Келісіп пішкен тон



жүктеу 68.37 Kb.
Дата29.04.2019
өлшемі68.37 Kb.
түріБағдарламасы

Қоғамдық кеңесте

Келісіп пішкен тон

келте болмайды

- Бүгінде барлық дамыған елдердің үрдісіндей халықтың ел басқару ісіне қатысуы, жариялылық, тұрғындардың белсенділігімен атқарушы органдар арасында байланыс маңызды болып отыр. Бұл Елбасының «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының 99-қадамында анық көрсетілген. Бұл талапты жүзеге асыру үшін өткен жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы өмірге келді. Осы Заңға сәйкес үстіміздегі жылы жеке азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан ұсынылған кандидатуралардан 17 адам аудандық қоғамдық кеңес мүшелері ретінде жұмысқа кірісті.

Қоғамдық кеңес аудан әкімінің, аудандық мәслихат хатшысының, мекеме басшыларының мемлекеттік жоспарлар мен бағдарламалардың орындау барысы жөнінде есептерін, халықты толғандыратын кез келген мәселені тыңдап талқылайды, бақылау функцияларын жүзеге асырады, мекеме басшыларының этикалық ұстанымдары мен тәртіптері жөніндегі арыз-шағымдарды қарайды, жұрт алдындағы тыңдауларды ұйымдастырады, әділет органдарында тіркелетін әкімдер мен мәслихат шешімдеріне ұсыным береді, осы жиынды өткізу жөнінде де тікелей Президент аппаратынан тапсырма алып отырмыз, -деп қоғамдық кеңес жұмысының негізгі бағыттарына қысқаша тоқталған кеңес төрағасы Ж.Қадимов кезекті отырыстың күн тәртібін хабарлады.

Бірінші мәселе-ауданда тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық салаларында тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдерін бөлу бойынша заңдылықтардың сақталуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы аудан әкімінің орынбасары А.Қуанышкереевтің хабарламасы тыңдалды.

Оның түсіндіруінше, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 71-бабы 5-тармағына сәйкес «Ауданның, облыстың маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, жергілікті атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарының кезектілік тізіміне жыл сайын 1 желтоқсан мен 1 сәуір аралығында түгендеу жүргізіледі.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 74-бабы 1-тармағына сәйкес мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға барлық қажетті құжаттарымен бірге өтініш берген кезден бастап тізімде белгіленген тізімде беріледі. Бұл осал топ, бюджеттік қызметкерлерге және авариялық тұрғын үйлерге қатысты, ал, осы баптың 4-тармағында Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, сондай- ақ жетім балалар тұрғын үйді бірінші кезекте алуға құқылы деп көрсетілген. Алайда, жетім бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй ала алмайды.

Тұрғын үйді беру кезінде Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының, сондай-ақ жетім балалардан басқа 3 санаты бойынша пропорционалды түрде жүргізіледі. Тұрғын үйді бөлу тәртібі ҚР-сы Құрылыс және тұрғын үй әдістемесін бекіту туралы 2011 жыл-ғы 26 тамыздағы №304 бұйрығы негізінде жүргізіледі.

Аудан бойынша кезекте қазіргі таңда 527 тұрғын тұр. Оның 291 осал топ, 192 бюджеттік мекеменің қызметкері, 32 авариялық тұрғын үй, 11 жетім балалар, - деді сөзін одан әрі сабақтаған Артур Қуанышкерейұлы.

Тұрғын үй кезегіне тұру үшін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш беріліп, тұрғын үй комиссиясында қаралып, стандартқа сәйкес 30 күн ішінде жаубы беріледі. ҚР-сы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі бойынша» жергілікті атқарушы органның жауабына қанағаттанбаған жағдайда жоғарғы органдарға шағымдануына құқылы. Үйді авариялық жағдайда деп тану туралы сұраққа байланысты хабарламашы: «Авариялық жағдайды комиссия анықтамайды, арнайы лицензиясы бар тәуелсіз сарапшы-бағалаушы анықтап, техникалық қорытынды құжатын береді» деп жауап берді.

