«Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 желтоқсандағы №1522 Қаулысы



жүктеу 383.44 Kb.
бет2/2
Дата07.05.2019
өлшемі383.44 Kb.
1   2
3. Багажды тасымалдау тәртібi

 

39. Жолаушылар жалпы салмағын авиакомпания белгілейтін тіркелмеген багажды алып жүреді.

40. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде адамдардың өзімен бірге қару-жарақтарды алып жүруі тек берілетін рұқсат бойынша және аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын елдің заңнамасы сақталғанда ғана жүзеге асырылады.

41. Авиакомпания багажды тасымалдауға қабылдау кезінде билетте орындар санын және тіркелген багаждың салмағын көрсетеді, бұл жолаушыға багаж түбіртегін беру болып саналады. Бұдан басқа авиакомпания жолаушыға багаждық нөмірлі белгісінің үзбелі талонын береді.

Әрбір багаж орнының салмағы 32 килограмнан және үш өлшеу сомасы бойынша мөлшері 158 текше сантиметрден аспауы тиіс.

42. Багаж тіркелгеннен кейін оның сақталуына авиакомпания жауапты болады.

43. Авиакомпания, егер жүк чемодандарда, қораптарда, сөмкелерде немесе оның қауіпсіз тасымалдануын қамтамасыз ететін басқа да орамдарда оралмаған болса, оны тіркелген багаж ретінде қабылдамайды.

44. Авиакомпания сынатын немесе тез бұзылатын жүктің тіркелген багажын тасымалдауды жағдайлар болған кезде жүзеге асырады.

45. Тіркелген багаж жолаушы ұшатын сол әуе кемесінде тасымалданады. Егер мұндай тасымалдау ұшу қауіпсіздігі және/(немесе) авиациялық қауіпсіздік шеңберінде, сондай-ақ форс-мажорлық жағдайлар туындатқан оқиғалар болған жағдайларда мүмкін болмаса, авиакомпания тіркелген багажды өзінің ең жақын келесі немесе алдыңғы рейсімен тасымалдайды.

46. Билеті бар әрбір жолаушыға, салонда жеке орын ұсынылмай тасымалданатын балаларды қоспағанда, рұқсат етілетін салмағын авиакомпания белгілейтін қол жүгін тегін тасымалдауға рұқсат етіледі.

47. Жолаушы тасымалдау маршрутын өз еркімен өзгерткен кезде оған жаңа учаскедегі тиісті маршрут үшін белгіленген норма бойынша багажды тегін тасымалдау мүмкіндігі беріледі.

48. Тасымалдау маршруты мәжбүрлі өзгерген кезде, егер оны ұшу қауіпсіздігі және/(немесе) авиациялық қауіпсіздік талап етсе, сондай-ақ оқиғалар форс-мажорлық жағдайлардан туындаса, жолаушыға бастапқы төленген маршрут және қызмет көрсету класы бойынша тасымалдауға рұқсат етілгендей мөлшерде ол багажды тегін тасымалдайды.

49. Жолаушы багаждың белгіленген нормасынан артық тегін тасымалдайтын заттар авиакомпанияның қағидаларында айқындалады.

50. Тегін тасымалдау нормасынан асатын мөлшердегі багажды тасымалдауға межелі пунктке дейін бүкіл тасымалдау үшін ақылы багаждың түбіртегі берілген күнге қолданылатын тариф бойынша жөнелту пунктінде төленеді. Мұндай төлем алдын ала (билет ресімделетін кезде) жүргізіледі.

51. Егер жөнелту пунктінде жолаушы тасымалдауға ол мәлімдегеннен және билетті ресімдеу кезінде алдын ала төлегеннен аз мөлшердегі багаж ұсынса, багаждың мәлімделген және нақты салмағы арасындағы тасымалдау төлеміндегі айырмасы жолаушының нақты тұрғылықты жері бойынша бастапқы төлем валютасында жолаушыға қайтарылуға жатады.

