Баланың өмірге келуі ұзақ әрі ауыр процесс. Мұндай сәтте әйелге жақын адамының физикалық және психикалық қолдауы сөзсіз қажет. Ал серіктестік босану әйелдерге жайлы жағдай жасайды. Осы тұста Stan.kz тілшісі серіктестік босанудың артықшылығы мен кері тұстары қандай екенін және ер адамның босану бөлмесіне кіруі қаншалықты дұрыс екенін біліп көрді. ©instagram.com/samatov_yerasyl

Серіктестік босану қалыпты нәрсеге айналғанымен, қазақстандық еркектердің басым көпшілігі үшін бұл ерсі әрі қорқынышты дүние. Десе де кез келген жағдайда  әйеліне қолдау көрсетіп, көмектесетін ер адамдар да жоқ емес. Олардың бірі – Ерасыл Саматов. Оның сөзінше, серіктестік босану оның өміріндегі ең үлкен тәжірибе болған. 

“Бастапқыда қарсы болдым”

Алғашында Ерасыл босану бөлмесіне кіруге қарсылық білдіргенін айтады. 

“Әйелім босану бөлмесіне бірге кірейік деп өтініш жасады. Өзіне қолдау көрсетуімді сұрады. Бастапқыда мұнысына қарсы болдым. Себебі ондай сәтте демеу бере алатыныма күмәндандым. “Қалай болады екен?” деген уайым болды. Сөйтіп анаммен сөйлестім. Анам: “Керемет емес пе?! Балаңның дауысын алғаш болып өзің естисің. Шыр етіп дүниеге келген сәтте жанында боласың” дегенде ойлана бастадым. Ақыры босану бөлмесіне әйеліммен бірге кіремін деп шешім қабылдадым”, – дейді Ерасыл.

Кейіпкеріміз әйелін толғақ қысқан сәтін толғаныспен еске алды.

“Толғақ басталғанда әйелімді перзентханаға апарып тастадым. Бірақ дәрігерлер жақын арада босанбайтынын ескертті. Уайымдап таңды көзбен атырдым. Екі сағат ұйықтап, перзентханадағы әйелімді көргенде тағы алаңдап қалдым. Әйелдерге оңай емес екенін сол кезде түсіндім. Оның қиналғанын көргенде шаршағынымды ұмытып кеттім. Толғақ 7 сағатқа созылды. Сол уақытта жанынан табылуға тырыстым. Белін уақаладым, жігерлендірдім, сұрағанын әкеліп көмектестім. Отырып-тұруы қиын еді” – дейді кейіпкер.

  • "Спортпен айналыспасам, ауырып қаламын": 62 жастағы қазақстандық қартаймаудың құпиясымен бөлісті
  • "4 баламыз сақталып тұр": Тұңғышын 10 жыл күткен қазақстандық келіншек ЭКО арқылы қалай босанғанын айтты

“Әйелдің толғатып жатқан сәтін көріп еркектердің жүрегі айниды”

Ерасыл Саматов босану бөлмесіне кіру үшін арнайы дайындықтан өтпеген.

“Психологиялық тұрғыдан дайындалдым деп айта алмаймын. Бірақ әйелім маған бәрін түсіндірген болатын. Сол нұсқаулық бойынша жәрдем бердім. 7 сағат өткен соң дәрігерлер баланың шыға алмай жатқанын айтты. Сол кезде көңілім босап кетті. Дәрігерлерден көмек сұрағанда кесарь тілігін жасайтынын айтты. Кесарь тілігінен соң баланы менің кеудеме жатқызатын болып шешті. Мұны естігенде қатты қорықтым. “Қалай болады екен? Балаға қарай аламын ба?” деген үрей болды. Арада 20 минут өткенде баланы әкеліп кеудеме жатқызды. Сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен үшін баламның кеудемде жатқан сәтінен асқан бақыт жоқтай көрінді”, – дейді Ерасыл.

Ол ер адамдарға әйелімен бірге босану бөлмесіне кіруге кеңес береді.

“Негізі ер азаматтарға серіктестік босануға қатысуға кеңес беремін. Көбі “әйелдің толғатып жатқан сәтін көрген еркектердің жүрегі айниды. Одан кейін ерлі-зайыптының қарым-қатынасы бұзылады” деп ойлайды. Негізі дәрігерлер ер адамның босану процесіне толық қатысуына рұқсат бермейді. Керегіңіз болмаса сыртта күтесіз, қажет кезде өздері шақыртады. Онда да, массаж жасап, су әкелуге жұмсайды”, – дейді кейіпкер.

“Ұлыма деген махаббатым, әйеліме деген құрметім арта түсті”

Ерасыл Саматов алғаш әке атанған сәтке өзі куә болғанда барша әйел затына құрметі артқан. 