Бұдан кейін ауданда тұрғындарға денсаулық сақтау қызметін көрсету және саланы дәрігер мамандармен қамтамасыз етудің жайы туралы аудандық орталықтандырылған аурухананың бас дәрігері О.Мерешов қысқаша баяндап өтті. Жалпы денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасының салыстырмалы түрде алғанда біршама тәуір екендігіне тоқталған ол бүгінгі таңда білікті маман дәрігерлер жетіспейтіндігін де жасырмады. Қызметке келген дәрігерлердің өзі көп тұрақтамай, жоғары жалақылы жұмыс іздеп, қаладағы ірі компанияларды жағалайтын көрінеді. Күні бүгін ауданға тәжірибелі акушер-гинеколог дәрігері келгенін, сондай-ақ психо-нарколог, невропатолог мамандарының жетіспеушілігіне байланысты екі дәрігер қайтадан білімін жетістіріп жатқанын, бұл жұмыс одан әрі жалғасатынын айтты. Жоғары оқу орнын бітіретін жас мамандармен алдын ала келісімшарт жасақталып, сол бойынша жеті дәрігер ауданға келіп, жұмысқа орналасады деп күтілуде. Аудандағы денсаулық сақтау саласын оңтайландыру бағытындағы жұмыстардың жай-жапсары, тізім бойынша тегін берілетін дәрілердің кешігу себебі, еліміз бойынша жүзеге асатын міндетті медициналық сақтандыруға дайындық жұмыстарының барысы, жаппай кешенді медициналық тексеруді ұйымдастыру туралы сұрақтарға бас дәрігер О.Мерешов тезірек жауап беріп, құтылғанша асықты.

- Экстремизм мен терроризмнің алдын алу, діни ахуалды тұрақтандыру, жат ағымдардан сақтану-бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр,-деді келесі кезекте атқарылған жұмысы туралы қысқаша есеп берген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Шагиров. Осыған орай, семинар-кеңестер өткізу, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, әдістемелік-насихаттық жұмыстар жүргізу мақсатында түрлі формада кездесулер өтіп келеді. Алайда, теріс діни ағым жетегіндегі жастарымыздың санының артуы, Ақтөбе қаласында болған жағдайлар, әлемдегі қарулы қақтығыстар аса сақ болуды, ішкі тұрақтылыққа жете назар аударуды міндеттеп отыр. Аудандағы ақпараттық топ өткен жылы ауылдық округтерде, ауданның білім беру мекемелерінде, еңбек ұжымдарында, кәсіпорындарда болып, жүйелі жұмыстар жүргізді. Жастар арасында дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу мақсатында теолог мамандардың және ақпараттық топ мүшелерінің қатысуымен 21 шара өткізіліп, оған 1300-дей адам қатысқан. Биылғы жылы да мұндай жоспарлы жұмыстар жалғасып, облыстық ақпараттық топ құрамындағы «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының директоры, теолог Қ.Жұмағұл, теолог А.Аташев ауданда болып, Аққыстау орта мектебінде, дінтану пәні мұғалімдері, психологтармен семинар өткізіп, Нарын ауылының тұрғындарымен кездескен. Кешкісін мешіттегі жұма намазына қатысып, жамағаттардың бес парыздың бірін орындау сауаттылықтарына сырттай бақылау жасаған.

Әрине, бөлімнің жалпылама жұмысына тоқталу біраз уақыт алатыны белгілі. Сондықтан қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Қадимов хабарламашыға сыпырта баяндағаннан гөрі сұрақ-жауап түрінде ортақ мәселені бірлесе шешудің жолын іздестіруді ұсынды. Сол-ақ екен хабарламашыға сұрақ қардай борады.