52. Егер жолаушы тасымалдауға ол мәлімдегеннен және алдын ала төлегеннен көп мөлшерде багаж ұсынса, мұндай багаж жолаушымен бір әуе кемесінде тасымалдануға тек бос жүк көлемі болған кезде және тиісті қосымша ақы төленгеннен кейін қабылданады.

53. Жолаушының тілегі бойынша тегін тасымалдау нормасынан артық багажды тасымалдауға төлеу жолда аялдау пунктіне дейін немесе трансфер пунктінде жүргізіледі.

54. Егер жолаушы межелі, аялдау немесе трансфер пунктіне келгеннен кейін өзінің тіркелген багажын алмаса және ол туралы мәлімдесе, авиакомпания немесе жолаушыға қызмет көрсететін агент авиакомпанияның рәсімдері шеңберінде багажды іздестіруге шаралар қабылдайды.

55. Талап етілмеген, авиакомпания қате жөнелткен багаж межелі, аялдау немесе трансфер пунктіне қосымша ақы төлеусіз жеткізіледі.

56. Жолаушы өзінің тіркелген багажын оны авиакомпания межелі, жолда аялдау немесе трансфер пунктінде беруге ұсынғаннан кейін бірден алады.

57. Авиакомпания әуе тасымалы шарты бойынша авиакомпанияға тиесілі сомалардың барлығы төленген жағдайда багаж түбіртегі мен багаждық нөмір белгісінің үзбелі талонын ұсынған адамға тіркелген багажды береді.

58. Егер багажды мұндай пункттерде беруге осы елдің заңнамасында тыйым салынбаса және уақыт беруді жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, багаж түбіртегі мен багаждық нөмір белгісінің үзбелі талонын ұсынушының өтініші бойынша тіркелген багаж жөнелту пунктінде де немесе қонудың аралық пунктінде де беріледі.



Жөнелту пунктінде немесе қонудың аралық пунктінде багаж осылайша берілген жағдайда осы багажды тасымалдауға қатысты авиакомпанияға бұрын төленген сомалардың барлығы жолаушыға қайтарылуға жатпайды.

59. Егер жолаушы багаж түбіртегі мен багаждық нөмір белгісінің үзбелі талонын ұсына алмаса, мұндай адамға багажды беру оның жеке басын куәландыратын құжаттарды тексергеннен кейін жүргізіледі.

60. Багажды жеткізу кідіртілген, ол жетіспеген, зақымданған немесе жоғалған, сондай-ақ багаж түбіртегі мен багаждық нөмір белгісінің үзбелі талонын ұсынусыз багаж берілген жағдайда тасымалдау кезіндегі ақаулар туралы акті жасалады, оған багажды алушы адам мен авиакомпания қол қояды.

61. Багажды жеткізуде мерзімнің өткені үшін авиакомпания багажды алушыға мерзімі өткен әрбір тәулік үшін авиабилет құнының 10%-ы, бірақ жолаушының нақты тұрғылықты жері бойынша авиабилет құнының 50%-ынан аспайтын мөлшерде айыппұл төлейді.

62. Талап етілмеген багажды авиакомпания ол жеткізілген күннен бастап 6 ай ішінде әуежайда сақтайды. Көрсетілген мерзім өткен соң талап етілмеген багаж жойылады.

63. Иттер, мысықтар, құстар және басқа да жануарлар авиакомпанияның алдын ала келісімімен тасымалдауға қабылданады. Жөнелтуші аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын елдің ветеринарлық органдары талап ететін құжаттарды ұсынады.

64. Жануарлар мен құстарды тасымалдау үшін жолаушы ауа кіретін контейнермен (тормен) қамтамасыз етеді.

65. Контейнердің (тордың) түбі су өткізбейтін және сіңіргіш материалмен қапталған болуы тиіс. Жануарлар мен құстарды ауа кіретін саңылауы бар тығыз жабылған себеттерде, қораптарда тасымалдауға рұқсат етіледі. Құстардың торлары тығыз, жарық өткізбейтін матамен жабылады.