“Әйелдердің нәзік жаратылыс болса да мықты екенін мойындадым. Көп жігіттер сондай сәттерге куә болмаған соң жарын бағалай алмай жатады. Серіктестік босанудан кейін ұлыма деген махаббатым, әйеліме деген құрметім арта түсті. Қарым-қатынасымыз нығая түсті. Бір-бірімізді бұрынғыдан да жақсы түсіне бастадық. Алдағы уақытта да балаларымның дүниеге келген сәтіне куә болғым келеді. Себебі әр балам жарық дүниені көргенде, кеудемде жатқанда ерекше сезімге бөленетіме сенімдімін”, – дейді Ерасыл.

Ол босану бөлмесіне кіретін ер адам жан-жанқты кез келген жағдайға дайын болу керегін айтты.

“Серіктестік босануға қатысқалы жүрген ер азаматтарға айтарым: жинақы, сабырлы болыңыздар. Толғақ, босану кезінде әйел түрлі қылық шығарып, өзін-өзі ұстай алмауы мүмкін. Адамнан адам шығу оңай емес. Сол себепті жарыңыздың кез келген сөзін, еркелігін көтеріп, барынша қолдау көрсетуге тырысыңыз. Суын беріп, массаж жасауды ұмытпаңыздар”, – деп кеңес берді Ерасыл Саматов.

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от ЕРАСЫЛ | ОТЕЦ-ТРАНСФОРМАЦИИ (@samatov_yerasyl)

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от ЕРАСЫЛ | ОТЕЦ-ТРАНСФОРМАЦИИ (@samatov_yerasyl)

“Әйелдің жанын әйел түсінеді”

Ал Сара есімді алматылық келіншек күйеуінің босану бөлмесіне кіруіне үзілді-кесілді қарсы екенін айтады. Әйел босанған кезінде серіктестік ретінде абысынын алып кірген.

“Күйеуім менімен бірге босану бөлмесіне кіруден бас тартты. Серіктестік босануға қатысты екі түрлі пікір естідім. Бірі ер адам әйелінің босанған кезде қалай қиналатынын көріп, қадірін түсіну үшін бірге кіру керек десе, енді бірі бұл жағдай ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына кері әсер етеді дейді. Мен күйеуімнің менімен бірге кіруіне қарсы болдым. Босанатын бөлмеге абысыным кірді. Әйелдің жанын әйел түсінеді. Өз басынан өткеннен кейін маған барынша күтім жасап, ауырсынуды басуға көмектесті. Абысыным босану кезінде қалай демалу керегін де айтып тұрды. Мен анамның кіруіне қарсы болдым. Себебі қызының қиналып жатқанын көрсе, жүрегі ауыратынын білдім”, – дейді Сара Мустафина. 

“Ер адамның жанында болуы әйелге қолдау мен сенімділік береді”

Осы тұста сексолог-психолог және инбилдинг жаттықтырушы маман Гүлнәр Әділқызынан серіктестік босанудың ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына қалай әсер ететіні жайлы сұрадық. 

Психологтың айтуынша, ер адамның әйеліне қолдау білдіріп босану бөлмесіне кіруі ара қатынасты нығайтуға көмектеседі. 

“Ер азаматтың әйеліне ғана емес, баласына деген көзқарасы да ерекше болады. Серіктестік босану әке мен бала арасындағы психологиялық байланысқа әсер етеді. Сондай-ақ көбіне ер адам әйелдің физиономиясын түсінбей жатады. Соның салдарынан араларында түсініспеушіліктер пайда болып, төсек қатынасы дұрыс болмайды. Әйелдің либидосы түсіп, қынаптың кеңейіп кетуі оның себебінен ләззат алмауы мүмкін. Сондай кезде серіктестік босану еркектің әйелді түсінуіне көмектеседі. Босанған соң әйел денсаулығының қалыпқа келуі өте күрделі процесс. Ал әйелдің нені бастан өткергенін көрген ер адам оның күтіміне, қалыпқа келуіне ерекше көңіл бөліп, бар жағдайын жасауға тырысады”, – дейді Гүлнәр Әділқызы. 

Оның айтуынша, егер босану кезінде ер адамның жанында болуы әйелге қолдау мен сенімділік береді. 

“Серіктестік босануға кірген адамның мақсаты – баланың аман-есен дүниеге келуі және әйелдің толғағын жеңілдету. Ал міндеті – сабырлы болу, барынша қолдау көрсету. Менің ойымша, серіктестік босануға әйелдің күйеуі, анасы немесе әпкесі кірген дұрыс. Дегенмен ер азаматының әйеліне беретін қолдауы ерекше”, – дейді маман.

Психолог “Серіктестік босануға кімдерге кіруге болмайды?” деген сұраққа: “Кейбір ер азаматтар жиіркенгіш болады. Серіктестік босануға ондай дүниелерден қорықпайтын, өзін-өзі ұстай алатын адам кіру керек”, – деп  жауап берді.

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от СЕКСОЛОГ | ПСИХОЛОГ | ИНТИМТРЕНЕР (@gulnar_adilkyzy)

Доула деген кім?

Егер серіктестік босануға арнайы маман кіргенін қаласаңыз, доуланың қызметіне жүгінсеңіз болады.

Доула – босану кезінде әйелге, психологиялық, эмоционалдық, физикалық көмек беретін, арнайы білімі бар маман.

