Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Сенатта өткен Үкімет сағатынан кейін журналистерге елімізде алимент қоры құрылуы мүмкін екенін айтты.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Оның сөзінше, алимент қорын құру мәселесімен әділет министрлігі жұмыс істеп жатыр.

"Бұл мәселені Әділет министрлігі қарастырып жатыр. Мен мұны ұсыныс ретінде қабылдап, құқық қорғау блогымен және әділет министрлігімен бірге зерттеп, қосымша ақпарат берейін. Нақты қандай нәтижеге жеткені туралы жауап бере алмаймын. Өйткені мен олардың немен айналысқанын нақтылауым керек. Әлемде мұндай тәжірибе бар, оны зерттеп, біздің еліміз үшін қаншалықты тиімді екенін көру керек", — дейді ол.

Журналистер вице-премьерге алиментке қатысты көп жауапкершілік жұмыс берушіге жүктеліп қойғанын, бұл мемлекет шешуі керек мәселе екенін айтты.

"Мұндай қор құрылса, ол осындай отбасылардың мәселесін шешуде пайдалы бола ма? Бірінші осыған зерттеу жүргізуіміз керек", — деді Дүйсенова.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері Тамара Дүйсеновадан әлеуметтік кодексте жалғызбасты аналарға статус берілмеуі туралы сұрады. Бұл олардың әлеуметтік жағдайының шиеленісуіне әсер етіп жатқан жоқ па?

"Толық отбасы немесе толық емес отбасы болса да біз көмек қажет ететін азаматтарға көмектесеміз. Ана мен бала немесе әке мен бала болса, ол отбасы болып саналады. Егер олардың әлеуметтік жағдайы төмен болса, мемлекет әлеуметтік көмек көрсетеді", — деді ол.

Бұған дейін әлеуметтік көмек төрт есе азайғанына байланысты Алматы облысында көпбалалы аналар наразылық білдіргенін жазған едік.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.