Адам денсаулығына жеңіл зиян келтіргендер немесе соққыға жығатындар енді әкімшілік жазамен құтылып кете алмайды. Олар қылмыстық жауапқа тартылады. Депутат Асхат Аймағамбетов мәжіліс жұмысқа алған заң жобасы жайлы түсіндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: www.wort.lu

Бұған дейін ең қатаң жаза 15 тәулік қамауға алу болатын. Заңнамадағы өзгерістерден кейін түзеу жұмыстары, сондай-ақ ұзақ мерзімге қамауға алу қосылады.

Асхат Аймағамбетов қазіргі жағдаймен салыстырғанда санкциялар аздап өсетінін атап өтті. Мұның барлығы жұмыс тобының аясында әрі қарай талқыланатынын айтты.

  • "Балалардың ойыны" деп істі жаба салды": Астана тұрғыны лагерьге жіберген 11 жасар ұлына зорлық-зомбылық әрекеттері жасалғанын мәлімдеді
  • Елімізде отбасылық зорлық-зомбылықты енді арнайы топ тергейді

"Ұрып-соғу қылмысын жасағандар үшін жаза ретінде түзеу жұмыстары мен қоғамдық жұмыстарға тарту, 25 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Егер бұл жақын адамдарға немесе қызметтік міндеттерін атқарған адамдарға қатысты жасалса, шамамен 50 тәулік. Ал денсаулыққа жеңіл зиян келтірген жағдайда санкциялар айтарлықтай күшейтіледі, яғни шектеу мен екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтеді", – деді депутат.

Сондай-ақ Аймағамбетов мұның тек әйелдерге қатысты емес екенін тілге тиек етті. Депутат көшедегі бір азамат екіншісін соққыға жығып, денсаулығына жеңіл зиян келтірсе, тіпті ұрып-соғу фактісі орын алса ол қылмыстық кодекс негізінде жауапкершілікке тартылатынын айтты.

"Оның денсаулығына жеңіл зиян келсе немесе жалпы ұрып-соғу болса Қылмыстық кодекс негізінде жауапкершілікке тартылады. Күні кеше ғана жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соғу дерегі анықталды. Осындай фактілер бойынша да қылмыстық жауап қарастырылады. Өзінің жақындарын ұрып-соғу, жұмысы кезінде ұрып-соғу болса санкция одан бетер қатаяды. Сондықтан оны әйелдерге қатысты норма деп қабылдамау керек. Ол жалпы ұрып-соғу, жалпы денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілерінің алдын алуға арналған", — деді Асхат Аймағамбетов.

31 қаңтарда Мәжіліс тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы заң жобасын қабылдады. Заң жобасы ұрып-соғуды ішінара қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынады.

Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылы тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болғаны туралы жазған едік. 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.