Сондай мамандардың бірі Айдана Базарбайдың бұл салада жүргеніне 2 жылға таяған.

“Доула болып қызмет етуіме бірінші жүктілігім себеп болды. Мен алғашқы жүктілігімде доула іздедім, бірақ таппадым. Сөйтіп бірінші рет өзім босанамын деп қиналып қалдым. Басқа қыз-келіншектер мен секілді қиналып қалмасын деген оймен осы саланы таңдадым.

Доуланың міндеті –  ана мен балаға қауіпсіздікті және жайлылықты қамтамасыз ету. Жүкті әйел толғақ басталып, перзентханаға түскенде доуланы шақыртады. Ол әйелге моральдік, психологиялық, эмоционалдық және физикалық тұрғыдан қолдау көрсетеді. Доула қажет кезде әйелді жұбатып, керек сәтте мотивация береді. Жүкті әйелді тамақтандыру да доуланың қызметіне кіреді”, – дейді маман. 

Доула жүкті әйелдерге 7 айдан бастап толғақ, босану кезінде дұрыс дем алу техникасын үйретеді. 

“Дұрыс дем алуды ертерек үйренген дұрыс. Дұрыс дем алу тәсілдерін бір оқып, үйреніп алып, қайталамай қойсақ босану кезіне дейін ұмытып кетеміз. Барлығын біліп тұрсақ та, күнделікті қайталамағандықтан босану кезінде ұмытып қаламыз. Сол себепті 7 айдан бастап 9 айға дейін тұрақты түрде дұрыс демалуды үйрену керек. Сонда ғана әйел еш қорқынышсыз дұрыс дем алу әдістерін қолдана отырып жеңіл босанады. Мен жүкті әйелдер мен бала үшін толғақ барысында дұрыс әрі ыңғайлы қалыпта босануды үйретемін. Егер әйел дұрыс дем алып, дұрыс қалыпта болса еш қиындықсыз босанады”, – дейді Айдана Базарбай.

Оның айтуынша, Атырауда доула қызметінің бағасы 80-170 мың теңге аралығында. Ол жүкті әйелмен жұмыс істемес бұрын өзара келісімшартқа отыратын көрінеді.

“Келісімшартта доуланың құқықтары мен жауапкершілігі жайлы жазылады. Доула маманы ана мен сәбидің денсаулығына жауапкершілік алмайды. Аталмыш жауапкершілік перзентхана дәрігерлердің мойнында. Маман анаға жайлы жағдай жасауға жауапты”, – дейді Айдана.

Серіктестік босануға кім кіру керек?

“Босану бөлмесіне психологиялық, эмоцияналдық тұрғыдан мықты адам кіру керек. Серіктестік босануға кірген қыз-келіншектер “Бойымда үрей, қорқыныш қалып қойды. Өзімнің туғым келмей қалды” деп жазып жатады. Тіпті көмектесемін деп кіріп, шошығаннан жылап қалғандары да бар екен. Сол себепті осы жағдайды ескеру керек”, – дейді доула. 

Айдананың айтуынша, босану кезінде түрлі жағдайлар болады және оған дайын болу керек.

“Әйел табиғи жолмен, өзі босанса үлкен, кіші дәретін жіберіп қоюы немесе құсуы мүмкін. Ондай жағдайлардың алдын алу мүмкін емес. Одан қысылудың да қажеті жоқ. Өйткені ол табиғи нәрсе. Әйел денесін босаңсыта алмаса бұл құрсақтағы бала үшін қауіпті болуы мүмкін. Бала қысылып қалмас үшін денені бос ұстау керек. Ал дене босаңсу үшін миыңызды алдайсыз. Бар ойыңыз босану туралы болса денені бос ұстау мүмкін емес. Ойды басқа нәрсеге бұрып, ауырып жатқаныңызды ұмытып кетуіңіз керек”, – дейді доула. 

Тез босанудың жолдары

Тезі әрі жеңіл босану үшін доуланың айтқанын тыңдаған жөн. Сонда ғана әйел еш қауіпсіз сәбиін дүниеге әкеледі. Сенім – ең алпауыт күш. Біз өзіміздің неге дайындасақ сол болады. Сондықтан жақсы нәрсені ойлаған дұрыс. 

Айдана осы уақытқа дейін босану кезінде оқыс жағдайлардың болмағанын айтады. Десе де, мерзімінен бұрын туып қойған қыз-келіншектер болған екен. Ондайда Айдана анамен байланыс үзбей, хәл-жағдайын сұрап отырады. Өйткені жас ана мерзімінен бұрын босанса баланы уайымдап қатты күйзеліске түсіп кететін көрінеді. Сол себепті олардан көмегін аямай, кеңес береді екен.

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от ДОУЛА | ПАРТНЕРСКИЕ РОДЫ | БЕРЕМЕННОСТЬ | ПСИХОЛОГ | АТЫРАУ (@doula_aydana)

Айта кетсек, бұған дейін 6 жыл бала көтере алмаған әйел бедеуліктен қалай айыққанын баяндаған болатынбыз. 

 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.