге және құқықтық мәдениетті арттыруға мүмкіндік береді.

Халықпен диалогты және олардың құқықтық ағарту бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға түсінігін кеңейту мақсатында оларды ұйымдастыруға ең озық және қазіргі заманғы тәсілдерді әзірлеу өте маңызды болады.

Сондықтан, құқықтық ағарту келесі тәсілдерге негізделуі тиіс:


  1. Жалпыадамзаттық құндылықтарға және гуманизм идеалдарына

бағдарлану;

  1. Ынтымақтастыққа ашық болу;

  2. Құқықтық ағарту субъектілерінің автономдылығы, дербестігі және

тәуелсіздігі;

  1. Клиентке бағдарлану, нақты аудитория үшін қолжетімді болу және

аудитория қажеттілігіне ден қою;

  1. Инновациялылық және креативтілік;

  2. Құқықтық ағарту үрдістерінің мониторингі және бақылау.

4.2 Негізгі принциптері

Қазақстан Республикасында Құқықтық ағарту тұжырымдамасын іске асыру келесі принциптерге негізделетін болады:

1) заңдылық;

2) қазақстандық патриотизм;

3) әділеттілік, ізгілік және ынтымақтастық;

4) құқықтық үрдістің тұтастығы мен бірлігі;

5) адам құқықтары құндылықтарын жалпыға бірдей түсінуге негізделетін адам құқықтары мәдениетін нығайту;

6) жеке тұлға, қоғам және мемлекет мүдделерінің теңгерімін сақтау;

7) жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің өзара жауапкершілігі.

4.3 Құқықтық ағартудың бағыты

Құқықтық ағарту құқықтық мәдениет және құқықтық білім беру саласында іс-шараларды белгілі бір дәрежеде біркелкі емес немесе артық кеңейтетін құқықтық және қоғамдық-саяси тақырыптардың кең ауқымын қамтиды. Бұл жалпы құқықтық ағарту саласында саясаттың жалпы нәтижелілігіне жағымсыз әсер етуі мүмкін. Сондықтан құқықтық ағарту жүйесіне әртүрлі құралдар мен тәсілдер кіретін келесі бағыттар кіруі тиіс:



4.3.1. Құқықтық ақпараттандыру

Құқықтық ақпараттандыру әртүрлі құралдармен және әдістермен жүзеге асырылады. Мысалы:



  1. Жекелеген заң тақырыптарына арналған брошюралар - үлестірмелі материалдар қолжетімді қоғамдық орындарда, сондай-ақ мақсатты топтардың (мектептер, кітапханалар, ХҚКО, ЖОО, мемлекеттік органдар, түзеу мекемелері) көп бөлігі шоғырланатын орындарда болуы тиіс;

  2. газеттер мен журналдарда құқықтық проблемалар туралы мақалалар және тұрақты айдарлар – газеттерде, журналдарда құқықтың әртүрлі саласында шешілмеген проблемалар туралы, сондай-ақ халыққа жаңалықтарды дұрыс түсіндірмеуді болдырмау мақсатында заңнамаға өзгерістер мен жаңалықтар бойынша тиісті ағарту және таныстыру қызметі жүргізілуі тиіс;

  3. Интернет желісіне, әлеуметтік желілерге ақпарат берудің және мақсатты аудиторияның күрделілік деңгейіне бай ланысты сараланған материал - мақсатты топтардың көпшілігіне құқықтық тақырып бойынша білім беру сипатындағы сайттар құру қажет;

  4. Күшті және ақпараттық құқықтық мазмұны бар теледидар, бейне және радио бағдарламаларын белсенді пайдалану – теледидар форматы шеңберінде мынадай әдістер қолданылуы мүмкін: көмек туралы бағдарламалардың әлеуметтік роликтері, оның ішінде құқықтық; құқық бұзушылық актілерін және оларды жасау салдарын жариялайтын, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша бағдарламалар; құқықтық проблемаларды қозғайтын фильмдер мен сериалдар.


