Бұған дейін “Айс Мұратова” есімді келіншектің әр өңір бойынша 5 мыңнан аса адамды сомасы 30 миллиард теңге алдағаны айтылған еді. Ақшаларын әлі күнге дейін қайтара алмай жүрген Әсемгүл Болатова, Жанар Сейтқожаева, Алма Ауысбаевалар Алматы полиция департаментіне барып, істің созбаққа салынып жүргеніне наразылықтарын білдірді. Жәбірленушілердің айтуынша, Айсқа жолыққаннан бері өмірлері 180 градусқа күрт өзгеріп, елдің бетіне қараудан қалған. Stan.kz тілшісі әйелдерден мән-жайды сұрап, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков L-Capital және "Аманатдрайв" компанияларының алдау схемасын айтып берді.

Фото: Stan.kz коллажы

"Интернет алаяқтардан жапа шеккен халық базынасы"

Әйелдің алаяқтық схемасында 130-дан аса менеджермен 650-ге жуық WhatsApp чаттары арқылы бірігіп әрекет еткен. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1500-ден аса шағым түссе, биыл бұл сан әжептәуір өскен. Жәбірленушелер одан толық соманы қайтарып алғысы келетінін және оның жазасын өтеп, түрмеге тоғытылғанын сұрайды.

"Қаскелеңнен Арайлым Қожамұратованың ісі бойынша келіп тұрмын. Бұрын саудамен айналыстым. Саудада жүріп, клиенттерім мынадай арзан тауарлар шығып жатыр екен, сен арқылы тапсырыс берейікші деп ұсыныс тастады. Содан соң тапсырыс жинадым. Айстың өзіне емес, жеке менеджеріне шықтым. Себебі Арайлым Қожамұратованың (Айс Мұратованың шын аты-жөні) тобына кіру үшін 2 миллион теңге беру керек. Сөйтіп, мұндай қомақты сомадағы ақшам болмағандықтан, құдашасы Әсел Рақымнан және тағы бір менеджері Гүлмира Сапболавадан тапсырып бердім. Қазіргі таңда жалпы шығынымның көлемі – 55 миллион теңге. Одан бөлек, жеткізіп беруге қосымша қаражат бердім. Оны төлемесек, тауардың санын толтырмасақ "топтан шығарамыз", "ақшаларың қайтарылмайды" деп қорқытты. Қазір алданғаныма қатты өкінемін. Намыстанамын. Істің әділ өтіп, ақшамызды қайтарып беруін сұраймын", – деді Әсемгүл Болатова.

Ал Жанар Сейтқожаева тергеудің амалдары ұзаққа созылғанына байланысты полиция департаментіне келіп тұрғанын айтты.

"Тергеудің нәтижесін оқыдық. Ол жерде тек 20 миллион теңге шығын келгені туралы көрсетілген. Алайда сол кезде есептегенімізде 80 миллионнан аса залал келген. Арыз түсірген тізімде біздің аты-жөніміздің жоқтығы көңілге күдік ұялатады. Қалай ол 20 миллионмен ғана үйқамақта отыр? Қазір 30 миллион теңгеден аса сомадан айырылып қалдым. Ақшадан бұрын ол бізге моральдық зақым жасады. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан арылдық", – деді Жанар Сейтқожаева.

Бұдан бөлек, шымкенттік Алма Ауысбаева қазіргі таңда Алматыдағы базарлардың бірінде күн көру үшін кішігірім сауда жасап жүр.

"Айс Мұратоваға жолыққаннан бері өміріміз 180 градусқа күрт өзгерді. Елдің бетіне қараудан қалып, қара бет болдық. Айдың, күннің аманында ішпей, жемей қарыз болып отырмыз. Арайлым Қожамұратованың жеке өзіне салғанымыз 22 миллион теңге, басқа менеджерлерге 30 миллион салдым. Мұның алдында Астанада кәсібімізді аяқтан тұрғызып, табысымыз жақсы еді. Кейін осы іске ақша салып, қарызға батқаннан кейін кәсібімізді жабуға тура келді. Тауардың түрін де, пайдасын да көрген жоқпыз", – деді кәсіпкер Алма Ауысбаева.

