Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы жер сілкінісінен кейін мұндай төтенше жағдайлардың салдарын азайту шараларын күшейту қажет екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Алматылықтар орын алуы мүмкін жер сілкінісі туралы хабарлама алмады. Тұрғындар басында әбігерге түсті. Бойын үрей билеген халық жапатармағай сыртқа ұмтылды. Тіпті көпқабатты үйлердің терезесінен секіруге дейін барды. Көліктерімен қала сыртына шығып кетпек болғандарда есеп жоқ. Оның соңы ұзын-сонар кептеліске ұласты. 

Бұл – еліміздің ең үлкен қаласы, жан-жақты дамыған, инфрақұрылымы мықты Алматыдағы жағдай. Абырой болғанда, ғимараттар құламады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?! Әсіресе, еліміздің таулы аймақтарында, жерасты қазынаны өндіріп жатқан өндірісті өңірлерде зілзала қаупі жоғары", — деді депутат. 

Сондай-ақ ол төтенше жағдай министрлігі мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қарау қажетін, тұрғындар арасында да зілзаладан қорғану шаралары бойынша оқу, жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керек екенін атап өтті. 

"Фейк ақпараттарға сенгіш халықты қорқыныш биледі. Мұндай жағдайда өтірік ақпарат тез тарап кететіні бар. Азаматтар тек ресми ақпаратты ала білуі қажет, әрбір тараған материалды жан-жақты тексеруіміз керек. Сол үшін, бізде апатқа дайын болатындай мәдениет қалыптасуы тиіс", — дейді ол. 

Ең бірінші кезекте қала басшылығы тектоникалық жер сілемдерінің бойында, сонымен қатар су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда жер беруге және құрылыс салуға рұқсат беруін тоқтатуы керек. Бұл үшін қала әкімдігі мен мәслихатына қала құрылысы бойынша айрықша мәртебе берілгені жөн. 

Сондай-ақ, Бақытжан Базарбек қандай ғимарат болмасын оған вибросынақ арқылы міндетті сейсмоаудит жүргізілуі тиіс және екі мәрте, мемлекеттік сараптау барысында және пайдалануға беру алдында жасалуы қажет екенін айтты. 

"Ал ең маңыздысы, таулы аймақтарда биік ғимараттар, тіпті екі қабаттан асатын үйлер салынуын тоқтату керек", — деп ұсынды депутат. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.