4.3.2. Құқықтық консультация беру және көмек

Құқықтық консультация беру және құқықтық көмек көрсету бойынша қызметті ұйымдастыру кезінде құралдар мен әдістердің халықтың әртүрлі категориясының қажеттіліктерін ескеруі және Тұжырымдама принциптеріне сәйкес келуі қажет. Құқықтық консультация беру және құқықтық көмек көрсету мына жолдармен жүзеге асырылуы тиіс:



  1. Заң көмегін мемлекет кепілдік берген заң көмегі арқылы көрсету;

  2. Заңнама және заң қызметтері туралы ақпарат беретін телефон анықтамалық желілерін құру – операторлар проблема сипатына талдау жасай алатын, оны шешу алгоритмі бойынша тиісті органдарға немесе ұйымдарға одан әрі қайта бағыттайтын телефон анықтамалық желісін енгізу қажет;

  3. Тиісті заңдар бойынша Интернет желісінде, мамандандырылған заң порталдарында азаматтарға арналған нұсқаулар мен түсіндірмелер әзірлеу. Бұдан басқа, мемлекеттік органдардың сайттарында кері байланыс бөлімінен басқа жиі қойылатын сұрақтар (Frequently Asked Questions) қамтылуы тиіс, соның арқасында азамат мемлекеттік орган тарапынан жауап күтпей-ақ, өзін қызықтыратын сұраққа жауап таба алатын болады;

  4. Тиісті мәселелер бойынша вебинарлар, тегін оқыту курстарын өткізу – аталған әдіс қоғамдық орындарда, сондай-ақ Интернет желісі арқылы өткізілетін әртүрлі консультациялардың, семинарлардың, тренингтердің кең спектрін қамтиды;

5) Құқықтық ағарту саласында саясатты іске асыруда ерекше рөл қызметі

бүгінгі күні мемлекеттік көрсетілетін қызметті «бір терезе» принципі бойынша қамтамасыз етуге шоғырланған «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына берілуі тиіс.

Құқықтық ағарту саласында саясатқа жататын мақсатты топтар үшін ХҚКО базасында тегін консультация беруді ұйымдастыру үшін алаңдар құрылатын болады. Мұндай қадам әртүрлі бейіндегі тәжірибе жинақтаушы заңгерлерді мерзімді тегін негізде міндетті беруді талап ететін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді.
4.3.3. Құқықтық оқыту

Мектепте білім беру шеңберінде бастауыш, орта және жоғарғы сыныпқа арналған оқу бағдарламасы оқушылардың құқықтық түсініктік ойлау аппаратын үдемелі қалыптастыруы тиіс. Мектептерге құқық қорғау органдарының өкілдері ғана емес, сонымен қатар бизнес-қоғамдастықтар өкілдері (заң қызметтерін көрсететін және консультациялар беретін және т.б. компаниялар) де баруы тиіс.

Жоғары білім беру деңгейінде таңдау компоненті шеңберінде білім алушылардың құқықтық және жемқорлыққа қарсы мәдениеті бойынша білімдері мен дағдыларын қалыптастыратын пәндер қарастырылатын болады. Тәрбие жұмысы шеңберінде жоғары оқу орындарында заңнаманы түсіндіру, құқықтық көмек алу бойынша кураторлық сағаттар, дөңгелек үстелдер, тренингтер, семинарлар және т.б. өткізілетін болады.

Сондай-ақ, ЖОО заң факультеттерінде кеңестер беру және тегін заң көмегін көрсету бойынша заң клиникалары ашылатын облады.


4.3.4. Құқықтық насихат

Құқықтық насихат — бұл мемлекеттің құқықтық саясатын әрбір азаматқа түсінікті және түсінуге оңай, өзінің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін біркелкі қабылдау және түсінікті болу нысанында жеткізуге тырысу.

Құқықтық мәдениетті дамыту жоғары білімді ұлтты қалыптастырудың негізгі құралы болып табылады.



Құқықтық насихат азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениеті деңгейін жаппай арттыруды қамтитын маңызды ықпал ету құралдарының бірі болуы тиіс.

Осыған байланысты адамның тіршілік етуінің барлық саласында басқару субъектілері мен объектілері, олардың функциялары, негізгі және аралық мақсаттары, оларға қол жеткізудің тиісті құралдары нақты белгіленген табысты, динамикалық жүйені және ақпараттық қамтамасыз етуді құру арқылы кең ауқымды құқықтық насихаттау жұмысы жүргізілуі тиіс.




4.3.5. Азаматтық қоғамды НҚА қабылдау үрдісіне тартуды жандандыру
Құқықтық қамтамасыз ету нормативтік құқықтық реттеу арқылы қоғамдық қатынастарға құқықтық әсер етумен жасалады.

Қазіргі заманғы мемлекетке қоғаммен тікелей және кері байланыс, қуатты және ықпалды мемлекеттік емес қоғамдық өзін-өзі ұйымдастыру институттары қажет. Күшті және тиімді мемлекет барлық заманда азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасайды. Қоғамдық дамудағы жағдайды түсіну үшін елдегі азаматтық қоғамның даму деңгейі қандай екенін анықтау маңызды.

Барлық азаматтардың қандай да бір құқықтық актіні қалыптастыру/талқылау үрдісіне қатысуға тарту/қызығушылық тетігін құру қажет. Мұндай шара құқықтық актілерді әзірлеудің барлық кезеңінде қоғамның ұстанымдары мен ұсыныстарын ақпараттандыру және жария талқылауды жүргізу, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы диалогты қалыптастыру арқылы ескеруге мүмкіндік береді, бұл қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға, құқық шығармашылығы саласында мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

4.3.6. Қоғамда күнделікті өмірде құқықтық тетіктерді/құралдарды насихаттау

Азаматтардың құқықтық құралдарды пайдалану қабілеті жалпы құқықтық көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай құқықтық сана заңның қажетті және тиімді қоғамдық құбылыс ретіндегі іргелі құндылығын арттыруға қабілетті. Бұдан басқа, ол қазақстандық азаматтың ізгілік, заңдылық, жауапкершілік және әділдік принциптері басым болатын мінез-құлығын түбегейлі өзгертуге қабілетті болады.

Құқықтық тетіктердің өзектілігі әртүрлі қақтығыстық өмірлік жағдайларды реттеу кезінде артады. Мұндай жағдайларда медиация, сотқа дейінгі реттеу рәсімі сондай-ақ әртүрлі бітімгерлік рәсімдер қоғамдық дауларды шешуде өзінің реттеуші рөлін арттыруы тиіс.

Даулы және қақтығысты жағдайларды реттеуге құқықтық тәсілдерді насихаттау сот жүйесіне жүктемені төмендетумен қатар азаматтардың әртүрлі келісу және бітімгерлік тетіктеріне қанағаттанушылық деңгейін арттыруға әкеледі. Бұл азаматтардың мемлекетке деген сенім дәрежесінен көрініс табады және азаматтардың мемлекеттің серіктесі ретінде болуына әкеледі.


5. Мақсатты топтар

Азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша іс-шаралар барлық азаматтар үшін жалпы білім беру сипатына ие болуы тиіс. Сонымен қатар, олар нүктелі сипатты атқаруы және халықтың әртүрлі өлшемшарттар (жасы, жынысы, физикалық мүмкіндігі және басқалар) бойынша сипатталатын белгілі бір категорияларына бағдарлануы тиіс. Тиісінше құқықтық ағарту жүйесі балалар, әйелдер, зейнеткерлер, физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдар, кедей отбасылар мен адамдар, ауылдық жердің халқы, оралмандар, мигранттар, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталушы адамдар және басқалар жататын халықтың белгілі бір категориясының сұранысына жауап беруі тиіс.


6. Жауапты тараптар

Тұжырымдаманың табысты моделі азаматтық қоғам институттарын: үкіметтік емес ұйымдарды, оқу орындарын, БАҚ, бизнес-қоғамдастықтарды және басқаларды неғұрлым кеңінен тартуды болжайды.



6.1 Үкіметтік емес ұйымдар

Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі халықты ең маңызды құқықтық мәселелер бойынша қалың жұртшылыққа, сондай-ақ оқу орындарына арналған әртүрлі қызмет көрсету бағдарламалары арқылы оқытуға және ақпараттандыруға бағытталуы тиіс.

Халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы билік органдарымен және бизнес-қоғамдастықпен әртүрлі өзара іс-қимыл деңгейінде, оның үстіне, түрлі нысандарда көрінетін болады. Бұл маңызды ерекшелік болып табылады, ол құқықтық ағарту саласында мемлекеттік саясатқа тұтастық және сонымен бір мезгілде әлеуметтік кірігуді береді.

6.2 Бұқаралық ақпарат құралдары

БАҚ-тың мәдени, идеологиялық және насихаттық әсері бұқаралық сипатқа ие, бұл оның әртүрлі әлеуметтік топтарға тиімді әсер етуіне мүмкіндік береді, өйткені олар әртүрлі аудитория үшін қолжетімді, сондай-ақ азаматтардың көпшілігі жеңіл қабылдайтын ақпараттық өнімді жасауға қабілетті.

Құқықтық ағарту шеңберінде БАҚ белгілі бір құқықтық ақпаратты немесе азаматтарға (әртүрлі әлеуметтік топтарға) әлеуметтік мәні бар құбылыстар мен проблемаларда бағдарлануға мүмкіндік беретін заң проблемасы туралы ақпаратты беруі қажет. Оның үстіне, нәтижесінде БАҚ белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ынталандыра отырып, ең маңызды әлеуметтік және аң проблемалары бойынша қоғамдық пікірді қалыптастыратын болады.
6.3 Оқу орындары

Оқу орындары құқықтық білім және заң сипатындағы белгілі бір практикалық құзыреттілікті беруде бірінші дәрежедегі білім беру рөлін атқаруы тиіс.

Мектепке дейінгі жастан бастап балалар құқық саласында қарапайым білім (жол жүру ережелерімен танысу, көшеде және қоғамдық көлікте мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеу, балалардың құқықтары мен міндеттері туралы бастапқы түсініктерін қалыптастыру) алуы тиіс.

Дәл осы білім беру орындарында оқушылар мен студенттер құқықтық сипаттағы базалық білім алады, ең маңызды адамгершілік құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын меңгереді. Осындай ақпарат жүйелі сипатқа ие болуы және заңды бұзбайтын азаматты қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

Оқу орындарында оқушылардың құқықтық мәдениетін дамыту тренинг, мастер-класс, конференция, заң үйірмелері, дөңгелек үстел, кейстер әдісі, бейнефильмдерді талқылау немесе құқықтық мәселелерді бірлесіп шешу сияқты жеткілікті әртүрлі және тиімді әдістермен жүзеге асырылуы тиіс.
6.4 Бизнес-қоғамдастық

Бизнес-қоғамдастық, тікелей корпоративтік мүддеден басқа, коммерциялық емес мақсаттарды да көздеуі тиіс, атап айтқанда қызметтер көрсетуге немесе қайырымдылық мақсатында құқықтық мәдениетті арттыру бойынша іс-шаралар өткізуге. Сонымен қатар, мемлекет бизнес-қоғамдастықты және БАҚ-ты басқа да тәсілдермен, атап айтқанда салықтық жеңілдіктерді, әртүрлі әкімшілік жеңілдіктерді және басқаларды берумен ынталандыруы тиіс.

Заң және консалтингтік қызметтер көрсететін компаниялар, алқалар, палаталар және қауымдастықтар құқықтық мәселелер бойынша семинарлар, дәрістер курстарын, халыққа тегін заң көмегін ұйымдастыруы қажет.

Мемлекеттік органдар халықты құқықтық ағартуды тиімді жүзеге асыру үшін ірі әкімшілік және қаржы ресурстарына ие. Бұдан басқа, мемлекет аталған салада арнайы мемлекеттік саясатты әзірлеу арқылы халықты құқықтық ағарту моделін/негізін қалыптастыру үшін жеткілікті құзыретке ие. Аталған саясат халықтың және жекелеген әлеуметтік топтардың құқықтық мәдениетін дамытудың нақты бағыттарын қалыптастыруды болжайды. Мемлекеттік органдар қызметінің маңызды артықшылығы оның мақсатты және жүйелі сипатқа ие болуында жатыр.

Барлық құқықтық ағарту жүйесі тиімді жұмыс жасауы мақсатында барлық жауапты тараптардың қызметін және өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету қажет.

Табысты құқықтық насихат және азаматтардың құқықтық мәдениетін, құқықтық санасын арттыру мәселелері мемлекеттік органдардың барлық жүйесінің қызметіне байланысты. Осыған байланысты Үкімет осы Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттерін іске асыру жоспарын әзірлейтін болады. Уақтылы шаралар қабылдау, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ Тұжырымдаманы іске асыру барысын талдау мақсатында Үкімет пен уәкілетті органдар Тұжырымдаманың орындалуына мониторинг және бағалау жүргізуді жүзеге асыратын болады.


7. Қаржыландыру

Ауқымды мақсатқа қол жеткізу елеулі қаржылық шығындарды, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды, коммерциялық секторды, БАҚ-ты құқықтық ағарту саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға белсенді қатысуға ынталандыратын басқа да құралдарды қолдануды талап етеді. Осы бағытта құқықтық ағартудың әрбір жауапты субъектісін нүктелік қаржыландыру өте маңызды болып табылады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру тетігі, сондай-ақ белгілі бір мақсатты бағдарламалар қаржылық негіз болады. Бұл ретте мұндай қаржыландыру құқықтық ағарту субъектілерінің қаржылық қызметінің мониторингін, сондай-ақ қаржылық тәуекелдерді бағалауды көздеуі тиіс.