66. Еріп жүрілетін жануарлар мен құстардың салмағы, соның ішінде контейнерлер (торлар) мен тамақтың салмағы, егер авиакомпания өзгеше белгілемесе, тегін тасымалданатын багаж нормасына кірмейді және оған тариф бойынша ақы төленеді.

Жануарлар тіркелген багаж ретінде ғана әуе кемесінің оқшауланған жүк бөлмесінде тасымалданады. Егер ұшу оқшауланған жүк бөлмесі жоқ әуе кемесімен орындалатын болса, онда жануарлары бар торлар жолаушылар салонында орналастырылады.

67. Көру қабілетінен айырылған жолаушымен еріп жүрген жетекші иттер қарғыбауы мен тұмылдырығы болып, иесінің аяғының астында байлаулы болған жағдайда, багажды тегін тасымалдау нормасынан тыс, торсыз тегін тасымалданады.

 

 

4. Жүктерді тасымалдау тәртібi



 

68. Жүкқұжат авиакомпания мен жөнелтуші арасындағы жүкті әуеде тасымалдау шарты жасалғанын, авиакомпанияның тасымалдау шарттары мен жүкті қабылдауын куәландыратын құжат болып табылады.

69. Жүкқұжатты жөнелтуші толтырып, қол қояды және авиакомпанияға жүкпен бірге береді.

70. Жүкқұжатқа тарифтер мен алымдарға қатысты деректерді енгізуді авиакомпания жүргізеді.

71. Авиакомпания жөнелтушіден немесе ол уәкілеттік берген адамнан, егер жөнелту бір орыннан артық орыннан тұрса, қосымша жүкқұжат толтыруды талап етеді.

72. Авиакомпания жөнелтушінің өтініші бойынша жүкқұжатты өзі толтырады.

73. Жүкқұжаттағы жүктің салмағы, өлшемі мен орамы, сондай-ақ орын саны туралы деректер, егер авиакомпания өзгеше дәлелдей алмаса, дұрыс деп саналады. Жүктің мөлшері, көлемі және жай-күйі туралы деректер, егер авиакомпания жөнелтушінің қатысуымен оларды тексеруді жүргізсе, бұл туралы жүкқұжатта көрсетсе не осы деректер жүктің сыртқы түріне қатысты болса, дұрыс деп есептеледі.

74. Жүктің сыртқы түрі, орамы, жүктің жай-күйі осы Қағидалардың 91 және 92-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес қанағаттанғысыз болып табылса, жөнелтуші жүкқұжатта оның шын мәніндегі сыртқы түрі мен жай-күйін көрсетеді. Егер тасымалдауға тапсырылатын жүктің ерекше қасиеттері болса немесе ерекше жағдайда тасымалдауды қажет етсе, жөнелтуші мұны жүкқұжатта көрсетеді. Егер жөнелтуші тиісті нұсқаулар бермесе, онда авиакомпания жүкқұжатта жүктің нақты түрі мен жай-күйі, оның ерекше қасиеттері мен тасымалдау шарттары туралы немесе бұрын жасалған белгіні өзінің қолымен және мөрімен (мөртабанымен) енгізген түзетулерін куәландырып, нақтылай алады.

75. Жөнелтуші жүкқұжатта көрсетілген мәліметтердің толықтығы, дұрыстығы, дәлдігі үшін, оның ішінде жүкқұжатты авиакомпания жөнелтушінің өтініші бойынша толтырған жағдайда авиакомпания алдында жауап береді.

76. Жөнелтуші көліктік құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыс еместігі, дәлсіздігі немесе толық еместігі салдарынан авиакомпанияға келтірілген шығынның орнын толтырады.

77. Жүкқұжаттың болмауы, дұрыс еместігі немесе жоғалуы жүк тасымалдау шартының жарамдылығына әсер етпейді.

