Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде “жастардың еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал” деген ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол Қазақстан – барша азаматтарымыздың ортақ отаны, қастерлі мекені екенін атап өтеді.

“Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Мен облыстарға сапар кезінде жастардың көбі туған ауылынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын. Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды. Сондықтан грант санын еселеп қысқартуға тура келді. Яғни, жастарымыз қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр.

Өмір бойы бір жерде, бір ауылда отырған жастардың келешегі және көзқарасы қандай болады? Бұл сұрақтың жауабы – анық. Айтпаса да түсінікті. Шын мәнінде, бұған үлкендер де кінәлі. Көбінесе, ата-аналар баласын алысқа жібергісі келмейді. Соның кесірінен көптеген жастар еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып, әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отыр. Бұл – масылдық деген сөз", – дейді Тоқаев.

  • "Кейбірі алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады": Президент кәсіпкерлерден жаңа идея естігісі келетінін айтты
  • Президент елімізде жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды тапсырды

Президент өзінің мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалайтынын жеткізген.

“Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. "Туған жерге туың тік" дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет”, – дейді ол.

Мұның алдында 7 ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында да Тоқаев масылдық туралы айтқан. 

“Қазір төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көбі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек”, – деген еді ол.

Бұған дейін Тоқаев Қазақстанның оқу орындарында ұлттық нақышта киіну үрдісі туралы бастаманы қолдағаны туралы жазылған.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.