Құқықтық ағарту саласында толыққанды мемлекеттік саясатты іске асыру мемлекеттік қаржыландырудан басқа баламалы қаржыландыру көздерін көздеуі тиіс. Осы аспектіде қосымша қаржыландыру көздерін іздеу өте тиімді болуы тиіс. Атап айтқанда, заң және консалтингтік қызметтер көрсететін компаниялар, алқалар, палаталар және қауымдастықтар дербес халық немесе оқитын жастар үшін құқықтық мәселелер бойынша семинарлар немесе тренингтер ұйымдастыратын, ал БАҚ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған репортаждар немесе арнайы сюжеттер шығаруды қамтамасыз ететін болады.

Үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес-қоғамдастықтар субъектілерінің құқықтық ағарту іс-шараларына қатысуын ынталандыру мақсатында белгілі бір ұйымдардың халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша бағдарламаларға тартылу дәрежесіне арнайы рейтинг әзірлеу қажет. Рейтинг қоғам мен мемлекет арасында құқықтық ағарту субъектілерінің жоғары беделінің болуын көрсетеді. Өз кезегінде, жоғары рейтингтің болуы басқа бағыттар шеңберінде мемлекеттік қаржыландыруға қатысуға кепілдік береді.



8. Күтілетін нәтиже

Тұжырымдаманы іске асыру адам құқықтарын насихаттауды қамтамасыз етеді, заңға деген құрметті тудырады, күнделікті өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз ету үшін азаматтарды құқықтық жүйемен өзара іс-қимыл жасауға үйретеді, бұл, сайып келгенде, заңды мінез-құлықпен және азаматтық белсенділікпен сипатталатын азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттырады.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру сектораралық серіктестікті нығайтуға әкеледі: мемлекеттік органдар, ЖОО, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес-қоғамдастық, сондай-ақ жергілікті және республикалық деңгейде құқықтық ағарту құндылықтарын насихаттайтын күшті коммуникациялық саясат арасында серіктестік қатынастарды дамытуға.

Бұдан басқа, Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үкіметтің қалай қолдау көрсететіні, ақпарат және көмек беретіні сияқты үкіметтің қоғамдық түсінуді кеңейту қабілетінің арқасында тиімді үкіметті қалыптастыруға ықпал етеді.

Тұжырымдаманың іс-шараларын іске асыру мыналарға қол жеткізуге мүмкіндік береді:


  1. Азаматтардың құқық және құқықтық мәдениетті дамыту саласында білімдерге қызығушылығын күшейту.

  2. Азаматтардың құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту.

  3. Қылмыстылыққа қарсы іс-қимылдың және құқық бұзушылықты жасаудың алдын алудың негізгі буындарының бірі ретінде құқықтық нигилизмді және құқыққа қарсы мінез-құлық таптаурындарын еңсеру.

  4. Азаматтардың заңнамалық бастамаларды қызығушылықпен және оң қабылдауына қол жеткізу;

  5. Азаматтардың норма шығармашылығы үрдісіне белсенді қатысуына қол жеткізу;

  6. Азаматтық қоғам институттарының, мемлекеттің заң білімдерін насихаттау, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына құқықтық көмек көрсету бойынша рөлін арттыру;

  7. Азаматтық қоғам институттарының, мемлекеттің халықпен құқықтық мәдениетті және құқықтық ағартуды дамыту, заң білімдерін насихаттау, халыққа құқықтық көмек көрсету мәселелеріндегі өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.


9. Қазақстан Республикасында Құқықтық ағарту тұжырымдамасын іске асыратын нормативтік құқықтық актілер тізбесі

1) «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

2) «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

3) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

4) «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

5) «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

6) «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

7) «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

8) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі;

9) Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексі;

10) «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

11) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

12) «Халықтың көші қоны туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

13) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

14) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі;

15) «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

16) «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

17) «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

18) «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

19) «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

20) «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

21) «Қазақстан-2050» Стратегиясы;



22) Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары;

23) Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы;

24) Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;



25) Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

26) «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы.
__________________




Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет