Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сала қазіргі мүшкіл халге жеткенін, коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдету керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

“Елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйе үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі. Алайда, жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана береді”,- деді ол.

Президент Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кеткенін сынға алды.

“Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асты (2012 жылдан бері). Сондай-ақ Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды”,- деді мемлекет басшысы.

Ол еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғанын атап өтті.

“Балқаш жылу электр орталығы құрылысының аяқталмай қалуы, табиғи монополия субъектілерінің ашық жұмыс істемеуі, сондай-ақ тарифтердің өсімін қолдан тежеу – осының бәрі кезінде жіберілген қателіктердің салдары. Салаға түбегейлі реформа жүргізген жөн. Ол үшін жүйелі жұмыс атқару қажет",- деді президент.

Мемлекет басшысы тарифтер ұзақ мерзімге белгіленуі керек екенін атап өтті.
“Бұл межелі уақыт ішінде салынған инвестицияны ақтап, инфрақұрылым нысандарын тиісті қалыпта сақтауға мүмкіндік береді.

Табиғи монополия субъектілеріне тарифті белгілі бір табыс нормасына сай есептеп, бекітуге рұқсат беру қажет. Тиімді бақылау жүргізу аса маңызды. Мұны осы саладағы бүкіл үдерісті толық цифрландыру арқылы ғана қамтамасыз етуге болады”,- деді ол.

Мемлекет басшысы ресурстарды есептеу және деректерді онлайн режимде беру жүйесін енгізу керек екенін айтты.

“Тарифтерді өсіру тұтынушыларға атаулы субсидия беру ісімен қатар жүруге тиіс. Бұл үдерісті барынша жеңілдетіп, автоматтандырған жөн. Үкімет елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуі керек. Сонымен қатар әкімдер қаланы абаттандыру жұмыстарын белсенді қолға алып, оның ластануына жол бермеуі қажет”,- деді ол.

Президент сондай-ақ ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керек екенін мәлімдеді.

“Ол үшін инвестор тарту маңызды. Сондай-ақ, көгалдандыру ісімен айналысу қажет. Қазір бұл жұмыс ойдағыдай жүргізілмей жатыр. Электр қуаты, жылу, су, жалпы тиімді коммуналдық шаруашылық – басты игілігіміз. Оның қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Бұл – саладағы қордаланған барлық мәселені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беретін маңызды әрі кешенді реформа",- деді ол.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.