Кеңес мүшесі М.Бектенов: «Ауруын жасырған өледі деп бекерге айтылмаған. Біз қашанғы жауырды жаба тоқимыз. Кімнің кім екенін бетке айтатын мезгіл жетті. Біреудің көкесін, біреудің беделін сыйлап, баласының жат ағым жетегінде жүргенін біле тұра білмегенсуіміз - адамгершілікке жатпайды» деп шымбайға батар шындықты айтты. Қаралып отырған мәселеге байланысты пікір білдірген аудан әкімінің орынбасары А.Қуанышкереевтің сөзінің де жаны бар. Ол кешке таман футбол ойнап жатқан бірыңғай сақалдылардың арасында аузынан ана сүті кетпеген өрімдей жастар да жағаласып, доп қуып жүретіндерінен секем алатынын айтты. Шынында да, спортпен шұғылданып қана қоймай, жас саналарды улап жатпасына кім кепіл? Сондықтан әр ауылда аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар бар, соларды тартып, баяғыша билер шешіміне жүгінген артық болмас еді,-деп сөзін түйіндеді А.Қуанышкерейұлы. Мектепке хиджаб киіп баруға қалай тыйым салуға болады деген сауал да кеңес мүшелерін мазалады. Оған кеңес төрағасы Жұмажан Қадимұлы түсінік берді. Оның айтуынша, Білім министрі бекіткен мектептердегі бірыңғай мектеп киімінің үлгісі туралы ереже, бұйрықты басшылыққа алуға болады. Қаралып отырған мәселеге орай, өзінің сыни көзқарасын білдірген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ахметжанова аудандық ішкі саясат бөлімі жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан кейін жан-жақты саралап, талқылау жұмыстарын жүргізіп, осындай оқыс оқиғаның, қауіп-қатердің алдын алу мақсатында кешенді жұмыс жоспарын жасағаны жөн еді деді.

Қоғамдық кеңес отырысында қаралып отырған мәселеге орай, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Ибраймова бөлім бойынша атқарылған жұмыстары жөніндегі қосымша хабарламасында кеңес төралқасының ұсынысы бойынша қысқаша шешімін күткен мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, мәдениет мекемелерін жоғары немесе арнаулы оқу орындарын бітірген жас мамандармен толықтыру қажет. 2012 жылы «халықтық» атақтарын қорғаған өнер ұжымдары - Исатай аудандық ұлт-аспаптар оркестрі, «Балдырғандар» домбырашылар ансамблі, «Ақ қайың» би ансамблі, «Балдәурен» вокаль тобына «халықтық» өнер ұжымдарының Ережесіне сай штат бірліктерін беру шешілмей келеді. Аудандық «Жалын» мәдениет үйінің жанынан арнайы штатпен жұмыс жасайтын ұлт аспаптар оркестрін құру, оның штат мәселесін шешу керек. Хабарламашы Забурын, Нарын ауылдық округтерінде жаңадан клуб салу немесе лайықты орын бөлу, Аққыстау ауылдық округіндегі Өркен, Хамит Ерғалиев ауылдарындағы, Қамысқала, Нарын округтеріндегі Мыңтөбе ауылдық кітапханаларын ыңғайлы орынға көшіруді мәселе етіп қойды. Сондай-ақ, Тұщықұдық, Новобогат мәдениет үйлерінің жанындағы жылжымалы клубтардың автокөліктерінің тозығы жеткендігін де қаперге берді.

- Мәдениет - бірер адамның басын қосып, концерт беру емес, ол халқымыздың рухын асқақтату деген сөз,-деді хабарламашыға сұрақ беріп, жауап беруге жетелеген кеңес төрағасы Жұмажан Қадимұлы. Әдебиеті, мәдениеті, спорты арқылы елді таниды. Сондықтан бұған аса мән беру керек. «Ел іші - өнер кеніші» деп жатамыз. Неге бұрыннан танымал өнерпаздарды мереке сайын сахнаға шығарамыз? Басқа да танылмай жүрген таланттарды іздемейміз?

Кеңес мүшесі, хореограф Қ.Зайынова өнер саласында жүрген адамдар мемлекет тарапынан лайықты бағасын ала алмай жүр, атаққа, марапатқа ұсынуға келгенде сараңдық танытамыз, іштарлық, қызғаншақтық та бар деп өнер адамдарының «жанды жараларын» тырнағандай болды. Материалдық-техникалық жабдықтау жағы да заманауи талаптарға сай келмейтіндігін маман көзімен шынайы жеткізді.

Сөз сұраған Аққыстау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Маштахов кеңес жұмысына оң баға бере келіп, «дос жылатып айтады» деген қағидамен кейбір көкейіндегі түйткілді мәселелерге тоқталып өтті. Қоғамдық кеңес жұмысын аудан әкімі Т.Сұлтанбеков қорытындылады.



Н. Ерғалиев.

Суреттерді түсірген Ә. ШАРАПИДЕНОВ.

Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінде



2016 жылғы 23 маусымда №25 санында

жарияланған 1 беттік материал

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет