Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевты қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда, Дәулет Сәрсенбаев ғылыми орталықтың қазіргі атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндаған.

“Былтыр қала аумағында орналасқан 16 сейсмикалық станцияның 11-не 527 миллион теңгеге құрал-жабдық сатып алынғаны туралы мәлімет берді. 2021-2023 жылдарға арналған мақсатты қаржыландыру бағдарламасының нәтижесінде 25 бақылау пункті ашылған. Халықаралық ынтымақтастық аясында 10 жаңа станция ішінара жаңғыртылып, 6 жаңа станция пайдалануға берілген”, – делінген ақпаратта.

Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік халықты қорғау деңгейіне, экономикалық нысандар мен қоршаған ортаның жай-күйіне әсер ететін ұлттық қауіпсіздіктің негізгі факторы саналатынын айтқан. Президент ерте құлақтандыратын озық жүйе енгізуге және сейсмологтардың біліктілігін арттыруға қатысты бірнеше мәселеге назар аударған.

“Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми орталыққа жер сілкіністерін болжаудың ғылыми әдістерін қолдану және енгізу жөнінде маңызды міндет жүктелетінін айтты. Мемлекет басшысы орталықтың жұмысында ғылыми зерттеулерді дамыту және инновациялық технологияларды енгізу қажет екенін атап өтті”, – деп қосты Ақорда.

Алматыда болған жер сілкінісі

4 наурыз күні сағат 11:22-де Алматыда жер сілкінісі болды. Қалада жер сілкінісі кезінде қосылатын сиреналардың даусы шықты.

Алматылықтардың айтуынша, жер асты дүмпулері қаңтардағыдан да күштірек болған. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 13,2.

MPV магнитудасы – 6,1. Тереңдігі – 10 км. Алматы қаласы бойынша қабылдау туралы ақпарат – 5 балл. Талдықорғанда 2 балдық жер сілкінісі сезілді.

Оның алдында Алматыда 23 қаңтар күні сағат 00:09-да күшті жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан аумағында, Алматыдан 264 шақырым жерде орналасқан. Алматыда сезімталдық бес баллды құрады. Көптеген тұрғындар көшеге шығып, жолдарда кептеліс пайда болды. Қалада сиренаның даусы шыққан жоқ.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.