Фотода Әсемгүл Болатова, Жанар Сейтқожаева және Алма Ауысбаева / Stan.kz оқиға орнынан түсіріп алған

2024 жылдың 21 ақпанында олар Алматы полиция департаментіне келіп, істің мән-жайын сұрады. Жәбірленушілердің заңгер Нұрсұлтан Орынбековтың сөзінше, департаменттегі тергеу бөлімі істің әлі үш айға созылатынын айтады.

"Бүгін Алматы полиция департаментіне келіп, "Айс Мұратованың" ісіне байланысты тергеу бөлімінің басшысы Қайрат Болатұлымен жолықтық. Ол кісінің мәліметінше, қазіргі таңда іс 62 томды құрайды. Ал үйқамақ 2024 жылдың 23 наурызға дейін жалғасады. Бүгінде сыбайластары бойынша істер қарастырылмаған. Әзірге тек жауап алулар жүзеге асырылып жатыр. Күн сайын сома да көбейіп жатқаны туралы айтылды. Алдағы уақытта тергеп-тексеруді жеделдету мақсатында біз ұсыныс айттық. Ол аудит. Бұл ретте лицензиясы бар аудиторлар осы жерге келіп, тергеушілерге көмектесетін болса, іс әрі қарай оң нәтижесін береді. Бүгінгі айтқан талап-арызымыз оңтайлы шешілді деп ойлаймыз. Әсіресе, өңірлерден "Айс Мұратоваға" қатысты арыз көбейгендіктен, жергілікті құзырлы органдарға тапсырмалар берілді. Сондықтан сабыр сақтауларыңызды сұраймыз. Тергеу амалдары тағы 3 айға созылатыны туралы айтылды", – деді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

Айс Мұратова өзін Қытайдан арзан бағада тауар алып келемін деп таныстырған байердің шын аты-жөні –  Арайлым Қожамұратова.

Ол 2022-2023 жылдары халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Өкініштісі, арзан тауарлар, ыдыс-аяқ жіберемін деген келіншек әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, қол астымда заңды жұмысшыларым бар деп елді сендіріп келген. Төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карта арқылы шотқа "аударым" арқылы жіберуді сұрап отырған. Бастапқыда азын-аулақ қаражатқа тапсырып берушілердің тауарларын жіберіп тұрған. Кейін салымшылардың саны күрт өсіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған.

Фотоны Stan.kz оқиға орнынан түсіріп алған

Әлеуметтік желіде дау тудырған мәселелердің қатарында "L-капитал" ісі де бар. Бүгінlе "L-капитал" деген қаржылық ұйымның құрбаны болған адамдардың саны – 1 451-ге жетті. Бұл сапта өнер жұлдыздыра да жарнама жасап, халықтың сеніміне кірген.

Жапа шеккендердің біразы зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар.  Залалдың көлемі – 10 миллиард 499 000 000 теңге. Заңгердің сөзінше, бұл қаржыны "L-Капитал-дың”  басшылары ізім-ғайым жоқ қылған. Ол арызданушылардың аталған іс бойынша соттың тым созбаққа салғанын және прокуратура органдарының баяу әрекетіне наразылықтарын білдірген.

Қаржылық ұйым бір уақытта елдің күдігін жою үшін түрлі жобаға инвестиция салдық деген құжаттарды көрсеткен. Бірақ ол ақшалардың қайда кеткені де салымшыларға беймәлім қазір.

Белгілі болғандай, интернет пирамадаға ұқсас бұл ұйымды 2008 жылы Алматы Әуезов ауданындағы Әділет басқармасы ресми тіркепті. Әуелде халыққы өздерін қаржылық сауаттылыққа үйрететін бизнес компанияда ретінде таныстырған. Қаржылық сауатын арттырамыз деп барған адамдар қазір олармен сотталып жүр. 

Жәберленушілер сот процесі не себепті созбаққа салынғанын және Алматыдағы Бостандық аудандық соты неліктен Айыптау актісінде нақты айғақтар жоқ деп істі прокуратураға 3 рет қайтарғанын білгісі келеді. 

Екіншіден, "L-Капиталдың" басшыларынан бөлек сол ұжымға ақша салуға адамдарды үгіттеген өнер жұлдыздарын да Заң алдында жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Фото видеокадрдан алынған

  • "Жеке мәліметтерді сататын топтар бар": Алаяқтар жеке шоттардан ақшаны қалай ұрлап жүр?
  • Алаяқтар Абай облысының тұрғынына хабарласып, 9,5 миллион теңге несие рәсімдетіп жіберген

Алаяқтарға алданбаудың 5 жолы

Осы тұста заңгер Нұрсұлтан Орынбеков интернет алаяқтарға алданбаудың бес жолын айтып берді.

  • “Біріншіден, жеңіл табысқа әуес болмаңыз. Қаржылық сауаттылығыңызды арттыңыз. Инвестиция және арбитраж терминдерінің тарихын және жасалу процесін толығымен зерттеп шығыңыз. Негізгі көздерден ақпарат алғаннан кейін ғана, әрекетке көшіңіз. Әлеуметтік желідегі әртүрлі саудагерлерге сене бермеңіз. Алдымен тауарыңызды алып қана, ақша салыңыз. 
  • Екіншіден, жеке куәлігіңізді, жеке шотыңызды әлеуметтік желіге жариялаған кезде және досыңызға хабарлама жіберген кезде сақ болыңыз. Карта номерлерінің құпия сөздерін үнемі ауыстырып тұрыңыз. Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдер қолданыңыз. Мысалы, белгісіз адам қоңырау шалып, өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырады. Сіздің картаңыздан рұқсат етілмеген төлем жасалғанын және ақшаңызды сақтап қалу үшін оларды басқа шотқа аудару немесе төлем картаңыздың деректемелерін айтып беруді талап етеді. Мұндайда ешқашан бейтаныс адамдардың электрондық шотына ақша жібермеңіз.
  • Үшіншіден, WhatsApp желісінде досыңыздан өтініш түсіп, қарыз беруді сұраса, міндетті түрде видеомен қоңырау соғуын талап етіңіз. Сіздің ақшаңызды иемдену үшін олар түрлі амалдарға барады. Бірі өзін екінші деңгейдегі банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп таныстырады. Сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулердің бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуға кеңес береді. Сіздердің ақшаларыңызға оңай қол жеткізеді. Олар сіздерге қоңырау шалып AnyDesk, TeamViewer секілді қосымшаларды жүктеуге шақырады. Аталған жәйтке сіз тап бола қалсаңыз дереу тұтқаны сөндіріп, банкке немесе тікелей полиция органдарына хабарласыңыздар.
  • Төртіншіден, егер алаяқтар сізге хабарласап, тез арада шешім қабылдауды ұсынса, бірден телефоныңызды қойыңыз. Эмоцияға берілмеңіз. Уақыт тығыздығына байланысты сізді қорқытса, артынша сабырға келуге тырысыңыз. Шабуыл жасаушылар қарапайым адам-дардың психологиясын жақсы мең¬герген. Олар тез және сенімді сөйлейді. Кәсіби терминдерді қолданады. Сізді шешім қабылдауға асықтырады. Қажет жерінде қорқытады. Сондықтан барынша сақ болу керек-ақ. 
  • Бесіншіден, интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fi нүктелеріне сенбеңіз, сонымен қатар өз аутентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз.Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек”, – деді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.