78. Егер жүкқұжатқа авиакомпания немесе оның агенті енгізбеген түзетулер немесе өзгерістер енгізілсе, ол жарамсыз деп танылуы мүмкін.

79. Жүк көлемі үшін орынға алдын ала тапсырыс беру жүк тасымалдаудың қажетті шарты болып табылады.

80. Жүкті тасымалдау үшін жүк көлемі бойынша орынға алдын ала тапсырыс беріледі. Орынға алдын ала тапсырыс бермей жүкті белгілі бір бағытта тасымалдау үшін жүк авиакомпаниямен келісілген салмағы немесе көлемі бойынша қабылдануы мүмкін.

81. Жүк көлемі үшін орынға алдын ала тапсырыс беру көлемге тапсырыс берілген тек сол күні және сол рейспен және тапсырыс беру кезінде авиакомпания мен жөнелтуші ескерген пункттер арасында жүкті тасымалдауға құқық береді. Жүк көлемі үшін орынға алдын ала тапсырыс беру авиакомпания жөнелтушіге жүкқұжатты бергенге дейін алдын ала болып есептеледі.

82. Жөнелтушінің жүк көлемі үшін орынға алдын ала тапсырыс берген өтінімі мынадай мәліметтерді қамтиды:

1) жүктің атауы, орын саны, жалпы салмағы мен көлемі;

2) әрбір орынның өлшемдері;

3) маршруты, рейсі және жөнелту күні;

4) тасымалдау төлеміне кепілдік беретін құжаттың атауы мен нөмірі;

5) тасымалдау мен сақтауда ерекше шарттар немесе сақтық шараларын талап ететін жүктің ерекше қасиеттері.

83. Егер жөнелтуші сұраған маршрут авиакомпания үшін қолайсыз болып табылса, онда соңғысы маршрутты жөнелтушінің келісімімен өзінің ыңғайына қарай таңдайды.

84. Жүк көлемі үшін орынға алдын ала тапсырыс беруге өтінімді жөнелтушіні немесе тапсырыс берудің жүргізілгені туралы өтінім ұсынған авиакомпанияны хабардар еткен сәттен бастап авиакомпания қабылдады деп есептеледі.

85. Белгілі бір рейске орынға алдын ала тапсырыс беру, егер:



1) жөнелтуші авиакомпанияның актілерінде көзделген сомада және мерзімде аванс төлемесе;

2) жөнелтушіге жүкті тасымалдау үшін жүкқұжат берілмесе, жарамсыз болады.

86. Егер жөнелтуші жүкті белгіленген мерзімде жеткізбесе немесе оны дұрыс толтырылмаған құжаттармен бірге жеткізсе, немесе жүкті жөнелтуге дайындамаса, онда авиакомпания ол үшін осы әуежайдан бұрын жасалған алдын ала тапсырысты жоя алады.

87. Авиакомпания жүкті жеткізуде мерзімін өткізіп алғаны үшін алушыға әрбір мерзімін өткізіп алған тасымалдау тәулігі үшін 5%-ы мөлшерінде, бірақ тасымалдау үшін 50%-дан артық емес мөлшерде айыппұл төлейді.

88. Жөнелтушінің өтініші бойынша авиакомпания ұсынған орынға бастапқы тапсырыс беруге жататын байланыс шығыстарын қоспағанда, жүкті тасымалдауға және орынға алдын ала тапсырыс беруге қатысы бар байланыс шығыстарын жөнелтуші төлейді.

89. Жүк әуемен тасымалдауға:

1) жүкті әкелу, әкету немесе транзит аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын елдің заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын;

2) жүктің габариттері әуе кемесінің және оның бөліктерінің багаж-жүк бөлігінде еркін тиелуін және түсірілуін, орналасуын қамтамасыз ететін;

3) рейстік жолаушы әуе кемелерінде тасымалдау кезінде жүктің салмағы мен габариттері авиакомпанияның қағидаларында белгіленген мөлшерден аспайтын;

4) жүкке ілеспе құжаттар қоса берілетін;

5) жүк әуе кемесі үшін онда орналасқан адамдар мен мүлікке қауіп тудырмайтын және өздерінің қасиеттері бойынша жолаушыларға қолайсыздық тудырмайтын жағдайларда қабылданады.

90. Салмағы мен габариттері бойынша белгіленген мөлшерден асатын жүк тек авиакомпанияның келісімімен тасымалдауға қабылдануы мүмкін.

91. Жүк қалыпты жағдайларда тасымалдау кезінде олардың сақталуы қамтамасыз етілетіндей, сондай-ақ адамдарға зиян келтірмеу немесе басқа жүктің немесе авиакомпанияның мүлкіне зақым тигізу мүмкіндігі, оның ерекше қасиеттері ескеріле отырып, оралады.

92. Тасымалдауға жарияланған құндылығымен тапсырылатын ыдысты немесе орынның орамын жөнелтуші пломбалайды.



Пломбалардың стандартты, цифрлық бедерлері және әріп белгілері болуы тиіс. Жүкқұжатта жүкке жасалған пломба туралы белгі қойылады және жөнелтуші пломбасының атауы көрсетіледі.

93. Тасымалданатын жүктің әрбір орнында жөнелтушілік және көліктік белгісі және/(немесе) жүкті тасымалдаудың арнайы шарттарын көрсететін арнайы белгілері болады.



Таңбалау Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) мен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ИАТА) стандарттары негізінде әзірленген авиакомпания қағидаларына сәйкес орындалады және ол мынадай мәліметтерді қамтиды:

1) межелі және жөнелту әуежайларының атауы;

2) алушы мен жөнелтушінің нақты мекенжайлары;

3) әрбір орынның брутто салмағы.

94. Жүкті тасымалдауға қабылдау шарттарын сақтамағаны үшін жөнелтуші жауап береді. Тиісті елдердегі қолданыстағы заңнамада тасымалдауға тыйым салынған заттарды жүк жөнелтіліміне жөнелтушінің енгізуі салдарынан пайда болуы мүмкін шығыстар мен жүктердің әуе тасымалы шартынан туындайтын немесе мәліметтердің таңбалануына, салмағына, орын санына, мекенжайына, жүкті сипаттауға немесе орам сапасына қатысты мәліметтердің болмауы, толық жетіспеуі немесе дұрыс еместігі, сондай-ақ кедендік рұқсатнамалардың және өзге де талап етілетін құжаттардың болмауы, кідіруі немесе дұрыс еместігі салдарынан жөнелтуші авиакомпанияны барлық міндеттемелерден босатады.

95. Авиакомпания, егер жүк осы Қағидалардың 92-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, тасымалдауға қабылдаудан бас тартады.

96. Трансферлік жүкті тасымалдау барлық тасымалдау маршруты бойынша расталған жүк көлемі үшін алдын ала тапсырыс алынғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

97. Трансферлік жүк жүкті бір рейстен екінші рейске беру жөніндегі барлық рәсімдерді орындау үшін жеткілікті мерзімде трансфер әуежайына келеді.

98. Халықаралық бағыттарға, ішкі әуежайларға ұшуға ашық Қазақстан Республикасының әуежайлары арқылы жіберілетін трансферлік жүктің салмағы, габариттері мен қасиеттері ішкі желілерде пайдаланылатын әуе кемелеріндегі оларды тасымалдау мүмкіндіктеріне сәйкес келіп, авиакомпания қағидаларына, сондай-ақ трансфер әуежайларында оларды сақтау шарттары мен мүмкіндіктеріне жауап береді.

99. Авиакомпания, егер жөнелтушімен немесе алушымен өзгеше келісілмесе, межелі пунктті өзгертусіз жүкқұжатта көрсетілген маршрут тасымалын өзгертеді.

100. Егер жүкті жөнелту авиакомпанияға тәуелсіз себептерге байланысты қандай да бір пунктте тасымалдың басталған немесе жүргізілу кезінде кешіктірілсе, онда ол жөнелтушіні жүкқұжатта көрсетілген мекенжай бойынша хабардар етеді, жүкті қоймаға орналастырып, кедендік мекемеге тапсырады, сондай-ақ бұдан кейін жүкті алушының мекенжайына тасымалдау үшін басқа көлік түріне береді.

101. Жөнелтуші жүкті әуеде тасымалдау шартынан туындайтын барлық міндеттемелер орындалған және осы Қағидалар сақталған жағдайда:

1) жүкті жөнелту немесе межелі пунктінде қайтып алуға;

2) жүкті аралық пунктте ұстауға;

3) жүкқұжатта көрсетілген алушыны өзгертуге;

4) жүктің жөнелту пунктіне қайтарылуын талап етуге тиіс.

102. Тасымалдауды басқару авиакомпанияға жөнелтушіге берілген жүкқұжаттың бір данасы көрсетілгенде ғана жүзеге асырылады. Жүкті басқару бойынша барлық нұсқаулар жазбаша түрде ресімделеді.



Егер жүкті басқару салдарынан алушының аты-жөні өзгерсе, онда жаңа алушы болып аты жүкқұжатта көрсетілетін адам саналады.

103. Тасымалдау шартының кез келген талаптарының өзгеруі жүкқұжатқа енгізіледі.

104. Егер тасымалдау өкімдерін орындау мүмкін болмаса, авиакомпания бұл өкімді орындаудан бас тартады, ол жөнінде дереу жөнелтушіні хабардар етеді.

105. Жүк межелі пунктке келіп жеткен сәттен бастап, алушы авиакомпаниядан, оған жүк пен жүкқұжаттың берілуін талап етеді.

106. Жүкті басқару жүк межелі пунктіне келіп, алушы жүкті алғаннан кейін немесе жүктің жеткізілуін талап еткеннен кейін немесе оның жүкті қабылдағанын дәлелдейтін өзге де іс қимылдар жасалғаннан кейін тоқтатылады.

107. Жүк жүкқұжатта көрсетілген алушыға немесе ол уәкілеттік берген адамға беріледі.

108. Авиакомпания алушыға жүкті тек алғанын растайтын құжаты бойынша және жүкқұжат пен осы Қағидаларда көрсетілген барлық шарттарды ол орындағаннан кейін ғана береді.

109. Алушы жоқ болған кезде мемлекеттік органға жүкті беру авиакомпания осындай жүкті беруді растайтын құжаттарды жөнелтушіге немесе алушыға берген жағдайда оның алушысына берілген болып есептеледі.

110. Жүк одан әрі немесе қайта кері тасымалдауға жататын жағдайларды қоспағанда, жүктің келгені туралы хабарлама алушыға немесе жүкқұжаттың тиісті бағанында көрсетілген адамға, әуе кемесі келген сәттен бастап 12 сағат ішінде, ал тез бұзылатын, қауіпті жүкке немесе жануарларға қатысты 3 сағат ішінде жіберіледі.

Хабарлама пошта немесе басқа да байланыс құралдары арқылы жіберіледі.

Авиакомпания мұндай хабарламаның алынбағанына немесе кешіккеніне жауапты болмайды.

111. Егер жөнелтуші (алушы) мен авиакомпания арасында жүкті алушының мекенжайына жеткізу туралы келісім болмаса, онда алушы жүкті межелі әуежайдан алады.

112. Егер алушы межелі пунктке келген жүкті алудан бас тартса немесе ала алмаса, онда авиакомпания жүкқұжатта көрсетілген немесе жүкті алушыға берудің мүмкін еместігі туралы хабарлағаннан кейін алынған жөнелтушінің өкімдерін орындау үшін барлық шараларды қабылдайды. Егер мұндай өкімдер болмаса немесе орындау мүмкін болмаса, авиакомпания:

1) жөнелтушіге алушының жүкті алмағаны және жөнелтушінің одан әрі өкімін күту туралы хабарлама жіберуі;

2) жөнелтушінің өкімі жоқ болған кезде 30 күндік сақтау мерзімі өткен соң жүк қайтарылуы тиіс.

 

 



5. Қорытынды ережелер

 

113. Авиакомпания пайдаланылмаған билет, оның бөліктері, ақылы багаж түбіртегі бойынша соманы қайтару туралы өтінішті құжаттың жарамдылық мерзімі ішінде, бірақ бұл мерзім өткен соң күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей қабылдайды.

114. Соманы қайтару билетте көрсетілген адамға немесе билетке ақы төлеген адамға жүзеге асырылады.

115. Билетке ақы төлеген, бірақ билетте көрсетілген жолаушы болып табылмайтын адам авиакомпанияға немесе оның агентіне осы билет бойынша пайдаланылмаған тасымалдау үшін соманы авиакомпания қайтаруға тиіс адамды көрсете отырып билетте белгі жасауға өтініш білдіреді.

116. Соманы қайтару авиакомпанияға жолаушы купоны (чек) мен билеттің барлық пайдаланылмаған ұшу купондарын немесе ақылы багаж түбіртегін ұсыну бойынша ғана жүргізіледі.

117. Жолаушы ұшудан мәжбүрлі бас тартқан кезде:



1) жолаушыға билет жазылып берілген рейс алып тасталған, ауыстырылған, кідіртілген;

2) жолаушының тасымалдау құжаттары дұрыс ресімделмеген; жолаушы үшін жөнелту, межелі немесе жолда аялдау пункті болып табылатын пункттегі ұшу кестесі бойынша аялдау алынып тасталған;

3) кестеде көрсетілген уақытқа сәйкес рейс орындалмаған;

4) қызмет көрсету класы немесе әуе кемесі үлгісін ауыстырған;

5) бұрын жасалған алдын ала тапсырыс беруге сәйкес жолаушыға орын тауып беру мүмкін болмаған;

6) жеке бланкіде жазылған рейстердің түйісуін авиакомпания қамтамасыз етпеген;

7) әуе кемесінде келе жатқан жолаушы немесе отбасы мүшесі ауырған немесе қайтыс болған, медициналық қорытындымен расталған жағдайларда соманы қайтару жүргізіледі.

118. Ұшудан мәжбүрлі бас тарқан кезде жолаушыға төленетін сомалар авиакомпания қағидаларымен анықталады.

119. Ұшудан ерікті түрде бас тартқан кезде, соманы қайтару мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1) егер тасымалдау бірде-бір учаскеде орындалмаса, онда жолаушыға тарифті қолдану талаптарына сәйкес тасымалдауға төленген сома қайтарылады;

2) егер тасымал ішінара орындалған болса, онда барлық тасымал үшін төленген сома мен тарифті қолдану жағдайларына сәйкес тасымалдаудың орындалған бөлігінің тиісті құны сома арасындағы айырмашылық қайтарылады.

120. Соманы қайтару бастапқы тасымалдау төлемі валютасында немесе жолаушының өтініші бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі.

121. Соманы қайтару бастапқыда авиакомпания немесе оның агенттерінің авиакомпания қағидаларына сәйкес берген билеттер мен ақылы багаж түбіртектері бойынша жүргізіледі.

122. Соманы қайтару авиакомпания немесе оның агенті берген билеттер мен ақылы багаж түбіртектері бойынша, бастапқы билет және ақылы багаж түбіртегін берген елде немесе билет қайтарылатын елдегі авиакомпания өкілдігінде жүргізіледі.



123. Әуежайдың әкімшілігі әуежайдың терминалдарында жалпы қолжетімді жерлерге жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау тәртібін орналастырады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет